Эссе тақырыбы



жүктеу 65.5 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі65.5 Kb.
ЭССЕ

Тақырыбы: «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы: елімізбен бірге өркендеу»

Орындаған: Шашкенов М.К.

Стратегия және корпоративтік дамыту департаментінің

Стратегия басқармасы

Бас менеджері




Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің

25 жылдығы: елімізбен бірге өркендеу
Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге

шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық

аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан

тәуекел тұғырына қондырып отырды.
                                                                             Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанның орта ғасырлар тарихында XV ғасырдың орны ерекше. Орталық Азияның кең даласын мекен еткен түркі тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық топқа жіктеліп, өздерін “қазақ” деп атаған халық тарих беттерінде пайда болды. Қазақ хандығы құрылуымен Қазақстанның жеке тарихы басталды. Қозыбас деген жерде Қазақ хандығының алғашқы туын тігіп, Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек хан атанады.

Өткен тарихымызды таразыласақ, Қазақ хандығының дамуына үлкен үлес қосқан Хақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абылай хандарды ерекше атап өтуге болады. Бірақ Қазақ хандығының қалыптасуы, басқа елдермен халықаралық қарым-қатынастардың орнауы, бір миллионнан астам халықты тұтас біріктіруі – Қасым ханның есімімен байланысты.

Егемендігін сақтап қалу жолында қанды шайқастарда өзгенің алдында тізе бүкпей, намысты қолдан бермеген қазақ халқы қилы замандарда туған жер алдындағы борыштарын абыроймен орындап шықты. Мысалы, қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығынан кешкен ең ауыр қасіреті Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама ұғымымен байланысты. Жеті жылға созылған жұттан шыққан қазақ елі жоңғар әскерінің басқыншылығына тап болып, атамекен жерін тастап, босқындыққа ұшырай жаздады. Сол кездерде “Елім-ай” атты өлең дүниеге келіп, халық жадында сақталған қасіретті кезеңнің қандай болғанын айқын байқатады.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Елім-ай, Елім-ай.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,

Елім-ай, Елім-ай...


Халқымыздың ар-намысын аяққа баспай, 1726 жылы Әбілқайыр, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Жәнібек және басқа да қол бастаған батырлар жоңғарларға қарсы соққы беріп, Аңырақай даласында үлкен жеңіске жетіп, қазақтар өзінің елдік сипатын сақтай алды.

Қазақ хандығының уақыты тек толассыз шайқастар мен күрестермен сипатталмай, сонымен қатар қалалардың өсуімен, сыртқы саяси және сауда қызметінің үздіксіз күшеюімен, ауыз әдебиетінің және өнердің дамуымен ерекшеленеді. Атап өтсек, казақ хандығының құқықтық жүйесі “Қасым ханның қасқа жолы”, “ Есім ханның ескі жолы”, Әз Тәукенің “Жеті жарғысы” сияқты еңбектер әдеп-ғұрыпқа негізделіп, ауыз әдебиетінің көмегімен атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа нақыл сөздер ретінде таралды.

Сонымен қатар, өз әділдігімен елге әйгілі болған қазақтың атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің даналығы дәстүрді одан әрі жалғастыру, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру және нығайту жолында адал билеріміздің еңбегі зор болатын.

Бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді көзінің қарашығындай сақтап қалу жолында Ресей патшалығымен келіссөздер жүргізіп, жоңғарларға қасық қаны қалғанға дейін төтеп беріп, кең байтақ жерді келесі ұрпақтарға сақтап қалды. Ғасырлар өте келе, қазақ халқы тек тәуелсіздігін ғана жоғалтып қоймай, сонымен қатар өз тілінен, салт-дәстүрінен, тарихынан, дінінен алшақтай бастады.

Еуразияның шетсіз де шексіз даласында халықтың басын қайтадан қосып, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді қалпына келтіру халқымыз үшін армандаған мақсат болды. Ал 1986 жылдың соңында «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың бастауы болды. Міржақып Дулатов жазған “Оян қазақ” атты келесі өлең жолдары жастарға үндеу болды:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамасты.


Ата-бабамыздың арманын іске асыру, басқа елдермен тереземіз тең болу, халқымыздың рухын қайтадан жаңғарту үшін бас көтерген айбынды жігіттер мен қыздардың бұл шеруі шын мәнінде ерлік деп тануымыз қажет. Сол уақытта жастарымыз «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн» болды. Есейген кезімде мен сол кезде алаңға шыққан жастарымыздың ерлігімен шабыттанып, қолыма қалам алып, “Желтоқсанда тудым мен” атты келесі өлең жолдарын Желтоқсан оқиғасына арнадым.
Мен туған мың тоғыз жүз сексен алты,

Желтоқсан оқиғасы болып жатты.

Алматыда басты алаңға жастар шығып,

Ақ қарға тәуелсіздік отын жақты.
Екі күн екі түнді алмастырды,

Қасқайып жауыздарға қандас тұрды.

Жауқазын өңкей өрен ұл мен қыздар,

Ата-баба арманын жалғастырды.
Егемен еліміздің атты таңы,

Өмірге келді елімнің ата заңы.

Тарихтың парағында жазулы тұр,

Жастардың үлкен ерлік жасағаны.
Бақытты еліміз бар Қазақстан,

Жайнайды жігерімен ұл мен қыздар

120 ұлт бір мақсатпен өмір сүрсін,

Соқпасын арамызда ешбір ызғар!



Бүкіл саналы өмірін Қазақ хандығын нығайтуға сарп еткен Абылай хан қайтыс болар алдында Бұқар жырауға өзінің үш арманы жайлы сыр толғайды. Сонда ол: «Менің үш арманым бар. Біріншісі – менің елімнің аспаны қашан да ашық болса екен. Осы уақыт ішінде қан көп төгілді. Екіншісі – халық өз жерінің игілігін әлі толық көре алған жоқ, қала да сала алмады. Үшіншісі – мен өз елімнің басын қоса алмай кетіп барамын», - деген екен. Бүгінгі күні Абылай ханның армандары орындалды десек артық болмас.

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, дүние жүзіне өзінің егеменді ел екенін жариялады. Келісім мен бірлікке негізделген шаңырақтың астында 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде. Еліміздің беделі халықаралық аренада жылдан-жылға өсіп, Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысы ретінде танылуда.

Мен үшін егемендіктің мәні ерекше. Тәуелсіз елде өскен ұрпақтың еркін ойлау қасиеті және рухы әрдайым биік болатыны сөзсіз. Егемендігімізді алғаннан кейін, 1993 жылы қаламызда жаңадан ашылған қазақ лицейінің табалдырығын аттап, ана тілімде оқу мүмкіндігіне ие болдым. Мектебімізде тек қана терең білім берумен шектелмей, ұстаздарымыз Отанға, ана тілімізге, салт-дәстүрімізге, тарихымызға деген сүйіспеншілік, құрмет, мақтаныш сияқты сезімдерді бойымызға сіңіріп, патриоттық сезімімізді нығайтты.

Сонымен қатар, Елбасымыз тағайындаған “Болашақ” халықаралық стипендиясымен Ұлыбритания мемлекетінде магистрлік бағдарлама бойынша халықаралық деңгейде білім алу мүмкіндігіне қол жеткіздім. 90 жылдары болған еліміздің ауыр экономикалық жағдайына қарамастан, Президентіміз жастарға үлкен сенім артып, «Болашақ» бағдарламасын іске асыруына үлкен үлес артқан болатын. Жастары жалын жүректі, намысты, көзінде от ойнаса – ол елдің еңсесі де биік болады. Осындай жастар өз еліне, ұлтына адал қызмет жасап, мемлекеттің көркеюіне бар күш-жігерін жұмсайды. Осы сәтте Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлең жолдары Қазақстанның келешегі тәуелсіз елде туып өскен жастарымыздың қолында екені тағы да бір дәлел болмақ.
Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!
Қазіргі таңда мен Қазақстанның даму банкінің Стратегия басқармасында қызмет атқарамын. Даму Банкі 2001 жылы еліміздің экономикасын әртараптандыру мақсатында құрылған болатын. Қазіргі таңда Банктің қолдауымен шикізат емес секторларында 79 инвестициялық жоба іске қосылып, 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осылайша, менің саналы ғұмырым тәуелсіз елімізде өтуде және халқымыздың өркендеуіне әрбір қазақстандықпен бірге белсенді атсалысып жатырмын.

2016 жылы Қазақстанның тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтуде. “Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес” деген халық даналығы тарихқа жаңа көзқараспен қарап, бастан кешкен тарихымызды бүгінімен байланыстырып, елдігімізді сақтай отыра, алға қадам басу қажет екенін көрсетеді. Сонымен қатар, осындай дүбірлі мерекелер халқымыздың тарихын жан-жақты зерттеуге, елдің рухын көтеруге, жастарымыздың патриоттық сезімін күшейтуге үлкен үлесін тигізеді.



Қазіргі таңда Қазақстан экономикасының дамуы сыртқы факторлардың нашарлауымен ерекшеленеді. Украина төңірегіндегі оқиғалар, өңірдегі геосаяси тұрақсыздықтың ұлғаюы, мұнайдың және металдардың әлемдік бағасының орта мерзімде төмендеуі Қазақстан экспортының төмендеуіне, экономиканың даму қарқынының нашарлауына және 2015 жылдың тамыз айындағы ұлттық валютаның құнсыздануына әкелді. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, қалыптасқан жағдайда елдің егемендігі біздің басты байлығымыз екендігін есімізден шығармай, арамызда түсінісушілік, бірлік, татулық, ынтымақтастық сияқты қасиеттерді танытып, қиындықтарға бір ел болып төтеп беруіміз қажет.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет