Алаш көсемінің Арқадағы іздері



жүктеу 96.51 Kb.
Дата05.07.2016
өлшемі96.51 Kb.
Алаш көсемінің Арқадағы іздері

  • Қарқаралының 180 жылдығы қарсаңында

Қарқаралының академиясы атанған зооветтехникумның 70 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп жатқан. Сонда реті келсін-келмесін бұрынғы партия ме Сталинді мақтап-мадақтаудан жаңылмайтын бір ақсақал мінберге шығып алып, менің Қарқаралының бір көшесін алаш көсемі Әлиханның есімімен атау туралы бұрынырақта газетте шыққан ұсынысыма орай «Бөкейханов - халық жауы. Оған көше атын беруге болмайды» деп қойып қалды.

Менің таңқалғаным: залдағы біраз кісі ақсақалдың пікірін мақұлдағандай сыңай танытты.

Иә, 70 жыл бойы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Ақбайдың Жақыбы сынды Алаш көсөмдері ресми насихат бойынша контрреволюцияшыл-ұлтшылдар, кеңес өкіметі мен халықтың жауы ретінде қараланып келді. Алашорданың күллі әлеуметтік-саяси бағдарламасы тек коммунистік-кеңестік идеология тұрғысынаи бұрмаланып қана қоймай, оның кәсөмдерінің шығармалары жойылып, аты-жөндерін атауға тыйым салынды.

XX ғасыр басындағы саяси кайраткерлеріміздің қоғамдық қызметі туралы шындықты айтуға тек тәуелсіздік жылдары ғана мүмкіндік туды.

Осы мақаланы жазу туралы ой маған сол бір күнгі жиыннан кейін келген еді...

Әлихан Нұрмұханбетұлы Бөкейхан бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысына қарасты №7 ауылда дүниеге келіпті. 1990 жылы шыққан Қарағанды облысына арналған эңциклопедияда Әлекеңнің туған жылы 1866 жыл деп көрсетіліпті. Кейіннен 1992 жылы Омбыдан табылған құжаттарға қарағанда, туған жылы 1870 жыл болуы қисынды тәрізді.

Әлекеңнің балалық, жастық шағы, шәкірттік жылдары ежелгі қаламыздың тарихымен тығыз байланысты. Алғашында ол Қарқаралыда Зариф деген молда кісіден мұсылманша дәріс алады. Арада екі жыл өткен соң 9 жасында қаладағы Бекметовтің үйінде пәтерде жатып, орысша оқуға түсіп, содан интернатқа ауысады. Жалпы, Әлихан Қарқаралыда жеті жыл оқып, оған қалалық училищені тәмәмдады деген аттестат пен куәлік берілген. Бұл 1886 жыл еді, Әлекең мұнан кейін Омбы техникалық, училищесін және Санкт-Петербург орман институтының экономика факультетін бітірген.

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің айтуына қарағанда Ә.Бөкейхан Санкт-Петербургте оқыған жылдары университеттің заң факультетін экстерн түрінде бітіріп шығады. Бір қызығы, сол жылдарда Петербург университетінде большевиктердің болашақ көсемі Ульянов-Ленин де Әлекеңмен бірге оқыпты. 1894 жылы Әлихан Бөкейхан «Ғалым орманшы» және «Заңгер» деген қос диплом алып елге оралады.

Әлихан XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылыұқ қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен шұғылдана бастайды. Ол 1896 жылы көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланды. Әлихан «Россия. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18-томына автор ретінде қатысады. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды. 1905 жьілы Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан І-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Ол ұлыдержавалық өктемдік пен патшалық отаршылдыққа қарсы шыққаны үшін Семей, Павлодар түрмелеріне қамауға алынды. Бірінші орыс революциясы жеңіліс тапқаннан кейін Самара қаласына жер аударылып, онда тек ғылыми-шығармашылық қызметпен айналысуға ғана мәжбүр болды. 1911-1914 жылдары Ә.Бөкейханов «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты. «Қазақ» газетін шығаруға ұйытқы болды. (Бір есте болатын мәселе, патша отаршылары қазақ халқына өз атын да бұйыртпай, қайдағы бір «қырғыз-қайсақ» деп кемсіткені тарихтан мәлім. Алаш көсемдері ұлт рухын ояту үшін өз газетін саналы түрде «Қазақ» деп атаған).

Әлихан, Ахмет, Жақыптар Алаш партиясын құрып, 1917 жылы желтоқсанда өткен осы партияның сьезінде Ә.Бөкейхан Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды.

1919 жылы большевиктер өкіметінің бұынғы алашордашыларға жасаған кешірімінен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылдары екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейханның зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Ақырында саяси күрестен баяғыда бас тартып, тек ғылыми жұмыспен айналысқанына қарамастан сталиндік билік оны 1937 жылы тағы да тұтқынға алып, 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесті. Сөйтіп, қазақтың XX ғасырдағы көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейхан көзі тірі кезінде патша түрмесін де, большевик-коммунистердің де түрме-қапасын көріп, екі үстемдік-отаршылдықтың зардабын тартты. Ақыры сол жендеттердің қолынан мерт болды.

Әлімхан Ермековтің және көптеген замандастарының естеліктеріне қарағанда, Әлихан өз заманының аса білімді де білгір, парасатты, терең ойлы, ірі қайраткері болған. Темір құрсау салынған біздің еліміздегі емес, шетел ғалымдары мен тарихшылары Әлихан Бөкейханның қайраткерлік және шығармашылық қызметін ертеден-ақ жан-жақты зерттеп, оны Шығыстың шын мәнісіндегі ұлы тұлғасы деп танып баға берген. Кейін мәлім болып отырғандай, өткен ғасырдың 80-ші жылдары жарық көрген Америка тарихшысы Марта Олкоттың «Басмашылар немесе Түркістандағы 1918-24 жылдардағы азаматтық көтеріліс» және «Қазақтар» деп аталатын еңбектерінде Әлихан Бөкейханның 1917-1926 жылдар арасындағы қайраткерлік қызметіне лайықты баға берілген екен. Автор өз еңбегінде большевиктер тарапынан жасалған қанды қырғын, қатал жазалау, бәрінен бұрын қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен алаш көсемдеріне қарсы бағытталғанын анықтап, ашық көрсетеді.

Шетел тарихшылары А.Бенниксен және Ш.Лемерсье Ә.Бөкейханды аса көрнекті оқымысты-ғалым әрі саяси қайраткер деп бағалай келіп, оны қазақ халқының ұлы мұраттары жолында аянбай күрескен ғажайып тұлға деп сипаттапты.

Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының ғасыр ширегіндегі ұлы жетекші-көсемі Әлихан Бекейхан сол кезеңдегі қазақтың әлеуметтік-саяси орталықтарының бірі Қарқаралы өңірінде де еркін ойдың, ұлттық сананың оянуына зор ықпал етіп, ел шежіресінде елеулі із қалдырды.

Кейіннен мәлім болғандай, XX ғасыр басында Әлиханның өмірінде Қарқаралымен байланысты екі түрлі тарихи оқиға кездесті. Оның біріншісі -1905 жылы жазда Ресей патшасы мен сенат атына жолданған атақты «Қарқаралы петициясы» болды. Бұл иісі қазақ халқының патшалық үкіметке қойған ең алғашқы саяси талабы болды. «Қарқаралы петициясына» барлығы 14 мың адам қол қойыпты. Петицияның авторлары Әлихан Бөкейхан бастаған Ахмет Байтұрсын, Жақып Ақбайұлы сынды қайраткерлер болды. Петиция авторлары патшалық өкіметтен дін-ождан мәселесіне қысым көрсетпеуді қазақтардың ата-бабасынан мұра болып келе жатқан жерін қазақтардың өз иелігіне ғана беруді, ресми іс-қағаздарды ана тілінде жүргізуді, қазақ жастарынан мамандар дайындауды талап етті.

Кейіннен Әлихан Бөкейхан осы «Қарқаралы петициясы» туралы былай деп жазды: «18 ақпан жарлығынан кейін қазақ екілдері бас осып, өздерінің мұң-мүддесін, саяси талап-тілегін тізіп, петиция қылып жазды. Алайда Петерборға жібермек болғанымызда, почта қабылдамай қойды. Одан соң петиция салынған пакетімізді жақын арадағы (400 шақырым) қалаға алып барсақ дәл солай әурелендік, тек үшінші бір қаланың (760 шақырым) почтасы ғана мейірімділік көрсетіп, пакетімізді қабылдап алды», деп жазды.

Әлихан Бөкейханның есімі 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы демонстрациясымен де байланысты болды. Бұл жөнінде полицияның құпия қатынасында: «Биылғы жылдың 14 ноябрі күні Қарқаралы қаласында ереуіл болды. Жергілікті жандарм өкіметінің анықтауынша қазақтар арасындағы ең беделді кісі — Бекейхан көрінеді, – деп хабарланған.

Бұл жөнінде Әлихан Бөкейхан кейіннен былай деп жазды: - «Қарқаралы уезінің бастығы Оссовский: «Маған сеніп тапсырылған уезде көтеріліс басталды, оны басу үшін төтөнше шара қолдану керек»,- деп генерал-губернаторға құпия хабар жеткізді. Оған көмекке қазақ-орыстар отрядын аттандырғалы отыр деген қауесет бар. Олай болатын болса, Қарқаралы уезі заңсыздық пен әңгіртаяқтың астында қалатын қаупі төніп тұр. Мен қазақ халқын танымайтын және өкінішке орай оның даласын талан-таражға салып отырған безбүйректер жазықсыз халықтың қанын төккелі жатқанын білген соң Қаркаралыға мынандай телеграмма-сұрау жібердім: «Қарқаралы, Шыңғысұлына Байтұрсынұлына. 27 қараша күні прокурор Жданович Қарқаралыға жүріп кетті. Оссовский губернаторға көтеріліс (Қарқаралыда. М.О.) туралы баяндайды. Ақиқатты хабарла. Мен Мәскеу мен Петерборға хабарлаймын. Бөкейхан, 2 желтоқсан, 1905 жыл.

Осыдан соң Ахмет Байтұрсынұлы мен Қарқаралының қазақ-орыс оқығандары (барлығы 32 кісі) «Оссовскийдің Қарқаралыдағы әлдеқандай бүлік туралы хабары жалған», – деген телеграмма жібереді. Осы телеграмма қолыма тиген соң-ақ Әлихан патша шенеуніктері мен генерал-губернатордың қанды қырғынға бастайтын қатерлі әрекеттерінің алдын алу үшін Ресей үкіметінің басшысы С.Виттеге, әділет министріне және басқа да саяси ұйымдар мен газет редакцияларына жедел хабар жолдайды.

Осыған дейін біз Қарқаралыдағы демонстрациядан соң Ақбайдың Жақыбы мен жергілікті орыс-қазақ училищесінің оқытушысы Аяғановқа «Өкіметке қарсы әрекет жасады» деген айып тағылғанын білуші едік.

Әйтсе де, демонстрация артынан патша әскері тарапынан қан-төгістің болмауына дер кезінде дабыл қағып, сөйтіп Қарқаралы халқын жазалау апатынан аман алып калған қайраткер Әлихан Бөкейхан екенін кейіннен табылған тарихи құжаттар арқылы енді ғана біліп отырмыз.

Халқының жанашыры, ел көсемі Әлихан жас кезінен-ақ халықтық мәселелерді, ел болашағын түптеп ойлап, түбірлей қам жеген. Әлекеңнің осы қасиеттері әлем классикасының алтын қорына қосылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да шынайы сипатталған.

Әрине, 1937 жылы халық жауы деп жала жабылып, атылып кеткен Әлиханның атын ашық айтып, оны ұлт көсемі деп ашық сипаттау сол роман жазылған 40-50-ші жылдары тіпті де мүмкін емес еді. Сондықтан да М.Әуезов Әлиханды кітапта «Әзімхан төре» деп атай отырып, оны ұлтшыл деп көрсеткенімен, екінші жағынан Әлихан Бөкейханның бар қазақты түгендеп жүрген, ел қамын жеген Едіге екендігін, зор парасатын суреткерлік емеурінмен-ақ білдіріп тұрады.

Алаш көсемдері патша өкіметінің отаршылдық, басқыншылық саясатына қарсы қарулы көтеріліске шыққан Кенесары-Наурызбай, Исатай-Махамбет қозғалыстарының тарихи мән-маңызын дұрыс бағалап, пайымдай отырып, сонымен бірге ендігі уақытта ұлтты аман сақтап қалудың неғұрлым тиімді жолдарын іздестірді. Мәселен, Алаш көсемінің 1916 жылғы июнь Жарлығы кезінде халықтың қарулы көтерілісін қолдамағаны мәлім. Дәл сол уақытта көтеріліске шығу халықтың бостан-босқа жаппай қырылуына әкеп соғатындығын Ә.Бөкейхан бастаған қазақ көсемдері жақсы білді. (Сол кезеңдегі Алаш қайраткерлерінің әрекет-қимылы, азаматтық тұлғалары өзіміздің белгілі жазушымыз Сапарғали Ләмбекұлының «Арыстар» романында жақсы суреттелген).

Алаш көсемдерінің түпкі стратегиялық мақсаттары – қазақ елінің дербестігі, тәуелсіздігі екені ақиқат. Сөйтсе де, олар бұл мақсатқа революциялық қантөгіс пен өзара қырқыс жолымен емес, эволюциялық жолмен жетуді ойластырды. (Бұл тұрғыдан алғанда Алаш көсемдері үкіметті күшпен, қантөгіспен басып алып, артын ағасы інісін, баласы әкесін өлтірген азамат соғысына айналдырып жіберген Ресей большевиктерінеи гөрі терең де зерделі, өз халқына жаны ашитын жанашыр, көреген қайраткерлер болғаны анық.

Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейінгі уақытта да Әлиханның қазақ халқы арасындағы бедел-құрметі аса зор болды. Алаштықтармен қарсы күресте қарсы позицияда тұрған, қызыл қыран атанған Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол.тайғақ кешу» атты кітабында: «Октябрь төңкерісінен кейін жиналыс-митинг, талас-тартыстар жиіледі. Орынборда болған Бекейхан бастаған алаш партиясы», десе, екінші бір жерде: «Бөкейханұлын құрметтеп Семейде қарсы алушылар Маннан Тұрғанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытұлы...» деп жазған.

Шындығында Әлиханның Семейге келуін халық зор мереке ретінде өткізген. «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 21 ақпан күнгі санындағы «Ғалиханның Семейге келуі» атты хабарда Сұлтанмахмұттың мынадай арнау өлеңі жарияланыпты:

Түймеге жарқылдаған

алданбаған,

Басқадай бір басы үшін

жалданбаған,

Қайтсе алаш көркейеді

деген оймен,

Басқа ойды өмірінде

малданбаған.

Бұл – өз ұлтының адал перзентіне деген ақын бағасы ғана емес, халық бағасы. Әлиханның Қарқаралыда алаш жастарымен кеңес өткізгенін Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінде» жазған.

Сөз соңында осыдан бір-екі жыл бұрын жазылған ұсынысымызды жаңғыртып, Әлихан Бөкейханның қастерлі есімін Қарқаралыда мәңгілік қалдыру шараларын ойластырсақ бұл қаламыздың 180 жылдығы аясындағы игілікті бір іс болар еді...


Мақсым Омарбекұлы,

жазушы-журналист,

Қарқаралы ауданының

Құрметті азаматы,

Қарқаралы қаласы.



Орталық Қазақстан.-2004.-3 ақпан.-4 б.




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет