Әйтеке бидің сыншылдығы



жүктеу 382.09 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі382.09 Kb.



Әйтеке бидің сыншылдығы.

Бірде Жоңғар ханы Қалдан Бошақту Әйтекеге:

– Мына астымдағы сымға тартқан күмістей, қанатты тұлпарымды сынап берші, - дейді.

– Мұның нағыз тұлпарға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Есекке шатысы бар екен. Тұрпатына, төзімділігіне зейін аударыпсың. Құлын кезінде енесі өліп, сарттың саудагері есекке теліген екен. Әлгінде кісінегенде бақырған есектей дауысын созып, екі бүйірін солқылдатып, үні тарғылданып шықты. Ал шынайы тұлпар дауысын қоңыраудай сыңғырлатып, үзілтіп, әсерлі қайырып кісінейді, - дейді Әйтеке би. Әйтеке бидің біліктілігі мен көшелігіне қайран қалған қонтайшы Қалдан Бошақту жеңілгенің мойындапты.



Әйтеке бидің шешендігі.

Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.

Алдын ашсаң, арқырар,

Ашу деген – ағын су,

Ақыл деген – дария,

Алдын тоссаң, тоқырар.

Кісіге бірге туыспау керек,

Туысқан соң сөз қуыспау керек.

Сөз қуған пәлеге жолығады,

Жол қуған олжаға жолығады.

Ағасы келсе, ардақтап атын байлағандай,

Қонағы келсе, құрметтеп жайлағандай,

Тындырымды інісі болса,

Қанат-құйрығы сай болып,

Көңілі жай болып,

Ағаның алар тынысы болса.

Інінің міндеті – басқару,

Ағаның реті - бас бағу емес пе?

Екі адам керіссе, оның арты - қызыл шоқ.

Әйтеке би

Суалмайтын суат жоқ

Тартылмайтын бұлақ жоқ,

Құйрығы суда тұрса да,

Уақытысы жеткенде

Қурамайтын құрақ жоқ.

Дүние деген фәни бұл,

Баласы жоқта мият жоқ.

Бәрінен де қиын сол екен,

Артында жанған шырақ жоқ... –

деп Әйтеке атынан айтылатын нақыл сөз де оның ойы терең, өмірден білген-түйгені мол, өз заманының ақылгөйі екенін аңғартады.

Төле би

Бір аңызда Төле Түлкі есімді жігіттің сұрақтарына былайша жауап береді:

– Ата, алты алаш деген кім? – дейді жігіт.

– Алты алаш – Алаша ханның балалары: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Жайылған, - дейді Төле.

– Үш жүз деген кім?

– Үш жүз – қазақтың ағайынды үш баласы.

– Ағайынды кісілердің өкпесі немен тарайды?

– Сағынысып көрісумен тарайды.

Төле би атынан айтылатын толғау үзінділер де аз емес. Соның бірі:

Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшы болмаса ел жетім,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім...

Атың жақсы болса,

Ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы,

Әйелің жақсы болса,

Бірінші – иланың,

Екінші – жиғаның,

Үшінші – ырысыңның тұрағы...




Жиренше шешен

Әз Жәнібек ханның алпыс екі биі болған екен. Бір долы хан билеріне:«Дүниеде не өлмейді?» деп сұрақ қойғанда, алпыс бір биі бір ауыздан былай депті:

Ағын су өлмейді,

Асқар тау өлмейді.

Аспанда ай мен күн өлмейді,

Әлемде қара жер өлмейді.

Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығып:

Ағын судың өлгені –

Алты ай қыста қатқаны.

Асқар таудың өлгені –

Басын бұлттың жапқаны.

Ай мен күннің өлгені –

Еңкейіп барып батқаны.

Қара жердің өлгені –

Қар астында жатқаны.

Ажал деген атқан оқ,

Бір алланың қақпаны.

Дүниеде не өлмейді?

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді, - дейді.


Қазыбек би

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек би сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгімі-дүкен құрып отырғанында:

– Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, - дейді Төле би.

– Айтыңыз, Айтыңыз.

– Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.

Отырғандар таң-тамаша болады.

– Бұл не деген жұмбақ! Осындай да жұмбақ бола ма?

– Би-аға, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз? – дейді Қаз дауысты Қазыбек.

– Рұқсат, рұқсат.

– Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.

– Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

– Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

– Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

– Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.

– Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.

– Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

– Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

– Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпеген сол жаман.

– Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - дейді Қаз дауысты Қазыбек.

– Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

***

Қазыбек беріде елге белгілі болған кезде бір бала үшін дауласып, екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:



– Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, - дейді.

Екінші әйел тұрып:

– Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасын тұр, - дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:

– Бірің балңды жоғалқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, - дейді де, баланың екі қолын екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «Екеуіңе бұл баланы қақ бөліп берейін, осыған ризасыңдар ма?» дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

– Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безерленіп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:

– Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:

– Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірлігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, - деп билік айтады.

***


Қазыбек бидің толғауы:

Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма –

кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

Өршіл болма –

өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түсер пақырға

Қастық қылма –

қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға

Жәрдемші бол асыға,

Қиын-қыстау күндерде

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба!



Сырым батыр.

Сырым әрі батыр, әрі шешен, тапқыр, ақылды адам болған. Ол халық қамқоры, батыл да адал адам бейнесінде көрінеді. Бір мәжілісте Нұралы хан Сырымнан:

– Ханның құны не болады? – деп сұрапты. Сонда Сырым:

– Ханның құны – бір арба жібектің күлі, - дейді.

– Жібектің күлі болушы ма еді? – дейді хан. Сонда Сырым:

– Тақасыр, сіздей ханда құн болушы ма еді? – деген екен.


Бір күні біреу Сырымға:

– Қатты адамға мал тұрады деген не? Соны айтшы, - дейді Сонда Сырым:

– Қатты адамға мал тұрса, шөп шықпайтын тақыр-дағы, - депті.

Бірде екі адам дауласып, ханға келеді. Бұлармен Сырым да келеді. Хан дауды шеше алмайды. Сонда Сырым сөзге араласып:

– Су атасы – бұлақ, сөз атасы – құлақ, жол атасы – тұяқ. Бір тұяққа – тұяқ емес пе? – дейді ханға.

Хан сөзден жеңіліп, малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, разы қылыпты.




Төле бидің шешендігі.

Атақты билер арқаға жиналыпты. Айтқан мезгілден Төле би кешігіп келеді. Оған шамданған қарт билер:

– Төле би келсе, орнымыздан тұрмайық, – деп әуелдеседі. Бірақ Төле би келгенде орындарынан тұрып кетеді. Тек екі-үш би ғана тұрмайды. Төле би көпшіліктен кешіккені үшін кешірім сұрайды. Әлгі тұрмай қалған билердің бірі сөзден ұту үшін сынай сұрақ қояды:

– Бақ дегеніміз не?

– Байлық дегеніміз не?

– Бала дегеніміз не?

Төле би орнына отырмай, түрегеп тұрған бойда:

Бақ – ұзатылған қыз,

Байлық – еритін мұз,

Бала – артта қалған із.

Өмірдің адамға ең жақсы сыйы –

Сыйласқан сіз бен біз, - дегенде, билердің бәрі орындарынан тұрып, құрмет көрсетіпті.



Қазыбек бидің елшілігі.

Бір жолғы елшілік сапарда Жоңғар ханы Қалдан Бошақту Қазақ елшілеріне:

– Иә, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарыңды айтыңдар да, елдеріңе қайтыңдар, - депті.

Сонда босаға жақта жайғасқан, жетелі жеткіншек Қазыбек лып ете көтеріліп кеп, қонтайшыға шоқтай жанған көздерімен тесіле қарап тұрып:

– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздың сөзді асырмаған елміз. Досымыздысақтай білген елміз, дәм-тұзды аяқтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ та, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан да, біз арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз. Сен темір де, біз – көмір, еріткелі келгенбіз. Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз, егесетін ер шықса иілткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт, - деп, келбетті келген жас бала сұңқардай саңқылдаған даусымен түйдекті, жалынды сөздерді меруерттей тізіп, бұршақтай жаудырыпты.

– Балам, атың кім? – дейді сонда Қалдан Бошақту.

– Атым – Қазыбек, әкем – Келдібек би. Ұлтым – қазақ, руым – қаракесек, – деп жауап беріпті.

– Ендеше, даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, есімің Қаз дауысты Қазыбек боп қайта жаңғырсың – деп, оның қанаты бар тұлпар, өркеші бар нар, заңғары бар тау екендігін қабылан түсті қонтайшы түсініп, түсі жылып, шыбықтай иіліпті.

Сонымен екі жақ бітімшілік, бейбітшілікке уағдаласады.

Уыздай жас Қаз дауысты Қазыбектің тапқырлығы мен алғырлығы, зерделілігі мен саналылығы, батырлығы мен батылдығы арқасында қазақ елшілерінің жорытқанда жолы болып, айы оңынаң туып, атамекеніне қанаттанып қайтады.



Сағыныш сазы.

Шам шаһарында тұрғанда Әбу Насыр әл-Фараби бір жағынан шахтың бау-бақшасын күтіп-баптаса, екіншіден, қолы бос кезінде өлең жазумен шұғылданыпты.

Бақшадағы хауыз жанында, бағдат кілемше үстінде құс жастыққа шынтақтаған ол ой үстінде отырады. Мәуе ағаштарының бұтағына қонған бұлбұл құстар сайрап тұрады. Ол омырауына түскен салалы ақ сақалын сипап отырып, мына бір шумақтарды қағаз бетіне түсіріпті:

Кеткенім жоқ, елім, сенен атақ, бақыт, тақ іздеп,

Шықтым, жұртым, шалғай ғылым атты шам іздеп.

Ақтадым мен ақ сүтіңді келгенінше шамамның,

Ассамдағы сексен жастан сәбиіңмін, балаңмын.

Жүзім сынық, көңілсіз күйге түстім мен бүгін,

Саған деген серпе алмаймын ынтызарлық түндігін,

Айналайын атам қыпшақ, туған жерім, сағындым,

Өз атыңа, үрметіңе қайда жүрсем табындым.

Бұл жолдар әрі ғалым, әрі шайыр бабаның жасы сексеннен асқан шағындағы туған еліне деген сағыныш сазы болса керек.



Қарлығаш әулие.

Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде Төле киіз үйін жықпай, қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғарлық қолбасы Төле биден көшпей қалуының сырын сұрапты.

– Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш салып еді. Ол жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, адам баласын жылан шақпақ болғанда қызғыштай қорыған құс еді. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым, - дейді дана Төле би.

«Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің ғажайып болмысын, әділ шешімін таныған жоңғар қолбасшысы:

– Шын әулиенің өзі екен, – деп өзіне де, еліне де көз алартпапты.

Асан қайғының Жерұйықты іздеуі.

Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жайлы қоныс іздейді. Жүрген жерінде жақсы-жаман қонысқа баға беріп отырады.

Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, шөлдің өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ, түбі тұрақты қала бола алмас», – деген екен.

Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты: «Түбінде,

Мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», – депті.

Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының бұтағы сайын жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен», – депті.

Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», – деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.

Осы күнгі Мереке жеріндегі Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» – деп жүріп кетіпті.

Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде, бір шулыған болмасаң, мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес», – депті. Шудың аяғында Сарысу елі малға шөп шаппай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен.

Әулиеатаның шығысында аққан Талас, батыс жағында сарқыраған Келес өзендерін көргенде: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес, жеріңде жайылған малға жұт болмас!» – деген екен.

Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер» –депті.

Ақмешіт (Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» – депті.

Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан дүз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басына байлық қонар, жұртың ашықпас!» – деп, жүріп кетіпті.

Шыңғырлау өзенін көргенде Асан Желмаясынан түсе қалып, көлігін суарады: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» – деп қонып кетіпті.

Бірақ Асан қайғы шұрайлы қоныс, нулы өлке таба алмай, Ұлытаудың бас жағына келіп дүниеден көшіпті.
Төле бидің жауабы.

Төле би өз тұсындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің ұстазы, ақылшысы болған. Мысалы, Шақшақұлы Жәнібек:



  • Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала ерлік құрайын ба? Үлгі алып билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса, жазулы тұрған хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, – депті. Сонда Төле би Бұдбұлша сайрапты:

Өгізді өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпаныңы сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік туғанда жағдайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң, мылтық жи, жаяу жүрсең таяқ, қарның ашса тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Мақтаншақ жігіт жисаң, ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі жұт болар, ақылдың түбі құт болар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш. Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш. Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр. Кәсіп болмай, нәсіп болмас! Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы.


Төле би (1663-1756)

XVIII ғасырдағы ұлы тұлғаның бірі – Үйсін Төле би. Ол Әз Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» атты заң жобасын жасаған қоғам қайраткері, ел ағасы. Төле Әлібекұлы қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ шежіресінде: Дулаттан Жаныс, одан Жарылқамыс, Жарылқамыстан Жанту би, одан Жайылмыс би, одан Құдайберді би («Тоғыз ұлды Құдайберді» деп те аталады). Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен Төле би туады. Төле жастайынан ескіше оқып сауатын ашады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең-жырларын, шежіре-тарихтарын ел арасынан тыңдап, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмар шешен би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады.
Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
-Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
- Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
- Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
- Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,- депті.
Төле би Орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйкенұлымен бірге қазақ ханы Әз-Тәукенің басты кеңесшісі болды. Төле бидің басшылық, шешендік дарыны Қазақ хандығы жойқын қолмен шабуылға шығып, қазақ халқын қырғаны, қалғанын «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратқан кезде айқын көрінді. Ол сол кездегі қазақтың белгілі батырлары – Қабанбай, Бөгенбай, Ханкелді, Өтеген, Жәнібек батырлармен бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады. Қазақ жерін басқыншылардан азат етуге басшылық етеді. Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар мен ертегі-әңгімелер сақталған. Оның атымен байланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөздер, билік-келісімдер халық арасында кең тараған. Төле би өзі билік еткен Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле бидің басшылығымен (XVIII ғасырда салынған) ескі Ташкент қаласындағы Төле би (Қарлығаш) мавзолейі осы күнге дейін сақталған. Төле бидің есімі тек Ұлы жүзге ғана емес, сондай-ақ Орта жүз бен Кіші жүздегі ірі-ірі тарихи оқиғалармен де тығыз байланысты. Сол үшін де Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары арасында да ол жөнінде аңыз -әңгіме, өлең-жырлар көп сақталған. Демек, ол тек Ұлы жүздің ғана ру басы, төбе биі болып қоймай, бүкіл қазақ елінің саяси, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген адам.
Төле би Әлібекұлы туралы тарихи құжаттар осындай аз ғана дерек қалдырса, қазақ ауыз әдебиетінде ол жөнінде ертегі, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер өте мол. Олардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен әрі халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Шынында Төле би өз заманының ақылды, білімді, парасатты адамы болған. Аңыздардың айтуынша Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған. Әулие-Ата маңында туғанымен көбінесе Ташкент төңірегінде, Жиделі-Байсын жерінде, Сыр өзені бойында көшіп-қонып жүрген. Көп тұрған жері – Шыназ (ескі Ташкент), сол жерде қайтыс болған. Сүйегі Ташкенттегі Шайхан-тәуірде, мешіт түбінде жерленген. Төле би Әлібекұлы – Ұлы жүзді басқарған, қазақ хандығын мемлекеттік деңгейде нығайтысып, заңын жасасқан белгілі қоғам қайраткері, 1723-1730 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының азаттық күресін бастаушылардың бірі. Қазақ елінің бауырлас, көршілес елдермен татулығын жақтаған, елімізде халықтар достығын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан көреген мәмлегер. Сондай-ақ, ол артына аталы сөз, үлгілі өнеге-өсиет қалдырған, өзінің даналық, тапқырлық әділ биліктерімен, шебер, көркем сөздерімен халық әдебиетін дамытқан, байытқан дарынды шешен, кемеңгер ойшыл.

Қашаған би


Қашаған Әуелұлы 1820-1905 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ұлы жүз Бәйдібек бабаның Албан, оның ішінде Қызылбөрік аталығынан шыққан атақты шешен би.

Қызылбөрік Мақсұт Қашағаннан:

– Елдің бірлігі неден бұзылады? – деп сұрайды.

– Өсек пен көре алмаушылықтан – деп жауап беріпті би.

***

Орман батыр бірде Қашағаннан:



– Қарадан хан туа ма? – деп сұрайды.

– Ешкім анадан хан болып тумайды.

Хан болу адамның даналығында – деп жауап беріпті Қашаған би.

***


Бірде бір атақты бай:

– Қашекем, армандамайтын адам бола ма? – дегенде:

– Армандамайтын адам жоқ. Қолы жетпейтінді армандағанша, еңбегіңмен жететінді армандап, зейнетін көрген жақсы – депті.

***


Орман шешен Қашаған биден:

– Қашекем кімді пір тұтасыз? – депті.

– Анам мен әкемді, елім мен жерімді пір тұтамын – депті.

***


Бірде Сырлыбай датқа Қашаған биде қонақта отырып:

– Дүниеде не жаман? – деп сұраған екен. Қашаған би:

– Ынтымағы жоқ ел жаман. Бәрінен де халыққа қадірсіз болған сол жаман – дейді Қашаған.

***


Қашағанның қартайған шағында Солтанбек болыс биден:

– Еліңізге болашақта не тілер едіңіз? – дегенде би:

– Абылайдан бірлігі болса, Райымбектей қорғаны болса, Төле бидей ғұламасы болса, бейбіт өмір тірлігі болса, құдайдан осыны тілер едім – депті.

Үш бидің жер бөлуі

Қазақта үш би бопты ел қалаған,

Аузына не айтар деп жұрт қараған.

Әз Төле, Қаз дауысты Қазыбек би,

Әйтеке – үшеуінен сөз тараған.
Үшеуі ақылдасып жер бөледі,

Үлкен деп Ұлы жүзге жол береді.

«Әз Төле, қалау сізге берілді» – деп

Әйтеке, Қазыбек би тең келеді.


Төле би таңдап апты Алатауды,

Ол кезде мекендеген Қаратауды.

Сол заман халық қандай ынтымақты

Қазаққа үш-ақ кісі айтқан қаулы.


Қазыбек Сарыарқаға ие бопты,

Айтқаны елге сондай жүйе бопты.

Жайық пен Маңғыстауды Әйтеке алып,

Халыққа құтты қоныс майдай жақты.


Үш бидің толып жатыр өсиеті,

Үлгі боп елге істеген әділеті.

Болса да талай ғасыр өлгеніне,

Қалған жоқ ел аузынан қасиеті.



Данышпанның ақылы


Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Ол қанша тырбанса да, жарлылықтан құтыла алмаған көрінеді. Әбден зығырданы қайнаған кедей бір данышпаннан ақыл сұрай барыпты.

– Уа, тақсыр, сізге бір өтінішім бар еді. Жоқшылықтан әбден қажыдым, не әрекет етсем де бірім екі болмайды. Бұл қалай не кеңес бересіз?

Данышпан оған үйленуге кеңес беріпті.

– Мұныңыз қалай, тақсыр, ішерге ас, киерге киім таба алмай жүргенде, үйлену менің немді алған? – деп безек қағады кедей.

Данышпан оны егіндікке ертіп барып, пісіп тұрған бидайды оң қолымен ғана (сол қолын тигізбей) оруға бұйырады да:

– Орғаныңды бір жерге жия бер, – деп кетіп қалады. Сәлден соң қайтып келген Данышпан:

– Өндіре алмаспың ғой, бұл қалай? – дейді кедейге.

– Сыңар қолмен қиын екен тақсыр.

– Ендеше, қос қолдап өріп көрші.

Қос қолдап орған кедей жұмысты өндіріп тастайды.

– Есіңде болсын, жігітім, – дейді данышпан, – оң қол – ер, сол қол – әйел. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Әйелің өзіңе сүйеніш, ақылшы, жәрдемші болса, кедейшіліктен де құтыласың, – деп әлгі жігітке өз ақылын айтыпты.

Қазыбектің сұрағы


Шегеннің Қазыбегі Құлжабайдан: «Кәрілікке не ем?» деп сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті:

– Кәрілікке сүйемел төрт нәрсе:

Біріншісі – ішіп-жейтін ырыздығы,

Екіншісі – күтушісі,

Үшіншісі – таза киімі,

Төртіншісі – жұмсақ төсегі болсын,

Осы төрттеуі кәрі өмірдің шипасы.
Табайдың тапқырлығы

Табай шешен тумысынан қолы тар кісі болған екен. Сол кісі бірде жолаушылап келіп түсе қалған Шеген бидің бір баласын үйіне қондырмай жіберіпті. Содан өзі бірде Шегенге сәлем берейін деп барса, Шегеннің өзі үйде жоқ екен. Баяғы өзі үйіне қондырмай жіберген баласы Табайды танып:

«Дүние кезек деген, ақсақал, анада үйіңізге қондырмағаныңыз есіңізде болар, енді сіз де бұл үйге қона алмайсыз, жолыңыздан қалмай жүре беріңіз» – деп түсірмейді.

Бала айтты деп кете беретін Табай ма, атты борбайлата бір салып, қотанның ортасына барады да, бар дауысымен ойбайға басады:

– Байлықты сұрадың – таласпадым, бердім, Шеген, ойбай,

Батырлықты сұрадың – таласпадым, бардім, Шеген, ойбай!

Билікті сұрадың – таласпадым, бердім, Шеген, ойбай!

Өзіме қонған қу сараңдық еді, бердім, ойбай, бердім! – деп, атты басқа тартып жібереді.

Алғашқы дауыс шыққанда үрейлене сыртқа шыққан Шегеннің бәйбішесі Табайды танып, жүгіріп келіп шалбырына оралады. Жалынып-жалпайып, аттан түсіріп, баласына кешірім сұратып, ат-тон айып төлейді.
Ахметтің сөзден тосылуы

Торғайда Ахмет төре дуанбасы болып келгенде, арғын, қыпшақтың игі жақсылары сәлемдесе барыпты. Солармен бірге бойы бір тұтам қолтоқпақтай Балақарақшы да барады. Ахмет Балақарақшыны білмейді екен. «Бұл кім?» деп сұрайды. Біреу: «Балақарақшы деген епті жігітіміз осы» дейді.

– Пай-пай, жұрт та қызық-ау, осы қарақшы болып не бітіруші еді, түрі мынау ғой, -деп қарқ-қарқ күледі. Сонда Балақарақшы былай дейді:

– Күлме төрем!

Биік болсаң, көп болса, қарағайдай боларсың,

Құрт болып теспесімді қайдан білесің?

Мықты болсаң, көп болса, пілдей шығарсың,

Тышқан болып құлағыңа кірмесімді қайдан білесің?!

Ойланбай сөйлегеніне опық жеген Ахмет ұялғанынан үндей алмай жер шұқылап отырып қалыпты.

Жанқұттының жауабы


Жанқұтты шешен бір күні қыпшақ дуанбасы Ыбырайдың үйіне келеді. Ыбырай именетін, немесе ерекше сыйлайтын кісі болмаса, кез келген адамды өзі отыратын үйіне кіргізбей, қонақ үйіне түсіртеді екен. Дуанбасының қызметші жігіттерінің «қонақ үйге жүріңіз» дегеніне көнбей, Жанқұтты Ыбырайдың өз үйіне кіреді. Ыбырай үйінде Шорманның Мұсасымен сөйлесіп, қисайып жатыр екен, қонаққа қолын бермей, аса таяғының ұшын ұсынады. Жанқұтты таяқты ұстамай, Мұсамен сәлемдесіп, төрге шығып отырады.

Дуанбасы әлден уақытта жастықтан басын көтеріп:

– Мұсажан, мына басына бөстек киген шалың кім? – дейді.

– Мұсажан, басымызға елтірі бөрік кисек, бөстек дейді. Ел басқарсын деп пысық жігіттен ұлық қойсақ, естек дейді. «Халықтың аузына қақпақ қойып болмайды» деген осы да, – дейді Жанқұтты Мұсаның орнына өзі жауап беріп.

– Ыбеке, сіз сөзден ұтылдыңыз, шешенге ат-шапан айып төлеңіз. Бұл – Сарым руының Жанқұтты деген шешені, – дейді Мұса.

Ыбырай ештеңе дей алмайды. Шешеннің тапқыр сөзіне қатты тосылып, үнсіз қалады.


Сағиттың сөзден сүріндіруі

Дуанбасы Жайықбайев Ыбырайдың туысы – Омар өте қатал кісі екен. Өзіне бағынбағандарды табанда тұтқындатып, айдатып жіберу әдетіне айналыпты.

Бір жылы өзінің кедей ағайынын айдатпақ болады. Оның бар кінәсі болыс отырған ақ ордаға рұхсатсыз кіріп келгендігі болса керек.

Осыны естігенде Сағит шешен ара түсіп, болысты әзер тоқтатыпты. Ойдағы бұзықтығын орындай алмай булыққан Омар Сағит шешен үйден шыға бергенде:

– Әжептәуір адамға да иттің атын қояды екен-ау! – деп мырс етіпті.

Сонда Сағит шешен артына жалт қарап:

– Мен ит болсам да сендей өз ұяласымды талаған жоқпын ғой! – деп шығып кетіпті.

Кішік болғаннан кішіреймейсің...

Жапондар айтатын «алты қырсық» деген бар екен. Олар: ақылсыздық, ызақорлық, жеңілтектік, нәпсіқұмарлық, солқылдақтық және дүниеқоңыздық. Осылардың әрқайсысының он сегіз көрінісі бар. Сонда жиыны 108 түрлі болады деп есептейді екен де, солардың бәрін тізбектеп, жазып, әйгілеп қоятын көрінеді. Осыларды күнде құлақпен естіп, көзбен көріп жүрген кісі теріс жолға бара ма?

Міне, халықтық тәрбиенің көрнекті түрі қандай әсерлі! Бүгінде Жапон елінің өнер-біліммен дүние жүзіндегі өркениетті елдің қатарында алға шығуына, дамуына осы тәрбиенің әсері болмады деп қалай атарсыз! Дүние жүзі елдерінің көбінде отбасылардың ажырасуы жыл сайын өсіп отырса, жапондарда жұбайлардың ажырасуы мүлде жоқтың қасы екен. Жапон әйелдері ешқашан адамның бетіне түсін суытып қарамайды, сөйлескенде әуелі түсін жылытып, күліп қана сөйлейді. Міне, осыдан кейін адамдар арасында ұрыс-жанжал қайдан болсын. Ұрлық істеу, өтірік айту деген сияқты әдеттер оларда мүлде жоқ болса керек. Осындайда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсететін халқымыздың үлкеннің алдын кесіп өтпейтін кішіпейілдігі, жесірі мен жетімін сыртқа теппейтін бауырмалдығы, есігіне құлып салмайтын адалдығы қайда кеткен деп қайран қаласың... Бәрі – сол ұлт, яғни ата-баба дәстүрінде тәрбиелеуде жатыр емес пе!?


Ізбастының назы

Қарабалық Қостан деген момын адамның жеріне Қошқарұлы Жәнібек баса көктеп қонып алады. Қостан Жәнібекке тайсақтап тура бара алмай, ағайындас Ізбастыға барып айтады.

– Батыр Жәнібек көшіп келіп жеріме қонып, малын жайып жіберді. Бұл зорлыққа көне алмай саған келдім, не ақыл айтасың? – дейді Қостан.

– Жарайды үйіңе жүре бер, өзім Жәнібекке барайын, – депті Ізбасты.

Кешікпей Ізбасты Жәнібекке келіп амандық, саулықтан соң:

– Ассалаумағалайкум Жәнібек!

Атаның сай, атың сай,

Көшсең нуға жетесің.

Кетпенің сай, шотың сай.

Қазсаң суға жетесің.

Жорықта көп жортқансың,

Білесің жолдың төтесін.

Ерегіскен жауыңды,

Жермен жексен етесің.

Қалың жатқан қазақтың,

Баласына – әкесің.

Көбісіне – көкесің.

Жәбірлеме жарлыны,

Жанышпа батыр жалғызды,

Дүниеден сен де өтесің,

Кеңінен толғап кеңесіп,

Кедейдің бұзба кепесін.

Ертең өзің өлгенде,

Артыңда адыра қалатын,

Бір жырымдай сайды

Сен не етесің? –

депті . Сонда Жәнібек батыр:

– Менен не сұрайсың? – депті.

Ізбасты би:

– Сен қайдан да жер аласың. Мынау аз үй Қостан (Омар Шипиннің жазуынша Қостанай) ешқашан жер ала алмайды. Сен мұның жерінен көш, – дейді.




Жантұрған би

Бір жолы Мақаш правительдің үйіне Адай елінен Жантұрған би келе қалады.Мақаш Жантұрғанға сәлемдескенде былай депті:

– Әй, Жантұрған, бұл қазақтың атадан баланы ширек кем туады дейтіні бар. Осы не сөзі? Қазағым сонда мені де әкесінен ширек кем туды деп айта ма екен? – деп күліпті.

– Ойбай, Мақаш-ау, жұрт сені әкесінен ширек емес, пұт кем туды деп жүр ғой.

Жантұрғанның мына сөзін естіген Мақаш от басқандай ыршып түседі.

– Мұнысы қай мазағы? Мен оны екі түрлі пән оқыдым. Патшадан шен алып, екі бірдей округты уысымда ұстап отырмын. Мына жұрт аузымнан шыққан сөзімді санап тыңдайды. Ал әкем Шолтыр тым құрыса қағазға бармағын да баса білмейтін надан адам еді. Сонда жұрттың мені әкемнен пұт кем туды деуінің қай келісі бар?

– Сабыр ет, Мақаш, – депті сонда Жантұрған би. -Әкең Шолтыр өз әкесі Бекпенбет би өлгенде Сасықтауда сансыз жылқының жалы мен қойдың жабағасына илеп, тамды өз қолымен салған екен. Сен соны көре тұрып, әкең Шолтыр өлгенде малдың қиына илеп там салдырғанда өзің еңкеймедің де. Әкесінен ширек емес, пұт кем туды дейтіні содан шығар...

***


Бірде ертеңгілік Жантұрған мен Бектұрған бой сергітейін деп қонған үйлерінен сыртқа шықса, ешқандай қонақасы қамы байқалмайды. «Мына Мақаш, бізді кешегі сойған бір тоқтысымен жөнелтпек қой, шамасы. Біз болсақ, ол келгенде қарадай шабыламыз. Мұнысы қалай болғаны?» – деп ойлайды екеуі. Ақыры, ақылдаса келіп, қастарындағы атқосшысына:

– Үйге кір де, орамал жайып, пышағыңды шиқылдатып қайрай бер. Мақаш бірдеңе десе, жауабын өзіміз береміз, – дейді.

Атқосшы бұлардың айтқанын істеп, орамал жайып жіберіп, пышағын шиқылдатып тыным таппаған соң үй ішінде әрілі-берілі қыдырып жүрген Мақаш:

– Пышағын қайрап, мына ит кімнің құлағын кесейін деп отыр? – деп

сұрапты.

Осыны күтіп тұрған Жантұрған іле-шала:

– Мақаш-ай, сені мен менің қасыма қайбір тойған ит ереді деп ең, бір аш-тағы, – депті.

Мақаш сөзден жығылғанын сонда бір-ақ біліпті.




Бұзаубайдың тапқырлығы

Бір күні Бұзаубайдың үйіне бір топ жолаушы түседі. Бұзаубай кедейлігіне қарамастан барын қонаққа тосатын жомарт адам екен. Қонақ келген соң әйеліне:

– Барың болса қимылда, бәйбіше, – дейді Бәйбішесі үйде қонаққа берерлік ештеңенің жоқ екенін ескертеді.

Қысылған Бұзаубай жүгіріп Нығмет деген саудагердікіне барады. Нығмет Бұзекеңнің тағы да өзінен бір нәрсе сұрайын деп тұрғанын сезіп, жақтырмаса да:

– Не жұмыспен мезгілсіз жүрсің? – дейді.

Сонда Бұзаубай тұрып:

– Жәй келдім, түк жұмысым жоқ. Біздің үйде шай да жоқ, шай сұрайтын жай да жоқ. Біздің үйде ет те жоқ, ет сұрайтын бет те жоқ. Біздің үйде нан да жоқ, нан сұрайтын мен сияқты жарлыға ертең болмаса, бүгін атар таң да жоқ, – деп шығып кетіпті.

Бұзаубайдың тапқырлығына разы болған Нығмет саудагер оның үйіне керекті заттарын бергізіп жіберген екен.

***

Бұзаубай шешен жолаушылап жүріп, бір байдың үйіне түседі. Бай бәйбішесіне:



– Мына кісіге көже бер! – дейді.

Бәйбішенің көжесін апыл-құпыл жұтқан Бұзаубай байға бата береді:

Байеке, көже бердің удай,

Қатығы жоқ судай.

Бала-шағаң үйіңнен,

Жүгіріп шықсың шулай...

– Ойбай, бұл өлең елге жайылып кетпесін! – деп, бай бақырып қоя береді.

Жанқұтты бидің сөзі:

Бір сөз айтсаң жақсыға,

Аталы сөзге тоқтайды.

Бір сөз айтсаң жаманға,

Өмірінде ұқпайды.

Надандықтың белгісі

Өзін-өзі мақтайды.

Көкірегі соқырға,

Өмірде таң атпайды.

Шешеннің сөзі – дария,

Қап түбінде жатпайды.

Асанқайғы би

Ол 1361-1469 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы», осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре – аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саяхатшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болуы жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Осындай ерен зор талантын байқаған Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхамед оны өзіне ақылгөй бас би етіп, сарайында ұстайды.

Ұлұғ Мұхамед (туған жылы белгісіз, 1445 ж.ө.) бүкіл ноғайлы елін билеген, Алтын Орда ханы, кейін қазақ хандығын құрушы, Қырымға дейін билік жүргізуші атақты Тоқтамыс ханның немересі еді. Асан жырау сол Ұлұғ Мұхамедпен бірге талай-талай мәселелерді басқаруға, шешуге араласады. Ұлұғ Мұхамед өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. 1450 жылдан бастап Әбілқайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де Асан би көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пәлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Сол тұстағы Жәнібек, Керей хандармен пікірлес; саясат ісіне араласып олардың ақылгөйі болады. 1456-60 жылдары Шу бойында қазақ ордасы құрылғанда Асан жырау жаңа орданың ұраншысы, абызы болады. Жәнібек, Керей хандарды оңтүстік жаққа емес, батысқа – Жайық, Жем бойына қоныстануға үгіттейді.

Алайда ордадан бөлінген ру Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асанқайғы Сәбитұлы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды.

“Жәнібкек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының болашағын жете ойламайсың деп сөгеді”

Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ас береді. Бұл ұлан-асыр ас Ұлытау мен Ақкөл аралығындағы көк орай шалғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атыраптан көп халық жиналады. Ханды құрмет тұтқан жер-жердегі бай, бектер, сұлтан, билер бірінен-бірі асыра тарту-таралғысымен артынып-тартынып жетеді. Ас бірнеше күнге созылады. Ат жарыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәстүрінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өтеді. Ақындар айтысады,күйшілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзінің ақылгөй абызы сарай жырауы Асанқайғыға басқартады. Бірнеше күнге созылған осы жиынды Асан жырау:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады, – деп бастаған екен дейді ел.

Осы ас өтерден бірер жыл бұрын Асанқайғы жырау халқының болашақ қамы үшін қазақтың кең дала, қаласын шарлап, “Жерұйықты” іздеп оралған екен. Оны көптен бері көрмей, аталық ақыл, өсиетін тыңдай алмай, сағынып аңсап жүрген ел-жұрты сөз иіні келген кезде өздерінің сұрақ, өтініштерін тұс-тұсынан жаудырыпты. Біреулер: «Қалай еткенде елге әділдік орнайды?» дегенде ол:

Әділдіктің белгісі,

Біле тұра бұрмаса.

Ақылдының белгісі,

Өткен істі қумаса.

Жамандардың белгісі,

Жауға қарсы тұрмаса.

Залымдардың белгісі,

Бейбіттің малың ұрласа.

Надандардың белгісі,

Білгеннің тілін алмаса.

Шамаңша шалқып көре бер,

Қабірге әзір қоймаса.

Артыңда қалар атақ жоқ,

Тіріде даңқың болмаса,

- деп термелепті.

Асанқайғының ойынша «Жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты – “Жерұйық”. Бұл елді алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ» Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асанқайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады.

Ертісті көргенде: “Мына шіркінің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер”, - екен депті.

Түндікті өзенін көргенде: “Он екі қазылық Ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен”, - деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан “Үш қара” атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: “Тау-тасы кеш болғанда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен” – депті.

Баянауыл тауын көренде: “Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен” – депті.

Шу, Сарысуды кешіп өтерде: “Мына шіркінің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен”, - депті.

Қаратауды көргенде: “Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен ”, - депті.

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А,Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен», - депті.

Шідерті өзенін көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп ардақтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының қонысы екен», - депті.

Өлеңті өзенін көргендетоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: «Өлеңтінің суы – май, Шідертінің шөбі – май.», - деп жүре беріпті.

Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұсына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңащ, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің», - депті.

Есіл өзенін көргенде: «Алта күнде ат семіртіп мінетін жер екен», - депті.

Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», - депті.

Терісаққан өзенін көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен», - депті.

Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», - депті.

Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін қара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен.

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерің-ай,

Ағайының аралас,

Тату екен елің-ай.

Желмаяға өңгертіп,

Алып кетер едім-ай,

Сыймаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім-ай!» –

депті.


Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің», - депті.

Әйгел бидің әділдігі

Әйгел Айтбайұлы XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Торы Қыпшақтың Түйішке тобының Мырзабек бұтағынан шыққан атақты әділ би. Торғай уезінің Қарақоға болыстығын 40 жылдай (ел солай дейді) басқарған Құдабайдан (ол арғынның Әйдеркесінің Ожан руынан шыққан қадірлі де, қасиетті жан болса керек) жеңіп алған Торы Қыпшақтың игі жақсылары сол кезде 70 пен 80 арасындағы Әйгелге барып:

– Биеке, көптен армандаған болыстықты жеңіп алдың, бұл абыройды кімге сеніп тапсырсақ болады. Әлде өзіңіз қолға аласыз ба? – деген екен. Бақуатты, ақылға кемел болса да Әйгел би:

Қайтесіңдер мені әурелеп, иек артпадан жас асты, - деп өзінен қашыртқан екен.

– Ал Санжан қалай болады? – деп, жасы сол кездерде 17-18-дегі, кейін батырлығымен көзге түскен Сандыбай атты баласын көздеп айтса керек.

– Сандыбай әлі жас, ел қадірін, ер қасиетін біле бермес, - деп өз баласынан да бұл лауазымды аулақтатыпты.

– Ал енді, мына ортамыздағы үлкеніміз, белгілі шешен Табекеңді қалай көресіз? – деп, Әйгелдің 3-4 атадан қосылатын інісі Торының Назарымбет әулетінен шыққан Табай Саламатұлын ауызға алыпты ел игі жақсылары.

– Табайдың сараңдығын бәрің жақсы білесіңдер, сөйте тұра елдің жаман атын шығарайын деп пе едіндер, - деп, жақын інісінен де қуып шығыпты.

– Ойбай, онда жол Жәкеңдікі деп Баянтаңаттан шыққан Жандарбек Байқадамұлын – торыдан шыққан «төрт тіреудің» бірін атағанда:

– Жандарбек ұры ұстайтын еді, елге зәбірік тиер, - деп оған да қорымапты.

– Ендеше, мына жүйрік Уәйісіміз бар деп, елге аты шыққан «төрт тіреудің» тағы бірін ұсынса керек.

– Жоқ, бұларың да өтпейді. Көлемі аздау ғой, билік айтқанда жан-жағына жалтақтайтыны болушы еді, - деп әділін айтқан ғой.

– Ал енді, Көбекті қалай көресіз? – деп Қитабаның Ақпанынан шыққан әулетіне дәулеті мен сәулеті сай Көбек Шалдыбай баласын ұсынағнда:

– Е, жаңа жөңдеріңе көштіңдер, көлемі қомақты, дастарқаны мол, мінезі елге жайлы Сары Көбегім дұрыс болады, - деп қортындылаған екен.

Турашылдық, әділдік қой. Мансапты өзінен өзінің баласынан, жақын ағайындарынан гөрі, ғұмыры ұзақ болатын, елге жайлы азаматқа алып беруі бүгінге де сабақ болғандай емес пе. Егемендік тиіп, аузымызға қолымыз өз еркімен баратындай күйде өмір сүріп отырған осы заманда билігі бар азаматтарымызға осы туралықтың жетпейтіндігін көргенде ішің ауырады. Өзіндегі мүмкіндікті пайдаланып, ел басқаруға, халыққа қызмет жасауға дайын емес тоғышарларды орынсыз тықпалағанын көргенде, ел қамын ойлаған бабалар үрдісі еске түседі.

Сырым батырдың шешендік сөздері

Бірде алыс сапардан үй ішін сағынып келе жатып ауылына жақындағанда, Сырым жолдастарына:

– Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық, - дейді. Сонда жолдастары Сырымға естіртпеген болып әжуалап:

– Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қайсұлуына асығып келеді екен? – депті.

Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:

Жігіттер, әйелді әйел

деп қорсынбаңдар,

Әйелсіз ерге күй бітпейді.

Қойды қой деп қорсынбаңдар,

Қойсыз елге үй бітпейді.

Әркімнің мінген аты –

өзіне тұлпар,

Әркімнің сүйген әйелі –

өзіне сұңқар, -

деп желе жөнеліпті.

***


Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып:

– Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді? – дейді.

– Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, - деп жөніне жүре береді.

***


Сырым Нұралығанаразы болып жүргенде: «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың, біреуді-біреу шауып жеп жатыр, оны басқара алмадың», - депті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандампай жүре береді.

Сонда Нұралы:

– Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! – депті.

Сонда Сырым:

– Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, - депті.

***


Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түседі, бойжеткен қызды сынау үшін сөзбен қағытады.

Сырым:


Мынау үйдің мінсізін-ай,

Тек шаңырағы шалқақтау екен, - десе.

Қыз:

Шаңырағы шалқақ болғанымен,



Түтіні тура шығады, мырза, - депті.
***

Сырым екі жолдасымен Көсеу бидің үйіне қоныпты. Би үйінде екен. Сырым «суық тиіп жүр еді» деп үйге жатыпты да, жолдастары түнде ат-көлік көздейміз деп далаға жатыпты.

Әкесі шәугім алып сыртқа шығып кеткенде, төрге Сырымға ба? – деген екен. Төсек салып жатқан бидің қызы:

Мырза, бір жігіт бар –

Тек жатады,

Ондай жігіт жиі кеп жатады.

Бір жігіт бар – бірдеме деп

жатады, - дейді.

Сонда Сырым:

Бүгінгі қалауыңды ал.

Келесіде сөзіңде қал! –

деп, теріс қарап жатып, таң ата бірақ ояныпты.

***

Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағын сырттан – қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі деп естиді екен.



Сол жолы Үргеніш ханы Сырымды өз шешенімен айтыстырыпты. Соның бірі төмендегіше. Үргеніш шешені:

– Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? – деп сұрайды. Сырым батыр:

– Жан-жағыңызға өзіңіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? – деп жауап беріпті. Үргеніш шешені:

– Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? – дейді. Сырым батыр:

– Өзгенің сөзін тыңдамай, өз бетімен кете беретін адам Сырымды күнде жеңеді, - депті. Үргеніш шешені:

– «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, сіз қонақсыз, өз еліңізге барғанда біздің халықты қандай ел көрдім деп барасыз? – дейді. Сырым батыр сонда:

Ешкісі семіз, қойы арық,

Мал сорлысы сонда екен.

Жері сортаң, суы ащы,

Жер сорлысы сонда екен.

Қатыны семіз, ері арық,

Ел сорлысы сонда екен, -

деп барамыз да, өтірік айтам ба? – деген екен.

***


Сырым елдің барымтаға кеткен малын даулауға Хиуа хандығына бармақшы болыпты. Кіші жүздің белгілі адамдары:

– Барма, мал бермес, өзіңе бір қатер қылар, - деп сақтандырады. Сырым олардың айтқанына болмай, қасына Дәуқараның баласы Есқара батырды алып, Хиуаға барыпты. Хиуаның ханы:

– Малың жоқ шығар, болса берерміз, - деген сөзбен жұбатып көп жүріпті. Хан Сырымды қайткен күнде де не істен, не сөзден мұқатуға әрекет жасай беріпті.

Бір жиында көппен бірге мешіт намазына Сырым да шақырылып, жолына сиырдың жас жапасын тастапты. Сырым жапаны абайламай басып, мешітке кіріп келгенде хан тұрып:

– Қонақ, аяғыңда нәжіс бар екен, - дейді. Сонда Сырым:

– Хиуа, Бұқара шариғаттың ашылған жері екен десем, аяққа нәжіс басылған жері екен ғой, - деп жауап береді.

***

Сырым батыр елден сырғып Хиуа хандығында жүрсе, бір той үстінде мақтанған Хиуа таны Сырымға:



– Қазақта ас-мас, ат-мат, жігіт-жігіт деген жалғама сөздер көп көрінеді, солардың мәнісі не? – деп сұрайды.

– Сұрауыңызға тойдан кейін жауап берейін, - дейді Сырым батыр.

Тойда Сырымның аты бәйгеден келеді. Жолдасы палуан күресінде жығып, бәйге алады. Тойдың ойын-қызығы бітіп, жұрт тарқар алдында Сырым ханның манағы сұрауына былай деп жауап қайырады:

– Бізде той жасағанда жұртқа қой сойып – құйрық, жылқы сойып – қазы тартады. Сусынға қымыз береді. Соны «ас» дейді. Ал мынадай тастабаққа салып тартқан шөп-шалам мен сусынға берген шайды «мас» дейді. Сәйгүлікті сынайтын жарыста озып келген жүйрікті «ат» дейді, артында қалған тұғырды «мат» дейді. Алқа топтың алдында палуанға түсіп алып ұрған ерді «жігіт» дейді, жер қауып жығылған еркекті «мігіт» дейді. Қазақтың «ас-мас», «ат-мат», «жігіт-жігіт» дейтін жалғас сөздерінің мағынасы осы, хан.

***

Сырым батыр бір жолы Бұхараға барады. Сол күні молдалар мешітте жұма намаз оқып жатыр екен. Сырым мешіт жанынан өтіп бара жатса, бір молда келіп:



– Ей, жолаушы, намазға тұр, - деп Сырымды ертіп апарып, ишанның артына тұрғызып қояды. Батыр намазды неден бастарын білмей аузына түскенін айта береді: «Көндірмеске көндірген құдай, көрінгеннің артына төндірген құдай» дей бергенде оны артта тұрған молда естіп, Сырымды нұқып қалады. Сырым да алдындағы ишанды желкеден бір түртіп қойса керек. Намаз оқып болған соң ишан:

– Мені ұрған кім? – деп сұрайды.

– Мен, - дейді Сырым.

– Е, неге ұрдың?

– Мен сахарада бетіммен өскен қазақ едім. Мына кісі мені намазға тұрғызып қойды. Не дерімді білмей күбірлеп тұр едім, артымнан түртіп қалды. Намаз кезінде алдыңғысын ұратын әдет шығар деп, мен де сізді түртіп қалып едім, - дейді Сырым. Сонда ишан:

– Сахара қазағын әкеліп намазға тұрғызған найсап! – деп молданы айыптап, арқасына шыбық ұрғызыпты.

***

Бірде ас артынан жұрт бата сұрағанда, Сырым жеңінің ұшымен бетін сипай салады. Сонда қатар отырған молда Сырымға қарап:



– Бата оқылып, қол жайғанда алақанға нұр құйылады, қолмен бетті сипағанда алланың нұры адамның денесіне тарайды. Сондықтан бата қылғанда қолды жеңнен шығарып көтеру керек, - дейді.

– Ой, молдеке-ай, қайдағы жоқты айтады екенсіз. Алланың нұры жеті қат көктен жерге жетіп тұрғаны рас болса, менің жалаң қабат жеңімнен өтпейді дейсіз бе? – деп Сырым тұрып кетіпті.





Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу

Қаракөз ханым өлген соң, Жиренше қатын алмай көп жүріпті. Ойлаған сынына дәл қыз кездеспейді, кез келген қызды ұнатпайды. Сөйтіп жүргенде бір жігіт кездесіп, жолдас болыпты, өзі көп үндемейтін адам екен. Бір мезгілде Жиренше жігітке қарап: «Жол қысқартайық»,- дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы бір кезде Жиренше жігітке: «Ағаш қазан қайнатайық»,- дейді, жігіт жауап қайырмайды. Тағы да біраздан соң бір көшіп кеткен елдің жұртын көргенде Жиренше: «Мынау бір бейбастақ үйдің жұрты екен»,- дейді. Жігіт оған да жауап бермейді. Сонымен екеуі бір елге жақындағанда, жаңбыр құйып кетеді. Ауыл сыртында тезек теріп жүрген бір топ қыз жаңбыр жауып кеткен соң қаптарын арқалап, ауылға қарай жүгіре жөнеледі. Тек бір қыз сырт киімін шешіп, қапқа жауып отырып қалады. «Мына қызда бір сыр болар», - деп, Жиренше отырып қалған қызға келеді. Қыз асқан сұлу екен, Жиреншеге қыздың көркі ұнайды. Енді ақылы қандай екен деп сынау үшін: «Сен көп қыздан неге бөлініп, жалғыз отырып қалдың?» - дейді Жиренше.


- Мен басқа қыздарға еріп ақымақ болайын ба?- дейді қыз.
- Олар қалай ақымақ болады?- дейді Жиренше.
- Олардың, ақымақтығы мынада: келе жатқан алды бар, арты жок, шағын бұлт. Бұл өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отындары да, барлық киімдері де су болады. Су болған отындары жанбайды, киімдерін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, отынымның, ығына өзім отырдым; менің су болған жалғыз-ақ, шапаным. Отыным, өзге киімдерім құрғақ; үйге барғанда отынымды жарып, шапанымды кептіріп аламын, - дейді. Қыздың көркіне ақылы сай, Қаракөздей болып көрінеді. Бұл қызға енді бір сөз айтып көрейін деп Жиренше:
Бүркеніп жалғыз отырсың,
Бойға жеткен жас бала.
Ұнатсаң, айтқан сөзімді,
Күлімдеп көзің бері қара!
Оңаша бір сөзім бар,
Ақылың болса сен ұғар.
Менің атым Жиренше,
Жол берген маған хан-к,ара,—
дейді. Сонда қыз бөгелместен:
Сыртыңнан естіп қанық ем,
Шешен деген атыңды.
Түсіңе бұрын танық ем,
Жаңа көрдім затыңды.
Айтар жерің осы ма,
Көңілдегі датыңды? -
деп күлімсіреп өң бергендей болып:
Уәде қылып келіп пе ең,
Сөйлесем деп осы жерге.
Жалғыз атты жолаушы,
Аулақ менен көш жерге.
Құрбыңды іздеп тауып ал,
Жас қыз сөзіңді есітер ме? -
дейді.
Жиренше шешен қызды әбден ұнатып ішінен: «Құдай жазса сені алармын», - деген ойға келеді. Ауыл мен екі арада өзен бар екен.
- Мынау өзеннің өткелі қай жерде? - дейді Жиренше.
- Анау жерде бір өткел бар - алыс; алыста болса жақын. Мына жерде бір өткел бар- жақын; жақын да болса алыс, - дейді қыз.
- Сенің үйің қайсы?— дейді Жиренше қызға.
- Менің үйім анау - үлкен ақ үйдің жанындағы қараша үй,- дейді қыз.
Жиренше алыс өткелге кеткенде, жолдасы жақын өткелге бұрылады. Қыздың алыс, алыста болса жақын дегені өткелдің суы саяз, асты құмқайыр екен. Жиреншенің аты желіп өтеді. Ал «жақын, жақын да болса алыс» дегені өткелдің суы терең, асты балшық екен, жолдасының аты батпақтап зорға өтеді.
Жанындағы жігітке: «Сен қайда қонасың?» - дегенде, «Мен мына ақ үйге қонамын»,- дейді ол. «Ендеше мен қараша үйге қонамын»,- дейді шешен. Сөйтіп екеуі екі бөлініп, бірі байға, бірі кедейге барып түседі. Бір уақытта отынын арқалап манағы қыз да келеді. Жиренше төрге жайғасқан соң, үйдегі кемпір амандықтан кейін: «Шырағым мынау байдың үйі тұрғанда, біздің қосқа қалай түстің?» - дейді. Жиренше: «Менің баспанам да осындай еді, өз үйім тәрізді болған соң өзімсініп түстім», - дейді.
- Жиренше түскен үй іңір болған соң, от жақты, келін сиыр сауды. Кемпір от басында, қыз үйдің іргесінде отыр.
Жиренше төрде отырып қызға қарап басын сипайды. Бұл: «Сенің қалыңмалың шашымнан көп-ау» - дегені еді. Қыз оған түсініп астындағы тақыр тулақты сипады. Ол теңімді тапса тақыр кедей болса да береді дегені еді... Жиренше мен кыз бірін-бірі ұнатқанын осылай ыммен ұрысады.
Таң, атқан соң жұрт тұрып жайланған кезде бай Жиреншені шақыртып алады. Жиренше келсе, кешегі жігіт мәз-мейрам болып сонда отыр екен. Амандасқаннан кейін бай: «Кешегі бірге келген кісі осы ма?» - дейді, жігіт: «Ия»,- дейді «Екеуің бірге келіп екі бөлек түскендерің қалай?» - дейді бай. Жиренше: «Бұрынғының сөзі бар еді, сол есіме түсіп, бөлек түстім»,— дейд!. «Ол не деген сөз? - дегенде Жиренше:
Өзің білмес ісіңді
Білгендерден сұрап біл.
Өліп жатсаң, наданнан
Қабырыңды жырақ қыл! -
деген дейді.
Бай: «екеуің жолда не сөйлестіңдер, не айттыңдар?» - дегенде жігіт түндегі жол-жөнекей айтылған сөзд! баяндайды. Жиренше: «Екеуден-екеу жапанның сары даласында келе жаттық; әртүрлі сөз айттым, біреуіне де жолдасым сөз қайтармады. Сонан соң мен де үндемей отырып едім, ұйқы келді, маужырап жүре алмадық. Ұйқыдан мезі болған соң «жол қысқарталық» дедім. Оным әңгіме айт дегенім еді. Екінші «ағаш қазан қайнатайық» дегенім - насыбай атып алайық дегенім еді. Үшінші «бейбастақ үйдің жұрты» дегенім бір жұртта екі басы бірдей күйік кесеу жатыр екен. Айтқан сөзімнің біріне жауап қайырмаған соң «мына жігіт надан екен, деп бөлек қонған едім»,- дейді. Бай Жиреншенің бұрын атын есітіп бір көруге құмар болып жүреді екен. Өзін көріп, сөзін естіген соң есі кетіп мал сойып, қымыз құяды. Бәйбіше: «Шырағым, бүгін осында бол!» - деп қондырады. ...Бай Жиреншенің ақылына қызығып қызын бергісі келеді. Қ,ызы: «Мені бір жалғыз атты кедейге бар дегені несі, бармаймын»,- деп астан-кестен болып бүлінеді.Қызынан бұл сөзді естіп өтірікші болдым-ау деп ойланып отырғанда, Жиренше: «Бай, сіздің қиналып отырғаныңыз маған әбден батты. Көнбеген балаңызды қояйық, мынау көршіңіздің қызының қалың малын төлеп алып берсеңіз болады»,- дейді. Бай көрші жігітті шақырып алып, сұраған малын беріп, Қарашашты Жиреншеге қосады.
Қарашаш сұлу Жиренше үйде жоқта ауырып қаза болыпты. Әз Жәнібек хан «Жиреншеге 6із естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар», - деп уәзірлерімен сөз байлап кояды. Бір күні Жиренше шешен елге қайта оралып ханның үйіне түсіп сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:
- Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады?- депті. Жиренше шешен отырып:
- Әкесі өлген асқар тауы құлағанмен бірдей болады, - депті.
- Шешесі өлген қалай болады?
- Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.
- Ағасы өлген қалай болады?
- Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
- Інісі өлген қалай болады?
- Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
- Апа-қарындасы өлген қалай болады?
- Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.
- Қатыны өлген қалай болады?
- Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? - дейді Жиренше. Ол күйініп қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті.
Карашаш Жиренше орта жаска келгенде каза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, кыз карастыруға ыңғайы келмей, бірер жыл жүреді. Әр күні әз Жәнібек хан Жиреншеге: «Шешен, сенің үйленбей жүргенің жарамайды, пәленшенің катыны ерінің тұсында жаксы әйелдің бірі еді, соны сен ал!» — дейді. Жиренше шешен: «Сіз ұйғарған болсаңыз жарайды», — деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: «Шешен, мына қатыньң бұрынғылардай болатын ба, қалай?»-дейді. Сонда шешен: «Күндіз екеуіміз, түнде төртеуміз», - дейді. Хан: «Түнде төртеуің қалай?» - дегенде, Жиренше шешен былай дейді:
Ері есіне түседі,
Теріс қарап жатады,
Оныменен ол екеу.
Қарашашты ойлаймын,
Мен де теріс қараймын,
Оныменен мен екеу.
Оймен тауып жолдасты
Боламыз түнде біз төртеу.
Таң атқан соң оянып,
Тұра келсек тағы екеу!
Қыздай алмай қатын болмас,
Есік көрген мақұл болмас.
Қанша жақсы көрем десең де,
Бұрынғыдан жақын болмас.
Байы өлген қатынды алу,
Ойлағанда ақыл болмас.
Хан мен жиылған көп шешеннің сөзін тыңдап «рас» десіпті.
Әз Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бір жолы хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» - деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан былай депті:
Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді.
Аспанда ай мен күн өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді.
Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:
Ағын судың өлгені,
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан ок,
Бір Алланың какпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Қарашаш өліп, Жиренше қартайып, ақылсыз әйел, парықсыз бала сыйламай, Жиреншеге бұзау баққызып, тезек тергізіп қояды. Көріскелі келген әз Жәнібек Жиреншеге далада кездесіп:
-Уа, шешенім, тезек теріп жүргенің қалай? – дейді. Сонда Жиренше шешен іркілместен:
- Қатын шайпау, ұл тентек,
Екеуледі, ей ханым!
Кәрілік жеңді, мал тайды,
Төртеуледі, ей ханым!
Басымнан бақтың тайғанын
Көрмейсің бе, ей ханым!
Арк,амдағы к,у тезек,
Әркімге келер бір кезек - депті.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет