5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті



жүктеу 1.81 Mb.
бет2/10
Дата21.06.2016
өлшемі1.81 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Исатай мен Махамбеттің халықты көтеріліске бастауының себептері мен мақсаттары неде?

  2. Көтерілістің шешуші кезеңдеріндегі оқиғалар ақынның қай шығармаларында суреттеледі?

  3. Махамбеттің іс-әрекеттері мен ой танымының көтеріліс басылғаннан соңғы бағыты қалай өрістеді?

  4. Исатай-Махамбет бастаған ұлт азаттық күрес тарихы баяндалатын қандай зерттеу еңбектері бар?


Әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер: 23, 24, 25. Қосымша әдебиеттер: 6, 7, 8

Тапсырма:1.Махамбет өлеңдерін көркемдік ерекшелігіне талдаңыз.

2. «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны»өлеңінің шығу тарихын,композициялық ерекшелігін жазыңыз.



ДӘРІС 4. ШЕРНИЯЗ ЖАРЫЛҒАСҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ТУЫНДЫЛАРЫ

Дәрістің мақсаты: Ақын өмірі мен туындыларын оқыта отырып, дүниетанымдарын кеңейту,

Тірек сөздер: көтеріліс, жұмбақ, Исатай, кіші жүз, жинақ, хандық.

Дәрістің жоспары:

  1. Ақынның өмірбаяны

  2. Исатаймен жолығуы

  3. Қудалауға түсуі

  4. Туындылары

Шернияз Жарылғасұлы (1817-1881)- халық ақыны. Қазіргі Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жарыпшыққан дейтін өзеннің бойындағы Ақкете руынан шыққан. Ақкете - оның он бірінші атасы. Ақын көтеріліс басталысымен бірден Орда жағына өтіп, Исатай мен Махамбетті өзі іздеп барып қосылады. 1836 жылы Шернияз Бөкей хандығына келіп, Исатайға жолығады. Ұзамай оның ең жақын достарының бірі болып алады.
Көтеріліс күшпен басылғаннан кейін Шернияз Махамбетпен бірге Жайықтың шығыс бетіне өтіп, ел аралап үгіт жүргізеді. Махамбетеке еріп, Хиуаға да барады, бірақ көтерілісті қайтадан бастай алмайды, қуғын азабын тартады, Баймағамбеттің ел көзген жендеттері Шернияздың барарға жерін, басарға тауын қалдырмайды. Ұсталатынына көзі жеткен ақын өзі ақынға келіп, өнер асырып, оның кешірімін қабылдайды. Бірақ ол ешқашан өзінің Исатайдың Шерниязы екенін жасырмай, басына түскен жағдайға сай, сақтана жүріп қызмет етеді. Жұмбақтар шығарып , бүкпелей сөйлейді. «Махамбет батырдың Шернияз шешенге айтқан жұмбағы» 1925 жылы басылады.

Сол арқылы Исатайдың батырлық бейнесін жасаған: “Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас”, “Ақ алмас алтын сапты, қылышым-ай”, “Исатай ел еркесі, ел серкесі”, т.б. жырларын шығарды. Шернияздың “Ай, Қазы би, Қазы би”, “Тостағанды қолға алып”, “Ай жігіттер”, “Сөз сөйлеймін бөлмелеп”, “Көл қылып құдайым талай судай ағын”, т.б. өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігі, өмірдің өзгермелілігі мен оның мән-мағынасы үлкен ой елегінен өткізіле жырланады. Жалпы Шернияз поэзиясы мазмұндық сипатымен, стильдік айқындығымен, көркемдік бейнелеу нақыштарының шеберлігімен ерекшеленеді. Шернияз өлеңдері үш нұсқасы (Алыш ақын, Мәшїүр Жүсіп, Омарбек нұсқалары) бар. Шығармалары 1925 жылы Мәскеуде, Ташкентте (Қ.Жансүгіров жариялауында) жарық көруінен бастап, әр кездерде шыққан орта мектептерге арналған хрестоматияларда, “18 — 19 ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары”, “Айтыс” (1-т., 1965) жинақтарында басылған. Баймағамбет Шерниязды өз сынынан өткізеді. Сүйінбекұлы Оразғалидың айтуынша, Шернияз 15 жасар шамасынан - ақ кішкене ділмар шері атанады. Сол он бес шамасында Шернияз адайдың атақты ақыны домбырашы Абылмен кездеседі. Абыл кіші жүз елін аралап жүріп, кете еліне келеді. Кейбір деректерге қарағанда, Шернияз 1817 жылы туып, 1881 жылы қайтыс болған. Ол Исатай Тайманов бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысқан. Исатай қазаға ұшырап, көтеріліске қатысқандар жазаға тартыла бастағаннан кейін, Шернияз Баймағамбет сұлтанның қудалауына түседі. Бас сауғалап лажсыздан Баймағамбетке бағынышты болып, онымен татуласса да, Исатаймен жолдас болған кезін аңсауын, қуғында жүрген Махамбет ақынмен кездесуін қоймаса керек.


Қазақ әдебиетінде Шернияздың әкелген бір жаңалығы ертеден келе жатқан импровизация өнерін кемелдендіре, жетілдіре түсіп, оны өзіне қарсыласушылардың мін – кемістіктерін, оғаш мінездерін көрсетуге, әжуа етуге шебер пайдалануында демекпіз.Бұған үлгі ретінде, Шернияздың Баймағамбет төремен кездескендігі айтқандарын атаса жеткілікті. Сонымен бірге Шернияз он бір буынды қара өлеңді де кең қолданады.
Шернияздың өлеңдері, көбінесе, ауызша тараған, шығармалары 1925 жылдан бері әр кезде жарияланып келді.

Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Ш.Жарылғасұлы қай жылы, қай жерде дүниеге келіп, дүниеден өтті?

  2. 1836ж Бөкей хандығына келіп, кіммен жолығып, тізе қосады?

  3. Исатай өлімінен кейін кімнің қудалауына түседі?

  4. Шығармалары қай жылдан бастап жарияланып келеді?

Әдебиеттер: тізімі: Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 5, 6.

Қосымша әдебиеттер: 2, 3, 5.

Тапсырма:1.»Баймағамбетке айтқаны» өлеңінің тарихын айтыңыз.

2.Шернияздың шешендік өнері,айтыстары туралы айтыңыз

ДӘРІС 5. Шортанбай Қанайұлының әдеби туындылары

Дәрістің мақсаты: ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен мәлімет беру. Өмірі мен туындыларымен танысу.

Дәрістің жоспары:


  1. Өмірі жайлы мәлімет

  2. Мұрасының жариялануы, зерттелуі.

  3. Шығармашылық тұлғасының қалыптасу кезеңдері.

Тірек сөздер: ақын, толғау, мұсылмандық, айтыс.

Шортанбай Қанайұлы (1818 ж, қазіргі Жамбыл обылысы Қаратау өңірі –1881ж, қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы) ақын, діни қайраткер. Ол Түркістан жерінде Қаратауды жайлаған шаруа Қанайдың отбасында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алмаған. Бұрыннан қазақ халқының қасиетті астанасы есепті Түркістан қаласы, оның сол тұстағы шартарапқа жайылған даңқы жас талапқа әсерсіз болмаған.

Қиялына қанат бітіріп, өнер-білім биігіне талпыған алғашқы тәлім-тәрбие ұясындай ізгі әсер еткен, парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Көзі ашық, сауатты, білімге құштар жасқа үлгі-өнер боларлық ойлы орта, тәлімге - ұстаздар да кезіксе керек-ті.

Көкірегі ояу, көркемдікке әуес сезімтал жас естіген есті сөздерін құлағына құйып, көрген ғажайыптарың ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.

Жас талап тұстастарының бірі аллатағала әмірімен, діни түсіністіктермен баланыстырса, екіншісі Яссауи қалдырған парасат сөздерін тақпақтап, ауызға-өсиетке негізделген «Диуани Хикметтен» үзінділер келтіріп, көкейге ой салар сырлы сөзжинағын ауызға алар еді. Жалғыз ғана емес, одан бергі Түркістандық өнерпаздар.

Мұсылмандық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарақаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға тура келеді.

Одан кейін Аюлы-Ақсу бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағанан шағын мешіт салдырып, медресе ашады. Өле-өлгенше осы биді төңіректеп, өмір кешеді. Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына кезігеді.

Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашып, діни жұмыс атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Тіршіліктің талабы, өмірдің рухани азығы, дүниенің қызығы оны тәубасынан жаңылдырады. Қызойнақ пен Алтыбақан кештеріне бірден барып, жастарға араласып кеткісі-ақ келеді. Амалын тапса, екеуін де қолданып, өзі де елден шеттемей, жастарға да, үлкендерге де үйір боп, солардың ортасында өмір сүру, мүмкін болғанынша сезімге бой алдырмай, ақыл мен парасатқа жүгіну қажет. Осылайша ой түйген Шортанбай өзін еркін ұстайды.

Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққа жетелейді. Елдегі әр қилы дәстүрлі той, жиын, келін түсіру, қыз ұзату салттарына байланысты думандарға еліктемеу мүмкін емес.

Ел толған төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Біраздан кейін өзін-өзі билей алмай, бойын кернеген ақындық өнердің аузын қалай ашып жібергенін өзі де сезбей қалады.

Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын деп атап кетеді. Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, - дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.

Еліне ақын боп танылған Шортанбайдың өнерлік жолына шолар болсақ, онда да өзіндік сыр жоқ емес. Қазақта бұрын-соңды, не көп десе, ақын көп деп жауап берілер еді. Бұл жауаптың екі мағынасы бар. Ақынның көптігі, ең алдымен, халықтың талантқа бай екенін көрсетеді. Екіншіден не нәрсе көп болса, онда құнсыздық та орын алып, яғни, ақын емес, елде ақындыққа жақындар да көбейер еді. Кез келген ұйқас сөз өлең емес, өлең ол Абайша айтқанда, "сөз сарасы" немесе "өлең сөздің патшасы".

Ал оны жасаушы "Ер данасы" - шын мәніндегі ақын. Ойын-сауықта екінің бірі елдің алты аузын айта алады. Бірақ ол нағыз ақын ба, жоқ, ол сөзге әуестердің бір ғана.

Ол ХІХғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын. Шортанбай белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің “Зар заман”, “Бала зары”, “Тар заман”, “Опасыз жалған”, т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Шортанбай өзіне дейінгі Бұқар, Тәтіқара, Ақтамберді жыраулар мен Шал ақынның мол мұраларымен жақсы таныс болған.

Шортанбай - өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей – кеншік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Жан-жақты талан- таражға душар боп жатқан туған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген білгір жазушы. Кеңес заманында толғаулары мен айтыстары С. Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нүскаларында» (1931), С. Мұқанов, К. Бекхожин құрастырған «қазақ әдебиетінің хрестоматиясында» (1942), «Айтыс» (1965) жинағында жарияланды. Ш-дың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары, Бәйіш атты қызы болған. Шортанбай шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегінде кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға ақынның "Тар заман", "Опасыз жалған", "Байды құдай атқаны", "Атамыз Адам пайғамбар", "Өсиет – насихат сөздер", "Айттым сәлем", "Асан қожаға" т.б. енген.

Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топта, т.б. Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатарлар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді. Оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегі қайғы қасіреттің де шынайы суреті жасалады.

Халық қайғысының қалыңдауына негізгі себеп – отаршыл патша өкіметінің озбыр саясаты және оны жүргізіп жатқан жергілікті әкімдер. Генерал, майор, князь, тілмәш, дуанбасы, оның соты, әскері, түрмесі, т.б.

Бұлар елді еркіндіктен айырған, дәулетін судай шашқан аждаһа іспетті. Халық қайғысының негізгі себепкерін "Жалмауыз болды ұлығың", - деп әкімдерден көреді.

Заман қайтып оңалсын,

Адам қайтып қуансын.

Жанарал болды ұлығың,

Майыр болды сыпайы.

Айрылмайтын дерт болды,

Кедейге қылғап зорлығың,

Князьді көрдің піріндей,

Тілмәшті көрдің биіңдей.

Дуанды көрдің үйіндей,

Абақты тұр алдында,

Қазылып қойған көріндей.

ХІХ ғасырдың көптеген ақындары қазақтың тәуелділікке душар боп, қоныс қысымына ұшырағанын күйіне жырлады. Қолынан шығып кеткен мекендеріне іштері қазандай қайнап, жоқтау айтып, зар жылады. Патшалықтың ең ілкі тырнағына ілінген Сарыарқа, Еділ, Жайық, Есіл жер суларының шұрайлы бойларынан айрылу шымбайына қатты батты. Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді.

Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екіталай. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет жасап, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішіндегі әр түрлі жетесіздіктерге, талан-таражға, алуасыздыққа, берекесіздікке, ойсыз опасыздыққа қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, мініп түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды. Оны ақын жақсы түсінді. Отаршылар мен оның қазақ жеріндегі сыбайластары билеген заманды ол халық басына түскен ақырзаман, елдің береке-бірлігін кетірген тар заман, жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар заман деп өзінше қорытты.

Бұл заманның енді бір кесапаты ол халықты өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған кәсібінен, тіршілік қамынан, үйреншікті, сүйегіне сіңген әдет-ғұрпынан, наным-сенімнен, иманнан, дағдылы ел билеу салтынан айырды.

Осылайша халықтың ұлттық тұрпаты, елдік сипаты бұзылды. Адамы, азаматы, оларды мінез-құлқы, іс-әрекеті өзгерді. Олар тәуелсіздігінен айрылды. Құлдық тәуелсіздік қамытын киді. Өзіндік дербестігі жойылды. Міне, осының бәрі ақынның зарлы-шерлі толғаулары арқылы сыртқа шықты. Ол халықтың мұңы боп қалыптысты.

Шортанбай шығармаларының негізгі арқауы деп, оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Адамгершілік ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің зор мақсаты санағандықтан болса керек. Ақын әр тұста терең толғап, өрнекті де өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады.

ақынның қоштасу сөздері, өсиеттері мәнсіз емес. Елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салихалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді.

Әрбір адамға үлгі боларлық нақылдар тізбектеліп, өзінің өмір тәжірибесін жинақтайды. Тойымсыздыққа, опасыздыққа қарсы күресуге, қанағат, рақым сияқты адал жан айналысар істерге меңзейді.

Ақын адамның мінезіне ерекше көңіл бөледі, жақсы адам өз мінезіне қарауыл қойып, жауап беріп отыру керек дейді. Бұл мәселеде кейде ол Абайдың "мінезді түзелмейді дегеннің тілін кесер едім" дегеніне қосылмайтын сияқты.

Адам санаулы өмір жолын есепсіз, мәнсіз өткізіп алмай, нәтижелі, нәрлі, пайдалы өткізуі абзал. Керексіз, өнімсіз іспен шұғылданбай, еліне, халқына, өзіне, жақын-жуығына керекті тиімді әрекеттер істей білуге дағдыланғаны жөн деп термелейді.

Жамандық пен жақсылық, адамдық пен арамдық арасын ажырата білуге, достық пен қастық, шындық пен жалғанды айырып, бірін жақтап, екіншісіне қарсы тұруға шақырады.

Талапты жас, ең алдымен оқуға әуес болуы керек. Өнер, білім тек оқумен келеді. Тәлім-тәрбие алған жас ойлы, өнерлі боп өседі. Арамдыққа, зұлымдыққа бармайды. Олар құдай жолына да, адам үшін де аянбай еңбек етуге тиіс. Дүние, өмір қызығына алданбай, қиындыққа төзіп, ізденуді қолдайды.

Жылы үй, сәнді киім, мұқтажсыз өмір жастарды бейқам өсіреді. Асылы, болам деген жас еңбекке, өнерге әуестеніп, аң аулап, құс салып, кәсіппен айналысуы керек.

Шындығында да ақын туындылары әсерлі, мәңгі жасарлық мәнді. Көп жылдар өтсе де жырау сөздері өзінің құнын жоймай, халық мақсатына қызмет етіп келеді. Әсіресе, адамгершілік ақыл, өнегелі өсиет сөздері, шебер де шешен тұжырымдары құнды. Басына қайғылы, ауыр күн туған азамат, ел-жұрт Шортанбай толғауларынан өз ойына үндес сөз табады. Оның өлең жолдарын жиі қайталайды. Күйзелген жанына жай тауып, көкірегін кергеген қасіреттерді жеңілдетіп, рухани күш табады. Шортанбай сөздерін тек қасіретті адамдар үшін пайдалы туынды деп біржақты түсінікке жетелеуден аулақпыз. Керісінше, оның шығармалары – алуан салалы, өміршең, адамның бойына жігер, қуат құярлық оптимизмге де толы, оқушысын өз ырқына бірден көндіріп, ілестіріп кетерлік логикасы мықты туындылар. Сондықтан да әрбір дәуір ол туралы әр түрлі пікірлер айтып, кейде айтыстар туғызып келеді.

Шортанбай туралы осы соңғы жылдарға дейін етек алып келген кереғар пікірлердің орын алу негізі де оның талғамының күрделілігі, күштілігі демекпіз. Шортанбай – бір топтың не бір таптың ақыны емес. Ол жалпыға ортақ өз елінің, халқының жырауы. Сонысымен де құнды.

Шортанбай шығармаларын бастан-аяқ дидактикалық сарында келеді деуге болмайды. Ірі талант иесі, ұлы жырауға тән ақынның өзіндік көркемдік стилі қалыптасқан. Ақын айтар ойын жай баяндай сала бермейді.

Әр тұста ақылға бай, ойлы сөздер ұшқыр да өткір тілмен өрнектеліп, көркем бейнеленіп, өрелі туынды боп шығады. Ақындық шалқар шабыт пен төгілген сөз нөсерлері қазіргі оқушыларына да әсер естіледі.

Ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды мен Жезқазған облыстарына қарасты Шет ауданы жерінде қайтыс болды. Ол - өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен. Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді. Қалықтаған сұңқар ем, Қанатым сынды ұша алмай, Қиындап қуға түсе алмай, - деген ақынның өз сөзіне назар салайықшы. Асылы, "қияға қанат қағар сұңқар едім" - деп бекерге айтпайды.

Шортанбай толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы “Келер заман сипаты” атты шығармасы. Онда халқының болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді. Шортанбай сонымен қатар айтыс ақыны ретінде Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сайысқа түскен. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өне бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығын, тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, алдын орап кететін сезімталдығын танытады. Шортанбай өз шығармаларында заманның кескін-келбетін дәл басып, нақты көрінісін жасаған шыншыл ақын ретінде танылды да, өзінің болмыс-бітіміндегі көріпкелдік қасиетінің арқасында бұлыңғыр болашақты айна қатесіз болжай білген әулиелік қасиетімен ерекшеленді, өлеңдерінің ою-өрнегін қиюластыра білген, мазмұн мен маңызды ұштастыра білген шебер ақын болды. Шортанбай мұраларын алғаш зерттеушілердің бірі М.Әуезов Шортанбаймен қатарлас өмір сүрген ақындар шығарм-н тұтастай алғанда Шортанбай мұрасына сай “Зар заман ақындары” деп саралады. Шортанбай мұраларын зерттеу ісінде С.Мұқанов, І.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Нұртазин, М.Мағауин, С.Қирабаев, Ы.Дүйсенбаев, Ғ.Мұсабаевтар көп еңбек сіңірді.

Дәрісті бекіту сұрақтары:


  1. Шортанбай Қанайұлы туған жерінен қоныс аудару себебі.

  2. Отарлау саясаты кезіндегі өлеңдері

  3. Адамгершілік тақырыбындағы толғаулары

Әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер: 5, 7, 11. Қосымша әдебиеттер: 4, 6, 7.

Тапсырма:Шортанбай қай ағымның ақыны?Дәлелдеңіз М.О.Әуезов пікірі

2.Шортанбай кімдермен айтысқан жауап жазыңыз

ДӘРІС 6. СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәріс мақсаты: Ақын Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұмат ала отырып, толғауларының тәрбиелік мәнін, әлеуметтік маңызын ашу.

Жоспар:

1. Сүйінбайдың өмір жолы, мұрасының жариялануы мен зерттелуі,.

2. Толғауларының тақырыптық – идеялық мазмұны.

3. Ел тарихы, ел қорғаған батырлар туралы толғаныстары.

4. Жақсы мен жаман адамның қасиеттері туралы өлеңі.

5. Кәрілік, жастық туралы өлеңдері.

6. Сүйінбайдың айтыстары.

Тірек сөздер: Айтыскер, ақын, шешен.

«Жетісу ақындарының алтын діңгегі».
М.Әуезов

ХIХ ғасырда Жетісу өлкесінің тарихында өзіндік өшпес із қалдырған белгілі қоғам қайраткері және өз елінің, жерінің қамын ойлаған ірі тұлғаның бірі – Сүйінбай Аронұлы. Өз заманында Сүйінбай Жетісу жұртына дарынды ақын, жыршы ретінде ғана белгілі болып қоймады, сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын және заң жоралғыларын жетік білетін қуатты би ретінде де танылды. Сүйінбай ауыл биі қызметіне 1871 жылдың қаңтар айында сайланып, содан 1895 жылғы жаңа сайлауға дейін сеніп тапсырылған осы лауазымды мүлтіксіз атқарып, жиырма үш жылға жуық ауыл биі болды. Бұл келтірілген мәліметтің нақтылығы мұрағат құжаттары арқылы анықталып отыр.


Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Қарақастек деген жерде (қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында) дүниеге келген. Оның әкесі Арон жастайынан өткірлігімен, мәмлегер шешендігімен ел аузына іліккен. Атасы Құсеп Жиенқұлұлы жауынгер ақын, жыршы, күйші, қобызшы болған екен. Сондай-ақ, әкесі Аронның бауырлары Жаңбыршы мен Жаманақ та қазақ арасына жыршы, қобызшы, күйшілігімен белгілі болған. Атадан балаға жалғасқан ақындық, шешендік өнер Сүйінбайға дарыған. Аронның Жаманшал, Жұмық, Сүйінбай, Оспан және Қосуақ атты ұлдары болған. Осы ұлдарының ішінде аты шығып, танымал болғаны Сүйінбай еді.
Сүйінбай Аронұлы жөнінде «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» мынандай мәліметтер келтіріледі: «Тарихи деректерде Қоқан хандығы шапқыншылығының әсерінен жан-жаққа бытырай көшіп, қиын-қыстау күндерде (1840-1860) іргесі ыдыраған қазақ руларының басын біріктіруде Сүйінбай мен Сарыбай бидің ықпалы зор болғандығы айтылады. Осы тұста ақын халықты қоқандықтарға қарсы тұрып, тәуелсіздік үшін күресуге шақырды. Өтеген батыр, Саурық батыр, Сұраншы батыр, Жабай батыр, Қарасай батыр сияқты толғаулар шығарды. Аумалы-төкпелі қоғамда өмір сүргендіктен Сүйінбай сал-серіліктен гөрі қоғамдық-әлеуметтік істерге белсене араласқан. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрған «Алатау округі және Үлкен орда қазақтарының бастығы» атты нөмірі 3-ші қорда алғаш рет Сүйінбай Аронұлының есімі 1860 жылы кездеседі. Ол құжатта Сүйінбайдың есімі Сарыбайдың атымен бірге аталады. Соған қарағанда әуелден Сүйінбай Сарыбайдың жақын серігі әрі айнымас досы болған. Сүйінбай Аронұлы патша өкіметінің Жетісу өлкесіндегі Қоқан хандығына жасаған әскери жорықтарына белсене қатыспаса да, өңірдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді.
Жетісу жұртына ақын және би ретінде аса танымал болған Сүйінбай Аронұлы 1898 жылы Қарақыстақ деген жерде 83 жасқа келген шағында дүниеден өтеді. Сүйінбай бидің сүйегі Қарақыстақ өзенінің шығыс жағындағы биік жотаға қойылған, қабіріне кесене тұрғызылған. Алматы облыстық филармониясы, сондай-ақ, Алматы шаhарындағы үлкен даңғыл, ондағы мектеп, көшелер Сүйінбай есімімен аталады. Туған жері Қарақастекте Сүйінбай бидің мемориалдық мұражайы жұмыс істейді.
2010 жылдың қараша айында Талдықорған қаласының «Жастар» спорт ғимаратының алдында жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының ескерткіші ашылған болатын.

Сүйінбай поэзиясы терең философиясымен, ой сұлулығымен, ақын тіліндегі соны поэтикалық өрнек-айшықтарымен ерекшеленді. М.Әуезов Сүйінбайды “айтыс өнерінің алтын діңгегі” атаған. Қазақ халқы әділет үшін күресте қорғаушысы, жақтасы болған ақиық ақынның өлең, толғау, айтыстарын күні бүгінге дейін сақтап, “Сүйінбай осылай деген” деп әрдайым зерделерінде тұтқан. Сүйінбайдыңайтыстары мен өлең-толғауларынжинау, жариялау ісі 20 ғасырдың бас кезіндеқолғаалынабастады. 1920 жылы Түркістан АКСР- і халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған қырғыз (қазақ) ғылым комиссиясы ауыз әдебиет іүлгілерін жинау мақсатында Сырдария, Жетісу облыстарына экспедиция ұйымдастырып, этнограф ғалым Ә.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алған.

1929 жылы алғаш рет “Жаңа әдебиет” журналында (ғ6) ақынның “Апырмау, мынау жатқан Сарыбай ма?” деген өлеңі басылды. Ақын шығармалары әр кезеңде жарық көрген хрестоматия оқулықтарға енгізіліп, ел ішінде насихатталды. С.Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинаққа “Шапырашты Сүйінбай ақынның қартайған шағында айтқаны” деген өлеңі енген. 1935 жылы Қ.Жансүгіров пен Ф.Ғабитованың құрастыруымен ақынның бір топ шығармасы “Сүйінбай ақын” деген атпен тұңғыш рет жеке жинақ болып жарық көрді. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин 1939, 1940 және 1944 жылы орта мектептің 8-сыныбына арналған хрестоматиясына Сүйінбайдың бірнеше өлеңін енгізген (“Сүйінбай мен Тезек төре”, “Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына көңіл айтқаны”, “Кәрілік туралы”).

Қазақстан ҒА құрылғаннан кейін (1946) Сүйінбай ақын мұрасын жинап, жариялаумен айналысқан ғалымдарДиваев, С.Бегалин, С.Жақыпбаев, қырғыз фольклористері Ш.Умктәлиев пен Э. Мұқанбетовтардың еңбектерін айрықша атауға болады. Сондай-ақ Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының әдеби қорында сақтаулы. “Ақын жырлары”, “17 – 19 ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары”, “Үш ғасыр жырлайды” атты жинақтарда Сүйінбай шығарм-на кеңінен орын берілген, “Айтыс” жинағының 1-томында “Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы” жарияланған.

Сүйінбай ақынның “Ақиық” атты жинағына таңдаулы шығармаларымен қатар, тыңнан қосылған көптеген өлең-толғаулары, айтыстары енген, шығармалары жүйеге келтіріліп, тақырыптарға бөлінген, кітапқа көлемді ғылыми алғысөз жазылып, соңынан түсіндірме сөздік берілген. Мәскеуде“Әлем әдебиетінің кітапханасы” сериясымен жарыққа шыққан 200 томдық жинақтың 102-томында Сүйінбайдың “Кәрілік” атты өлеңі жарияланған. Бұл ақын шығармаларының дүниежүзілік сөз өнеріне қосылған асыл мұра, аса құнды әдеби ескерткіш екендігін танытады. Сүйінбайдың Малыбай, Жетібай, Әзірбай атты ұлдары, Бағжан, Қойжан деген қыздары болған. Ақынның сүйегі Қарақыстақ өзінің шығыс жағындағы биік жотаға қойылған, қабіріне кесене тұрғызылған. Алматы облысы филармониясы, сондай-ақ Алматы қаласындағы үлкен даңғыл, туған ауылы, ондағы мектеп, көшелер Сүйінбай есімімен аталады. Туған жерінде Сүйінбайдың мемориалдық мұражайы жұмыс істейді.


: ebook -> umkd
umkd -> Оқу-әдістемелік материал Кіші мектеп жасындағы тіл дамыту әдістемесі
umkd -> 5В 050121- Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған
umkd -> «Тілді жоғары мектепте оқыту әдістемесі»
umkd -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> ОҚУ-Әдістемелік кешені (Барлық мамандықтарға арналған)
umkd -> Тарих кафедрасы
umkd -> «Азия және Африка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы»
umkd -> Ағылшын тілі пәні бойынша 1-курс студенттеріне арналған
umkd -> ПӘннің электрондық ОҚУ-Әдістемелік кешені


1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет