Бұлдыбай А. С. Әл Фараби атындағы Қазақ



жүктеу 116.03 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі116.03 Kb.
Бұлдыбай А. С.

Әл Фараби атындағы Қазақ

ұлттық университетінің профессоры
«Манас» эпосы және Ш.Уалиханов
Әлемде теңдесі жоқ ең ұзақ жыр болып саналатын бауырлас қырғыз халқының эпикалық мұрасы «Манас» жырын жинап, зерттеуде қазақ ғылымдары айтарлықтай үлкен жетістіктерге жетті.

«Әрбір халықтың, - деп жазады Шоқан, әдеби мұраларын зерттеудің этнография үшін керектігін ғалымдар әлдеқашан ескерткен. Өйткені, халық тұрмысы, оның қылығы, оның дүниетануы мұнда ашығырақ сипатталған. Өздерінің мәдени мұраларын ерекше сүю, ертегі, жыр байлығын мақтаныш ету, әсіресе, Орта Азиядағы көшпелі елдердің қасиеті. Олардың аңыз-жырларын, қария сөздерін әрбір тайпаның басынан кешірген тарихы, соларды еске түсіру болып табылады. Ондай аңыз-әңгімелерді сәуегейдің сөзіндей есте сақтап, оны бірден бірге жеткізіп отырушылар – әрбір ру ішіндегі қариялар. Олар оны заң ретінде, белгілі ақын-жыраулар тобының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған ұзақ дастан түрінде сақтап келген. Бүгінде қолданбайтын, жырда кездесетін көне сөздер олардың тым ерте дәуірде шыққанын көрсетеді» [1, 59].

Шоқанның бұл пікірінен өз халқының рухани байлығы – сөз өнері деп танып, оны басқа халықтарға барлық болмыс бітімімен толық таныстыруға, дүние танымының, эстетикалық тағылымының еш халықтан кем түспейтінін дәлелдеуге ұмтылатынын көреміз. Сонымен қатар Шоқанның ғылыми зерттеу еңбектерінен жариялау бағыты ғана емес, әдеби-теориялық, тарихи-этнографиялық зерттеу сипатының басым болғанын аңғарамыз.

Олай болса, Шоқан Уәлихановтың фольклорлық мұраларды жинап, зерттеу, жариялау жұмыстарындағы ой-көзқарасын, ғылыми зерттеушілік ой-пікірін, өз заманындағы ғалымдармен салыстырғанда анағұрлым жаңашылдығын, зерделі зейінінің зерттеушілік қабілетін «Манас» жырына байланысты жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарынан анық көреміз.

«Манас» жырына байланысты зерттеу жұмыстарын Шоқан 1856 жылғы мамыр айының екінші жартысында бастайды. Бұл сапарында Шоқан Жетісу мен Тянь-Шаньда мақсатты сапарда болған кезінде Ш.Уәлиханов қырғыз ауылдарына барып Бұғы, Сарыбағыш, Солты т.б. руларының өмірімен және тұрмысымен танысады. Шоқан олардың арасында ұзақ тұрып, ескі қырғыз оқиғаларын, өткен-кеткенді жақсы білетін адамдармен әңгімелесіп, шежірешілермен сұхбат құрып, қырғыз жыршыларының жырлары мен әңгімелерін мұхият жазып алып отырады.

Шоқанның «Манас» жырын жазып алып, зерттеулер жүргізуі 1857 жылғы сапарында негіз ала бастаған. Бұл сапар туралы Батыс Сібір генерал-губернаторы Госфорт Сыртқы істер министрлігіне былай деп хабарлайды: «Батыс Қытайдың біздің Оңтүстік шекарамызбен іргелес бөлімдеріндегі оқиғалардың барысын: Қашқар көтерілісін беталысын,ол көтерілісті басу жөніндегі Қытай өкіметінің қандай шаралар қолданып отырғанын және Құлжа мен Ақсу қалаларының маңындағы қалаларды атап айтқанда, Маньчжур әулетіне наразы екендігі мәлім болып отырған қырғыздар мен сарттардың қытай жеріндегі тайпларын жақыннан бақылап отыру үшін менің жанымда қызмет істейтін поручик Уәлиханов сұлтан Алатау қырғыздырының мекен жайларына аттандырылды» [2].

Бұл сапарында Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының өмірі және тұрмысымен танысып, тарихы мен этнографиясын, халықтық поэзиясын терең зерттей бастайды. Осы бағытта көп еңбектеніп қырғыз халқы туралы тарихи-этнографиялық материалдар жинауды қолға алады. Жинап жүрген матариалдарының ішінде ғалымға қырғыз халқының «Манас» атты атақты жыры ерекше ұнап, «Көкетай ханның асы» деген үзіндісін хатқа түсіріп, орыс тіліне аударды.

Бұл үзіндіні арада ұзақ уақыт салып ғылыми айналымға қосқан Ә.Марғұланның еңбегін айрықша атап өткен орынды.

«Манас»жырының үзіндісі «Көкетай ханның асы» Шоқанды шынайлығымен, тарихи-этнографиялық сипатымен қатты қызықтырған. Сондықтан ғалым «Манас» жырына ерте бастан көңіл аударып, жырдың үзіндісін жазып алған соң, қызу зерттеуге кірісіп, материалдар жинай бастаған.

Қырғыз халқының тарихын зерттеу үшін, жырдың сюжетіндегі оқиғаларды мұрағаттардан іздеп сарылады. Бұл туралы кезінде Семенов-Тяньшанский, Г.Н.Потанин және т.б. ғалымдар өз еңбектерінде, естеліктерінде айтқан болатын.

«Манас» жырына ғалымның қызығуы кездейсоқ емес еді. Себебі, Шоқан «Манас» жыры жөнінде ертеден хабардар болған. Академик Ә.Марғұлан: «Жырды Шоқан кадет корпусында оқып жүрген кезінен бастап ести бастайды. Мұны білуге ол кезде бірнеше баянды жағдайлар болып еді. Оның бірі – кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкий 1840 жылдардан қазақ пен қырғыз халқының ауыз әдебиетіне терең ойысып, оның кейбір жарқын үлгілерін оқушы балаларға лекция түрінде оқып жүрді. Н.Ф.Костылецкийдің өз басы ауыз әдебиеті мұраларын жинау мақсатымен еш уақытта қырға шыққан емес,оған мүмкіндігі де болмаған. Ол қазақ пен қырғыз халқының ауыз әдебиеті үлгілерінің кейбірін мұрағаттардан іздеп табады, кейбірін қырға шыққан тілмаштар, офицерлер, не өзінің оқушы шәкірттері арқылы жияды. Ол кісінің бар істегені жиып алған барлық әдебиет мұраларын, не қырдан келген тарихи бағалы хаттарды орыс тілінде қысқаша мазмұндап, оларды өзінің досы, Петербор университетінің профессоры И.Н.Березинге жіберіп отырады. Ол мәліметтердің ішінде бұғы елінің билері Шапақ батырдың, Шерлінің, Ешім батырдың, Качибек Шераліұлының 1815 жылы генерал Глазановқа жазған хаттары бар. Сол көп мәліметтер арасында «Манас» жырына кіретін екі сюжет бар, оның бірі осы күнге дейін белгісіз жатқан ерлік жыры «Қоңырбай»\«Ер Нұра»\.

Оның сыртына Н.Ф.Костылецкий қолымен «Героический эпос» деп жазылып қойған, екіншісі «Қарабасұлы Манас» - ертегі түрінде жазылған ерлік жыры. Міне, бұл мәліметтердің барлығы Н.Ф.Костылецкийдің кадет корпусында оқыған лекциялары арқылы Шоқанға«Манас» жыры бұрыннан таныс болған» - [3, 121] деп жазады.

Демек, Шоқан қырғыз сапарында кадет корпусында оқыр жүрген кезеңде ұстазынан естіген батырлық эпосты жазып алуды арнайы мақсат етіп қойған. Оған дәлел ретінде Шоқан Ыстықкөл сапарында: «Манас» жырына қатысты Ұлы жүзде, Қарқара маңындағы Құсмұрын тауында «Манастың Бозтөбесі» деген қамалдың орны бар. Ол анадайдан жеке дара көрініп тұрады. Ежелгі қария сөзі бойынша, халықтың эпикалық тамаша жырында айтылатын ер Манас бұрынғы заманда қауғастармен (қара-қытай) соғысқанда, ордасын осы арада құрған деседі», – [3, 128] деп жазады.

Мұнда ғалым «Манас» жырын тұңғыш рет «халықтың эпикалық тамаша жыры» -деп бағалайды. Осыдан-ақ Шоқанның 1856 жылғы сапарына үлкен даярлықпен келгендігін, «Манас» зерттеу ісіне зор белсенділікпен араласқанын аңғарамыз.

Шоқан «Манас» жырының үзіндісі «Көкетай ханның асы» бөлімін жазып алуды үлкен талғаммен таңдай біледі. Шоқан тұсында «Манас» жырын айтушылар \жомықшылар\ қырғыз даласында көп болған. Әрине олардың әрқайсысының нұсқасында өзіндік ерекшеліктері болады. Кейбірінде шаманизм, миф, аңыз белгілері басым болса, енді бірінде дін, Ресей әкімшілігі, түрлі соғыстар, керек болса соңғы заманның оқиғалары да да кірігіп жүрді. Сондықтан Шоқан дәл осындай қоспаларды дер кезінде байқап,ең қоспасы азын, таза сақталған түрін жазып алуға тырысқан. «Манас» жырының қалыптасуына біріншіден арқау болған ежелгі ерлік бейнелер \Шойын алып, Дүмір алып\, жалғыз көзді дәу \Төбе көз\, онымен алысу – ерлік дәуірдегі ең қызықты ғажайып әңгіменің бірі болғандығын дұрыс аңғарып түркі халықтарының эпикалық дәстүріндегі негізгі ерекшеліктерді көрсете білдеді. Демек, ежелгі дәуірдің алыптары Ер Төстік, Дүмір алып туралы ертегілер – ең алғаш шыққан әңгіменің бір түрі. Олардың сюжетіндегі бергі заманның оқиғасы, тарихи адамдардың аты бүтіндей жоқ және болуы мүмкін емес. Өйткені, олардың тарихи негізі бүтіндей көмескіленіп, халық танымында тек миф, аңызға айналған. Алайда осы мифтің өзі «Манас» жырынан үлкен орын алып, оның ең бастағы сюжеттік құрылысын жасауға көмек еткен. Мұны жақсы түсінген Шоқан халықтың наным-сенім, ідет-ғұрпы, мифтік, дүние танымдық түсініктері, т.б. көне оқиғалары бар жырдың нұсқасын таңдаған. Шоқан алғаш рет қырғыз халқының жыры «Манасты» Боранбай, Шоң-Қараш, Борсық сиқты ақындардан жазып алады. Тікелей «Манас» жырын кімнен жазып алғандығы жөнінде Ә.Марғұлан: «Оқиғаның жалпы сүрлеуіне қарағанда, Шоқан жырды жүйрік білетін жыршыны Қарқарада бас қосқанда Бұғы елінің басшыларынан сұрап білген сияқты. Ол бас қосу 1856 жылдың 24 мамыр күні болатын. Арада екі күн өткен соң, 25 мамыр күні Шоқан экспедициясымен Түп өзені бойында демалып жатқанда, манасшы Шоқанды өзі келіп табады. Демек, манасшыны Шоқанға әдейілеп жіберген Бұғы елінің басшылары екеніне сөз жоқ. Ол туралы Шоқан өзі де: «26 май. Бүгін менде қырғыз жыршысы болды. «Манас жырының тілі \қырғыздардың\ ауызша сөйлеуінен анғұрлым түсінікті» ,- деп жазады (4, 250)

«Манас» жырының бір тарауы саналатын «Көкетай ханның асы» дейтін жырды қырғыз ақынның айтуынан жазып алдым. Бұл қағаз бетіне бірінші рет түсірілген қырғыз сөзі болу керек. Бұл жырды мен \орысшаға\ аударып жүрмін. Белгісіз жатқан тілмен шығысты зерттеуші ғалымдарды таныстыру үшін, қысқаша сөздік жасамақ ойым бар», - деп жазды.

Шоқан жырдың жырлаушысы жөнінде нақты мәлімт бермейді. Тек Телтай деген ақынды «феномен» деп бағалайды. Соған қарап бұл ақынның өз заманының ірі тұлғасы, атақты жыршысы болғандығын аңғарамыз. Алайда, ғалым «Манас» жырын аталған ақыннан жазып алдым деген нақты мәләмет келтірмейді. Сондықтан шоқантанушы ғалымдар «Манас» жырын кімнен жазып алды деген сұраққа аса назар аударып келеді. Соңғы жылдары қырғыз ғалымдары З.Мамытбеков пен Э.Абылдаев Шоқан «Манас» жырын Назар манасшыдан жазып алған деген дерек айтады. Бұл тұжырымды ғалым Ә.Марғұлан да құптаған болатын. Ы. Әбдірахманов Жетіөгүзде тұратын Жандеке деген манасшыны тапқан. Жандеке өзі туралы айтқанда «Мен Назар жыраудың шәкірті едім, жырды сол кісіден үйрендім», - дейді. Мұндағы бір көңіл аударатын нәрсе Жандекенің айтқан «Манас» жыры – жыр құрылысы, мәтін, сөз қолдану, термин жағынан Шоқан жазып алған «Манас» жырына өте ұқсас.

Шынында Жандекенің ұстазынан үйренген «Манас» жырының нұсқасы басқаларға қарағанда ықшамдалған, шағын, көркем мазмұнды болып келеді. Кейін Шоқан жазып алған «Көкетай» жырын В.В.Радлов та жазып алып, «Боқмұрын» деп ат беріп зерттеу объектісі еткен. Екі ғалым екі түрлі атпен жазып алғанымен, мазмұн жағынан екі жырда айырмашылық белгі жоқ. Соған қарап В.В.Радлов та Назар жыраудан жазып алуы мүмкін деген ой туады.

Жырдың мұндай екі көлемді нұсқаларының біркелкі болып келуі тарихи фактілерімен, тарихи шежірелермен де сәйкесіп жатады.

Ш.Уәлихановтың еңбектерінде халықтардың наныс-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы жөнінде ойлар тұжырымдар мол. Мұндай пікірлер оның барлық туындыларында там-тұмдап аралас келіп отырады.

Уақыттың тығыздығына, жұмыстың көптігіне байланысты Шоқан Уәлиханов жырды толық жазып алуға мүмкіндігі болмаған.

Шоқан жырды жазып алмас бұрын жыршыға толық айқызып, тыңдап қажетті жерлерін белгілеп, жырдың ең көркем бөлігін ғана жазып алған. Сонымен бірге Шоқан «Манас» жырын тек жазып қана қоймай, бір мезгілде зерртеу ісін де қатар жүргізіп отырған.

Шоқан сол кезеңнің өзінде-ақ «Манас» жырын зерттеудің өзектілігін әлем жұртшылығының алдына ұсынады. Шоқан «Манас» жырының өзі аударған бөлімін 1861 жылы ресей Императорлық География қоғамының ғылыми кеңесінде Семенов Тянь-Шанский бастаған орыс қоғамының зиялы ғалымдарының талқылауына салды. Кейіннен осы талқылау жөнінде ғалым, Н.Н.Веселовский Шоқанның орыс тілін шебер қолдана білгенін, қырғыздардың халық жырын сұлу көркем бейнемен тамаша етіп аударғанын тамсанып айтады.

Жырдың бұл тарауы және қырғыздар жайлы зерттеу мақаласы Шоқан Уәлихановтың «Жоңғария очерктерімен» бірге 1861 жылы неміс, кейіннен ағылшын, француз тілдерінде жарық көрді. Сөйтіп, ұлы қалым «Манас» эпосын тұңғыш рет әлем жұршылығына танымал етті. Шынында да Шоқан осы еңбегі арқылы ұлттық фольклортану ғылымының шеңберінен шығып, әлемдік «манастануға» жол ашқандығын зор мақтанышпен айтқан жөн.

Көрнекті ғалым Ш.Сәтбаева: «.Бұл келтірілген мысалдардан қырғыз халқы жасаған «Манас» жырының алатын орны қандай екенін айқын көруге болады. Міне, осы көрсетілген және де басқа деректердегі «Манастың» Ш.Уәлиханов жинаған версиялары туралы пікірлерді мұхият жинап, талдау,зерттеу де қазақ ғалымының ғылымға қосқан көп үлестерінің, бір қырының деңгейі биік екендігін таныта түсері хақ» - деп бағалаған болатын. Бұл пікірлердің қай-қайсысы да әлемдік манастану ғылымының негізін Шоқан қалаған деген тұжырымға саяды.

«Манас» жырында Манастың ноғайлы батыр болып берілуі Шоқан Уәлихановты көп ойландырған. Сондықтан осы сырды ашу мақсатымен, қырғыз халқының ортасынан ноғайлы туралы айтылған әңгімелерді-аңыздарды іздестіреді.

Тарихи-салыстырмалық әдіс арқылы аңыздардан шындықты ашуға ұмтылады.

«Таң қаларлық бір нәрсе» - дейді Шоқан, - Орта Азиядағы көшпелі елдердің қария сөздерінен ноғайлы аңызы еш уақытта қалмайды. «Асан қайғы», «Әз Жәнібек», «Елді Алтайдан бүлдіреді» дейтін қария сөздер қырғыз халқында да бар. Жалпы айтқанда, Алатау қырғыздары ноғайлының ертегі жырына, қария сөздеріне өте қанық. Оның ішінде қазақтар айтатын «Ноғайлының босқыны» онда да бар. Бұл жырда қазақ қалай айтса, қырғыздарда солай айтады.

Манас батырдың өмір сүрген кезін анықтау барысында Шоқан қырғыз халқының ұлы көш сапатын ұзақ уақыт зерттейді. Бұл туралы мәліметтер табу үшін мұрағат материалдарын ақтара ақтара бастайды. 1856-1857 жылдардың қысында оның уақыты Батыс Сібірдің облыстық архивіне өткізеді. Осы кезде облыстық архивті тексеру міндеті Г.Н.Потанинге жүктелеген болатын. Екі ғалым қырғыздардың Алатауға көшіп келгенін анықтайтын дерек көздерін сарылып іздейді. Бұл жайт туралы Г.Н.Потанин: «Шоқан маған мен бір жаңа қызық мәліметтер тауып алмады ма деп жиі-жиі келіп жүрді. Қырғыздарды Енисей губерниясынан Түркістандағы Шу өзенінің алқабына қайдағы бір зенгор генералы зорлап көшіргені жайлы хабарға кездескенде біз екеуміз, әсіресе, Шоқан қандай қуанды десеңізші?» - деп жазады. (5,22)

Ал, Шоқан өз еңбегінде «қырғыздар арасында Оңтүстіктен Солтүстік қарай көшкенде Қара Ертіске, Алтайға және Хангайға дейін, ал шығысқа қарай көшкенде Үрімшіге дейін барған екенбіз деген аңыз бар» -екенін айтады. Мұнда Потанин айтқан дерек туралы ештеңе айтылмаған. Ғалым С.Бегалин қырғыздың көш сапары туралы Шоқанның көп ізденгенін айта келіп, төмендегідей мысал келтіреді:«Шоқанның қолына ( Омбыдағы сапардан кейін) Ұранхай елінің «Алып ханы» деген қолжазба кездесті. Бірақ бұдан өзінің іздеген сұрағына жауап таппады. Ол Будда дініне сенушілердің он сегізінші ғасырдың орта кезінде жазған бір қолжазбасына кездеседі. Бұл қолжазбада он сегізінші ғасырдың орта кезінде Өскемен бекінісіне қырғыз-қалмақтың он екі үйлі адамдары келіп, жергілікті әкімдерге: «Біз бұрын Том мен Енисейдің аралығында турушы едік. Біздің басшымыз Танбын батыр Танджи еді. Онда Ресей қазынасына аң терісінен алым төлеп тұрушы едік. Сонан он сегізінші ғасырдың бас кезінде Галдан Сереннің үш қолбасы батыры бес жүз жауынгер тобымен келіп шауып, қырғыздарды Жоңғар тауына көшіріп жіберді. Үш мың үй қырғыз қалмақ қолының сайланып келген қаһарына қарсы тура алмай, қонысынан ауды. Сонан қырғыздар Галден Серенге алым төлеп тұрды. Сонымен қатар біздің тағы бір тобымыз Соғай даласында тұрады. Олар да кейіннен Жоңғардағы туыстарын тапты. Біз де өз туысымызға қосылуды тілейміз» (6. 143б). Деп айтқан дерегін келтіреді.

Сонымен бірге Шоқанның Шағатай тілінде жазылған «Тарих-и-Рашиди» кітабын қарастырғанын, онда он алтыншы ғасырдағы түрік шежіресінің жазуына қарағанда қырғыздардың Әндіжан мен Ыстықкөл жағасының аралығында жүргені туралы мәліметке кезіккенін айтады.

Эпикалық дәстүр әр заманның тарихи тұлғаларын, белгілі адамдарын бір дәуірге жинақтау арқылы халықтық мүддені бірінші кезекке шығарады. Сондықтан «Манас» жыры Шоқан айтқан 14-15 ғасырларда тек тұтастану процесін бастан өткерген де тарихи шығу негізі одан ерте кезде пайда болған. Шоқан қазақ, қырғыз эпосының тұтастануынның бастағы шығу тегінің бір екендігін атап көрсетеді.

Ол жөнінде Шоқан: «Жалпы айтқанда қазақ пен қырғыз халқының эпос жырлары, бірімен бірі өте айқасып жатады, оның себебі, ту баста екеуі бір арнадан шығып, бір тарихи уақиғадан нәр алған болуы керек. Сондықтан «Манас» жырындағы атақты геройлардың көпшілігі (Ер Төстік, Ер Манас, Ер Көкше, Ер Едіге т. б.) қазақ жырларында аса көрнекті орын алады. Орын алғаны былай тұрсын, олардың әрбірі мұнда жеке-жеке дастан болып айтылады »,- деп жазады.

Бұл пікірінен біз Шоқанның сол кезеңдегі ғылыми-зерттеушілік бағыттағы жаңашыл ой-пікірлерді, фольклордың ұлтаралық типологиялық өрісін, ерекшелік сипатын жақсы меңгергенін байқаймыз.

Шоқан «Манас» жырындағы Ер Көкше мен Қосай туралы екі түрлі пікір білдіреді. Алғашқысы бойынша, «Ер Көкше мен Ер Қосайды Алтын Орда дәуірінің батырлары, сол дәуірдегі ерлік жырларына өзек болған тұлғалар деп көрсетеді», екіншісінде Ер Көкше Одоев қаласына жорық жасаған атақты батырдың өзі.

Бұл ғылыми терең зерттеуді қажет ететін мәселе туралы ғалым Ә.Марғұлан мынадай мәлімет береді: «Шоқан айтқан Әр-Құрша ХУ ғасырдың басында, Едіге мен Тоқтамыс хан балалары соғысқанда, Жайық бойында оққа ұшады. Бірақ бұл Әр-Құшаны Ер Қосай деп айту қиын, өйткені Ер Қосай ХУ ғасырдың адамы емес, одан көп заман бұрын болған кісі, екіншісі Ер Қосай Едіге сияқты тарихта атақты кісінің бірі. Егер ол ХУ ғасырда өмір сүрген болса, ол туралы араб, парсы, Орта Азия мүссаңафтары көбірек жазған болар еді, оларда Ер Қосай мен Ер Көкшенің аты бүтіндей кездеспейді.

Түйіндей келгенде, «Манас» жырын ең алғаш көңіл аударып, оның эпикалық құдіретті қасиетін, энциклопедиялық сипатын тани білген, түркі халықтарына ортақ мағлұматқа бай үзіндісін жазып алып, орыс тіліне аударған, бүкіл әлемдік ғылыми зерттеу айналымына қосып ғибратты зерттеу жұмысын жасаған ең алғашқы ғалым - Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Әлемдік деңгейде «Манас» жыры жарқырап көріне білді. Бұл ғалым еңбегінің орасан зор жемісін көрсетеді.

Бауырлас қырғыз халқының батырлық дастаны «Манас» жырын зерттеуде Ш.Уәлиханов ең алғаш ғылыми тұрғыда зерттеу жұмысын жасап, жырдың тарихи-этнографиялық, тарихи-мәдени сиппаттарын тұңғыш ұлттық сипатта анықтай білді. Осы арқылы тамырлас қазақ –қырғыз эпикалық дәстүріндегі ортақ үндестік пен ұқсастықты зерттеудің негізгі бағыттарын анықтап берді.



Әдебиеттер:

1. Уәлиханов Ш.Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985.-59,6 б

2. Марғұлан Ә.Х. Шоқан және «Манас». –Алматы: Жазушы,1971.-164

3. Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. – Алматы: Мектеп, 1983-247 б



4. Сәтбаева Ш. Ш Уәлиханов – филлог. Алматы: Ғылым, 1987, -224

5. Адамзаттың «Манасы» Алматы: Рауан, 1995- 255 б
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет