Қарағанды облысының әкімі С. Ахметовтың Ақтоғай ауданы жұртшылығымен кездесудегі сөзі



жүктеу 39.15 Kb.
Дата04.07.2016
өлшемі39.15 Kb.
Қарағанды облысының әкімі

С. Ахметовтың Ақтоғай ауданы

жұртшылығымен кездесудегі сөзі

22 қаңтар 2010 жыл

Ардақты ағайын!

Құрметті қауым!

Ақтоғай – Қазақстан картасында жер шеті болмаса да, оқшау жатқан өлке. Жер мойнының алыстығы, өндіріс орындарының шалғайлығы көп ретте аудан халқының несібесін кемітпесе, арттырған жоқ. Дегенмен еңбекшіл елдің аты бәйге алған лектен қалып көрген емес. Сонау қол кетпенінің заманында да арықпен апай төске су жеткізіп, төсін иітсе, Жер-Ана алақанын ашып, жомарттық жасады. Ғалымдар маңдай терін төгіп, көз майын тауысып өмірге әкелетін бидайдың аса бағалы тұқымы «Ақ бидайды» қатардағы халық, қарапайым диқан әкелеріміз Тоқырауын бойына өсіріп, айтулы өнім алды. «Ақтоғайдың ақ бидайы» бүгінде ел ішінде, республика көлемінде аңыз болып тарап жүр. Маңдай тердің жемісі, ерлік еңбектің жеңісі деген, міне, осы.

Бертінде Ақтоғай ақтылы қойды мыңғыртып өргізсе, сол ақтылы қой Ақтоғайдың атақ-даңқын да аспанға көтерді. Елдің іргесі бекіді. Халықтың бұғанасы еңбекпен қатайып, әркім өз бақытын еңбектен іздеді. Шалғай ауданының ұрпақтарын енді республика жұртшылығы танып, өз несібесін молайтқан елге сүйсіне қарады. Бұл өз алдына бір тарих.

Ақтоғай - ән қыдыры қонақтап, небір тұлғалар туып, тұғырдан ұшқан ел. Олай дейтініміз, иісі қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздар Күләш Жасынқызы Байсейітова, арыны тау суындай тасыған әнші Манарбек Ержанов, ұлы өнерпаз Әсет Найманбаев, күй сабасын күмбірлеткен Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызы мен Мағауия Хамзин, ел мұңын күйге қосқан Сармантайдың Ахметжаны, Арқаның ақ иық ақыны Нарманбет Орманбетұлы, төкпе жырдың ақберендері Шашубай Қошқарбайұлы мен Кенішбай Жұбандықұлының ұшқан ұясы Ақтоғай десек, көңіл өсіп, қуаныштан жүрек тебіренеді. Оларсыз алты Алашқа Ақтоғай аты таныла қоймас еді.

Бұлақтың қасиеті – көзі солып, суының тартылмағандығы. Мөлдір бұлақ шым-шым қайнап, сынап суы аунап ағып жатыр. Ақтоғай тіршілігі де, өнері де сол бұлақ тәріздес. Бүгінде «Ақтоғай-өнерпаз ел», «Ақтоғай-әнші ел» аталуының бір сыры да осында жатса керек. Шүкір, тұлпар тұяғын тай басып келеді. «Тоқырауын толқыны» вокалды ән-би ансамблі ауданның әні мен сәні десек артық айтқандық емес. Республикаға танымал белгілі өнерпаздар Гүлдана Сапарғалиева, кино өнерінің жұлдызы Кеңес Нұрланов, әнші Рымкеш Жұмаділовалар - осы өнер шаңырағынан түлеп ұшқандар.

Ақтоғай – тұлғалар туған орта. Кеңес дәуірінде «Алты Алаш өз алдына тәуелсіз ел болсын!» деп, басын бәйгеге тіккен Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтер еді. Бір ұядан ұшқан үш қыранның да Ақтоғай жерінде кіндік қаны тамған. Осынау Алаштың ардақты арыстарына бүгінгі күні Ақтоғай төрінде монумент ескерткіш қойылған. «Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деген, сірә осы болар.

Алты Алаштың рухани көсемі Әлиханды, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақыпты, ұлтымыздан шыққан тұңғыш математик, белгілі ғалым Әлімханды берген орта бүгін де құр алақан емес. Олар тау-кен саласының белгілі ғалымы, республикада тұңғыш Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған Әлихан Шөжебайұлы Мусин, математика ғылымдарының теңдесі жоқ ақбозы Орынбек Жәутіков, Әл-Фараби танушы Ақыжан Машанов, қазақ әйелдерінің арасында тұңғыш медицина ғылымының докторы атанған Гүлбахрам Тарабаевалар. Олардың жолын белгілі ғалымдар Әсет Болғанбаев, Төкіжан Ағдарбеков, Әуезхан Омарханов, ағайынды Төлепберлі мен Әбдіғали Ақышевтар, Ризатай Айтмағанбетов пен Гүлжан Жүнісова, Теңлік Изақов тағы басқалар сабақтастырып келеді.

Дуалы ауыз ақындарымыз Жеңіс Қашқынов, Дәуітәлі Стамбеков, Серік Ақсұңқарұлы, қыл қаламның құдіретімен кешегі Одақты өзіне табындырған Сахи Романов Ақтоғай шаңырағына жайылып кереге, қадалып уық болды.

Дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Хайдар Арыстанбеков, Сарышаған тумасы, Қазақстанға белгілі заңгер Кеңес Жармұқанбетұлы, республика көлемінде ірі қызметтер атқарған марқұм Рахымжан Шаяхметов, жоғарғы оқу орындарының танымал мамандары ғалым тасаралдық Ерқара Аймағанбетов, Әуезхан Қанафин, тәуелсіз еліміздің туын көтеріп жүрген тума түлектер Қабылсаят Әбішұлы Әзімбаев, Алтай Болтайханұлы Зейнелғабиден, Махмұт Кәсіләнұлы Әліпбергенов, Болат Байжасаров, Тілеуғали Әшірбекұлы Қышқашбаев – тізе берсек көп. Туған жерімен жүрегі бір түлектері міне, осылар.

Ақтоғай ауданының бүгінгі жер көлемі 5 миллион 199673 шаршы километр. Егістігі 21 мың 123 гектар. Онда 51 елді мекен 17 селолық округтар орналасқан. Ұлттық құрамға келсек, 14 ұлттың өкілдері ауданымыздың негізгі тұрғындары. Ең шалғай елді мекен Сарышаған кенті аудан орталығынан 360 километр қашықтықта орналасқан.

Бүгінгі күні ауданның шаруашылығы да, экономикасы да бұрынғыдан әлдеқайда қуатты. Балқаш көлінің балығын аулап, өңдейтін ірі акционерлік қоғам мен алтын өндіретін тау-кен компаниясы, Тасарал сияқты балықшылар ауылы, Сарышаған кентіндегі темір жол торабы – аудан экономикасының негізгі қуатты тұтқасы. Ал, ауылды жерлерде 600-ге тарта шаруа қожалықтары мен фермерлер мал өсіріп, егін салумен айналысады. Өзін де, өзгені де жарылқап отырған жекелеген шаруа қожалықтары Сейдіғали Сейілханов, Зікірия Көпбаев, Қабылбек Мұқашев, Қанат Бөлебаев, Біләл Қабылов, Серік Қанафин, Береке Мұқышев, Зәкәрім Сыздықов, Тілеуғабыл Кенжебеков, Манатбек Кәрібеков, Қабдыраш Тұяқбаев, Қадырберлин Тілеуберлі, Мейрамбек Әбіжанов, Сенбі Кенжебаевтардың игілікті істері баршылық.

Міне, аға ұрпақ дәстүрін лайықты жалғастырып келе жатқан елдің осындай азаматтары ауданның келбетіне ғана емес, халықтың әл – ауқатының артуына да сүбелі үлестерін қосып келе жатыр.



Ардақты ағайын!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған салиқалы саясат қалың қазақ жұртын, көп ұлтты Қазақстан мемлекетін әлемнің барлық елдері танитын биікке көтерді. Әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуға бет түзеген Ұлы көшке керуен қосқан Ақтоғай ауданының да мерейі биік, мәртебесі асқақ. Ендеше, алдағы уақытта да аудан халқы ерен еңбегінің арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің абыройын асқақтата берері сөзсіз.
: files
files -> Оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы
files -> Бағдарламасы Қазақ бөлімі «Тіл теориясы»
files -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
files -> Н. Д. ОҢдасынов ? Арабша-қазақша түсіндірме сөздік
files -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
files -> Қазақ әдебиетінен тапсырмалар. Құрастырған: ф.ғ. к.,проф. Б.Қ.Қапасова
files -> «№ `мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> «№мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Тест. 9-сынып. Сын есім қандай сұраққа жауап береді?




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет