Аға оқытушы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ



жүктеу 152.75 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі152.75 Kb.
УДК 82-31

Қанипаш МӘДІБАЙ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор;

Шоқан ШОРТАНБАЕВ,

аға оқытушы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
E-mail: shokhan69@mail.ru
«ҚАН МЕН ТЕР» – АДАМ ТАҒДЫРЫ, КӨРКЕМДІК ЖАҢА ӨРІС
Қазіргі заман қазақ әдебиетінің кесек туындыларының авторы, көрнекті қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы туралы айту оңай емес.

Жазушының адам тағдырын алапат төңкеріс, сұрапыл оқиғалармен астастырған осы бір үздік шығармасы туралы кезінде Одақ көлемінде де, қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынында да талай көркемдік-теориялық тұжырымдар жасалды. 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған «Қан мен тердің» көркемдік көкжиегі кең.

«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын шығарма қазақ дейтін халықтың тарихи бір дәуірдегі өмір кезеңін қамтиды.

Жазушы жекелеген адам тағдырлары арқылы тұтас бір халықтың тарихи тағдырын суреттеді. Берекесі кеткен ел тұрмысының тұтас суреті қамтылған трилогияда қиюы қашқан тірліктен жоғын іздеп, жоғалтқанын табам деп тас басып, теңіз кешіп жүрген тағдырлар бар.

«Қан мен тер» қалай бара жатыр» деген мақаласында Зейнолла Серікқалиев 1965 жылы роман жанрының биік көркемдік талаптары мен болашақ тағдыры тұрғысынан ой толғап отырып былай дейді: «XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың бірінші жартысы Англия мен Францияда мәдениет тарихына роман дәуірі боп енді. Көкірегінде қызуы бар жүректің күллі ықылас-ыждаһаты талант ұлылығына табынды. XIX ғасырдың екінші жартысы орыс романымен дүниені дүр сілкінтті. Мұның бір ғана сыры болды. Роман адам туралы жыр шертті, жай жыр емес, кейіпкер құдіреті көрінген ерлік, өрлік жыры, кең тынысты жыр: Адам тағдыры, заман шындығы, дәуірлік ғаламат құбылыстар!..

...Тамыр тебер тереңі сонау фольклордан – ауыз әдебиетінен басталатын, «Қалың мал», «Қамар сұлу» тәріздес жеке үлгілері болғанымен, шын мәніндегі қазақ романы соңғы жарты ғасырға жуық уақыт ішінде жаңа заман шапағатындай көкжиектен жамырай көтерілді де, әлемдік әдебиеттің қасиетті қырқасында құт-береке қоныс тепті: «Абай жолы», «Тар жол, тайғақ кешу», «Азамат Азаматыч», «Ботагөз», «Оянған өлке», «Ақ Жайық», «Көп жыл өткен соң», «Дауылдан кейін», «Қан мен тер», «Қаһарлы күндер», «Толқында туғандар», «Асау арна», «Теміртау», «Қайран шешем», «Болашаққа жол», «Ақын арманы», т.б.» [1, 46]

Зейнолла Серікқалиев қазақ әдебиетінде белгілі бір кезеңде өріс алған роман жанрының дамуында «Қан мен тердің де» елеулі орны барын романдағы уақыт шындығы, адам тағдырлары аясында көркемдік шеберлік алымдарын атап отырып аша түседі. Жазушының характер жасау, баяндау, суреттеу тәсілдеріндегі жетістік, кемшілікті шендестіре ой қорытуында автор қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қиын жанрдағы суреткерлі қарымын көрсетумен бірге, қазақ романистикасының да беталыс-бағдарын, көркемдік табысын айқындайды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы орталық тұлға – Еламан. Еламанның өмір соқпақтары, өміртанымдағы өсу жолын көркемдік шешімде көрсетуі – қаламгер Нұрпейісовтің характер сомдау, характер ашудағы елеулі табысы.

Характер эволюциясын жазушы шынайы өмірлік негізде ашқан. Еламанның өсуі – іштей түлеу. Дүниені ой көзімен шолып, айнала қызу өмірдің ащы-тұщысына көне жүріп жетілу Еламанға тән.

Шығарма басталғанда қазандық балық үшін ызғарлы күнде мұз үстіне шығып жүрген балықшылардың ішінен Еламанды кездестіреміз. Екіқабат әйеліне жас сорпа ішкізгеніне көңілі тоқ балықшы жігіттің әзірге мұңы мен қамы – сол Ақбала жайы. Ә дегеннен оқушыға ұнай бастауы да Еламанның осы Ақбалаға деген аяулы сезімінде жатады. Жазушы баяндау арасында сыздықтатып кейіпкердің өмірдерегінен де құлаққағыс еткен.

«Еламан күні бойы мұз үстінде жалғыз болды. Басқа балықшыларды байқаған да, көрген де жоқ. Төбесінде көк аспан, табаны астында көк теңіз. Жабырқау ойды жанына серік қып күндегі әдетінше күйбептеп ау қарап жүр. Теңіз үстінде ғана емес, өмірде де жалғыз екенін ойлады. Бір кіндіктен жалғыз. Әке-шешесінен ерте айырылды. Әкесімен бірге туған Есбол деген ағасы бар, бірақ бұл арадан бір күншілік жерде тұратын баласыз, жалғыз жетім шалдан қайыр жоқ. Ендігі жанашырдан жалғыз немере інісі Рай... бірақ оның жас екенін ойлады, өзі сияқты о пақыр да әке-шешесінен жастай жетім қалды. Қарт әжесі екеуі өз алдына қос болып түтін түтетіп отыр» [2, 8].

Еламанның көркем тұлғасы, оның қазақ әдебиетіндегі мәні жайлы белгілі әдебиет сыншысы Шериаздан Елеукенов былай дейді:

«Соңғы жылдардың жемістері, әсіресе Ә.Нұрпейісовтің шоқтығы биік көрінетін «Қан мен тер» социалистік реализмнің шындық дүниені көркем танудағы шексіз мүмкіншіліктерін тағы да растап берді. Ә.Нұрпейісов халық өкілдерінің санасына революция шындығының сіңу тарихын суреттейтін көркем бейнелеу құралдарын тапты, адам жанының драмасын беру арқылы революциялық төңкеріс кезінде халық санасының өсу, өзгеру процесін, жаңа өмірдің толғақтарын айнытпай көрсететін реалистік қуатты картинкалар жасады.

Еламанның тар жол, тайғақ кешулері Горькийдің «Ана» романындағы Пелагея Нилованың миы қатқан мылқау қалыптан келе жатқан жаңа өмір тегеурінінің әсерімен әлеуметтік белсенді күшке, саналы революционерге айналған жолының қиындығынан бірде-бір кем емес» [3, 38].

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терді» жазу машығы туралы әдеби сында елеулі пікірлер айтылып жатты. Ә.Нұрпейісовтің жазудағы мақсаты туралы өз айтқандарының мәні бөлек. Ол өзінің оқиға қуу емес, ата-бабаның мінез-болмысы мен тағдырын көркемдік шешімге тартуды көздейтінін атады. Сырт оқиға, сырт әрекет жазушы кейіпкерінің мінез-кескінін, ішкі әлемін көтеріп көрсетуге қызмет етеді.

Қатпар-қатпар тіршілік белестерінен өткен Еламанды қазақ әдебиетіндегі кесек тұлға қатарына қосуда қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов, ең әуелі, кейіпкердің жай күйін көп күйттейді.

«Қан мен тер» трилогиясының авторы әлеуметтік өмірдің дауылды, бұрқасынды шытырманына байланысты қараңғы, жасып сынған адамның жан құбылысын қадағалауды мақсат еткен. Бұл романның ағымына белгілі мөлшерде баяу сарын, кейде қысталаңдық мінез енгізеді. Ол жағдай патриархалдық, феодалдық және отаршылдық қанау талай ғасыр бойы уақытты, дәуірді, қоғам дамуын мешеулетіп, тежеп келген Қазақстанның сол жылдардың шындығына әбден сәйкес келеді» [3, 280].

Осында Ш.Елеукенов жазушы Ә. Нұрпейісовтің жазу сырына мейлінше объективті әрі таза көркемдік санадағы ой-пікір айтады. Характер дамыту мәселесіне байланысты сыншы З.Серікқалиев «Қан мен тердің» екінші кітабы «Сергелдеңдегі» Еламан образына қатысты кезінде кесек пікір білдіре отырып, Еламанда әрекет деген аз деген өзіндік ойын айтқан болатын.

Ш. Елеукенов бұл мәселеге шығарма тұтас жазылып болғанда кең толғап тоқталады. Осында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кейіпкер сомдау сыры мейлінше шынайы жинақталып көрсетіледі.

«...Алайда үшінші кітап «Күйреу» ағысы не дегенмен, далада көтерілген революция дауылының тегеуріні мен шапшаң ырқына «бағынғанын» байқайсыз. Кейіпкерлер құлшына түсіп, оқиғалар шиыршық ата бастайды. Солай бола тұрса да автор баяғы тандап алған ауанынан танбайды, кейіпкерлер анализі аяғына дейін дұрыс сақталады. Әрине, мұндай анализ белгілі бір «кеңістік» тілейді де, шығарманың оқиғалық жағын тұтыңқырап қалып отыратын жәйті бар. Оның үстіне Ә.Нұрпейісов өткен дәуірдегі ата-бабаның характерін жасауды мақсат етіп отырғанын ұмытпасақ керек.

... Характерді бірден әсірелеп жіберу жағына келгенде Ә.Нұрпейісов барынша сақ» [3, 281 ].

Еламанды өмір алай да, былай да қақты. Роман басталғандағы жарына жанын беруге даяр жаны таза бейтаныс Еламан трилогия аяқталғанда жазушы іштен алып отырып ашқан кесек тұлғаға айналады.

Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терде» тарихи роман жанрын өрістетудің үстіне қазақ романшылдығындағы психологиялық роман жанрының туып, дамуына елеулі ықпал жасады. Психологизм, кейіпкердің жан әлеміне психологиялық барлау – жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларының көркемдік діңгегі.

«Қан мен терде» жазушы адамның нақты жағдайдағы көңіл-күй иірімдерін түрлі ракурста – бірде жегідей жеген ой құшағында, енді бірде сан-саққа тартқан көңіл екпінінде ашады. Сыртқы факторлардың ықпалын жазушы кейіпкердің жүрегінен өткізіп барып қана ашады.

Адам баласы өмірдің өтпелі өткелдерін кешіп жүріп не мүжіліп, таусылады, не қатайып, қанаттанады. Адасып, айналып келіп өзін-өзі табады. Ә.Нұрпейісов осы бір өмір заңдылығын форма қуып, идея қуып аттап өтуге қаламгерлік жаратылыспен қарсы екендігін «Қан мен терде» қай кейіпкерінің тағдырына аралассын мейлі, қанық көркемдік бояумен ашады, мойындатады.

«Қан мен тер» кейіпкерлері заманалық аласапырандар кезеңінде ғұмыр кешті. Мұндағы Еламан да, Сүйеу қарт та, Мөңке шал да, Қаракемпір отбасы да, Тәңірберген де, Ақбала да, Судыр Ахмет те өз дәуірінің ақиқатымен ғұмыр сүрген мейлінше толымды көркем бейнелер.

«Қан мен тер» жазушыны осы адамдардың тағдыры толғандырады. Қайғы мен қуаныш алмасқан опасыз тірліктің күншуақ сәттерін де, қапас қара түнегін де жазушы кейіпкер жан дүниесінен іздейді.

Жазушы Ә.Нұрпейісовтің жазудағы шеберлік алымдары жайлы кезінде кесек ойлар айтқан сыншы Ш.Елеукеновтің елеусіз бір кейіпкер Судыр Ахметтің көркем бейне мәніндегі көтерілген биігі туралы мына бір ойлары – Ә.Нұрпейісовтің жазу шеберлігі, қаламгерлік дара табысы туралы шынайы талғамның сөзі:

«Судыр Ахметтің де сырын оның өз жүрегіне айтқызатын психологиялық моментті жазушы «тап басады». Ол Судыр Ахметті Мөңкенің еңбекке баулымақшы болып балық аулауға үйретуге әрекеттенген кезі еді. Бірақ қисық біткен ағашты әбден қураған кезде түзетіп көр. Судыр Ахмет тәрбиеге көнуден кеткелі қашан. Ойбайын салады. Әлде біреу өзін аспаққа асқалы жатқандай құлындағы даусы құраққа шабады. Мөңкенің өзіне дүрсе қоя береді.

«– Балықта басың қалсын, басың қалғыр! Неменеңе айналдыра бересің мені, қыр соңымнан қалмай? Ойбай-ау, аудағы балық түгіл, – Судыр Ахмет жер тепкілеп отыра кетті, – ойбай ғана құдай-ау, мына қара жердің бетінен несібемді таппай жүрген сорлы емеспін бе мен...

Судыр Ахмет ойбай салып, отыра кетіп, маңдайын ұрғылай бастайды. Мөңкенің көзі атыздай боп кетіп, не істерін білмей, аңырап қалады.

Судыр Ахмет тақырыбы өстіп жеріне жеткендей болады. Роман көтерген көп мәселені шешуге көмектеседі. Соған қарамастан, автор характер иін қандыра түседі. Судыр Ахмет ел аман, жұрт тынышта із-түз жоқ, ғайып боп кетеді.

Дүниеге тууын жұрт секілді туса да, кетуі жұртқа ұқсамайды. Өмірге бос келіп, бос кетті.

... Психологиялық талдауды дәйектілікпен жеріне жеткізу арқылы әумесер қылықтары анекдот сияқты мырс-мырс еткізіп қана қоятын жеңіл-желпі кейіпкер аяқ астынан толыққанды, әлеуметтік фигураға айналады. Сонда Судыр Ахметтің бейнесі бұрын-соңды әдебиетте кездеспеген тип есебінде де адамның азып-тозуы қайдан, неден басталатынын көрсететін жан иесі есебінде де қайда шырқап кетті?!» [3, 288 ].

Ш.Елеукенов Ә.Нұрпейісов қазақ прозасына қандай ерекшелігімен келді дегенді қадау-қадау айтады.

Қазақ көркем прозасында елеулі құбылыс болған «Қан мен тердің» көркемдік құндылығы жайлы әдебиеттанушы-ғалым, сыншылар аз пікір айтқан жоқ. Алайда кейіпкердің жан құбылысын, күрделі характерді дәуір аясында ашуда, характер тарихын жасауда жазушы сүйенген көркемдік тәсілдер әлде де тың барлауды күтеді.

Қазақ сөз өнерінің ғасырлар бойы түзілген үздік үлгілерімен маңыздана түсетін бай тарихы ХХ ғасырда жаңа туындылармен молықты.

Жазба проза бағытындағы жанрлық, көркемдік тәжірибелер, ізденіс-ізгі мұраттар туралы бүгіннің талабымен ой қозғағанда ауызға алдымен ілінетін жоталы туындының бірі, сөз жоқ, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында жазылған «Қан мен тер» қазақ оқушысын елең еткізген. Сонау бір жылдарда өзіміз әрі тосырқай, әрі таңырқап, ынтыға табысқан Ақбала, Еламан, Сүйеу қарт, Мөңке, Ақкемпір, Қаракемпірлер, Қарақатын, Судыр Ахметтер, Қален, Кенжекейлер арада жылдар өтіп жатқанымен, бізден бір сәт те ажыраған емес.

«Қан мен тер» халықтық шығарма болып қалды.

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы қияға беттеп, қиыр шолған қилы ізденістерінің куәсінің бірі де осы – «Қан мен тер».

«Қан мен тер» қазақ әдебиетіне қанша жерден төңкеріс тақырыбын бүркенгенімен әсіре саясиланбаған, алабөтен рухпен желігіп, елікпеген адамшылық қалпымен, кісілік ғұрпымен өмір сүріп жүрген кәдімгі қарапайым пенделерді «қаптатып» алып келді. Кіршіксіз, мүлтіксіз ісі жоқтың қасы. Бірақ «Қан мен тердегілердің» ішінде қымбатымыз да, қимасымыз да, іздегеніміз де толып жүр еді.

Кезінде «Қан мен терге» қатысты әдеби сында әр алуан пікірлер айтылды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің адамды, оның сынаптай сырғып ағып өтіп бара жатқан аз-кем қызық дәуренін көркем бейнелеудің әлемдік озық үрдістеріне қол салған жаңашылдығы туралы шындап ойлана бастадық.

Қай заманда да, қандай тарихи әлеуметтік жағдай қолтығында да жеке адам қырып-жойып, дүниені түгендеп, түзетіп тастамасын енді-енді мойындап келеміз.

Бальзак ХІХ ғасырдағы француз қоғамы, қоғам аясындағы адам тағдырлары туралы том-том шығарма жазды. Өмірдің адам еркінен тыс суық бауыр қатты шындығын суреттеді. Ет жақын жандардың жатсыну, адамдар ортасындағы өгейлік сынды аяусыз ақиқаттарды алдыға жайып тастады.

Бальзактың қоғам өмірін типтік құбылыстар ауқымында көрсетуде егжей-тегжейлі тәптіштеуге бармай-ақ, емеурінмен көп дүниенің арқауын тарқатып тастап кетіп отыратын жазу мәнері әлемдік тәжірибеде із-түзсіз кеткен жоқ...

Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терді» жазуда дүние әдебиетінің бай дәстүрін, жаңа бағыттарын ұдайы ескеріп отырған, төлтума сипатты халықтың, ұлттық шығарма туғызу биік мұра абыройы оңайшылықпен келмеген.

Осы, «Қан мен тер» атты трилогия туралы сөз қозғау ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің сүйекті туындыларының қай-қайсысы туралы айтудың қиын да күрделі міндетімен астасып жатыр.

Мұндайда көркем шығарма тудырудың атам-заманнан бергі ереже-мұраты, тіршілік дариясының асау толқындарына жармасқан адам тағдырлары туралы көркемдік ақиқат бас көтереді.

«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» романында ұлы даланың бір аумағында, теңіз қолтығында ХХ ғасыр басындағы белгілі бір кезеңде өмір сүріп өткен ел тарихы баяндалады.

«Қан мен тердің» халықтың шығармаға айналуының себебі көп.

Романда орталық тұлға, кесек кейіпкер әлденешеу. Автор белгілі бір дәуірдегі ел тарихын, адам тағдырын, жалпының ішіндегі жалқының өмір шырғалаңын ұдайы қатарластыра, қосқаптал ағыстармен, үзік-үзік, қадау-қадау айқын сәттермен астарлап алып отырады.

Шығарма оқушыны жұмбағына ынтықтырып, Қарақатынның сыпсыңдаған өсек сөзімен басталған.

Бірте-бірте Ақбаланың жайына да қанығамыз. Ақбала бейнесі беймәлім іштарту сезімін туғызып, көптің жүрегін қозғады. «Опасыздығына» қарамастан Ақбаланы автор «ағартып», Ақбала деп аялайды. Оқушы да Ақбалаға ұғыныстықпен қарады. Жек көре алған жоқ. Жерге қаратып кеткен Еламанның өзі оған теңгерер түк таппай, жұмбақ бақытпен ғұмыр кешті. Ақбаланың «сиқыры» неде сонда? Адам баласы әруақытта да еркінен тыс дүлей сезімге, махаббатқа біртүрлі құрметпен қараумен келеді емес пе? Ақбаланы Аннаға (Каренина), Аксиньяға, т.б. толып жатқан сүйгені үшін дәнеңеден іркілмей опат болатын әйелдерге теңейді. Дұрыс та болар. Не дегенде де Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Ақбаласы қазақы ғұрыптың шындығынан шыққан ұлттық бейне болғандығымен де халық жүрегіне ұялады.

Судыр Ахмет – қазақ әдебиетінің ғана табысы емес, қала берді әлемдік деңгейдегі олжалы бейне.

Бір көрмеге күлкі болып жүрген, жадағай, берекесіз біреу. Бірақ бұл – мейлінше күрделі бейне. Оның тайқығыш, құбылма, опасыз аярлығы, суық немкеттілік, масылдық пиғыл, аңқаусыған көлгірлігі, байбаламшыл көз алдаушылығы, т.б. толып жатқан кесел құлықтары тұтаса келе осалдық кесапаты дейтін сұмдық болып шыққан. Судыр Ахмет – адамның қоры. Автор Судыр Ахметті жағдай аясында, өмір ортасынан ойып алып, әр қырынан ашып, әшкерелейді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – кейіпкерді алдын-ала дайындап пісіріп, жетілдіруден гөрі өмірдің өзіндегідей тосын, қапелім сәттерде ашуды көздеп отыратын қаламгер.

Сүйеу қартты да, Қаракемпірді де, Айғанша, Кенжекейлерді де, тіпті «ішіміз жылуға» тиіс емес Тәңірбергенді де өмір ағысының әр иірімінде қолайын тауып көрсетіп кетіп отыру арқылы тұтас тұлға түзіліміне тартады.

Сонау бір жылдарда «Қан мен тер» арқылы кешеуілдеп дамыған қазақ жазба көркем прозасының алысқа бет түзеген баянды бағыты жаңа бір сыр, сымбаттармен тұғырлана түсті.

Жазушының сурет сыйғызып отырып төгіп-төгіп өтетін баяндау тәсілдері, ара-тұра ұлттық бітімнің бүтін тұтастығын айшықтап, аша түсетін, жылы мейірім шарпыған жеңіл мысқылдау; өмірдің өзінен шыққан дара-дара, соқталы кейіпкерлердің аузымен айтылатын, айтушысына ғана сай тура тоқтам, табылған сөздер...

Жазушы оқиға қуып дүниені түгендемейді. Оқиға қажет кезінде, дер шағында оқушының алдынан «өзі шығады».

«Қан мен тер» өміршеңдігі қаламгердің қолдан мән жасауға ыңғай бермей, қай ғасырда, қандай тарихи жағдайлар ауқымында ғұмыр кешіп жатқандығына қарамастан-ақ атам заманнан адам баласы маңдайын соғып, кеудесін төсеп сүріп өтетін қысқа ғұмырдың қызуы мен ызғары туралы жүрек иланған баянды әңгіме айтқан шеберлік сырларында жатса керек.

Әдебиеттер


  1. Серікқалиев З. Ақ жол. – Алматы, 1990. – 164 б.

  2. Нұрпейісов Ә. Қан мен тер. – Алматы: Жазушы, 1977. – 824 б.

  3. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын. – Алматы, 1977. – 300 б.



REFERENCES


  1. Serikkaliev Z. Ak zhol. – Almaty, 1990. – 164 b.

  2. Nurpeisov A. Kan men ter. – Almaty: Zhazushi, 1977. – 824 b.

  3. Eleukenov Sh. Zamandas parasaty. Adeby syn. – Almaty, 1977. – 300 b.


Канипаш МАДИБАЙ,

Доктор филологических наук, профессор;

Шокан ШОРТАНБАЕВ,

Старший преподаватель
«КРОВЬ И ПОТ» – СУДЬБА ЧЕЛОВЕКА, НОВОЕ ХУДОЖЕСТВЕННОЕ РЕШЕНИЕ
РЕЗЮМЕ
В статье рассмотрены вопросы художественности романа-трилогии «Кровь и пот» А.Нурпеисова. Авторы анализируют значение данного произведения в развитии казахского романа как начала нового направления.

В статье обсуждается мастерство автора при описании жизни народа определенного периода, и жизнь главного героя Еламана, который жил в эти трудные времена, его способность перебороть трудности, несмотря на жизненные тяготи и невзгоды.

В статье анализированы своеобразные особенности автора, как писателя, его работы сопоставляются с произведениями Бальзака, в которых он описывает французское общество и жизнь народа XIX века, а так же сравнивается с романами М. Горького, в которых он с особой художественностью описывал человеческие судьбы.

В месте с тем разносторонне рассматриваются художественные образы Еламан, старик Суйеу, старца Монке, Акбалы, Танирбергена, Судыр Ахмет, которые живут своей зажиточной жизнью. Анализируется то, как автор в своем романе «Кровь и пот» глубоко задумывается о судьбах этих персонажей. Авторы статьи глубоко вникают в творчество писателя и подчеркивают место романа «Кровь и пот», заслуживающего особое внимание в развитии такого жанра, как романа в казахской литературе. Авторы статьи указывают на мастерство А. Нурпеисова в этом сложном жанре, его достижения и недостатки в способности создавать, описывать образы, вместе с этим, и при этом разносторонне рассматривают такое направление, как казахская романистика.


Ключевые слова: Роман-триология, художественный мир, характер, образ, жанр, авторская позиция, судьба человека

Қанипаш МӘДІБАЙ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор;

Шоқан ШОРТАНБАЕВ,

аға оқытушы
«ҚАН МЕН ТЕР» – АДАМ ТАҒДЫРЫ, КӨРКЕМДІК ЖАҢА ӨРІС
Түйіндеме
Мақалада Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы орталық тұлға – Еламанның өмір соқпақтары, өміртанымдағы өсу жолын көркемдік шешімде көрсетуі – қаламгер Нұрпейісовтің характер сомдау, характер ашудағы елеулі табысы болып саналатынын айқындап, терең салғастырулар жасайды.

Автордың белгілі бір дәуірдегі ел тарихын, адам тағдырын, жалпының ішіндегі жалқының өмір шырғалаңын ұдайы қатарластыра, қосқаптал ағыстармен, үзік-үзік, қадау-қадау айқын сәттермен астарлап алып отыратынын сәтті байқап, суреткерлік шеберлігін сөз етеді.

Мақалада Бальзактың ХІХ ғасырдағы француз қоғамы, қоғам аясындағы адам тағдырлары туралы жазған том-том шығармасын, М.Горькийдің адам өмірінің мәнін толғаған романдарын Ә.Нұрпейісов туындысымен салыстырып, қазақ жазушысының өзіндік ерекшелігін айқындайды. Романдағы Еламан да, Сүйеу қарт та, Мөңке шал да, Қаракемпір отбасы да, Тәңірберген де, Ақбала да, Судыр Ахмет те өз дәуірінің ақиқатымен ғұмыр сүрген мейлінше толымды көркем бейнелер екені жан-жақты қарастырылып, терең қамтылған. «Қан мен терде» жазушыны осы адамдардың тағдыры толғандыратынын саралайды. Мақала авторлары қазақ әдебиетінде белгілі бір кезеңде өріс алған роман жанрының дамуында «Қан мен тердің» де елеулі орны барын романдағы уақыт шындығы, адам тағдырлары аясында көркемдік шеберлік алымдарын атап отырып аша түседі. Жазушының характер жасау, баяндау, суреттеу тәсілдеріндегі жетістік, кемшілікті шендестіре отырып, қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қиын жанрдағы суреткерлі қарымын көрсетумен бірге, қазақ романистикасының да беталыс-бағытын сараптайды.
Түйін сөздер: Роман-триология, көркем әлем, характер, образ, жанр, авторлық ұстаным, адам тағдыры.
Kanypash MADYBAI,

Doctor of Philology, Professor

Shokhan SHORTANBAEV,

senior Lecturer
«BLOOD AND SWEAT» – destiny of the person, the new artistic decision
SUMMARY
The article observes the life of main character Elaman, showing his development during his lifetime through artistic tool in Abdilzhamil Nurpeisov’s “Blood and Sweat” novel, advantage of Nurpeisov’s ability to shape a character, his profit in character development is identified by making a significant comparison.

The history of the society at that time, people’s destiny, the faith of one is given in comparison among the whole society, the fact of description of the flow of interrelation of those two is given with short and good examples, the ability of artistic description is pointed out.

The article includes the comparison of life of French society, the life of people in the society described in several works written by Balzac in XIX century, the sense of life of a person described in M. Gorky’s novels with A. Nurpyisov’s work and writer’s peculiar style. The characters of Elaman, Suyey kart, Monke shal, the family of Karakempir, Tanirbergen, Akbala, Sudir Akhmet are those who have lived their life’s with the truth of the time are discussed as fully developed artistic characters.

In “Blood and Sweat” the writer is concerned with the destinies of people. The authors denote that “Blood and Sweat” has made its contribution to the development of such genre as novel in Kazakh literature, artistically described truth of time in the novel, the faith of people is clearly identified. The achievements of writer in description of the writer’s ability to make up characters, to retell, to describe, and to come with the negative sides, as well the flows and trends in Kazakh novels and Abilmazhin Nurpeyisov’s ability to use artistic tools in such a difficult genre.


Key words: Roman-trilogy, the art world, character, image, genre, author's position, the destiny of man
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет