ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы



жүктеу 49.75 Kb.
Дата20.06.2016
өлшемі49.75 Kb.
ӘӨЖ 811.512.122

СУБСТАНТИВТЕНУ ПРОЦЕСІНІҢ НӨЛДІК ТҰЛҒАДА КЕЛІП БАСЫҢҚЫ СЫҢАРДА ЖҰМСАЛУЫ

Пазылова А.С.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Сөз тіркесі туралы алғаш сөз еткен ғалым-профессор С.Аманжолов 1939 жылғы мектеп грамматикасында сөздердің өзара байланысы тұрғысынан сөз ете келе, сөз тіркесінің байланысу формаларын қиысу, меңгеру, қабысу, жанасу деп бөліп, бұл байланысу формаларының әрқайсысының жасалуын айта келіп, сөз тіркестерін басыңқы сыңарларына қарай етістікті және субстантивті деп көрсете білді[1,143]. Сонда бұл еңбекте бірінші рет есімшенің субстантивтеніп барып басыңқы сыңарда жұмсалуы арнайы сөз болды деп білеміз.

Қазақ тіл білімінде сөз тіркесінің ғылыми бағытын дамытушы ғалым-профессор М.Балақаев бүкіл түркологияда сөз тіркесі мәселесін алғаш сөз ете келіп, оның объектілерін нақты көрсеткені белгілі. Автор бұл салада көп еңбектенген. Оның көптеген мәселелерін көрсетті. Біз бұл жерде автордың сөз тіркесі саласындағы, көбінесе, басыңқы сыңары туралы мәселелерін ғана сөз етпекпіз[2,32].

С.Аманжолов, Н.Сауранбаевтарға қарағанда М.Балақаев сөз тіркесінің басыңқы сыңарларын және оларға қатысты бағыныңқы сыңарларды едәуір сөз етті. Оның айтқандары қазіргі кезде де қолданыста, онда сөз тіркестерін есімді, етістікті, ортақ деп бөледі де, ал субстантивтенген басыңқы сыңарда жұмсалуына тек бірер мысал берумен шектелген. Сөз тіркестерінің басыңқы сыңары туралы Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, С.Исаев, Ә.Аблақов, Е.Ағмановтардың біраз еңбек еткені белгілі. Сонымен қазіргі кезде сөз тіркесінің есімді, етістікті, ортақ басыңқылы, әр түрлі сөз таптарының басыңқылық қызметі, үстеулі түрлері бар. Профессор Р.Әмір «Сын есім сөздер де субстантивтеніп барып тіркестің осы амалы арқылы сапаны ерекшелеп атайды. Мысалы, «әдемінің әдемісі, жүйріктің жүйрігі» десе, екінші бір жерде етістік сөздер басым компонент ретінде сөз тіркесін қабысу, матасу, меңгеру амалдары арқылы құрайды» деп, сын есімнің, есімшенің тәуелденіп барып басыңқылық қызметін атқаратынын сөз етеді[3,47].

Жалпы субстантивтену немесе заттану процесі барлық тілде орын алған. Сонда субстантивтену қазақ тіл білімінде сын есім, сан есім, есімдіктің кейбір түрлері, есімше, үстеу сөз таптарына тән болып келеді.

Сын есім, сан есім,есімдік, есімше, үстеу, т.б. сөз таптарының заттану жағы бірдей емес. Егер сын есім, сан есім, есімдік, есімшелер заттануға бейім болса, үстеулерде бұл процесс аздау.

Жалпы жоғарыдағы сөз таптарының заттануы-үнемі анықтағыштық қатынаста жұмсалатын сөздердің анықталатын заттарының түсіп қалып, олардың сол түсіп қалған зат есімдердің орнына жұмсалуы. Бұл жерде мынаны да ескерген жөн: жалпы субстантивтенетін бұл сөз таптары осы заттану арқылы ғана басыңқылық қызметінде жұмсалады. Сонда анықтауыш сөзді керек ететін зат есімдерге қоса енді анықтауыш қызметін қажет ететін тағы да субстантивті сөз таптары пайда болады. Мұның өзінен анқтауыш сөзді керек ететін сөз таптарының аясының кеңейгендігін көруге болады.

Сын есімдерге көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жалғанып заттанғанда, сын есімнің өзінің негізгі сындық мағынасының үстіне заттық мағынаны жамап алады. Кейде көптік, тәуелдік жалғаулары жалғанбай-ақ сын есімдер атау түрінде тұрып заттық мағына береді. Бірақ ондай сын есімдер тек сол сөйлемде ғана субстантивтенеді, біржола зат есімге айналып кетпейді.

Субстантивтену процесінің нөлдік тұлғада келіп басыңқы сыңарда жұмсалуына мысалдарды Ә.Кекілбаевтың роман, повестерінен келтірдік.

Жалпы сын есімдер-табиғатында заттың түрін, түсін, сапасын т.б. қасиеттерін білдіретін сөз табы. Оның сапалық және қатыстық түрлері бар. Сын есімдердің заттануында осы екі түрі де романда кездеседі. Сын есімдер заттанған кезде нөлдік, көптік, тәуелдік және септік жалғауда келуі арқылы заттық мәнге ие болады. Қолдағы бар материалдарға қарағанда, сын есімнің осы түрлерінің бәрі де заттық мағынаға ие болуына байланысты енді өздеріне анықтауыштық қатынастағы сөздерді керек етеді.

Ә.Кекілбаевтың шығармаларында басыңқы сыңар сапалық сын есімдер арқылы нөлдік тұлғада жұмсалады.



1. Сапалық сын есім мен сапалық сын есім арқылы субстантивтенген тіркестер:

Жаңа ғана аспандай қарап, көз қиығын салмай тұрған асқақ сұлу қасынан ұзай бергенде, күлім қағып, қайтадан өзіне шақырғандай(Ә.Кекілбаев Шыңырау Алматы, 1982, 45-бет).

Ас үйдің есігіне тақау столдағы арық қара орнынан атып тұрды (52-бет). Ханымның төркіні тек мал жиғанына мәз сасық бай емес-ті(341-бет).Осы сөйлемдерде сұлу, қара, бай сөздері заттанған сын есімдерінде асқақ, сасық, арық сын есімдермен қабыса байланысқан сөз тіркестерінен құралған.

Қосарлы сапалық сын есім мен сапалық сын есім арқылы:

Алдағы ақ боз қара үзе түсті, баран құрықтасқан жерге келді(75-бет).

Жіп-жіңішке қара көк теңізге іреп кіріп жатқан пышақтың жүзіндей түбекке беттеді(213-бет).

Модаль сөз бен есімшенің тіркесуі арқылы:



Көк қойнаудағы көп қарайған айқындала бастады(21-бет).

Қатыстық сын есім мен сапалық сын есімдер:

а)-ты, -ті жұрнақты қатыстық сын есім мен сапалық сын есім арқылы:

Алғашқы сөйлеген көзілдірікті қара қайта шығып, біреулердің атақтарын айтып, шақыра бастады (372-бет).

Денелі сары кішкене көгілдір көздері күлімдеп, әр сөзінің дәмін алып тұрғандай, ылғи жай сөйлейді(377-бет).

ә) –сыз, --сіз жұрнақтары арқылы жасалған қатыстық сын есім мен сапалақ сын есім арқылы:

Оспадарсыз батыр бұның жүзінен ашу аңғарғандай, мұның төсегіне өңмеңдеп келіп қалған жерінен шегіншектеп, есікке қарай беттеді(138-бет).

2)Есімше бағыныңқылы сыңар мен сапалық сын есім арқылы жасалады:

Ұялған қорқақ батыр болады(351-бет).

3)Сан есім мен –ты, -ті жұрнақты қатыстық сын есім арқылы:

Қасында салпаң құлақ төрт аяқты да шапқылап келеді(162-бет).

Бір күні қапталдағы көк төбеден екі атты қылт ете түсті(108-бет).

Бірақ олар да бұдан атақты билеуші екен деп емес, көп екі аяқты екен деп қорқады(23-бет).

Жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі сөз тіркестерінің бәрі қабыса байланысқан. Субстантивтену процесі басыңқы тұлғада әсіресе сын есім және есімше формалы етістікте көбірек кездесетініне көз жеткіздік. Тілден тыс ешқандай грамматикалық құбылыс болмайтыны сияқты, тілдегі сөздерден тыс грамматикалық категориялар да өмір сүре алмақ емес(4,90).


Әдебиеттер

1.С.Аманжолов Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы.-Алматы, 1994.-318б.

2.М.Балақаев, Т.қордабаев Қазіргі қазақ тілі.-Алматы,1966.-339б.

3.Р.Әмір жай сөйлем синтаксисі.-Алматы, 1983.-182б.



4.С.Исаев Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.-Алматы, 1998.- 303б.

5.Қазақ грамматикасы.-Астана,2002.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет