Экология- ел тағдыры



жүктеу 56.7 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі56.7 Kb.
Экология- ел тағдыры

Таяуда мелекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Онда қаралған тақырып экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері болды. Расында, мына бір қанатты сөз: «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ!» жер басып жүрген әрбір адамды ойландыруы керек емес пе? Біздің барлығымыз жер, су, ауа, өсімдік, жануар және адамзат үлкен бір табиғи бірлестіктің мүшелеріміз. Егер де осы табиғи бірлестік мүшелерінің біреуі бүлінсе ол қалғандарына да әсер етіп бүлдіреді. Сондықтан да адамдар табиғи бірлестік мүшелерінің әр мүшесінің бүлінбеуі үшін күресуі керек. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде экологиялық дағдарыстар мен апаттар ұлғая түсуде. Жер бетінің көптеген нүктелері «экологиялық апат аймақтары» деп аталады. Мұндай апатты жағдайлар Қазақстанның Семей, Өскемен , Қызылорда, (Арал өңірі), Батыс Қазақстан (Нарын, Азғыр, Тайсойған), Орталық Қазақстан (Саршаған, Байқоңыр, Балқаш), Оңтүстік Қазақстан (Созақ) аймақтарында көрініс береді. Экологиялық дағдарыстың неғұрлым қауіпті көріністері- аймақтың шөлейттенуі, тозу; су ресурстарының тартылуы;атмосфераның ластануы; ормандардың сиреуі;аймақтың генетикалық қорының бүлінуі, тіршілікке қатер төндіретін табиғи құбылыстар мен апаттардың белең алуы; әрі улы қалдықтардың жинақталуы болып табылады. Сонымен бірге адамдардың браконьерлік әрекеттері мен олардың экологиялық біліммен қаруланбауы да табиғат қорғау жұмыстарына кері әсер етеді. Экологиялық дағдарыстар мен апаттарға көптеген мысалдар келтіруге болады. Бір ғана мысал жер бетінде экологиялық апат салдарынан күніне 8 адам қайтыс болады екен. Соғыссыз бейбіт күнде – осыны, айға, жылға көбейте беріңіз.Немесе кейінгі жылдардағы табиғаттың (климаттың) өзгеруі. Яғни жиі болып жатқан табиғи апаттар. Атап айтқанда: жердің сілкінуі, су тасқыны қар мен лай көшкіні, бұрын болмаған дауылдар бұршақ соғу, сел жүруі т.б. Климаттың жылуы өте қауіпті құбылыс. Бүгінгі күні еліміздің бас экологы М.Елеусізовтың сөзімен айтсақ климат 0,5 градусқа жылыған. Болып жатқан табиғи апаттардың көпшілігі осыған байланысты. Осы апаттың алдын алудың бірден-бір емі жер бетіне өте көп мөлшерде өсімдіктер егіп, жасылдандыру дейді бас эколог. Тағы бір мысал, озон қабатының тесілуін алайық. Тесілген озон қабаты қайта жамалмайды екен. Оны тесетін жердегі үлкен мұржалардан шығатын зиянды газ - фреон. Химиялық формуласы CFCL3. Яғни көміртек, фтор және хлордың қосылысы. Ал, озон қабаты ультракүлгін сәулелерді жерге жібермей ұстап тұратын көрінеді. Қазіргі күні бұл сәулелер бірнеше жыл бұрын тесілген озон қуысынан жерге емін-еркін өтіп, тірі ағзаларды бүлдіруде. Немесе Арал теңізін алайық. Теңіздің суы құрғап қалған табанынан ұшқан тұздар басқа жерлерге барып «қышқыл жаңбыр» болып жауып өсімдіктерді, топырақты бүлдіреді екен. Семей полигонының зардабы әлі жойылған жоқ. Өскеменнің зиянды газдары адам ағзасын улауда. Республика бойынша рак ауруымен ауыратын адамдардың 40 пайызы осы Өскеменнің үлесіне тиесілі екен. (Халықаралық экологиялық ғылыми- тәжірибелік конференция материалынан алынды.) Кейінгі кездердегі киіктердің қырылуы, сел мен су тасқындары, Семейдегі қара дауыл сияқты апаттар да Табиғат Ананың адамдарға деген ашуы ма деп ойлаймын. Ірі экологиялық апаттармен күресу - мемлекеттер шешетін ғасырлық мәселелер. Ал, қарапайым адамдардың міндеті өздері тұрып , өмір сүріп жатқан жердің табиғатын қорғап, келер ұрпаққа сақтау болып табылады. Ол үшін адамдар экологиялық жағынан сауатты болулары керек. Сондықтан оларға жастайынан жүйелі түрде экологиялық білім мен тәрбие берілгені жөн. Осындай жүйені біз 1996 жылы Тарбағатай ауданында жасап, іске кірістік. Осы жүйе бойынша аудан әкімінің өкімімен қоғамдық негізде «Экологиялық орталық» құрылды. Ол аудандағы табиғат қорғау, экологиялық , санитарлық- тазалық, браконьерлермен күрес жұмыстарын үйлестіріп отырады. Оның негізгі жұмысы мектеп оқушыларына экологиялық білім мен тәрбие беру болып табылады. Жүйенің құрылымы төмендегідей.



2003 жылы Семей қаласында «Экологиялық тәрбие: проблемалары және оны шешудің жолдары» деген тақырыпта халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Оған қатысушыларды арнайы құрылған комиссия конкурстық негізде іріктеді. Міне осы конференцияда «Мектеп оқушыларына экологиялық білім мен тәрбие беру жолдары» деген тақырыпта баяндама жасап, жоғарыдағы жүйе туралы жан-жақты айттым. Қорытындысында баяндама ғылыми жинаққа еніп, жүйе туралы тәжірибем республика көлемінде таратылсын деген халықаралық конференцияның қарары қабылданды. 2006 жылы «Экологиялық орталықтың » негізінде ауданда тұңғыш рет «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігі заңды тұлға ретінде құрылды. Бұл үкіметтік емес ұйым «Экология» кешенді бағдарламасы негізінде жұмыс істейді. Және өздерінің жасаған жобаларына гранттар ұтып экологиялық жұмыстар жүргізеді. Табиғатты қорғау жұмысы тазалық сақтаудан басталады. Әркім өзінің ауласынан бастап көше, ауыл және өзен- көлдердің маңайын таза ұстауға жетісуі керек.Осы орайда экологиялық қоғамдық бірлестіктің мүшелері өзеннің жағасына қоқыс төккізбеу, өзеннен құм алғызбау және өзенде автомашиналарды жуғызбау сияқты жұмыстарға белсене араласады. Мысалы, ЭҚБ мүшесі А. Рахметовтың осындай ісі үлгі ретінде айтуға болады. Бұрындары өзеннен құмды қалай болса солай таситындар тыйылып келеді. Бұл адамдарға табиғат қорғау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы бірлестіктің атынан куәлік берілді. Тағы бір мәселе браконьерлер мәселесі. Олар табиғаттың жауы. Жануарларға қырғидай тиіп, өсімдіктер дүниесін де құртады. Аң аулаушылар мынау саны сиреп бара жатқан аң ба немесе Қызыл Кітапқа енген аң ба оған қарамайды. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мырзаның «аң аулауға 3 жыл тиым салу» жөніндегі қабылданған шешімі басқаларға үлгі боларлықтай. Және ол кісі үлкен бір жиында: «Қарапайым халықта тәуір мылтық жоқ. Аң- құсты ермекке қырып жатқандар мемлекеттік шенеуніктер» - деген болатын. Сөздің жаны бар. Аңның да киесі бар екенін ұмытпаған жөн. Кие бірде болмаса бірде ұрып жығатыны сөзсіз. Табиғатқа деген жауыздыққа байланысты Сенека деген ғұлама: «Адамдарды жақын таныған сайын иттерді жақсы көре бересің»- деп күйінген екен. Сондықтан браконьерлермен күресті аяусыз жүргізу керек. Дана халқымыз: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын»- деп өсиет айтып кеткен. Бұл сөздің философиялық мәні тереңде. Тарбағатай ауданында тал егу, шырша егу, гүлдендіру жұмыстары кейінгі екі жылда жоғары деңгейде жүргізілуде. Аудан әкімі Д. Оразбаев мырза әр ауыл бойынша осы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын тікелей өзі қадағалайды. Бес-алты үйі бар қыстақтарды да үнемі аралап көреді. Соның нәтижесінде ауданымыз күннен-күнге гүлденіп, көркейіп келеді. Тарбағатай ауданының территориясында «Ақжайлау» атты тау бар. Онда 120-дан астам минералдардың түрі кездеседі. Кеңестер Одағы кезінде осы жерде минерал өндірілген. Одақ тарағаннан кейін бұл жер қараусыз жатыр. Ал, негізі осы жерді зерттеумен «Ақжайлау» ғылыми компаниясы 18 жыл шұғылданған. Ғылыми зерттеудің қорытындысы бойынша ғалымдар осы жерден аумағы 40 мың гектар жерді қамтитын мемлекеттік Ұлттық табиғи парк құру жөнінде ұсыныс енгізеді. Бұл ұсынысты Үкімет қарап №990 (13.10.2006ж) қаулы қабылдайды. Онда 2008 жылдың 4-тоқсанында ШҚО Тарбағатай және Аягөз аудандарының аумағынан 40 мың гектар жерді қамтитын «Ақжайлау» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркін құруға республикалық бюджеттен қаржы бөлу көзделген. Бірақ та ҚР Үкіметінің №914 (08.10.2007ж) қаулысы негізінде жоғарыдағы қаулының күші жойылған. Сондықтан бүгінгі күні қараусыз жатқан минералдар байлығын еліміздің экономикасын дамыту үшін пайдаланатын кез келген сияқты.

Сөзімді қорыта келе төмендегідей ұсыныстар айтуды жөн көрдім:



  • Еліміздегі әр облыс, әр ауданның экологиялық жағдайын ғылыми түрде тұрақты зерттеп, қорытындысын баспасөз беттерінде жариялап отыру.

  • Жасөспірімдердің экологиялық білімін арттыру үшін мектеп оқушыларына белгілі бір жүйемен экологиялық білім мен тәрбие беру және 5-11 сыныптарды «Экология негіздерін» жеке пән ретінде оқыту. Халық арасында насихат жұмыстарын жүргізу.

  • Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында әр ауылдың, ауданның, облыстың «Қызыл Кітабын» жасап, соның негізінде Қазақстанның «Қызыл Кітабын» қайтадан жасау.

  • Мектептерде «Экология» кабинеттерін, залдарын жабдықтап, экологиялық музей ашу.

  • Әр аудан, облыстарда «экологиялық орталық» құрып, жоспарлы жұмыс істеу.

  • Экологиялық аймақтар, сенбіліктер өткізу.

  • Экологиялық жағдайдың әсерінен ауырған адамдардың емделуіне жеңілдіктер жасау.

  • Табиғаты құпия жерлерді ғылыми түрде зерттеп, жария ету.

  • Атмосфераны қорғау мақсатында ірі завод-фабрикалардың мұржаларына және автокөліктердің газ шығаратын түтіктеріне сүзгі (фильтр) қою.

  • Адамдар ішетін ауыз судың және мал ішетін өзен суларының тазалығын, құрамын үнемі тексертіп отыру.

Ержан Құттыбаев – эколог, облыстық мәслихаттың депутаты

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет