2. Пән бойынша оқыту бағдарламасы – syllabus оқытушы (оқытушылар) туралы мәлімет



жүктеу 1.04 Mb.
бет4/7
Дата20.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Метонимия. Қазақ тілінде сөз мағынасының ауысып қолданылу тәсілінің бірі метонимия деп аталады.

Қазақ тілінде метонимияның түрлері көп. Олардың жасалу жолдары мыналар:



  1. Қимыл әрекет атауынан нәтиже атауына ауысу арқылы пайда болған сөз мағыналар бар. Мысалы : ою( қимыл атауы), ою(іс-әрекет нәтижесінде пайда болған зат). Бұл тәсілмен жасалған сөздерге жабу-жабу, соғыс-соғыс т.б жатады. Бқл тәсілмен жасалған метонимия ағаш жару- отын жару, деген қос тіркестердің екіншісінен жатқызуға болады.Себебі ағаш, шөп қимылға негіз обьект болған болса, отын пішен сөздері қимыл нәтижетін көрсететін сөздер.

  2. Қимыл-әрекет атауы сол қимылдың құралы болып та аталады.Егер, сабау деген қимыл атаулары, сол істі орындауға қолданатын құрал атына ауысады.

  3. Заттың материалдық атауы , сол материалдан жасалған бұйым атауына ауысады. Мысалы: үкі(құс),үкі(сәндік бұйым), құндыз(аң), құндыз(теріден жасалған жаға, бөрік) т.б

  4. Ыдыс атаулары сол ыдысқа салынған затқа ауысып айтылады. Мысалы: қазан піскенше бәрі машина көруге кетті(Ғ.Мүсірепов) дегенде қазанның ішіндегі тамақ деген мағына туып тұр.

  5. Мекеменің аты мекеменің үйі деген мағынаға ауысып қолданылады. Мектеп(оқу-тәрбие беретін орын) – мектеп(сол мекеме тұратын, жұмыс істейтін ғимарат).Мектепте оқимын – мектеп салынып жатыр

  6. Мекеме,елді мекен атауы сол мекемеге немесе елді мекенде тұратын халықты аңғартады.Қала салдық- бүкіл қала қуанды.

Синекдоха. Сөз мағынасын ауыстырып қолдануда жиі кездесетін тағы бір тәсіл- синекдоха.Синекдоха деп бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, немесе керісінше атау арқылы сөз мағынасының ауысуын айтады.

Мысалы: Бас екеу болмай мал екеу болмайды(мақал) дегенде бас сөзі адамның дене мүшесі емес, адамның өзін аңғартып тұр. Бүтіннің орнына бөлшек қолданылған.Синекдоха метонимиямен өте жақын. Сондықтан да кейбір ғалымдар бұл екі тәсілді бір нәрсе деп қараса,енді біреулері бөліп қарағанымен біріне қатысты мәселені екіншісіне жатқызып та жүр.

Синекдоха да көркем әдебиетте жағымды да жағымсыз эмоция туғызу үшін қолданылады.

Мысалы: Жігіттік-керемет бір дара кез.

Дара кезден түк шығармай барады ез.

Болу керек жасыл жайлау,ақ отау,

Ақ отауда болу керекқара көз.

Тексеруге арналған сұрақтар:


  1. Бейнелі сөздердің түрлеріне мысал келтір.

  2. Бейнелі сөздермен жұмыс жасау жолдары қандай?

Пайдаланылатын әдебиеттер :

/4/ -136-140б.

/1/ -8-13б.


кредит –сағат 7

Дәріс 5

Тақырып: Сөздік жұмысының әдістемесі.

Мақсаты: Синониммен жұмыстану жолдарын меңгеру.

Дәріс мазмұны:

  1. Синоним, олардың жасалу жолдары.

  2. Синонимдік қатар, доминанттар.

  3. Синонимдермен жұмыс.

1.Синоним, олардың жасалу жолдары. Синоним дегеніміз кемінде екі не одан да көп сөздердің бір ұғымды аңғартуы. Синоним сөздер бір-бірінен мағыналық реңктерімен, эмоциональды- экспрессивті бояуымен, белгілі жанрға тән стильдік белгісімен, қолдану өзгешеліктерімен, басқа сөздермен мағыналық байланысымен өзгешеленеді. Синоним сөздер ешқашан бірін-бірі ауыстыра алмайды. Бірінің орнына екіншісі қолданылса, қалайда бір өзгеріс енеді. Сондықтан сөзді таңдап, талғап қолдану, орнын тауып жұмсау керек. Абсолюттік немесе дублет сөздерге мына синонимдерді мысалға алуға болады: емле-орфография, шұқыр-шұңқыр, шырпы-сіріңке т.б. Қазақ тілі синонимдерге бай. Бұл айтайын деген ойды дәл жеткізуге мол мүмкіндік жасайтын ерекше байлық. Синоним сөздер әртүрлі сөз таптарынан бола береді. Зат есім: дос-жолдас-тамыр, етістік: шаншу-түйреу- қадау, есімдік: барлық-бүкіл-түгел-барша-тегіс, одағай: қайран-шіркін-есіл-дариға т.б. Синоним сөздер төрт түрлі жолмен жасалады:

-сөздің көп мағыналы болуына байланысты пайда болған синонимдер. Бәйге-жарыс, ойын. Бәйге-сыйлық, жүлде.

-сөз тудыру тәсілдері арқылы пайда болған синонимдер.

А) аффикстер арқылы: ойлы-ақылды, олқылық-кемшілік.

Ә) сөздерді біріктіру арқылы: еңбекақы-жалақы.

Б) сөз қосарлау арқылы: өліп-өшу, жығылып-сүріну.

В) сөз тіркесі арқылы: иіс су-иіс май, көк ет-бауыр ет.

Г) кірме сөздер мен төл сөздердің мағынасындағы пайда болған синонимдер: тағдыр(араб)-жазмыш, шәкірт(парсы)-оқушы.

Ғ) фразеологизмдер мен жеке сөздің синонимдестігі: қас пен көздің арасында- тез, шапшаң.

2. Синонимдік қатар, доминанттар.

Синонимдік қатар дегеніміз «бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің топтары». Синонимдік қатарға енетін сөздер екі не одан да көп болып келе береді. Біреуі тірек, негізгі сөз, басқалар сол сөзге бағынышты күйде болып келеді. Мысалы: ауру-сырқат-кесел-дерт. Синонимдік қатар мен доминант (тірек) сөзді табудың мәні үлкен. Синонимдік қатарларды бір тексте қолданудың түрлі жолдары бар. 1.Синоним сөздер сөзді қайталап қолданбау үшін қажет болады. Мысалы: Сонау адам-ата заманнан бері қарай бір елдің өнегесіне бір ортақ болып келген. Соның тапқанын бойына жапсырып, үлгі етіп, өрбіп, өсіп келген (М.Ә.). 2. Синонимдес сөздерді айтушы не жазушы адамның өз ойын әрі толық, жан-жақты жеткізу үшін, әсерлі де үдемелі екпін, ырғақ туғызу үшін қолданады. М.: Екеуіңнің жолың да, жөнің де бөлек еді, қимаймын. (М.Ә.)

Бере алмасаң бақыт, шаттық сен маған,

Бер өкініш, бер уайым, бер қайғы. (Т.М.)



3. Синонимдермен жұмыс. Оқушылардың ойын, тілін дамытуда синоним сөздерді пайдалануға үйрету жұмыстарының рөлі күшті. Ол үшін мәтінді оқуға дайындалу жұмыстары кезінде төмендегі жағдайлар қарастырылады:

1. Мәтінде синоним сөздер болса, олардың мағыналарын ұғындыру.

2. Егер мәтінде синоним сөздер болмаса, оны сурет арқылы, оқу барысында, қорытынды әңгімеде немесе әңгімелесу барысында ұйымдастыру жолдарын қарастырады. Бастауыш кластарға арналған оқулықтарда синоним сөздер кездесетін жаттығулар берілген. Балалардың тілін дамытуда синоним сөздердің мағынасын талдағаннан кейін, қызметін аңғартып, сөздік қорын молайтуға болады.

Қай тілде болса да, белгілі бір затты не құбылысты әр түрлі сөздермен атау кездеседі. Тіл – тілдегі бұл құбылыс омоним туралы түсінікке қайшы келеді. Мысалы: өңді, реңді, көркем, сұлу, әдемі, келбетті деген жеті сөз бір ғана ұғымды береді. Ал үлкен, ұлы, дәу, аумақты, ірі сөздері де мағыналас.

Синоним дегеніміз кемінде екі не одан да көп сөздердің бір ұғымды аңғартуы. Бірақ бірнеше сөз бір ұғымды аңғартқанда, бәрі бірдей болып келе бермейді. Олар айтатын затты, қимыл – процесін әр жағынан аңғартып, мән – мағынасы жағынан толықтырып тұрады.

Сондықтан синоним сөздер бір – бірінен мағыналық реңктерімен, эмоциональды – экспрессивті бояуымен, белгілі жанрға тән стильдік белгісімен, қолдану өзгешеліктерімен, басқа сөздермен мағыналық байланысымен өзгешеленеді.

Мысалы: ұстаз және мұғалім сөздерін салыстырсақ, мағыналас, синоним сөздер. Бірақ олардың мағыналық реңктерінде өзгешелік те жоқ емес. Ұстаздық еткен жалықпас. Үйретуден балаға (Абай). Мұғалім оқушыларды класқа кіргізді. Осы екі сөйлемде ұстаз және мұғалім сөздерінің бір – бірінен өзгешелігі аңғарылмайды. Себебі бұл екі сөз тек оқыту мағынасында ғана синоним бола алады. Ұстаз сөзінің мағынасы мұғалім сөзіне қарағанда әлдеқайда кең. Сондықтан да ұстаз тұту, ұстаздығын көру сияқты тіркесте мұғалім сөзін қолдануға бомайды.

Тексеруге арналған сұрақтар:

1.Синоним сөздер дегеніміз?

2.Синонимдік қатарға мысал келтір.

3.Синониммен жұмыс жасау жолдары қандай?



Пайдаланылатын әдебиеттер :

/1/ -19-21б.

/4/ - 150-160б.



Дәріс 6

Тақырып: Сөздік жұмысының әдістемесі.

Мақсаты: Омониммен жұмыстану жолдарын меңгеру.

Дәріс мазмұны:

  1. Омонимдер, олардың жасалу жолдары.

  2. Омонимдердің қолданылуы.

  3. Омонимдермен жұмыс.

1. Омонимдер, олардың жасалу жолдары.

Омонимдерді көп мағыналы сөздерден ажырата білу керек. Бірақ бұл екеуін ажыратудың қиындығы да жоқ емес. Мысалы, халық, көпшілік дегенді аңғартатын жұрт сөзі мен көшкен елдің не жеке үйдің орнын білдіретін жұрт сөздерінің арасында мағыналық байланыс бар деу қиын. Сондықтан да мұндай сөздердің омоним болуы сөзсіз. Бірақ кейбір сөздер о баста бір мағынаны беріп, кейін келе мағыналық байланысын үзіп, омонимге айналған да болады.

Мысалы: күрес (ет) – күрес (зат), той (ет) – той (зат), көш (ет) – көш (зат) сияқты сөздердің өзара мағыналық байланыс аңғарылып тұр. Алайда, бұлардың әрқайсысы әр сөз табына жатады. Ал, көп мағыналы сөз әрқашан бір сөз табына ғана жатады. Енді бір сөздер әрбір сөз табына ғана телініп, әрі мағыналық байланысын да жоймаған, бірақ мағыналары алшақтап кеткен.

Мысалы: Ай (планета) – ай (30 күннен тұратын жылдың он екіден бір бөлігі) қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінде омоним ретінде берілгенмен, олардың мағыналары жақындық, байланыс жоқ деп айту қиын. Сондықтан да кей ғалымдар көп мағыналы сөзге, енді бірі омонимге жатқызады.

Біздіңше, бұндай сөздерді омоним деп атаған дұрыс. Оны К.Аханов жақсы дәлелдеп берген.

Сонымен, қазақ тіліндегі омонимдердің жасалу жолдары қандай? Олар мындай жолмен жасалады.

1.Қазақ тіліндегі сөз тудыру тәсілдері арқылы жасалған сөз бен бұрынғы бар сөздердің бірдей дыбысталуынан болатын омонимдер. Мысалы: баспа (тамақ ауруы) - баспа (газет, журнал, кітап шығаратын мекеме), кездік (пышақ түрі) – кезді (бір кезге тән), жастық (басқа жастанатын төсек) – жастық (жас кез), иінді (соңғы сауылған сүт, ию сөзінен) – иінді (иіні үлкен, кең, иін сөзінен), жұмбақтау (жасыру, жұмбақтау) – жұмбақтау (белгісіздеу, анық емес, жұмбақтау), кейіндеу (кейін қалу, кейіндеу) – кейіндеу (кейінірек, кейіндеу).

2. Айтыс (айтысу) – айтыс (әдебиет жанырының бір түрі) т.б.

3. Сөздердің фонетикалық өзгеріске ұшырау арқылы басқа сөзбен бірдей дыбысталуынан пайда болатын омонимдер. Мысалы: жіктеу есімдіктері жататын бір сөзі мен тігу құралының бір түрі, біз сөзінің бұрын бігіс түрінде айтылып, кейін “г” дыбысының түсіріліп айтылуы арқылы біз сөзіне айналғанын айтуға болады.

4. Басқа тілден енген сөздерінің төл сөздерімен дыбысталуы бірдей болу арқылы да омонимдер жасалады. Мысалы: иран тілінен ауысқан бау – бақша мағынасындағы бақ сөзі қазақ тіліндегі қара, бақыла, көз сал деген мағынадағы бақ сөзімен омонимге айналған.

Қазақтың қайрат (өзгелік етіс) сөзі арабтың ғайрат сөзінен қайрат түрінде фонетикалық өзгеріске енуі арқылы омоним жасалып тұр. Сондай – ақ болыс (етістік) – болыс (зат) омоним жасалып тұр. Сондай – ақ болыс (етістік) – болыс (зат есім) орыстың влос сөзінен, көшір (етістік) – көшір (зат есім) орыстың кучер сөзінен, т.б. сөздерді атауға болады.

Омоним сөз ішінде толық (лексикалық), жартылай (лексика - грамматикалық), аралас омонимдер болып үшке бөлінеді.

1) Толық (лексикалық) омонимдер деп бір сөз табына тән және бірдей түрленіп, дыбысталуы бірдей сөздер айтылады.

Мысалы: бояу мағынасындағы сыр сөзімен жасырын пікір, ой дегенді аңғартатын сыр сөзі зат есім, екеуі де бір сөз табына жатады. Екеуі де көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Қалай түрленсе де, омонимдік қатары бұзылмайды. Сондықтан бұлар толық омонимдер деп аталады. Толық омонимдерге мысалдар:

Оба (белгі) - оба (ауру аты)

Нар (түйе түрі) – нар (сәкі, сөре)

Зауал (түс мезгіл) – зауал (жаза)

Жұрт (ел, халық) – жұрт (ескі қоныс)

Алаң (ашық жер) – алаң (көңілдің бөлінуі)

Кебенек (киіз киім) – кебенек (ешкі ауруы)

2) Жартылай омонимдер деп дыбысталуы бірдей болғанымен, әр түрлі сөз табына қатысты болып, түрленгенде әрқайсысы өзгеше формаға ие болатын сөздер айтылады.

Мысалы: құстың бір түрін білдіретін қаз сөзі етістікке қатысты. Мұның біріншісі зат есімдерше түрленіп, көптік, септік, тәуелдік жалғауларын қабылдаса, екіншісі етістіктерше түрленіп, есімше, көсемше, етіс, рай, шақ, болымсыз етістік жұрнақтарын игереді. Сонымен қаз сөздері түбір күйінде омоним болғанымен, түрленген кезде олар омонимдік қатардан шығады. Өйткені, құс түрі мағынасындағы қаз сөзінің қаздар, қаздың, қазым түрінде түрленуі екінші қаз сөзінің қазып, қазыл, қазды, қазба сияқты нормалармен бір қатарда омоним болуы мүмкін емес.

Сондықтан да түбір күйінде омоним бола тұра, түрленгенде ондай қызметтен айырылатын сөздерді жартылай (лексика - грамматикалық) омоним деп атайды. Жартылай омонимдерге келесі сөздерді жатқызуға болады:

Бас (з.е.) – бас (ет.)

Без (з.е.) – без (ет.)

Ез (з.е.) – ез (ет.)

Иір (з.е.) – иір (ет.)

Қыз (з.е.) – қыз (ет.)

Мін (з.е.) – мін (ет.)

Қара (с.е.) – қара (ет.)

Түз (з.е.) – түз (ет.)

Не? (есімдік) – не? (шыл)

Жүз (з.е.) – жүз (сан е.) – жүз (ет.)

3) Аралас омонимдер деп кемінде үш сөздің дыбысталуы бірдей болып, өзара толық және жартылай омонимдер түрінде келетін сөздерді айтады. Мысалы: күннің бір мезгілін білдіретін түс деген сөзбен ұйқы үстінде көретін түс толық омоним, өйткені екеуі де зат есімге жатады, бірдей түрленеді.

Немесе уақыт дегенді аңғартатын кез сөзі мен өлшемді білдіретін кез сөздерді толық омоним де, аралас, шарла дегенді аңғартатын кез сөзі олармен жартылай омоним.

Омонимдердің табиғатын жақсы түсіну үшін омофондар мен омографтарды білу керек.

Омофондар дегеніміз – дыбысталуы бірдей бола тұра, түрліше жазылатын сөздер. Мысалы: ас даярлаушы кісі дегенді білдіретін асшы сөзі мен тәтті сөзінің антонимі ащщы сөзі екі түрлі жазылғанымен айтылуында бірдей дыбысталады.

Омофондар жеке сөздерден де, сөз тіркестерінен болады. Мысалы: тұзшы - тұщы сөздері жеке сөздерден болса, қаталдық – хат алдық, қарала – қара ала, дерек – дерек (дер едік), жүрек – жүр ек (жүр едік) т.б.



Омонимдердің қолданылуы. Омонимдерді жеке тұрғанда мағынасынан ажырату қиын болмағанымен, дұрыс құралған сөйлемде қиындық келтірмейді. Тек басқа сөздерді қолданғандай онды – солды пайдалана беру де қиын. Сондықтан омоним сөздерді ойланып қолданған жөн болады. Мысалы: менде сыр бар. Бітіміне көңіл толды дегендей сөйлем жеке тұрып ашық түсінік бере алады. Бірінші сөйлемдегі сыр сөзі бояу мағынасында да, ішкі пікір, ойда да аңғартады. Екінші сөйлемдегі бітіміне сөзінен егіннің бітімін, заттың пішінін немесе келісімге келгенін түсінуге де болады. Мұндай көп ұшты сөйлем сөйлегенде де, жазғанда да кездеспеуі керек.

Егер омоним сөздерді сыңарлармен орынды түрде қатар қолданса, сөйлемдегі ойдың әсерлі шығуына көмектеседі. Көбінесе ақындар омонимдерді сыңарлармен өлең ұйқасы үшін алғанда әуезділік, үнділік артып, ойнақы тудырады.

Ой арман – ай, не деген сағым еді,

Секілді гой даланың тағы желі.

Ажырасқан аққайын панасына,

Бей- жай болып бағдат бүгін тағы келді. (М.Мақатаев)



Тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Омонимге бірнеше мысал жаз.

  2. Омонимнің жасалуына мысал келтір.

Пайдаланылатын әдебиеттер :

/1/ -15-19 б.

/4/ -146-149 б.


Дәріс 7

Тақырып: Сөздік жұмысының әдістемесі.

Мақсаты: Көп мағыналы сөздердің қолданысын меңгеру.

Дәріс мазмұны:

1. Сөздің көп мағыналығы, тілдегі қолданыс тәсілдері.

2. Көп мағыналы сөздермен жұмыс.

1.Сөздің көп мағыналығы

Тіліміздегі сөздер белгілі бір ұғым атауын білдірумен бірге ауыспалы мағынада қолданылу арқылы түрлі өзгеріске ұшырап көп мағыналы сөздер пайда болады. Тіпті ауыспалы мағынада қолданылған кейін сөздің мағынасы жиі қолданылу арқылы негізгі мағынаға ауысып кетуі де мүмкін. Мысалы, Отан сөзі бұрын үйді білдіретін, әркім өз үйін ошақ басын өз отаны деп атайтын .Бұл сөз қазір жаңа мағынада қолданылып ел мемлекет дәрежесіндегі кең мағыналы сөзге айналып, бұрынғы мағынасы ұмытыла бастады.

Олай болса, тіліміздегі сөздердің баюы көп мағыналы сөздің жасалуына да байланысты екен. Тіліміздегі көп мағыналы сөздер сөйлемде қолданыуына қарай жеке-жеке мағынаға ие болады. Мысалы , аспанға қара, көйлегіңе қара, терезеге қара дегенде көзді бір нәрсеге бағыттау, көру ұғымын берсе, малға қара, балаға қара дегенде қамқорлық жасауды, ал артыңа қара, айналаңа қара дегенде, ойлан, сақ бол дегенді білдіреді.

Көп мағыналық ұзақ уақыт қолданылып, сол тілде сөйлеуші халықтың санасында қалыптасу арқылы пайда болады. Сондықтан да басқа тілден жаңадан енген сөздерде, неологизмдерде көп мағыналық болмайды.

Көп мағыналы сөздерді омонимдерден ажырата білу керек. Көп мағыналы сөздердің өзара ішкі байланысы ( метафора, метонимия, синекдоха,қызмет ұқсастығы) анық байқалып тұрады, сондықтан олар қолданылуда тура мағынадан алшақ кете алмайды. Мысалы , Құлаған қызыл әскер басын бір көтеріп алды да қайта құлады (Ғ.Мүсірепов). Басы аманның малы түгел (мақал). Шу өзенінің басы ала таудан басталады (оқулықтан). Жандос үйіне қос басынан кеш қайтты (С.Адамбеков).

Осы сөйлемдердегі бас сөзі әр түрлі мағынада қолданылған, бірінші сөйлемдегі «адамның дене мүшесі» екенін аңғартатын бас сөзіне байланысты мағынадан өрбіген.

Ал, омоним сөздердің мұндай ішкі мағыналық байланысы сезілмейді. Мысалы, Ауыл жақтан ақсандай басып орта жасты бір еркек келді (Б.Майлин). Бұл дәрі дене қызуын басады (Е.Оразақов) деген сөйлемдердегі бас сөзінің жоғарыда айтылған сөзбен (бас) қатысы жоқ.

Олай болса, көп мағыналы сөздер сырттай омонимдерге ұқсас болғанмен ішкі мағыналық байланысына қарай өзгеше болады.

Сөз мағынасының көбею процесі тоқтаусыз болып тұратын құбылыс. Себебі бұл құбылыс сол тілде сөйлейтін халықтың ойлау дәрежесінің дамуына байланысты нақтылықтан абстрактылыққа, жалқылықтан жалпылыққа ауысу процестерімен байланысты.

Мысалы: Күн еңкейді, күн ыссы,

Ыстыққа қандай шараң бар.

Ыстықтан да ыссы жұмысы

Тоқтатар емес адамдар.

(М.Мақатаев)

Осы үзіндідегі екі ыссы сөзі екі мағынада , біріншісі тура ыстық мағынасында, екіншісі- қауырт, асығыс, толассыз жүріп жатқан еңбек қимылын, еңбек етіп жатқан адамдардың бойындағы жалынды құлшынысты бір сөзге сиғызу үшін автор сөз мағынасын ауыспалы мағынада әдейі алып отыр.

Тексеруге арналған сұрақтар:


  1. Көп мағыналы сөздерге мысал келтір.

  2. Омонимдерден айырмашылығы қандай?

Пайдаланылатын әдебиеттер :

/1/ -8-15 б.

/4/ -106-112 б.


Дәріс 8

Тақырып: Сөздік жұмысының әдістемесі.

Мақсаты: Қанатты сөздер мен нақыл сөздермен жұмыс жасау жолдарын меңгеру.

Дәріс мазмұны:

  1. Қанатты, нақыл сөздер, олардың тіл дамытудағы маңызы.

  2. Қанатты, нақыл сөздермен жұмыс.


1.Қанатты, нақыл сөздер, олардың тіл дамытудағы маңызы.

Тілдің әрі ұтымды, әрі сымбатты байлықтарының біразы- мақал –мәтелдер, қанатты сөздер. Бұларды әсіресе көркем әдебиетте, публицистикалық әдебиетте, көпшілікке арналған әңгімелерде мол пайдаланады.

Мейлінше қиын құбылыстардың мәнін ғажап түрде дәл білдіретін қанатты сөздер болады дейді. Сондай қанатты сөздер қазақ тілінде де көп. «Қанатты сөздерді – нақыл сөздер» деп те атайды. Оларды айтылатын оймен орайластырып дұрыс қолдана білсек, сөзіміз мірдің оғындай өткір, көңілге бірден ұялай қалатын дәл, әрі ықшамды болады. Қанатты сөздер шешендер мен көрнекті ақын-жазушылардың аузынан, қаламынан шығып халыққа тарайды да, олар халықтық қасиетке ие болып кетеді. Ал бірқатарының кім шығарғанын анық айтуға болады. Мысалы, «Ештен кеш жақсы» (орыс тілінен аударылған), «Баяғы жартас бір жартас», «Адасқанның алды жөн, арты- соқпақ» (Абай). Қанатты сөз- ұшқыр ойдың қанаты. Оны көп біліп, сөзде, жазуда жұмсай білу- үлкен өнер. Қанатты сөздің жақсы үлгілерін жазушылардың шығармаларынан көруге болады. М.Әуезов «Абай» романында Абайдың болашақтан үлкен үміт күтетін жаңашыл адам екенін көрсету үшін оған мына сөзді айттырады: -Арыстан айға шауып мерт болғанмен, артында жортқан баласы арыстандық етпей ме? Ақ сұңқар ауға шырмалғанмен, ұясынан ұшқан балапаны сұңқарлық етпей қоймас!- деген қазақ неткен дана!

Қанатты, нақыл сөздермен жұмыс.

Қанатты сөздермен жұмыс мәтіннің мазмұнын талдау кезінде жүргізіледі. Егер мәтінде кездеспесе, тақырыпқа кіріспе кезінде немесе қорытындылағанда мұғалім өзі дайындауға болады. Қанатты сөздермен жұмыс оқушылардың тілін дамытып қана қоймайды, сөз қолданысында шебер сөйлеуге, ойын дәл жеткізуге көмектеседі.



Тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Қанатты, нақыл сөздердің тіл дамытудағы маңызы қандай?

  2. Қанатты, нақыл сөздермен жұмыс жасау жолдарын көрсет.

Пайдаланылатын әдебиеттер :

/3/ -60-65 б.

/9/ -124-130 б.


Дәріс 9

Тақырып: Сөздік жұмысының әдістемесі.

Мақсаты: Мақал -мәтелдермен жұмыстану жолдарын меңгеру.

Дәріс мазмұны:

1. Мақал-мәтелдер, олардың тіл дамытудағы және тәрбиелік мәні.

2. Мақал-мәтелдермен жұмыс жасаудың жолдары

1. Мақал-мәтелдер, олардың тіл дамытудағы және тәрбиелік мәні.

Мақал - мәтелдер – ғасырлар шежіресі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал – мәтелдер ой дәлдігімен, тереңдігімен,ықшамдылығымен ерекшеленді. Онда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытылады.

Халық даналығы үлкен ойды аядай қалыпқа сыйғызып, асқан шеберлік танытқан. «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын дегендей, мақал – мәтелдің он бойынан поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақты кездестіреміз. Онда басы артық бір сөз болмайды. Барлығы өз орында. Мақал – мәтелде бәрі екшелген, сұрыпталған, жымдаса – біріккен, ой - өрнек ажыраспас туыстық тапқан. Мысалы, « Қой шелді болмай, төлді болмайды». Осындағы сөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес. «Шелді мен төлді» ойымен де, үйлесімімен де іштей үндестік тауып тұр. Оның орнына майлы, семіз деген боломаны алсақ, мақал бүкіл шырай – көрікнен, мән – мағынасына айрылады, мақалдық қасиеті жұтаңдайды. Сол сияқты басқа сөздерді де өзгерту мүмкін емес. Олар осы бітімінде ғана үлкен ой жүгіне ие. Екінші бір мысал: «Ер дәулеті-еңбек». Мұндағы негізгі ой – еңбектің құдіретін, бүкіл игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы еңбек болған соң, мақалда «е» дыбысы ерекше естіледі. Мақалға саздылық, үнділік беріп тұрған да сол. Дәулет сөзінің мақал бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына ырыс, байлық, молшылық т.б. сөздерді ала алмайсың. Онда мақал поэтикалық қасиетінен айрылады.

Мақал – мәтелдерде халық сөзді барынша үнемдеп қолданған. Кейде, тіпті, сөз тастап та кетіп отырады. Бірақ онан мақал – мәтелдің мазмұнына ешқандай нұқсан келмейді. Мысалы « Ақыл жастан, асыл тастан» дегенде шығады сөзі қалып қойған, бірақ онан мақал ойсырап тұрған жоқ.

Мақал – мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Ол халықтың әлеуметттік, шаруашылық, рухани өмірін түгел қамтиды. Мақал – мәтелдердің басты-басты тақырыптары - Отан, туған жер, атамекенге байланысты. Елін, Отанын емірене сүйген халық Отанын шексіз сүюді ұрпағына өсиет еткен. «Ел – елдің бәрі жақсы, аз елің бәрінен жақсы», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елің – алтын бесік», «Өз елім - өлең төсегім», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» деген мақал – мәтелдерде халықтың туған жеріне, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген.

Мақал – мәтелдердің үлкен бір соласы еңбекке арналған. Халық еңбекті әр уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп білген. Бұл «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке», «Еңбек етсең емерсің», «Ер дәулеті – Еңбек», «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деген мақалдардан айқыл аңғарылады. Халық еңбек пен бақытты егіз деп қараған. Адамды ер атандырып, құрмет – қуанышқа жеткізетін еңбек деп білген. «Біткен іс – піскен жеміс», - деп, халық еңбекті меймінше дәріптеген. Сонымен қатар жалқаулықты, еріншектікті мінеген: «Тауық – құс емес, жалқау – кісі емес», «Ақымақ күлкіге тоймас, жалқау ұйқыға тоймас», «Жұмысы жоқтың – ырысы жоқ», «Еріншектің егіні піспес», «Жақсы жігітттің жұмыссыз жүрген күні жоқ, жаман болар жігітттің еш жұмысқа қыры жоқ», - деп жалқаулықты жемей отырып, еңбек адамын биіктеткен.

Мақал – мәтелдердің енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған. Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер, ақтар, ер атағын ел сақтар», «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», «Ер – елімен жақсы», «Елі жоқ – жер жетім, ері жоқ – ел жетім» - деп халық ер қоршағы батырды мадаңтаған. Мақал – мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар айтылады. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді.

Ынтымақ – бірлік туралы да мақал – мәтелдер көп. «Бірлік болмай – тірлік болмас», - деп, елді бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің беин ешкім сындырмас»,-деп , елді бірлікке, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға шақырған. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді», «Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды», - деп, байлық та, ырыс береке де, елдік те, күш те – бірлікте деген үлкен түйін жасаған.

Мақал – мәтелдердің бір алуаны достыққа, жолдастыққа арналған. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Жақсы дос ашып айтар, жаман дос қасып айтар». «дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады», «Ағаш тамырымен, Адам досымен мықты», «Доссыз – көңіл тұл, махабатсыз - өмір тұл», «Жолдасы көптің – олжасы көп» - деп достық пен дұшпандықты, жақсы жолдас пен жаман жолдасты салыстыра отырып, адал досты, жақсы жолдасты үлгі етеді.

Қазақ халқының негізгі күн көрісі, кәсібі, тіршілігі молға байланысты болған. Соңдықтан төрт түлік молға қатысты мақал – мәтелдер де өз алдына бір сала. «Мал – баққандікі, жер жыртқандікі», «Ат – ер қанаты», «Өлкенің көркі – мол болар», «Өзеннің көркі – тал болар». Сол сияқты егіншілік кәсібіне байланысты мақал – мәтелдер де аз емес. «Жердің сәні – егін», «Ексең егін, ішерсің тегін», «Берген алар, еккен орар».

Енді бір алуан мақал – мәтелдер өнер – білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Сондықтан халық; «Білімді өлмес – қағазда аты қалар, ұста өлмес – істеген заты қалар», «Өнер – ағып жатқан бұлақ, ғылым – жанып тұрған шырақ», «Ғылым – теңіз, білім – қайық», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», - деп өнер – білімге үндеген.

Адамгершілікке байланысты мақал – мәтелдер де қазақ мақал – мәтелдерінің ең бір қомақты саласы. «Әдептілік, ар уят – адамдықтың белгісі», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Тәні сұлу – сұлу емес, жаны – сұлу – сұлу».

Мақал – мәтелді кім шығарғанын анықтау қиын. Сондықтан мақал – мәтелді халықтың төл туындысына балап, ауыз әдебиетінің сүбелі жанрларының бірі ретінде зерделеуге болады.

Ақын – жазушылар шығармаларында мақал – мәтел болып келетін жолдар да мол. Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлының көптеген өлең жолдары қанаттты сөзге айналып кеткен. Мысалы, Ыбырайдың «Шегірткем бір секірдің құтылдың, екі секірдің құтылдың, үшіншіде тұтылдың», Абайдың «Көңілім қалды достан да, душпаннан да», «Күн жауғанда қойнында, күн ашықта мойнында», «Тұлпардан тұлпар өзбас шабылса да, оған да үкі тұмар тағылса да», «Доссыз ауыз тұшымас».

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхит,Сәбит, Ғабит, Ғабиден. т. б. шығармаларында да мақал – мәтел боп кеткен жолдар аз емес.

Мақал – мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы болады. Мысалы, « Өнер алды – қызыл тіл», «Мол жаным садағасы, жанарым садағасы», «Ер қанаты – ат деген мақалдарда ешқандай астар, тұспал, ауыстырмалы мағына жоқ, ой ашық айтылған, ишаралау жоқ.. Ал екінші бір мақал – мәтелдерде ой астарлы беріледі, мысалы: «Не ексең сонны орарсың». Мұның тура мағынасынан гөрі жанама мағынасы басым. Халық бұл мақал арқылы істеген ісіңнің, Берген тәрбиеңнің жемісі де, нәтижесі де сол ісіңе, тәрбиеңе орай болады дегенді білдірген.

Мақал мен мәтелдердің өзара айырмашылықтары. Мақал – мәтелдер қосарланып айтылып, бір – біріне туыс болғанмен, екеуінің өзара айырмашылықтары да бар. Ол айырмашылықтар мақал мен мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады. Мысалы, «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер» деген мақалды алсақ, бұл екі жай сөйлемнен тұрады. Оның үстіне мақалдарда ой тиянақты. Мезгіл жетсе, мұз да ерір» деген мақалдан да осыны айқын байқауға болады.

Мақалда бір – біріне қарама – қарсы ұғымдар мен нәрселерді салыстыру арқылы ой – пікірді айқындай түсу тәсілі басым келеді. Мақал шендестіруге құрылады. Мысалы, «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді», «Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені, еменнің иілгені сынғаны». Осы келтірілген мақалдардың өзінен өмір құбылыстары типтендіріліп, дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отыратындығын байқаймыз.

Ал мәтел құрлысы жағынан мақалдан өзгешерек. «Әлін білмеген әлек», «Көппен көрген ұлы той» деген мәтелде тұспал ғана бар, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ. Осы бейнесі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі тапшылайды, мәтелде дәмдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды.

Мақал мен мәтел бір – бірінен осындай белгілермен айрылады.



: dmdocuments
dmdocuments -> «Бекітемін» Педагогикалық институтының директоры Ботагариев Т. А
dmdocuments -> Педагогика факультетінің деканы
dmdocuments -> Кдр (IV курс) Вопросы: Вопрос №1
dmdocuments -> Педагогика факультетінің деканы
dmdocuments -> Педагогикалық факультет
dmdocuments -> Семинар сабағы 15 сағат Оқытушының жетекшілігімен студенттің өзіндік жұмысы (ожсөЖ) 45 сағат
dmdocuments -> Сабақ кестесі: Оқу тоқсаны 15 оқу аптасынан және 2 сынақ аптасынан тұрады. Аптасына 2 кредит-сағат жоспарланады, оның әрбір кредит-сағат саны бір байланыс сағатынан (дәріс,практика) және оқытушының басқарумен жүретін студенттердің өзіндік жұмысынан
dmdocuments -> Пәннің оқу әдістемелік кешені (ПОӘК) 2003ж Алматы қ. Абай атындағы амудің «психология және әлеуметтік психология» кафедрасы дайындаған «Психология» типтік бағдарламасы негізінде құрастырылды


1   2   3   4   5   6   7


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет