Қахар (КӨшпенділер — 3)



жүктеу 3.83 Mb.
бет8/14
Дата20.06.2016
өлшемі3.83 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

ІV  

Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек, Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жан-қожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене», — деп ойлайтын Кенесары… Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын. Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей, соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «әлде жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол. Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр… Өйткені сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал-сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды. Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы әдетіне көшті. Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы, қасіретті еді. Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты. Үстінде түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау жүрек, пышақ, таяққа үйір-ақ. Есік алдында анандай жерде тұрған Жүсіпті көрді де: — Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық, — деді Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей. — Мақұл. Жауға аттанғанда болмаса, Батырмұрат ауыл арасында Кенесарыны күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек. Ол ауыл сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді. Кенесарының баласының білегінен ұстап жібермей келе жатқанын аңғарған Жүсіп арт жақтарындағы бас жендетті көріп кенет абыржи қалды, жүрегі аттай тулай жөнелді. «Япырмай, мына жас баланың бір жазығы болмаса нетті?.. Қараүлек бостан-бос ермесе керек еді…» Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да беліндегі күміс кездігін суырып: — Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді. Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді. Кенесары енді баласына бұрылып: — Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді. Баланың жүзі жайнап кетті. — Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам. — Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың. Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды. — Кеудеме кіріп кетпей ме кездік? — Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма? Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?… Жоқ, баланың көңілі дауаламас!» Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен…» — Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. — Кәне жүгір! Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап: — Апаңа бара ғой, — деді. Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай: — Нағыз көкжал болады! — деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап. Кенесары мырс етіп күліп жіберді. — Неге күлдіңіз? — Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған Бұқар жыраудың сөзі есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенің сол кісінің айтқанына дәл келіп тұр… Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. Және оларды құмарта тыңдайтын. Реті келсе жазып та алатын. Бұ жолы да сондай бір жәйттің шеті көрініп қалғанына қуанып кетті. Төре тұқымы өздерінің құпиясын басқа жұртқа көп айта қоймайтынын білсе де: — Қандай түсті айтасыз? Бұқар жырау не деген екен? — деді сұлтанды сөйлеткісі келіп. Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті. — Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты… «Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, — депті хан Абылай, — алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті… Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжнай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», — депті Абылай хан. Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен: «Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», — депті. Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзің де соны аңғарып қалған жоқсың ба? Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді… Өзіңіз соған сенесіз бе?» — деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс. Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып жіберді. — Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп, — сен де отыр, Жүсіп, — деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті. — Сен бөтен жұрттың баласысың, Жүсіп… Жасың кіші болғанмен көпті көрдің… Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден гөрі білгірсіңдер… Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді. — Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын… — Иә, ол солай ғой… Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң ойыңдағыны жасырмай айт. — Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін. — Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім… Өзің көріп жүрсің, Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар… Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін… — Дұрыс айтасыз. — Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз қосылса… Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де… — Кенесары ойын айта алмай тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала, — осынымыздың бәрі түбі босқа қан төгу болмай ма? — деді, — жарайды бар қазақ бірлестік делік, сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба? «Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары… Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да батырлық, айлақорлық жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы… Ал жері көп… Сол көп жерді осынау аз ғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емеc пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз халық… Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып салайын». — Ақ патшаға, — деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп, — бәрібір айтқандарыңды істете алмайсыңдар. — Неге? — Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді. — Өзім де солай ойлаймын… — Онда неге ұрыс аштың? Кенесарының көзі кенет жарқ етті. — Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме? — Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды, — қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді. Жүсіп мырс-мырс күлді. — Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе? — Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба? Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді. — Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді. — Жоқ, — деді Кенесары кенет түнере түсіп, — Абылай атам Үш жүздің басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де осы халық тұрғысынан қарау керек. — Иә, сонда? — Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян… Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды… Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды… Одан кейінгі елім «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек! Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап қайырды. — Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады… Ал бүкіл қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ болса… Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды. Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі. Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп: — «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын», батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін… Тікенек шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі. — Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек? — Онда… отау керек. — Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың ба? Оның да бір жауабы бар емес пе? — әрине. Кенесары күрсінді. — Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді. — әйтседе, — деді Жүсіп. — Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі, әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген Кенесарыны мақтай ала ма? әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады. Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді. Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы. — Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың? Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма? — әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — Жүсіп ақырын күрсінді, — тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның басынан өткен қайғылы хал… Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім… Бірақ оным болар емес. — Неге? әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па? — Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ. Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді. Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз. Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау шоқша сақал, шегір көз, ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса, тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін… Ол Кенесарыға өзінің ойын ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса тек тыңдауда. — Жоқ, — деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған кезде, — болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем! Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті. «Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де, өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол бар?» — Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан жарылқасын, — деді Жүсіп, бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?.. Соңғы кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен жиі алысып, қалжырап қалғандай… Бұ да еске алатын жағдай. Жүсіп Кенесарының ойлаған жерінен шықты. Сұлтанның соңғы кезде күрт өзгеруіне де себеп болған осы бір тілектен туған ауыр ойлар еді. Наурызбай мен Ақбөкен қосылар кезде Бопай Аманқарағай приказын шабуға тағы да кеткен-ді. О жақтан жақында олжалы болып оралған. Сол күні Кенесарының ордасына келген. Қараөткелді алар кезде, Тамыздың басында шабылған Шыңғыс, Кенесары сарбаздары енді жортуылға шыға қоймас деп бейқам жатқан екен. Бопай жоқ жерден қойға шапқан бөрідей астан-кестеңін шығарыпты. Қарындасы соны баяндап болды да «Науанжан мен Ақбөкенді бекер қосыпсыз. Ағаттық еткен екенсіз», — деген. «Неге?» деп сұраған Кенесарыға Ақбөкеннің Байтабынға кішкентайынан айттырған қалыңдығы екенін, біріне бірі кет әрі еместігін, тек осынау аласапыран кезде жат жерде қосылудың ретін таба алмай жүргендерін айта келіп «жиенінің қалыңдығын ініңізге алып бергеніңізді Жоламан батыр қалай көреді. Бір шүйкебас үшін бір тайпы жұртты өкпелетіп алып жүрмесеңіз нетсін. Серғазы ханның зорлығынан қашып келген Байтабын бұ жақтан да қиянат көріп, бізден безер болса, бұған өзге жұрт не айтады? Жоламан батыр не айтады?» деп жауап қайырған тәкәппар Бопай. Осы күннен бастап Кенесары күрт өзгерген. Орта жүз бен Кіші жүздің басын қосамын ба деп қатты үміттеніп тұрғанында көңіліне күдік кірген. Қазақтың қай батыры намысқа шаппаған? әрине, ел басқарған сұлтан Жоламанның да қорлануы табиғи жәйт. Егер Байтабын Орта жүзден көрген қиянатын шағым етіп барса, бүкіл Табын болып Кенесарымен жауласып кетуі ғажап емес. Қазақ мұндайда үлкен тілекті, зор арманды жеке бастың мүддесіне де айырбастай салады. Сонда не істеуі керек? «Байтабынды әлдеқалай жазым болды деп біржолата көзін жойып жіберсе қайтер еді? әрине, Қараүлек мұны оп-оңай орындар еді. Бірақ жаманшылық жата ма, бір күні болмаса бір күні шындық шығып қалса не айтам? Оның үстіне жесір дауы тағы бар. Бұл қазаққа ажалдан кем жоқтау емес». Кенесары Жоламан бастаған Кіші жүздің белді руы Табыннан қол үзгісі келмеді, ал қол үзбеймін деп бір анадан туған, жанындай жақсы көретін Науанының қойнынан сүйген жарын тартып алуға көңілі дауаламады. Ел арасына бүлік салмау үшін Ақбөкеннің өзін бір түнде жоқ етіп жіберуге тағы да дәті шыдамады. Ал Кенесарының ойынша бұл қиындықтан құтқарар жалғыз жол — осы екі жігіттің арасындағы Ақбөкеннен құтылу… Бірақ ағасының сыры өзіне мәлім Науанын қалай жұбатады? Егер ол жұбанбай қойса не істейді? Наурызбай Кенесарының оң қолы, оң көзі — онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға болмайды, Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің… Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей, аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе… — Сібір генерал-губернаторының қолы жетер төңіректен кету керек, — деді Кенесары, — бізді енді бұл арада зорлықтан басқа ештеңе де күтпек емес. Ел болып бірігер күн туса, түбі қайта бір соғармыз. Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Зілқара, Жамантайларда қалған өшті сонда алармыз. — Дұрыс. Осы кезде бұлар ауыл жақтан өздеріне қарай беттеген үш-төрт кісіні көрді. Кенесары бір қарағаннан-ақ тани кетті. — Байтабын батыр келген екен! Көзінде қобалжығандай болмашы бір сәуле пайда болды да, кенет жоғалып кетті. Иә, бұл Байтабын еді. Жанындағылары Жеке батыр, Құдайменді, Таймас. Бұлар қыр басына жетіп те қалды. Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, тістеніп алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған. Қарашықтары әдеттегісіндей ұшқын атып селт етер емес. Қабағы тастай түйілген. Оң қолында садағы. Жақ ағашынан, ортан белінен ұстап келеді. Бұлар Кенесарыға жете бергенде, кенет бір дүбір естілді. Жүсіп бұрылып қарап еді, аң аулап қайтып келе жатқан Наурызбай тобы екен. Олар да Кенесарыны көріп, тез аттарынан түсіп төбеге қарай беттеді. Алдарында Наурызбай, оның оң иығында тұғырға қондырған «Қанды көз» аталған бүкіл елге әйгілі аппақ сүттей жібек балдақты ақсұңқар… Кенесары мен Жүсіптің қасына бұл топ та асыға жақындады. Наурызбай Байтабынды көрді де кенет тоқтай қалды. Байтабын Кенесарыға жақын келіп қалған еді, тізе бүгіп сәлем берді. — Батыр, барып қайтқан сапарымның қиындығын айтайын ба, әлде елімнен алыс жерде жүргенімде көрген қиянатымды айтайын ба? — деді. Кенесары жігіттің жүрек соғысын бірден түсінді. Бүркіт қанатындай жирен қастары көзінің ортасына түйіліп: — Екеуін де тыңдайтын уақыт болар әлі. — деді ол жігіттің жүзіне тесіле қарай, — алдымен бір өзара талас жәйді шешіп алалық… Байтабын, сені жұрт мерген деседі… Шын мерген болсаң жүз қадам жерден ана Наурызбайдың қолындағы ақсұңқарды атып түсірші!.. — Батыр, оқ ақымақ келеді, ақсұңқарға тимей… — Байтабын Наурызбайға жалт етіп бір қарады да сөзін аяқтамай тоқтады. Кенесары кесімін пышақ кескендей тұжыра айтты. — Ақымақ оққа сен айыпты емессің! Наурызбай мен Байтабын арасындағы әңгімеге Жүсіп те қанық еді. Және Наурызбайды Кенесарының жанындай жақсы көретінін де білетін. Сұлтан сөзінен туған інісін қанша жақсы көрсе де, ел бірлігін одан жоғары бағалайтынын тағы да аңғарып қалды. «Ел бірлігі үшін соңынан ерген батыр інісін оққа байлау — құр ғана қатігездік емес, одан да жоғары, одан да биік қасиет. Байтабынға: «Ақбөкен үшін кеткен өшің болса, Наурызбайдан ал, кегіңді қайтар, бірақ Жоламан екеуміздің арамыздағы жаңа бірлесіп келе жатқан одақты бұзба деп тұрған жоқ па! Байтабын бұған не демек? Расымен Наурызбайды оққа қияр ма екен?» Кенесарының ойын жалғыз Жүсіп емес, Байтабын да, Наурызбай да, қала берді, қоршап тұрған жұрттың бәрі де түсінді. Осындай ерлік кесіммен шешілмесе, Наурызбай мен Байтабын арасындағы жағдай екі елді жауластырар қанды жанжалға айналып кететінін болжаған батырлар ара түсіп ештеңе демеді. Өзге жұрт не айтарын білмей қысылып үн-түнсіз тұрған шақта Наурызбай кілт бұрылып, жүз қадамдай жерге барып «Қанды көзді» тұғырымен иығынан сол қолына қондырды да қырындай қасқиып тұра қалды. Ажал дәл осы сәтте тепкелі келе жатқан қанды тұяқтай ыңғайлана берсе де міз бақпады. Тек сұрғылт жүзі атып келе жатқан таң бозындай қуқылданып кетті. Байтабын да ұзақ күттірген жоқ, қабағын шытып сәл бөгелді де, бір шешімге келген адамдай тез оң жақ белбеуіндегі түйе тері қорамсақтан қозыжаурын жебені алды да, оң қолындағы жақты кеуде тұсына көтере беріп садағына асыға оқтап ойланбастан тартып қалды. Сол сәтте… Наурызбайдың созылған қолының басында тұрған ақ сұңқар жалп етіп жерге құлады. Ақбөкенінен айырған Наурызбайға қанша ашулы болғанмен, Байтабын бақастықтан, намыстан ел бірлігін жоғары көрді. Көкірегінің көзі ашық жас батырды Кенесары өзі келіп құшақтап баурына қысты да: — Байтабыным, шын мерген екенсің! — деді. — Бүгінгі маған көрсеткен құрметің үшін қарамағымдағы елдің өзің таңдаған ең сұлу қызын ал. Қайғы, ашу жүрегіне шаншардай қадалып тұрса да бойды алған қам көңілдікті ақылға билеткен Байтабын ілтипатпен басын иді де қойды. Жаңа ғана кенет қара түн келіп, сұрапыл дауыл жерге ұрып кетердей қобалжыған Наурызбай айыбын кешірген Байтабынға қатты риза болып, жақсы көрген сұңқарды бір жігітіне сол өлген жеріне көмуді тапсырды да (соңынан осы төбе «Сұңқар өлген» төбе деп аталып кетті) өзі қыр басына көтерілді. Байтабынмен қол алысып амандасты. Қастары түгіл, достарының қатты сөзін кешірмейтін өркөкірек екі батыр жігіттің арасындағы махаббат таласы мен намыс таласы осылай бітті. Бірақ ел бірлігін сақтауды інісі Наурызбайдан артық ұғынған Байтабыннан Кенесары іштей кенет сескене қалды. «Қарашыдан шықса да хан тұқымына бергісіз ақылы бар екен. Бұл қасиетін еске алу керек. Және мұндай жанды өзіңе дос ете білген жөн. Ал алда-жалда қарашылығы жеңіп, жолымыз екі айырылатын күн туса тағдырын Қараүлек шешсін… Қасыңнан жау болып кеткен ақылды батыр шабайын деп тұрған қалың қолдан қауіпті». әйтседе Кенесары қатар тұрған інісі мен Байтабынға сүйсіне қарап: — Байтабын батыр, — деді жылы шыраймен, — ал енді қиын-қыспақ, қауіп-қатерден аман қайтқан алыс сапарың жайын баянда. Байтабын бастан өткен оқиғасының бәрін тегіс айтып келді де: — Қоңырқұлжа жігіттерінен ұққаным, олар биылғы қысқа қатты дайындалуда: Омбыдан да қалың әскер шығады деседі… Қыс түсе сарбаздар ауыл-ауылдарына тарап, сіз қыстауда төлеңгіттеріңізбен қалған кезіңізде ордаңызды шаппақ көрінеді, — деп сөзін аяқтады. Жылдағы әдеті бойынша ол қыс түсе бар әскерін елді-еліне таратып, жаз шыға қайта жинайтын. Биыл да сондай ойда еді. Бес мыңнан асып кеткен салт атты жауынгерлерді азық-түлікпен, аттарын шөппен қамтамасыз ету оңай ма? Қыс көзі қырауда, өздері де бұл маңайға келіп орналасқалы жылдан асқан жоқ. Жау ереуілшілердің әлсіз кезін дәл тапқан тәрізді. Егер Омбыдан солдат шығып бес жүзге жетер-жетпес төлеңгіті, батыры бар сұлтан аулын қысты күні қоршар болса, құтылып кету қиын. Арлан қасқырды аңшылардың омбы қарға қамап соғатынындай, патша генералдары да бұдан өш алар кезін дұрыс көздеген екен. «Жоқ, жоқ, олай оп-оңай қолға түсуге болмайды. Батыс Сібір генерал-губернаторы әскер шығарып қысты күні ұстаймын деп жүргенде біз Орынбор жаққа, Кіші жүз жеріне ауысып кетуіміз керек. Ойламаған жерден пайда болған ереуілшілерге Орынбор соғыс губернаторы не қылады? Ол қамданып бізбен айқасқанша қыс та өтер. Ар жағын тағы көрерміз. Мүмкін тіл табармыз. Ұлық атаулының бәрі Горчаков секілді қанішер емес шығар…» Кенесары дәл осы арада жұртқа бұл ойын ашқан жоқ. Ол Байтабын шапқан малды Ағыбай айдап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп тас қабағын қайта ашып: — Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс, — деді, — Ожар осында ма? — Жоқ, ол жолдағы бір Қарауыл аулына бұрылып кетті. — Неге? — Онысын айтқан жоқ. Маған жүре бер деді. Шамасы әлі де тың тыңдамақ тәрізді. Ожардың атын естігеннен-ақ Таймас елере қалған. — Қай Ожар? — деді ол кенет сұрлана түсіп. — Қубеттің Ожары. — Ол сұм бұл жақта қайдан жүр еді? — Омбы абақтысынан қашып шығып, Тайжанның қызымен бірге бізге келіп қосылған, — деді Кенесары. — Марқұм Тайжанның қызы бар ма еді? — Орыс қолында күңдікте жүрген қызы бар екен. Әкелерінің жолдасы деп Ожарға ерге шығыпты. — ә-ә! — Ожарды неге сұм дедің?.. — Бұл бір ұзақ оқиға… Кенеке, соңынан айтармын, — Таймас Наурызбайдың жігіттеріне қарады. — Тайжанның қызы қайда? Шеткерірек тұрған жатаған қара жігіт жауап берді. — Осы ауылда. Анау шеткі ақ отау соныкі. — Япырмай, ә?.. Бұл кезде күн де батып кеткен. Ымырт үйіріліп қараңғылық түсе бастаған. Кенесары әлденені ойлап сәл тұнжырап тұрды да: — Байтабын мерген, алыс жолдан қайттың ғой, бір-екі күн демал, сосын маған соғарсың, — деді, — сөйлесетін шаруа бар. — Құп. Кенесары ауылға қарай беттеді. Өзге жұрт соңынан ерді. Тек Байтабын ғана орнынан қозғалмай тұрып қалды. Кенесары ордасына келгеннен кейін Таймаспен екеуі оңаша отырып, ұзақ сөйлесті. Тайжанның жалғыз қызының әкелерін жауға ұстап берген адамның қойнында жатуын екеуі де сұмдық көрді. Кісі жіберіп Алтыншашты ордаға шақыртып алды. Таймас қинала отырып, уылжыған жас бала мінезді Алтыншашқа күйеуі Ожардың кім екенін айтып берді. Бір ғажабы, жас келіншек еңірей жыламады, «мені одан құтқара көріңдер» деп жалынбады. Тек суықтан қалтырағандай дір-дір етіп, тостағандай мөлдір көзінен екі-үш тамшы жас домалап кетті. Осылай қозғалмай ұзақ отырды да, әлден уақытта барып, керегеге көзін аудара шиедей қызыл еріндерін сәл ашып: — Өзім де сондай бір сұмдықты сезіп жүр едім, — деді. — Ағажан, күмәніміздің бетін аштыңыз. Ал әкем мен Сейтен көкем үшін Ожар әлі маған жауап береді. Оған кегімді жібермеске алдарыңызда ант етемін! — Қарағым, — деді бағанадан бері Алтыншаштың сұлулығы мен ұстамдылығына таң қалып отырған Кенесары. — Кек алу — еркектің ісі, ақ саусақтарыңды қанға малма! Тайжан мен Сейтеннің құнын өзіміз де аламыз. — Жоқ, — деді Алтыншаш тіл тартпай, — көкетайлар, бұл кекті өзіме қалдырыңыздар! Талдырмаш жап-жас келіншектен Кенесары құр ғана қайсарлық емес, әкелеріне деген бір мөлдір таза сезімді байқап қалды. — Мейлің, — деді кенет ол, — тек қапы қалып жүрме. Ал Байтабын мана төбе басында үн-түнсіз отырып қалған-ды. Өткен-кеткенді елестетіп, қиялы көк бетінде жүзген айдай ұзақ кезді. Сұлтан тұқымы қараға қыз бермейді екен, Тіленшінің ерке қызы Дәметкенді Байтабынның әкесі Қожыға қалай бергенін кім білсін, әйтеуір осы ел аузына іліккен жау жүрек әкенің арқасында Байтабын да бұлаң өсті. Сол әкеден он жасында қалды. Содан бері не көрмеді? Он алтысында ат жалын тартып мініп, нағашысы Жоламан батырдың соңынан ерді. Қазір жиырма үште. Осы жеті жылдың ішінде ат үстінен бір түскен жоқ. Талай қанды ұрысқа қатысты. Сан мәрте ажал деген аш арыстанның аузында болды. Сонда… Осыншама шыбын жанын жүлдеге тігердей бұған не жоқ? әлде малын, дәулетін, бағын қорғаймын деп жан таласып жүр ме? Жоқ. Бар малы — астындағы жалғыз аты. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған қазына — шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй. Сонда бұл әлділермен неге жауласады? Байтабынды алыс-жұлысқа айдаған екі арман. Бірі бота көз, оймақ ауыз Ақбөкен. Бүкіл Кіші жүзде ажарына жан тең келмес, айдай толықсыған сұлуды алу үшін Байтабынға құр Жоламан батырдың жиені болу жеткіліксіз. Хор қызын тек періштелер ғана құшады. Ал Ақбөкен секілді сұлуға қол созуға жұрттан асқан дәулетің, немесе көпке әйгілі атағың болу керек. Дәулет оңай қолға түспейді, ал атақ… Ол ер жігіттің өзінің қолынан келер іс. Бақ уысқа сыймағанмен, атақ уысқа сыяды. Жауыңнан жасқанбас батыр болсаң атақтың өзі келеді. Тек дұшпаныңмен алыса біл. Байтабынның әйгілі жан болуын Ақбөкеннің өзі де тілейтін тәрізді. Сол себептен емес пе, бұның қосылайық деген тілегіне Ақбөкен соңғы кезге дейін «әлі ерте, сен ең болмаса жұрт аузына ілігетіндей халге жет», — деп келген жоқ па? Қарадан шықса да Ақбөкеннің хан қыздарының арманын көксейтініне бұл жазықты ма? Бала жаста жақсы көрген албырт жүрек қыз көзіне қадірлі болып көріну үшін оны кейде көзсіз ерлікке де жетектеген жоқ па? әрине сөйтті. Тек соңғы кезде ғана Байтабын қайнардай төңкерілген тұнық көзге көзі түсіп кеткендіктен туған бұл арманның орынсыз екенін, қыз үшін ерлікке ұмтылуы уақ әрекет екенін түсінді. Сол себептен де өзі соңғы уақытта Ақбөкенге өзгеше қарай бастаған жоқ па? Сүйген адамынан ерлік тілеген махаббаттың таза махаббат емес екенін аңғарды емес пе? әрине сөйтті. Шын жақсы көрген адам бірін-бірі сол тұрған қалпында жақсы көреді. Ақбөкендікі өзгеше арман, өзгеше тілек. Мүмкін бала кезінде Ақбөкен мұны шын ұнатқан шығар. Серғазының ауылынан қашып шыққанында да Байтабын есінде болған шығар, бірақ өзгермейтін жан бар ма, ерлікті, атақты қадір тұтатын қазақ дәстүрі мұны да өзгерткен болар. Оны айыпқа санау қылмыс емес пе? Бұл жалған түсінік кейде жұрт қадірлер есімді ардақтар Ақбөкен түгіл, өмір бақи құлдықта өскен, тек жоқшылықпен ғана көзін ашқан адамдарды да өзгертіп жатады. Ал сұлу жанды Ақбөкеннің, сүйген жарының әйгілі болуын жақсы көретін Ақбөкеннің бала жастағы сезімнен өзгеруі күнә ма? Күнә деген күнде де оған ренжіп, оған ашуланып, өз өміріңді қор еткенде не түседі? Кім ренжиді, кім жылайды? Қасың қуанып, досың өкпелейді. Тек сені тапқан анаң ғана көз жасын көл етеді. Ана! Атың қандай жақсы. Байтабынды батырлық жолға салған екінші себеп осы ананың сөзі, ананың тілегі емес пе еді? әрине, солай. Иә, сол адуынды қара кемпір еді ғой, бұл он алтыға жеткенде, Қожының кәрі кертөбелін алдына тартып: «Қарағым, ел шетіне жау тиді, найза ұстар ер-азамат атқа қонып жатқанда Қожы баласының шешесінің жанында отырғаны келіспес, әкеңнің атын жоқтатпай нағашыңның аулына бар», — деген. Иә, осы сөзді айтқан сол қара кемпір. Байтабынға осыдан кейін «ана», «ел», «туған жер» деген сөздер бір ұғымда болып кеткен. Оған туған жерін қорғаса — анасын қорғағанмен бірдей. Елінің тәуелсіздігін қорғағаны — анасының тілегін орындағанына пара-пар. Байтабын бертін келе, осы Кенесары тобына қосыл- ғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай қауіп төнгенін анық білді. Бұл қауіптен тек ел болып тізе қосса ғана құтыла алатынын да түсінді. Ол енді осы ел біткен біріксек деген тілекке шыбындай жанын, бар тілегін бағындырды. Өзге сезімнің бәрін былай тастады. Соның арқасында да Байтабын Наурызбай екеуін жауықтыратын қиянатын кешті. Ер намысын ел намысына жеңгізді. «Қыз махаббаты деген алдыңнан қаша жөнелген қызыл түлкі емес пе, жете алмай қалсаң оған кім айыпты? Халқың зары жүрегіңе шаншудай қадалған шақта, өз ойымдағым орындалмады деп көңіліңді сезімге булықтырғаннан не түседі!?» Байтабын қиялы енді Ақбөкеннен біржолата сусып, Алтыншашқа ауды. Алтыншашты екі-ақ рет көрген. Бірақ көз алдында пайда болған сурет қараңғы меңіреу түнде адасып жүрген шағында көрінген от тәрізді көңілін серпілтіп тастады. Әйтсе де біреудің қосағы туралы ойлаудың күнә екенін Байтабын жақсы біледі, сондықтан ойламайын деп Алтыншаштың бейнесін өзінен сан қуды. Бірақ онысына ақылға бой бермес қиял деген асау күш көнбей-ақ қойды. Жалғыз қалса-ақ Алтыншаш қасына жетіп келеді, сезімін еріксіз оятып, өзімен бірге бір ғажайып жастық-шаттық дүниесіне ала жөнеледі… Қазір де Байтабын осындай жағдайда еді. Өзі жерде, қиялы көкте. Ай бағана туған, ел жата бастаған. Осы отырғаным жетер енді деп Байтабын орнынан түрегеле беріп еді, кенет Алтыншаш бейнесі тағы да көз алдына тұра қалды. «Мен келдім ғой, қайда барасың?» — деп күлкіге көмілген күміс тісін көрсете еркелей төбе басынан жібермеді. Байтабын кенет бойын билеп ала жөнелген көңіл дауылын баса алмай, сезім кемесіне мініп, шаттық теңізінде жүзе берді. Жас батыр осындай топ жарып ұлан-асыр қимыл етердей қуанышты жағдайда отырғанда түнгі салқын жел әлдеқайдан көкірегін күйдірген арманына шипа болар бір әдемі үнді жеткізді. Ынтыға тыңдай қалды. Қыз әні. Оқта-текте шыққан дауыстардан төменгі тұста қыз-бозбала алтыбақан теуіп жатқанын Байтабын бағана аңғарған. Бірақ қиялында пайда болған Алтыншашты айдалаға жалғыз тастап кетуге қимай, қыз-бозбала қуанышына мән бермей өзімен өзі болып отыра берген. Ал мынау ән, бұрынғы әндердей емес, жас жігіттің онсыз да лепірген көңілін ушықтырып әкетіп барады. Бұл «Төбе басында неге жалғыз отырсың, мен сені тастап кеттім ғой. Қазір алтыбақандамын, жет жылдам», — деп бұйырған Алтыншаштың даусы тәрізді. Бұл үн май қарағай тастаған оттай, жүрегіне бір жалын лап беріп, енді отырғызар емес. Ол Алтыншаштың даусын әлі күнге дейін бір рет те естіген емес, ал мынау оған сол Алтыншаштың даусы секілді көрінді. Жүрек солай жорыды. Естіп тұрғаны Алтыншаштың әні екеніне жас батыр енді күмән келтірмеді. Соның үні деп бар сезімі, жаны, тәні ырық бермей «жүр-жүрлей» бастады. Әйтсе де Байтабын орнынан қозғалмай «тек ән бітіп қалмаса екен» деп тыңдаған үстіне құмарлана тыңдай түсті. Дауыс шынында да ерекше еді. Әнші қыздың көмейіне тоқсан бұлбұл қонып алып, толықси сайрағандай. Жалғыз шыққан ән қобыз, домбыра, қурай дыбыстарының бәрінің сұлу ырғағын бір сазға түсіріп тынық түнді әлдилегендей… Қыз үнінен біресе өзінің қызық дәуренімен қоштасқалы тұрғандай қайғы естіледі, біресе жаныңды алмас қылыштай кекке қайрар жігер, ал кей шақта көңіліңе сая болар қуаныш толқиды… Бір адам бүкіл әлемнің бар сұлулық бейнесін өз даусы арқылы өзгеге жеткізгісі келгендей… Ән бірде асқақтап, көкті шарықтай, бір мезет жел құлпыртқан көгал шөптің басындай құлпыра түсіп, немесе жарды ұрған теңіз толқынындай күшейе қарқындап, ал әлден уақытта барып, қара тасты әзер жарып шыққан тас бұлақтай ақырын ғана сылдыр қағып әлсірей, мың бұралып жүз құбылды. Байтабын енді шыдап отыра алмады, алтыбақан жаққа жүре берді. Ән салған шынында да Алтыншаш еді. Ол бағанағы Кенесары ордасынан шыққаннан кейін, үйінде шыдап отыра алмай, алтыбақанға келген. Жастық деген бір лаулаған жалын емес пе, жүректегі қайғыны да, Ожарға деген кекті де, қорғасындай ерітіп, өзінің ыстық құшағына аймалай қысып, бөтен дүниеге ала жөнелген. Алтыншаш дәл осы сәтте Ожарды ұмытып, құрбы-құрдастарының қуанышына ере, алтыбақан тепті, ән салды. Қайғы көлкіген көңілді қызыл шоқ жастықтың қызуына жеңгізді. Байтабын қыз-бозбалалардың жиынына жеткен кезде, Алтыншаш алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден таныды. Қуанып қалғандай. — Сау-сәлемет қайттыңыз ба батыр? — деді ол Байтабынға жақындай. Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ. Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын билей жөнелген жалын сезімді әзер басып: — Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш, — деді, — Ожар аға бір шаруасы болып жолдағы ауылда қалды. Келіншек сылқ-сылқ күлді. — Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар…. Мен сіздің сау-сәлемет келгеніңізге қуаныштымын… Жүрегім тым алаңдаулы еді. — Неге? — деді Байтабын сөз астарына түсінбей. Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды. — Неге деріңіз бар ма, — деді күрсініп Алтыншаш, — жаныңыздағы серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді. — Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз… Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай. Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды. Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты. Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыс- тан жымың қағып қарап тұрды. Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе, Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты. Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.

Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті. Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған. Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда «Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені, қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты жуан өрімді қамшы… Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп етпетінен Алтыншаш жатыр… Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген. Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастың Алтыншашты шақырғанын, Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген. Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу соғуда екен. Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз-келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі. Енді Байтабын ауылдың үрейленген қатын-қалашын, мал өргізуге ерте оянған кәрі-құртаң кәрия-ақсақалдарын соңынан ерте, қанға боялған Алтыншашты жас балаша екі қолымен бауырына қыса құшақтап ұзын қара шашын жерге шұбалта, Кенесарының ордасының қасына келді. Сергек ұйықтайтын сұлтан даладағы у-шуды естіп, сырттағы күзетшілердің хабарын күтпей, иығына қара құндыз ішігін іле сала асыға үйден өзі шықты. — Батыр, — деді Байтабын тізе бүгіп, Алтыншашты қолынан түсірмей, — басымды алсаң мінекей, мен жаңа өз қолыммен Ожарды өлтірдім. Жазығы болды. Кенесары сәл ойланып қалды. «Ожардың бөтен де жазығы бар. Өлтіргенің дұрыс болған. Бірақ сен де маған борыштар болуың керек». — Жақсы, Байтабын, кештім бір күнәңді, — деді сұлтан әлден уақытта. — Егер ол күнәмді кешсеңіз, — деді Кенесарының бетіне тіке қарап, қуанышын әзер жасырып Байтабын, — Арқадан таңдаған қызыңды беремін деген уәдеңіз бар еді. Таңдағаным осы Алтыншаш болсын, қиыңыз маған. — Қидық, Байтабын. Адам баласының сан алуан қиын жағдайына еті үйренген Кенесары, Алтыншаштың мұндай күйге қалай жеткенін сұраған жоқ, Байтабынның тілегін орындады да, қайтадан ордасына кіріп кетті. Алтыншаш екі жетіден кейін жараларынан айығып, төсегінен басын көтерді. Терісаққан мен Ұлытау маңын жайлаған қалың Алтай, Қарауыл, Тарақты, Төртуыл, Қозған, Бағаналы болып жиналып, Алтыншаш пен Байтабынды ұлан-асыр той жасап қосты. Ат шаптырылып, балуан күрес те болды. Бұл тойға жорықтан қайтқан Ағыбай, Жекебатыр, Жанайдар, Құдайменді, Бұқарбай қатынасты. Тойды Кенесары өзі басқарды. Кенесары кей жағдайда «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ескі қағиданы ұмытпайтын. Бұл оған тек дұрыс шешім табуға ғана емес, алда-жалда түскен жолдары қауіп-қатерге апарып соға қалса, жалғыз өзі айыпты болмас үшін керекті еді. Бұл жолы да сөйтті. Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды. Оларға Кіші жүздің жеріне көшудің керектілігін айтты. Ақылдарын сұрады. Жиналғандар, қара бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары болмағандықтан, күз көшуге көнді. Кенесары мәжілісті бітіріп далаға шыққанында таң құланиектеніп атып қалған екен. Бірақ той әлі тарамапты. Төменгі сайдан қыз-келіншектердің, бозбалалардың алтыбақан теуіп жатқан дабырлары, күлгендері, сөйлегендері тынық түнде сампылдап естіліп тұрды. Кенет бір қажырлы дауыс ырғақты әнді шырқай жөнелді. Кенесары тыңдай қалды.  

Ұшар көлің, сағынып, қонар көлің, әрқашанда, ер жігіт, туған елің. Соның ғана жүрегін тебірентер Қуанышың, шаттығың, қайғы-шерің… Оны тастап кеткенде алыс жаққа, Созған қолың жетер ме атақ, баққа? Қанша жүйрік болсаң да, өгей жердің Өз шабысы саналар арғымаққа…  

Өлең дәл өзіне арналғандай, Кенесары кенет тұнжырап кетті. «Иә, өз еліңде, өз жеріңде сенің құның бөлек. Ал бөтен жақ бұны қалай бағалайды? Көсеміміз деп соңынан ере ме, жоқ па? Шақыруын шақырса да, бұларды әлі Жоламан қалай қабылдайды? Өз елі, өз жері…» Демек, «Тәуекел, не болса да барған соң көрерміз!» дегендей, Кенесары қолын бір-ақ сермеді де, өз ордасына қарай беттеді. Осы тойдан екі апта өткен соң, жапалақтап ең алғашқы қар жауа бастады. Дәл осы кезде оңтүстікке құлағы тігулі сұлтан Қаратауда ата-мекен жеріне ие боп қалған азғантай Қоңыраттан бір жылы хабар алды. «Мәделіхан өгей шешесі Ханпадшайым сұлуға үйленіпті. Ташкентке көзін тігіп жүрген Бұхар әмірі Қоқан ханының бұл шариғатқа жатпайтын күнәкар ісін шіркеу етіп Мәделіханға бүкіл мұсылман қауымын қарсы қоймақ әрекетіне кірісіпті. Сірә, бұл айқас түбі соғыспен бітетін шығар» деген. «Үр-рит соқ, үр-р-рит соқ, соқ! — деді екі өзбек төбелессе азбан қошқарлардай маңдайлары жарылмай тоқтамайтынын білетін Кенесары ішінен, — егер Бұхар мен Қоқан соғысар болса бірін бірі әлсіретпей қоймайды. Міне дәл сол кезде Қоқаннан бүкіл Сыр бойын бөліп алуға болады. Бірақ өйту үшін өзің де күш жинауың керек. Ал күшті Кіші жүзсіз жинай алмайсың». Кенесары осындай шешімге келді. Ол маңайына жиналған қалың әскерін жаз шыға табысармыз деп ауылдарына таратты. Өзі үш жүз төлеңгіті мен қасына ерген бес батырын алып, күздің қар аралас қара суығында Торғай мен Ырғыз бойындағы Кіші жүз бен Қыпшақтың жеріне қарай көшті. Үшінші бӨлім  

 




1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет