Қазақ халқының Қару – жарақтары және оған байланысты наным -сенімдер



жүктеу 75.9 Kb.
Дата02.07.2016
өлшемі75.9 Kb.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАРУ – ЖАРАҚТАРЫ ЖӘНЕ ОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ НАНЫМ -СЕНІМДЕР

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ –дың Археология этнология және музеология кафедрасының т.ғ.к., доцент Г.Б.Қозғамбаева


Ер азаматтың жаугершілік заманда жаумен шайқасқанда жеңіске жетуі оның астындағы тұлпары мен үстіндегі сауыты, қару-жарағына байланысты екені белгілі. Халқымыз бұл ойды «ер қанаты – ат», «ер қуаты – қаруы» деп тұжырымдаған. Осы тұрғыдан алғанда қазақ халықының қару-жарағы оның ерлікке толы өмірінен мәлімет беріп, еркіндікке ұмтылған мақсат-мүддесін танытады.

Қазақ халқы қару-жарақты қадірлеп, жеті қазынаның біріне жатқызып, әдетте оларға қылышты, найзаны, садақты, сауытты, шоқпарды жатқызған. Қазақ батырлары соғыс кезінде жекпе-жек шайқастарда садақпен ату, найзамен түйреу, қылышпен кесу, балталасу мен шоқпарласу түрінде өткен. Содан болар, "Ер қаруы - бес қару"  деп айтылған. Қарудың түрі бесеу болатындығы туралы Қ.Ахметжанов былай дейді: «Қару-жарақ түрлерінің бесеу болып  қалыптасуы олардың өзіндік, бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Соғыс қаруларының жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар – ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Басқа қарулар осы бесеуінің вариациялануы, түрленуі ғана. Сондықтан айқаста бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды». Ал «қару» және «жарақ» сөздерінің астарына үңілу халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қасиетті құралдың орнын анықтауға көмектеседі. Зерттеушілер  бұл екі сөздің «қару» сөзі «қар» деген түбірден туындап, ұстау деген мағынаны білдірсе, «қару» қолға ұстайтын соғыс құралдарының ортақ атауына айналған. Ал, «жарақ» сөзіне байланысты пікірлер сан алуан, олардың кейбіріне тоқтала кетсек, мысалы М. Қашқаридің «Диуани Лұғат-ат түрік» еңбегінде «jarыk –жарақ: шайқасқа киіп шығатын темір сауыт, қалқандардың кез-келгеніне қолданатын ортақ атау» ,– деп көрсетілген. 

Тарихта көшпелі дала тұрғындарының өмірінде қару асынып жүру жаугершілік заманда ғана емес, бейбіт өмірде де дәстүрге айналды. Ағылшын елшісі және саяхатшы А. Джеккинсонның айтуынша, VІІІ ғасырда көшпелілер аң аулауға шықса да, сауық-сайранға барса да ешқашан садақ, жебе, қанжарсыз шықпаған. Бұдан біздің аңғаратынымыз, олар қаруларын өздерімен бірге алып жүріп, үнемі көзден таса қылмаған. Көшпелілерде қаруларын асынып жүру тек заңды құқық емес, сонымен қатар міндет болған. Қазақ халқының тарихы мен олардың шаруашылығына байланысты жазылған еңбектерде көшпелілік қазақтардың әдет құқықтарына тәуелді болғандығы туралы айтылады. Көп ғұмырын соғыспен өткізген қазақ халқы арасында тараған «Борышыңды көпке созба, қаруыңды үйде қалдырма» деген мақалы, сөзге маржандай ой түйген ата-бабамыз батырдың жарақсыз құр қара күшке сенуін құптамағандығын қуаттайды. Қайрат-күші кемімеген батыр өз еркімен қаруынан айрылмайды. Қаруынан айрылу өліммен тең. Батыр қаруынан айрылса басынан бағы тайғандай күй кешеді, ол тек қолына қаруын қайта түсіріп, атына мінгенде ғана қайраты арта түседі.

Махмұд Қашқари сөздігінде басында дулығасы, үстінде сауыты жоқ ерді «башнақ ер» деп атайды, ол «жалаң» ( А. Егеубай) деген мағынаны білдіруі мүмкін. Осы ойлар да халықтың «Қару дайындаған құлын болар, қаруды ұмытқан тұтқын болар» деп түйінделген. Бірде-бір қазақ жиналысқа қарусыз келмеген. Қарусыз келген жағдайда ол адамға орын берілмеген және сайлауда дауыс бере алмаған. Үздіксіз соғыстар, шапқыншылықтар сыртқы жаудан қорғану қазақтарда жауынгерлік, батырлық дәстүрді қалыптастырды. Хандар мен сұлтандардың өзі сыртқы саяси мәселелерді шешкенде белгілі батырлардың әскери және саяси қолдауына сүйенді. Ханның күштілігі мен беделі оны қолдаушы батырлардың тектілігі мен саны арқылы да танылды. Ханның өзі кейде жорықтардан қалып, батырларды жасақтарымен бірге аттандырып отырған.

Еуразия даласын мекен еткен көшпелiлердің қару-жарақ түрлерi мен типтерiнiң қалыптасуында, қару-жарақ алыс қашықтықта, орта қашықтықта және жақын қашықтықта қолданылатын қарулар және қорғаныс жарағы болып бөлiнді. Көшпелiлер садағының: скифтiк типтегi садақ, ғұн садағы, моңғол садағы деген түрлері болды. Солардың негізінде қазақ садағы да жасалып, осы үлгідегі садақ деп аталатын күрделi садақ түрi болды.

Б.з. дейiнгi I-мыңжылдықтың ортасынан б.з V ғасырына дейiн көшпелi жауынгерлерiнiң жақ пен жебенi бiрге салып алып жүретiн садаққабы терiден екi қалталы қылып жасалатын. Түркi заманынан бастап (V-VШ ғ.ғ.) жақ пен оқтың қаптары екi бөлек жасалды. Қазақтарда садақ пен жебе бұрын басты қарудың бірі болып, қазақ жауынгерлері садақ тарту өнерін жетік меңгерген болатын. Бұрынғы кезде көптеген аңшы, жауынгерлердің, батырлардың есіміне «мерген» аты қосылып айтылуы да осының дәлелі.

Қазақтарда 22 наурыз мейрамы уақытында жүзіктің көзінен жебені өткізетін сайыстар болған. Сол сайыста құралайды көздеп атқан мергендер жарысқа түсіп, үлкен атақты иеленген. Садақтың адырнасы бес функционалдық бөліктен құралып жасалады. Қолға ұстайтын жері – «белі», иілген бөліктері – «иіні»,  кірісі байланатын екі ұшы – «басы». Адырнаның белі мен басы – қозғалмайды. Қатты бөлігі – иіні қозғалатын, серпінді бөлігі. Ал әр бөлік әр түрлі сүйек, мүйіз, ағаш, тарамыс, тері, тоз материалдарынан жасалатын бірнеше конструктивті элементтерден тұрады.  Жебе – садақ оғының масағы. Қорамсақ – садақ оғының сауыты. Оны белге байлап немесе иыққа асып алады. Қалың көннен жасап өрнектейді. Қорамса ішінен екі қатар көлденең таспа тартады, оған жебелерді қатарлай тізеді..

Қазақтың қару-жарақтары және көшпелі әскери өнері, сауыт-сайманы, көшпелілердің соғыс тәсілдері жайлы тақырыптарда көптеген ғылыми зерттеулер, танымдық анықтамалар жарыққа шықты. Көне түсінік бойынша жауынгерлік қару аспаннан түскен киелі заттардың бірі саналады. Көне заманда пайда болған қаруға табыну дәстүрі, біраз өзгерген түрде кейін де сақталып, соғыс қаруларына қатысты түрлі ғұрыптар мен ырымдарды қалыптастырды. Қарудың жаны болады деген сенім бойынша қару-жараққа жеке есім беріліп, айқас алдында жауынгерлер өз қаруларымен серттесетін болған. Он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты жинақтың фольклорға арналған 1-томында «Ант» деген тарауда батыр монологы серттесу ретінде қарастырылады: «Кейде ант жорық алдында батырдың өз қару-жарағымен серттесу түрінде де болатыны белгілі. Бұның алдыңғы анттан басты ерекшелігі – адам мен заттың арасында аталмыш рәсім өтетіндігінде болып отыр. Қазіргі біздің түсінігімізде зат өлі деп саналғанмен, ежелгі анимистік таным бойынша қасиетті бұйымдар керісінше тірі нысан болып саналған. Сол себептен батырлар бес қаруымен кәдімгі «досындай» сырласып, берік серт береді. Бұнда батыр өзінің жеке қару-жарағының намысын қайрап, қитығына тигені, бес қаруының беріктігін, өткірлігін өз күш-қуатына қарама-қарсы қойып, шендестіріп, жекпе-жекке әзірленгені көрініс тапқан. Бұл рәсім кең мағынада ант берудің бір түрі болғанмен, оны мәтіннің өзінде айтылғандай серт деп атасақ, рәсімнің дәлме-дәл мәні ашылады. Серттесу қазақ ертегілері мен эпостық жырларда кеңінен тараған. Шайқас алдында, Алпамыс батыр, Ер Тарғын батыр және т.б. батырлардың барлығы қаруымен серттеседі.

Қару-жарақ – дербестіктің, биліктің, жеңістің нышаны. Халық түсінігі бойынша қарудың бойына бірнеше функция сыйдырылған, олар: үкім шығарушы, қорғаушы, зиянкестерді қуушы, тыйымды бұзушы, емдік зат, соғыс құралы, сенімді дос, бағалы сыйлық.

Қазақ халқында қаруды үйдің қабырғасына іліп қоятын салт болған. Суық қару түрлі қорқыныш пен үрейден сақтайды деген наным – сенімдер қалыптасқан. Яғни қарудың осындай фетиштік функциясы ертегі сюжетіне сол қалпында енген. «Ағаш ат» деген ертегіде «Бабамнан қалған найза, қылыштың қасиеті кем бе, сиқыршының үрейі ұшып көкке көтеріліп кетті» – деп қуанады.

Бақсының негізгі аспабы қобыздың бастапқы нұсқасы ретінде садақты қарастыруға болады. Оны даңғыра аспабының бөліктерінің атаулары дәлелдейді. Бақсы ойыны кезінде қолданатын даңғыра аспабы, оның функционалдық және символикалық қызметтерін ғалым Б.Абылқасымов былайша көрсетеді: «Даңғыраның ішкі шанағына орналасқан көлденең тұтқаны алтайлар кіріш десе (кіріш –қазақша адырна), оның әр жеріндегі салпыншақ темірлерді оқ (қазақша: жебе) деген. Сөйтіп, даңғыра бақсы ойынының қажетті тұсында әскери қару – садаққа айналып шыға келеді, зиянкес жындардың зәресін алады». Символикалық тұрғыдан даңғыраның шанағындағы көлденең тұтқадан гөрі қобыздың қылы адырнаға әлдеқайда ұқсас. Қобыз шанағының жақтауларына, ішкі қапталына орналасқан салпыншақ темірлердің алтай түңгірлеріндегі оқтардан (жебелерден) еш айырмашылығы жоқ. Сонымен қазақтың қобызы да садақтың символикалық бейнесін елестете алады дейміз. Халықтың наным – сенім түсінігі бойынша, қымбат темірлерден жасалған заттардың адамзатқа зиян келтіруші рухтарды қуатын қасиеті болады. «Сиқыршының сыйы осы» ертегісінде айдаһардың уы тараған қыздың басынан қылышпен үш рет ұрып, айдаһардың уытын қайтарады. Қылышпен ұру, сол арқылы сиқырды қайтару бақсының емдеу сеансын еске түсіреді.

Қазақ халқында ант ішу рәсімі кезінде екі жерден от жағылып, адамды от ортасынан өткізіп, адам өлтірілген мылтықтың ұңғысын сүйдіретін ырым болғаны туралы Ш. Уәлиханов зерттеуінде көрсетілген. М. Қашқари сөздігіндегі «Көк темір тек тұрмас» деген мақалға мынадай түсініктеме беріледі: «Қырғыз ябақу, қыпшақ, т.б. халықтары ант ішісіп, қасамданып, серттескенде қылыштарын қынабынан шығарып, орталарына қояды да: «Көк темір кірсін, қызылға боялып шықсын!»– дейді екен. Бұл серт бұзылса, қылыш қанға боялсын деген сөз. Сондықтан, түріктер темірді әрқашан да ерекше бағалған» екен. Қару алдында серттесу, дау шешу кезінде қаруға сену, соның бәрі рух-иелік сенімді еске түсіреді.

Қарудың биік дәрежесі соғыспен тығыз байланысты. Сонау ерте замандарда яғни адам баласы темірді игерген заманнан бастап, темірден жасалған қарулардың бағасы артып, халықтың арман-мұраты ертегілер мен эпостық жырларда көрініс тапты. Қазақ ертегілеріндегі батырдың келбетін көрсету үшін оған қымбат металдан жасалған сауыт кигізіп, қолына бес қаруын ұстатты. Сол қарудың көмегімен ол жауын жеңе білді. Қару-жарақ - халықтың сан қилы тарихи өмірінен хабар беретін, сонымен бірге көшпелі халықтың ерлік мұратын, батырлық қалпын танытатын материалдық мұралардың бірі. Қару-жарақ соғыс өрті толастамаған заманда аман қалудың, жан сақтаудың бірден-бір құралы болды. Көшпелі әскери өнердің жоғары деңгейде дамығанын, қазақтың қару-жарақтарының ертеден қалыптасып, оның ұлтымыздың жауынгерлік салты мен қазақтың бойындағы жауынгерлік рухты қалыптастыруда алар орны ерекше екендігін көрсетеді.

Пайдаланатын әдебиеттер:

1.Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер: Батырлардың қару-жарағы,  әскери өнері, салт-дәстүрлері. – Алматы: Дәуір, 1996. – 240 б.

2. Қашқари М. Түрік сөздігі. 3-кітап. //Аударған А. Егеубай.– Алматы: Хант, 1998. – 600 б.

3. Трубников Б.Г. Большой словарь оружия. – Спб- М.: Полигон – Астана, 1997.

4. Сольовьев А.М. Военное дело коренного населения Заподной Сибирий. Эпоха

средневековья. – Новосибирск., – 1987.

5. Мағауин М. Аласапыран. (Тарихи роман). 1, 2-кітап. - Алматы: Жазушы, 1988. - 830 б. 6. Қазақ ертегілері (Құраст. Е. Дүйсенбайұлы). — Алматы: Жазушы, 2009. — 320 б.

7. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 1-том. – Алматы: ҚазАқпарат, 2008.– 812 б.



8.АбылқасымовБ.Ш. Телқоңыр.(Қазақтың наным-сенімге байланысты  ғұрып фольклоры). Жауапты ред. Қасқабасов С.А.- Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1993.- 160 б.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет