Қазақтың аса ірі ақындарының бірі. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады



жүктеу 70.25 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі70.25 Kb.
ҚасымРахымжанұлыАманжолов - қазақтың аса ірі ақындарының бірі. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды. Қасым Аманжолов — көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды.Аманжолов — өзінің батыл ойлы, шынппыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.қасым рақымжанұлы аманжолов

Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келеді. Майданнан өлеңмен жазған "Ағайыма" деген хатындағы: "Қыс. Қыстау. Атамекен Қызылдағы" дегендегі Қызыл—сол туған жері. Әкесі де сонда қайтыс болады. Жас болса да Қасым соның бәрін есінде жақсы сақтап қалған. Әке-шешеден жастай жетім қалған ол біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолина бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл, жайсаң жанды "ерке Қасымның" Оралда болған, әсіресе 1935—1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы "Өмір сыры" деген атпен жарық көреді. Жинаққа енген өлеңдерден болашақтағы кемелденген ақын поэзиясының отты, лепті, сыршыл мінезі танылатын жекелеген жол, шумақтар табылғанымен, тұтастай алғанда, жинақ ақынның әлі де үйрену, еліктеу үстінде екенін көрсететін еді. Әсіресе көзге ауыз әдебиетінің 7—8 буынды терме, толғау үлгілеріне бой ұруы жиі шалынатын. Өлеңіне арқау етіп алған өмір құбылыстарын сырттай таңырқап, тамашалауға, көрген-білгенін тәптіштеп, тізбелеп суреттеуге әуестік байқалатын.

 Бірақ ақын бұл қалпында көп кідірмей, осыдан кейінгі не бары екі-үш жылда-ақ:

Ішім пысты, жалықтым,

Жүре алман енді аяңдап.

 Кенде қаппын, жаңа ұқтым,

Не болса соған аяңдап -

немесе:


Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,

Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!..

Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,

Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.

Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,

Іш пыстырып, жалт-жұлт қарап, жай басып

Жығылсам да, жүгірумен өтемін,

Аяңшылдың ақылын мен не етемін.



Жығылармын, алқынармын, шаршармын,

Барар жерге бұрынырақ жетермін, —дегеніндей-ақ, қатты талпынып, талантына мәдениеті қосылып, ақындықтың шырқау биігіне самғап көтерілді. Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлау, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйрену оның буырқанған күшті талантын тез қанаттаңдырды. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті.1939—1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. "Нар тәуекел", "Бурабай толқындары", "Дауыл", "Көкшетау", "Орамал", "Сұлтанмахмұт туралы баллада", "Өз елім", "Ғашық едім қайтейтін" сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Бұл кезеңдегі ақын өлеңдерінде түр, дыбыстық үндестік, ырғақ жағынан да жаңалықтар көрініс берді. Сондай-ақ Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, "Құпия қыз", "Бикеш" (алғашында "Азғынбаев" деп аталған) секілді алғашқы поэмаларын жазады.Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен - Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде "Орал", "Сарыарқа", "Байкал", "Өтіп бара жатырмын" тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. "Елге хат" (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), "Ұлы күтіс", "Үстімде сұр шинелім", "Подполковник Әлпинге", "Қапанға", "Сәбитке", "Ғалиға жауап", "Қызғалдақ", "Сен фашиссің, мен қазақпын", "Дариға, сол қыз" сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі "Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасы - соның айғағы.Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. Мысалы: 1946 жылы 26 өлең жазыпты, солардың ішінен, әсіресе "Достар", "Туған жер", "Құрбыма", "Сауыншы жеңгейдің жыры", "Домбыра", "Май келді", "Күйім тасып барады, күйім тасып", т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, "Біздің дастан" поэмасын бастайды. М. Лермонтовтың "Маскарад" драмасын, А. Твардовскийдің әйгілі "Василий Теркин" атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, "Дауыл" атты жинағы жарық көреді. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділдә Тәжібаев "Социалистік Қазақстан" газетінде "Дауылды жырлар" деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің "Полтава" поэмасын аударады. "Балбөбек", "Нұрлы дүние" жинақтарын шығарады. 1952 жылы "Таңдамалы шығармалары" жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі "Өзім туралы" толғауын аяқтайды.

Дауыл

Ышқына  соққан  дауылға

Құмартушы  ем  жасымда.

Нөсерлеп  құйған  жауында

Қызығушы  ем  жасынға.

Жүгіруші   ем  жарысып,

Сарыарқаның  желімен.

Ойнаушы  еді   алысып,

Соққан  дауыл   менімен....

“ Дауыл ! Дауыл! “ дегенге,

Шықтық   үйден  дүркіреп,

Аспан  тұрды  төбемде

Аласұрып, күркіреп.

Дүние  сол  кез  дірілдеп,

Келе  жатты  бір дауыл.

Түндіктері  желпілдеп,

Күтіп  тұрды  жарлы  ауыл.

Шыр  айналды  шаңырақ,

Сықырлады  сырғауыл,

Бұрқырады  бар  аймақ,

Соқты  ышқына   көк  дауыл.

Көшті  дауыл  керуені,

Ілестім  де  мен кеттім.

Көк  дауылдай  кеуделі

Жігіт  болдым, ер  жеттім.

Мен  дауылдың  ұлымын,

Тұра  алмаймын  дауылсыз.

Қарсы  алуға дайынмын,



Соқса  да  дауыл  дамылсыз.

 

қасым аманжолов.jpg




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет