10 ТҰЛҒА – саясаттың субъектісі мен объектісі



жүктеу 163.54 Kb.
Дата24.06.2016
өлшемі163.54 Kb.
10 ТҰЛҒА – САЯСАТТЫҢ СУБЪЕКТІСІ МЕН ОБЪЕКТІСІ
Саясаттың субъектісіне әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер, саяси партиялар, қозғалыстар жатады. Олар жөнінде кейінгі тақырыптарда сөз болады. Қазір саясаттың алғашқы, бірінші субъектісі мен объектісі – адамға тоқталайық.

Мәселе түсінікті болу үшін әңгімені «тұлға», «субъект», «объект» деген терминдер нені білдіреді, содан бастайық.



Тұлға деп қоғамдық өмірдің нақтылы тарихи жағдайлары қалыптастырған, саналы іс-әрекет ете алатын, өз жүріс-тұрысына жауап беретін, еңбек етіп, қарым-қатынас жасаушы, айналадағыны танып-білуші жеке адамды айтады.

Субъект (латынның негізнде жату деген сөзінен) деп белсенді іс-әрекет жасаушы, сана мен жігері бар жеке адам немесе әлеуметтік топты айтады.

Объект (латынның қарсы қою деген сөзінен) деп субъектінің танымдық және басқа іс-әрекеті неге бағытталса, соны айтады. Басқа сөзбен айтқанда, объект – зерттелетін зат. Сонда саясаттанудың объектісіне саясат, саясат әлемі жатады.

Саясаттың субъектісі дегенде өз мүдделеріне байланысты саяси өмірге белсене араласып, басқалардың санасына, іс-әрекетіне, жағдайына ықпал ететін, саяси қатынастарға белгілі өзгерістер енгізетін, саясатты жасайтын адам, ұйым не әлеуметтік топты айтады. Саясат субъектісінің құрамы, іс-әрекеттерінің түрлері мен тәсілдері, көздеген мақсат-мүдделері және т.б. қоғамның нақты, тарихи жағдайымен айқындалады.

Кәдімгі, қарапайым, демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Себебі, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан, олардың іс-әрекетінен тұрады. Олай болса, саясаттың бас субъектісі адам дейтініміз содан.

Адамдарды саяси жұмысқа итермелейтін негізгі себеп – мұқтаждық пен мүдде. Мұқтаждыққа өмірде керек, бірақ қолда жоқ зәрулік жатады. Ол табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи зәрулікке тамақ ішу, киім кию, баспана және т.с.с. мұқтаждықтар жатады. Әлеуметтік мұқтаждық қоғамда пайда болады. Оған еңбек ету, басқа адамдармен қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу және т.б. қажеттіліктер кіреді. Мұқтаждықты адам сезініп, оны өтеуге тырысса, ол – мүддеге айналады.

Қандай адам болмасын белгілі бір әлеуметтік топқа, тапқа, ұлтқа, мемлекетке жатады. Осының өзі де өмір жағдайы мен жүріс-тұрысына, саясатқа араласуына әсер етпей қоймайды. Таптың, топтың және т.б. өкілі ретінде жеке адам саясатқа жанама түрде тартылады. Сонымен қатар, ол басқаларға қарап еліктеп, белгілі амал, әрекет жасайды, оны өзінше дәлелдейді. Сөйтіп, ол саясатқа тікелей қатысады, саясаттың субъектісіне айналады.

Тұлғаның қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуының жан-жақты маңызы зор. Мұндай қатынас арқылы адамның барлық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалады. Азаматтық қоғам мен саяси институттарының арасында тығыз байланыс орнайды. Қоғам мүшелері мемлекет істерін басқару арқылы өз мүдделерін қанағаттандыруға, мемлекет құрылымдарының қызметіне бақылау жасауға, олардың бюрократияланып, шектен шықпауына әсер етеді.

Саясатпен кәсіби айналыспайтын «орташа» адам саясаттың толық субъектісі болуы үшін ол әлеуметтік мұқтаждықтар мен мүддені, ондағы қайшылықтардың неден туғанын және оларды жою жолдарын өз басының пайдасы әлеуметтік мүдденің мүмкіншілігімен қаншалықты сәйкес келетінін білуі керек. Сонымен қатар, ол саяси «ойындардың» ережелері мен тетіктерінен хабары болуы керек. Бұл «ойында» оның қандай орында болғысы келеді және оған қандай әдіспен жүзеге асырауға болатынын білуі тиіс.

Жеке адамдардың саяси белсенділігі мен ететін ықпалы әр түрлі. Саясатқа қатысу шамасына қарай оларды мынандай түрлерге бөлуге болады: а) саясатқа айтарлықтай әсер етпейтін, оған селқос қарап, белсенділік білдірмейтін қоғамның қатардағы қарапайым мүшесі; ә) қоғамдық ұйымға, қозғалысқа кіретін, бірақ саяси жұмысқа тура араласпайтын (шешімдер қабылдамайтын) азамат; б) саяси ұйымдардың (партияның және т.б.) мүшесі болып есептелетін, саяси өмірге саналы түрде, өз еркімен тікелей араласатын адам; в) қоғамдық, әсіресе саяси қайраткер; г) саяси қызметтің арқасында күн көріп, табыс тауып, оны өмірінің мақсатына айналдырған кәсіби саясатшы; д) ұйымдастырушы, идеялық, ресми не бейресми, абырой, бедел, ең «соңғы саты» болып саналатын саяси басшы, көсем.

Жеке адамның саяси белсенділікке қатысу мүмкіндігі молайып, биіктеген сайын, оның қоғамдағы орны да жоғары болады. Адамның әлеуметтік және саяси мәртебесі оның саяси субъектілігінің негізгі өлшемі болып саналатын азаматтық-құқықтық заңда айқындалады.

Адамның саяси өмірге қатысуға мүмкіндік беретін құқығы конституциялық сипаттағы қарапайым демократиялық еркіндікке (бірлестіктер құруға, дінге кіруге, өз көзқарастарын ашық айтуға, жиналыстар мен демонстрациялар сияқты жұрт алдында манифестация жасауға, сайлауға және сайлануға т.с.с. құқылыққа) тікелей байланысты. Мұнда мемлекет мекемелерінің, сот ұйымдарының және т.б. қызметін тексеруге жанама кепілдік беретін құқық та жатады. Бұл құқықтардың сырт (формальдық) кепілі – заңдар мен сот практикасы. Ал негізгі материалды кепіліне құқықтық тәртіпті бұрмалауға жол бермейтін саяси және қоғамдық ұйымдардың қызметі жатады. Сонымен бірге мұнда, бірінші жағынан, әлеуметтік топтар мен азаматтардың арасындағы тұрақты өзара байланысы және екінші жағынан, олардың жоғарыда көрсетілген ұйымдармен байланысы кіреді.

Тұлғаның саяси өмірге белсенді араласуы үшін материалдық, әлеуметтік-мәдени, саяси-құқықтық алғы шарттар қажет. Ең алдымен, адамның ішер тамағы, киер киімі, жатар орны, тұрмыс жағдайы, белгілі бір дәрежеде білімі, кәсіби дайындығы, саяси мәдениеті болуы керек. Шетелдің зерттеушілерінің анықтағанындай, қоғам бай болған сайын, ол демократиялық дамуға бейім келеді екен. Мемлекеттің жақсы тұрмысы оны демократиялық негізде тиімді басқаруға керекті көпшілікке жоғары білім, кәсіби дайындықты қамтамасыз етеді. Білімді адамның мәдениеті де жоғары болады. Ленин айтпақшы, сауатсыз адам саясаттан тыс қалады, ол саяси амал-айла, қулықтың құрбаны болады. Бұлармен қатар саясатқа белсенді қатусыға саяси-құқықтық алғышарттар да әсер етеді. Оған қоғамдағы демократиялық саяси тәртіп, жоғары саяси басқару шешімдерін қабылдап, іске асырауда қоғам мүшелерінің қатысуы және т.б. жатады. Егер жоғарыда көрсетілгендей алғышарттар болмаса, тұлғаның қоғамдық саяси өмірге белсене қатынасып, оның нағыз субъектісіне айнала қоюы қиынға түседі. Сондықтан шын демократиялық мемлекет өз мүшелерінің жалпы мәдениетін, оның ішінде саяси сауатын көтеруге тырысады.

Саяси ғылымда негізгі орын алатын және мәні өте зор мәселелердің бірі – жеке адамның құқығы мен бостандықтары. Жеке адамның құқығы деп кісіге белгілі игілік алуды қамтамасыз ететін адамдар мен мемлекет арасындағы ережелердің өзара қатынастарын айтады. Жеке адамның бостандығына кісіге өз білгенінше істеуге мүмкіндік беретін, мемлекет пен адамдардың арақатынасының принциптері жатады.

Бұл мәселеге адамдар өте ертеде-ақ назар аударған болатын. Ежелгі грек фәлсафашылары (философтары) барлық адам дүниеге келгенде ең болып туады. Сондықтан олардың бәрінің де тең табиғи құқығы бар деген ойды өрістетті. Аристотель болса саяси құқықты табиғи және шартты құқық етіп екіге бөлді. Ол табиғи құқықты мемлекет орнатқан құқықтан жоғары қойды. Табиғи құқық шартты құқыққа үлгі болуға тиіс деп санады. Себебі, шартты құқық жиірек өзгеріп отырады және олар өкімет жұмысы мен адамдар арасындағы келісімнің нәтижесінде пайда болады.

Бірақ феодализм дәуірінде адам құқығы жөнінде мүлдем басқаша ұғым пайда болады. Адам туғанынан тең деп үйрететін табиғи құқық жоққа шығарылды. Ал құқықтың өзін хан, патшалардың қол астындағы адамдарға жасап отырған рақымы деп түсіндірілді. әр сословиенің өзіне тән құқығы болады.

Біздің қазіргі ұғымымыздағыдай адам құқығы капитализм дәуірінде дүниеге келген либерализммен тығыз байланысты. Либералдар монархияның билігін парламент арқылы шектеп, сайлау құқығын кеңейтуді және саяси бостандықты өрістетуді талап еткен болатын.

Жеке адам құқығы мәселесіне аса зор үлес қосып, тарихта өшпес аттарын қалдырған ойшылдарға Т.Гоббс, Дж.Локк, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, И.Кант, Т.Джефферсон, Т.Пейн және т.б. жатады. Олар адам құқықғының негізгі қағидаларын ең алғаш анықтап, белгілеп берді. Олардың ішіндегі ең құндылары Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік Декларациясына енді (ол 1776 жылдың 4 шілдесінде бекітілді(. Декларацияның негізгі баптарына барлық адамдардың өмір сүруге, еркіндікке, жеке меншікке, бақытқа және қауіпсіздікке туғанынан тең құқығы бар; өкімет билігінің қайнар көзі – халық, үкімет – халықтың қызметшісі; барлық мемлекеттік өкімет халықтың мүддесіне жұмыс істеуге тиіс, ал егер олар бұл сенімді ақтамаса, халықтың ондай ұнамсыз, лайықсыз үкіметті жоюға еркі бар; өкіметтің заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болып бөліну керектігі және т.с.с. жатады. Бұл қағидалар одан әрі АҚШ-тың Конституциясы мен құқықтар туралы Биллінде дамытылды. (Билль деп аылшын парламентіне немесе Американың конгресіне қаралуға ұсынылған заң жобасын айтады.) Мысалы, Билльде жоғарыда айтылған баптармен қатар қандай адам болмасын шынайы, ашық, әділ сотқа құқығы бар деп көрсетілген. Ол жеке адамның еркіндігіне өкімет тарапынан қандай болмасын озбырлық байқалатын болса, одан қорғай алады. Құқық туралы Билльде үкімет өз жұмысын халық алдында ашық жүргізуі керектігі талап етілген. Жұрт үкіметтің не істеп жатқанын әрдайым біліп тұруы керек және оны дер кезінде сынға алып тұруға тиіс.

АҚШ-тың Тәуелсіздік Декларациясында көрсетілгендей, негізгі баптар конституциялық түрде 1789 жылы Францияның адам және азаматтар құқығының Декларациясында да бекітілді. Олармен салыстырғанда қазіргі кездегі жеке адамның құқығы туралы ұғым анағұрлым ауқымды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейін екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы Еуропадағы демократияның әлсіздігін байқатты. Сондықтан алдыңғы қатарлы күштер адам құқықтарын әлемдік деңгейде қорғау үшін өзара келісіп, ынтымақтасып іс-қимыл жасау керектігін түсінеді. 1942 жылы 1 қаңтарда гитлершілдікке қарсы коалицияға кірген 26 мемлекет нацизмге қарсы адам өмірі, бостандығы, тәуелсіздігі, оның құқықтары мен әділеттілік үшін күресуге Декларация қабылданды.

Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін бұл мәселеге ерекше зор мән берілді. Оған себеп болғандар: 1) соғыс кезінде гитлерлік Германия мен Еуропаның басқа елдерінде адам құқықтарының сақталмауы ондаған миллион әр түрлі халықтардың өкілдерінің өмірлерін алып кетті; 2) Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде демократиялық және жұмысшы қозғалыстарының өріс алып, қысым көрсетуі және соның нәтижесінде қабылдаған демократиялық реформалар; 3) бұрыңғы отар елдерде ұлт-азаттық көтерілістің күшеюі және олардың біразының тәуелсіздік алуы.

1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблиясы Адам құқықтарының халықаралық Декларациясын қабылдады. Онда адам құқықтары аталып қана қойған жоқ, оларды қорғау шаралары да қарастырылған. Бұл Декларация және басқа адам құқықтары жөніндегі келісімдер міндетті түрдегі заңдық құжаттарға жатпайды. Дегенмен, оларды мойындап, қол қойған елдер онда көрсетілген тәртіптерді сақтаулары тиіс.

Халықаралық ұйымдар одан кейін де бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Мысалы, оларға 1948 жылы геноцидтің алдын алу және ол үшін жаза қолдану туралы Конвенция, 1965 жылы нәсілдік алалаушылықтың барлық түрін болдырмау туралы Конвенция, Бала құқықтары туралы Конвенция, Әйелдер жағдайы туралы Конвенция және т.б. жатады. Бұл құықтарды сақтамаған мемлекеттерге ықпал жасау шаралары да қарастырылған. БҰҰ шешімі бойынша 10 желтоқсан жыл сайын дүние жүзінде адам құқығының күні ретінде атап өтіледі.

Қазіргі саяси ғылымда адам құқығына байланысты әр түрлі көзқарастар бар. Оларға табиғи-тарихи, заңдық-позитивтік және марксистік түсініктер жатады.
Табиғи-тарихи бағытты жақтаушылардың ойынша, адамның табиғи құқықтарының пайда болуы мемлекетке не заңға байланысты емес. Бұл құқықтарға адам дүииеге келгеннен-ақ, жаратылысынан ие болып туады, олар адамға туғанынан тән. Мемлекет бұл құқықтарды сыйлап, қамтамасыз етуі немесе оларды бұзуы, басып-жанушы мүмкін, бірақ оларды ешқашан еш адамнан тартып ала алмайды. Олар адамның табиғи, ажырамас құқығы болып табылады және әділеттіліктің табиғи, жалпыға бірдей және өзгермейтін заңдары деп есептеледі.

Заңдылық-позитивтік бағытты қолдаушылар, керісінше, азаматтардың құқығының пайда болар, шығар жері, көзі мемлекетте деп санайды. Жеке адамның құқығына тек қана мемлекет кепіл келтіріп, шарт бола алады. Олардың ойынша, құқық пен заңның арасында айтарлықтай айырма жоқ. Жеке адамның құқығы құқықтың басқа жүйелерінен бөлек ерекшеленбейді және ол мемлекеттік құқықтың үстінен қарап, жоғары тұра алмайды. Азаматтардың құықтарының өзі мемлекеттің мақсат-мүддесіне және мүмкіншілігіне сәйкес өзгеріп отырады.

Марксизм де адам құқығын мемлекеттік құқыққа бағындырып, тәуелді етеді. Бірақ заңдық-позитивтік бағытпен салыстырғанда, ол құқықтың әлеуметтік-экономикалық, әсіресе таптың мәні бар деп сипаттайды. Ол құқықты үстем таптың заңға айналдырған еркі, қалауы деп үйренеді. Марксизм коммунистік қоғамда мемлекет те, саясат та, құқық та болмайды деп уағыздайды. Соған орай ол жеке адамның құқығына жөнді мән де берген жоқ. Бұдан марксизм жеке адамның еркі мен құқығы жөнінде ештеме демеді деуге болмайды. Олар туралы бұрыңғы Кеңес Одағының заңдарында бірталай баптар болды. Себебі, дүние жүзінің халықтарының алдында өзін-өзі әшкерелегісі келмеді, демократиялық мемлекет болып көрінгісі келді. Адамдарға берілген бостандық пен құқықты партия мен үкіметтің өз азаматтарына жасап отырған игілігі ретінде көрсетті. Бірақ тоталитарлық тәртіп кезінде оның бәрі сөз жүзінде ғана қалып отырды. Шын мәнінде, өмірінің барлық салалары, әсіресе бостандықты сүйіп, ол туралы ойын ашық айтуға тырысқан (Сахаров сияқты) азаматтардың жеке өмірі, тыныс-тіршілігі қатаң құқығы мемлекетке түгелдей тәуелді еді.

Қазіргі кезде әлемдік саяси ғылымда адам құқығына табиғи-тарихи тұрғыдан қарап, соған орай түсіну басым. Жалпы алғанда, «адам құқығы» деген ұғымның өзі кең және тар мағынада қолданылады. Оның кең мағынасына жеке адамның құқығы мен бостандықтарының өте бай барлық түрдегі жиынтығы кіреді. Тар мағынасында мемлекет тарапынан берілмеген, ол тек конституциялық-құқықтық түрде жеке мемлекеттік шеңберде бекітілген құқыты білдіреді. Оған ең алдымен өмірге келген қандай адам болмасын өмір сүруге құқығы барлығы жатады. Одан басқа адам құқығына кіретін жайлар мыналар: барлық адамдардың заң алдындағы теңдігі; тәннің дербес құқығы (тәнге зәбір келтіруге болмайды); адамзаттық ар-намысты сыйлау, оны қормалау; негізсіз, заңсыз тұтқындамау немесе ұстамау; дінге сену және ұждан бостандығы; ата-аналардың балаларын тәрбиелеуі; қанаушыларға қарсылық көрсету құқығы және т.с.с.



Жеке адамның құқықтарының жіктелуі

Қазіргі саяси ғылымдарда жеке адамның құқықтарын жіктеудің бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде кең тарағаны – барлық құқықтарды негативтік және позитивтік (қолданушы) етіп бөлу. Негативтік мағынада бостандық мемлекет тарапынан жеке адамға зорлықтың, шектеудің жоқтығын білдіреді. Бұл еркіндік үкімет жағынан адамды қажетсіз әрекеттерден, бостандықты бұзып, бұрамалайтын жағдайлардан сақтайды. Оларды жүзеге асыру мемлекеттің қаржы-қаражатына, елдің әлеуметтік-экономикалық дәрежесіне, жағдайы байланысты емес. Бұлар, негізінен абсолюттік, позитівтік құқықтарды басшылыққа алатын құқықтар болып есептеледі. Мұны, әсіресе, АҚШ-тың конституциялық құқықтары туралы Билльден анық аңғаруға болады. Мысалы, оның бірінші бабында (түзетуінде) былай делінген: «Конгресс белгілі бір дінді белгілемеу немесе оған ерікті түрде кіруге рұқсат етпеу, сөз және баспасөз бостандығына немесе халықтың бейбіт түрде жиналып үкіметке қиянат етушілікті тоқтату жөнінде коллективтік арнаулы өтінішпен баруна тыйым салу туралы заң қабылдамауға тиіс.» Бұдан біз мемлекеттің «не істемеу керек» екендігін білеміз.



Позитивтік мағынада құқықтар таңдау, талғау еркіндігін, ең бастысы адамның өз мақсатына жете алушылықты, жеке дамуға қабілеттілігін көрсете білуді білдіреді. Негативтік құықтармен салыстырғанда мұнда мемлекеттің, ұйымдардың адамдарың азаматтарды қайсыбір игіліктермен қамтамасыз ету, белгілі әрекеттерді іске асыруға мүмкіндік жасауды көрсетеді. Мысалы, бұған әлеуметтік көмек көрсетуге, білімге, денсаулыққа қорғауға, лайықты тіршілік дәрежесінде өмір сүруге құқықтылық және т.б. жатады. Негативтік құқықпен салыстырғанда позитівтік құқықты қамтамасыз етіп, іске асыру қиын. Себебі, біріншісінде мемлекет тарапынан ешқандай іс-әрекеттің керегі жоқ. Тек қана ол табиғи құқыққа араласып, бөгет жасамаса болғаны. Ал позитивтік құқықта, керісінше, мелекет жоғарыда көрсетілген және т.б. құқықтарды іске асыру үшін қырулар жұмыс атқаруына тура келеді. Ондай мемелекетте жеткілікті жағдай, қаражаты, мүмкіншіліктері болуы керек.

Сонымен негативтік құқықта біз мемлекеттің «не істемеу керектігі» жөнінде білсек, позитивтік құқықта оның «не істеу керектігіне» көзіміз жетеді. Негативтік құқықты жақтаушылар позитивтік құқықта адамдардың арасындағы «табиғи» қарым-қатынастарды бұрмалау деп қарайды.

Адамдардың құқықтары мен бостандықтары әр түрлі болады. Орындалу, іске асырылу ортасына қарай олар азаматтық (жеке, дербес), саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мен бостандықтар болып бөлінеді.

Азаматтық құқықты сөз еткенде оны азаматтардың құқығымен араластырмаған жөн. Азаматтардың құқығына мемлекеттің қол астындағы азаматтардың барлық құқықтарының жиынтығы жатады. Азаматтық құқыққа табиғи, адамнан ажыралмайтын, негізінен, негативтік құқыққа жататын адамдардың құқықтары кіреді. Оған өмір сүруге, еркіндікке, жеке адамның дербес құқылығы, ар-намысты және ізгілікті аты мен атағын, қадір-қасиетін сақтауға, айыпталушыны қорғауға бағытталған әділ, тәуелсіз және ашық сотқа жазылған хат және телефон арқылы сөйлескен сөздің құпиялылығына, бір жерден екінші жерге еркін барып келуіне, тұрақты қоныс таңдауына, оның ішінде қандай мемлекеттен болмасын біржолата кетуіне немесе келгің келгенде қайтып оралу бостандығы және т.б. құқықтар жатады.

Саяси құқықтар азаматтардың мемлекетті басқаруға және қоғам өміріне белсенді қатысуын белгілейді. Оған сайлауға және сайлануға құқықтық; одақтар мен ассоцияцияларға, демонстарциялар мен шерулерге, жиналыстар мен жиындарға, митингілер мен пикеттерге еркіндік; ақпарат хабарлар құқы, сөз, пікір, оның ішінде баспасөз, радио, теледидар арқылы айтылатын сөз, дінге сену бостандығы және т.б. жатады. әрине, бұдан ауызға келгенді айта беруге болады деген ұғым тумайды. Ең алдымен, конституциялық заңдылықты, қоғамдық тәртіпті сақтау керек. Елдің прогресті дамуы, жалпыхалықтық гуманистік тұрғыдан әрекет жасау керек. Бірақ бұрыңғы Кеңес Одағы кезінде адамдардың саяси құқықтары езіліп, жаншылды, еркін дамуына мүмкіншілік жасалмады. Коммунистік партия оған мүдделі болмады да. Себебі, адамдар өздерінің саяси құқықтарын білсе, оның өрістеуіне жағдай жасалса, бұрыңғы Одақта орын алған көптеген жауыздыққа жол берілмеген болар еді.

Экономикалық құқыққа жеке адамның тұтыну заттарын, жеке меншігін, жұмыс күшін, іскерлігін, еркін пайдалана алуы жатады. Бұрынғы Одақ кезінде жеке меншікке тыйым салынып, оған капиталистік системаның, буржуазиялық жолмен баюдың, қанаудың белгісі деп қарап, дамуына жол берілмегені мәлім. Бұл адамдардың жұмысқа деген ынтасын, ықыласын түсірді, жауапсыздықты туғызды, материалдық байлық жетіспеді, ақыры, елді аздырып-тоздыруға әкеліп соқтырды.

Әрине, жеке меншікті қалай болса дамытып қоя беруге және болмайды. Демократиялық жолмен дамып келе жатқан елдерде жеке меншік мемлекеттің бақылауына алынады. Мысалы, Германия, Франция, Италия, Швеция және т.б. елдердің заңдарында жеке меншік жалпы қоғамның, халықтың мүддесіне сәйкес пайдалануы керектігі көрсетіле келіп, оны қаншалықты дамытуға болатындығы, яғни шегі белгіленеді. Бұдан жеке меншікті, жер жүзі мойындаған дара адамның жеке меншікке құқықтығын жоққа шығаруға мүлдем болмайды. әсіресе, біз сияқты бұрынғы тоталитарлық жүйенің құрсауынан жаңа босаған шақта жеке меншікті, іскерлікті дамытудың маңызы өте зор.



Әлеуметтік құқық әрбір адамға лайықты өмір деңгейін және әлеуметтік қорғануды қамтамасыз етуді білдіреді. Мұнда пәтер-үйге, дем алуға, денсаулықты қорғауға, қоршаған ортаның жайлы болуына, азаматтарды қартайғанына, сондай-ақ ауырып-сырқағанда және еңбек ету қабілетін айрылған жағдайда материалдық жағынан қамтамасыз етілу құқықтары жатады. Ол мемлекеттің әрбір мұқта адамды күнелтуге керек қаржымен, адамшылық абыройын қорғауға тиіс, қарапайым қажеттілігін қанағаттандыратын әлеуметтік қамсыздандыру құқығын анықтайды.

Мәдени құқық адамның рухани дамуын өрбітіп, өрістетуге бағытталады. Оған білім алуға, мәдени қазыналарды көруге рұқсат, өнер мен техникалық жасампаздыққа, қоғамның мәдени өміріне еркін араласуға құқығы және т.б. жатады.

Адам құқығы мен бостандығының жүзеге асырылуын оның қоғам мен мемлекеттің алдындағы міндеттерінен ажыратып қарауға болмайды. Олар өзара тығыз байланысты. Бұл міндеттердің орындалуы жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету үшін қажет.

«Адам құқығының жалпыға бірдей Декларациясымен» салыстырғанда жеке адамның көпшілік мақұлдаған міндеттері жоқ. Дегенмен, қазіргі демократиялық мемлекеттердің конституцияларында, әдетте, мынандай міндеттер аталады: заңды бұзбау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу; полициялық ұйғарым, бұйрықтарға бағыну және орындау; әскерлік борышты өтеу; заң жүзінде белгіленген салықтар мен алымдарды төлеу; қоршаған ортаны, табиғатты, мәдени ескерткіштерді қорғау және т.т. Кейбір елдерде азаматтардың міндетті түрде сайлауға қатысуға тиістілігі көрсетіледі. Жапония, Италия және т.б. елдердің конституцияларында еңбек ету, Италияда балаларды тәрбиелеу, Жапония, Уругвайда өз денсаулығы жөнінде қам жеп уақытында тексеріліп, емделіп отыру керектігі енгізілген. Бірақ ол міндеттер орындалмаса, ол үшін әдетте адамдарды жауап-кершілікке тартпайды.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әркімнің өмір сүруге, өзінің жеке басының бостандығына, ар-ождан бостандығына құқығы бар. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. әркімнің жеке өміріне, өзінің жеке отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына құқығы бар. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Қазастан Республикасы азаматтарының бірлес бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестіктердің қызметі заңмен реттеледі. Қазақстан мемлекеті адам құқығы мен бостандығын оның қай елдің азаматы екендігіне қарамастан мойындайды, кепілдік береді әрі қорғайды.

1993 жылғы егеменді Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясында негізгі міндеттерге республика азаматтары мемлекеттік нышандары – Елтаңбаны, Туды, Әнұранды құрметтеу, қастер тұту кіргізілген. Ондай бап Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясында да бар. Бұл ереже мемлекеттің абырой, беделін нығайтуға, арттыруға бағытталған және біздің мемлекетіміздің белгілерін құрметтеу сезімін дамытуға әсер етеді, адамдарды ұлтжандылыққа баулиды.

Республикамыздың Негізгі Заңын сөз еткенде көрсетілген құқықтар мен бостандықтардың кейбірі кірмей қалған ғой деген ой тууы мүмкін. Шынында, ол солай да. Бірақ бұл жерде еліміздің өтпелі кезеңде тұрғанын, демократиялық жолға жаңа қадам басқанымызда, көп кепілдікті беруге республикамыздың әлі шамасы келмейтінін естен шығармау керек. Келешекте олар да төлқұжатымызға кіретініне сенеміз.

Адам құқығының жүзеге асып, орындалуы бойынша қай елдің болмасын даму өрісін, адмгершілік, парасаттылығын байқауға болады. Ондай елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы да жоғары болмақ. Ол елде кертартпа, тоталитарлық тәртіпке де жол беріле қоймайды. Қазақстан Республикасы Конституциясы қоғам мен мемлекет өмірінде біздің әрқайсымыздың құқығымыз бен бостандығымызды қорғау үшін, лайықты өмір сүру жолында елімізде жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалардың табысты болуы үшін қажетті тәртіп орнатуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Ол – біздің республикамызда әр адам құрметке бөленеді деп болашаққа зор үмітпен қарауымыздың кепілі.

Адам құқығының іске асып, орындалуының өте зор маңызы бар. Ол бойынша қай елдің болмасын даму өрісін, адамгершілік, парасаттылығын байқауға болады. Ол арқылы адам ардақталып, асқақтатылады, мерей, мәртебесі көрсетіледі. Ондай елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы да жоғары болады. Ол елде кертартпа, тоталитарлық тәртіпке де жол беріле қоймайды. Жалпы дүниежүзілік мөлшерде алсақ, адам құқын орындау халықтар арасында сенімді нығайтуға, адамгершілік қатынастарды дамытуа, бейбітшілікті сақтауға кепіл бола алады. Ол адамға өзінің жеке және қоғамдық өмірінің саналы жасаушысы, ішкі және сыртқы саясаттың толық субъектісі болуына, мемлекеттің бірқалыпты прогресті дамуына жағдай жасайды. Адам құқығының қамтамасыз етілу деңгейі қоғамның даму дәрежесі мен демократиялылығын көрсетеді.


ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі: Жалпы бөлім.- Алматы:

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің басылымы, 1994.- 216 б.

2 Азаматтық құқық пәніне арналған практикум Алматы 1998ж.

3 Дулатбеков Н.О. ж.б. Мемлекет және құқық негіздері: Оқу құралы / Дулатбеков Н.О. – Астана: Фолиант, 2001. – 252 б.



4 Төлеуғалиев Ғ.И. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы: Жоғары оқу орындарына арналған акад. курс: В 2 т.- Алматы: Жеті жарғы, 2001. 242б.
: files -> DistanceEducation -> Resource
Resource -> Учебно методический комплекс
Resource -> Тақырыбы: Экономикалық әлеуметтану. Отбасы әлеуметтануы. Мақсаты
Resource -> Рабочая учебная программа Барлық мамандықтардың студенттеріне арналған Өскемен Усть-Каменогорск 2014
Resource -> 2 Тақырыбы: Әлеуметтану тарихының негізгі бағыттары. XX ғасыр әлеуметтануы. Мақсаты
Resource -> Пайда, артықшылық выгода; польза; прибыль
Resource -> Д. серікбаев атындағы шығыс қазақстан мемлекеттік
Resource -> 4. ƏЛемдік мұхит төсенішінің ЖƏне оның континенттік жағалауларының ҚҰрылымдық элементтері
Resource -> 6 ерекше қОРҒалатын табиғи аумақтардың жерi
Resource -> Топырақты бонитеттеу




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет