Диплом жұмысы тақырыбы: Бастауыш сынып қазақ тілі сабағында инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігі



жүктеу 0.8 Mb.
бет2/4
Дата20.06.2016
өлшемі0.8 Mb.
түріДиплом
1   2   3   4

1.4 Дамыта оқыту технологиясы

Дамыта оқыту технологиясының авторлары белгілі ғалымдар Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов. Олар дамыта оқыту деп «оқыту мақсат-міндеттері, әдіс-тәсілдері баланың даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқыту»1- деп атайды.

Ал адам ұғымының психологиялық анықтамасы – жаңару процесс жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны білдіреді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты бала психикасы да үнемі даилектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады. Ғалымдардың зерттеулері баланың даму процесіне үш түрлі күш пен үш түрлі фактордың қатысатындығын дәлелдейді.

1. Биологиялық фактор. Бұл ата-анадан ауысқан, туа біткен және өмір сүру барысында қабылданған дененің барлық мүшелерінің, оның барлық жүйелі құбылысының ерекшелігін білдіретін, бала организмінің ортамен қарым-қатынасының нәтижесі.

2. Әлеуметтік фактор. Бала өмір сүретін орта, ең алдымен адамдардың ортасы. Бқл сондай-ақ баламен қарым-қатынас жасайтын адамдардың сипаттары, мінез-құлық және ақыл-ой бейнелері, олардың мүдделері мен пікірлері, істері мен сөздері, талаптары мен дағдылары, ұмтылыстары, яғни бала өсіп дамитын рухани орта.

3. Баланың өз белсенділігі. Даму процесіне әсер ететін бұл үшінші күш болып саналады.

Оқитын пән қандай да жаңа, бағалы болмасы, мұғалімнің шеберлігі қаншама жоғары болмасы, егер мұғалім баланың өз белсенділігін туғыза алмаса, оған ұсынылған іс пен еңбекте баланың әрекетке қатынасуы әрекет күткеннен нәтиже бермейді. Баланың организмі дамуы мен жеке басы ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады.

Оқыту мен дамыту арасында тығыз байланыс бар. Ғалымдар алғаш рет бала дамуының екі аймағы болатындығы жайлы теория ұсынады.

1. Бала дауының жақын аймағы – баланың тек үлкендердің көмегі арқылы атқара алатын істері.

2. Бала дамуының қол жеткен аймағы – баланың үлкендердің көмегінсіз істей алатын істері.

Дамыта оқытудың В.В.Давыдов жасаған жүйесінің көздеген мақсаттарына жету тек баланың белсенділігіне байланысты. Осыған орай, бұл жүйенің әдіс-тәсілдері де оқушының белсенділігін ұйымдастыруыды, талдап, көмектесіп отыруды көздейді. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсу керек. Содан барып, оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мынадай жағдайда үш құрамдас бөліктерден тұратын болады:

1. Оқу мақсаттарының қойылуы.

2. Оны шешудің жолдарын бірлесе қарастыру.

3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

Бұл үшеуі – дамыта оқытудың В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі

1 Эльконин Д.Б. Избранные психологические труды. Москва, 1989. Давыдов В.В. Проблемы развивающеге изучения, Москва, 1986
компоненттері. Мақсатты шешу іштей талқылау, сонан соң жинақтау арқылы жүзеге асады. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ретінде. Шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйренеді. Әрине, жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермес, дегенмен, әр бала жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылап үйренеді.

Дамыта оқыту деп ол баланың білім алуға әрекет етуін ұйымдастыратын оқытуды атаған. Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді деген қағиданы негізге алады. Дамыта оқытуды ұйымдастыру, балаға ақыл-ой әрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту – сабақтардағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім – бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Ойлауға үйрететін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз. Дамыта оқыту технологиясын барлап қарасақ, ең алдымен нені дамыту керек деген сұрақтарға жауап іздестіреді. Әрине, ол оқушының:



  1. сезім түйсігін;

  2. қабылдауын, тұтынуын, ынтасын;

  3. зейінін, есте ұстауын;

  4. ұғынуын;

  5. ойлау, қиялдау, болжау қабілетін;

  6. ерік-қайратын;

  7. оқу іс-әрекеттерін, дағды – машықтарын;

  8. жауапкершілігін, дербестігін, өз бетінше ізденісін (жеке адам қасиеттерін).

Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар – ынтымақтастық өзара сыйластық, түсіністік сияқты қасиеттер. Бұл технологияның маңызды тағы бір ерекшелігі – сынып оқушыларын жақсы, жаман оқушылар деп бөлмей, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтуы. Нашар оқушының да өз шамасы келгенше, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылған. Сол арқылы да ол өзін мүмкін дәрежеге дейін дамыта алады. Бұл жолда оның қателесуі, жаңылуы әбден мүмкін. Тек мұғалім тарапынан көрсетілген сабырлылық байсалдылық оның өз күшіне деген сенімін арттырып, алға жетелейді деп есептелінеді.

Оқушы дамуныың негізі болып табылатын әрекет, оқу әрекеті әрбір сабақтың өзегі деп түсіну керек. Сабақтың әрекет теориясына сәйкес ұйымдастырылуы – баланың жеке басын дамытудың басты кепілі. Ол үшін мұғалім мына қағидаларды есінде ұстауы қажет. Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру, өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру. Мұғалім бала бойындағы жаратушылық сапалардың болатындығын мойындауы, әрі қарай дамытуы керек.

Дамыта оқытумен дәстүрлі оқыту жүйесінің айырмашылықтары, ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне тоқталсақ. Дәстүрлі сабақтарда мұғалімнің міндеттері, атқарар істері де ұшан-теңіз. Ол тыңдайды, сұрақ қояды, жазады, түсіндіреді, көрсетеді, тексереді, бағалайды. Оған оқушылар кедергі келтірмей, тып-тыныш отырып тыңдау керек. Дамыта оқыту жүйесінде оқу мақсатын шешу кезінде, яғни мұғалім мен оқушы іс-әрекетінің негізінде жүзеге асады. Демек, мұғалім мәселе қояды, ойлаудың жолдарын ашады, әрекеттің барысында бағдар береді, жетелейді. Яғни оқушы белсенді субъектіге айналады да, ал мұғалім көмек беруші, ұйымдастырушы, бағыт беруші деңгейде болады. Дәстүрлі оқытуда балаға білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын принциптерге негізделеді. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға үйретсе, дамыта оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді.

Дәстүрлі және дамыта оқыту жүйелерінің айырмашылықтары.1

Жеке тұлғаны қалыптастыру оқушының өзі арқылы, оның іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы ойлау дағдыларын дамыта отырып жүзеге асырылады. Сабақта дамыта оқыту технологиясы жиі пайдаланудың тиімді жағы оқушылардың ақыл-ойы мен өзіндік тұжырымы арқылы жаңа тақырыпты саналы түрде меңгеру дағдыларын қалыптастырады. Білімді меңгеру осы жүйенің әр сатысында дами түседі.

Әрбір ұстаз өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, ажамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға міндетті. Яғни, сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану, оқушылардың жеке басын құрметтей отырып, білім беру – қазіргі оқытудың негізгі талабы. Өйткені оқушылардың бәрінің ойлау қабілеті бірдей емес. Сондықтан бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан қарап, педагогикалық әрекет, әдістемелік шеберлікпен келу керек.

Қазіргі таңда оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас өз дәрежесінде көрінбей келеді. Оқушыларды құрметтеу, олардың жеке басын сүйіспеншілікпен қарау, сөйлесу, пікір алысу, ойын білу, оқушы қабілетін мөлшерлеу, білімге ынталандыру, белсенділігін арттыру, оқушы білімін әділ бағалау сияқты толып жатқан мәселелерге мән берілуі керек. Бұл оқыту жүйесінің жас ұрпақтың оқуға деген ынтасы мен білім алуға қызығушылығын арттыру, әділ бағалау, әр істі ақылдасу оқытушының беделін арттырады.



1 Тұрғанбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары, Алматы, 2000ж

ІІ тарау. Бастауыш сыныптарда жаңа технологиялық әдістерді пайдалану
2.1Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытудың әдәс – тәсілдері
Бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілінде тіл байлығын дамыту әдістеріне тоқталмақ бұрын біз жалпы қазақ тілін оқытудағы әдістерді қарастырайық.

Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту әдістерін оқушы мен мұғалімнің ара қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады.

Оқыту әдістері мектептегі оқыту жүйесіне байланысты түрлі кезеңдерде, өзгерістерге ұшырап отырды. Мысалы, 1932 ж. 25 тамыздағы қаулыда оқыту әдістері 4-ке бөліп көрсетілген: 1) ауызша мазмұндау; 2) оқулықты пайдалану; 3) өздігінен жазба жұмыстарын орындау; 4) лабораторияда оқыту әдістері.

Дидакт Р.Лембергтің "Дидактические очерки" кітабында мектептегі оқыту әдістерін 10 түрге бөліп көрсетеді: ауызша мазмұндау, байқау, оқулықпен жұмыс, әңгіме, лабораториялық, мақсатқа жету, жаттығу, оқушының хабарлауы, практикалық жұмыс, көркем өнерді пайдалану [132].

1965 ж. жарық көрген "Қазақ тілін оқыту методикасы" атты еңбекте Д.Әлімжанов пен Ы.Маманов оқыту әдістерінің 6 түрін көрсетеді: байқау, түсіндіру, әңгіме, жаттығу, кітапты пайдалану, грамматикалық талдау [133].

Ал С.Рахметова оқыту әдістерін негізінен 3 топқа бөлген.

1) балалардың оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері;

2) оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері;

3) оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістері [6, -14].

Бұлардың әрқайсысына бірнеше жекелеген әдіс енеді. Мысалы, 1-ші топқа

- сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер (олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді);

- индуктивтік, дедуктивтік әдістер (логикалық ойлауға негізделеді), өздігінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындау әдістері (қиялға, ерікке негізделеді).

Ал 2-ші топқа балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері;

3-ші топқа ауызша тексеру, жазуша тексеру, лабораториялық-практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері енеді.

Қазақ тілін оқыту барысында бұл әдістердің қайсысының қай кезде тиімді екенін мұғалімнің өзі айқындап алып, таңдап қолданады.

Тіл дамыту әдістерін тілдің әр саласына тоқтала отырып қарастырғанды жөн көрдік.

Төрт жылдық бастауыш мектеп бағдарламасында: «Бағдарламаның мақсаты — бастауыш сынып шәкірттеріне әр пән бойынша меңгеруге тиісті білім мөлшерін саналы түрде игертіп, оқушылардың іс-әрекетке икемділігін қалыптастыру болып табылады»[134]. Ал мектептегі «Қазақ тілін оқытудың мазмұны мен әдістері бағдарлама талаптарына сай оқушылардың тиянақты білім мен дағдылар алуына мүмкіндік беретін болуға тиіс», — деп жазылған [5,-3-4]. Бастауыш сыныпқа арналған типтік оқу жоспары негізінде жасалған бұл бағдарламада белгіленген білім берудің мазмұны және балалардың оқуға деген икемділігі мен дағдыларын анықтау саласында көптеген ғалым-әдіскерлер, тәжірибелі ұстаздар мен ғылыми-зерттеу мекемелері шұғылдануда. Мектепке арналған оқыту мазмұны жайында М.Н.Скаткин, М. А. Данилов, И. Я. Лернер, С. Рахметовалар өз еңбектерінде қарастырған.

И. Я. Лернер оқыту мазмұнына төмендегідей іс-әрекет тәжірибелерді жатқызады:

1). табиғат, қоғам, іс-әрекет амалдары және адам жайында білім жүйелері;

2). игерілген білімдерді іс-жүзіне асыру, практикада пайдадану;

3). шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі;

4) іс-әрекетке эмоционалды қатынас тәжірибесі [135,-18-21]. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған балада қоршаған орта жайында біршама түсінігі болғанымен, қоғам, табиғат құбылыстары туралы пайымдауы өте тар. Қарапайым болып келеді. Сондықтан мектептің алғашқы міндеттерінің бірі — оқушылардың, қоршаған ортамен табиғат туралы білімдерін тереңдету, сол арқылы кеңістік пен уақыт жайында түсінігін кеңейту.

Мектепке дейінгі кезеңде бала тілі бір жақты, тек от басы, ошақ қасында пайдаланатын сөздер ғана болуы мүмкін. Атап айтқанда, оның сөздік қорында ауыспалы мағыналы, жалпылық мәнді және түрлі білім саласында қолданылатын термин сөздер аз кездеседі, кейбіреуінде тіпті кездеспейді де. Бастауыш сыныптарда балалардың сөздік қорын молайта түсу, тілін дамыту екі бағытта өтеді: біріншіден, ана тілінің құрылымын, грамматикалық емлелерді үйрену арқылы болса, екіншіден, сөздік қорлары жаңа сөздермен толығу арқылы өтеді [136,-84].

Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын дамытуда мынадай мақсаттар қойылады:

1. Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар жөнінде түсініктері мен білімінің кеңеюі негізінде сөздік қорын молайту;

2. Оқушылар сөздік құрамындағы сөздердің мағынасын анықтау, оларды сөйлеуде (ауызша, жазбаша) қолдану, пайдалану дәрежесін белгілеу;

3. Сөздік қорын ауыспалы мағыналы сөздермен молайту;

4. Оқыған мәтіндеріне, не мұғалім сөзінде пайдалануға жаттықтыру, пассив сөздерді активтендіру;

5. Сөздерді дұрыс оқып, қатесіз жазуға дағдыландыру.

Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын байыту үшін мынадай жұмыстар жасау керек:

1) қоршаған ортаны бақылау (табиғат, балалардың оқу, ойын, еңбек іс-әрекеттері);

2) құрдастары және үлкендермен қарым-қатынас жасау;

3) сыныпта және сыныптан тыс оқу. Оқылған мәтін мазмұнын талдау және ол туралы пікірлесу;

4) арнаулы тілдік, орфографиялық және орфоэпиялық жаттығулар жүргізу арқылы қазақ тілі грамматикасын игеру;

5) әңгіме, ертегі, өлең т. б. мазмұнын баяндату, олардың ерекшеліктерін, тілін талдау, түрлі тақырыптарда мазмұндама және шығарма жаздыру арқылы баланың сөздік қорын молайтуға болады. Яғни бұл жаттығу жұмыстары тіл дамыту (ауызша және жазбаша) көздеріне жатады [85].

Баланың негізгі сөздік қоры, ең алдымен, сол сыныпта жүргізілетін пән оқулықтары, пайдаланылатын көрнекі құралдар және сыныптан тыс оқуға арналған көркем әдебиеттермен анықталады. Бірінші, екінші сыныптарда игерілетін сөздер осы сыныптарда жүргізілген оқу құралдарында берілген, міне сондықтан оқушылардың сөздік құрамына үнемі мән беріп отырғаны жөн. Мұғалім сабақ барысында балаларға түсініксіз бірде-бір сөз мағынасы анықталмай, назардан тыс қалмауыға тиіс.

Балалар жаңа сөздермен тек сыныпта өткізілетін сабақтарда ғана танысып қоймайды, сонымен бірге өз беттерінше кітап оқу, түрлі сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарға қатысу, кино, театр, саяхатқа бару, радио тыңдау және теледидар бағдарламасын көру нәтижесінде де жаңа сөздер үйреніп, тіл сындырады. Оқушылардың ақпарат, білім көздерінен өз беттерінше меңгерген сөздерді дұрыс не бұрыс пайдалануды да мұғалімнің міндеті болып есептеледі. Бала сөзінде пайда болған жаңа сөз, сөз тіркестердің мән-мағынасын ашып, іс-тәжірибеде пайдаланудың жолын да мұғалім көрсетеді.

Мағынасы түсініксіз сөздерді меңгерту көбінесе ана тілі, қазақ тілі сабақтарында жүргізіледі. Бұл жұмыстар мынадай әдіс-тәсілдер арқылы орындалады.

Оқушылардың сөздік қорын байытудың, яғни жаңа сөздердің мағыналарын игертудің тәжірибеде сыналған мынадай тәсілдері бар:

1. Сөз бейнелейтін заттың не құбылыстың өзін көрсету. Бұл әдіс сыныпта сабақ барысында, мектеп, аудан, қала мұражайларын аралағанда: туған өлкенің табиғатымен танысу мақсатында саяхатқа шыққанда, бау-бақшаларымен танысу барысында жиі қолданылады. Мысалы, бірінші сынып оқушыларын ауыл бақшасына апарып, көкөніс түрлерімен (қияр, қызанақ, қыша, қызылша, сәбіз, пияз, қауын, қарбыз, асқабақ, бағбан, қатар, жүйек т. б.). оларды егіп, баптау жолымен таныстыруға болады (бұл жерде көрнекі әдістер пайдаланылған –Ә.Исабаевтың әдістеріне сәйкес беріліп отыр [137,-162].

2. Зат не құбылыстың суретін, макетін, қатырылған сұлбасын (чучело, муляж) көрсету тәсілі. Осы тәсіл арқылы сөз мағынасын түсіндіруге болады. Мысалы, мұғалім жыртқыш құстар (бүркіт, лашын, сұңқар, қаршыға, қырғи, күйкентай т. б.) жөнінде түсінік бергенде әрқайсысының суреттерін көрсете отырып, олардың бір-бірінен айырмашылықтарын, ерекшеліктерін салыстыра отырып түсіндірсе, оқушылар жыртқыш құс атауларын жеңіл қабылдайды (көрнекілік әдісі).

3. Сөз мағынасын синонимдер арқылы анықтау тәсілі. Жаңа сөздердің мағыналарын оқушыларға айқын танытудың тиімді тәсілдерінің бірі — мағынасы түсініксіз сөзді оның синонимдерімен ашу және салыстыру. (осы орайда синонимдер сөздігін қолданған дұрыс). Мұғалімнің көмегімен оқушылар бейтаныс сөздің мағынасын өздеріне бұрыннан таныс сөздер арқылы анықтайды. Мысалы: Даурия мәшинеге дербес отыратын дәрежеге жетті (Иманжанов). Бұл сөйлемдегі дербес сөзінің мағынасын жеке, бөлек, дара, саяқ деген синонимдер арқылы түсіндіруге болады.

Оқушылардың сөздік қорын байыту мақсатында қолданылатын бұл әдістің есте ұстайтын тағы бір ерекшелігі бар. Синонимдік қатардағы кез келген сөздің өзіне тән реңкі болатыны белгілі. Демек олардың, мағыналары қанша жақын болғанымен, бір-бірін дәл қайталай алмайды. Сондықтан кездескен жаңа сөздің мағынасын оның синонимдері арқылы түсіндіргенде, мұғалім қосымша анықтама бере кетуі дұрыс болар еді.

Бастауыш сыныптада пайдаланатын пән оқулықтарында тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Сабақ барысында мұндай фразеологизмдерді де синоним сөздер арқылы түсіндіріліп, контекстік мағынасын игерту мақсатында сөйлемдер құралады. Мысалы, көзді ашып жұмғанша — тез, лезде, көзі ілінді – ұйықтады, су жүрек – қорқақ, жүрек жұтқан — батыр, ер т. б. (кітаппен жұмыс әдісі- яғни, сөздікпен жұмыс).

4. Сөздің морфологиялық құрамын талдау тәсілі. Кейбір жаңа сөздердің мағынасын морфологиялық құрамын талдау арқылы түсіндіруге болады. Бұл тәсілдің артықшылығы сол морфологиялық талдау арқылы оқушы қазақ тілінің ішкі заңдылыктарын, жаңа сөз жасау жолдарына қанық болады. Сондықтан мұндай тәсілді түбір мен қосымша, біріккен сөздер, жұрнақ пен жалғау тақырыптарын өткеннен кейін кездесетін жаңа сөздерді түсіндіруге болады. Мысалы, бастық, басшы, баспана, бастау т. б. сөздердің түбір морфемаларын таптыру арқылы бұлардың түбірлес сөздер екенін, бір сөзден тарағанын танытуға болады.

5. Оқушыларға жаңа сөз мағынасын меңгертудің тәсілі—логикалық анықтама беру. Бізді қоршаған заттар мен құбылыстар негізгі және негізгі емес белгілерден тұрады. Сондықтан заттарға не құбылыстарға анықтама бергенде олардың басты белгілерін қамтудың өзі де жеткілікті болады.

Қазақ тілі оқулығында оқушыларға мағынасы түсініксіз сөздер жиі кездеседі. Мысалы, сахна, саябақ, еңбекақы, шаңырақ т. б. Мұғалім бұл сөздерге логикалық анықтаманы былайша беруіне болады. Сахна - әртістер мен әншілердін, өнер көрсететін орны, шаңырақ - уықтар бекітілетін киіз үйдің дөңгелек шеңберлі төбесі.

6. Жаңа сөзді сөйлем ішінде пайдалану тәсілі. Кейбір жаңа сөздердің мағынасы сөйлем ішінде пайдалану арқылы да түсіндіріледі. Қазақ тілі жаттығуларында кездесетін ырық сөзінің тек сөйлем ішінде пайдалану арқылы түсіндіруге болады. Мысалы, шөпке жүгірген қойлар маған ырық берер емес.

Жаңа сөздің мағынасын айқындау мақсатында құрылған сөйлемдердегі басқа сөздер оқушыларға толық түсінікті болуы шарт.

7. Сөз мағынасын антонимдермен түсіндіру тәсілі. Жаңа сөздердің мағынасын түсіндірудің тәсілдерінің бірі – сөздерді антонимдерімен салыстыру. Түсіндіргелі отырған жаңа сөздің антонимі оқушыларға бұрыннан белгілі сөздер болуы тиіс. Мысалы, қазақ тілі оқулығындағы жаттығуларда кездесетін ирек, баяу, кішіпейіл, қатігез, қоян жүрек т. б. Сөздердің мағынасын антонимдері арқылы түсіндіру әлдеқайда тиімді. Мысалы, ирек - түзу, баяу - тез, жылдам; кішіпейіл - менмен, дөрекі, қатыгез - мейірімді, қоян жүрек – батыр (ескере кететін жәйіт: бастауыш сынып оқушылары мағынасын түсінбейтін сөздің антонимін де білмеуі мүмкін, сол уақытта оқушыларды антонимдер сөздігімен жұмыс жасату керек). Сөздерді антонимдермен салыстырып қана қою жеткіліксіз, сонымен бірге бұл сөздермен сөйлем құрап түсіндірілсе, оқушылардың есінде ұзақ сақталады.

8. Абстракт мағыналы сөздерді өмірден мысалдар келтіре отырып түсіндіру тәсілі. Мысалы, батыр, батыл, ержүрек сөздерінің мағынасын М.Мәметова, Ә. Молдағұлова, Б. Момышұлы сияқты аға ұрпақтың ерлік істері арқылы ашу (түсіндірме сөздікті қолдану).

«Сөз» деген ұғым мектеп жасына дейінгі балаларға үйретіле бастайды. Бала бақшаларда аталмыш такырыптар балаларға кез келген заттарды көрсету арқылы үйретіледі. Мысалы, мынау—дәптер, анау—қағаз, бұл—кітап, ол—тақта т. б. Осындай мысалдар келтіріп, әрбір заттың, кұбылыстың аты «сөз» деп аталатындығын түсіндіріледі. Тәрбиешінің мұндағы мақсаты — әрбір сөздің жеке-жеке ұғымды білдіруін түсіндіру, әрбір заттар мен құбылыстардың атауы сөз деп есептелетіндігін ұғындыру.

Тәрбиеші балаларға әр түрлі заттардың (үй жиһаздарының, жан-жануарлардың, құстардың, өсімдіктер мен жәндіктердің аттарын т. б.) суретін көрсету арқылы «сөз» деген ұғым түсіндіріле бастайды. Мұндай сабақтарда үй жиһаздарының аттары да (сандық, жүк аяқ, кереует, кілем, түскиіз т. б.), аң аттары да (қоян, арыстан, қасқыр, түлкі, т. б.), адам аттары да (Ержан, Нұржан, Дулат т. б.) аралас айтылып, таныстырыла береді. Нәтижеде балабақша тәрбиеленушілеріне қойылатын негізгі әдістемелік талаптардың бірі — жүйелілік ұстанымы бүзылады. Осының салдарынан оқу жұмысына әлі төселе қоймаған жалпы ой-өрісі мен түсіну деңгейі қалыптаспаған сәбилер ұсынылған материалды қабылдай алмайды.

Аталған олқылықты болдырмау үшін сәбилердің сөздік қорын дамытуға арналған сабақтарды жүйелілік ұстаным негізінде жүргізілетін логикалық жаттығулармен жетілдіру керек болады, яғни, сөз ұғымын үйрету кез келген заттарды не олардың суреттерін араластыра ретсіз көрсету арқылы емес, ондай таным көзі заттарды белгілі топқа, класқа бөліп, сөздерді топтарымен таныту арқылы, яғни жүйелілік ұстаныммен үйретілетін болса ғана тиімді нәтиже береді.

Бастауыш мектептің бірінші сыныбы үшін логикалық сөз топтарының төмендегідей негізгі типтерін ұсынуды дұрыс көреміз:

1) жеміс аттарын білдіретін сөздер (алма, шие, жүзім, өрік.)

2) көкөніс аттарын білдіретін сөздер (қауын, қарбыз, қияр, сәбіз).

3) үй жануарларының аттарын білдіретін сөздер (қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе.).

4) төл аттарын білдіретін сөздер (қозы, құлын, бота, лақ, бұзау).

5) кұс аттарын білдіретін сөздер (үйрек, қаз, тауық, торғай, бүркіт).

6) киім аттарын білдіретін сөздер (көйлек, шалбар, шапан, тон, ішік, жейде).

7) ыдыс аттарын білдіретін сөздер (кесе, қасық, шанышқы, табақ, тостаған.)

8) аң аттарын білдіретін сөздер (аю, түлкі, қасқыр, арыстан, піл).

9) ағаш аттарын білдіретін сөздер (қарағаи, қайың, терек, шырша).

10) дене мүшелерінің аттарын білдіретін сөздер (бас, қол, аяқ, көз, мұрын.).

11) үй заттарының аттарын білдіретін сөздер (кілем, алаша, орындық, диван, теледидар).

12) кісі аттарын білдіретін сөздер (Болат, Сәуле, Айгүл, Ақмарал).

13) дақыл аттарын білдіретін сөздер (бидай, арпа, тары, сұлы.).

Берілген сөз типтеріндегі сөздер міндетті түрде логикалық жүйелілік ұстанымы бойынша оқытуды керек етеді. Яғни, әрбір сөз топтарын бөлінбей игертіледі. Мұның өзі арнайы сөйлем құрамдарын жасауды керек етеді. Осындай сөйлем құрамдарының логикалық, байымдауға байланысты екі түрі бар: біріншісі, жалпылауыш компоненті бұрын (мысалы, төлдер: лақ, бота, бұзау), екіншісі санама (түсіндірме) компоненті бұрын келген сөйлем құрылымы (мысалы, қозы, лақ, бұзау, бота - төлдер). Аталған сөйлем құрамындағы белгілі заттың ұғымды білдіретін жеке сөздерді бір сөзбен атауға, жалпы атауды жеке-дара таратып, талдап айтуға үйрету арқылы оқушылардың таным жүйесін, жалпы ой-өрісін дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасайды.

Сөз ұғымын меңгерту арнайы логикалық жаттығулар арқылы оқылады. Тіл байлығын дамыту мәселесі – күрделі әрі ұзақ жүргізілетін процесс, сондықтан бастауыш сыныптарында тіл байлығын дамыту жұмыстарының алдына белгілі бір мақсат қойылады. Тіл байлығын дамыту жұмысын белгілі тақырыптарға негіздей отырып, мұғалім тілдік процестің төмендегідей басты мәселелерін үйрету мақсат етуі керек.

Ол мәселелер мыналар: белгілі бір тақырыпты оқытуға байланысты оқушының сөздік қорын байту арқылы оқушылардың тіл байлығын дамыту, мәтінде кездесетін жаңа сөздерді үйрету, мағынасын ұқтыра отырып, оларды жасайтын формаларын меңгерту, сөйлем құрауға үйрету, ойын ауызша және жазбаша сауатты жеткізе білуге дағдыландыру, сөз бен сөзді байланыстыруға машықтандыру.

Тіл байлығын дамыту – үнемі жүйелі түрде жүргізіліп отыратын оқу жұмысы. Олай болса, тіл байлығын дамыту дегеніміз оқушылардың сөз байлығын арттырып, әр сөзді орынды қолдануы, ойын жүйелі түрде жеткізуі. Тіл байлығын дамыту оқушылардың ойлау қабілетімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың ойлау процесі үнемі кеңейтіп отыру мұғалімнің басты нысанасы болуға тиіс. Сондықтан бастауыш сыныбында тіл байлығын дамыту жұмыстары оқушылардың жалпы ойын дамытуға бағытталады. Демек, оқушылардың тілін байлығын дамыту – олардың жалпы ойын дамыту деген сөз.

Енді біз оқушылардың сөздік қорын байыту арқылы, тіл байлығын дамытуға арналған жаттығулардың негізгі түрлеріне тоқталайық.


: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф-об-001/033 мазм ұ н ы кіріспе
2013 -> Бастауыш сыныпта сын есімді оқыту. Жұмыстың жалпы сипаты 1-3 І. Кіріспе ІІ. Негізгі бөлім
2013 -> Диплом жұмысы тақырыбы: Бастауыш мектепте жазба жұмыстары арқылы сауаттылыққа үйрету Шымкент-2008 мазмұНЫ
2013 -> Тұңғыш Президентпен өткен бес жылым
2013 -> Кіріспе 4 І әдебиеттерге шолу
2013 -> Бірнеше ондаған жылдардан бері босқындар проблемасын қазіргі заманның маңызды проблемаларына жатқызады. Босқындардың жер ауыстыруының жағдайлары мен себептері әр түрлі
2013 -> 2-5 Тарау–I. 1921-1928 жылдардағы қазақ ауылындағы салық саясаты
2013 -> Жоспар: і-тарау. Ақпан төңкерісінен кейінгі Оңтүстік Қазақстанда демократиялық өзгерістер және қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы
2013 -> Кіріспе Зерттеу өзектілігі


1   2   3   4


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет