Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындары туралы негізгі түсініктер Измаханова Мейрамгуль Ахметовна-аға оқытушы



жүктеу 55.44 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі55.44 Kb.
Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындары туралы негізгі түсініктер
Измаханова Мейрамгуль Ахметовна-аға оқытушы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Ойын - өсіп келе жатқан ұрпаққа білім мен тәрбие берудің ертеден қалыптасқан құралы. Сондықтан ойындар оқушыларды болашақ өмірдегі еңбек қызметіне даярлап, тәрбиелік міндеттердің кең ауқымын шешу үшін арнайы ұйымдастырылады.

Ұлттық спорт түрлері мен ойындар дене тәрбиесінің маңызды құралы мен әдісі ретінде адамның бүкіл тіршілік-тұрмысында өзінің маңызын жоғалтпайды, тек олардың мазмұны мен өткізілу әдістері өзгеріп отырады.

Ойындардың ұйымшылдықты, еңбекқорлықты, тапқырлықты, алғырлықты дамытудағы, қозғалыс үйлесімділігін жетілдірудегі маңызы аса зор. Бұл қабілет-қасиеттердің бәрі де ойын арқылы қалыптасады.

Ойындар баланың жалпы дене дайындығының жан-жақты дамуына терең әсер беретін құрал болып табылады. Ойындардың көмегімен жүгіру, секіру, лақтыру, тасымалдау сияқты өмірлік маңызды дағдылардың арқасында жылдамдық, ептілік, күш, төзімділік, икемділік дене қасиеттері жетіледі.

Ойындағы қимыл-қозғалыстар адамға тән іс-әрекеттің жеке түрі болып табылады. Олар адам қалыптаса бастаған алғашқы кезеңдерден-ақ басталып, кейінгі даму тарихында да бірге келе жатыр. Бір ұрпақтың келесі ұрпаққа тәрбие үйрету қажеттілігінен де ойындардың пайда болуы жалғасады.

Ойындардың пайда болуы еңбекпен, адамды, табиғатты бағалауға жетелеген белсенді іс-әрекетімен тікелей байланысты. Алғашқы аңшылық, кейін мал өсіру, жер өңдеу шаруашылығымен байланысты өмірлік үрдістер бала ойындарының даму негізін құрайды. Көптеген ағартушылар осы көзқарасты ұсынады. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып А. Құнанбаев: «бала дүниеге келген соң әке-шешесінің іс-әркетіне еліктей бастайды. Бала өмірінде ойын, әрине, еңбектен бұрын, бірақ қоғам өмірінде еңбек ойыннан бұрын тұрады, яғни еңбектен ойынның жасы үлкен» - дейді.

Ойынның әлеуметтік қызметі еңбекке дайындау болып табылады. Өмірдің шындық жағдайларын бейнелейтін ойындардан тұлғаның еңбекқорлығын анықтайтын қасиеттері көрінеді. Бірақ бұл әрекеттердің бағыттары әркелкі. Еңбек үрдісінде материалдық қажеттіліктері өтеліп, шығармашылық қабілеттер көп көрінеді. Сондықтан да ойындар адамға оның психикасы мен дене іс-әркетін жетілдіруге бағытталады.

Осы аталған ерекшеліктер ойын мен еңбек арасындағы тығыз байланыс пен өзара әсерді көрсетеді. Осыдан жеке адамның, сондай-ақ тұтас қоғамның дамуын қамтамасыз ететін ойынның әлеуметтік қызметі көрінеді.

Сондай-ақ, мәдени өмір мен өнердегі көптеген бағыттар осы ойындардан шыққанын атап көрсету орынды, себебі, ойындарда адамның өзін-өзі шығармашылықпен таныту қабілеті қалыптасады. Қиял мен сезім, ғылым мен техникадағы тапқырлық ойындарда да дамиды.

Ойындардан халық дәстүрі, оның өмірі мен тәжірибесінің ғасырлық жиынтығын молынан байқаймыз. Әсіресе, ұлттық ойындардан бұл көп көрінеді. «Бұл елде қандай халық тұратынын білгің келсе, балалардың ойындарына қара» - деген маңғол мақалы сөзіміздің дәлелі іспетті.

Ұлттық ойындар мен дене жаттығулары мектепте үнемі кеңінен қолданылады. Олардың көбісі ресми бағдарламаға енген. Олар сондай-ақ мектептен тыс, сыныптан тыс, дене тәрбиесі жұмыстарында да кең қолданылады. Ұлттық және жартылай спорттық ойындардың спорттық сауықтыру лагерьлерде рөлі маңызды.

Ұлттық қозғалыс ойындарының дене дамуын қалыптастырудағы маңызы өте зор. Халықтың педагогикалық бір құралы бола отырып, ойындар жасөспірім ұрпақтың моральдық, ерік-жігер, адамгершілік қасиеттерін дамыту, қимыл дағдысы мен білімін, еңбек қабілетін, ұйымдастырушылық және басқа сапаларды да қалыптастырады.

Ойын үдерісінде ойнаушылардың әртүрлі зияткерлік, дене және ақыл-ой қабілеттерін талап ететін әртүрлі күтпеген жағдайлар туады, үнемі ауысып тұратын қозғалыс әрекеттері қозғалу тепе-теңдігінің, жаңа қимыл мен дағдының қалыптасуына әсер етеді. Сондай-ақ ұлттық қозғалыс ойындарының сипатына қарай, қандай да бір дене немесе психологиялық қабілет ерекше дамып жетіледі.

Республикада ұлттық қозғалыс ойындарды пайдалану, әсіресе, ауылдық жерде, қажетті спорт базасы жоқ орындарға өте қолайлы. Себебі, күнделікті тұрмыс жағдайында туындап, қалыптасатын ұлттық ойындар мен дене жаттығуларына әдетте арнайы жабдықтар, арнайы орын да қажет емес. Мұнда тек бір ғана жағдай тиісті педагогикалық үдерістерді сақтау ғана қажет.

Ұлттық қозғалыс ойындары дене шынықтыруда даярлық пен қабілетті анықтайтын өзіндік өлшем ғана емес, өсіп келе жатқан ұрпаққа жоғары гуманистік қасиет пен әдепті тәрбиелеу мақсатындағы халықтық педагогиканың құрамы болып табылады. Мұнда ойынға, жарысқа қатысушылардың тәртібін белгілейтін көптеген ережелерді сақтау қажет. Ең алдымен ойын ережесін сақтауда адалдық, шынайылық, жеңімпаз бен нәтижені анықтаудағы әділдік, өзара көмек жоғары бағаланады. Мұндай ережелерді және этикалық міндеттерді бұзу ойыншылар тарапынан сынға алынып отырады. Осылайша халықтық ойындар жеке адамды ұжымда тәрбиелеу құралы болып табылады.

Сондықтан да оқушылармен жұмыс істеуде ұлттық қозғалыс ойындарының жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған бай тәжірибесін қолдану қажет. Халықтық педагогиканың таусылмас қазынасы бола отырып, ойындар қазіргі жағдайда да күшті құралға айналып отыр, себебі мұнда тәрбие жұмысын жүргізудің күнделікті тәжірибесінде қажетті қағидалар бар. Ойын мәліметтерінен қазіргі заман талабына сай, ең бір қажетті, ыңғайлы элементтерді таңдап алу керек.

Ұлттық қозғалыс ойындары сол халықтың дәстүр салтымен тығыз байланысты. Бірақ дене тәрбиесі дәстүрі қатып қалған қозғаусыз емес, үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Осыған орай, нақты жағдай мен қолдану ыңғайына қарай ұлттық ойын түрлері үнемі өзгертіліп отыруы тиіс.

Ұлттық қозғалыс ойындарының түрлерін өзгерту, көбейтудің жолдары барлық халықтарда бар немесе ұқсас келеді. Мұның себебі өте қарапайым. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ойынның негізгі элементі олардың жас ерекшелігін, өсіп келе жатқан ағзаның қалыптасуын нығайтатын жаттығулар болып табылады.

Дене тәрбиесінің жалпы жүйесінде ұлттық ойындарға көп орын бөлінген. Олардың көмегімен әртүрлі жастағы балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесінің көп міндеттері атқарылады. Мектепке дейінгі мекемелерде, балалар үйлері мен аулаларда, спорттық-сауықтыру лагерьлерінде, арнаулы орта оқу орындарында және басқада жұмыс орындарындағы тәрбиелік, сауықтыру және білім беру міндеттері ойындар арқылы атқарылады.

Осы оқу құралында берілген ұлттық қозғалыс ойындарының әртүрлі жағдайға, орынға лайықтап таңдауға болады: аулада, алаңқайда, сайларда, мектеп дәліздері, спорт залдарында, спорт алаңдарында, дене тәрбиесі сабақтарында, спорттық мектептердегі жаттығу сабақтарында өткізуге болады.

Қазірде ұлттық спорт түрлері мен ойындарды қолданудың жаңа кезеңі басталды деуге болады. Сондықтан да жасөспірімдерді тәрбиелеудің ең бір алдыңғы қатарлы тенденцияларына қатысты ұлттық ойындар көлемін кеңейте түсу керек.

Оқушылардың дене дамуын жетілдіру үшін қолданатын кез-келген ұлттық ойын міндетті түрде сауықтыру, шынықтыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім беру және тәрбиелеудің ең жоғарғы міндеттерін атқаруға тиіс. Сондықтан да ойын барысында үйрету әдістемелеріне аса жоғары талаптар қойылады.

Әсіресе, мектеп оқушыларын тәрбиелеу мақсатында ұлттық қозғалыс ойындарды қолдануға көп күш салу керек. Тәрбиелік міндеттерді іске асыру көбінесе ойнаушының қимыл-қозғалыстарының сипатына байланысты болады, олар ойын үстінде үнемі өзгеріп отырады. Мақсатқа жету жолындағы кедергілерге немесе қарсыласқа қарсы күрес әр ойын үстінде түрліше, күтпеген жағдайда болады. Бірақ ойнаушы осындай қиындықтарға қарамастан мақсатқа жетуі тиіс. Мұндай ойындар әдетте күшті психикалық реакция тудырып, ойынның әсерлі және қызығушылық деңгейін көтереді, ойнаушының мақсатқа жету жолындағы күш-қайраты мен мүмкіндігін күшейтеді. Ойын үдерісін дұрыс ұйымдастыруды, ойнаушылар ұжымының әр мүшесінің моральдық, адамгершілік қабілетін тәрбиелеуге де көп көмек етеді. Осыған орай, ойын өткізу әдістемесі батылдық, тез шешім қабылдай алу, ынталылық, тәртіптілік, бірлескендік, ұйымшылдық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталуы тиіс.



Ұлттық қозғалыс ойындарды үйрету әдістемесі, олардың көмегімен іске асырылатын мақсат пен міндеттерге байланысты анықталады. Ұлттық қозғалыс ойындарды үйретуді дұрыс жолға қойғанда ғана толық тәрбие беру жүзеге асады. Бұл жерде басты қызметті педагог, оқытушы атқарады. Ойынға үйретуді алдымен ең қарапайым топтық емес ойындардан бастаған дұрыс. Одан ары алдап өту сипатындағы ұжымдық іс-әрекетке, күрделілек ойындарға ауысқан жөн.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет