Дала сахнасының дүлділі



жүктеу 44.36 Kb.
Дата02.07.2016
өлшемі44.36 Kb.
Дала сахнасының дүлділі

Тайжан Қалмағамбетовтің туғанына - 125 жыл


Өткен жылдың соңындағы Жезқазғандағы бедерлі оқиғалардың бірі қазақ халқының атақты ұлдарының бірі Тайжан Қалмағамбетовтің 125 жылдығының кең көлемде атап өтілуі болды. Тайжекеңнің бойындағы өнері сан қырлы болған ғой. Ол - ақын, әнші, сазгер, биші, жырау, сайқымазақ, палуан, шабандоз болыпты. Былайша айтқанда дала сахнасының дүлдүлі десе келеді. Дегенмен, халық оны «Тайжан ақын» деп дәріптеген.

Ұлытау өңірінде дүниеге келген Тайжан ақын тек осы аймақты төңіректеп қалған адам емес. Жас кезінен суырып салма ақындық өнерімен көрінген Тайжанның өткір сөзі мен асқақ үні Сырды да, қырды да кезген. Халық ақыны Нартай Бекежанов: «Мен Тайжанды ұстаз тұтамын. Тайжан әні кең құлашты, кербез, терең сырлы, лирикалық шырайлы шығармалар. Даусы құлаққа қонымды. Әуені - әсерлі де мөлдір, үні асқақ, тыңдаушылары әрдайым сүйсініп, сүйіп тыңдайтын еді», - деп сүйсінуі соның айғағы болса керек. Тайжан жайлы сөз қозғағанда Үкілі Ыбырайды айналып өту мүмкін емес. Әйткені оған өнер жолында нағашысының ықпалы тигені анық. Тайжанның шешесі Мейіз Ыбырайдың туған апасы екен. Соның әсері болар, Ұлытау баурайында қанатын енді қаға бастаған бала қыран жасынан ән-жырға әуес болып, нағашы жұртына бір баруға құмартып өседі. Ақыры ат жалын тартып мінген 15-16 жасында Көкше өңіріне, нағашы жұртына да жетеді. Үкілі Ыбырай жиені Тайжан келген соң маңайына сауықшыл жігіттерін жинап, атақты «Гәккуін» әуелетіп ел аралап, қыс бойы сауық-сайран құрады. Қызылжар, Атбасар, Ақмола жәрмеңкелерінде болып сырнайшы Тайжан атанған ол мауқын басып, елге аттанарда:

Әкем сүйіп қойыпты - атым Тайжан,

Ақынмын өз елімде атын жайған.

Осы жақта нағашым бар дегенге,

Келіп ем бата алғалы Ыбырайдан.

Алыстан іздеп келген нағашымсың,

Биіктен қол артатын ағашымсың.

Берсең де дүние-мал, мен алмаймын,

Бата бер, жиеніңнің бағы ашылсын, -

деп нағашысынан бата сұраған ғой. Бұған дейінгі сан отырыстарда Тайжанның ақындық, әншілік талабын байқап, бағалап жүрген Ыбырай риза болып: «Қандай жайсаң мен жорғаға болса да жарысқа салуға жараған екенсің, жай қолыңды», -деп батасын беріпті.

Сөйтіп Тайжан Арқаның ақиық әншілерінің ортасын емін-еркін аралап өскен. Ол Біржан, Ақан, Ыбырай сияқты керемет әншілердің туындыларын Ұлытау, Жезқазған жеріне, Сыр бойы мен Қаратау еліне дейін жеткізген. Алғаш рет Тайжан ақын 1934 жылы өткізілген республикалық халық өнерпаздарының слетінде кеңінен танылып, оның талантын ел басшылары да мойындаған. Соған орай қазақ даласының түпкір-түкпірінен келген ақындар арасында Жамбыл Жабаев пен Тайжан Қалмағамбетовке ғана республикалық дербес зейнетақы тағайындалған. Шабытына шабыт қосқан Тайжекең 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде өнер шеберлерінің алғашқы сахналық керіністі концертін бастап береді. Сол жолы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Осындай талай өнерінің куәсі болған академик Қаныш Сәтбаев: «Тайжан Қалмағамбетов - қазақ мәдениетін жоғары көтеріп, дамытуға үлес қосқан жан. Өркендеген өнердің шаңырағын көтеріскен дарын иесі», - деп баға берген екен.

Өкініштісі сол, зобалаң жылдарда ел рухын көтеріп жүрген абзал ақынға да жала жабылып, 1937 жылғы 21 маусымда «халық жауы» ретінде ұсталып кетті. Қарсақбай түрмесінен кейін Арал теңізіндегі «Барсакелмес» аралындағы абақтыда отырған деген бір дерек бар. Қай жерде, қалай қаза болғаны жайлы нақты ештеңе жоқ. Қапас жерде бірге отырған Байдос Игібаев деген туысы тек былай деп басталатын соңғы жыр-аманатын алып келген көрінеді.

Қапаста көңіл қайғылы,

Көкірек толды санаға.

Дұшпанның сөзі сор болып,

Өтірік күйдім жалаға.

Жолыға алмай қор болдым,

Ағайын-туыс, балаға.

Өкіметтің жолында,

Деуші едім басым садаға!

Қандай иттің баласы,

Салды екен өсек араға...

Міне, осылай жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған аяулы ақынның туғанына 125 жыл толуына байланысты ел-жұрты біршама ұлағатты істерді қолға алды. Немересі Жәлел Қалмағамбетов бас болып «Ақын Тайжан» қоғамдық қорын құрды. Жезқазғанда оншақты жылдан бері ақын атында көше және қалалық филормония бар еді. Қор арқылы енді Тайжекең атын одан әрі жаңғыртып, дәріптеу жайы ойластырылуда. Ұлытау мен Жезқазғанда Тайжан ақынға ескерткіш орнатып, мұражай ашу жайы қарастырылуда. Ақынның академиялық толық шығармалар жинағын шығару үшін мұраларын әлі де жинастыру көзделуде.

Жезқазған қазақ-сазды драма театрында өткен «Аққуға аспандағы үнін қосқан» атты Тайжан Қалмағамбетовтің 125 жылдығына арналған кеште де бірталай толғамды мәселелер көтерілді. Сол кеште сөйлеген ақын Кәкімбек Салықов:

«Тайжекеңнің мұралары 20 жылдай жабық дүниелер қатарында жатты. Кезінде ол кісінің жеті ақынмен айтысы басқаларға үлгі болған. Осы айтыстар қазір қолда жоқ. Өзі «Сақ-сағым», «Гәккумен» қатар шыққан дейді екен. «Сақ-сақ» деген ең күшті әнінің әуезі ұмыт қалып жүр», - деп біраз мәселелердің шетін шығарды. Тайжекеңнің төрт-бес әнін одан-бұдан жинап, республикалық эфир арқылы таратып, одан қалды , шәкірттеріне үйретіп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин бұл тұрғыда көп ізденіс танытып жүргенін айта кету, керек. Соның айғағындай, осы кеште Ғалымнан үйренген жас өнерпаздар Тайжан әндерін біршама шырқады.

Сол жолы Тайжан әндерін орындаудан жас әншілердің байқауын өткізудің де бір тағылымды шара болғанын айта кеткен жөн. Ол байқауға Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан 16 өнерпаз қатысып, өзара сайысқа түсті. Олар негізінен Т.Қалмағамбетовтің ел арасына кейінгі кездері ғана қайта оралған «шалқыма», «Тайжан әні», «Ги-ги-гай», «Жомарт Тайжан», «Қызыл алма», «Ал гә-гәгай», «Ұлытау» әндерін орындады. Өнер сайысында бас жұлдені Жаңаарқа ауданының әншісі Жалын Сыздықов жеңіп алса, екі бірінші орынды жезқазғандық Қарлығаш Байдалина мен Жалын Көпбосынов еншіледі. Жүлдегерлердің барлығына сыйқұрмет көрсетілді.

Ақынның 125 жылдық тойы қарсаңындағы тағы бір сәтімен біткен 1 шаруа қала әкімдігінің кемегімен Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан Тайжан Қалмағамбетұлының өлеңдері мен айтыстары топтастырылған «Сақ-сақ күлсін сырнайым» және қазақтың көрнекті ақыны,. Қазақстанның Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Көкімбек Салықовтың «Ақын Тайжан» деген кітаптары шығарылып, ел қолына тиді.



Иә, жыр дүлдүлі, ән бұлбұлы атанған Тайжекең мұралары әлі де талмай ізденуді қажет етеді. Ең қуанарлығы, осы жолдағы сең қозғалып, бекем бетбұрыс жасалды.. Олай болса, іске сәт дейік.
Амандық Рахұлаы;

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.



©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет