Қазақ әдебиетінен тапсырмалар. Құрастырған: ф.ғ. к.,проф. Б.Қ.Қапасова



жүктеу 321.92 Kb.
Дата19.06.2016
өлшемі321.92 Kb.
Қазақ әдебиетінен тапсырмалар.

Құрастырған: ф.ғ.к.,проф. Б.Қ.Қапасова

1. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті

1.XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ даласының мәдениеті туралы не білесіңдер? 2.XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласында қандай өзгеріс болды? 3.XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі тарихи жағдайлармен салыстырыңдар. 4.XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ерекшеліктерін еске түсіріңдер. Жыраулар деген кімдер еді? Олардың өлеңдері не туралы болды? 5.Қазақ халқының шаруашылығы туралы не айта аласыңдар. 6.Халықтың шаруашылығы мен мәдениеті, әдебиеті арасында қандай байланыс бар? 7. Бұқар жыраудың «Айналасын жер тұтқан...» өлеңін мәнерлеп оқыңдар. 8. Өлеңнен не түсіндіңдер. A) Өмірдің (дүниенің) өтпелі екендігі туралы; B) Байлық пен кедейлік туралы; C) Ай мен күн туралы; D) Жалғыздық туралы. 9. Шығармадағы толғауға тән белгілерін төмендегі мағлұматтарды пайдалана отырып табыңдар.

Айналасын жер тұтқан

Айналасын жер тұтқан Айды батпас демеңіз. Айнала ішсе азайып, Көл суалмас демеңіз. Құрсағы құшақ байлардан Дәулет таймас демеңіз. Жарлыны жарлы демеңіз, Жарлы байға тең келіп, Жайлауға жарыса көшпес демеңіз. Жалғызды жалғыз демеңіз, Жалғыз көпке теңеліп. Бір жаһанда соғысып, Кегін алмас демеңіз. Құландар ойнар қу тақыр Қурай бітпес демеңіз. Қурай бітпес құба жон Құлан жортпас демеңіз. Құрсағы жуан боз бие Құлын салмас демеңіз. Қулық туған құлаша Құрсақтанбас демеңіз. Қу таяқты кедейге Дәулет бітпес демеңіз.

▄ XV- XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіне жыраулық үлгілер тән. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жыраулар дәстүрін кейінгі әдебиетте ғана емес, бүгінгі қазақ ақындары да да кең қолданады. Одна из особенностей духовной жизни казахов XV- XVIII в.в. – возникновение и развитие импровизаторской поэзий, появление певцов-жырау, акынов. Жырау (жыр – стихотворение) – певцы, создающие произведения на общественно-политические и военные темы, их стихотворения зачастую в виде толғау – глубокие проповеди, канонические изречения, нередко они были советниками при дворе правителей Казахского ханства и исполняли разнобразную роль, являясь посредниками между правителем и народом. Радоначальниками казахской поэзий, зарождение которой относится к XV веку, явились Асан Қайғы, Қазтуған жырау, известны и такие имена: Доспамбет жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау. Жырау – қоғамдағы негізгі мәселелерді толғау-жырларына тақырып ететін, ойшыл, ақылшы. Жырауға тән белгілер: 1.Қоғамдық, философиялық тақырыптарды толғайтын ақын. 2. Майданда жауынгерлерге рух береді. 3. Хан мен билеушіге қоғамдық, саяси істерде ақыл беруші. 4. Жыраулар ақын ғана емес, батыр да болады. 5. Жыраулардың өлеңдері толғау деп аталады. Толғау – 7-8 буынды, түйдекті ұйқас. Жыраудың басты ерекшелігі – ақын ғана емес, оның қоғам қайраткері, жұрт ақылшысы, ел бастаушысы екендігінде. XIX ғасырдағы Махамбет, Дулат, Мұрат өлеңдері жыраулар жырларын еске түсіреді. Бұл ел мен жер тақырыбын жырлаған өлеңдерінде мол.

?!1. XIX ғасыр әдебиетін жасаушы ақын мен жыраудың ерекшеліктерін атаңдар. 2. Қазақ әдебиетіндегі Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жыраулардың өлең-толғауларын еске түсіріңдер. 3. XIX ғасыр әдебиетіндегі негізі тақырып қандай болды? А) батырлық В) заман мен адам өзгерісі С) оқу-білім D) дін 4. «Зар заман» деген ұғымды қалай түсінесің? А) Халықтың бақытты өмір сүрген кезі. В) Билеушілер әділ болған кез. С) Елдің әлеуметтік дамыған шағы. D) Халықтың қиыншылықты көп көрген кезі.

2. Дулат Бабатайұлы шығармашылығы

Тегімді менің сұрасаң...

(үзінді)

Тегімді менің сұрасаң, 

Қалың Найман нуынан.

Жырымды менің сұрасаң,

Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам.

Сорғалаған нөсердей

Жырын тыңда, Дулаттың.

Тасқын судай ағызып,

Торқалы тобыр тойында,

Топ бас қосқан ойында,

Қасқа - жайсаң алдында

Топ жиынды дулаттым.

...Парақор баспақ биіңді,

Ел бүлдіргіш бегіңді

Әперіп сөзбен кегіңді  -

Улы тілмен улаттым.

...Ұйқы беріп, қайғы алған,

Қайғылыны уаттым.

Жырымды менің тыңдаған

Сөз ұғатын соңғы адам,

Тыңдаудан әсте тынбаған,

Гауһардай дүрі бұлдаған,

Сарқырап аққан жылғадан

Жыр арнасы суатпын...



*тек ( –гі) – происхождение, род порода ну – густой алтынның буы (немесе алтын жалатылған) – позолоченный тұманың суы – родниковая вода тұнық – чистая, прозрачная кеуде – 1) грудь,бюст (до пояса); 2) здесь: душа, сердце нөсер – ливень, проливной дождь бас қосу – здесь: собираться, объединяться қасқа –жайсаңдар – высокопаставленные аристократы, главы родов дулату – здесь: разбудит парақор – взяточник баспақ: (баспалау, қорқу ) – здесь: трус, трусливый би – бий, судья (разбиравший спорные вопросы по обычному праву казахов) бек – бек (представитель господствующего класса феодального общества в Казахстане и Средней Азий жылға – ложбина суат – водопой

?!1. «Тегімді менің сұрасаң...» өлеңін мәнерлеп оқыңдар. 2. «Тек» деген сөзді қалай түсінесіңдер. Қазіргі тілде оны «фамилиямен» ауыстырады. Ақын өлеңіндегі мағынасын ашыңдар. А ) әкесінің, аталарының аты; В ) туған жері; С ) әулеті, шыққан негізі; Д ) келешек ұрпақ. 2. Ақын өз тегі, сыры мен жыры туралы не айтады? «Сыр» дегенді қалай түсіндіресің. А ) әр адамның өзінің ішкі ойы, жасырын пікірі; В ) көңілі; С ) айтқан, болашақта айтқысы келетін ойлары. Қай жауап дұрыс. 3.Дулат жырларын қайда айтады? Тыңдаушылары кімдер? 4. Ақын өлеңдерінде кімдерді сынайды? Кімдерді жақтайды? 5. Дулат өлеңдерінің мақсаты жөнінде не дейді? 6. «Ұйқы беріп, қайғы алған» тіркесінің мағынасын ашыңдар. А ) мазасыздану, мұңаю; В ) ұйықтамау; С ) біреуге бірнәрсе беру. 7. Кестені толтырыңдар.

Ақын жыры

сыры

жыр айтатын орны

тыңдаушы-

лары

сынаушылары

өлеңдегі теңеу мен эпитеттер



















?! 1.Дулаттың жаңа заман жайындағы ойларын Бұқар жыраудың «Айналасын жер тұтқан» өлеңімен салыстырыңдар. Қандай айырмашылық байқадыңдар. Төмендегі пікірлермен келісесіңдер ме? Өлеңдерден мысал келтіріңдер. А) Қоғам өзгерісі айтылады.. Дүниенің өтпелілігі айтылады. В) Әлеуметтік жағдайының төмендегені Жалғыздық, кедейлік те жырланады. мәңгілік еместігі айтылады. С) Болашаққа күдікпен қарайды. Барша адамдарға тән философиялық ой айтылады. 3. Ақын жайындағы ғалым Р.Сыздықова пікірін еске түсіріңдер. «Дулат – жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен ақын» - деп бағалайды ғалым Р.Сыздықова. Дулаттың қазақ әдебиетіндегі жыраулық пен ақындық дәстүрді жалғастырушы екендігін дәлелдеп көріңдер.

3. Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы

?!1.Исатай Тайманұлы туралы тарихи мәліметтер оқып, ақын өлеңімен толықтырыңдар. 2.Исатайдың бойында батырлар жырларындағы ерлерге тән қандай қасиеттер бар? 3.Исатай бейнесі суреттелетін өлеңдерді атаңдар. 4. «Соғыс» өлеңі мен «Әй, Махамбет жолдасым» өлеңдерін салыстырыңдар. Қай өлеңде майдандағы батыр бейнесі, қай өлеңде Исатай сезімі бейнеленетінін өлең жолдарынан табыңдар. 5.Шернияздың Исатай туралы айтатындарымен салыстырыңдар. 6. Ақынның «Соғыс» өлеңі бойынша кестені толтырыңдар.

Оқиға суреттелген кез

Исатайдың сырт тұлғасы

Мінген аты

Жанындағы әскері















4. Сүйінбай Аронұлы шығармашылығы

«Бала Жамбылға бата» өлеңі. Бата – қазақ дәстүрлерінің бірі. Жасы үлкен, елге қадірлі адамдар кейінгі жасқа тілек тілейді. Жыр алыбы атанған Жамбыл Сүйінбайдан бата алыпты. О, Жамбыл, бата дедің – бердім саған, Бақытты, өмірлі боп, жүргін аман. Батасын ат орнына берді ғой деп, Қоймағын былай шығып кінә маған.

Соңынан Сүйінбайдың орнын басып, Тіліңнен бал тамсын сорғалаған. Жапаға, риза болсын, айта барғын, Осымен өкпелей жүрсін маған.



*датқа – датха (титул, присуждавшийся в Кокандском и Бухарском ханствах людям, занимавшим высокую административную должность) қылтыңдау – здесь: изменчивый парақор – взяточник жанашыр – близкий человек, заботливый, проявляющий внимание қам (халықтың қамы) – забота (забота о народе) бата – благословение ат орнына бата беру - благословить взамен коня кінә қою (кінәлау) – обвинять былай шығып – здесь: после, потом

орнын басу – занять чье-либо место; здесь: быть наследником тілінен бал ағызу – источать из языка мед; здесь: говорить красноречиво риза болсын – быть довольным Жапа – имя отца Жамбыла

?!1. Арнау өлең деген не? 2.Сүйінбайдың арнау өлеңдерін атаңдар. 3. Бұған дейінгі ақындардың арнау өлеңдерінен Сүйінбай өлеңдерінің ерекшелігі, ұқсастығы неде? Дулат ақын өлеңдерімен салыстырыңдар.

4. Бата деген не?



5. Тілектен батаның айырмашылығы қандай? Дұрыс жауаптарды табыңдар. Оларға түсініктеме беріңдер. А) Кез келген адам айтады.

В) Жасы үлкен, елге сыйлы адам айтады. С) Жасы кішілерге бата береді.

D) Кез келген жастағы адамға бата бере береді. 6. Сүйінбай батаны кімге береді?

7. Жамбыл туралы не білесіңдер.

8. Өлеңде Сүйінбай Жамбылға қандай тілек айтады? 9. Ат бермей, бата беруінің себебі не деп ойлайсыңдар? 10.«Соңынан Сүйінбайдың орнын басып» жолының мағынасын қалай түсінесіңдер? 11.Өздерің бата алғыларың келе ме? Кімнен бата алғыларың келеді? Батада өздеріңе қандай тілек, өсиет айтылғанын қалайсыңдар.

5. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті

?!1. XIX ғасырдың екінші жартысының қазақ даласындағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи жағдайлары туралы айтыңдар.

2. Ресей патшалығының Қазақстанды отарлап алғаннан кейін қандай жақсылықтар мен кері әсерін тигізер жат жаңалықтар келді?

3.Қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттар және олардың сипаттарын ашыңдар.

4. Орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланыстары біз үшін не берді?

5. Ыбырай, Абай өлең жырлары бұрынғы ақын -жыраулардан несімен ерекшеленді?

6. Ыбырай мен Абай дәстүрі қазақ даласында тез тарады. Бұған не себеп болды деп ойлайсыңдар?

7. XIX ғасырдың екінші жартысындағы белгілі ақындар деп кімдерді атайсыңдар? Қай шығармалары естеріңде бар?

6. Шоқан Уәлиханов шығармашылығы

Сот реформасы туралы жазбалар

(үзінді)



«...Заң шығарушылар мен реформа жасаушылардың бәрінің де қоғам пайдасын ойлағандығына және соны ойлайтындығына күмән жоқ, бірақ қоғамның дамуына не пайдалы, не зиянды деген ұғым әр ғасырда әр түрлі болған, қазір де біздің арамызда, кертартпалық, бұрынғы аңыздарға әдеттенгендіктің салдарынан бірсыпыра жұрт сөзсіз ақиқат деп сеніп жүрген тағылық болжаулар көп, ғылым ондай болжаулардың қателігін және негізсіздігін айқын дәлелдегенде де олар соны істеп отыр. Біздің заманымызда халықтың мұң-мұқтаждарына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа - экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформа сол экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек. Өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады... Ол мақсат - өзінің тұрмысын жақсарту. Прогресс дегеніміздің негізінің өзі - осы. Біз осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызған ғана реформалар керекті де, ал осы мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады...»
*заң шығарушы – издавать закон

жасаушы – составитель

кертартпа – консервативный

әдеттену – привыкать

экономикалық – экономический

әлеуметтік – социальный

жүзеге асыру – осуществляться, претворяться в жизнь
?!1. Ш.Уәлиханов қандай мәселені көтереді?

А) Заң шығарушылар мен реформа жасаушылардың нені басты мәселе етуі қажеттігін айтады.

В) Саяси реформаның дұрыс жасалуын талап етеді.

С) Елдің рухани дамуын көтеру керек дейді.

2. Экономикалық реформа мен әлеуметтік реформалар туралы не білесіңдер? Бұлардың сабақтастығы неде деп ойлайсыңдар?

3. Адамдар тұрмысын жақсартудың негізі деп қай реформаға мән береді ? Прогресс деген не? Оның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуға қатысы қандай?

4. Жеке адамдар тұрмысының жақсаруының прогреске қатысы қандай?

5. Ш.Уәлиханов неге саяси реформаны емес, әлеуметтік реформа қажет дейді?

6. Бүгінгі күн үшін Шоқан ойының өзекті болып қала беретіндігін дәлелдеңдер.

7. «Қазақстанға қажет жаңа реформа» деген тақырыпта өз ойларыңды мақала етіп жазыңдар.

7. Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы

Әңгімелері. Ы.Алтынсариннің әңгімелері дегенде төмендегі ерекшеліктерді көрсетуіміз қажет. 1. Ыбырай қазақ әдебиетінде алғаш шағын әңгімелер жазды. 2. Жазушы шағын әңгіме арқылы тағлымды ойды, ғибратты түйінді беруге болатындығын көрсетті. 3. Жазушы қазақ әдебиетінде қысқа әңгімелер арқылы бұған дейін жақсы, жаман деп бөлініп келген адам мінезіндегі қасиеттерді атын атап, балаларға алғаш көркем мәнде түсіндірді. 4. Батыс, Шығыс халықтарындағы жақсылықты білдіретін таным, түсініктерді қазақ халқының түсінік ыңғайына салып баяндады. 5.Алтынсарин әңгімелерінің мазмұны әділдікке, адамгершілікке, талаптылыққа, өнерге, еңбекке, оқу-білімге, достыққа т.б. жақсы қасиеттерге шақырады. Жақсылыққа жақын болып, жамандықтан жоламауға үйретеді. 6. «Қазақ хрестоматиясына» кірген шағын әңгімелердің тақырыбын еңбек, тәрбие, өнер деп шартты түрде бөлуге болады. 7. Бұған дейін көп көтеріле бермеген сабыр, шыдам, мейірім, қайырым, тазалық, кішіпейілдік сияқты тақырыптарға әңгімелер жазды.

Әке мен бала



Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты: Анау тағаны, балам, ала жүр, деп. Бала әкесіне: Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын,деді. Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем-бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты: Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, көптен де құры боласың деді.

*темірші ұста – кузнец

түю – завязывать узлом, собирать в узел

жамансынып – считать плохим

еңкею – нагибаться

қиынсыну – считать для себя трудным

тап болу – обнаружить

қанағат ету – довольствоваться

құры болу – құр қалу: остаться без ничего

?! I. Қарапайым деңгей талдауы.

1.1. Әңгіме не туралы?

1.2. Әңгіменің кейіпкерлерін атаңдар. Олар кімдер?

1.3. Әкесі мен баласы қайдан келе жатты?

1.4. Олар не тауып алды?

1.5. Әкесі мен баласы тағаны не істеді?

1.6. Кімдікі дұрыс болды?

II. Орта деңгей талдауы.

2.1. Әңгіме тақырыбы не?

2.2. Әңгіменің идеясы қандай?

2.3. Әкесінің бейнесін ашып көрсетіңдер.

2.4. Баланың бейнесіне талдау жасаңдар.

2.5. Әңгімедегі оқиғаларды жинақтап тұрған тірек сөзді көрсетіңдер?

2.6. Әңгімедегі негізгі ойды ашатын сөйлемді табыңдар.

III. Күрделі деңгей талдауы.

3.1. Әңгімедегі жерде жатқан заттың қаржыға (шиеге) айналуына басты себепші кім?

3.2. Әңгіме ішіндегі кейіпкерлерді негізгі әрекет етуші, қосымша әрекет етуші, ақыл алушы деп бөліп, аттарын атаңдар. Өз ойларыңды дәлелдеңдер.

3.3. Әңгіме ішіндегі оқиғаны неше шағын сюжеттерге бөлуге болады?

3.4.Әке бейнесі баладан несімен басым.

А) Жасы үлкен.

В) Күші көп.

С) Ақылы мол.

D) Көпті көрген.

3.5. Көп ақылмен мол байлық табуға болады деген ойға әңгімедегі қай кейіпкер лайық?

3.6. «...аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, – көптен де құры боласың» деген әкесінің ақылын тыңдаған баланың болашағы қандай болады деп ойлайсың?

2. Әңгіме басындағы баламен әңгіме соңындағы бала бейнесінде өзгеріс болады деп ойлайсың ба? Өздеріңді кейіпкер бала орнына қойып көріңдер.

3. «Мол байлық басы әке ақылын тыңдаудан басталады», «Әке ақылын алған бала алысқа барады» деген тақырыптардың біріне шағын әңгіме жазыңдар.

Талаптың пайдасы

Петр Великий деген осы күнгі ақ патшамыздың бабасы бір күн шіркеуде тұрғанда көп адамның артқы жағында үңіліп патшаға қарап, бөркімен қалқалап қана бір нәрсені сызып тұрған балаға көзі түседі. Мұнымен бөтен кісінің ісі жоқ, жалғыз-ақ ақылы кемел патша сол бала-екеш балаға да көзін салып тұрған екен. Тілек тілеп болған соң, жұрт екі жарылып, патшаға жол беріпті. Сонда патша тұп-тура манағы балаға барды. Бала қолындағы сызумен болып тұрып, тіпті патшаның қасына келгенін де байқамай қалыпты. Сонда жұмсақ шыраймен патша сұрады: - Неғылып тұрсың? - Сенің жүзіңді жазып алайын деп едім. - Оны не қылмақсың? - Даңқың, дабылың жер жүзіне жайылған патшам, сенің суретіңді сызып алып, өміріме шейін бойымда сақтайын деп едім. - Қане, көрсетші сызғаныңды? Сол уақытқа шейін қорықпай жауап беріп тұрған бала, сызғаныңды көрсет дегенде, қысылайын депті, сөйтсе де, сызған қағазын әдеппен патшаның қолына берді. Қараса, сурет реуішті де емес, әйтеуір өз білімінше сызған сызық, бала ол күнде сурет салуды қайдан білсін. Солай да болса, әлемге ақылы жеткен патша баланың талапты, зирек екенін аңғарып, оқуға бергізіп, ақырында сол бала, бүкіл орыс жұртына даңқы шыққан Матвеев деген суретші болған.



*баба – прадед

қалқалау – делать невидимым

тілек тілеу – здесь: просить (от бога) добра, благополучия

реуішті де емес – әдемі де емес

?! 1.Әңгімедегі басты кейіпкер кім?

2. Әңгіме кейіпкерінің басқалардан өзгешелігі неде?

3. Бала бойынан қандай қасиеттерді (мінездерді ) байқадыңдар?

4. Талап, еңбек, талант әрқайсысына түсінік беріңдер.

5. Балаға ең басты керегі қайсысы деп ойлайсыңдар? Талант па, жоқ, әлде талап көбірек қажет пе?

6. Өз бойларыңда қайсысы көбірек бар деп ойлайсыңдар?

7. Патшаға баланың қай мінезі ерекше ұнады деп ойлайсыңдар:

А) Өзінің суретін салғаны;

В) Баланың талабы;

С) Ел алдында: «Даңқың, дабылың жер жүзіне жайылған патшам, сенің суретіңді сызып алып, өміріме шейін бойымда сақтайын деп едім», – деген сөздері ме?

8. Патша қандай адам?

9. Мәтіннен патшаның мінезін ашатын сөйлемдерді тауып, оны мінезімен сабақтастыра ашыңдар.

10. Баланың өскен соң белгілі суретші болуының басты себебі неде деп ойлайсыңдар?

А) Талабы;

В) Патшаның суретін салуы;

С) Патшаға ұнауы;

D) Ел алдында қорықпай патшамен сөйлесуі.

11. Әңгімені оқып, мазмұнын айтыңдар.

12. «Талапты адам – жарты бақытқа ие адам» деген тақырыпта шағын әңгіме жазыңдар.

8. Абай Құнанбаев шығармашылығы

Өлсем орным қара жер сыз болмай ма? (үзінді) Өлсем,орным қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат ғадауатпен майдандасқан Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма ? Біреуге жай, біреуге тез болмай ма? Асау жүрек аяғын шалыс басқан. Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?

Сонда жауап бере алман мен бишара, Сіздерге еркін тиер, байқап қара. Екі күймек бір жанға әділет пе? Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!

...Ішім — толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей. Өлең шіркін — өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей.



*ғадауат – ненависть, вражда қаны қара бір жан – печальный человек сандалма – бесцельное времяпровождение сыз болу – здесь: холод шалыс басу – допустил оплошность артқы – здесь:потомок, поколение жұмбақ адам – тайный человек терең бойлау - глубоко проникать соқтықпалы – смутный, трудный соқпақсыз – без тропинки дүрдей – важный

?!1. Өлеңнің алғашқы шумағында не туралы айтылады? А) Қуаныш.

В) Бақыт.

С) Табиғат суреті..

D) Тіршілік мәні. 2. Өмірдің қысқалығы немесе ұзақ тіршілік туралы екінші шумақтың қай тармағында айтылады? 3. «Екі күймек бір жанға әділет пе?» тармағын қалай түсінесің? Бұл дүние мен о дүние туралы қандай діни кітаптарды білесіңдер. Оларда екі дүние туралы не айтылады? Абай жан қиналысы қандай ойларға жетелейді? 4. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» , «мыңмен жалғыз алысқан» шарасыз ақын бейнесі естеріңе кімдерді түсіреді? Талант пен қоғам туралы ойларыңды ортаға салыңдар. 5. «Өлең шіркін - өсекші жұртқа жаяр» тармағы жөнінде не айтуға болады? 5.1. Өлең – ақыннның жан сыры ма? 5.2. Ақынның өнерден, поэзиядан көңілі қалған ба? 6. «Сырымды тоқтатайын айта бермей». Өлең тоқтады. Ақын жоқ. Оқырман сендер не дейсіңдер? Абайдың осы жолын Ю.М.Лермонтовтың «Погиб поэт» өлеңімен салыстырыңдар. Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айтыңдар.

?!Абайдың табиғат лирикасына жазылған өлеңдерін төмендегі кестемен талда.


Тақырыптары

Қыс

Жазғытұрым

Жаз

Күз

Кімге ұқсатады













Кімдерді бейнелейді













Табиғат суреттерін көрсететін сөздер














Аудармалары. 1886-1889 жылдары Пушкиннің «Евгений Онегинін» аудара бастайды. Ақын ел ішінде ұстаздық етеді. Мәжіліс құрып, шәкірттеріне бар білерін үйрете бастайды. Әлем әдебиетін әңгімелеп айтып, жаңа тәсілмен ел құлағына құя береді. «Мың бір түн», «Шахнама», «Бақтажар», «Ләйлі- Мәжнүн» секілді шығыс дастандарын өңдеп айтып, мүлдем тың А.Дюманың «Үш нояны», «Он жылдан кейіні», «Король қатын Марго», «Лесаждық», «Ақсақ француз», Еуропаның жайын айтар «Қызыл сақал», «Сүлеймен патша кеніші» романдары қазақ даласына тарайды. Алғаш Абай Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударуымен көрінеді.
Абайдың аудармалары

Шығарманың аты

Кімнен аударылғаны

Абай аудармасының ерекшелігі

1. «Евгений Онегин»

А.С. Пушкин

1.Бөлек үзінділер түрінде аударды.

2. Шығарма тұтастай аударылмайды.

3. Көбіне хаттарына мән береді.

4. Пушкинде жоқ Абай аудармасындағы Онегиннің ақырғы сөзі беріледі.

5. Романдағы ой, сезім көркем бейнеленеді.


2. «Демон»

Ю.М. Лермонтов

1. Демонның мұсылманша ұғымы «әзәзіл», Абай шайтан деп алады.

2.Діни аңызды қазақы түсінікке жақындатады.



3. «Есек пен бұлбұл»

И.К. Крылов

1. Крыловтың бір жолын Абай 4 жолмен береді

2. Ой түйіні басқа беріледі.






  1. 1887 жылдан бастап аудара бастайды.

  2. Абай орыс ақындарының шығармаларын таңдаған.

  3. Байрон, Гете шығармаларын Лермонтовтан алып қазақшалайды.

  4. Ақын түпнұсқадағы ойды қазақ қоғамына бейімдейді.

Патшаның отаршылдық езгісін көріп отырған халыққа, орыс халқының екінші жағын – сезім, ойларын көрсетті.

5.Қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетінің өзара байланысына кең жол ашты.

«Теректің сыйы» өлеңі Ю.М. Лермонтовтан аударылған. Абай Лермонтовтан жиырма жеті өлең (үзінділер) аударған. Поэмаларынан да үзінділер аударады. Лермонтовтың бірнеше өлеңдерін сол қалпында алмаған. Кейбір шумақтарын қалдырып, өзгертіп аударғандары да бар. Солардың бірі – «Теректің сыйы». Лермонтовта жетпіс жеті жол, Абайда отыз сегіз жолмен берілген. Каспийге Теректің кабардин жігітін әкеле жатырмын, сауытында Құранның аят бар дейтін жерді алып тастаған. Кей шумақтар түпнұсқадағы мазмұннан едәуір өзгешеленеді. Бұнда Абайдың өзі жасаған көркем бейне суреттер де мол. Сондықтан да ақынның суреткерлік талантын танытқан туындылардың бірі ретінде де өзгеше. Теректің сыйы

Асау Терек долданып, буырқанып, Тауды бұзып жол салған, тасты жарып. Арыстанның жалындай бұйра толқын Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу, Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су. Қалың қайрат бойында, беті күліп, Момынсынған пішінмен ағады қу.

-Кавказдай құзда туған перзенттенмін, Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін. Казбектен, ағам, сені көксеп шығып, Кім қақтықса, жолымда күйреткенмін.

Зор кеуде адамзаттың айласына Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін. Екі езуім көпіріп, айғайласам, Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.

Аптығып асау інің келді, ақсақал! Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал. Дем алайын деп келдім, аш қойныңды, Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.

Әкелген бұғы менен маралым бар, Адамнан тартып алған көп малым бар. Ер-тоқымы, атымен, қаруымен Ер шеркесті әкелген амалым бар.

Мұның бәрі - тартуым сізге,- дейді, Ақылыңды айт, ақсақал, бізге,- дейді. Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан, Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.

Қартаң Каспий қалғыған бойыменен Терекке көзін ашып үндемейді.

- Азырқандың, білемін, ақсақал шал, Тентегіңнің сөзіне құлағың сал. Казак-орыс қатыны бір сұлуды Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты, Жылы жүзбен Терекке амандасты. Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп, Қатынды алды, қитықсыз араласты.

*Терек – река на Кавказе, которая впадает в Каспииское море Казбек – одна из высоких вершин в кавказе момынсынған пішінмен – со смирным видом көксеу – армандау екі езуі көпіріп – с пеной у рта күйрету – разрушать тербету – покачивать талқан қылу – бұзу, қирату азырқану – казалось мало

?!1. Өлең не жайында? 2. Терек қандай өзен екен? 3. Төмендегі кестені толтырыңдар.

өзен қимылын білдіретін сөздер

ағысының күштілігін білдіретін сөздер

өзендегі адам мінезінің суреттері










4. Ақын Теректі қандай жастағы адамға, Каспийді қандай жастағы адамға ұқсатады? Оның себебі неде деп ойлайсыңдар ? 5. Терек Каспийге неге сый жасағысы келді? А) Өз батылдығын көрсеткісі келді. В) Дем алып, сабыр қылғысы келді. С) Адамзаттың айласына қарсы күш көрсетуді ойлап, көмек, ақыл сұрайды. D) Сыйлықтарын әйтеуір біреуге беру керек. Сосын Каспийге әкелді. 6. Теректің қай сыйын Каспий қабыл алмады? Қандай сыйын алды? Неге? 7. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар. М. Ю. Лермонтовтың «Дары Терека» өлеңімен салыстырыңдар.

9. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы

Ш.Құдайбердіұлының шығармаларын кестеге толтырыңдар. Тақырыптық-жанрлық жіктелістен қандай ерекшелік байқадыңдар?

Тақырыптары

Өлеңдері

Поэмалары

Аудармалары

Өнер - білім










Махаббат, сүйіспеншілік










Әлеуметтік









10. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы

Мәшһүр-Жүсіптің халық ауызынан жинап алған мұрасы мол. Солардың Жиренше шешен туралы әңгімелердің өзі бірнешеу. Солардың бірі – «Жақсыдан жаман тумайтыны» деп аталады.

Жақсыдан жаман тумайтыны

Әз Жәнібек бір күні Жиреншеден сұрапты: – Шешен, хас жақсыдан жаман туа ма? – депті.

Шешен :

– Тумайды! – депті.

Сонда хан ойлапты: «Өзінің баласы жаманға қосылып кетеді, – деп, - соны қорғап отыр-ау!» деп.

Мұнан кейін біраз жылдан соң Жиренше өліпті. Мұнан кейін біраз жыл өткен соң, басқа елді шауып келуге жорыққа шығыпты. Сонда Жиреншенің баласы шешесіне келіп:



  • Осы жорыққа мен де барсам, қайтеді? – деп сұрапты. Шешесі баласына:

– Әкеңнің айтып жүрген сөзінен ұққаның бар ма? – депті.

Сонда баласы айтыпты:



  • «Жорыққа барсаң, аттың сырмінезін мін, сырмінезі жоқ болса, жасынан мін!» - деуші еді. – депті.

Сырмінез аттың бәрін мініп қойған. Бір жас атты ұстап мініп, бұл да барыпты. Барған ел соғысып, ханның атына оқ тиіп, қолда қамауда қалуға қарағанда, басқа батырлдардың бәрі қашып кетіп, Жиреншенің жаман баласы ханға келіп, атын беріп, өзі қолда қалыпты.

Сонан елге келгеннен соң батырларын жинап алып, Әз Жәнібек хан айтқан екен:



  • Таудан аққан тас бұлақ

Құймай қоймас теңізге.

Жақсыдан жаман туғанмен,

Тартпай қоймас негізге! – депті.
*Жиренше шешен (XV в) – оратор, имя которого стало легендой и который известен в народе своим красноречием, находчивостью и умом. Судя по преданиям и рассказам, такой человек существовал и жил во времена Жанибек хана.

хас – нағыз



жақсы – жаман (адамдар) – адам мінездері, қасиеттеріне қарай заттандырып алған

жорыққа шығу – отправляться в поход

сырмінез – мінезін білетін

қол – войско

қамау – окружение

негіз – род, предки

тарту – здесь: быть похожим на кого-либо
?! 1. Әңгіме кім туралы? Аты аталған адамдар туралы не білесіңдер?

2. Жәнібек хан Жиреншені қалай сынады?

3. Жиренше шешен не деп жауап берді?

4. Жиреншенің жауабының дұрыстығы қалай дәлелденді?

5. Әңгімеде өзінің басқалардан артықтығын көрсеткен кім деп ойлайсыңдар?

А) Жиреншені сынаған хан. Себебі хан сол арқылы басқаларға Жиреншенің ақылының қандай екендігін танытқысы келді. В) Жиренше. Өзінің ақылының тереңдігін көрсетті.

С) Жиреншенің баласы. Жиреншедей елге үлгі болған адамның ұлының да ақылды, ер екендігін дәлелдеді.

6. Жақсы адам, жаман адам дегенді қалай түсінесіңдер. Әңгімеде жақсы деп кімді, жаман деп кімді айтады?

7. Әңгіме соңындағы ханның нақылын таратып айтыңдар.

8. Өздеріңді аталарың мен әкелеріңнің берген тәрбиесіне лайықпыз деп ойлайсыңдар ма?

9. « Ата-ана ақылын азамат болар жас ұғар» деген тақырыпта шағын әңгіме жазыңдар.
11. Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы

1. А.Байтұрсынұлы туралы айтқан М.Әуезов пікірін оқыңдар. «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылғы қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов).

Пікірде А.Байтұрсынұлының қандай еңбектері аталады? Жеке ғылым салалары мен ұлт бақыты жолындағы істеріне қандай сөздермен баға берілген? 2. Ақынның өмірбаяны мен шығармашылығының арасында сабақтастық бар ма? Болса қандай?

3. «Қырық мысал» қашан жарық көрді?

4. «Маса» қай жылы шықты?

5. Қазақ тілі мен әдебиетіндегі А.Байтұрсынұлы жасаған қандай терминдерді білесіңдер?
Айна мен маймыл


Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,


Айнада өз суретін көре салып,
Аюға жанындағы күліп айтты,
Ақырын аяғымен түртіп қалып:
«Бері қара!
Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін қайдан шыққан мұндай көрім?
Он екі мүшесінің бірі оңды емес,
Көз салып қарап тұрсам әрбір жерін.
Мен бұған титтей ғана ұқсас болсам,
Ішіме пышақ салып өлер едім.
Ол рас бесеу-алтау бар екені
Кейіпсіз нақ осындай бөлелерім».
«Маймылжан, біраз ғана етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім:
Әуре боп бөлелерің санағанша,
Абайлап қарашы әуел өзіңе өзің!»
Аюдың бір ақылы айтқан досқа,
Бір жүріп, бірге тұрған көңіл қосқа,
«Алды жөн адасқанның» деген сөз ғой,
Тыңдаусыз, құр далада қалды босқа.

* * *
Мысалы, адам – Маймыл, өлең – айна,


Өлеңді түсінгенге бар көп пайда.
Айтылған өлеңдегі мінін көріп,
Түзейтін мінез-құлқын адам қайда?
Біреудің мінін айтса өлеңшілер,
Мәз болып, тыңдағандар қарқ-қарқ күлер.
Болса да нақ со міндер өз басында,
Деп айтар: «Секілді екен пәленшелер».
Мен талай көргенім бар осындайды,
Өз мінін кім аңғарып, абайлайды?
Мәселен, бидің жеген парасын айт, –
Көрсетер, көзін қысып, ауылнайды.
*көрім – здесь: неприятный

оңды емес, кейіпсіз – некрасивый

титтей – маленький

ұқсас болу – похожий

бөле – кузен, двоюродный брат, двоюродная сестра (дети родных сестер)

әуел – сначала, прежде всего

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» (Абай) – заблудившемуся кажется, что он идет по верному пути

өлеңшілер – певец

пәленшелер –такой-то, кое-кто

абайлау – осторожность

пара – взятка

көзін қысу – здесь. Обманывать


!?1. Қазақ әдебиетінде шет ел әдебиетінен аударма жасаған қандай ақындарды білесіңдер?

2. Маймыл айнадағы суретті кімдерге ұқсатты?

3. Аю маймылға не айтты?

4. Ақын маймылды кімдерге ұқсатады ? 5. Айна ненің белгісі (символы) ретінде алынған? 6. Аю қандай кейіпкер, өлеңде ол не үшін алынған деп ойлайсыңдар? 7. И.А.Крыловтың «Зеркало и Обезьяна» мысалымен салыстырыңдар.


12.М.Дулатов шығармашылығы

М.Дулатовтың шығармашылық жолы мен қоғамдық-саяси ісін бөліп қарауға болмайды. Халық бақыты, теңдігі үшін күрескен ақынның шығармаларында да елдің осы жолға жетудегі бағыттары мен мұраттары жырланды. Сондықтан да ақын өлеңдерінің тақырыбы білім, мәдениет пен өнер, таза еңбек пен жұртқа адал қызмет туралы айтылады. 1909 жылы шыққан «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағына ақын: Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты, –

деген шумақты эпиграф етіп алады. Бұл – ақынның жалпы жұртқа айтқысы келген ойларының түйіні де. Осы «Оян, қазақ!» жинақтың аты ғана емес, ақынның бүкіл шығармашылық, күрескерлік жолының белгісі (символына) айналды.
«Таза бұлақ» өлеңі. Ақынның бұл өлеңі аттас Ы.Алтынсариннің де әңгімесі бар. Аталған әңгіме мен өлеңнің мазмұнында айырмашылық жоқ. М.Діулатов ұстазы Ыбырайдың әңгімесін өлең етіп ұсынуды дұрыс көрген сияқты. Өлеңнің тақырыбы – тазалық. Өлеңдегі үш кейіпкердің тазалық туралы пікірлерін, ойларын береді. Қайсысы дұрыс екендігін оқырманның өзіне қалдырады. Еңбек етіп, өз дәулетін асырып жүрген саудагердің де, ерінбей еңбек ету керек, сонда дәулетің де молаяды дегені, біреуге жақсылық жасаса, міндет артпауды дұрыс көрген ғалым сөзі де ойға қонымды. Ал жас жігіт тереңірек айтады. Көңілің таза болуы керек дегенді айтады. Жүректің тазалығын алға тартады. Осы арқылы тазалық әр істегі шын таза ниет, ақ пейіл екендігі ашылады.


Таза бұлақ

Бар екен таудан аққан таза бұлақ,

Түк ел жоқ маңайында қылған тұрақ.

Жағалай біткен ағаш жапырақты,

Жайқалып күн мен желден тұрған қорғап.


Шілденің тас қыздырған ыстық күні,

Мөп-мөлдір суы салқын, әйбат түрі.

Шыныдай жалтыраған тазалығы

Көрініп айнадай боп жатқан түбі.


Жиһангез үш жолаушы келе жатқан,

Шөлдеген ыстық күнде таңдай қатқан.

Кез болып бақытына әлде қалай,

Су ішіп мейірі қанған сол бұлақтан.


Рахат сусын қанып, жан жайланып,

Қарап тұр аққан суға қайран қалып.

Көреді суағардан жазулы тас,

Жағалап жоғарырақ жүрсе барып.


Үшеуі мұны көріп қалды тоқтай:

Жапанда жазуы бар неткен тақтай?!

Жазылған оқып көрсе, сөзі мынау:

«Болсаң бол, ей, жолаушы, бұл бұлақтай!»


Саудагер екен бірі үшеуінің,

Тыңдаңыз сондағы айтқан сөзі мұның:

«Япыр-ай! Бұл жазылған ақыл екен,

Өткізбей ағар бұлақ күні-түні.


Алысқа бармақшы ол тынбай ағып,

Қосылмас өзге бұлақ бұған нағып?

Зорайып ақырында өзен болып,

Суынан пайдаланар тамам халық.


Менімше, мұнан мұрат, мағына сол,

Кәсіп қыл, жалқауланбай, талапты бол.

Бұлақтай мақсұдына сен де жетіп,

Басыңа тигізерсің пайдаңды мол».


Екінші ғалым екен аса зерек,

Ол айтты басын шайқап, назданып бек:

«Бұл сөздің мағынасы сіз айтқаннан,

Меніңше, болса керек тереңірек.


Бұл сөзден – ғибрат сол адамзатқа,

Тегін кыл жақсылықты, пұлға сатпа.

Бұлақтай кез келгенге даяр болып,

Міндетсіз біліміңді тарат халыққа».


Жас жігіт жолаушының үшіншісі,

Әдемі көрер көзге көркем кісі.

Тоқталып еш нәрсе айтпай тұрып еді,

«Не ойлайсың, сөйле, мырза!» - деді өзгесі.


Бұл жігіт берді жауап сонда тұрып:

«Орнында ақпай бұлақ тұрса тұнып.

Шөп-шалам, шаң-топырақ, селеу басып,

Сарқылып қалар еді әлі-ақ құрып.


Жұрт құмар бұлақ таза болғандықтан,

Жазудан мағынам сол менің ұққан.

Көңіліңді бойыңменен таза сақта,

Пәклікпен артыларсың сонда жұрттан.


Ақ пейіл, таза жүрек, жүзің жарқын,

Секілді мөлдір бұлақ суы салқын.

Болғандай дертке шипа жаны сүйіп,

Шүбәсіз пайдаланар болсын халқың».

*тұрақ – местожительство ; жилье; обиталище; становище, стойбище;

мейірі қану – получать удовольствие

сусын қану – утолить жажду

жан жайлану - приятный для души

зораю – увеличение, усиление

селеу басу – зарасель ковыля

шүбәсіз – без сомнения

!?1. Неше жолаушы келе жатты?

2. Ертегілер мен мысал әңгімелерде басты кейіпкерлер үшеу болады? Себебін айта аласыңдар ма?

3. Бұлақ басындағы жазуды көргенде саудагер, ғалым, жас жігіт үш түрлі жорамал жасайды. Не себепті жауаптары әр түрлі?

4. «Болсаң бол, ей, жолаушы, бұл бұлақтай!» деген өсиетті сендер қалай түсінесіңдер.

5. М.Дулатовтың елім деп өткен ғұмыры шөлдегі бұлаққа ұқсай ма?

6. Мына заманда кімді бұлаққа теңей аласыңдар.

13. Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы

«Шәкірт ойы» өлеңі. Қазақ әдебиетінде бар-жоғы 27 жылдық ғұмырында арманы оқу мен білім алу болып өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларында білім тақырыбы өзгеше. Ақынның шығармашылығындағы ерекше орын алатын «Шәкірт ойы» өлеңінде ақын оқу-білімді қараңғылық, надандық түнегінен алып шығатын Күнге теңейді. Күннің жаратылыс әлемді жарық қылатыны сияқты білім де халық жанын жақсылыққа жеткізер символ ретінде алынады. Ақынның кейіпкері оқу жолына бар ғұмырын арнаған, тіршіліктің мәні білімде ғана деп сенеді. С.Торайғыровтың «Шәкірт ойындағы» лирикалық кейіпкерге білім жолында ешкім де, ештеңе де қарсы тұра алмайды. Тұрмыс, тағдыр бірі де, Бұл мақсаттан бұра алмас. Қаһарман Рүстем Әлі де Бұрам деп жолда тұра алмас. Сыланған жардың күлісі , Алдандырмас бірісі. Лирикалық кейіпкер оқу мен білім жолына барлығын құрбан еткен. Пенделік қызық пен адамзатқа бұйырған бар қуанышты оқу жолына тәркі етеді. Оқуға деген ұмтылыс, білімге деген құштарлық кейіпкер арқылы сол кезеңдегі қазақ қоғамының да қалпын танытады. Өзгенің боданындағы халық үшін басқамен тең қылатын тек қана білім болатын. Сондықтан да XX ғасыр басындағы әдебиетте оқу-білім көзқарасы өзгеше еді. Осыған орайлас «Шығамын тірі болсам адам болып» өлеңінде: Мен – балаң жарық күннен сәуле қуған, Алуға күнді барып белін буған. Жұлдыз болып көрмейін елдің бетін, Болмасам толған айдай балқып туған, - дейді. Ақынның лирикалық кейіпкерінің мұраты алдыңғы өлеңдегі қараңғылықты ашар жарық, тас түнектегі жолашар болу ниетін қайта еске салады. Шәкірт ойы

Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып Күн болам! Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам?! Мұздаған елдің жүрегін Жылытуға мен кірермін. Еңбек, бейнет тарауы – Рақатқа сарқылар. Қыздырып күннің қарауы, – Надандық теңізі тартылар. Орны отайып көгерер, Қызығын жайлап ел көрер. Тұрмыс, тағдыр – бірі де Бұл мақсаттан бұра алмас. Қаһарман Рүстем Әлі де Бұрам деп жолда тұра алмас. Сыланған жардың күлісі, Алдандырмас бірісі.

* шәкірт – воспитанник (учащийся) медресе; здесь: ученик қараңғылық – темнота, тьма; здесь: невежество, необразованность надандық – невежество, безграмотность Рүстем Әлі – Рустам (Рустам Зал) – герой «Шах-наме» Фирдоуси. На Востоке это имя – олицетворение всего героического құрбан ету – здесь: привести в жертву себя, свое счастье ради своего народа тәркі ету – отречься отчего-либо бейнет тарауы – избавиться от мук өрмелеу – взбираться (вверх) отаю – здесь: расти, развиваться

!? 1. Ақын өлеңдеріндегі оқу-білім идеясының ерекшелігі неде? 2. Қазақ, орыс тілінде Күн сөзі қандай ауыспалы мағыналарда қолданады? 3. Өлеңдегі лирикалық кейіпкерге мінездеме беріңдер. 4. «Қараңғылықтың кегі» тіркесін қалай түсінесіңдер ? Бүгін ақын айтқан кек алынды ма? 5. Күн сөзін қатыстырып бірнеше тіркестер жасаңдар. Қандай ерекшелік байқадыңдар?


14. Cәкен Сейфуллин шығармашылығы
«Сыр сандық» өлеңі. Өлеңнің тақырыбы – адам мінезі. Шын досты таба білу, таңдай білу, сыры мен мұңын тек сенер досына ғана ашу идеясын айтады. Өлең қазақ әдебиетінің жаңалығы десе де болғандай. Жеңіл мұң, терең астар, құлаққа жағымды тез жатталатын шумақтар – әр кезде есте жүретін ақылдың қысқа үлгісі.
Сыр сандық

Шырқ айналар шіркін тауық,

Жемің болса қолында,

Қайдағысы сені тауып,

Топырлайды жолыңда.

Досыңмын деп ант береді,

Жем іздеген жанама.

Жем таусылса жалт береді,

Сенерлік дос, санама.

Нағыз достар, бір-ақ қалып.

Шындап берік сүйіскен.

Бір-біріне сыр ақтарып,

Сыр түйінін түйіскен.

Әр адамның ішкі сыры,

Берік қойма сақталған.

Сол қойманың бір түкпірін,

Достың досы-ақ ақтарған... Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым.

Сым пернені басып қара,

Басып қара жырласын!

Сұлу сымда перне әуені,

Перне әуені жыр айтар.

Көңіл ашар тербеу әні,

Тербеу әні сыр айтар.

Шыққанбыз дос, шыңға талай,

Талай сырды ойланып,

Ақтарарлық алтын сарай,

Алтын сарай қойманы.

*шырқ айналу – увиваться вокруг

топырлау – толпиться около

ақтару – открывание

түйісу – прикосновение

перне – здесь: нежное чувство, настроение
!? 1. Өлеңді оқып шығып, алғашқы сәттерде нені ойладыңдар.

2. Егер әр адамның көңілі сыр сандық десек, сендердің жандарыңа қандай әуен жақын? Мұңды, жеңіл, даңғырлақ т.б.

3. Сендер өздеріңді болашақта қайсысының орнына қойғанды жөн деп ойлайсыңдар? Жемі бар қожайын ба? Шыр айналған тауық па?

4. Жемі бар қожайын, шыр айналған тауық басындағы оқиғаны бейнелейтін шағын көріністің сценариін жазыңдар.



15. Мағжан Жұмабаев шығармашылығы
«Мен жастарға сенемін» өлеңі. Өлеңде ақын жастықтың тегеурін күшіне, алапат тасқын қуатына сенеді. Ақын жастардың бойындағы бар жақсылыққа сеніп қана қоймай, ел мен жердің атын шығарып, жұртты алға бастауға күш береді. Өлең биік пафоспен жазылған. Ерекшелігі – Мағжанға тән сыршылдық, мұң, қайғы жоқ, өршіл рух бар. Ақын өз бар күшін беріп болып, келесі толқынға сенім артады.
Мен жастарға сенемін

Арыстандай айбатты,


Жолбарыстай қайратты -
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,


Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!

Жас қырандар – балапан,


Жайылып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін!

Жұмсақ мінез жібектер,


Сүттей таза жүректер,
Қасиетті тілектер –
Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,


Айбынды Алаш елім дер,
Алтын арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!

Қажу барма тұлпарға,


Талу барма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!

Мен сенемін жастарға,


Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!

*айбатты (арыстандай) – свирепый (свирепый как лев)

қайратты (жолбарыстай) – смелый (смелый как тигр)

қырандай –как орел, как сокол, здесь: ловкий, зоркий

от ойнау – здесь: сверкать, сиять, отражаться

ар – совесть, честь

қанаты жайылу – окрыляться

көздеу – целиться, нацелиться

гүрілдеу – рокотать

арқа –Сары-Арка – степь в центральном Казахстане, с небольшими, обрывистыми низкогорными массивами. Протяжённость с запада на восток 1200 км, ширина на западе 900 км и на востоке 400 км.

қажу – ослабление

талу – утомление, уставание

иман – вера, здесь: честность, совестливость
!? 1. Өлеңдегі теңеулерді тізіп шығып, өз түсінгендеріңді айтыңдар.

2. Көзінде – от, сөзінде – жалын бар бүгінгі жас кім деп ойлайсыңдар? Ондай идеалдарың бар ма?

3. Бүгінгі жастар Қазақстан атын әлемге таныта ала ма? Танытып жүрген жастар бар ма?

4. Өз замандастарыңның жетістігі мен кемшіліктері неде деп ойлайсыңдар.

5. «Мағжан сенген жас бейнесі» кестеде. Кестені толтырыңдар.




Мағжан қалаған

бейне


Бүгінгі

жас бейнесі



Өз бойыңда

қайсы бар



Өз бойларыңнан қайсысын көргілерің келеді


1

Арыстандай айбатты (мықты)

Білімді

Талап

Қажырлылық
















































Әңгімені оқыңыз. Кілт сөздерді табыңыз. Жазда балалар дем алады. Әйгерім биылғы жылы Көкшетауда дем алды. «Балдәуренде» көп балалармен танысты. Шығыстан келген Айман мен батыстан келген Гүлжанмен тез достасып кетті. Жаңа достарымен Оқжетпеске шықты. Биші қайыңдары мол тоғайдан гүл терді. Екі апта бірге ойнап, бірге табиғатты тамашалады. Әйгерім, Айман, Гүлжан үшеуі бірге ұлттық би де биледі.

2. Әңгімені жалғастырыңыз. 3.Достық туралы 3 мақал-мәтел айтыңыз. Ол мақал-мәтелдердің мағынасын ашыңыз. 4. 4-сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыз. 5. 5-сөйлемге фонетикалық талдау жасаңыз. 6. Соңғы сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз. 7. Әңгімеге ат қойыңыз.

: files -> blogs
blogs -> Оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы
blogs -> Қазақстан тарихынан бақылау жұмыстарының жүктемесі
blogs -> Учебная программа по предмету «История Казахстана»
blogs -> Сабақ жоспары Тақырыбы: ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның ауыл шарушылығы
blogs -> Мақсаты: Оқушылардың құқықтық мәдениеттілігін көтеру
blogs -> Календарно-тематическое планирование по русскому языку в 7 классе
blogs -> Бастауыш білім беру деңгейінің «Жаратылыстану» білім саласы бойынша
blogs -> Бастауыш білім беру деңгейінің «Технология» білім саласы бойынша
blogs -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы ерте жастағЫ
blogs -> Сабақ тақырыбы Сағат күні Сабақ мақсаты Госстандарт талаптары Көрнектілік аспаптар




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет