Есен-сау жүРІҢізші, асыл ата! Повесть КӨлбақа оқИҒасы немесе атамның ашуы



жүктеу 438.97 Kb.
бет1/3
Дата06.07.2016
өлшемі438.97 Kb.
  1   2   3
ЕСЕН-САУ ЖҮРІҢІЗШІ, АСЫЛ АТА!
Повесть
КӨЛБАҚА ОҚИҒАСЫ НЕМЕСЕ АТАМНЫҢ АШУЫ
Менің нағашы атам Кентайдың үйіне келгеніме үш-төрт күндей болған еді. Таңертеңгі шайымызды ішкен соң атам екеуміз сыртқа шықтық.

-Ернар, сенің ерте тұрғаның жақсы болды. Мына шарбақтарды жөндеуге көмек ет. Өзі де ескіріп бітті. Сиыр да қасекі мал ғой. Сүйкенбесе жүрмейді,–деді. Содан соң қолындағы сайман салынған қобдиын маған ұстатты. Атамның үйі үстіртке орналасқан. Одан төменде шағын өзен бар еді. Соның жағасында екі бала ойнап жүр екен. Менің көзім әлгілерге еріксіз түсті. Олардың дауыстары таңғы ауамен жаңғырығып, ашық – жарқын шығады. Олар әрлі – берлі өзен бойлай жүгіріп, қолдарындағы шыбыртқылармен су бетін сабалап, ұрып жүр.

- О, менікі дәл тиді!

- Мен біреуін өлтірдім!

- Мен де біреуін сілейттім! Осы сәтте атам оларға кенеттен назар аударып, басын көтеріп алды да, қолындағы тістеуігін тастай берді. Сөйтті де жеделдей басып, төмен түсті. Оған мен де ілестім. Ол:

-Әй, бұл істеп жүрген сұмдықтарың не? – деді айқайлап. -Әй, Мұрат, кәне, бері кел! Мұны саған кім үйретті? Сол кезде оның қасындағы ересектеу бала қолындағы шыбыртқысын лақтырып жіберіп, қаша жөнелді. Мұрат орнында қозғалмай тұрып қалды. Екеуінің қуалап ұрып жүргендері көлбақалар екен. Ұйысқан қалың балдыр үстінде үш-төртеуінің аяқ-қолдары тырбиып, бауырлары ағараңдап, әр жерде өліп қалыпты.

-Кәне айтыңдаршы!? Түк жазығы жоқ көлбақаларды не үшін өлтіріп жүрсіңдер?! Жайшылықта жаймашуақ көрінетін атамның түрі мүлдем сұсты көрінді. Арада ауыр үнсіздік орнады. Мұраттың қолындағы шыбыртқысы түсіп кетті. Атам сәлден кейін:

-Анау қашқан ұзынтұра қарасирақ кім? Кәне, айт. Мұрат төмен қарап, мұрнының астынан:

-Сапар деген кісінің баласы, – деді.

-Қай Сапар?

-Тракторшы Сапардың.

-Қай баласы?

-Бектемірі.

-Әлгі мектептен жиі қашатын біреуі бар деп еді ғой?

-Иә, сол.

-Сен оған қашаннан бастап қосылып жүрсің? – деді. Үні тым қатқыл шықты. Мұрат үндей алмай, төмен қарап, көзімен жер шұқи берді.

-Есіңде болсын, жақсыға ілессең, ұшпаққа шығасың. Ал жаманға ілессең, қыспаққа қаласың. Екіншілей бейкүнә жәндіктерге еш тиісуші болма!

-Түсіндің бе?!

-Түсіндім, ата! Үні сенімсіздеу шықты.

-Атаң қазақ үйге кездейсоқ кірген жыланды да өлтірмеген. Үйден басына ақ құйып шығаратынын естіп пе едің?

-Жоқ.

-Ендеше соны біліп ал. Адамға залал жасамаса өлтірмейді. Ұзын таяқпен қақпақылдап, басына айран не сүт құйып, аулаққа шығарып жібереді. Бағанадан бері үнсіз тұрған Мұрат:



-Ата, айранды не үшін құяды?- деді именшектеп.

-Ол аталарымыздың сен бізге тиме, біз саған тимейміз. Біздің ниетіміз ақ дегенді білдіргені. Жылан адам тимесе, өздігінен ешқашан тиіспейді. Осыны ұққаңдарың жөн, - деді шегелей сөйлеп. Содан соң ол маған бір қарап алды да:

-Олар тілсіз жәндіктер ғой. Ал біз ақыл-есіміз бар адамдар емеспіз бе!? – деді атам сұқ саусағын Мұратқа кезей. Ол бір қызарып, бір бозарып, қипақтап тұра алмай тұр. Осы сәтте әрі көрші, әрі бірге ойнайтын Мұрат үшін мен де өзімді кінәлі сезінгендей халде болдым.
ТОСЫН ХАБАР НЕМЕСЕ АТАМНЫҢ КОСТЮМІ

Бір кезде көшені жаңғырықтырып, жасыл «Урал» мотоциклімен біреу үй алдына келіп тоқтай қалды. Ауылдық кеңесте істейтін Нұрман аға екен.

-Ассалаумағалейкум, Кентай аға!

-Әлейкүмсалам!

-Кентай аға, Алматыдан телевизиядан кісілер келді. Қазір ауылдық кеңесте отыр.

-Е, олар не үшін келіпті?

-Не үшін дегеніңіз бар ма. Соғыстың аяқталғанына 45 жыл толуына байланысты көрінеді. Соған сізді... Атам сөзін аяқтатпастан:

-Мені түсірмек пе? –деді.

-Иә, енді кімді? Біздің ауылда офицер десеңіз офицер, ең көп ордені бар сізден басқа енді кім бар?! Айтыңызшы! Соған дайындалыңыз.

-Е, мен не айтамын?

-Кентай аға-ау, соғыста көрген-білгеніңізді айтасыз да! Капитан болдыңыз, ротаны басқардыңыз.

-Е, ол әңгіме айтыла-айтыла жауыр болған жоқ па!

-Ол біз үшін жауыр болғанмен, еліміздің көрермендері үшін жауыр емес қой.

Мен елең ете қалдым. Нағашы атамның ауылына талай рет келіп жүрмін ғой. Ол кісінің соғыста болғанын білетінмін, бірақ капитан болғанын, рота басқарғанын білмеппін. Осы мезетте өзім ең жақын көретін жанның қасында жүріп, оның бар қасиет, сырын білмеген енжарлығым үшін кінәлі жандай сезіндім.

Жарты сағаттан кейін үй алдына жеңіл көлік тоқтады. Ішінен жүргізушіден басқа екі жігіт шықты. Қолдарында қомақты қара сөмкелері бар. Ішке кіріп, атаммен сәлемдесті. Атам оларды көңілдене қарсы алды.

-Балалар, жоғары шығыңдар, - деп, оларға қошуақ пейіл білдіріп жатты.


Біз Мұрат екеуміз атамның қастарына жайғастық. Дариға жеңешем келгендермен жарқылдай амандасты да, үлкен залға өтіп кетіп, іле-шала кері шықты. Оның қонақтарға жайылар дастарқан жайымен айналысуға кіріскенін біліп отырмын.

Келген екі жігіттің бірі атама сұрақтарды үстемелеп қоя бастады. Байқауымда, ашық мінезді жан. Өзі адамның іші-бауырына кіріп сөйлейді екен. Атам да тілші жігіттің сұрақтарына ықыластана жауап беріп отырды. Бұрында ол кісінің тап бұлай ашылып сөйлегенін көрмеппін. Бір кезде тілші жігіт:

-Аға, біз жалпы жайға қанықтық. Бізден бір өтініш, барлық орден, медальдарыңыз тағылған костюміңізді киіңіз,-деді. Атам сәл қысылғандай болып:

-Өй, інім-ау, соның бәрі қазір керек пе?- деді күлімсірей. Тілші жігіт іле тіл қатып:

-Керек болғанда қандай! Әбден керек, - деді. Атам орнынан көтеріле беріп:

-Дариғаш, әлгі орден, медальдар таққан костюмім қайда? – деп сыртқа дауыстады . Жеңешем ішке тез еніп:

-Қазір, ата! – деп, төргі бөлмеге озды. Атам орнынан түрегеліп, сол жаққа беттеді. Мен атама ілестім. Жеңешем төрдегі шифоньерден сыртына қаптама кигізілген костюм мен шалбарды алып жатыр екен.Ол:

-Ернартай, атаңа көмектес, - деді де, сыртқа шығып кетті.

Көкшілтім бозаң түсті костюмнің әп-әжептеуір салмағы бар екен. Кеудесі тола түрлі ордендер мен медальдар. Былтыр келгенде осы үйден көнетоз қоңыр альбомды көргенмін. Оның бетінде нағашы атамның орден, медальдармен түскен портреті бар болатын. Сонда осы костюмін киіп, мектеп оқушыларымен кездесіп тұрған суреттерімен танысқан едім. Ол кезде ондағы суреттерге бәлендей мән бере қоймаған екем. Атам баяулау қимылдап,үй киімдерін шешініп жатты. Мен костюмді қолыма ұстап тұрдым да, табан асты тосын шешімге келдім. Оны тез киіп, шифоньер айнасының алдына тұра қалдым. Өз бейнеме өзім риза болып, мәз боламын. Әрлі-берлі қозғалған сайын орден, медальдар айнаға жарқ-жұрқ етіп шағылады. Көзді де, көңілді де арбап тұр. Атамның екі езуі екі құлағына кетіп, маған қарап қалыпты. Ақырын ғана:

-Бойыңның сәл кішілігі болмаса, саған құп жарасып қалыпты, -деді жұмсақ үнмен әзілдей сөйлеп. Ол шалбарын киіп, мені күтіп тұр екен.


ТІЛШІ СҰХБАТЫ НЕМЕСЕ ҮШ ПАТРОН ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ

Төргі бөлмеден атамның соңын ала шықтым. Тілші жігіт дауыстап:

-О, Кентай аға, тамаша болды! Енді жұмысымызды бастай береміз, - деді көңілденіп. Иығына асқан аппаратын атама бағыттап, оператор бізді түсіріп жатты. Мен Мұратқа маңғаздана қарап қоямын. Жүзімде: «Міне, менің атамды көрдің бе?» - дегендей балалық мақтаныш сезімнің алауы маздап тұрса керек.

Бір кезде тілші жігіт:


-Кентай аға, жаңа ауылдық кеңестің төрағасы бір қызықты жайды айтып берді, - деді. Атам елең етіп:

-Е, ол не деді? – деп, оған таңдана қарады.

-Сізде соғыс кезінен сақталған үш патрон бар дейді. Сол рас па? Ол атамның жүзіне кірпік қақпай, қадала қарап қалыпты. Атам әлсіз жымиғандай болды. Бәріміз де ішімізден тынып, үн-түнсіз отырмыз. Менің бойымды құмарлық сезім билеп ала жөнелді. Ішімнен: «Үш патроны несі?»- деп таңдандым. Атам ол туралы бізге тіс жарып, ештеңе демеген екен. Осы үнсіздікті бағана хабаршы болып келген Нұрман бұзды.

-Иә, Кентекеңде пистолеттің ондай патрондарының бары рас. Облыстық тарихи мұражайдан да адамдар сұрап келген. Оларға көрсетуін көрсетті, бірақ берген жоқ. Тілші жігіт мүлдем қуанып кетті.

-Кентай аға-ау, мұражайға бермегеніңіз біз үшін олжа болды. Сол патрондарды көрейік. Мына жай кез келген телекөрерменге барынша қызықты болары сөзсіз! Атам:

-Е, мен бұған аса мән бермеген екенмін,- деп мырс етіп күлді де, орнынан баяу тұрып, өзі жататын бөлмеге беттеді. Мен ілесе көтерілдім. Атам кереует жанындағы тумбочканы ашты. Ішінде шағын қоңыр сөмке бар екен. Соны алып, серіппелі құлпының түймесін басып қалып еді, шырт етіп ашылып кетті. Ішінен сарғайған қағаздар, бірнеше грамоталардың сұлбалары көрінді. Содан соң сөмкенің жанқалтасынан кішкене түйіншек алды. Сөмкені жапты да, тілшілер отырған бөлмеге оралып, әлгіні дөңгелек үстел үстіне қойды. Бәріміздің назарымыз соған ауды. Атам түйіншекті бірденінен шешіп, ішіндегісін көрсететін шығар деп ойлағам. Бірақ ол асықпады. Отырғандардың әрқайсысының көздерінде құмарлық оттың ұшқыны ойнап тұрғаны байқалды.

Атам ақырын жөткірініп алды да, кеудесін көтеріп, ыңғайланып отырды.

-Соғыстың алғашқы айларындағы жағдай ауыр болғаны бесенеден белгілі. Біздің әскер үлкен шығынға ұшырады. Шегінуден шегіну. Қару-жарағымыз немістердікімен тіптен салыстыруға да келмейді. Бүгінгі ұрпақ ол кездегі ауыр жағдайды көз алдарына елестете алмайды. Сен білесің бе, айтшы, кәне?-деп, тілшіге күлімсірей қарап, қарсы сұрақ қойды.

-Ағасы-ау, біз нені білеміз? Тарихты үстірт оқимыз ғой. Ал әлгі оқығанымыз, естігеніміз бір бөлек те, көзбен көріп, бастан кешкен бір бөлек қой, -деп езу тартты.

-Сол тұста Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің атақты 227-бұйрығы шықты. Бұйрықтың түйіні біреу-ақ. Ол – бір адым кейін шегіну болмасын деген!

Осы тұста атамның қабағы түйіліп, сұсты көрінді. Аз сәтке көзін жұмып алды да, ауыр тыныстады. Бізде үн жоқ. Тілші жігіт атамның аузын бағып, қадала қарап отыр.

-Сендер Сталинді білесіңдер ғой, - деді кенет ол тілшіге еңсеріле бұрылып.

-Білеміз, аға, білеміз.
-Онда дұрыс. Ал мына кейінгі жас ұрпақтың білмеуі мүмкін. Әрине,

ол өлгеннен кейін оны қаралаушылар да көбейді. Ағаш аттың басына мінгізгендер де жетерлік. Десек те сол Сталиннің аса қаталдығы арқасында мемлекетіміздің аман қалғандығы - шындық.

Менің Сталинді «Азаттық» деген кинодан көргенім есіме түсті. Атам әңгімесін одан әрі жалғады.

-Соғыс жағдайында бұйрықтың орындалмауы – қылмыс. Сонда Сталин әскерлеріміздің жаппай шегінісін осындай қатаң бұйрықпен тоқтатты деуге негіз бар. Әрине, соғыста ешкімге оңай болған жоқ. Кеңес әскерлері қанға аяусыз бөкті. Әсіресе бір ғана Брест қамалы үшін болған шайқаста төгілген қан өлшеусіз болды.


ҮШ ПАТРОН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ЖАЛҒАСЫ НЕМЕСЕ ТІЛШІ ЖІГІТ ТІЛЕГІ

Сол кезде тілші жігіт атама:

-Кентай аға, енді бағана әңгіме болған үш патрон туралы әңгімеге оралсақ, - деді. Атам есіне енді түскендей жеңіл күліп:

-А, дұрыс, айтасың. -деді де, алдында жатқан түйіншекті ақырын шеше бастады. Әбден көнеріп, сарғыш тартқан шаршы жібек орамалдың шет-шеті түрлі-түсті жіптермен кестеленген екен. Орамал жазылғанда ортасынан үш патронның сұлбасы көрінді. Қорғасын бастары әбден тотығып, қарайып кетіпті. Гильзалары да қоңырқай қошқылтым түске енген. Түп жағында тотияйын түстес реңктің іздері көзге ерекше көрінеді. Атам жөткірініп, көне тартқан үш патронды алақанында әрлі-берлі шайқап алды да:

-Соғыс кезіндегі тәртіп бойынша, бұл үш оқ шалбардағы арнайы қалтада мейлінше мұқият сақталатын,- деді. –Айтпақшы, ол бұйрықта кез келген солдат не офицер жау қолына түсуге мәжбүр болған жағдайда екі оқты жауына, соңғы оқты өзіне жұмсауы керек. Яғни тірідей жау қолына еш берілмеуі тиіс. Абырой болғанда, үш оқты кәдеге асыратын сәттер жолыға қойған жоқ. Бұл тағдырдың маған оң көзбен қарағаны шығар. Қандай қиыншылық жағдайда болғанда да, төрт рет жарақат алғанда да, жанымнан тастаған жоқпын.

Ең соңғы рет снарядтың ірі жарықшағы жамбасымды қаусатып кетті. Үш ай өлім мен өмірдің арасында жаттым. Бірақ сонда да осы үш патронды жоғалтпай, аман сақтағаныма шүкіршілік етемін.

-Кентай аға, сіз соғыс басталғанда қайда едіңіз? – деді тілші жігіт.

-Мен әскерге шақырылғанға дейін Шымкенттегі педагогикалық училищеде оқыдым. Әскерге шақырылдым. Осындағы оқуымның пайдасы

көп тиді. Орыс тілінде еркін сөйледім. Бейбіт заманда барлау взводының командирі болдым. Әскери шенім старшина еді. Соғысты Украинадағы Львов түбіндегі әскери бөлімде қарсы алдым. Қырық бірінші жылдың 20 маусымы күні жоғарыдағы дивизияның өкілі келіп, командирлерді жинады. Ол астыртын түскен мәліметтер бойынша соғыс қаупінің бар екендігін, соған дайын болу керектігін ескертіп айтты. Бірақ шығар ауызда
болған әңгімені жауынгерлер арасына таратып, дүрліктірмеуді қатаң тапсырды. Атам аз тыныстап алды да:

-Әлгі айтқан қауіп екі күннен соң шындыққа айналды. Немістер ең алдымен Львов әскери аэродромын аяусыз бомбалады. Түс ауа құрғақтағы әскерлердің шебін сұрапыл соққының астына алды. Осы уақытқа дейін сол күндерді еске алсам, төбе құйқам шымырлайды, -деді ауыр күрсініп.

-Көп әскери бөлімдер бет-бетімен шегіне ұрыс салды. Жау күші өте басым. Шебі бұзылған әскерлердің жағдайы өте ауыр болды. Тоз-тоз болып, жылап-сықтап, қаланы тастап, бас сауғалап қашқан кемпір-шал, әйел,бала-шағаларды көрдік. Олардың үрейлі жүздерін көргенде, өзіңді қоярға жер таппайсың. Қаусаған, өртке оранған қала мен ауылдар, тарыдай шашырап әр жерде өліп жатқан адамдар. Ал тірілердің жылап-сықтаған дауыстарынан бүкіл дүние күңірегендей болды.Міне, әлгі ертегіде айтылатын тозақтың не екенін соғыстың алғашқы күндерінде өз басымыздан кештік.

Маусымның аяғында біздің полк жау қоршауына түсті. Ауыр шайқастар болды. Көп жігіттеріміз сол ұрыстарда қаза тапты. Өзім басқарған барлау взводын жау қоршауынан түгелге дерлік алып шығып, жинақталған жаңа күштерге қосылдым. Сол жолы алғашқы «Ерлігі үшін» медаліне ие болдым.

Мен жан алысып, жан беріскен шайқастардың қалың ортасында от кешкен атамның келбетін көз алдыма ойша келтіруге тырысып отырдым. Байқаймын, Мұрат та ынта қойып отыр.

-Кентай аға, соғыс кезінде рота командирі болғаныңызды естідік.

-Иә, 1942 жылы көктемде мені атқыштар ротасының командирі етіп тағайындады. Күзге қарай барлаушылар ротасының командирі болдым.

-Ал барлау ротасын басқару оңай болған жоқ шығар.

-Дұрыс айтасың. Бұл ротаның бүкіл тірлігі ылғи тәуекелмен ұштасып отырады. Ротаны алғанда взвод басқарған тәжірибем көп пайдаға асты. Жаудың барлық қозғалыс-қимылын, тыныс-тіршілігін жіті бақылау, күрделі әскери мәліметтерді жинау, тіл әкелу, яғни жаудың адамдарын қолға түсіріп, штабқа жеткізу секілді тірліктер оңай шаруа емес.

-Кентай аға, жаңа сөзіңізде барлау ротасының қызметі тәуекелмен тікелей байланысты екенін айтып қалдыңыз.

-Иә, солайы солай. Бұл жерде көзсіз тәуекел еш пайда әкелмейді. Барлығы кесіп-пішіліп, ақылмен істелуі шарт. Ротада кей жігіттер болады. Өте батыл, оттан да, судан да тайынбайтын жүрек жұтқандар. Былайша қарасақ, оларды оқ та ала алмайтын секілді көрінеді. Олар кейде сол көзсіздіктерінің құрбандары болып жатады. Және өзімен өзі кетпей, өзгелердің де өмірлерінің беймезгіл қиылуына себепші болатыны өкінішті...

Тішілер үйден жақсылап тамақтанып, түс ауа аттанды. Олар атаммен ыстық ықыласпен қошасып тұрып:

-Ал, аға, сізбен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Құдай қаласа, көрермендеріміз үшін өте қызықты дүние болайын деп тұр. Әлі де осылай
тың болып, бойыңызды нағыз офицерлерше тіп-тік ұстап жүре беріңіз. Жеңістің 50,60,70 жылдығында да сізбен аман-сау қауышайық, - деді атамды құшақтап жатып.

-Рақмет, жігіттер! Оң тілек, адал ниеттерің періштенің құлағына шалынсын!

Осы сәтте атамның оларға елжірей қараған бейнесі ерекше көрінді. Көз алды сәл-пәл жасаураған секілденді.
КЕСТЕЛІ ОРАМАЛ ҚҰПИЯСЫ НЕМЕСЕ ДАРИҒА ЖЕҢЕШЕМ ШЕШКЕН ЖҰМБАҚ

Оларды аттандырып салған соң атаммен бірге үйге кірдім.Мұрат үйіне кетті. Атам диванға келіп отырды. Біраз уақытқа дейін үндей қоймады. «Ата, костюміңізді апарып ілейін бе?»-деп айтуға оқталдым. Бірақ неге екенін білмеймін, батпадым.

Бір кезде ол аласа үстел үстінде патрондардың қатарында жатқан орамалды алды. Сөйтті де оны алақанына салып, жұмсақ сипалап, маңдайына басты. Әлден соң жеңіл күрсінді де, орамалдың шетіне кестеленген гүлдерге тесіле қарады. Сол кезде атамның жүзінен жұмсақ күлкі ұшқыны қылаң бергендей болды. Менің көзім ортадағы ең үлкен бес жапырақты гүлдің ортасындағы көзге көрінер-көрінбес әріптерге түсіп кетті. Зер салып, шұқшия қарамаса, былайғы жұртқа аңғарыла бермейтіндей.

-Ата, ата, мынау әріптер ме?! Не үшін жазылған? –деп қатты дауыстап жіберіппін.

-Кәне, қай жерден әріп көріп тұрсың? – деп маған қарады. Сол сәтінде оның көзінен әлдебір қуақылықтың ұшқыны жарқ ете түскенін аңғарып қалдым. Атам:

-Кәне, кәне? Осы уақытқа дейін мен неғып байқамағанмын?- деді. Міне, ата, міне! Гүл ортасында тұр ғой! Мен қызуланғаным сонша, орамалды алып, үстел үстіне жайдым.

-Міне! Міне! Оқиын ба?

-Оқы, оқы!

-Міне, мынау «К» әрпі, мынау «Б» әрпі, мынау «Г» әрпі, мынау «А» әрпі! Менің даусымның қатты шыққаны жеңешеме де жетсе керек. Ол да ішке еніп, қасымызға тақанып, орамалға тесіле қарап қалыпты.

-Бұл не сонда, ата? Нені білдіреді? – дедім. Атам жұмбақтау күлімсіреп, мені арқамнан қағып:

-Ал тапқыр болсаң айта қойшы! Ол не әріптер? – деді. Дариға жеңешем де орамалға шұқшия қарап:

-Қызықты қараңызшы! Осы орамалды бұрын екі-үш рет көргем ғой. Бірақ мұндай жазу барына еш зер салмаппын, - деді. Оның да өң-жүзі алабұртып, кестеленген әріптердің құпиясын білгісі келіп отырды.

-Айтыңызшы, ата, бұл не әріптер? – деймін ынтығымды баса алмай.

-Жассыңдар ғой, миларың әлі тынық, шаршамаған,- деді атам қулана жымиып. Ашық мінезді, ерке қылықты жеңешем де:


-Айтыңызшы, ата, мұнда не сыр бар? – деді. Кенет ол қуана дауыстап.

-Оһо, мен таптым, Ернар! – деп басымды ұйпалап-ұйпалап жіберіп, арқамнан қақты. Өзі сыңғырлай күліп, маған сынағандай қарады да:

-Ал, Ернар, мен саған жұмбақ әріптің біреуінің кілтін тауып беремін. Сонымен ашасың. Ал мен, өзің білесің, осы үйдің келінімін. Маған болмайды,-деп жұмбақты қоюлата түсті. Мен ойланған болып, маңдайымды қыса ұстаймын. Бірақ жұмбақ әріптердің ешқайсысы шалғайынан ұстатар емес. Атам екеуміздің қызуқанды сөз жарыстырғанымызға қарап қойып, ара-тұра лекіте күліп қойып отыр.

-Ернар, бол тапсаңшы!

-Жеңеше, құпиясын айтсаңшы!

-Кілтін берейін бе?

-Енді үздіктірмей берсеңізші!

-Тойдың ба?

-Тойдым!

-Ал ендеше біліп қой. Атамның аты кім?

-Кентай.

-Тегі ше?

-Болманов!

Мен сол кезде барып, әріп бойына бүккен сырдың құпиясын түсіне қойдым. Алақанымды шапақтап жіберіп:

-Жарайсың, жеңеше! – деп бетінен сүйдім.

-«Г» дегеніміз Гүлбаршын әжемнің аты. «А» дегеніміз Асанова! – деп, айқайлап жібердім. Атам қарқылдай күліп, екеумізге мейірлене қарады. Дариға жарқылдай сөйлеп:

-Ой, алтын апам, асыл апам-ай,ә! Өзінің атама деген ұлы махаббатын осы төрт әріпке қалай сыйғызған!? -деп таңдана бас шайқады. «Қайран апам, жатқан жерің жарық болғыр апам», - деп дауысы дірілдей, сыртқа шыға жөнелді.

Сол сәтінде үйдің ішін көңілсіздік басты. Атам төр алдында ілулі тұрған үлкен әйнекті суретке назарын аударып әкетті. Атам мен әжемнің алғаш қосылған жылы түскен, беріректе үлкейтіліп, өңдеуден өткен суретіне еріксіз көңіл аудардым...


МАЗАСЫЗ КҮНДЕР НЕМЕСЕ ҚАЙРАН ӘЖЕМ

Мен түнімен ұйықтай алмадым. Көз алдыма нағашы әжем қайта-қайта келе береді. Өткен жылы жазда анам осы ауылға үш-төрт рет келіп кеткен еді. Ол әрдайым мазасызданып: «Анашымның ауруы батымды болып жүр-ау. Тым жүдеп кетіпті», -дегенін бірнеше рет естігенмін. Бірде әкем екеуі машина жалдап, әжемді аудан орталығындағы ауруханаға да жатқызды. Өкініштісі сол, мен ол кезде оқушылардың жазғы тынығу лагеріне кеткен едім. Қайтып оралғанда, ол кісіні ауылға қайтарыпты. Әжемді ауылға апарып қайтып оралған анам әкеме: «Көңіл күйі сергек. Аздап түзелгендей. Барлық дәрілерін апарып бердім»,- деді. Сөйтіп анам мекемедегі жұмысына қайта кіріскен еді. Бірде ол: «Осында көшеде жүргенше, ауыл


жаққа барып қайтқаның дұрыс. Анау нағашы ағаң екі ұлымен Тораңғысайда қысқа шөп дайындаудан қолы тиетін емес. Дариға жеңешеңе барып қолғабыс ет. Кіші қызы лагерьге кетіпті. Қарттардың ас-ауқаты бар, сауылатын бір-екі сиыры бар, отын-суы бар»,- деген. Мен бұған қуана келістім. Киімдерімді,

аспа сөмкемді, екі-үш оқитын кітаптарымды алып, жолға дайындап қойған

болатынмын. Ертеңгі автобусқа әкем билет әкеп берген. Сол күні әкем мен анам екеуі таң азаннан күнделікті жұмыстарына кеткен.

Менің көп балалардың көзін қызықтыратын екі ақ көгершінім бар еді. Таңертеңгілік солардың көк жүзіне биікке самғай көтеріліп алып, ысқырық белгіге сай сан құбылта ойнағандарына көз салып, қызықтап тұрғанмын. Кенет үйдегі телефон шырылдап қоя берді. Алғашта мән бермей, қарындасыма көп телефон соғатын, оның лагерьге кетіп қалғанынан хабарсыз достарының бірі болар деп ойладым. Алайда телефон аз-кем тыныс алды да, қайтадан безілдеп қоя берді. Ұзақ соғылды. Содан соң бейғам күйде үйге кіріп, трубканы қолыма алдым.

-Алло, алло! Ер адамның дауысы. Үні тарғылданып, қарлығып шығып тұр. -Алло, алло! Кім екен?

-Ернармын!

-Ә, Ернармысың. Мен Талдыбұлақтағы нағашы атаңның туысы Алтайбекпін ғой. Әке-шешең қайда?

-Екеуі де жұмыста.

-Жұмыстағы телефондарын білесің бе?

-Сұрамаппын. Қарындасым білетін сияқты еді.

-Ол қайда?

-Лагерьге кеткен!

-Қап, әттеген-ай,ә!

-Не болды, аға! Маған айта беріңізші!

-Әй, саған не деп айтам? Ана Кәмилаға жүгір. Анасы күрт төмендеп, әл үстінде жатыр де!

Мен трубканы ұстаған күйі мелшиіп тұрып қалыппын. Үстімнен әлдекім мұздай су құйып жібергендей. Көз алдым бұлдырап сала берді. Екі өкпемді қолыма алып, анам істейтін жерге қарай жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келем, жүгіріп келем. Ыршып шыққан ыстық жасқа еге бола алар емеспін. Айнала дүниенің барлығы бұлдыр сағымға айналып кеткендей.

«Ойпырым-ай, тірі болса екен, өліп қалмаса екен!» –деген мазасыз ой бүкіл санамды жаулап алды. Жүгіріп келем, жүгіріп келем... Егер өліп қалса, не істеймін? Көз алдыма ауылға барғанда алдымнан аңқылдай шығып: «Өй, балапаным-ау, кеп қалдың ба?» - деп, бауырына басатын сәті көлбеңдейді. «Төрт қабырғаға қамалып, қағазға шұқшиям деп боп-боз болып, жағың солып қалыпты ғой, жаным-ау», - деп, айран, құрт, қаймақты аузыма үстемелеп тосатын сәттері санама нұрлы сәуле сеуіп өткендей. Құшақтаған сәтте жұп-жұмсақ кеудесінен есетін ерекше бір иісін құшырланып жұта бергім келетіні ше? Енді не етпекпін? Аяулы жаннан
айырылып қалам-ау деген қорқынышты ойды санамның төріне жуытқым-ақ келмейді. Бірақ кеуделей кимелеген күдіктер, аласапыран мазасыз ойлар сана төріне кес-кестей ұмтылып жатты...
ТАҒЫ ДА КЕСТЕЛІ ОРАМАЛ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ «КИЕ» ДЕГЕН СӨЗ ТУРАЛЫ

Міне, сүйікті әжемнің өмірден озғанына да жылдан асыпты. Өткен

айда жылдық асы берілген болатын.

Атам төр алдындағы суретке аз-кем қадала қарап отырды. Жүзіне көңілсіздік көлеңкесі ұялай қалыпты. Содан соң ауыр күрсінді де, көне тартқан кестелі орамалға үш патронды орай бастады. Орнынан ауыр көтеріліп, төргі бөлмеге беттеді.

Мен екеуінің суретіне қайта назар салдым. Бұрын талай көріп, көз үйреніп кеткен сурет қой. Осы жолы, неге екенін қайдам, бойымда оған қайтадан зер салып, қайтадан өзгеше көзбен қарайтындай ықылас-пейіл оянғандай әсерде болдым. Нағашы атамның ұшқын атқан жанары, әдемілеп шалқалата қайырылған толқынды бұйра шашы өзіне соншалықты жарасып-ақ тұр. Ал нағашы әжемнің де ажар-көркі кезінде талайды тамсандырғандай. Қияқтай қасы, пісте мұрыны, оймақтай ауызы, дөңгелек жүзі, төбесіне жарасқылықты етіп түйілген шашы - бәрі көзге ерекше жылы ұшырайды. Сырт көзге екеуі бір-біріне сайма-сай, құп жарасып тұр дегізгендей...

Түнде атам екеуміз даладағы үлкен сәкінің үстіне жаттық.

Атам анда-санда жеңіл қақырынып, қозғалақтап қояды. Мен көпке дейін үндемей жаттым. Күндізгі болған кездесу көкейіме көп жайттарды ұялатып кетті. Соларды сұрақ етіп қоюға бата алмадым.

Бір кезде атам:

-Әй, Ернар, осы сен ұйықтамай жатсың-ау, ә, - деді.

-Ұйықтаған жоқпын. Осы кезде мен батылданып, орайы келген сұрақты қойып үлгердім.

-Ата, әжем екеуіңіз қай жылы үйленгенсіздер? – дедім. Ол кісі мырс етіп күлді.

-Немене, сен тілші болайын деп жүрсің бе?

-Жоқ, ата, бірақ білгеннің зияны жоқ қой.

-Иә, оның да дұрыс. Мен 1946 жылы әскерден біржола босап келдім емес пе. Содан Шымкенттегі оқуымның соңғы курсын іштей аяқтадым. Ауылға келіп мұғалім болдым. Осы ауылдағы мектепке орналастым. Содан қырық жетінші жылы үйлендік. Гүлбаршын әжең де оқу бітіріп келген. Ол да осы ауылдың қызы ғой.Бастауышта сабақ беретін, - деді ақырын ғана. Әңгіменің тиегі енді ағытылғанына қуана бастадым. Атама тақана беріп, мойнынан еркелей құшақтадым да:

-Екеуіңіз бір-бірлеріңізді шын сүйдіңіздер ме? – дедім.

Атам қарқылдап тұрып күлді.

-Әй, баламысың деген. Сұрағының түрін қара, - деп басымнан сипалады.
-Ата, шын айтам, бір-бірлеріңізді өте жақсы көрдіңіздер ме? – деп сұрағымды қайыра қойдым да, іле-шала: -Әлгі жібек кестелі орамалды сізге әжем сыйлаған ба? – дедім. Ол рақаттана күліп:

-Әй, қарай көр, мұны. Сұрақ қойғышын тегі. Е, енді әжең сыйламағанда, кім сыйлады дейсің!? Қырқыншы жылы әскерден елге демалысқа келгенде берген.

-Содан бері сақтап келе жатырсыз ғой?

-Е, сақтамағанда ше! Мен оны көзімнің қарашығындай сақтамасқа

хақым да жоқ. Балам-ау, біле білсең әр заттың өз киесі болады. Тек соны қастерлей білген жөн, - деді атам салмақпен.

-Ата, заттың киесі деген не?- дедім түсініңкіремей.

-Кие деген терең сөз, балам. Мен төрт жыл бойы қан майданның қақ төрінде жүрдім емес пе. Сонда Гүлбаршын әжең берген кестелі ақ жібек орамалды жүрек тұсымдағы төс қалтамнан тастаған емеспін. Кейіннен үш патронды соған орап, сыртын қаптап, құпия қалтамда сақтадым. Жамбасыма снаряд жарықшағы тиіп, үш ай бойы өлім мен өмірдің арасында жаттым ғой. Сол жатқанда да екеуін іздеп, жоғалып кетпеуін дәрігерлерден, сестра қыздардан өтініп сұраумен болатынмын. Обалы нешік, олар тілегімді жерге тастаған емес. Сол сұрапыл күндерде үнемі ішімнен күбірлеп: «Иә, жаратқан, кие тұтқан кестелі орамалым тәніме, жүрегіме ажал оғын дарыта көрме»,- дейтінмін. Әлгі орамалға оралған үш патронның сыртынан сипалап: «Үш кісінің өлімін бойына ұялатқан қорғасын оқтарың суық ұя-оқпандарыңда тып-тыныш жата берсін!» - дейтінмін. Міне, осыны кие деп айтады, балапаным,-деп, маңдайымнан құшырлана иіскеді.

-Мүмкін, менің елге аман келгенім де солардың арқасы болар. Герман соғысын аяқтай салып, Қиыр Шығыстағы жапондармен болған қиянкескі соғысқа да қатысқаным бар ғой, - деді де: -Ал біраз әңгімені еріксіз айтқыздың. Енді жатып ұйықта, - деді басымнан сипап. Содан соң әрі қарай аунап,демалуға ыңғайланды.

  1   2   3


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет