А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз



жүктеу 71.23 Kb.
Дата19.06.2016
өлшемі71.23 Kb.
А.Б. Салқынбай
ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы

Алматы, Қазақстан
Сәкен өлеңіндегі сырбаз «сыр»
Абстракт. Мақалада Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңінің мәндік ерекшелігі мен бүтіндік келбеті талданады. Өлеңді мәтін ретінде талдай отырып, «семантикалық кеңістік» арқылы мәтіннің мазмұндық ерекшелігі мен ішкі мәні анықталады. «Мәтіннің семантикалық кеңістігі» көркем шығарманың өзі мен тілдік бірліктер арқылы таңбаланатын автордың айтар тілегі (интенциясы), мақсаты және оқырманның өзінше қабылдауы, түсінуі, талдауы арқылы зерделенеді.
Өлеңі сырлы, өмірі шерлі, өзі сырбаз да сан қырлы, Сарыарқаның төсінде еркін өссе де еркелей алмай, замана салған зарға мойымай, мойындамай, Ақындықты арға балап, өлеңді өміріне серік етіп, Кеңестің «керісінде» арманда кеткен қазақтың арыс ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллин еді. Сәкен шығармашылығы туралы аз жазылды ма, көп жазылды ма, оны зерттеушілер айта жатар, менің білерім, Сәкен өлеңдерінің тілі мен лингвопоэтикалық бүтіндігі туралы бүгінгі қазақ тіл білімінде айтылар сөз алда…

Өлеңдегі бүтіндік.

Өлең атты патша сөздің бойында жинақталған «бүтіндікті» санадағы сарабдал ойдың жемісі ретіне бағалап, оны таным бүтіндігі, ой бүтіндігі деп танысақ, тегінде сол мақұл болмаққа керек. Сәкен шығармашылығы, жалпы алғанда, білгісі келген жанға заманының бүтін бір картинасын көз алдына әкелетіндігінде сөз жоқ. Өйткені ақын сөзінде бүтіндік бар, ал ол бүтіндік шындықтың ауылында құрылған. Ақын өз ойына адал, сезіміне сенімді, сөзіне берік. Мұны да сол өлеңдердің ішкі мазмұны мен біз қабылдаған ішкі мәні сыр етіп ашады.

Мәтін және оның құрылымдық-семантикалық бүтіндігі, ауқымды мазмұн мен мол ақпарат беруі терең зерделеуді қажет етеді. Әлемдік тіл білімінде бұл тақырып кеңінен зерттелу үстіндегі өзекті ғылыми мәселелердің бірі. Мәтін теориясында «семантикалық кеңістік» терім сөзі мәтіннің мазмұндық ерекшелігі мен ішкі мәнін анықтауда қолданылады. «Мәтіннің семантикалық кеңістігі» көркем шығарманың өзі мен тілдік бірліктер арқылы таңбаланатын автордың айтар тілегі (интенциясы), мақсаты және оқырманның өзінше қабылдауы, түсінуі, талдауы арқылы анықталады. Сондықтан семантикалық кеңістік автордың өз көзқарасы мен дүниетанымын, оқырманның оны қабылдаудағы ерекшелігін қамтиды да, өзіндік ділді (ментальдықты) танытады. Мәтін мазмұнын жүйелі зерделеу үшін, оның семантикалық кеңістігін барлаудың мәні ерекше, өйткені, көркем мәтіннің мазмұны ауқымды, ашық, кейде нақты деректермен, нақты мағынамен эмплицитті мән таңбаланса, кейде ауыспалы мағынамен, астарлы сипатталып, имплицитті мән таңбаланады.

Мәтін бүтіндігі - ой бүтіндігіне толықтай тәуелді. Ой, әрине, субъективті, ол әлі сөзбен таңбаланбай тұрғанда, тек ой иесінің өзіне ғана аян. Мәтіннің құрылымдық бүтіндігі – мәндік және коммуникативтік бүтіндіктің сыртқы көрінісі. Ал мәтіннің мәндік бүтіндігі тақырыппен, жалпы мазмұнмен, мазмұн арқылы берілетін негізгі идеямен байланысты анықталады. Мәтін бүтіндігі «даралық» ұғымымен тығыз қарым-қатынаста, байланыста болып, өзара сабақтасып жатады. «Даралық» – бөлінбеу ұғымына қарама-қарсы қойылады. «Даралық» негізінен жалпы материяның қасиеті ретінде жаратылыстану ғылымдарында жиі қолданылатын терімсөз. Әсіресе, биология, математика сынды ғылым салаларында кең мағынада жұмсалады. «Даралық» терім сөзі жалпы тіл білімінде контекстегі тіл бірлігін ерекше бөліп көрсетуде дәстүрлі түрде қолданылып келеді. Ф. де Соссюр таңбаның негізгі қасиеттерінің бірі белгіленушінің сызықтық сипаты деп есептейді. Осы жолды басты негіз ретінде қабылдаған кейінгі ғалымдар ойдың таңбасы ретінде бағаланатын Сөздің бір-біріне қарама-қарсы қойылатын екі жағы бар деп есептейді – даралық сипаты және бүтіндік сипаты.

Сөздің даралық мәні тілдік семантикада ерекше көрініс табады және өзінің бүкіл мән-мағынасымен контексте ашыла түседі. Таңбаның мағыналық сипаты гауһар тастай жарқырай көрінетін, даралық семаға ие болатын жері – мәтіндегі не лебіздегі контексте немесе сөйлем ішінде ғой. Жеке тұлғаның (ақынның не жазушының) әлем бейнесін өзіндік тану үлгісін айшықтап, ерекше дүниетанымдық сырын ашатын, жариялайтын, өзге тұлғалармен байланыста келіп, әртүрлі мәнде жарқырай көрінетін тұсы – мәтіндегі сөздің жекелік мәні.

Сәкен өлеңдерінің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде – көркемдік бүтіндікті атар едік. Бұл өлеңнің кәдімгі басталуы мен аяқталуы емес, ойдың тиянақтылығы мен мәннің толықтығы. Өлеңдегі бүтіндік тақырыптың, айтар ойдың, оған ақынның өз көзқарасының бірлігі, сабақтастығы, ұштастығы арқылы көрінеді. Ақын шығармашылығындағы осындай бүтіндік пен даралық сіңген классикалық өлеңінің бірі - «Сыр сандық».

Өлеңнің оқушыны тартып әкететін «сиқыры» бар. Бұл сиқыр бастапқы жолдарда берілетін сюжетпен де байланысты. Күнделікті көзімізбен көріп жүрген, бірақ байқай қоймайтын, бағаламайтын, елемейтін үйреншікті жағдаятты сюжет түрінде беру арқылы ақын оқырманын елең еткізеді. «Апырай-ә, шынымен солай өзі» деп жем шашып жүргенде жаныңа үймелей қалатын тауықтарды есіңе аласың, көз алдыңа келтіресің де, өлеңді бір деммен оқып шығасың. Ал ақын айтар ойы тереңде:



Досыңмын деп ант береді,
Жем іздеген жанама.
Жем таусылса жалт береді,
Сенерлік дос, санама
.

... бұл бәлкім тіршілікте көзі жеткен көп сырының бір болар, кім білсін, тілдік тұлғаның айтары бар, оқушы қызыға түсіп тамсана оқи түседі. Келтірілген төрт жол, төрт сөйлем предикаттарына назар салып көрелік. Сөз мағынасы мен мәні терең, ұйқасы ұтқыр. Сөйлем баяндауыштары ұйқас үшін алынбай, ішкі ой бүтіндігін жеткізуге қызмет етіп тұр. «Ант беру», «жалт беру» - күрделі етістіктердің жасалу сипатында ортақтық бар болғанымен, мағыналық құрылымы бір-біріне оппозиция құрайды. Бұл оппозициялық қатынас халықтық сөйлеу тілінде қалыптасқан терістеу емес, Сәкен қолтаңбасы негізінде жасалған контекстік оппозиция. «Ант беру», «жалт беру» сөздерінің терең мағыналық құрылымына мән беріп, бағалап, бағамдап байқасақ, ақынның сөз қолданысындағы шеберлікке көз жеткізгендей болар едік. «Ант беру» - қазақ дүниетанымындағы киелі ұғымдардың қатарында, оған сенесің, көңіліңді сендіресің. Ал «жалт беру» - еш ойланбастан, бірден теріс бұрылып кету мағынасын белгілейді. Екі тіркесті предикаттық қатынаста қолдану арқылы ақынның ойы нақты да анық көрінеді. Өйткені қазақ сөйлемінде предикат (немесе баяндауыш) сөйлемді аяқтайды, тиянақтайды. Демек, Сәкен өз ойында өз сөзіне сенімді, көзбен көргені, көңілімен тоқығаны. Ал екінші ұйқасты құрап тұрған «жанама», «санама» сөздерінің тек сыртқы тұлғасында ұқсастық бар, құрылымы бөлек, мағынасы ерекше. Мұнда «жанама» сөзі субъектілік мәнді таңбаласа, «санама» тағы да негізгі ойды тиянақтай түсіп предикаттық қызмет атқарады. Демек, сөйлемдегі ойдың жүйесін анықтап, айқындайтын да, ойдың мазмұнын тиянақтайтын да осы сөз арқылы берілген Мән.



Ия,

Әр адамның ішкі сыры,
Берік қойма сақталған.

Бірақ адам баласы сол берік қойманы, берік қойманың бір түкпірінінде жатқан сырын «ант беріскен» досына ақтарғысы, айтқысы келер, жанына жақын жанмен бөліскісі келер. Өйткені адам жанына тыныс керек, демалыс керек. Ән керек. Сондай ант беріскен, сеніскен досына неге сыр айтпасқа? Ол кез келген таныс-біліс емес қой:



Сол қойманың бір түкпірін,
Достың досы-ақ ақтарған.

«Достың досы» тіркесінің мәнін формальды грамматика анықтайтын мағынамен түсіндіріп бере алмаймыз. Қазақ лебізіндегі қолданыстың мағынасы мен мәні сәл бөлектеу ғой. «Достың досы» достың досы емес, достардың ішіндегі ең жақыны, ең, ең сенімдісі. Ақын сырын көп достарға айтпаған екен, «сыр қойманың» түкпіріне дейін жетіп ақтара алған, ақтарыла сенген, сол сенімді антпен бекіткен досына айтқан екен деп сыр түйеміз. Өлеңді оқып келе жатып, осы жерден сәл тоқтап, бір дем алып, ақын өкінішін түйсінгендей болғанымызбен, айтылған ақылды қазір тыңдап жүрміз бе деп бір сәт мұңға батар оқушымыз. Ия, тауық мінезді жандар айналамызда қаптап жүр-дағы.

Ақын ішкі сырын мысал етіп, табиғаттың ішкі болмысынан жауап іздейді. Табады. Өзі туып-өскен қасиетті Сарыарқа жеріндегі сымбатты бір тауға барып, сырын іздеді. Табиғат ана үйретеді, баурайды, тыңдайды, тыңдатады... сырын табады.

Таудағы құзды шаттар, қалың ну орман, сарқыраған мұз бұлақтар – бәрі-бәрінің бір ішкі сыры бар. Ол сырды білгің келсе қадірін біл, қасиетін ұқ, көкірек көзіңді аш. Сөйт те, қайта бар, қайта қара, құлағыңды сал. Бәлкім, сырды естисің, бәлкім ести алмайсың. Әркім әртүрлі тыңдады, қабылдайды, бағалайды.

Ия, өлең сыры тереңде, тереңде.

Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сыр пернені басып қара,


Басып қара, жырласын.

Сыр пернесін тауып баса алсаң, шың да сыры айтар, құз да ағынан жарылар.

Өлеңдегі ой арқауы оңай ұстатпақ емес, өйткені ой желісі адам жанының күрделі иірімінде жататын, ішкі түкпірінде тығылып, досқа ғана ашылар «сырмен» байланысты ғой. Сөз басындағы шағын сюжет желісі бірден ақтарылып, жауабын қолыңа ұстата қоймады. Таудағы биіктік пен асқақтық, шың менен құздың сыры сияқты, ақын сыры ұққан жанға айтылды. Тұжырым жасау оқушының өз патша көңіліне байланысты.

Өлең соңы:



Шыққанбыз дос, шыңға талай,
Талай сырды ойланып,
Ақтарарлық алтын сарай,
Алтын сарай қойманы.

Өлеңде ақын өз қорытындысын жасады. Алтын сарайда сақталған сырлар ақтарыла айтылыпты. Сыр сақталды ма? Жем таусылғанда жалт етіп, «бөтенге» айналды ма?

Тақырыптық бүтіндік «сыр» сөзінің қайталанып берілуі арқылы нақтыланады. Әрі «сыр» сөзі негізгі кілт сөз ретінде алынып, өлеңнің өн бойына ерекше бояу беріп, бүтіндік қалыпты сақтаушы қалыпқа айналады. Мәтіннің мәндік бүтіндігін қамтамасыз етіп, өзге сөздермен байланыса отырып, негізгі тақырыпты жан-жақты ашуда маңызды рөл атқарады. Ақын сөзіне дерек ретінде еніп отырған таудағы көріністің сыры мәннің терең астарын айқындап, адам жанының рухани көрінісімен сабақтаса беріледі де, оқырман сырды сақтау мен сақтамаудың нақты бақылаушысына айналады.

Тау, құз, шың – cюжеттік фон құрап, адам жанының иірімін аша түседі де, табиғи болмыс ретінде асқақтай, биіктей бастайды. Мәтіннің терең мәні «сырдың» сырын бірде бүгіп, бірде аша түсіп, оқушының ойлануын, өзінше бағалауын, бағамдауын, таразыға салуын талап етеді. «Сыр» кілт сөзі доминантты таңбалаушыға айналып, мәтіннің маңызды әрі дара МӘНІН анықтайды. А. Блоктың «Всякое стихотворение – покрывало, растянутое на остриях нескольких слов. Эти слова светятся как звезды. Из-за них существует стихотворение» деген сөзі есімізге түседі. Өлең мәтінінде жұлдызша жарқыраған жалғыз сөз бар. Ол - «СЫР». Айтылған ой да, түсінілген мән де - осы сөздің айналасында тоғысады. «СЫР» өлеңнің мәндік лейтмотивіне айналған. Сондықтан тақырып «сырмен» байланысты, мазмұн «сырмен» сәйкес, ой «сырмен» беріледі, тұжырым «сырмен» өрнектеледі. Кілт сөз мәтіннің маңызды семантикалық бөлігі ретінде орталық жүйеде сақталып, көркем сөздің көрігін қыздырады, сөйтіп эстетикалық талғам мен таным қалыптастырудың басты желісіне айналады.





©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет