«Бозторғайы даланың» (Әнші Жәнібек Кәрменовтің туғанына – 65 жыл)



жүктеу 64.75 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі64.75 Kb.
Шушекова Жанар

Семейдің Абай атындағы облыстық кітапханасының қызметкері


«Бозторғайы даланың»

(Әнші Жәнібек Кәрменовтің туғанына – 65 жыл)
Соңғы буын өнерпаздарының ішінен суырылып шығып, ұлтымыздың өнер әлеміндегі нар жүгін арқалап, шынар биігіне көтерілген, өнердің әр саласының шынайы сұлуы, дара жүйрігі, бір өзі ақын-жазушы да, сазгер, домбырашы-әнші де, зерделі шежіреші – зерек әңгімеші де Жәнібек Кәрменов болатын.

Әнші 1949 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. Ол республикалық эстрада-цирк студиясын, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдады.

Біржанның «Жанбота», «Ләйлім Шырақ», «Теміртас», «Жамбас сипар» «Сырғақты», «Жонып алды» әндері өнерге бейім жас Жәнібектің балғын жүрегін бірден жаулап алған еді, Біржанға ұқсап асқақтата, тамылжыта, шырқата ән айтуды армандады. Армандап қана қойған жоқ, Абай, Біржан әндерімен қоса, халқымыздың халықтық музыка мәдениетінің алыптары атанған Жаяу Мұсаның, Ақан Серінің, Мұхиттың, Балуан Шолақтың, Мәдидің, Естайдың, Ыбырайдың, Әсеттің әндерін ел арасындағы әншілердің орындауынан үйреніп, еліктеп айтып жүреді.

Жәнібектің ерекше дарындылығы әншілік, ұстаздық және зерттеушілік қабілетінен анық байқалады.

Ән атасы Әміренің шәкірті Қзақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтан дәріс алып, Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Естай, Ғазиз, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының әндерімен сусындаған жас жігіттің өнерге келуі де кездейсоқ емес.

1966 жылы «Қазахконцерт» бірлестігінде Ахмет Жұбанов Республикалық көркемөнерпаздар байқауына төрағалық етті. Сол байқауда Жәнібек бас жүлдені жеңіп алғанмен, оқуға қалмай ауылға кетіп қалады. Осы жәйді естіген Жүсіпбек Елебеков Шыңғыстауға жазушы С. Бегалиннің мерейтойына барған сапарында Жәнібекті іздеп тауып, Алматыға алып келеді. Орта бойлы талдырмаш бала келе «Казахконцертке» әнші болып орналасады. Ол бір жыл бойы Жүсекеңмен бірге ел аралап, келер жылы Республикалық эстрада студиясы ашылып, Ж. Елебеков класына оқуға түседі.

Жәнібек алғашында Жүсекеңнің ән орындаушылық ерекшелігіне көбірек еліктейтін. Ақан Серінің «Құлагер», Балуан Шолақтың «Ғалия», Ғазиздің әні «Ғазиз», Шашубайдың «Аққайыңын» орындағанда ұқсастық анық байқалатын. Келе-келе Манарбек Ержановтың да домбыра қағысын, дауысын көтерген кездегі әдеміліктерін алып, айтар әннің қайткен күнде әсерлі шығуына көп күш жұмсап, үлкен ізденіс үстінде шыңдалды. Сөйтіп жылдар өте Жәнібектің әншілік болмысы қалыптасты.

Жәнібек 1972 жылға дейін Республикалық ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевтың қол астындағы ансамбльде әншілік етеді. Ансамбль тарағаннан кейін ҚазМудің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Кейін «Жалын» баспасының ашылуына орай ақын Қабдыкәрім Ыдырысов Жәнібекті өнер бөліміне қызметке алады. Өнер жайлы өнер адамы жазса, ұтатыны белгілі. Ол редакторлық қызметті атқара жүріп, қаймағы бұзылмаған халық өнерінің тарихын біртіндеп жаза бастады. Оның өнер адамдары туралы жазған очерктері мен мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде шығып, өз деңгейінің жоғарылығын танытты.



Жәнібек – тәңірі жаратқан әнші. Бала кезінде анасының әлдиімен бойға сіңген әдемі әуен өмір бойы жанына азық болып, әнге деген іңкәрлігін арттырды. Өсе келе әншілігімен қоса сөз саптауда шешендік танытып, көсемсөз шебері екендігін көпшілікке мойындатты.

Ол ән салғанда терең ой, ыстық сезіммен тыңдаушысының жүрек қылын шертіп, құлақ құрышын қандыратын.

Жәнібектің бай репертуарында Абай әндерінің үлкен орын алуы оның әншілік өнерінің жарқын беттерінің бірі. Ж. Кәрменовтің орындауындағы «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», « Ата-анаға көз қуаныш», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты» т.б. сияқты Абай әндері тыңдаушыны ерекше әсерге бөлеп, ойға жетелеп, құлпырып кететін. Осы әндерге қоса Шашубайдың, Уәйістің, Сегіз Серінің кейбір әндерін анықтап, бұрын аты аталмай келген сазгер әнші Садығожа Мошанұлының «Ахау айым», «Ақ қаз едің», «Ақау қалаулым-ай!, «Еркемай!, «Сағынсаң қалқа өзің кел», «Сарыбидай» атты жеті әнін Қазақстанның халық артисі Дәнеш Рақышевтің орындауында жазып алып,1990 жылы «Өнер» баспасынан шыққан 2 томдық «Қазақ әндерінің антологиясына» енгізді.

Ж. Кәрменов «Айтбай», «Ағаш аяқ», «Ғазиздің әні», «Көгаршын», «Гауһартас», «Ақ қайың», «Құлагер», «Сырғақты», «Топайкөк», «Желдірме», «Перуайым» т.б. халық әндері мен халық композиторларының өте күрделі, сыршыл әндерін орындауда өзгеше өрнек, ешкімге ұқсамайтын шеберлік танытты.

Ол орындайтын әндеріне аса ұқыптылықпен, суреткерлік талғаммен қарайтын, ән сөзіне терең бойлауға тырысатын. Абай әндерін айтқанда бұл құбылыс ерекше байқалатын. Ән әуенінің тұңғиық сырын ашып,бояуын құлпырта түстетін. Концерттік сапарлармен Швейцарияда, Швецияда, Моңғолияда, Иранда, Түркияда, Қытай Халық Республикасында болды.

Жәнібек Кәрменов өз кезінде Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясындағы халық әндері музыкасы кафедрасының ашылуына атсалысты. Сол кафедраның меңгерушісі де болды.



Жәнібек – қазақ халық әндерін орындаушылар мектебінің жарқын өкілдерінің бірі. Туған халқының әншілік дәстүрін, оның тағдыр-талайын, мән-мазмұнын терең білуі оның орындаушылық өнеріне өзіндік өрнек қосты. Шеберліктің жүрек шымырлатар шыңына жол ашты. Ол бабалар салған әншілік дәстүрді саф таза қалпында шәкірттеріне үйрете білді. Артына Бекболат Тілеуханов, Мейірбек Адамбеков, Мейірбек Бөдесов, Әділет Мұса, Рамазан Стамғазиев сынды шәкірт қалдырған ұстаздың өнері Әміреден бастау алатыны сөзсіз.

Ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбековпен бірлесіп құрған үлкен жоба бойынша «Асыл мұра» телехабар циклын ұйымдастырып, көрерменге өнер жайлы ой толғауларын жеткізіп, сол хабарға қатысты халық композиторларының әндерін айта отырып, жасалған бұл хабарлар «Қазақстан» теледидарының алтын қорында әлі күнге сақтаулы.

Музыка әлемінде Жәнібек халық сазгерлерінің өмірбаянын, олардың әрбір ән, күй, толғауларының шығу тарихын терең білетін де, халықпен кездескен жиын-тойларда, өнер университеті сабақтарында, теледидар көрермендеріне аса қарапайым тілмен мәнерлеп айтып жеткізіп, тыңдаушысының мейірін қандырып, көкейіне құйып беретін. Ахмет Жұбанов сөзімен айтсақ «әңгіме айтқанда майын тамызатын, ән салса, таңдайыңды қақтыратын» қасиеті мол болатын.

Ал «Ғашықтың тілі» «Махаббат әні», «Ақылбайдың әні» атты әдеби туындылары Жәнібектің өмірден түйген өнер жайлы туындылары. Жәнібектің отыз жасында жарық көрген «Ақылбайдың әні» атты кітабы өзінің мазмұны, тіл шеберлігі, көркемдігі жағынан романға бергісіз.

Ал әдебиетіміздің, өнеріміздің асқаралы алыптары М. Әуезов

Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ш. Айманов, Ж. Елебеков, Ғ. Құрманғалиев өмірінен ұстаздар тағлымын әңгімелейтін «Асылдың жүзі» атты эссесі Жәнібектің ойшыл, сыршыл, шешен, көркемсөз шебері дарынды қаламгерлік қабілетін айқындайтын айшықты жазылған еңбек, ұлттық мәдениетіміздің шежіресіне қосылған мұра болып табылады.

«Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деген өз жинағы мен «Жәнібек» деген естелік кітап әншінің өзі өмірден өткеннен кейін жарық көрген шығармалары.

«Жәнібектің толғауы» аталып халық арасына кең тараған шағын жыр шумағында қазақтың соңынан қалмай келе жатқан маңдайындағы соры-надандық, жақсыны пасықтан айыра білмейтін парықсыздық, еңбекке енжарлық, ұрлық, қарақшылық, күншілдік, жалған дос, жарамсақтық сияқты асқынып бара жатқан дерттерден арылуға шақырғаны ащы да, зарлы үн бар. Қамшының сабындай қысқа өмірге адам қонақ, уақыт – қызыл сияқты алдамшы, өмірді, уақытты босқа өткізбе, бақытыңды арам қулықпен емес, адал еңбекпен, ащы термен тап дей келіп:

«Мансапқа жетсең адал бол,

Қызмет ет халқыңа

Әнін үйрен, күйін ұқ

Басыңды и салтыңа. – ұлағат сөздерін айтып кетті.

Ұстазы Ж. Елебеков дүниеден өткеннен кейін ол кісінің ұстаздық ісін жалғастыру Жәнібектей асыл шәкіртінің үлесіне тиді. Тумысынан сырбаз да, сыпайы оның жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасынан ізгіліктің, парасаттылықтың белгісі анық байқалатын. Сөз қозғаса салмақты да байыпты оймен тыңдаушысын ұйытатын. Аса шешен де шежіре еді ол...

Жәнібек көзі тірісінде жазушы Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтов, сазгер Тұрсынғазы Рахимовпен бірге сырлас дос болған еді.

Жәнібек қамшының сабындай қысқа ғұмырында әнімен, шешендік сөзімен жүздеген көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Өнер атты киелі дүниенің есігін имене ашып, шалқыта салған әсем әнімен сүйікті әнші қатарында жүзден жүйрік саңылақтар қатарына қосылып, соңына шәкірт ерткен дарын иесі небары 43 жасында фәни дүниеге озды.

Я, қысқа өмірде ірілік, өнерде өрелілік танытқан, көңілі зерек, жаны жайсаң Жәнібектің ұлттық мәдениетіміздегі орны ойсырап тұр. Көңілге медеу тұтарымыз: елінің аспанында оның қалықтаған аққудай әні қалды, халқының жүрегінде сұлу үні қалды.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Кәрменов Ж. Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына.- Астана:Фолиант,2002.- 232 б.

Кәрменов Ж.Ғашықтық тілі.- Алматы:Өнер,1988.- 272 б.

Кәрменов Жәнібек// Қазақтың дәстүрлі 1000 әні.- Алматы, 2010.- 33 б.

Бәйкенқызы Т. Жәнібек ән салғанда терезе сылдырайтын// Семей таңы.- 2009.- 8 қазан.- 10 б.

Жаппарұлы Б. Жәжа (Әнші Жәнібек Кәрменов жайында бір үзік сыр)// Дала мен қала.- 2010.- 22 наурыз.- 11 б.

Иманбаева А. Бозторғайы даланың// Мәдениет.- 2009.- №9.- б.42-45

Иманғали М. Асық ойнағаннан гөрі асыл сөзді тыңдауға ынтық болыпты немесе Жәнібек Кәрменов туралы не білеміз?// Дидар.- 2012.- 30 наурыз.

Кәрменов Жәнібек// Жас алаш.- 1992.- 26 маусым.

Қауғабай О. Өмірден жанып өткен Жәнібек// Қазақстан мұғаілімі.-1999.- 31 наурыз.

Матаев Х. Сұлу әнші Жәнібек// Абай.-2012.- б153-157

Сағымбаева Б. Рухымның сыңарындай еді// Жас алаш.- 2000.- 11 шілде.

Сейсенұлы Д. Қайран Жәнібек: яки ән дүлдүлінің өмірден озғанына он жыл// Семей таңы.- 2002.- 21 маусым.- б.4

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы



Ақпараттық-библиографиялық бөлімнің библиографы Чушекова Ж.М.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет