Қазақ мемлекеттік қыздар



жүктеу 3.36 Mb.
бет8/17
Дата20.06.2016
өлшемі3.36 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17

Білім беру салаларының арасындағы байланыстарға негізделген және олардың нақты саласы білім жүйесінің біртұтастығын көрсетіп беретіндей етіп материалдың кіріктірілуі бағдарламалардың өзгеше белгісі болып табылады. Кіріктіру педагогқа балалардың жеке дара ерекшеліктерін, олардың жақын даму аймағын ескере отырып, бір және бірнеше білім саласы шеңберінде мазмұнды үйлестіруге және материалды түрліше түйдектеуге құқық және мүмкіндік береді.

Егер базалық білім мазмұны тұлғалық-бағдарлылық және жеке-даралық тұрғыдан түзілсе, оқытудың белсенді құралы ретінде ойын пайдаланылса, ал ата-аналар бала бақшадағы білім беру процесіне «араласып, ат салысса», онда баланың құзыреттілік дамуының жоғары деңгейіне жетуге болады. Сонымен бірге білім беретін материалды кіріктіру жастық кезеңің бірінен екіншісіне өткенде базалық мазмұнның шоғырлану және бірізділік ұстанымдарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.


Жаңа стандарт бойынша мектепке дейінгі білім беру мазмұны және мектепке дейінгі салада педагогикалық процесті ұйымдастыру мына бағыттар негізінде өзгертілді.

- мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу нәтижесі ретінде баланың құзыреттілігін қалыптастыру;

- бес білім беру саласынан («Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта») ұйымдастырылатын танымдық іс-әрекеттердің кіріктірілуі;

- құзыреттіліктің даму индикаторларына, яғни мектепке дейінгі жастағы баланың біртұтас даму деңгейін зерттеу және қадағалаудың қолданыс құралына сүйеніп, әр баланың жетістігін диагностикалауды іске асыру.

Жаңа стандарттың және бағдарламалар кешенінің құрамына орай қазіргі технологиялық тұрғыдан педагогикалық процестер ұйымдастырылады. Сонда:

- мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалауды іске асырғанда, мектепке дейінгі балалардың құзыреттілік дамуының ҚР МДТО МЖМБС-ында көрсетіп берілген деңгейіне сәйкестігін анықтау қажет;

- күтілетін нәтиже ретіндегі мектепке дейінгінің - баланың түйінді құзыреттіліктері баланың жеке-дара ерекшеліктеріне және қоршаған әлеуметтік ортасына тәуелді де, негізінен оның қабілетін, бастамасын, қарым-қатынастағы және іс-әрекеттегі белсенділігін, өмір тіршілігіндегі және оқудағы түсінерлік әр алуан мәселелерді шешудің оңтайлы нұсқасын таба алуын сипаттайды;

- мектепке дейінгі баланың біртұтас дамуын қадағалаудың аспабы (инструментарий) қызметін баланың құзыреттілік дамуының Индикаторы атқарады да, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарына және ата-аналарға «қатаң емес» диагностика жүргізуге мүмкіндік береді және баланың білім алу траекториясын түзудің негізіне алынады;

- баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескеріп, оның құзыреттілік даму деңгейін қамтамасыз ету, балаларға білім беру қызметін көрсететін әр түрлі типті мектепке дейінгі ұйымдар іс-әрекетінің сапалы диагностикасын және мониторингін жүргізу арқылы тиімді бағалау үшін жағдай туғызу, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қажетті деңгейіне және мектепке дейінгі жастағы балаларға білім беру саласындағы дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес келуіне қол жеткізу сияқты индикатордың қызметін айшықтап көрсетуге болады;

- баланың әр құзыреттілігінің дамуын үш деңгей (бірінші деңгей – бала қандай да бір әрекетті қайта жаңғырықтырады, екінші деңгей – бала не істегенін түсінеді, үшінші деңгей – бала нені білсе, соны қолданады) бойынша қадағалауға арналған білім беру салалары мазмұнынан туындайтын индикатордың жасалған жүйесін пайдалануға болады;

- мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған бағдарламалар кешенінде келтірілген әр түрлі жастық топтағы балалардың мүмкіндіктері мен тұлғалық сапаларының сипаттамаларын ескеру керек болады.

Әр білім саласы бойынша мектепке дейінгілерді тәрбиелеу және оқыту бағдарламалары мазмұнды ғана емес, сонымен бірге құралдарды, түрлері, әдістерді, тәсілдерді, балалардың іс-әрекетін ұйымдастыру және басқару технологиясын, яғни педагогикалық процесті анықтайды, сонда:

- педагогикалық процесс білім беру салалары мазмұны арқылы іске асырылады;

- педагогикалық процесс ұйымдастырудың жеке-дара, кіші топтық және топтық формаларының үйлесімді байланыстарына сүйеніп құрылады;

- педагогикалық процесс қарым-қатынасқа, ойынға, ізденуші-эксперименттік іс-әрекетке, ересектермен және құрдастарымен ынтымақтасуға негізделіп ұйымдастырылады;

- педагогикалық процесс пәнаралық, іс-әрекет аралық өзара әрекеттестік сипатта болады, өздігінен іске асыру және өзін таныту үшін оған қатысушылардың әрқайсысына оңтайлы мүмкіндік туғызады;

- педагогикалық процесс тәрбиешінің жетекшілік рөлін ескереді және ғылым мен практиканың өзара байланысын, педагогикалық процесті болжауды, жобалауды және түзуді, педагогикалық іс-әрекет нәтижесінің объективті диагностикасын көздейді;

– педагогикалық процесс диагностиканың нәтижесіне сүйеніп құрылады;



  • бала дамуының жеке-дара траекториясын іске асыруды қамтамасыз етеді.

Жаңа ҚР МДТО МЖМБС-ын және бағдарламаларды мектепке дейінгі ұйымдарда іске асыру:

- базитік тақырыптық-перспективтік жоспарға сұйеніп жасаған, білім беру салаларын кіріктіретін жұмыс оқу жоспарын пайдаланып күн тәртібін, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің бөлінуін (оқу іс-әрекетінің кестесін), күні бойғы педагог пен балалардың іс-әрекетін айқындайтын педагогикалық процестің циклограммасын жасауды;

- жұмыс және перспективтік жоспарға, циклограммаға негізделіп әзіренетін оқу конспектісін жасауды қажет етеді.

Жасалған жоспарға сәйкес тәрбиеші балаларды оқыту мен тәрбиелеуді күнделікті өмірде жүзеге асырып отырады: күні бойы олардың білімін толықтырады, әр түрлі: мәдени-гигиеналық, мінез-құлық мәдениеті, сөйлеу тілі, есептеу, қимыл және т.б. іскерлік пен дағдысын қалыптастырады. Оқытудағы басты роль оқу әрекетіне беріледі.

Ф.Н.Жұмабекова «Мектепке дейінгі педагогика» оқу құралында оқытудың негізгі формасы – сабақ деп бере отырып, сабақ барлық балалар үшін міндетті, мұнда білім, білік, дағдыны игерумен қатар балалар тобын құруға, онда өмір сүріп, іс-әрекетпен шұғылдануға, бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасап, адамгершілік қасиеттерін, мінез-құлқын қалыптастыруға үйрететініне тоқталған. Сабақ сөзі қазіргі таңда яғни жаңа стандарт бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті деп қолданылып жүр. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тәрбиешінің басшылығымен өтеді. Ол ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін таңдап алып, балалардың білімді, іскерлікті, дағдыны меңгеру әрекетін басқарады. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін өткізуге ең қолайлы кезең күннің бірінші жартысы. Себебі балаларға іс-әрекетпен шұғылдану тәңертеңгі тамақтан кейін, шаршамай, ойынға кіріспей тұрғанда ыңғайлы екені көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектерінде дәлелденген.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті – бұл балалар бақшасында оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы. Ол барлық мектепке дейінгі балалар үшін міндетті, олар үшін ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінің бағдарламалық мазмұны белгіленген, күн тәртібінде оны өткізуге тұрақты уақыт бөлінген, белгілі бір ұзақтығы көрсетілген. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тәрбиешінің басшылығымен өтеді, ол балаларға жаңа білім береді, білетіндерін дәлдеп, бір жүйеге салады, практикалық іс-әрекеттерді ұйымдастырады, оның барысында балалар алған жаңа білімді нығайтып алуан түрлі іскерлікке, дағдыға үйретіледі. Оқу материалдары бірте-бірте күрделене түседі.

Балалар бақшасындағы оқудың балаларды мектепке дайындауда үлкен маңызы бар. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті үстінде балалар оқу іс-әрекеті дағдыларына, жинақы, ұйымшыл болуға үйренеді. Оларда тұрақты зейін, назарын бір нәрсеге аудару, ерік-күш қабілеті өсіп жетіледі. Жүйелі оқыту үстінде таным құштарлығы қалыптасады.

Балаларды ұжымда оқытудың белгілі артықшылықтары бар: бірігіп жұмыс жүргізуде олар біріне-бірі үлкен әсер етеді, белсенділік, өткірлік көрсетеді. Балалардың алдына бірігіп шешетін міндеттер қойылғанда, бірлесіп қам жеу пайда болады, ұжымдық сезімі қалыптасады.

Экскурсиялар, сурет салу, мүсін жасау, құрастыру жөніндегі жұмыстарды бірігіп орындау, қимыл дамыту және музыка оқуларында жалпы ойындар мен би билеуге біріктіру, көркем әдебиетті оқудан алған әсері бойынша бірлесіп қайғыру – осының бәрі тату балалар ұжымын құруға көмектеседі және ол ұжымда өмір сүріп, жұмыс істеуге қалыптастыру.

Оқыту үдерісінде балалардың мектепке, білімге ынтасы тәрбиеленеді, дұрыс мінез-құлық дағдысы, жауапкершілік сезімі, орындаушылық қабілеті, төзімділігі, еңбектену әдеті қалыптасады.

Балалар бақшасында тіл дамыту, көркем әдебиет, сауат ашу және жазу, қоршаған ортамен таныстыру, қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру, сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, дене шынықтыру, музыка ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері өткізіледі. Оқыту балалардың белсенді іс-әрекетімен, өз қимыл нәтижелеріне жетуге ұмтылуымен, ұзақ уақыт ерік назар аударуымен байланысты. Оның дене және ақыл-ой күштерін едәуір жұмылдыруын талап етеді. Осыларды ескере отырып, оқу көлемін, оқу сағатының ұзақтығын күн тәртібіндегі орнын дұрыс белгілеуге бағдарламаның әр түрлі бөлімдерінің жиілігіне, уақытылы жүргізілуіне үлкен сақтықпен қарау керек.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін күннің алғашқы жартысында өткізген дұрыс: бұл кезде балалар ақыл-ойға түскен салмақты жеңіл көтереді, күн жарығы жақсы түседі. Әрбір бөлімдегі оқу сағаты, оның ұзақтығы жас шамасына қарай бөлінген әр топтар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, бағдарламада белгіленген.


ӘДЕБИЕТТЕР

1. ҚР Мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Астана, 2004ж.

2. Доронова Т.Н., Арзанбаева Б.О. «Мектепке дейінгі балаларды балабақша жағдайында оқыту, тәрбиелеу және дамыту бағдарламасы» - Алматы, «Просвещение-Қазақстан», 2007.
ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада балабақшада тәрбиелеу мен оқу-іс әрекетін ұйымдастыру жолдарына талдау жасалынған.


РЕЗЮМЕ

В статье рассмотрены вопросы воспитательно-образовательного процесса в детском саду.




АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Сманова А.А. – оқытушы (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Ана тілінің баға жетпес құдіреті мен қуаты, адамды ерлікке, Отанын, туған халқын сүюге тәрбиелеудегі күшін кезінде К.Д.Ушинский: «Халық тілі – тарих шекарасынан әлдеқайда әріректен басталатыны, оның бүкіл рухани өмірінің еш уақытта солмайтын және өмір бойы қайтадан шешек атып тұратын тамаша гүлі. Тілде бүкіл халық, оның күллі елі – барлық, толық ойы мен сезімі туған елінің өлеңінде, әндерінде...» деп көрсеткен болатын .

Сондықтан да ана тілі бастауыш мектептерде ең негізгі пән болып есептеледі. Өйткені ана тілінде оқу-жазуға дағдылану арқылы басқа пәндерді оқып үйренуге жол ашылады. К.Д.Ушинский : «Ана тілін толық меңгермеген бала тарихты және жаратылыстану ғылымдарын үйренген кезде, теореманы, математикалық бір есепті өз сөзімен айтып бере алмай, дәл осындай күйге ұшырайды. Ана тілі басқа пәндердің бәріне қатысы бар және олардың нәтижелерін өзіне жинақтайтын басты, өзекті пән енді түсінікті емес пе?» – деген болатын. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларын ана тілі сабағана қызықтыру үшін ана тілі сабағын жаңа технологияларды енгізу қажет. Жаңа технологияларды енгізу арқылы оқу сапасы жақсарып, дамыта оқыту жүзеге асырылып, сабақ қарқыны жеделдетіліп, жеке тұлғамен жұмыс істей отырып, саралап, даралап, оқытуға мүмкіндік туады.

Ана тілі сабақты тиімді өткізуде оқушылардың танымдық белсенділігі арттады. Жаңа технология оқушының жеке өзіндік жұмыс атқаруына және ең бастысы оқушының білім жетістігін жақсартуға ықпал етеді. Сабақта жаңа технологияларды қолдану жеке тұлғаны жеделдете қарқынды, барлық сапаларымен сәйкес жан-жақты дамытуға бағыттап, құруға болады. Жаңа технологияларды пайдаланудағы сабақтың ерекшелігі оқушылардың өздері жаңалық ашуға ұмтылады, әрі ізденіп жауабын тауып, өз көзқарасын дәледейді .

Сабақ мақсатқа бағытталған мұғалім мен оқушылардың ұжымдық шығармашылық еңбегі деп қарастыруы керек. Сабақта оқыту мен тәрбиенің мақсаттары, міндеттері, жүзеге асырылады, оқушылардың ой-өрісі кеңиеді, қабілеті дамиды, көзқарасы, адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

Ал, енді қазірде жаңа технологияларды пайдаланылып жүрген сабақ төмендегідей үш құрамдас бөліктен тұрады:


  1. Оқу мақсаттарының қойылуы.

  2. Оның шешудің жолын бірлесе қарастыру.

  3. Шешемнің дұрыстығын дәлелдеу.

Бүгінгі таңда жаңа педагогикалық технологияларды сабаққа ендіру әрбір ұстаздың басты мақсаты болу керек. Себебі елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азамат қажет.

Айтылғандарды қорыта келе, дәстүрлі оқыту балада білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарас болса, ал жаңа технологияларды оқыту барысында бала бойындағы табиғи қабілеттерді жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын ұстанымдарға негізделген оқытуды дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйрету.

Қазірде ана тілі сабағанда жаңа технологияларды падалануда көркем шығармаларды оқытуда сабаққа мынадай талаптар қойылады:

А) дидактикалық;

Ә) дамытушылық;

Б) тәрбиелік;

В) гигиеналық;

Г) психолгиялық, ұйымдастырушылық талаптарды ескеру керек.

Сабақта оқушыға білім дайын күйінде беріле салмау керек. Мұғалім шеберлігі арқылы баланың білімді игеруге қызығушылығын ояту қажет. Ал, ол сұрақ әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы баланың алдына жан-жақты мақсат қойып, іске асыруына жол көрсетеді. Мұғалім сонымен, сабақ өту барысында педагогикалық шеберлігіне байланысты тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана білу қажет. Тиімді әдістерді пайдалану барысыда оқушының білімге деген қызығушылығын одан әрі арттыруға, терең ойлау қабілетінің белсенділігін қалыптастыруға болады .

Ана тілінің әдістемесінің іргетасын қалаушы аса көрнекті ғалымы педагог А.Байтұрсынов: « ...Әдіссіз тек мәніс білім – өлі білім, тіршілік тірлік – шарасы. Тіршілік шаранасына үйретілетін білім түрі болу керек. Ондай білімді адам мәніс білім мен әдіс білімін қатар үйренгенде болмақ әдіс – кезекшіліктен шығатын нәрсе, әдістің жақсы-жаманы боламғы жұмсалатын орның керек қылуына қарай» деген. Демек, оқыту жұмысының нәтижелі болуы оқыту әдістерін қолайлы етіп, таңдап ала білуге тікелей байланысты.

Мұғалім ана тілін сабағында көркем шығармаларды оқытуда жаңа технологияларды пайдалануда, қажетті әдістерді тиімді пайдалана білгенде ғана өз мақсатына жетеді. Мұғалім ана тілі сабағында қазірде қолданып жүрген белсенді оқыту әдістерді пайдалана білу керек.


  • Белсенді оқыту әдістері кластық-сабақтық жүйедегі оқу үдерісінде, мемлекеттік стандарттар мен бағдарламаларды өзгертуді талап етпей ешбір қиындықсыз қолдана алды.

  • Белсенді оқыту әдістері бүгінгі білім саласындағы гумандандыру, демократияландыру, жеке тұлғаны дамыту сияқты келелі мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді;

  • Оқытудың белсенді әдістері білім алушылардың интеллектуалдық, шығармашылық деңгейін жоғарлатып, жекелігін қалыптастырады;

  • Белсенді оқыту әдістері мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттырып, шығармашылық әлеуметінің дамуына және кәсіби әрекеттің шыңдалуына жол ашады.

Қазірде мұғалімдер көркем шығармаларды оқытуда пайдаланып жүрген әдістерге тоқталайық:

Көркем шығармаларды оқытуда ұтымды әдістердің бірі – ойын. Ойын әдісін сабақта қалай пайдалануға болатынын көрейік. Осы ойын әдісі арқылы оқу үдерісін жандандырып, сабақтың сапасын арттыруға толық мүмкіншілік бар. Баланың сөздік қорын молайтып, сөзді еркін, өз мағынасында қолдануға, тез, жылдам сөйлеуге жаттықтыруға таптырмайтын құрал.

Мысалы, «Жұмбақ шешу» ойыны оқушыларды тілін жаттықтырып, еске сақтау қабілеттін жетілдіре түседі. «Жұмбақ шешу» ойынын жарыс түрінде өткізуге болады. Жұмбақ ойыны баланы өздігінен ойлануына мүмкіндік беріледі, оларды дерексіз ойлаудан нақтылы ойлауға жетелей түседі.

Топпен жұмыс әдіс арқылы баланы ұжымда жұмыс істеуге, өз ойын ұжымда айта білу, өзін-өзі ұстай білуге үйрету. Мысалы, 2 сынып ана тілі сабағында М.Дулатовтың «Байлық» көркем шығармасын оқытуда мұғалім оқушыларды топқа бөледі. (Топпен жұмыс.) Оқушыларға сұрақтар жазылған карточкалар таратылады.

І топ: Жарлы жігітке сипаттама бер. Ұнай ма? Неге?

ІІ топ: Ұстазға мінездеме бер. Ұқсағыларың келе ме? Неге?

ІІІ топ: Бұл әңгіме туралы не ойлайсыңдар?

ІV топ: “Еңбексіз күнің жоқ” дегенді қалай түсінесіңдер?

V топ: Әңгіменің ұнаған жақсы жақтарын, ұнамаған жақтарын айтып бер.

VІ топ: Егер сендер жарлы жігіт (орнында) болсаңдар не істер едіңдер? деген сұрақтар төңірегінде оқушылар өз ойларын талқылап, сұраққа дұрыс жауап іздейді. Осы топпен жұмыста оқушылар жұбымен пікір бөліседі. Топпен пікірлер бөліседі, де әр топ ойларын ортаға салады, ой алмасады.

Ана тілі сабағында көркем шығарманы оқытуда тиімді әдістің – бірі проблемалық әдіс.

Оқушының алдына проблема қойып үйретуде мынадай қағиданы басшылыққа алдық:


  • Проблемалық жағдайдың бала көңіл-күйіне сәйкес келуін қадағалау;

  • Шешілетін проблеманың оқушы үшін иаңызды болуы:

  • Оқушы мен мұғалімнің диалогының өзара түсіністік сипатта құрылуы.

Жалпы көркем шығарманың құрылымдық ерекшелігін түсіндіру проблемалық сұрақтардан тұрады. Талдау барысында «. көркем шығарманың мазмұнын тез түсіне аламыз ба?» деген проблемалық сұрақ туады. Мұғалім «неліктен олай ойлайсың» деген сұрағымен проблема нақтыланады

Сабақта қызықты да тартымды өткізу үшін тиімді әдістің бірі – итерактивті әдіс. Интерактивті әдіс бір уақытта бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді.

Ол ең алдымен коммуникативтік іскерлік пен дағдыны дамытады. Тәрбиелік міндеттерді шешуге көмектеседі, себебі балалар топта жұмыс жасауға, бір-бірінің ойын тыңдауға үйренеді. Интерактивті әдіс мұғалім мен оқушының өзара әрекеттесуін өзгертеді, мұғалім белсенділігі, оқушы белсенділігімен ауысады.

Өлең құрастыру әдісі. Бұл жұмысты екі түрлі тәсіл арқылы жүргізуге болады.

а) дайын өлең жолын ұсынып, оқушыларға соны аяқтауды тапсыруға болады.

Мысалы, Ө.Тұрманжановтың «Туған өлкем» өлеңінде

«Неткен сұлу , неткен көркем,

Осы менің туған өлкем», - ұсынылған жолдар. т.б.

ә) дайын ұйқастар ұсынылады. Мысалы, «Күз»тақырыбына арнайы төмендегі ұйқас бойынша өлең құрастыру тапсырылады:

байлық,

алдық.


құс біткен

қалдық.


Оқушы тапсырмасының орындалу :

Күз – береке, күз байлық,

Күзде өнім мол алдық.

«Қош» айтысып құс біткен

Кеткен ұшып біз қалдық.

Эссе жазу әдісі. – француз тілінен аударғанда «шағын көлемдегі ойталқы жазу» яғни белгілі бір көріністен алған әсерін, белгілі бір сұрақ төңірегінде ойға түйгенін қағаз бетіне түсіру деген сөз. Эссені жаздыру ойдың сауатты түрде анық қалыптасуына, ой логикасының жүйелі сақталуына көмектеседі.

Эссені қолданудың төрт түрлі жағдайын анықтауға болады:



  1. 30-минуттық (бақылау) өзіндік жұмыс ретінде беріледі;

  2. Жаңа материалды бекіту мақсатында 10 минуттық шығарма түрінде қолданылады.

  3. Сабақ қортындысын шығару үшін және сабақта туған ойларды жазып шығу үшін қоланылады;

  4. Эссені өзіндік шығармашылық тапсырма ретінде, үй жұмысына беруге болады.

Эссе белгілі бір проблемалық сұрақ төңірегінде жеке ұғымдар мен анықтамаларды қолана отырып, оқушыны ойландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, мақал-мәтелдерді өту барысында еңбек жайлы мақал-мәтелді өткеннен кейін «Еңбексіз өмір жоқ» тақырыбына жазу. Эссе жазу оқушыға талқылау мәтінін құрастыруды үйретіп, өз ойын байланыстырып жазуға мүкіндік ашылады. Ой қортындысын жасап, пікір білдіру әдеби нормадан ауытқымай, ойды сөзбен байланыстыру, сөзді орынды қолдандауға септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, ана тілі сабағында көркем шығармаларды оқытуда жаңа технологияларды қолданғанда; оқушылар жұппен, топпен, жұмыс жасайды. Көркем шығармаларды оқытуда мұғалімдердің алдында тұрған міндеттері аса маңызды. Сондықтан да, әр бастауыш сынып мұғалімі өз алдында нақты бір бағытты анықтап алған жөн.

Мәселен, оқушылардың ана тілі пәніне деген қызығушылығын дамыту; ана тілі сабақтарында көркем шығармалардың оқытуда сөйлеу белсенділігін арттыру; өтілетін тақырыпқа байланысты оқушыларды өз бетінше мазмұндауға қызықтыру; Мұғалім сабақ өту барысында осыдай әрүрлі әдістер пайдаланса, онда мұғалім өз алдына қойған міндеттеріне жетеді.
ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Ушинский К.Д. Балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі таңдамалы пікірлері. Алматы, 1951-72б.

  2. Мұхтарова М.С. Ана тілі сабағында оқушылардың ойлау қабілетін дамыту//Бастауыш мектеп-2008 №3-24б.

  3. Базарбекова Р.Ж. Бастауыш сынып оқушыларын жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесі: дис. п.ғ.к. Алматы, 2008-74б.

  4. Есімбекова Б.О Жаңа педагогикалық технологияларды оқу үдерісінде қолдану//Педагогикалық кеңес -2008 №3-2б.

  5. Дьяченко В.К. Новая педагогическая технология в действии. Начальная школа-1994г.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада ана тілі сабағында көркем шығармаларды оқытуда жаңа технологиялардың ерекшеліктері қарастырылады.

РЕЗЮМЕ


В этой статье рассматриваются особенности новых технологий на уроках литературы при изучений художественных произведений.


БОЛАШАҚ КӘСІБИ МАМАНДАРДЫҢ ТІЛДІК МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МАҢЫЗЫ
Таубаева Ғ.З. – п.ғ.к., доцент (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Бәсекелестік өмір сүрудің басты шарты болып отырған өзгермелі кезеңде жоғары білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да күшейіп отыр. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық дамыту жолдарын, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады», - деп көрсетілген. /1/.

Қоғамдық жаңа әлеуметтік мәдени жағдайында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде өздігімен дербес тиімді педагогикалық жолдарды таба білетін, білімді де қабілетті, ұлттық құндылықтарымыз бабалар дәстүрлерін сақтай отырып, тәуелсіз Қазақстан экономикасын дамытатын білікті кәсіби маман даярлау ісіне деген сұраныс жылдан-жылға өсуде. Бұл міндеттің мәні ұлттық дәстүрлер мен өркениет жетістіктерін сабақтастыра дарытып кәсіби құзіреттілігін арттыратын, әрі патриот, әрі ізгі ұрпақ тәрбиесімен айқындалмақ.

Қазақстан Республикалық Білім туралы Заңында «...білім беру жүйесі міндеттерінің бірі ретінде белсенді азаматттық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық – саяси экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыруы» атап көрсетілген /2/.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаттарының бірі «дүниеге жауапкершілікпен қарайтын шығармашылықпен ойлауға дағдыланған, мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол, білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру»/3/, шебер сөйлейтін, шешен мамандарды дайындау.

Осы ретте мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары алдында үлкен де салмақты міндеттер тұр. Бұл міндеттердің шешімі студенттерге мемлекеттік стандартқа, оқу бағдарламаларына сәйкес ғылым салаларынан білім берумен ғана шектелмей, студенттер болашақ кәсібін терең түсінетін, меңгерген білімін мазмұнды, дәлелді түрде, әдеби тілмен шебер жеткізе алатындай, тіл байлығы мол маман болып шығуы тиіс. Сондықтан, жоғары оқу орнында оқытылатын пәндер арқылы студенттерді өз ойларын жүйелі, түсінікті етіп, шебер сөйлеу үрдісіне дағдыландыру маңызды мәселе болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, болашақ мектепке дейінгі ұйым мамандары терең кәсіби білімімен бірге, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, өз ойын, пікірін жүйелі түрде жеткізе алатын, сөйлеу шееберлігі қалыптасқан маман болуы тиіс.

Мектепке дейінгі ұйымдарда жасөспірімді қоғам талабына сай етіп білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беретін тәрбиеші - педагогтарды дайындауда. Қазақ мемелкеттік қыздар педагогика университетінің үлесі зор. Балабақшада білімдік-тәрбиелік үдеріс тіл арқылы жүзеге асатындықтан, оны балалар ересектерден, яғни ата - аналар мен тәрбиешілерден үйренеді.

Мектепке дейінгі мекемелердегі оқу-тәрбие үрдісі, яғни балалардың ой-өрісін кеңейту, ақыл-ойын дамыту, мінез-құлқын, адами қасиеттерін қалыптастыру, еркін тәрбиелеудің бәрі тәрбиеші - педагогтың сөзі арқылы іске асырылады.

Балалардың сөздік қоры,сөйлеу мәнері, сөз сарыны ересектерге еліктеу арқылы қалыптасады. Қоршаған өмір тіршілігімен балаларды таныстырып білім беруде олардың нені қай дәрежеде ұққанын, нені есіне сақтағанын байқау, ойыншықпен ,түрлі затпен, оқу құралдарымен, суретпен көрсетіп балаға үйретуде тәрбиеші - педагогтың әбден төселген сөйлеу дағдысы, сөйлеу мәнері, сөздік қоры мен байлығы, тілдік тәсілдер мен сөз шеберлігін дәл орнымен қолдану білуі қажет. Сондықтан, тәрбиеші - педагогтың сөздік қоры бай, тілі орамды, жатық, дыбыстау мәдениеті өрісті де өрелі болғаны дұрыс.

Ендеше, әрбір көркем шығарманы қызығып оқып түсініп, ұғып, әсер алғанда ғана баланың рухани жан дүниесі байып, дамиды. Сонда ғана, көркем әдебиет қоғамдық дамуға бірден - бір әсер етуші әлеуметтік күшке йналады. Сондықтан, мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеші - педагог даярлауда аталған жоғары оқу орындарындағы балалар әдебиет сабағының мақсаты – студенттер көркем шығармалар арқылы балалардың тілін дамыту, оларды инабаттылық пен парасаттылыққа, имандылық пен сұлулыққа, ұлағаттылыққа, мейірімділікке, жомарттылыққа, ізгілікке, эстетикалық сезімдерін, талғамын дамытудағы халық ауыз әдебиеті (мақал - мәтелдер мен жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер мен аңыз әңгімелер, т.б) мен қазақтың ақын -жазушылар шығармаларының тәрбиелік, білімдік мәнін ұғындыру болып табылады. Осындай міндеттерді бала бойына сіңіруде оқу пәнінің алатын орны жоғары екендігін байқаймыз

Жоғары оқу орыдарының дәстүрлі білім беру жүйесінде мамандар даярлаудың басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болған болса, ал әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті маман дайындау үшін оның құзырлық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну екендігі баршамызға аян.

Ресей ғалымы Н.В. Кузмина «Құзіреттілік дегеніміз – педагогтың басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы» деген /4/ пікір айтса, М.В. Рыжаков: «Компотенция адамның білімі мен практикасындағы іс-әрекеттер арасында болатын қатынас ортасы» деген пікір айтады. Сонымен, құзырлық дегеніміз – адамның өз білімі, біліклігі және дағдылары негізінде нақты кәсіп аясында жоғары сапалы және мөлшерлік еңбек нәтижелеріне жету үшін нақты жұмыс түрлерін білікті атқара алу қабілеті. Қазақстанда құзіреттілікті қалыптастырудың теориялық және практикалық аспектілерін Ш.Х. Құрманалина, Б.Т. Кенжебеков, Г.Ж. Меңлібекова, Б.Қасқатаева, М.В. Семёнова, және т.б. ғалымдар зерттеген. Б.Т. Кенжебеков: «кәсіби құзіреттілік – бұл кіріктірілген іргелі білімдер, адамның қабілеттері мен жинақталған біліктіліктерінің, оның кәсіби маңызды сапаларының, технологияны жоғары деңгейде меңгеруінің, мәдениеті мен шеберлігінің, ұйымдастырудағы шығармашылық әрекетінің, өзін-өзі дамытуға дайындығының бірігуі» десе /5/, Г.Ж. Меңлібекова: «әлеуметтік құзыреттілік – адамның әлеуметтік шындықты құндылық ретінде түсінуінің, әрекетті басқарудағы нақты әлеуметтік білімінің, өзін анықтаудағы субьективтік қабілетінің, әлеуметтік технологияны жүзеге асыру біліктілігінің бірігуі ретіндегі кіріктірілген сапалық қасиеттері» деген пікір айтқан /6/.

Құзырлылық студент атқаратын іс-әрекеттің барлық түріне байланысты емес, ол тек базалық оқу пәндері мен оның негізгі бөліктерімен ерекшеленеді. Сондықтан да білімділік құзырлылықтың қызметін анықтауда оның құрамын білу маңызды болып табылады. Білімділік құзырлықты меңгеруде оқытудың дидактикалық ұстанымдарын жүзеге асыру мақсаты көзделеді, бұл жерде білімділік бағыт жекедаралық іс-әрекет сипат алады. Құзырлықтың ең ірі бөлігі базалық, яғни білім мазмұнының тұтастығы болса, екінші саты түйінді құзіреттілікке білім аясы негізге алынады, пәндік құзырлылық осы нақты тұжырымдалған біліктер бойынша оқушы білімін бағалаудың әр пән бойынша жіктелуі болып табылады. Ал, оларды іріктеу мен нақтылау түйінді білімділік құзіреттілікті құрайтын құндылықты: мәнді, жалпымәдени, оқу - танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік-кәсіптік және дара тұлғаның өзін-өзі жетілдіруге бағытталуы сияқты түйінді негіздер арқылы оқу пәндер бойынша іске асады. Түйінді білімділік компотенцияларды анықтауда сыни ойлауға үйрету жүйесінен туындайтын бағалау категориялары шығады. Бұл жерде студент барлық өмірге қажетті мәселелер төңірегінде өзіндік шешім қабылдай алуы тиіс және шешімдер нақты, дәлелді болуы керек /7/.

Нәтижеге бағдарланған білімді пәндік құзырлылық тұрғысынан қарастыратын болсақ, жоғары оқу орындарында «Балалар әдебиеті» пәні баланың ішкі сезімдері арқылы ойлау, пайымдау, тұжырымдау, тыңдау, түсіну, пікірлесу, т.б. тілдік коммуникативтік қатынастарды жинақтаған пәндік білімдері негізінде өмірлік қажеттілікке айналдыра білуді нысана етеді. Студенттер әдеби білім алу арқылы балалар әдебиетін пән ретінде ғана игеріп қоймайды, ол сол пәндік білім негізінде болмысты танып біледі, одан ақпараттық мағлұматтар алады және сезімдік құндылықтар болып табылатын адами қасиеттерді бойына сіңіре отырып, мәдениетті, салауатты қарым-қатынасқа түседі, ал бұл балалар әдебиетінің білімділік құзіреттілік бағытына әкеледі /8/.

Әлемдік білім кеңістігінде болып жатқан жаңа бағыт, жаңа көзқарастар бүгінгі оқыту жүйесіне нәтижеге бағытталған міндеті жүктеліп отыр.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Қазақстан мұғалімі. – Алматы.,2004.

  2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, - Алматы., 2007.

  3. Тілдерді қолдану және дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.- Алматы., 2007.

  4. Кузмина Н.В. Профессионализм личности преподавателя и мастера производственого обучения. М., 1990

  5. Кенжебеков Б.Т. Жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру. Пед. Ғыл. Докт. Авторефер. Қарағанды, 2005

  6. Меңлібекова Г.Ж. Бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың кәсіби – дидактикалық құзіреттілігін қалыптастырудың ғылыми – педагогикалық негіздері. Пед. Ғыл. Докт. Авторефер. Астана, 2003

  7. Абдурахманова Г. Коммуникациялық технологиялардың дидактикалық мүмкіндіктері. // Қазақстан мектебі,- Алматы., 2006. №3

  8. Жұмажанова Т.Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. – Алматы., «Білім», 2009

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада болашақ кәсіби мамандардың тілдік мәдениетін қалыптастыруда балалар әдебиеті пәнінің маңызы туралы айтылады.
РЕЗЮМЕ

В статье говорится о роли и значении детской литературы в формировании речевой культуры будущих специалистов.



1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет