Гульмира кобенова, Қр бғМ Ғк мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері аяусыз тағдыр



жүктеу 69.38 Kb.
Дата05.07.2016
өлшемі69.38 Kb.
Гульмира КОБЕНОВА,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері
АЯУСЫЗ ТАҒДЫР
Қазақ халқында «Тағдырың маңдайыңа не жазса соны көресің», - деген сөз бар. Ал тағдыр болса адамды әйел еркегіне қарамастан тәлкекке оңды-солды салатын аяусыз тылсым күш сынды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының аяусыз, қанды азабын тартқан қандастарымыздың тағдыры тылсым күш пе, әлде қолдан жасалған саясат па? Осы сұрақтың жауабын түсіне алмай майданның ортасында қаза тапқан талай ержүрек ағаларымыз бен апайларымыз түсінді ме жоқ па, кім білсін! Шағын мақаламызда осындай тағдыр тәлкегіне аяусыз ұшырап, теңіздің жалмауыз толқындарынан аман есен елімізге қайтып оралған «Қазақ тұтқыны» кітабының авторы Сүлеймен Бекенов жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.

2007 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Аяғанның бас редакциялығымен С. Бекеновтың «Қазақ тұтқыны» атты кітабы жарық көрді. С. Бекеновтың жазғаны Отан тарихнамасында сирек кездесетін жабық тақырыпқа арналған, оқыс ойларымен оқшау тұрған жинақ. Естелікті толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Кітап Сүлеймен ақсақалдың сол сұрапыл соғысты бастан өткергені, өз көзімен көргені, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистік Германияға тұтқынға түскен, кейін партизандық соғысқа араласып елге келгеннен кейін тағдыр тәлкегіне түсіп, сталиндік қуғын-сүргін азабын көрген қазақ жауынгерінің бастан өткерген жайттары баяндалады.

Естелікті жинақ етіп шығару барысында автордың түйген пікірлерін қарапайым жазу машығына да тиіспей, өзі рұқсат еткеніне қарамастан редакцияламай сол қалпында жіберіліпті.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жан түршігерлік азапқа толы адамзат тарихындағы ең ауыр кезең еді. Кеңес Одағы мен Германия арасындағы сұрапыл соғыс адам шығындарының көптігімен тарихта қалды.

Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн. 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды. Оның 850-900-і қаракөз қазақтар болса 5 мыңнан астамы қыз-келіншектер болды. Сталиннің озбыр саясатының кесірінен соғыс басталған алғашқы бірінші айдың өзінде 3,5 млн. совет жауынгері тұтқынға түскен. Нақты мәліметтер осы көрсеткіштің 175 мыңы қазақтар екенін дәлелдейді [1].

Тұтқынға түскен совет солдаттарының, әсіресе 1941 жылғы күз айындағылардың саны өте көп адамды қамтыды. 1991 жылғы деректер бойынша, 3 млн. 900 мың адам, с.с. 4 миллионға жуық совет солдатының неміс тұтқыны болғаны жөнінде мәлімет беріледі. Жалпы соғыс жылдары француз тарихшысы Н. Верттің ақпараты бойынша 6 млн. жуық совет одағының тұрғындары тұтқындық қасіреттің дәмін басынан өткерген [2].


Отандық тарихшылар тұтқынға түскендер мәселесі жөнінде соңғы жылдары қалам тарта бастады. Амантай Кәкеннің, Бахыт Садықова және Гүлжауһар Көкебаеваның монографиялары, неміс және советтік концлагерінен кейін аман қалғандардың естеліктері жарық көрді. Бұл тақырыпты Түркия қазағы, профессор Абдулахап Қара да монографиясында кеңірек зерттеуге талпыныс жасаған [3, 7-8 б.].

Қашанда тұтқиылдан шабуыл жасау қарсыласына үлкен шығын әкеледі. Мысалы, соғыстың тек алғашқы алты айында ғана Кеңес әскерлері 3 млн. 138 мың адамынан айырылды. Осылайша, 1941-1945 жылдар аралығында Кеңес Одағы соғыста жалпы саны 26,6 млн. адамын жоғалтты [7, 485 б.].

Қазақ халқы жетпіс жыл бойы КСРО тұтқыны болды. Оның басы бар да аяғы жоқ әр-түрлі саяси компаниялары, эксперименттері халқымызды орасан зор шығынға ұшыратты. Естелік соғысқа дейінгі кеңестік ұжымдастыру науқанынан басталады. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта халықтың бір үзім нанға зар болғаны, онан кейінгі жаппай кәмпеске-зорлық, үздіксіз қуғын-сүргінмен басталған кеңестік ұлтсыздандыру саясаты бүкпесіз баяндалады. Зұлым саясаттың, ашаршылықтың арқасында ата-анасынан қол үзіп біршама уақыттан кейін бірбеткейлігі мен ұрыншақтығының арқасында әке-шешесін тауып қайта қауышады. Жастайынан үлкендердің жұмысына араласып та, арасында білім алып та үлгеруге тырысқан кішкентай Сүлеймен ерте ер жетті. Ашаршылыққа, босқыншылыққа байланысты мектептер жабылып, отбасымен бірге елден кетіп, оқи алмай қалған болатын. 1937 жылы 5-сыныпқа оқуға түскен кезінде 15 жасар еді. Сүлеймен Бекенов 8 сыныптық мектепті бітірместен Қызылордадағы педтехникумға оқуға түсіп, жұмысын қоса атқарып жүрген шағында 1941 жылы 22 маусымда көшедегі бағаналарда ілулі тұрған рупорлардан И. Сталиннің хабарламасынан Кеңес өкіметіне үлкен қауіп төніп, соғыс басталғанын естиді [4, 45 Б].

Ол 1942 жылы 3 қаңтарда әскери комитетке шақырылды. Елін, жерін қорғауға мыңдаған сарбаздар жан-жақтан жиналды. Осы сарбаздардың қатарына Сүлеймен Бекенов те ілінді. Соғыс басталғаннан кейін комсомол болып «өз еркімен» майданға аттанғандардың қандай жағдайға ұшырағаны, әсіресе орыс тілін білмейтін ортаазиялық жауынгерлердің бейшара күйге түскені ұрыс кезіндегі солдаттың жанталасы, кеңес әскеріндегі біз білмейтін бей-беректсіздік, аштық – барлығын бастан өткізген адамның қаны сорғалаған шындықты боямасыз, болғанды болған деп жазу тым әсерлі, тым ауыр.

Мал таситын тесігі көп вагондармен аязды күндерде жол жүру, тамақтың қауқарсыздығы, киімнің жұқалығы, ұлтқа бөлініп алып төбелесу және басқа да қиыншылықтарды көптеген сарбаздар көтере алмай майдан шебіне жетер жетпестен жолда қырылып жатты. Соғыстың дәл ортасына көмектің келмеуі, мыңдаған солдаттарды қиын-қыстауда әскерін тастай қашатын генералдар, тамақтың тапшылығы, шығынға шамадан тыс ұшырау, адам өлімінің көптігі сияқты катерлерден С. Бекенов аман қалғандардың бірі болды.

Ағамыз бұл соғыста талай рет ерлік көрсете білген азамат. С. Бекеновтың көрген қияметін соғысқа кеткен бар қазақ ұл-қыздары басынан өткерген. Миллиондаған кеңестік мүскіндер Германияға итқорлықта айдалып, еріккен неміс солдаттарының ермегіне айналып, әр-түрлі қинау, жазалау, мәжбүрлеу саяқты азаптардан өтті. Тіпті аштықтан өліп қалмас үшін қатты шөлдеген адамдар адам зәрісімен араласқан жаңбыр суын ішіп, өлген малдардың тұяғына дейін кеміруге мәжбүр болған. Бұл ретте де көрер жарығы болар аман қалып, жолдастарымен қашып құтылды. Немістерден қашып құтылса да азап бітпеді, керісінше ең сорақысы басталды. Соғыс бітіп, осынша зорлықтан кейін елге қайтамын деген көкірегінде үміт оты оянғандардың бар үміті Сібірдегі НКВД қармағында үзілді. Бәрінен де өз елінің қорлығын көтере алмаған талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншамасы Кеңес концлагерінде із-түзсіз кетті. «Бүйткенше өлгенім жақсы еді ғой» деп бірнеше рет оқталғанымен дәті жетпегенін жазады. Сондағы өмір сүруге деген сенімді ауылдағы анасы мен бауырлары ұялатты. Ал «елі, жұрты не дейді» деген намыстың күшімен жанталасып ажал аузынан аман қалуға тура келді. Сүлеймен ақсақал өзі жазғандай: «Соғыс неге керек, неге кінәсіз бірін-бірі танымайтын, қастандығы жоқ адамдар біріне-бірі жау болып қырылысып жатыр» деген ойлар көп оралады. Бұл өте орынды, жүректен шыққан қарапайым әрбір жауынгердің ойы болатын [4,5].

Білім алуының арқасында НКВД қармағында жүріп геология саласында оқу оқып, 15 жыл бойы өзге елде жұмыс атқарып жүрген шағында отбасымен туған еліне оралады.

Автордың «Шырақтарым, өзімді-өзім қазақ тұтқыны дегенім қалай болар екен» дегеніне қарамастан естеліктің атын редакция алқасы «Қазақ тұтқыны» деп қойыпты. Өйткені, бұл естелікте Сүлеймен ағамен тағдырлас мыңдаған қазақ азаматтарының айта алмай кеткен шері, мұңы жатыр. КСРО қазақ үшін жат мемлекет, халық үшін оның пайдасынан зияны мол болды. Осыны ХХ ғасырдың тарихы дәлелдейді [5, 8 б.]. Ал осы сұрапыл соғыстың басқа көлеңкелі қыры майданда тұтқынға түскен әскерлер мен адамдар тағдыры жабулы қазан күйінде жатқан талай ерліктің беті ашыларына кім кепіл...

Майдандарда қаза тапқандардың қатарында, 1996 жылғы қыркүйек айындағы деректер бойынша 602 939 қазақстандықтар бар. Өкінішке қарай бұл цифр түпкілікті емес, өйткені мұрағаттардан соғыста құрбан болған біздің отандастарымыздың жаңа есімдері белгілі болуда. Олардың сүйектері бұрынғы шайқас алаңдарынан да табылуда. Соғыс жылдарында армия әскер құрамының есебін алу, әсіресе ұлты, туған жері, және әскерге шақырылған жерін тіркеуде көп кемшіліктер жіберілгенін атап өту керек. Сондықтан республиканың әскери қызметшілерінің ұлты бойынша шығындары туралы мәліметтер әлі шала. Атап айтқанда осы деректер бойынша 130 мың қазақ қаза тапқан, соның ішінде Қазақстаннан шақырылғандар 97,5 мың адам, бұған кейбір зерттеушілер күмән келтіреді. Сондықтан мәселені қосымша зерделеу қажеттілігі туындайды [7, 485 б.].

Ел Президенті Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, қазіргі таңда «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасы әзірленді.  Еліміздің тарихын жаңаша бағытта зерделеу мәселесі қолға алынды. Оның ішінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қатысқанның орны мен рөлі» Отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу обьектісіне айналып отыр.



Мінекей, бұл Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қанды азап шеккен бір адамның тағдыры. Соғыстан аман-есен оралып, осы кітапты барша қауымға арнап жазған Сүлеймен ақсақалға үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Өйткені бұл бір адамның емес миллиондаған адамдардың шындығы, тағдыры. Кітапты оқып отырып, жан түршігерлік қанды азаптарға толы аяусыз тағдырларды көз алдыңа елестетіп, Тәуелсіз Қазақстанның төрінде өмір сүріп жатқанымызға «шүкір» деп айтпау мүмкін емес. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл-әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол - сабақтың түйіні біреу ғана - Мәңгілік Ел біздің қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек [6, 1-3 б.].

Әдебиеттер:

  1. Екiншi дүниежүзілік соғыс және қазақ // http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=51&CURENT=&ARTICLE=1962


  2. Верт Н. История советского государства. 1900-1991. М., 1992. -.281.

  3. Тәуелсіздікке түскен тағдырлар // Егемен Қазақстан. – 2014. – 25 маусым. - № 123
  4. С. Бекенов Қазақ тұтқыны / Бас ред. Б. Аяған. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2007. - 256 б.

  5. Соғыс кітабының ашылмаған беттері // Астана ақшамы. - 2013. - 9 мамыр. - № 22

  6. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, мір болашақ» // Айқын. - 2014. - 18 қаңтар. - № 7 (2401)

  7. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 752 б.





: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет