Баукең ЖҰлдызды болған күн халықТЫҢ ЖҰлдызды болған күНІ



жүктеу 117.36 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі117.36 Kb.



БАУКЕҢ ЖҰЛДЫЗДЫ БОЛҒАН КҮН –

ХАЛЫҚТЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ БОЛҒАН КҮНІ
Егер көзі тірі болғанда биылғы 24 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы 100 жасқа толған болар еді. Бірақ жазымыштан озу маңдайалды деген перзенттердің де маңдайына жазылмаған. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыс шежіресіне аты алтын әріппен жазылған озық ойлы қолбасшылардың қатарында аталатын қазақ батырының рухына өзі армандап өткен тәуелсіздік тұсында жиі-жиі тағзым етіп, ұлықтағаннан басқа қайран жоқ. Елінің елдігі мен ұрпағының ұлықтығы танылатын тұс та осы.

Иә, елдің елдігі мен ердің ерлігін алты алаштан да әрі асырып мақтаныш етер осы халықтық іс-шараның қам-қарекетіне бүгінде батыр өмірге келген облыс жұртшылығы үлкен дайындық үстінде. Ол, әлбетте, алдын-ала бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, халықта «тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген сөз бар. Біз, осыған орай, облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы БОЗЫМБАЕВПЕН аты аңызға айналған батыр мерейтойы алдында аз-кем әңгімелескен едік.


- Қанат Алдабергенұлы, жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, облыс экономикасының жарты жылдықтағы өсіп, өркендеу барысы туралы айтып бердіңіз. Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың аты аңызға айналған қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойын лайықты атап өту жайы да жан-жақты сөз болыпты. Бұл туралы көпшілік БАҚ арқылы дер кезінде хабардар болды. Біз бүгін сол әңгіме жайлы өз аузыңыздан естісек деп едік.

- Елбасының қабылдауында болғанда мен биылғы жылдың жеті айында облыс халқы қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық табыстар туралы айтып бердім. Жеті ай ішінде өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің өсімі 9 пайыздан асты, оның ішінде тау-кен саласын өндіру – 29 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылық саласындағы өндіріс те дамып келеді. Облыста егін жинау науқаны аяқталып, қырманға 230 мың тоннадан астам астық жиналды. Астықтың орташа өнімділігі гектарына 15,5 центнерді құрады. Облыста жұмысссыздық азайып келеді. Бір ғана «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының құрылысына 4,5 мыңнан астам адам тартылды. Тағысын тағылар дегендей, міне, осының бәріне есеп бергеннен кейін, Елбасы аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойын өткізуге қалай дайындалып жатқанымызды сұрады. Экономика - халықтың әл-ауқатын жақсартса, елдік пен ерлік – халықты рухтандырады, намысын оятады, ұлы бастамаларға, үлкен істерге жетелейді. Бұл тұрғыда батыр Бауыржан атамыздың есімін алты алашты былай қойғанда, алыс-жақындағы шет елдердің көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдеріне дейін құрметпен атайтынын айтып өткен абзал. Батыр қаламынан туған төл шығармаларымен бірге, ол туралы жазылған қызықты, ғибратты естеліктерді іздеп жүріп оқиды. Аңыз қылып айтатындары қаншама! Қазақ халқының маңдайына біткен осындай қаһарман ұлын кезінде Куба елі басшыларының ардақ тұтып, арнайы шақыруы да осы ұланғайыр құрметті көрсетеді. Олар, тіпті, Бауыржан атамыздың әскери педагогика, соғыс психологиясы туралы лекцияларын өздерінің әскерлері мен әскери оқу орындарында теориялық және практикалық тұрғыдан қолданылады екен деген де дерек бар. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігі нығайып, ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымға төрағалық етіп отырған тұста батыр тойын алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер ғибрат қылып айта жүрер ұлғатпен өткізу Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы деп білем.

Әлі есімде, осыдан жиырма жыл бұрын, Баукеңнің елдік пен ерлік жолындағы өр мінезін үлгі тұтқан көптеген ұлттар мен ұлыстардың, майдандас достарының тілегіне мізбақпай келген бұрынғы КСРО басшылығының жүрегін сонау 1990 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тән сабырлы саясатымен, салиқалы ақыл-парасатымен жібітіп, халқымыз үшін көп жыл арман болған Кеңес Одағының Батыры деген өте жоғары атақты алып беріп, артында қалған асылдың сынығындай ұлы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметоваға өз қолымен тапсырып еді. Елдік пен ерлікті бұдан артық қалай ұлықтауға болады. Біле-білсек, сол тұстағы газеттерге Елбасының «Бауырым Бақытжан! Халқымыздың асыл перзенті Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілуімен шын жүректен құттықтаймын! Кешегі сұрапыл соғыста көп ұлтты отанының, намыс туын желбірете ұстап, жүрек жұтқан ерлігімен, дара бітімімен ұлтымыздың атын дүйім әлемге жайып, абыройын асқақтата білген Бауыржан ағамыздың тарихымызда алар орны ерекше. Қан майданда қол бастаған, ал бейбіт күнде халқының еркесі болған Баукеңнің абзал азаматтығы, ерен ерлігі, қайталанбас мінезі, туған халқы, келер ұрпақтар үшін өшпес өнеге. Елдің махаббатына бөленіп, аты аңызға айналған асыл ағамыздың отан алдындағы еңбегі кеш те болса әділ бағасын алғаны бүкіл республика жұртшылығын, исі қазақ баласын ерекше қуанышқа кенелтіп отыр. Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн! Қуаныш ұзағынан болсын!» деген жеделхаты жарияланған болатын. Біле білгенге, сол кезде осы жеделхаттағы «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!» деген сөздің аржағында үлкен мән-мағына жатқанын түсінуге болатын еді. Сондықтан Елбасының батыр тойына дайындығымыздың барысын тәптіштей сұрауында, елдік пен ерлікті өзінің биік деңгейінде ұлықтау тұрғысынан алып қарағанда, үлкен жауапкершілікті сезіну болды деп ойлаймын.

- Қанат Алдабергенұлы, той қарасаңында архив құжаттары арқылы жарыққа шыққан кітаптарға біраз үңілгеніңіз аңғарылып тұр. Елбасының батыр ағасы алдындағы азаматтық парызын адал өтегені жайлы құжаттар көп. Соның бірі Нұрсұлтан Әбішұлының КСРО Президенті М. С. Горбачевке жазған хаты. Ел болып атап өткелі отырған батыр мерейтойына қажетті құжат болғандықтан оқырмандар назарына оны да ұсынудың артықтығы болмас.

«Президенту Союза Советских

Социалистических Республик

тов. Горбачеву М. С.
О присвоении звания Героя Советского

Союза Момышулы Баурджану


В последние годы трудящиеся и широкая общественность республики, многие знатные люди, ветераны войны и турда, деятели науки и культуры, народные депутаты упорно ставят вопрос о восстановлений исторической справедливости – присвоении звания Героя Советского Союза участнику Великой Отечественной войны, легендарному панфиловцу, гвардии полковнику Баурджану Момышулы (посмертно). В поддержку общественного мнения и с учетом новых сведений о подвигах Б. Момышулы в годы войны Военный Комиссариат Казахской ССР и ветераны панфиловской двизии вошли с ходатайством о присвоении ему высокого звания.

Действительно, Баурджан Момышулы - легендарная личность, широко известная и популярная в республике, истинный народный герой, пользующийся непререкаемым авторитетом. Родился он в 1910 году, с 1932 года служил в рядах Советской Армии, прошел всю Отечественную войну, командовал взводом, батальоном, полком и двизией. После войны окончил Военную академию Генштаба Советской Армии, занимался военно-педагогической деятельностью.

Баурджан Момышулы особенно прославился в оборонительных боях под Москвой на Волоколамском направлении в осенние-зимних операциях 1941-1942 годов. В должности командира батальона провел 27 успешных боев, имеюших исключительно важное тактическое значение. В боях у деревни Горюны и железнодорожной станции Матренино его батальоном уничтожено до 600 немецких солдат офицеров, 6 танков, захвачено 18 станковых и ручных пулеметов, 2 орудия, 3 радиостанции, 2 штабных автомашины с секретными документами. При ночном налете с полувзводом бойцов и легкими орудиями в расположение противника в районе деревни Лопастино-Десятиворка уничтожено до 200 немецких захватчиков. В боях в населенном пункте Крюково стрелковым полком Б. Момышулы уничтожено до полка пехоты противника, 18 танков и много другой боевой техники. В этих и во многих других боевых операциях Баурджан Момышулы проявлял завидную личную храбрость, мужество и отвагу, личным примером воодушевлял на смелые действия бойцов, тактически верно и умело управлял подчиненными подразделениями.

За все эти и другие подвиги Б. Момышулы командиром 316 стрелковой двизий И. В. Панфиловым 7 ноября 1941 года был представлен к награждению Орденом Ленина, а в августе 1942 года командиром 8 гвардейской стрелковой дивизии Серебряковым был представлен к присвоению звания Героя Советского Союза. Но оба представления, по неизвестным причинам, остались без внимания.

В дальнейшем Баурджан Момышулы в должности командира полков и дивизий активно участвовал в наступательных операциях 1942-1943 годов на Калининском фронте и в разгроме весной 1945 года немецких войск в Курляндии. Только в операции в районе станции Приэкуле в феврале-марте 1945 года 9 гвардейская стрелковая дивизия под командованием Баурджана Момышулы прорвала три полосы сильно укрепленных оборонительных сооружений противника, продвинулась вперед до 8 км, освободила 15 населенных пунктов, уничтожила 950 немецких солдат и офицеров, 25 орудий, 50 пулеметов и минометов, 35 танков.

Жизнь и подвиги Б. Момышулы легли в основу многих художественных произведений: повести А. Бека «Волоколамское шоссе», книг А. Кривицкого «Вовеки не забуду», Дм. Снегина «На дальных подступах» и «В наступлении», М. Габдулина «Мои фронтовые друзья», А. Нуршаихова «Истина и легенда», художественного фильма «За нами Москва», пьесы В. Шаинского «Волоколамское шоссе», поставленной во МХАТе, и ряда других.

Недавно в результате активных поисков в архивах Министерство обороны СССР нами обнаружено письмо-записка бывшего командира 8 гвардейской (панфиловской) стрелковой дивизий Серебрякова в Президиум Верховного Совета СССР от 17 июля 1944 г., где детально и подробно описываются подвиги Б. Момышулы в сражениях под Москвой и подтверждается факт представления его к ордену Ленина, затем к высокому званию Героя Советского Союза (прилагается. Арх. МО СССР, Ф. 1063 оп. д. 4, л.л. 96-98).

Присвоение звания Героя Советского Союза легендарному герою казахского народа Баурджану Момышулы стало бы истроическим актом торжества спарведливости». Айтайын дегенім, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы хатынан кейін көп ұзамай, яғни 1990 жылдың 11 желтоқсаны күні алты алаштың айбыны, қазақ халқының мақтанышы болған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

- Дұрыс айтасыз, тәуелсіздік таңы алдында жазылған бұл тарихи құжатта батыр атамыздың барлық ерлік жолы қысқа да нұсқа түрде қағазға түсірілген. Дегенмен, хатты жазып Кремль басшылығына жөнелту бар да, сол хаттың тағдырына алаңдап, артында іздейтін, сұрайтін елі бар екенін айтып, халық өкілдері тапсырған аманатты адал орындау бар ғой. Меніңше, Елбасы еңбегі, осы тұрғыдан алғанда, әбден бағалауға лайық.

- Қанат Алдабергенұлы, халқымызда «тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Өйткені, батыр тойын бүкіл ел болып атап өткенмен, жауапкершіліктің негізгі салмағы батыр туған облысқа түсейін деп отыр. Мерейтойға әзірлік барысында күтпеген қиындықтар кездесіп, соның салдарынан асығыстықтар орын алып отырған жоқ па?

- Жалпы алғанда, қиындық тудырып отырған ешқандай мәселе жоқ деуге болады. Бүгінде облыс орталығы мен барлық аудандарда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған түрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізілуде. Бұл тойдың әлқиссасы ғана. Ал мерейтойға дайындық пен оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті жиі-жиі отырыстар өткізіп, мерейтой бағдарламасын тиянақтай түсуде. Облысқа шет елдерден, Астана мен Алматы қалаларынан және еліміздің өзге облыстарынан шақырылатын ресми қонақтардың тізімі жасалды. Құдай қаласа, оқырмандар көптен күтіп жүрген «Бауыржан Момышұлы мұралары: XXI ғасыр көгінде» атты 30 томдық еңбегі мерейтойға арналған үлкен тартудың бірі болмақ. Мерейтой алдында «Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Міне, осы алқалы жиында Бауыржан Момышұлының 30 томдық жинағы мен 2000 дана «Қаhарман Бауыржан Момышұлы» фотоальбомнің тұсаукесері өтеді.

Ел игілігі үшін қолға алынған тағы бір іс - облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңалау және аббатандыру жұмысы. Бекітілген жоба бойынша саябақтың І. Жансүгіров көшесіндегі кіре берісіндегі ескі арка жаңартылып, саябақтың ортасынан стелла мен субұрқақ салынуда. Сондай-ақ, саябақты жан-жағын ою-өрнекті темір шарбақпен қоршау жұмыстары да ұмытылған жоқ. Бұл жобаның «тартылу күші» – батыр атындағы саябақтың ортасындағы Бауыржан Момышұлына арналған биіктігі 16,40 метр болатын монументке түспекші.

- Жөн екен, бұл жұмысқа барлығы қанша қаржы қарастырылған?

- Батыр саябағын қайта құру жұмыстарына 70 млн. 503 мың теңге қарастырылған, бүгінгі күнге дейін оның игерілгені 58 млн. 472 мың теңгеден асып жығылады. Құдай қаласа, жаңалау мен жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталып та қалар.

- Әдетте, мұндай мерейтойлар ақындардың жыр шашуымен де мәре-сәре боп жатушы еді...

- Ол да ұмыт қалған жоқ. «Мен Бауыржанды жырлаймын!» атты республикалық мүшәйра өтеді. Мүшәйраның ережесі наурыз айында «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Алматы Ақшамы» және жергілікті БАҚ-тарда жарияланды. Оны өткізуге облыстық бюджеттен 3,0 млн. теңге бөлінді. Мүшәйра жеңімпаздарын анықтау, қорытындысын шығару елге белгілі ақын, жазушыларға тапсырылды. Сонымен бірге, «Ерлігі мен өрлігі биік Бауыржан!» атты патриоттық әндер байқауы мен Б. Момышұлының 100 жылдығына арналған пьеса да батыр тойынан «тобықтай» аламыз деп келген жұртшылыққа үлкен рухани сый-сияпат болар деп ойлаймын.


  • Ұлттық спорт ойындары ұмыт қалған жоқ па? Баукең атамыз атқа құмар болған адам ғой.

  • Біздің облысымыз ат спортымен де алда келе жатқан өңір. Әсіресе, жеңіс туын қолдарынан түсірмей жүрген «Әулиеата» көкпаршылар клубының шабандоздарына көп рахмет. Той қарсаңында облыс орталығы маңындағы Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромда ұлттық ат спорты ойындарын өткізуге арналған ұйымдастыру комитеті құрылып, дайындық жұмыстары басталып кетті. Сондықтан атбегілер мен ат спортының жанкүйерлері батыр тойында құмардан шығуға тиіс.

  • Батырдың кіндік қаны тамған Жуалы ауданында жағдай нешік? Батыр музейі аудан орталығы - Бауыржан Момышұлы ауылына орналасқанын білеміз.

  • Мерейтой дегенде кейбіреулер тек қана ас беріп, ат шаптыру, яғни ішіп-жеу мен дарақы түрде көңіл көтеру деп ойлайды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біз облыс орталығымен бірге ауданның да әлеуметтік ажарын аша түсуді басты назарда ұстап отырмыз. Мерейтойға дайындық жұмыстары үшін ауданға 200 миллион теңге қаражат бөлінді. Ол қаржының мақсатты түрде жұмсалуы қатаң бақылауда ұсталып отыр. Ауылдың кіре берісіне орнатылған батыр ескерткішінің аумағы абаттандырылып, гүлзарлар жасалды. Су жүйесі жүргізілді. Аумақ турникеттермен қоршалып, орындықтар мен қоқыс тастайтын жәшіктер қойылды. Жиек және төсеніш тастармен әрленді. Бүгінге дейін аудан орталығындағы 8 әлеуметтік нысан жөндеуден өткізілді. Жол да, жаяулар жүретін соқпақ та жөнделуде. Ою-өрнекті шарбақтар да көше сәнін аша түскен. Көше бойына орналасқан, бірақ тұрмысы төмен отбасылардың үйлері де әктеліп, боялып дегендей, жөнделіп жатыр.

Бауыржан Момышұлы музейін жаңарту, айналасын абаттандыру және музей алдындағы алаңқайға батырдың бюстін орнату жұмыстары аяқталып келеді. Бүгінгі күнге бюстінің постаменті тұрғызылды. Музейдің қасынан 20 миллион теңге қаржыға батыр атындағы аллея салынып жатыр. Оған апаратын жолға қоршаулар орнатылып, асфальт төселіп, жиек тастар қойылған. Су құбырлары тартылып, бағаналарға шамдар орнатылды. Облыс орталығында басталған той салтанаты батыр атамыз дүниеге келген ауданда жалғасады. Алдын-ала есептеуіміз бойынша мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Тойдан кейін батыр аллеясы ауыл тұрғындары мен батыр музейіне келушілердің демалатын әсем орнына айналады.

Ауыл айнасының бірі болып табылатын белгілі Боранды бекетіне «Казақстан темір жолы» - Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 27 млн. теңге қаражат бөлініп, оны жаңарту, жөндеу жұмыстары да қолға алынуда.

- Қанат Алдабергенұлы, Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова жақында музейге батыр тұтынған көптеген заттарды әкеліп тапсырғанына куә болдық. Осы бастаманың басында кімдер тұрғанын оқырмандарға айта кетсеңіз.

- Халыққа қажетті бұл игі шара да облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынып отыр. Бауыржан атамыздың тұтынған заттарын осы уақытқа дейін көздерінің қарашығындай сақтап келген ұлы мен келініне көп рахмет, біздің өтінішімізді дұрыс түсініп, аты аңызға айналған адам ұстаған заттарды ірі-ұсақ деместен музейге әкеліп тапсырды. Осы ретте айта кететін бір мәселе, бұрын аудандық музей ретінде қаражаттан қағажу көріп келген мекемеге біз енді «Бауыржан Момышұлы атындағы облыстық музей» деген мәртебе беріп, ерекше қамқорлыққа алып отырмыз. Содан кейін, батырдың кіндік қаны тамған ауылға баратын жол бойына «Бауыржан Момышұлы» деп жазылған жол бағыттағыш стелла орнатылады. Бүгінде ол да қолға алынып, безендіріліп жатыр.

Тойдың сәні, қашанда, ән мен күй ғой. Ал Жамбыл облысы Кенен атаның күміс көмей ұрпақтарына аса бай. Сондықтан облыс өнерпаздары той қонақтарына облыс орталығындағы Тұрар Рысқұлов атындағы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерекелік үлкен концерттер қояды.

- Қанат Алдабергенұлы, халқымыздың даңқты хаһарманының мерейтойын ойдағыдай өткізу, оның ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, бас-көз болу кез-келген әкімнің арманы. Батыр тойы бүгінгі жас ұрпақты, ертеңгі болашақты рухани тұрғыдан тәрбиелеуде қаншалықты маңыз атқарады деп ойлайсыз?

- Батыр атамыздың аты-жөні - қазақ халқының паспорты, төлқұжаты тәрізді символикалық тұлғаға айналып, бала кезімізде сол аты аңызға айналған адамға еліктеп өстік емес пе!?. Одан кейін батыр туралы әдебиеттер де аға ұрпқты көп тәрбиеледі. Кеңес өкіметінің кезінде Баукеңнің үйіне барып, бір сәт болса да көру, әңгімелесу мүмкіндігіне ие болғандар өзін бақытты сезінетін. Орыс жазушысы А. Бектің «Волоколамск тас жолы» хикаяты, біле білген кісіге, қазақ халқын тану, мойындау, қазақ халқынан туған перзенттердің, яғни Бауыржандай хас батырларының ерлігі мен өрлігін үлкенді-кішілі өзге ұлттар мен ұлыстарға ұлықтау болып табылады. Мысалы, Баукеңнің батырлығы туралы осы кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, испан сияқты тағы басқа көптеген шет елдердің тілдеріне аударылып, кең тарап кеткенін еске алсақ, көп нәрсені пайымдаймыз. Сондықтан, ерлігімен бірге артында әскери педагогика мен соғыс психологиясын жетілдіріп, байытуда баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға елі үшін мәңгі жасай бермекші. Оның ерлігі де, өрлігі мен өжеттігі де, өз қолымен жазып кеткен қыруар еңбегі де болашақ ұрпақ үшін баға жетпес рухани қазына деп білемін. Ал болашақ ұрпақтың сол баға жетпес рухани байлықтың қуаты арқылы тәуелсіз қазақ елін бұзық ойлы басбұзарлардан қызғыштай қорғайтыны хақ.

- Әңгімеңізге рахмет! Той тойға, ой ойға ұлассын!


Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».



Суретте: Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев.




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет