1-тақырып. Азаматтық іс жүргізу құқығы: оның пәні, әдісі, жүйесі



жүктеу 0.94 Mb.
бет1/5
Дата05.07.2016
өлшемі0.94 Mb.
  1   2   3   4   5
1-тақырып. Азаматтық іс жүргізу құқығы: оның пәні, әдісі, жүйесі

1. Азаматтық іс жүргізу ұғымы

2. Азаматтық іс жүргізу (процесс) сатылары

3. Азаматтық іс жүргізу құқығы. Оның пәні мен жүйесі

4. Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары

5. Азаматтық іс жүргізу құқығының өзге құқық салаларымен өзара байланысы



6. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні мен жүйесі

1-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу ұғымы Азаматтық іс жүргізу бұл сот және басқа субъектілер арасындағы азаматтық іс қарау мен шешу кезіндегі құрылатын азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен реттелген азаматтық іс жүргізу құқық қатынастар және процессуалдық әрекеттер жиынтығы. Осы іс жүргізудің басты мақсаты – бұзылған құқықты қалпына келтіру немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау. Азаматтық іс жүргізу (процесс) соттың, тараптардың (талап қоюшы мен жауапкер), басқа да процеске қатысушылардың (прокурор, өкілдер, сот хатшысы және т.б.) процессуалдық әрекеттерін, олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін жинақтайды. Сотқа, басқа да қатысушыларға процеске қатысу мақсатына жету үшін заңмен белгіленген іс жүргізу құқықтары беріліп, соған сәйкес іс жүргізу міндеттері жүктеледі. Іс жүргізу құқықтар мен іс жүргізу міндеттер процесі барысында жүзеге асырылады. Азаматтық іс жүргізудің нысанына тән белгілер: а) сот істерін қарау және шешу тәртібі алдын ала азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен белгіленген; б) істің аяқталуына мүдделі тұлғалар сот мәжілісіне іс қарауына қатысу құқығы бар және өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға; в) сот шешімі іс бойынша сот отырысында дәлелдемелер арқылы анықталған деректерге сүйенуі қажет және заңға сәйкес болу керек. ҚР АІЖК-сі соттың қарауына жататын барлық азаматтық істерді төрт түрге бөледі: бұйрық бойынша іс жүргізу істері; талап қоюмен іс жүргізу істері; ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері; ерекше іс жүргізу істері. Азаматтық процестің сатылары бұл келесі мақсаттарға жетуге бағытталған процессуалдық әрекеттер жиынтығы: талап арызды (арызды, шағымды) қабылдау, сот қарауына істерді әзірлеу, сотта іс қарау, сот актілерін шығару және т.б.

2-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу (процесс) сатылары Азаматтық іс жүргізу сатыларын былай бөліп қарастыруға болады: Іс қозғау сатысы. Сот азаматтық істерді мынандай жағдайларда қарайды: өзінің құқығын немесе заңды мүддесін қорғауды талап еткен адамның арызы бойынша; заңда белгіленген реттерде басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды талап етіп, соттан өзіне алатын мемлекеттік басқару органдарының, мекемелердің, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың немесе жеке азаматтардың арызы бойынша. Азаматтық іс талап арыз, арыз не шағым беру арқылы судья сотта азаматтық іс қозғайды және ол бойынша сәйкесті ұйғарым шығарады. Істі сотта қарауға әзірлеу сатысы. Азаматтық істерді қарағанда арызды қабылдағаннан кейін судья істі сотқа қарауға әзірлік жүргізеді, оның мақсаты – істі уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы судьяның жеке өзі мынандай әрекеттерді жасайды: талап қоюшыдан талаптардың мән-жайы жөнінде сұрастырады. Онда жауапкер жағынан болуы мүмкін қарсылықтарды анықтайды, қажет болса, қосымша дәлелдемелер тапсыруды ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді; қажет болған реттерде, жауапкерді шақырып, одан істің мән-жайы жөнінде сұрастырады, оның талапқа қандай қарсылықтары бар екенін және бұл қарсылықтарын қандай дәлелдермен қуаттай алатындығын анықтайды, ерекше күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсініктер беруді ұсынады, оған оның іске қатысу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді; үшінші тұлғаларды және өзге қатысушыларды іске қатыстыру туралы мәселені шешеді; іске прокурордың қатысуы туралы мәселені шешеді. Белгіленген тәртіп бойынша хабар-ошарсыз кеткен, ақылының ауысуы немесе есінің кемдігі салдарынан әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған адамдардың, неке бұзу туралы істері бойынша жауапкердің мүліктік құқықтарын қорғау үшін, сондай-ақ балаларының мүдделерін қамтамасыз ету үшін қорғаншы және қамқоршы органдарын процеске қатыстыру мәселесін шешеді. Судья қойылған талаптарды анықтайды, тараптарға және үшінші тұлғаларға қажетті дәлелдемелер жинауға жәрдемдеседі. Егер қаралатын іс бойынша қажет болса процеске мүдделі тұлғалар, сарапшыларды, аудармашыны, куәларды және т.б. қатыстыру мәселесін шешеді. Судья іс жеткілікті әзірленген деп тапса, оны сот мәжілісінде қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады. Сотта іс қарау сатысы. Бұл сатыда сот (жеке дара) сот отырысында іс материалдарын қарайды, істі мәні бойынша шешеді немесе іс бойынша өндірісті қысқартады. Жалпы ереже бойынша шешім қабылдаумен аяқталады. Заң күшіне енбеген сот шешімдері мен ұйғарымдарына апелляциялық шағым беру және наразылық келтіру арқылы қайта қарау сатысы (апелляциялық өндіріс). Бұл сатыда соттың шығарған шешімімен не ұйғарымымен тараптар, үшінші тұлғалар келіспесе олар осы істі қараған соттан келесі жоғары тұрған сотқа шешім шығарған күннен бастап 15 күн мерзім ішінде апелляциялық шағым бере алады, ал прокурор өзінің наразылығын келтіре алады. Сондай-ақ олар келесі сотқа осы іске байланысты қосымша дәлелдемелерін ұсынуға құқықтары бар. Осы саты бойынша істі қараған сот (алқа, 3 судьядан кем болмау керек) соттық қаулы шығарады. Сот актілерін орындау сатысы. Бұл сатыда соттың заң күшіне енген актісі (шешімі, ұйғарымы, қаулысы) борышкердің өз еркімен немесе сот орындаушының мәжбүрлеу шарасын қолданылуымен орындалады (жалпы мезімі 2 ай). Заң күшіне енген сот актілерін қадағалау тәртібі бойынша қайта қарау сатысы (қадағалау өндірісі). Сот шешімінің дәлелсіздігі немесе материалдық немесе іс жүргізудің құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сол шешімді бақылау ретінде бұзуға негіз болады. Сот істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде кеңесу бөлмесінде мынандай шешімдердің бірін қабылдайды: Бірінші, апелляциялық, қадағалау сатысындағы шешімді өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырмай тастайды; Бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және істі бірініші, апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға жібереді; Бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-аразын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады; іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады; бірінші, апелляциялық, қадағалау сатысындағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша шағым, наразылық дәлелді шегінде бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді. Сот құрамы үш судьядан кем болмауы тиіс. Істі қарағаннан кейін сот қаулы шығарады. 7- Заң күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау сатысы. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша бұл ерекше саты деп аталады. Шешімдерді жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауға мыналар негіз болады: іс үшін елеулі маңызы бар, арыз берушіге белгілі болуы мүмкін емес мән-жайлар; заңды күшіне енген сот үкімі бойынша анықталған, заңсыз немесе дәлелсіз шешім шығаруға негіз болған куәнің біле тұра берген жалған жауабы, сарапшылардың біле тұра жасаған жалған қорытындысы, аудармашының біле тұра теріс жасаған аудармасы, құжаттардың немесе айғақтық заттардың жалғандығы; заңды күшіне енген сот үкімі бойынша анықталған, тараптардың, іске қатысушы басқа адамдардың немесе олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері не болмаса судьялардың осы істі қараған кезде жасаған қылмыстық әрекеттері; сот шешімін шығаруға негіз болған басқа органның қаулысының бұзылуы. Шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығарған сотқа арыз береді. Олар: іске қатысқан адамдар немесе прокурор. Мұндай арызды іске қатысушы адамдар қайта қарау үшін негіз болатын мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады. Бұл саты бойынша қайта қарау негіздері ҚР АІЖК-нің 404-бабында көрсетілген.

3-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығы. Оның пәні мен жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқығы – азаматтық істерді қарап, шешім шығарып және оны орындау тәртібін реттейтін нормалар жиынтығынан тұратын ұлттық құқықтың бір саласы. Ол сот органдарының сот ісін жүргізудегі қызметін, судьялардың қызметін, іс жүргізуге барлық басқа да қатысушылардың қызметіне байланысты туатын қатынастарды реттейді. Азаматтық істер жүргізу тәртібімен ұлттық құқықтың кейбір басқа да салаларынан (еңбектік және т.б.) туып отыратын даулар қаралып, шешіледі. Азаматтық іс жүргізу құқығының нормаларын бұлжытпай сақтап отыру бұл істерді қарап шешетін сот органдарына әрбір істің ақиқатына жетуге кепілдік береді, демек мұның өзі сайып келгенде, жеке адамның құқығын, қоғамның мүддесін, мемлекеттің игілігін пәрменді де жан-жақты қорғауға мүмкіндік береді. Сот төрелегін жүзеге асыруда қоғамдық қатынастарды реттейтін азаматтық іс жүргізу құқығы құқық жүйесінде дербес құқық саласы болып саналады. Азаматтық іс жүргізу құқығының пәні азаматтық іс жүргізу болып табылады. Азаматтық іс жүргізу құқығы мен азаматтық іс жүргізудің пәндерін бір-бірінен ажырата білу керек. Олардың ұғымдарын айта кету керек. Азаматтық іс жүргізу құқық жүйесі екі (Жалпы және Ерекше) бөлімнен тұратынын ескерген жөн. Жалпы бөліміне: жалпы ережелер, азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері мен принциптерін, ведомстволық бағыныстылық және соттылық туралы жалпы ережелерді, іске қатысушы тұлғалар туралы жалпы ережелерді, сот хабарлаулары мен шақырулары туралы жалпы ережелерді, іс жүргізу мерзімдерінің жалпы ережелерін және т.б. жатқызуға болады. Ерекше бөліміне: бірінші сатыдағы сотта іс жүргізуді, бұйрық арқылы іс жүргізуді, талап қою бойынша іс жүргізуді, ерекше талап қоюмен іс жүргізуді, ерекше іс жүргізуді, сот қаулыларын қайта қарау бойынша іс жүргізуді, жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіруді, халықаралық процесс және т.б. жатқызуға болады. Азаматтық сотта іс қарау саласында құқықтық реттеу әдістері: императивтік және диспозитивтік. Процессуалдық құқықтық кепілдіктер. Азаматтық процессуалдық нормалардың жүйеленуі (класс-я): реттеуші, дефинитивтік, жалпы, арнайы, ерекше, императивтік, диспозитивтік, құқық беруші, міндеттеуші, рұқсат етпеу нормалар. Азаматтық іс жүргізу құқық нормалар құрлымы: гипотезалар (бір жақты, екі жақты, белгіленген, белгіленбеген және т.б.), диспозициялар (жай, сипаттамалы, сілтемелі, бланкеттік), санкциялар түрлері.

4-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары Азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары дегеніміз - азаматтық іс жүргізу әрекеттер тәртібін реттейтін жалпы және деректі ережелер, нормативтік-құқықтық актілер. Азаматтық істерді жүргізу заңдары – азаматтық, отбасылық, еңбектік құқықтық қатынастардан туатын даулар жөніндегі істерді, әкімшілік-құқықтық қатынастардан туатын істерді және ерекше сипаттағы істерді қарау тәртібін белгілейді. Бұл заңдардың құрамына ҚР АІЖК-сі және басқа заңдар кіреді. Ең алдымен заң күші жоғары ҚР Конституциясы туралы айту керек және оның оннан аса баптары азаматтық іс жүргізу әрекеттерге жататынын ескеру қажет. Мәселен, ҚР Конституциясының 14 бабының 1 бөлігінде былай жазылған: "Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең ". Содан кейін азаматтық іс жүргізу құқығына келесі нормативтік актілердің қандай байланысы бар екенін айту қажет: ҚР сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңы, Халықаралық шарттар. Мына азаматтық іс жүргізу құқығының нормалары бар заңдарын (ҚР прокуратурасы туралы, ҚР ҚІЖК, ҚР еңбек туралы, ҚР Атқарушылық іс жүргізу туралы және т.б.) оқып танысу керек. Оған қоса соттық прецеденттер және әдет-ғұрыптарды да жатқызамыз. Азаматтық іс жүргізу құқығының негізгі бастауы – ҚР АІЖК-сі танылады. Азаматтық іс жүргізу заңның мерзімдегі және кеңістікте қолданылуы. Заң белгілі бір мерзімде күшіне енеді және оның күші бір мерзімде тоқтатылуы немесе жойылуы мүмкін. Жалпы ережеге сәйкес ҚР-ның заңдары баспасөзде жарияланғаннан кейін, егер олардың өздерінде күшіне ену мерзімі көрсетілмесе, 10 күннен кейін ресми түрде күшіне енеді. Ал заңда көрсетілсе, ол қабылданған мерзімінен бастап күшіне енеді. Мысалы, ҚР АІЖК-сі 1999 жылы 13 шілдеде қабылданды, ал бұл кодекс заң күшіне 1999 жылы 1 шілдеде енді. Азаматтық сот ісін жүргізу іс жүргізу әрекетін орындау, іс жүргізу шешімін қабылдау кезіне қарай күшіне енген азаматтық іс жүргізу заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа міндеттер жүктейтін, процеске қатысушыларда бар құқықтардың күшін жоятын немесе оларды кемітетін, олардың пайдаланылуын қосымша шарттармен шектейтін азаматтық іс жүргізу заңының кері күші болмайды (ҚР АІЖК 4-бабы 2-бөлігі). Азаматтық іс жүргізу заңы мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады. Жалпы ереже бойынша жаңадан шығарылған заңның кері күші болмайды, егер ол туралы арнайы заңда көзделмесе. Сот қажетті түрде процессуалдық әрекеттер жасау кезінде заң күші бар процессуалдық нормативтік актіні қолданады.

5-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқығының өзге құқық салаларымен ара байланысы Азаматтық іс жүргізу құқығын зерттеу үшін мемлекет және құқық теориясы мен тарихының мәні, негізгі қолданатын ұғымдар мен категорияларын еске алу керек. Азаматтық іс жүргізу құқық өзге салалық құқықтық пәндер жүйесінде ерекше орын алады. Құқықтық институттар мен нормалар ара байланысы, ұқсас құқықтық реттеу салалары бар. Қосымша пәндермен ара байланысы.

6-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні мен жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымы – азаматтық іс жүргізу мен азаматтық іс жүргізу құқығының маңызды проблемалары бойынша ғылыми білімдер жинақтығы. Азаматтық іс жүргізу құқық ғылымының пәні: тәжірибеде оның қолданылуымен тығыз байланыстағы азаматтық іс жүргізу құқығының өзі; азаматтық іс жүргізу құқығының бастаулары; азаматтық іс жүргізу құқығының тарихы; шетел мемлекетіндегі азаматтық іс жүргізу құқығы. Азаматтық іс жүргізу құқығы ғылымының жүйесі. Азаматтық іс жүргізу құқығының ғылыми теориялық және тәжірибелік мәні бар бірқатар жалпы сұрақтар қарастырады: құқық пәні, принциптерді (қағидаларды) оқыту туралы, іс жүргізу құқық қатынастары мен оның субъектілерін, талап теориясы туралы, дәлелдеу туралы және т.б. - жалпы бөлімі. Азаматтық іс жүргізудің әр сатысына байланысты маңызды проблемаларын зерттеу, олардың ерекшеліктерін, мәнін қарастыру – ерекше бөлім. Ғылым азаматтық іс жүргізу құқығының біртұтас және оның жеке институттарының тарихи дамуын зерттейді.

2-тақырып. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері (қағидалары)

1. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі

2. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы

3. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі



1-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігі Біздің елімізде жоғары заң күші бар және бүкіл аумақта тікелей қолданылатын Конституция әр адамның, ұйымның бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сот арқылы қорғау мүмкіндігін бекітеді. Осындай қорғанудың негізгі нысаны – азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен істерді қарап шешу. Азаматтық істерді сотта қарап шешуіне көптеген құқық субъектілері қатысады. Олардың барлығы сот ісін жүргізуде оның принциптерін сақтап ұстануға тиіс. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері сотта тараптар арасындағы құқықтық дауды демократиялық жолымен дұрыс және жылдам шешілуіне үлкен үлесін қосады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің түсінігін беру үшін ең алдымен жалпы құқық принциптерінен бастаған дұрыс. Принцип латін сөзінде (principium – негіз, бастапқы) екі негізгі мағына білдіреді: объективтік (қандай болмасын ғылымның, теорияның негізгі ережелері) және субъективтік (болмысқа қатынасын белгілейтін адамның ішкі қасиеті – сендіру). Әрбір құқық саласының ерекшелігі оның принциптерінде көрінісін табады. Құқық теориясында принциптерді құқықта көрсетілген нормативті бастаулар, бастапқы идеялар, негіздер деп қарастырған. Атақты ресейлік ғалым-заңгер С.С. Алексеевтің пікірінше «принциптер – бұл құқықты тереңінен оның мазмұнын ашады. Принциптерде жалпы құқықтың, сондай-ақ оның нақты салаларындағы сипаттаушы белгілер кристал-данады. Құқық принциптері нақты құқықтық нормаларда анық көрінеді. Олар құқықта кеңінен таралғандай, оның барлық не көбінесе құқықтық нормаларына енгізілген»1. Құқық принциптері – бұл заңнамалармен бекітілген және экономикалық қатынастар дамуымен сипатталатын бастапқы идеялар, негізгі бастаулар. Құқық принциптері қоғамдағы құқықтық реттеуді және құқық жүйесін құрайтын объективті негізделген бастапқы идеялар. Оларды зерттеу арқылы құқықтың әлеуметтік-экономикалық, саяси және өнегелі табиғатының анық сипаттамасын біле аламыз, сондай-ақ жеке құқық салалардың, институттардың және нормалардың мазмұны мен мәнін аша біледі. Тиісті құқық саласына жататын нормалардың көбісі сол саланың принциптерінің дамуының және әсер етуімен қалыптасады. Салалық принциптерді біле, кәсіби заңгер нақты құқық саласының нормаларын түсінетін болады. Солай, азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жайлы білген, жалпы соттағы азаматтық істерді қарап және шешу тәртібін белгілейтін құқықтық іс жүргізу нормаларының құрамы жөнінде хабары болады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітіліп, нақты құқық туралы дауды сот отырысында шешуді, сот пен іске қатысушылардың іс жүргізу құқықтарын және іс жүргізу міндеттерін, қатынастарын белгілейді. Кезінде белгілі ғалым-процессуалист Н.А. Чечина былай деп айтқан: «Азаматтық іс жүргізу құқығының принциптері осы құқық саланын субъектілер қызметтерінің сипатын және мазмұнын айқындайды»2. Сонымен қатар, азаматтық іс жүргізу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оны жетілдіру шаралары әрқашан оның принциптерін ескере жасалады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің маңыздылығын соттың құқыққолдану тәжірибесінде байқауға болады. Сотта азаматтық істерді қарайтын және шешетін төрағалық етуші судьялар азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін басшылыққа алып қолданады. Оларды қолдану арқылы азаматтық істер бойынша сот төрелігі дұрыс және уақытылы атқарылады. Егер сот қолданыстағы заң нормаларында белгілі қатынасты реттеу қарастырылмаған болса, онда мұндай жағдайда ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған жағдайда оны реттеуге принциптерді қолданады. Осылай, азаматтық сот ісін жүргізудің жеке өзіне тиесілі принциптерін белгілеуге болады. Принциптер әрқашан құқықтық дамуына байланысты өзгеріп, ал оның мазмұны толыға жаңара береді. Сондықтан дамып жатқан қоғамдық қатынастарды реттеуге атсалысады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін ғылыми зерттеулерімен айналысқан ғалымдар аз емес. Олардың қатарына еңбектерімен көпшілікке белгілі ғалымдар М.Г. Авдюков, З.Х. Баймолдина, А.Т. Боннер, Р.Е. Гукасян, М.А. Гурвич, П.Ф. Елисейкин, С.З. Зиманов, В.М. Семенов, А.К. Сулейменов және т.б. жатқызуға болады. Көптеген авторлардың ой-пікірі бойынша құқық принциптері – бұл белгілі жинақтау жұмыстарының нәтижесі, ғалымдардың творчестволық сана тұжырымдамасы, олардың қалыптасқан қоғамдық өмірдегі болмыстарға көзқарастары болып табылатын негізгі ережелер, бастапқы идеялар. Құқық ғылымында идея ұғымы жалпы құқықтық, салалық және салааралық принциптермен тығыз байланыста. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру туралы бастапқы идеялар деп түсінеміз. Осылай азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері дегеніміз азаматтық іс жүргізудің демократиялық және қайырымдылық мәнін ашатын, оны құрайтын процессуалдық нормалар, сатылар және институттарды анықтайтын, сондай-ақ азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекетпен қойылған мақсат пен міндеттерді орындауға азаматтық іс жүргізу қызметін бағыттайтын, азаматтық іс жүргізу құқығымен бекітілген бастапқы идеялар.

2-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы Құқық принциптерінің мәнін дұрыс түсіну үшін олардың тек мазмұнын ғана емес, олардың құрылымын білу қажет. Бұл құрылым үш компоненттен тұрады: 1-құқықтық сана жөнінде нақты түсінігі, сонымен қатар құқықтық ғылымда судьялардың және басқа да заңгерлердің құқықтық санасынан; 2-тиісті ережелерді қолданыстағы заңнамада бекіту; 3-құқық принциптері нақты қоғамдық қатынастарында жүзеге асырылуы (біздің жағдайда, азаматтық істерді қарап және шешу барысында сот қызметінде). ҚР АІЖК-де сот пен іске қатысушылар арасындағы қатынасты реттеуге, сондай-ақ нақты азаматтық істі шешуге бағытталған азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері құқықтық нормаларда бекітілген. Олар азаматтық іс жүргізу құқығының жеке зерттеу құқық институты болып танылады. Азаматтық іс жүргізу құқық саласында құқықтық нормалар қабылдау және қолдану қызметінде азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мәні зор екенін байқауға болады. Азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін орындаудың бастапқы шарты ретінде азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін сақтау және оларға сәйкес іс жүргізу әрекеттерін сот және басқа да іске қатысушыларымен жасау болып танылады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасы туралы дұрыс көрініс алу азаматтық іс жүргізу құқық саласының дамуына және азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруына соттардың қызметін жетілдіру үшін қажет. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері соттармен құқықтық нормаларды дұрыс түсіну мен қолдануына септігін тигізеді, заң шығару тәжірибесі үшін негіз қалаушы болып табылады. Сондықтан азаматтық іс жүргізу құқық саласында мазмұны бойынша жаңа құқық нормаларын әзірлеп қабылдауына және қолданыстағыларын өзгертіп жаңартуына принциптер үлкен үлес қосады. Қазіргі Қазақстанның даму кезеңінде азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзбай қолдану және олардың кеңінен таралуы демократиялық және құқықтық мемлекет болуына кепілдік ететіні даусыз. Құқық нормаларын қолдану сот қызметінде іс жүргізу нормаларын дұрыс түсінуге және қолдануға азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мәнін білмеу мүмкін емес. Тек қана азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің мән-мағынасын біліп түсінген іс бойынша төрағалық етуші судья және басқа да қатысушылар өздерінің іс жүргізу құқықтарын дұрыс пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін дұрыс орындай алады. Осылай, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда сот, іске қатысушылар және тағы басқалары ҚР АІЖК-де белгіленген мынандай нормаларды ескеру тиіс: істерді шешу кезінде соттың заңды бұзуына болмайды және ол заңсыз сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Заңның бұзылуына кінәлі судья заңда белгіленгендей жауапты болады (6-баптың 3-бөлігі); азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады (23-бап). Басында жазылғандай, бірқалыпты және өзгермейтін құқық принциптері болмайды. Сондықтан қолданыстағы заңнамамен бекітілген азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін жалпы жиынтығы бойынша зерттеуге жатқызылады. 3-сұрақ. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі Азаматтық іс жүргізу құқық нормаларымен реттелген азаматтық сот ісін жүргізу бастапқы идеяларға, негіздерге сүйене құрылады. Осы азаматтық сот ісін жүргізудің бастапқы идеялары (принциптері) азаматтық істер бойынша сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Барлық азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жиынтығы бойынша бір-бірімен тығыз байланыс құрып және бір-бірін толықтыра біртұтас жүйе (грек тілінен systema – бөлектерден құрылған тұтас байланыс) құрайды. Жүйе дегеніміз нақты тұтастықты құрайтын, бір-бірімен тиісті қатынаста болатын көптеген элементтер. Солай, азаматтық сот ісін жүргізу бір-бірімен байланыстағы принциптердің жиынтығын құрайды. Тиісінше принциптер өзара байланыс пен қатынаста болып жүйе құрайды. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі объективті сипатта болуына қарамастан, заң әдебиеттерінде оның құрамы және осы жүйеге кіретін кейбір жеке принциптердің атауы бойынша бірқатар ой-пікір бар. Бір тұтас жүйеде орналасқан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің әрқайсысы азаматтық іс жүргізу құқығының мазмұнын ашады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптер жүйесі санына қарай құрылған жоқ, олардың әрқайсысы өздерінің қызмет атқару, мағынасы және сипаты бойынша жинақталған. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің атаулары мен көлемі өздігінен өзгермейді. Әдетте, азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері республикамыздың Конституциясында, ал басқалары ҚР АІЖК-де бекітілген. *Принциптер мазмұндары – қолданыстағы заңнама баптарында және оның тармақтары мен бөлшектерінде белгіленген ережелер. Мысалы, ҚР АІЖК 65-бабы айтысу қағидасының мазмұның құрайды. Негізінен принциптер азаматтық сот ісін жүргізудің мәнін білдіре, азаматтық іс жүргізу құқығының маңызды институты болып танылады. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жинақталған тәрізді біртұтас жүйеде орналасқан. Жүйеде орналасқан азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің біреуінің бұзылуы басқа онымен байланыстағы принциптердің бұзылғандығын білдіреді және нақты азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімінің заңсыздығына әкеп соқтырады, тиісінше оның күшін жоюға әкеледі. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін әртүрлі үш негіздер бойынша жіктеуге болады. Құқық ғылымында мұндай жіктеудің бірқатар жеке белгілері аталған. Біріншіден, нақты принцип бекітілген нормативтік қайнар көзіне қатысты жіктеледі. Тиісінше Қазақстан Республикасының Конституциясымен немесе ҚР АІЖК-мен бекітілген азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін белгілеуге болады. Бірақ, Конституцияда бекітілмеген (конституциялық емес) принциптер өзге де принциптерден басымды болмайды, себебі оларда құқыққабылдау (заң шығару) және құқыққолдану (соттың тәжірибелік қызмет) саласында қажетті және міндетті деп танылған. Сонымен бірге, принциптерді бұлай жіктеу өзінің негізсіздігін білдіреді, яғни Конституцияның тиісті нормаларымен бекітілген (конституциялық деген) принциптер көрінісін Конституция негізінде қабылданған басқа заң нормаларында көзделген. Бұл заң нормаларында бекітілген принциптерді конституциялық емес деп атауы дұрыс емес, себебі олар Конституцияға сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер. Екіншіден, нақты принциптер бір немесе одан да көп құқық салаларында қолдануына байланысты заңтануда: 1) жалпы құқықтық, 2) салааралық, 3) салалық, 4) құқықтық институттар принциптеріне бөлінеді3. Басқа ғалымдар институтаралық және салаға тәуелді принциптерді белгілейді4. Принциптерді осылайша жіктеу негіздері дауласуға жатпайды және оларды орынды деуге болады. Бірақтан, жалпы құқық теориясы бойынша принциптерді жіктеу негіздерін қолданғанмен азаматтық сот ісін жүргізудің принциптер сипаты бойынша осылай жіктеу оның барлық мәнін ашпайды. Ескергеніміз жөн, «іс жүргізу құқығының принциптерін жіктеудің әрбірі шарты, себебі барлық принциптер болуында және қолдануында бір-бірімен байланысты және бір-бірін толықтыруда»5. Үшіншіден, көптеген ғалым-процессуалистер пікірінше іс жүргізу принциптері реттеу объектісі бойынша екі топқа бөлініп жіктеледі: ұйымдастырушылық және функционалдық6. Теория бойынша барлық азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін құқықтық реттелуге жататын объектісі бойынша екі топқа бөліп қарастыруға болады: соттың және іс жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу әрекеттерін анықтайтын (функционалдық) және сот төрелігін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері (ұйымдастырушылық). Осы негіздер бойынша ҚР АІЖК-нің нормаларымен белгіленген сот ісін жүргізудің принциптерін жіктеуге болады. Жоғарыда көрсетілген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін жіктеу, өзге де белгілермен жіктеулер сияқты, шартты. Ғылымда басқа да белгілер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу принциптері жіктеледі7. Азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерінің жүйесі іс жүргізу құрылымын, іс жүргізу әрекеттердің механизмін, оның мазмұнын, іс жүргізу әрекеттердің нысанын, істер бойынша қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен әділеттігіне кепілдік етеді. Қазіргі кезеңде азаматтық сот ісін жүргізудің принциптері жүйе құрып, жетілдіру жолында екенін атау қажет. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері Азаматтық істер бойынша сот төрелегін жүзеге асыруды ұйымдастыру принциптері қатарына мыналарды жатқызуға болады: сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы (ҚР Конституциясының 75-бабы, ҚР АІЖК 7-бабы); адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау (ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігі, ҚР АІЖК 8-бабы); жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу (ҚР Конституциясының 17-бабы, ҚР АІЖК 9-бабы); жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы (ҚР Конституциясының 18-бабы, ҚР АІЖК 10-бабы); меншікке қол сұғылмаушылық (ҚР Конституциясының 25-бабының 1-бөлігі және 26-бап, ҚР АІЖК 11-бабы); судъялардың тәуелсіздігі (ҚР Конституциясының 77-бабының 1-2 бөліктері және 79-бап, ҚР АІЖК 12-бабы); барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі (ҚР Конституциясының 14-бабы, ҚР АІЖК 13-бабы); азаматтық істерді сотта жеке-дара және алқа сот құрамымен қарау (ҚР АІЖК 37-бабы); сот ісін жүргізу тілі (ҚР Конституциясының 7-бабы, ҚР АІЖК 14-бабы); дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау (ҚР АІЖК 16-бабы); куәлік жауап беру міндетінен босату (ҚР АІЖК 17-бабы); білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету (ҚР АІЖК 18-бабы); сотта істі қараудың жариялылығы (ҚР АІЖК 19-бабы); сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету (ҚР АІЖК 20-бабы); сот актілерінің міндеттілігі (ҚР Конституциясының 76-бабының 3-бөлігі, ҚР АІЖК 21-бабы); іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану бостандығы (ҚР АІЖК 22-бабы). Міне осы жоғарыда аталған принциптерді жеке қарап, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда қолдануларын көрсетейік. Сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы (ҚР Конституциясының 75-бабының 1-бөлігі, ҚР сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңының 1-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы, ҚР АІЖК 7-бабы). ҚР Конституциясы мен ҚР сот жүйесі мен судъялар мәртебесі туралы конституциялық заңы республикамыздың бүкіл аумағында сот билігін іске асырудың негізгі және маңызды нысаны сот төрелігін жүзеге асыру болып табылатынын бекітеді. Сот төрелігі туралы ұғымның көптеген анықтамаларын заң әдебиеттерінде оқып танысуға болады. Бірқатар авторлардың пікірінше сот төрелігі сот отырыстарында іс жүргізу тәртібімен жасалатын арнайы мемлекеттік органдардың материалдық нормаларын қолдана отырып, азаматтық, қылмыстық және өзге істерді қарау және шешу бойынша қызметі болып табылады8. Х.Ю. Ибрагимовтың пікірінше, сот төрелігі – адам мен азаматтың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, лауазымды адамдардың аса маңызды құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға тікелей қатысы бар құқық қорғау қызметінің функциясы9. Ал белгілі ғалым-процессуалист З.Х. Баймолдинаның айтуынша, сот төрелігі – азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысаны арқылы сот билігін жүзеге асырудың нысаны10. Сот төрелігі сот билігін жүзеге асырудың негізгі нысаны бола отырып, сот отырыстарында судьямен (сотпен) азаматтық іс жүргізу, әкімшілік іс жүргізу және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы белгілеген тәртіппен азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді сот ісін жүргізу нысанында қарауды және шешуді түсіндіреді. Солай, мұндай соттың биліктік өкілеттілігін кімнің де болса иеленуі заңда көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады (ҚР АІЖК-нің 7-бабының 1-бөлігі). Сәйкесінше заңнамада қандай да бір атаулармен арнайы және төтенше соттар құруға жол берілмейтіндігі көрсетілген, сондай-ақ мұндай соттар шешімінің заң күші болмайтыны және орындалуға тиісті еместігі көзделген. Өз қарауына жатпайтын іс бойынша азаматтық сот ісін жүргізуді жүзеге асырған, өз өкілеттігін асыра пайдаланған немесе азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін өзгеше түрде елеулі бұзған соттың шешімдері заңсыз болады және олардың күші жойылуы тиіс (ҚР АІЖК-тің 7-бабының 3-бөлігі және 23-бабы). Азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару қорытындысы бойынша қабылданатын, заң әдебиеттерінде сот төрелігі актілері деп аталатын сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары және бұйрықтары заңнамаға сәйкес ерекше сипатта болады. Олардың барлығы – жалпыға міндетті. Азаматтық істер бойынша қабылданған және заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының барлық аумағында орындауға жататынын білдіреді. Сот актілерін орындамаған немесе орындалуына кедергі жасаған кінәлі тұлға заңды жауаптылыққа тартылады. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі, мемлекеттік қызметтің бір түрі ретінде, ҚР АІЖК-мен егжей-тегжейлі регламенттелетін қатаң рәсімделуді сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тек сот отырысында ғана сот жеке не заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын, мемлекеттің, қоғамның мүддесін қорғау үшін талап бойынша шешім (қаулы, ұйғарым) қабылдауға құқылы. Бірінші сатыдағы сотпен қабылданған шешімді апелляциялық не қадағалау тәртіптерімен жоғары тұрған сот алқасы қайта қарап оның күшін жоя алады. Республикамызда мамандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттардың құрылғандығы белгілі. Келесі кезекте алқалы соттар құру мәселелесі тұр. Соттарда бүгінгі заман талабына сай «мамандану» процесі жүріп жатыр. Осының бәрі, түйіндегенде, сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жоғарлатуға бағытталған шаралар екенінің белгісі. Жоғарғы соттың судьялары да бұл бағытта үлкен қызмет етіп жатқанын айтуға болады, яғни сот тәжірибесі бойынша жалпы отырыстарда қаралып, баспасөзде жарияланатын нормативтік қаулылар қабылдануы. Адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау принципі ҚР Конституциясының 13-бабының 2-бөлігінде «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», - деп көзделіп, азаматтық сот ісін жүргізуде қолдануына маңызды екенін түсіндіреді. Өзінің құқығы мен бостандығын қорғау үшін сотқа жүгіну әрбір тұлғаның құқығы. Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау сот билігінің өкілеттігін жүзеге асырудың басты бағыты болып табылады. Сотқа арыз (талап арыз, шағым) беріліп және оны сот қабылдаған кезде ғана сотқа жүгіну құқығы жүзеге асырылады. Әрбір азамат, заңды тұлға және мемлекеттік органдар бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін АІЖК-мен белгіленген тәртіпте сотқа арызбен (талап арызбен, шағыммен) жүгіне алады. Барлық жеке не заңды тұлғаның бұзылған немесе даулы құқықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға тең мүмкіндігі бар. Сотқа арызбен жүгіну арқылы азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді, сондай-ақ ерекше жүргізілетін істерді сот (жеке-дара немесе алқа құрамы) қарайды және шешеді (ҚР АІЖК 2-баптың 3-бөлігі). Кез келген сот арызды қабылдап, істі қарамайды және шешпейді. Себебі ҚР АІЖК-де бекітілген нормаларға сәйкес әр азаматтық іс соттылығына байланысты сотпен қаралады және шешіледі. Соттылық – соттар арасында белгілі азаматтық істер қарастыру өкілеттіктерді бөлу. Тиісінше азаматтық істер соттылығы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен белгіленеді. Ешкімге өзінің келісімінсіз ол үшін заңда белгіленген соттылығын өзгертуге болмайды. Жоғары тұрған соттың өзінен төменгі соттың жүргізетін ісін тараптардың келісімінсіз алып қоюға және оны өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқығы жоқ (ҚР АІЖК 8-баптың 3-бөлігі). ҚР АІЖК-нің кейбір нормаларының өзгеруіне және оларды сот тәжірибесінде біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты ҚР Жоғарғы сотының жалпы отырысы қаулы етті: «Соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады»11. Кез келген жеке тұлға субъективтік құқықтарын, заңды мүдделерін сотта тікелей өзі қатысуы арқылы немесе өкілдер қатысуы арқылы қорғауға құқылы. Жеке тұлғаның өзінің сотқа қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды. Заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері қорғауға құқылы (ҚР АІЖК 58-бабы). ҚР АІЖК 8-баптың 2-бөлігіне сәйкес прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып (арыз беріп) сотқа жүгінуге құқылы. Әрбір азамат, заңды тұлға, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, прокурор сотқа жүгіну құқығынан бас тарта алады, егер заңға қайшы келмесе немесе әлдекімнің құқығын және заңды мүддесін бұзбаса (ҚР АІЖК 8-баптың 4-бөлігі). Егер тараптар өзара сотқа жүгіну құқығынан бас тарту туралы келісім-шартқа қол қойса - ол заңсыз деп есептеледі. Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасы әрбір адамға сотқа жүгіну құқығын жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасап, оны қамтамасыз етеді. Жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу принципі Қазақстан Республикасының үш нормативтік құқықтық актілерінде: ҚР Конституцияның 17-бабында, ҚР АК (Жалпы бөлімі) 15-баптың 9-бөлігінде және 143-бабында, АІЖК-нің 9-бабында бекітілген. Бұл нормативтік құқықтық актілер адамның қадір-қасиетін, ар-ожданын қорғау мүмкіндіктерін белгілейді. ҚР Конституциясының 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық жөнінде міндет бекітілген. Адамды қинауға, оған күш қолдануға, басқа да қатал не адамның қадір-қасиетін қорлайтын қатынас пен жазаға тыйым салынады. Заң әдебиеттер бетінде адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылыққа қатысты мынандай пікір айтылады: « Ол әрбір адамның жеке басының бағасын, оның адамгершілік принциптері мен соған қатысты әрекеттеріне негізделген ой жүйесін мойындауды аңғартады. Адам адамгершілік құндылықтар мен ойшылдық қасиеттерінің иесі ретінде танылады. Адамның қадір-қасиеті оның қоғамдағы орнына, атағына, тұрмыс қалпына, кәсіпқойлығына және басқа жағдайларға байланысты. Әрбір адам сый-құрмет пен мойындауға және дербес ой мен әрекет құқығына лайық»12. ҚР АК-нің (Жалпы бөлімі) 15-баптың 9-бөлігіне сәйкес азаматтың есімі оның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әдістермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстің 143-бабында көзделген ережелер қолданылады. Осылай, азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды, егер ондай мағлұматтарды таратушы адам олардың шындыққа сай екендігін дәлелдей алмаса, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 1-бөлігі). Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, олар мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуымен өздеріне келтірілген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 6-бөлігі). Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкін болмаса, өзі жөнінде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейді деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы (ҚР АК (Жалпы бөлімі) 143-баптың 7-бөлігі). ҚР АІЖК-нің 9-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салынады. Адамның қадір-қасиетін қорлау арқылы алынған іске қатысты нақты деректер сотпен делелдемелер ретінде танылмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен адамға келтірілген моральдық зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс. Республикамыздағы жергілікті соттармен азаматтық сот ісін жүргізу кезінде азаматқа келтіріген моральдық зиянның орнын толтыру заңнамасын дұрыс қолданып игеру үшін «Моральдық зиянның орнын толтыру туралы заңнаманы соттармен қолдану жөнінде» ҚР ЖС-ның № 3 нормативтік қаулысы 2001 жылы 21 маусымда қабылданған болатын. Сондықтан азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді сот қарайды және шешеді, сонымен қатар соттың өзі де іске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешім қабылдамауы тиіс. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы. Бұл принцип әркімнің жеке өміріне еріксіз араласуға жол берілмейтіндігі ата-аналарға, құрбы-жолдастарына, мемлекеттік органдарына, қызмет басшыларына және басқа адамдарға құқық субъектілігі бар жеке немесе заңды тұлғалардың өзіндік мүліктеріне билік етуіне, жеке банктік салымдары мен жинаған ақша-қаражаттарын және өзге тапқан табыстарын пайдалануына, жазысқан хаттарына, телефон, почта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларына ықпал етуге тыйым салуды түсіндіреді. Бұл принцип ҚР Конституциясының 18-бабында бекітіліп, қолданыстағы материалдық құқық пен іс жүргізу құқық нормаларында тиісінше көрінісін тапқан. Осылай, ҚР АК-нің (Жалпы бөлімі) 144-бабына сәйкес: «Азаматтың жеке бас құпиясын, оның ішінде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, естеліктер, жазбалар, ішкі жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясы, дәрігерлік, адвокаттық құпияны, салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар. Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгіленген реттерде ғана ашылуы мүмкін. Күнделіктерді, жазбаларды, естеліктерді және басқа құжаттарды жариялауға – олардың авторының келісімімен, ал хаттарды олардың авторы мен алушысының келісімімен ғана жариялауға жол беріледі. Олардың қайсыбірі қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімімен жариялануы мүмкін». Міне, осы азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары заңның қорғауында болады. Бірақ ҚР АІЖК 10-бабына сәйкес азаматтық процесс барысында бұл құқықтарды шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Бұл дегеніміз, сотта істі қарау кезінде құқықтық дауды шешу немесе заңды маңызы бар фактілерді анықтау үшін қажетті азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды олардың өтініштері бойынша жабық сот отырысында жария ету. Сот (судья) сотта азаматтық істерді қарап және шешкен кезде осы принциптің бұзылмауын бақылайды. Меншікке қол сұғылмаушылық принципі ҚР Конституциясында, ҚР АК-де (Жалпы бөлімі), ҚР АІЖК-де көзделген. Меншік - өндіріс құралдарын иелену және қоғамда жасалған материалдық және материалдық емес игіліктерді бөлісу жөніндегі объективті қоғамдық қарым-қатынастары. Қазақстанның барлық аумағында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады (ҚР Конституциясының 6-бабы). ҚР Конституциясында «меншік» ең алдымен адам және азаматтың негізгі құқықтарының бірі – заңды түрде алған қандай да болсын мүлкіне иелік ету, пайдалану және меншігінде ұстай алу (ҚР Конституциясының 26-бабы) құқығын айқындайды және бекітеді13. Еліміздің атақты М.К. Сүлейменов, Ю.Г. Басин цивилистерінің пікірінше қараудағы принциптің маңыздылығы мынада – меншік елдің бүкіл экономикалық жүйесінің іргетасы болып табылады. Бұл принцип мемлекетке мемлекеттік емес меншікке қатысты барлық қатынастарға араласуға мүмкіндік берген бұрынғы нұсқаулардан бас тартуды білдіреді14. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды (ҚР АІЖК 11-бабы 1-бөлігі). Бұл дегеніміз белгілі тараптар арасындағы нақты меншікке қатысты материалдық құқықтық дауды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотпен қарап және шешу. Нәтижесінде сотпен қабылданып заңды күшіне енген шешім меншікке құқық орнатады. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында адамдардың банктегі салымдарын және басқа мүлікті пайдалануға тыйым салу, сондай-ақ оны алып қою ҚР АІЖК-де көзделген жағдайлар мен тәртіп бойыншы жүргізілуі мүмкін. Мысалы, азаматтық процесте талап қоюшының өтініші бойынша талап қоюды қамтамасыз етуге сот жауапкерге тиісті және онда немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға тыйым салуды қоспағанда) мүмкін, егер мұндай шараны қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе (ҚР АІЖК 158-бабы және 159-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасы). Судъялардың тәуелсіздігі ҚР Конституциясының 77-бабының 1-2 бөлігіне және 79-бабына, ҚР АІЖК 12-бабына сәйкес судья сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. Сондықтан, нақты істерді қарап және шешу барысында судьялар Қазақстан Республикасының Конституциясы және оның негізінде қабылданған заңдарды қолданып қаулылар, шешімдер мен ұйғарымдар қабылдайды.

: ebook -> umkd
umkd -> Оқу-әдістемелік материал Кіші мектеп жасындағы тіл дамыту әдістемесі
umkd -> 5В 050121- Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған
umkd -> «Тілді жоғары мектепте оқыту әдістемесі»
umkd -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> ОҚУ-Әдістемелік кешені (Барлық мамандықтарға арналған)
umkd -> Тарих кафедрасы
umkd -> «Азия және Африка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы»
umkd -> Ағылшын тілі пәні бойынша 1-курс студенттеріне арналған


  1   2   3   4   5


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет