Исатай Кенжалиев



жүктеу 2.53 Mb.
бет6/13
Дата30.06.2016
өлшемі2.53 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

б) Ішкі тараптың қалыптасуы



Еділ мен Жайық өзендері аралығында 30 млн. десятина даланың бір бөлігіне Байұлы тайпасы ауылдары көшіп келіп, орнығуының күрделі тарихы бар. Бөтен елді шауып, талап, тоздырған қалмақтар ХҮІІІ-ғ-да өзі солардың кебін киді, Ресейге бодан болып, Еділ мен Жайық аралығына патша әмірімен араласты. Патша чиновниктері, Астрахан, Орал казактары күн көрсетпеуі, малы мен жанына ие болудан қалады. Ақыры 1770ж. күзде қалмақтар көп толғаныс пен дайындықтан кейін Жайық өтіп, Қытай еліне бармақ болады. Қыста Кіші жүз тұрғындары қыстауына орнығып, жылы орнынан қозғала алмайды деп есептеп Көкпекті даласына қарай екпіндей көшеді. Бұған дейін қазақтар ХҮІІІ-ғ. ортасынан қалмақтар мен байланысы болмаған. 1771 ж. удере көшкен 70 мың шаңырақ қалмақты қазақтар қызына қуып, көп ауылдарын быт-шыт қылып, мал жандарын олжалайды. Біз бұл мәлімет Мақамбет тегін анықтауға қажет болғасын ежіктеп отырмыз. Еділ мен Жайық аралығы иесіз қалды. Тасқала, Семиглавыймар, Қабыршақты жағына ОКӘ ие бола кетті. Ресей мал өнімдері рыногінен айырылды. Тек Еділ 25 мың шаңырақ Хошоуттар қалды. Біз Кіші жүздің жер бетін, шаруашылық, кей саяси жағдайын жоғарыда қысқаша шолып өттік. Қазақтың негізгі шаруашылығы – мал өсіру, ал қоныс салып, егіншілік пен айналысып, сауда қыздыруға империя жол бермеді дедік. Үкіметі әлсіз, дәрменсіз болып елдегі барымтаны да тыя алмай шайқалған шаруаны шаша берді. Бұған жер тапшылығы, барының құнарсыздығы қосылып, қазақ аса қиын күйзеліске ұшырап, балаларын асырай алмай құлдыққа сатуға дейін барды. Мал өсіру табиғат тәлкегіне ұшырап, жұрттан құтылмады. Мал өсіру жұмыс қолын көп талап етпейді, өнімі жанұя қажетін өтемейді. Мал санын көбейту үшін, жұмыс тауып, қоныстану, егін салу үшін Орынбор әкмшілігімен Орал казак әскері тепкісінен құтылу қажет болады. Қысылтаяңға ұшыраған шаруалар өзінің атамекеніне – Еділ мен Жайық аралығына көшуді армандап, ол қозғалысқа айналады. Нарынға көшу қозғалысы Н.Г.Аполлова ХҮІІІ-ғ. ортасында басталды дейді. Сырым көтерілісінің бір талабы осы болады. Бұл ұзақ әңгіме. Бос жерге қазақтардың көшіп келгені Ресейге де тиімді еді, арзанға жақыннан мал өнімдерін сатып, өзінің нашар өнеркәсіп, қолөнері товарларын қымбатқа сататын рыногі болар еді. Содан Астрахан, Саратов, Самара губернияларының басшылары қазақтардың көшіп келуіне мүдделі болып, Үкіметке құлаққағыс жасаған. Астрахан Бөкей сұлтанды өз ықпалына көшіргісі келеді. Кіші жүздегі хан кеңесінің төрағасы Бөкей Нұралыұлы ел мұқтажын өз мүддесіне пайдаланып Астрахан басшылығымен байланысып, 1799ж. патшаға өз қарауындағы қазақтармен Еділ-Жайық аралығына қоныстанып, мәңгі патша қарауында болғысы келетінін, мал ұстап, қоныс салуға ұлықсат сұрап, өтініш жазады. Үкіметке де керегі осы еді. Губернаторлардың пікіріне сай, патша жалмажан, 1801ж. 11-наурызда Сұлтан Бөкей Нұралиевті қарамағындағы киргиздарымен (қазақ И.К.) өз иелігіме қабылдаймын және оған екі өзен аралығында, Қара, Сары өзендерден Каспий жағалауына дейін жайлап, “қоныс салуына ұлықсат етемін” деп жарлық жазады. Айта кетейік, Бөкей патша әкімдерімен сөйлесуінде жаңа қоныста қазақтардың үй салып, қоныс тұрғызу құқын талап еткен. Орынбор губернаторы, Орал әскері қазақтың үй салып, қалаларын қайта тұрғызуына, егін егуіне тиым салып, қудалап шаруашылыққа зиян келтіріп, сауданы да тежеп, күнелтіс көзін шегергені белгілі. Ресей тұрғындарының мүддесін ойлаған патша үкіметі әдеттегідей мәселені созбалаңға салмай тез шешіп, қазақтың қалаған жерде қоныс салуына келіседі.

Кіші жүз қазақтарының Еділ-Жайық аралығына көшуге ұмтылуының басты бір себебі – бұл алқап қазақтың атамекені, ХҮІІ – ғ. өмір сүрген Шеркепті деген жырау ноғаймен қазақтың айырылысқанына жылап, Еділ-Жайық арасы қалың қазақ жайлаған жер деп өлеңінде айтқан. Қай уақытта да қазіргі кезеңдегі қоғамда қалыптасқан саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайды (ситуация) дәл және толық анықтау зерттеушіге тым қиын, іздену жұмысы көп, әрі саяси-теориялық білік терең болуы керек. Содан болар, соңғы жылдары әдебиетшілер, кей тарихшылар аса шиеленісті ХҮІІІ-ғ. аяғымен ХІХ ғ. 1-жартысындағы Кіші жүз бен Бөкейліктің тарихын тереңірек зерттеуден қашқақтап, өткір, не күрделі мәселені айналып өтіп, ұсақ-түйектің төңірегінде әңгіме қозғап, үстірт, шала сауатты тұжырым жасауға әуестенуде. Бөкей ордасы жөнінде мол тарихи әдебиетті Алматы, Астанада тұрып пайдаланбайтыны өкінішті. Тіпті кей тарихшы да ағымға ілесіп, ғылымнан қол үзіп, дәлелсіз пікір жазып жүр. Сондықтан біз ғылымда белгілі жәйді қайталауға не тәптештеуге мәжбүрміз. Сондайдың бірі – Байұлы тайпасының 12 атасының жарым жартысының, Жетіру тайпасының 4 руының кей ауылдарының (300 шаңырақ) Еділ-Жайық аралығына 1801ж. қазан айында сұлтан Бөкей Нұралиевтің бастауымен өте бастауы. Алғашында 5001 шаңырақ 22755 адам көшіп келген. Атырау қаласында тұрған Қанатқали кәрия: Бөкей сұлтан қарауындағыларға: менің арбамның ізімен ілесе беріңдер, - деп тең із жағалап, Еділге қарай жүре беріпті. Т.Шамшиденов кәрия; Бөкей Ақсарай жағына келіп, одан иесіз жатқан Сары өзен, Тарғын (Торгун) жағына келген дейді. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданының тұрғындары: Бөкей Сары өзенінің шығыс жағалауына өтіп, “Жақсыбай” тұрағы тұсынан қоныс салып, ол “Бөкей Жаңақаласы” деп аталған, қазір Саратовтың “Петропавловка селосы”, - дейді. Бұны сол жақтың тұрғындары, көрші Казталовка ауданы да растайды. Бұл да, басқа жерде де Бөкейдің ордасы болды, қоныс салды деуі рас болар. Өйткені бұл жаққа көшіп келгенмен орнығу өте қиын. Қазақтар келгесін иесіз аралыққа таласушылар көбейген. Әуелі Бөкей Ақсарай тұсын алып еді, талас шықты, айтыс Астарахан басшыларына дейін барған. Онымен қатар, Еділдің сағасында Қондрау татарлары (Қарашай), Қиғаш пен Жайыққа (Кіші) дейін иелене бастаған. Бұлар жөнінде Бөкейдің губернаторларға, Үкіметке жазған шағымдары бар. (30). Талас ұзай берген. Дегенмен келген Алаша руы мен Ноғай-қазақ жұртын (4 ру сілемі. Қояс, үйсін, қазаққұлақ, Қостаңбалы – ертедегі “он сан Оймауыттың 4 руының қалдығы”). Сары өзеннің екі жағалауына, Байбақты руы ауылдарын Қара өзенге, Беріш, Тана, Адай т.б. рулар ауылдарын Самар көлдері мен Нарынның шығысына, Теңіз жағалауына орналастырған. Бірақ тыныштық қапелімде орнай қоймады. Орал казак әскері Сары өзен мен Қара өзен біздің жер деп, 1813ж. қазақтарды күшпен қуып шықты. Теңіз жағалауына балық аулауға ғана ұлықсат алған Безбородко, Юсупов, Багратион деген помещиктер орналасып алып, жағалай маяк қойып “жер біздікі”, -деп қазақты қыстауына жолатпай қояды. Бұдан келіп жер тапшылығы шықты. Бөкей сұлтан бұл зорлыққа қарсы батыл күресті, бірақ Ресей әкімшілігі орыс помещиктері мен Орал әскерінің заңсыз қимылдарына үнсіз қалады. Онымен қоймай, Нарын құмына қазақты жібермей қояды. Қазақ 1804ж. жөңкіліп кері, орысша айтқанда “Жайықтың сыртына” яғни шығысына бұрынғы орнына көшеді. Үкімет амалсыз 1808ж. қазақты Нарын құмына қоныстануға ұлықсат береді. Өтепберген Арыстанбаев – (Құрманғазының атасы) бастаған Қызылқұрт руы ауылдары бұрынғы орны – Жиделі құмына, Бектөбе жағына орнығады. Ауылдардың көбі 10-20 шаңырақтан бір-бірінен қашық орнығады. Мысалы, Алаша, Беріш, Адай руларының ауылдары Қиғаш өзені жағында, Нарында, Сары өзен, Самарда т.б. жерлерде орнығады. Байбақты, Есентемір, Ысық, Тама, Табын, Таз, Жаппас рулары осылай шашыраңқы орналасқан. Бұл басқару, бақылау, қатынас істеріне қиын болады. Бірақ рулық басқару сақталды. Рубасылары Нұралы, Есім ханның балалары Шығай, Артығалы, Бекқали, Жаналы, Жарас, Шотқара, Шөке, Есімнің Сары, Қара деген ұлдары т.б. болды. Ру бөлімдері (аталары) де көбіне сұлтандар Шонжар (родовая знать) дегеніміз осылар. Қара қазақтан Шеркеште Тұрманбет би, Ноғай – қазақта Нияз болды. Бұл алап 1828 жылға дейін “Меньшая Киргиз – кайсацкая Орда” деп ресми аталды, ол Бөкей осы “Орданың” билеушісі – правитель деп аталады. 1811 ж. Үкімет Бөкей тілегін орындап, 1811ж. “хан” лауазымын береді, 1812ж. Текеде “хан тоғайында” оның таққа отыру рәсімі болады.

Самар-Нарын даласына көшудің 3-ші себебі – Орал казак әскері озбырлығынан құтылу еді. Егерде Ішкі тарап Астрахан губернаторына бағындырылса ол үміт ақталар еді. Бірақ Үкімет Ішкі тарапта Орынбор шекара комиссиясының (ӨШК) қарамағында қалдырды, ол губернаторға бағынды. Орал казак әскері (ОКӘ) негізгі бақылаушы, жазалаушы күш болып қала берді, бірақ бұрынғыдай әскери команда шығып, ел талауы сиреді. Өйткені Үкімет Ішкі тарап адамына Астрахан мен қатынасып, шағым беру құқын берді. Астрахан “тараптағы” жағдайды Үкіметке тікелей мәлемдеп отырды. Бұл Орынбор басшыларының бейбастықтығына тұсау болды. Сонда ОКӘ-ң зияны тоқтай қоймады. Тараптағылар кері Жайық сыртына өте алмай, ұсталып, ОКӘ-не жем болды. Бұл қасіретті көбейтті. Тарапта барымта да азайды, тек сұлтандар, билер, жоғарыда айтқандай, Өтеміс ауылына заңсыз сорақы талау жасау жалғасады. Ресей тұрғындарымен дау орыс заң орнымен қазақ депутатының (өкілінің) қатысуымен шешіледі. Ода отарлық сипатталды. Қазақ ешқандай саяси құқы болмады, Ресейге кіргізбеді, барса ұстап, каторгаға айдады. Нарынға қоныс аударудың тағы себебі – тыныш, бейбіт жағдайда орнығып, мекен салып, шаруашылықпен айналысу еді. Кешікпей әр жерде үй салу, қора-жай пайда бола бастады, оған орманның көптігі әсер етті. Тарапта Манаш, Жанбай, Толыбай, Жақсыбай, Мереке, Дүйсе, Теректі, Жасқұс, Бөкей Жаңақаласы, Қарасу (Таловка), Қарақамыс т.б. тұрақтар пайда болды. Ағаш үй, тас үй, жер кепе салу көбейген. ОШК қызметкері А.Кузнецов Сары, Қара өзендер өңірінде 3000-дай қыстау болды деп жазады. Үй санының бұлай өсуіне Жәңгірде таң қалған.

Азда болса тыныштық орнауы халық санын көбейтеді. 1814 жылы тарапта 8500 шаңырақ болған. Тарапта әуелі 10 млн. десятина жер болған, оны 4 млн-ға дейін азайтып еді, сосын 52 мыңға өсірді. Жер беті тек мал өсіруге ғана қолайлы. Егіншілікке жол бермеді. Еділ-Жайық аралығындағы қалмақ, татар, орыс т.б. малды қора-жайлы бар, жайылым, шабындығы мол жерде отырса да көбейте алмады. Қатал табиғатқа піскен қазақ мал баға, өсіре білетіндігін көрсетіп, көршілерін таң қалдырды. 1814ж. 6-шілдеде Бөкей хан мәліметі бойынша 63332 бас түйе, 41242 бас жылқы, 1.385.506 бас қой, 14066 ешкі, мүйізді мал 16.602 бас, бәрі – 2.927.237 бас (31:5). Бұл құмды, сортаң, шалғынды, қамысты жерді ұтымды пайдаланғанның, маусымды кезеңді ескерудің нәтижесі.

Ағаш, өсімдік түрлерінің көптігі тұрмысқа, шаруашылыққа қажетті құрал, жабдық, үй іші ұйымдарын т.б. жасауға мүмкіндік береді. Арбаның бірнеше түрін, құмға батпайтын жалпақ тоғыңды, жуан күпшекті құм арбасы, жеңіл қатқылдың арбасы, кебеже, күбі, ыдыс-аяқ, киіз қап, шабадан, үлдірік, ағаш төсек, т.б. жасаған. Соңғы екеуінің қайта шығуы тыныштық белгісі. Зергерлік, ұсталық, қайыс бұйымдар өз алдына бір төбе. Авторлар қазақ кәсібін, тұрмысын аздап болса да нақты жаза алмайды. Ал жастарымыз оқулықтан тиісті түсінік ала алмай жүргесін кейбір жайды хаттап отырмыз. Мысалы, сабынды қайдан алады? Сор жағаларында болатын көкпек, таспақара, алабота т.б. шөптерді шауып алып, кептіріп, бір жерге өртеп, күлін суға қайнатып, май құйып “сақар сабын жасайды” екен. Немесе ермен шөп тек Нарында өсіпті, оны қайнатып, сөлін тері иелеуге пайдаланып, былғары жасапты, Ши деген Нарында ғана көп екен, одан тұрмысқа керек көп нәрсе істепті. Оны тоқып, киіз астына төсесе ызғар, дымқыл өтпейді. Оны “Шытпа” депті, ол киіз басуға да, не піскен тарыны сүзіп, елеуге де пайдаланады. Ағаш, зергер, қайыс, былғары, ши бұйымдарын базарға да шығарыпты. Етікші, тігінші, үйші, ұста, ерші, зергер, ұста мамандары көбейеді. Базардан темір, көмір, қаңылтыр, балта, балға, күміс, алтын т.б. әкеліп неше түрлі құрал, сайман, әшекей, міну-жегу құралдарын істеген. Қазақ ұсталары шүріппелі мылтық, оқдәрі, бытыра, қылыш, қанжар, орақ, пышақ, шелек, құман, леген т.б. метал бұйымдарын жасай білген. Осылай тізе беруге болады, тек архив қағаздарын ерінбей қарап, зерделей берсең қазақ тұрмысы мен өнерінің байлығын көресің. Тізімдері бар. Бұның бәрі қазақ ежелгі кәсібін жандандырып, тұрмысын қапеліне келтіре бастағанын көрсетеді.



Нарынға келудің бір себебі – сырт елмен байланыс жасап, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Қырым, Түркия т.б. байланыс орнатып, сауда жасау еді. Бұратанаға енімсіз қарайтын, оның еркіндігін жаратпайтын Империя қазақтың өзінен басқа елмен араласуына жол бермеді. Кіші жүзге Орта Азия мен байланысу, сауда жасау аса бейнетті, қатерлі еді, амалсыз империя шек арасына жақындады, бұ да қауіпті ісі еді. Ресей өзі, үшін сауданы дамытуға ұмтылды. Алдымен ОКӘ-рі алып сатарлықпен шұғылданып, “мырғамға батты” байыды. Шекарада базарлар, жәрмеңкелер ашылды, іргелес губерниялардан купецтер ағылды. Сұлтандар, байлар саудамен айналысты. Бөкей, Сыңғай әр базарда өз бодақчейі (сатып алушы) болып, ұлықсатпен астық, мата, құрал т.б. сатып алып, елге әкелді, оны қожайын ауылға сатты. Сауда көлемі ұлғая берді. Мысалы, Бөкейдің 6.07.1814ж. мәліметінше сол жылы 42242 бас жылқы, 16.602 бас мүйізді мал, 277100 бас қой, 91442 бас ешкі болған. Сонда 348710 бас мал, (мал майы, түбіт, тері, жүн, оң терісі, сүйектен істелген бұйым. Зергерлік бұйымдар т.б. сатылған. ( :5) Бұл тым көп. Халықтың негізгі кәсібі мал өсіру, соны сатып азық алды, киінді, шаруа, үй жабдықтарын жиды. Империя сауда бағытын, жолын тараптың ішіне ендіруді көздеді. Шөпшағыл (Чапчачи), ұялыда 1820ж. базар ашылу қолға алуды губернатор жүктеді. ОШК қызметкері Кузнецов осы жылдары сауданың Ішкі тарапта ІІ бағыты, жолы барын жазады. Сауда 1. Өзен әскери линиясы тұрғындарымен. 2. Орал әскер линиясының төменгі тұсымен, 3. Астрахан маңында қалмақ базары. 4. Еділ сағасында. 5. Элтон көлі маңында. 6. Қара өзенде Шортанды жәрмеңкесі. 7. Чижа, Дүре линиясы. 8. Көшім кордондары. 9. Жасқұста, 1827ж. күзде 3000 четверть астық, түрлі товар, қарбыз, алма т.б. сатылған, базар өзінен-өзі, стихиялы басталған. ( :293). 10. Ішкі тарапқа орыс купецтері келіп, малды ақшаға сатып алған. 11. Ұялы мен Шөпшағылда маусымды базар болған. Қазақтар малдарын, Ресей жеріне айдап барыпта, сататын болған (33:294). Қазақтар 2 млн. сомнан арта сауда жасаған. Қазақ саудагерлері көбейген. Бірақ, егін егу, шөп шабу саяси жағдайдың әлі де сенімсіздігінен кең өріс алмаған. Дегенмен пішен дайындау аз мөлшерде болғанымен жаппай жүргізілген. Жалпақталда Ж.Жантелин күніне 60 тиын төлеп, шаптырған. Шөп шабу Жиделі, Бекетай, Тана т.б. құмда да болған. Бұның бәрі мал, жанның өсуіне келтірген. Н.Шығайдың 1819ж. 8-қарашада Астрахан губернаторіне берген мәліметінде Ішкі тарапта 13762 шаңырақ, онда 68810 ерекек, 72788 әйел тұрған, 110736 бас түйе, 650765 жылқы, 235.856 мүйізді мал, 3.985.707 қой, 127442 бас ешкі болған ( :4). Бұл бұрын белгісіз, жаңа дерек. Қазаққа тау кен өндірісі мен айналысуына жол берілмеді. Басқұншақ, Азғыр, Элтон т.б. тұзды көлдерден тұз алуға болмады. Бөкейліктер аң аулады. Аң түрі көп болды дедік. Аң терісін базарда сатты. Аң аулау негізінен хан, сұлтандар мен орыс чиновниктерінің үлесі болған. Тағы құлан, тарпаң, киік, қабан т.б. аңдарды аяусыз аулап, алдыңғы екеуінің ұрғынын құрта келген. Өзен, көлдерден балық аулатпаған. Қазақ амалсыз мал өсірумен айналысқан.

Ішкі тарапта мәдениет, әдебиет, өнер, оқу ісінде біртіндеп қалпіне келе берген. Асанқайғы, Қазтуған, Шалгез, Доспамбет шығармалары сақталып, ел оларды өнеге тұтып, ХХ-ғ-да баспаға берілген. Сыпыра жырау, Жиренше шешен сөздеріне Сырым шешен т.б. туындылары қосылып, сақталған. Сөз шеберлері өскен. Мақамбет, Ұзақ, Құрманғазы т.б. осылардан сусындап, күй өнерін дамытқан. Оқу ісі де дамыған. Әр ауылда біреу де болса мұсылманша оқыту болған, жекенің үйдегі мектебінде Мақамбет, Жәңгір, Тоқтамыс т.б. 4 тілді меңгерген. Ресей полковнигі Ф.Берг 1824ж. Кіші жүзде, Бөкейлікте болып, Жәңгірдің Теке қаласында таққа отыру рәсіміне қатысып, жас сұлтандармен билер орысша сөйлейтінін жазады ( : ). Тіл білу – тұрмыс талабы, ол бірер жылда игерілмейді.



Сонымен, Ішкі тарап, орысша “Меньшая Киргиз-Кайсацкая Орда” ХІХғ-ң 1-ші ширегінде Кіші жүздің бір тарабы ретінде ата жұртында қалыптасып, дамуына мүмкіндік іздеді. Аталмыш кезең бұл алқапта жер бетінің қолайлылығы мен халқының еңбекқорлығы, төзімділігі арқасында шаруасының дамуына шарықтау шегіне жетті. Шығай сұлтан мәлімдеуінше 1820ж. Ішкі тарапта 06 млн. бас мал болған. Бұл аса көп. Бұдан кейін мал саны түрлі себептен, әсіресе Жәңгір кезінде күрт кеміген. Адам саны 140 мың жан. Сауда айналымы 2 млн. сомнан асқан. Ақша айналымы өсіп, бұрынғы парсы мәнеті қалып, орыс рублі келді. Қазақ саудагері көбейді. Полковник Ф.Берг қазақ саудагерінің саудаға белсене араласатынын, оларды купец гильдиясының 2-ші, тіпті 1-ші гильдиясына кіргенін жазған ( : ). Тұрмыс жөнделе берген. Содан аталарымыз: “Хан Бөкейдің тұсында, Секер шайнап бал іштік…” – деуі бекер емес. (37:12)

ЇЇ – ТАРАУ.
Кіші жүз бен Бөкейліктің қоғамдық өміріне шолу.

§1. Мақамбет өскен даладағы қоғамдық өмір туралы. ХІХ-ғ.
Мақамбет дүниеге келгеннен кейін 1804 жылы Өтеміс Құлмәлі ұлы Астрахан отаршыларынан қашып, Алшын, не Қыпшақ даласына қарай көшіп келеді. Бұдан келесі жылдары Нарынға көшіп келуі бимәлім. Тек 1808ж. қарашада Өтеміс көп малмен Нарынға көшкені белгілі. 1811ж. Өтеміс Тайсойған жағында. Бұдан көретініміз Мақамбеттің балалық шағының көбі “Борсан” жағында, яғни Қыпшақ даласында өткені. Өтемістің әрлі-берлі Жайықтан өте беруі – Кіші жүздегі саяси жағдайдың шиеленістігі мен шаруаға жағдайдың қолайсыздығынан болған. Мақамбет жас шағы Қыпшақ даласындағы құйтырқы өмір ортасында өтіп, оның дүниеге көзқарасының қалыптасуына ықпал жасаған. Мақамбеттегі өжеттік, жауынгерлік, патриоттық рухтың қалыптасуы сол кездегі Кіші жүздегі “бітпейтін” арпалыстың ішінде өтеді.

Совет тарихшылары патшалық отаршыл идеологияның сандырағын жалғастырып, империялық сананы қалыптастыру мақсатында Қазақстанның Ресейге қосылуы прогрессивті құбылыс болды, Ресей қазақ қоғамына жағымды, жақсы ықпал жасады деп келді. Қоғамдық дамуда артта қалған, саяси-экономикалық жағынан мешеу, патшалық билік пен крепостнойлық құрылыс шеңгелінен босана алмай жүрген. Ресейдің әскери-феодалдық агрессияшыл мемлекеті қазақ қоғамына қандай жағымды ықпал, тиімді пайда келтірсін. ХҮІІІ-ғ-да оны одан әрі жалғастырады. Ең алдымен Қыпшақ даласын “қазына жері” деп жариялап, оған жергілікті патша әкімшілігі қожалық етеді. Екатерина-2-ші бұл өңірде толық билік жүргізу үшін қарулы күшті көрсету мен қатар қазақтың сұлтандары мен билерін өз жағына шығарып әлеуметтік тірек жасау үшін оларды сыпайы, мейірімді қабылдап, сөйлесіп әлсін-әлі шен-шекпен, медаль беріп, Абай айтқандай, “Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шенді шекпен жапқанға” болады. Сұлтандарға, билерге шұрайлы жайылыс, суат бөліп, шекараға жақын қоныстандырады. Патшаға, орысқа жағынған байларға, молда хожаларғада сенім артып, жайлы ер бөліп, көбін ауыл биі, не тыңшы етіп пайдаланады. ХІХ ғ-да бұл шаралар жалғасады. Қазақ “жарты патша” деп аталған патша губернаторлары Кіші жүзді Ресейдің сапасы нашар өнеркәсіп товарының рыногіне айналдырып, Алшын жұртын тек тал өсіретін, мал, мал өнімдерін тек Ресейге сататын мәңгі көшпелі елге айналдырмақ болады. М.Вяткин Орынбордың 1-ші губернаторы И.Неплюев қазақты жер бетінен жойып жібермек ойы болғанын жазады (1). Ресейдің отарлау саясаты қиын, ұзақ әңгіме, оны қысқаша келесі тарауда баяндармыз. Патша отарлауды идеологиялық жұмыспен қабыстырды. Екатерина 2-ші қазақты рухани отарлаудың шараларын көрсетті. Ол 1786 ж. 12 қарашадағы губернаторға жазған жарлығында Кіші жүзге Орта Азия молдаларының ықпалынан сақтанып, Қыпшақта мешіт салуды, мұсылман мектебін ашуды жүктеп, оларға Ресейде дайындалған және патшаға берілген молдаларды тағайындауды жүктеді. Бұны қамқорлық деп уағыздады. Содан әр жерде мешіт пайда болды, оларда Ресейден арнайы әзірліктен өткен татар, башқұрт молдалары жұмыс істеді. Бұлардың міндеті араб, парсы, татар тілдерімен Ислам қағидасын оқыта отырып, Ресейдің қуаттылығы мен жарқылын (блеск) таныстырып, қазақтарды патша ағзамға шын берілген рухта тәрбиелеу, Қаразым, Бұқар ықпалынан аластату болады. Бұған қоса жас сұлтан, билерді орыс тіліне үйрету еді. Сөйтіп, қазақтың ежелгі жазуы, түркі-шағатай тілдерін бұқарадан алшақтатып, арасына сына сала бастады. Араб, парсы мәдениетімен жазуына шек келтіріп, тежеп, өз мәдениетінің артықшылығын көрсете бастады, бірақ асықпады. Содан ХІХ-ғ. басында Кіші жүзде орыс тілін білетін, орысша жазатын сұлтандар, билер көрінді. Сондайдың бірі Нұралы ханның ұлы майор Артығалы, хожа Қарауыл Бабажанов – хорунжий, төлеңгіт Мұрат Палуанқұлов – хоружий, саудагерлер, приказщиктер т.б. саяси салада біртіндеп билігін күшейте берді, Ресеймен дұрыс қатынас жасап, елдің тәуелсіздігін сақтай алмаған. Шыңғыс тұқымына халықтың наразылығы өршіп, хан өкіметі басқарудың саяси түрі ретінде азып-тозғанына көзі жеткен бұқара Сырым бастаған көтерілісті туғызып, хандық билеуді жойды. Елді “маслихат” (кеңес) деген коллективтік орын басқаратын болған. Бірақ, бұл патша өкіметіне тиімсіз екен. Содан 1791ж. хан билеу жүйесін қайта құрып, Айшуақ Нұралыұлын хан етіп қойды. Бұдан былай ханды патша үкіметі тағайындады. Кейбір автор Кіші жүздің Ресейге бодан болғанын жасырып, отаршылдығын Н.Г.Аполлова, Т.Ерофеева т.б. “протекторат” деп түсіндіруге тырысады. Ал, сонда Ресей қандай мәселеден протекция жасады? Ешқандай. Өзі қазақ елін өз иелігім деп қопси тұрып, қалмақтың, не Бұқар, Қаразым (Ресми құжаттарда орыстар Хиуа хандығы деген, ел өзін “Қаразым”, патшасын, “шах” деп жазған. Қараңыз: Өзбек респ. Мемл.архиві 125 қор т.б.) шапқыншылығынан қорғамаған, тіпті ескертпеген.

Айшуақ хан жасы жеткен адам, ел билеу ісінде біліктілік, не қамқорлық жасай алмады. Патша Александрге казактардың ел талауын шағылданып еді, патша өз қарауыңдағылар Ресей тұрғындарына ұрлық істейді” деп еш дәлелсіз қарсы дау айтты. (2:202). Патша, оның үкіметі өзіне бодан болға елді қорғап, барымтаны тиып, тәртіп орнатудың орнына агрессияны қолдап, Кіші жүзді тоздыра берген. Үздіксіз казак әскерлерінің шабындысынан ыза болған қазақ азаматтары әскери линиядағы мекендерге қарымта шабуыл жасап, малдарын айдап кететін болған (3:217). Сөйтіп, патша ханға өкіметі өзінің ел басқара алмайтындығын көрсете береді. Бірақ ол жағдайды өзінің болымсыздығынан көрмей, жергілікті басқарушыны ауыстырумен болады. Айшуақтың орнына 1805ж. оның бір ұлы Жантөрені тағайындады. Бірақ олда ел ішіндегі ылаңды баса алмайды. 1809ж. оны өштескен біреулер өлтіріп кетті. Қанша әскери қарауыл қойғанмен ханды жазалады. Оның орнына Серғазы Айшуақ ұлын тағайындады. Бұл да ақылды шешім таба алмады, отаршыл үкіметтің шылауында жүрді. Бұған қарағанда сұлтан Арынғазы Абылғазизұлы Қыпшақ даласының оңтүстігінде барымташылар мен күресіп, ел талауына батыл тиым сала білді және сауда керуенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете білді. Ол Серғазы Қайыпхан ұлы екеуі 1816ж. мамырда Орынбор губернаторы Г.С.Волконскийге Кіші жүзде шабындыны тыю шараларын ұсынды (4:300). Бірақ қатыгез князь Волконский олардың ойымен санаспады, өз ақылы жетпеді. Ел қожырай берді. Орыс әкімшілігі бұл ұсынысты қабылдамады. Кіші жүздің оңтүстігі, торғайдағы қыпшақтардың Арынғазыны өз бетімен “хан” көтеруі мүлде ұнамады. Патша үкіметі өзінің ежелгі зымиян айласына көшті. Арынғазыны С-Петербургке шақыртып алды да Колуга қаласына 1819ж. жер аударды. Қазақтың тағы бір үміті сөнді. Енді Үкімет “еркіндеп” орыстандыру саясатын жалғастырып, орыс тілін оқытуды біртіндеп өндірумен қатар, Кіші жүзді басқару жүйесін өзгертуге кірісті. Серғазыны хан тағынан тайдырып, Кіші жүз территориясын 3 бөлікке бөледі. Жайық өзені жағы – Батыс бөлім деп аталып, оның шығысын Орынбордан Үстіртке дейінгі алап – Орта бөлім, ал оның шығысы Торғай өзеніне, Қостанайға, Арал теңізіне дейінгі алап – Шығыс бөлімі болды. Сөйтіп, өзінің тарихи ролін атқарып болған, әрі ел басқаруда заман талабына сай жаңашылдық көрсете алмай, қазақ елін басқара алмаған елді хан басқару түрі (формасы) өзінен-өзі азып, қазақты Ресейге бодан етіп, отарға айналдырған хан жүйесі тозып, құзғынға жем болды. Ресеймен ғасырлар бойы көрші тұрып, ондағы ел басқарудың Европалық формасын, яғни, салалық және функциондық түрінен тәжірибе ала алмады. Ең болмаса Әбілқайыр араб елдеріне тән үкімет құрамын ұйымдастырып, уәзірлер тағайындап, әскер басы, тұрақты әскер тобын құруды, территорияны дуанға, не даткаға бөлмеді. Бір өзі алатын аумақты басқарам деу саясатты түсінбеу ғой. Ақыры келіп, жік-жік болып ыдыраған қыпшақ даласын шидей бытыраған Шыңғыс хан ұрпағы Қыпшақ даласына өздері сиыспай, қарауындағы Еділден Ертіске дейінгі елді тоздырып, отаршының аузына жем қылды. Бұл біздің тарихшыларымыздың қолы жетпей жүрген зерттейтін ғылыми мәселе. Орта жүзде “Округті” аға сұлтан басқарса, Кіші жүзде әр бөлікті сұлтан-правитель басқарғанын кей журналистермен әдебиетшілердің есіне салып қоялық. Билеуші – сұлтан болып Нұралы мен Жантөре ханның ұлдары тағайындалды. Батыс бөлікті – 1824 жылдан Қаратай, Шығысты – Жүсіп Нұралыұлдары биледі. Бұлар Шекара жақын жерде, орыс әскерінің қорғауымен орналасты. Қарауында хатшы-письмоводитель көмекші офицері болды. Ел аралауға шыққанда өзіне сенімді жігіттерді жинап, “қол” етті. Төлеңгіттер жасауылдар тобын хандар тиісінше тиімді пайдалана алмаған, патша үкіметі оларды таратқан. Енді кең далаға симаған Шыңғыс әулеті патшаның “ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды”. Сол “жұдырық” өз халқын билеп-төстеп, қанауға жұмсалды. Отаршының тәртібін орнатты. Енді отарлық езгі қандай болған екен, оған қарсы бабаларымыз неге қару көтерді, сонымен танысайық.

Отарлаудың өрістеуі.
Бұл тақырыпты жазу тым қиын, бабаларымыздың отаршыдан көрген зорлығы мен қорлығы адамның жан дүниесін тітіркендіреді. Езгінің көптеген фактілерінен кейбірін іріктеп, бетінен қалқып алғанның өзінде аталарымыздың азабы мен бейнеті көп екенін көреміз. Отарлаудың түрі, сыры көп. Біз жоғарыда Кіші жүз жұртын рухани отарлау ісләм дінің өзінің империялық мүддесіне пайдалана бастағанымен таныстық. Бұл процесс еппен біртіндеп жалғаса береді. Бұған қоса орыс тілін оқыту жүргізіліп талай жастар бұл тілді де меңгеріп, Мақамбет сияқтылар өзінің ділмарлығы білігі кей орыстанда асып кеткен. Ал, қазақ тілін білу ескерілмеді. Қазақша, яғни түркіше оқып, жазуға жол берілмеді. Амал жоқ, өзіне жат 4 тілді әлінше иегіріп қажетіне жаратты. Бұл яғни, ісләм дінін пайдалану орысша оқыту, өз кадрлерін дайындау патша үкіметінің Кіші, Орта жүзді толық бағындырып, отарлау саясатының бір шарасы еді. Кіші жүз тарихын Ресей архивтері материалында мұқият байыпты зерттеген әйгілі тарихшы М.П.Вяткин: біз жоғарыда айтқан мұсылмандықты пайдалану, тұрғындарға идеологиялық ықпал жасау: б) патшайым Екатерина 2-ші губернаторлар мен үкімет мүшелерімен пікір алысып тағы мынадай ұйғарымға келеді: Кіші жүзді толық бағындыру үшін казактар отарлауын (казачья колонизация) жалғастырып, шекара әскери линиясын күшейту; в) Сауда жолын қорғаймыз дегенді сылтау етіп, қазақ жеріне ене беру, біртіндеп Кіші жүздің төріне қарай сауда үшін деп қоныс-бекіністер сала беріп, Ресей товарын сатумен бірге төңіректегі елді бағындыру; г) ханның билігін шектей отырып, оны әлсіретіп, болымсыз жарамсыз етіп көрсету; д) сұлтандардың, феодалдардың өзара талас, тартысын бөгемеу, д) Кіші жүз жерін шектеп, хан өкіметін жою; е) Кіші жүзде орыс әкімшілік-басқару жүйесін біртіндеп (4:232) енгізу еді. Бұл жоспарды бірден енгізіп орындау Қыпшақ даласында әлеуметтік дағдарыстың өршіп шыңына жетуі, саяси жағдайдың шиеленісуі салдарынан қапелімде мүмкін болмады. Әйтсе де дін, оқыту жағын қолына алып, сұлтандар мен билердің өзара басараздығын пайдаланып, өзіне қызмет істейтін кадрларын ыңғайлап “қолтықтап” дайындай беріпті. Орталық хан өкіметінің елді шаруалықты басқару, демеу жүйесі жоқ, мешеу болды. Европа елдерінде монархия тазып ел басқара алмай, Англияда, Нидерландияда ХҮІІ-ғ., Францияда ХҮІІІ-ғ. жойылып, (6:5) елді жаңаша – салалық, функционалдық басқару орнады. Кіші жүзде хан басқару жүйесін Сырым қозғалысы жойылып, билік мәслихатқа берілгенмен патшаға тиімсіз болғасын хан өкіметін қайта орнатты. Ол отарлауға дем болды.

Кіші жүз 19 ғасыр басында Ресейге толық тәуелді болып отарына айналды. Ел басқару, жер иелігі, барлық шаруашылық, сауда саясаты түгелімен Орынбор басшыларына толық көшті. Орынбор губернаторлары ашықтан-ашық отарлау жүргізіп өзінің сенімді жазалаушы күші – Орал казак әскері үстіне Орынбор казак әскерін құрап қазақ ауылдарына әдейі “Орыс қаруының күшін” көрсету үшін әлсін-әлі талау жүргізді. Онымен қатар қазақ жерін бөлшектеп, Ресейге қосу шараларын жүргізіп, Табын, Шекті, Жағалбайлы т.б.рулар мекендеп қыстап келген қонысты – Орынбор өңірінің Солтүстік алабын қазіргі “Табынка” қаласы маңын тартып алып, 1811 жылы “Новая пограничная линия” дегенді құра бастады. Солай ұсақтап сулы, орманды, қоныстанған, егінге қолайлы жерлерді ала береді. Елек әскери линиясын құрып, шекараны Оңтүстікке тағы ысырады. Табн, Шекті т.б. руларын ауылдарынан, жайлы мекендерінен одан әрі қуып шығып, орыс офицерлері мен әскерін орналастырады. Бұл қазақтың егін шаруашылығына орны толмас зиян әкеледі. Бұнымен қоймай, 1819 жылы Елек өзенін Жайыққа құяр сағасынан өрлей отырып Құралы, Берден өзендері бойын тартып алып “Жаңа Елек әскери линиясын” жасап қазақты құнарлы жерден айырады. 1833 жылы губернатор болған В.Перовский бұл саясатты жалғастырып, қазақтармен белгілі шекара жоқтығын пайдаланып Жайық, Карталы, Үй, Тоғызақ, Сандық, Аят өзендері аралығындағы алқапты, яғни Орск қаласының Солтүстік жағындағы орманды, аң, балық аулауға қолайлы сулы аумақты тағы алады. Үкіметке Перовский. Бұл шара саяси мақсатта екені, қазақ пен башқұрт ұрандасып кетпес үшін араларын алшақтатып, әскери линия орнатамыз” – деген (6.2).

Бұл шараны үкіметте К.Нессельроде министр В.Чернышев, Е.Конкрин, Сперанский т.б. қолдаған. Шекара Верхне-Уральскийден Оңтүстікке ысырылды. 1834 жылы “шекараны түзетеміз” деген желеумен бірталай жерді тағы алады. Сөйтіп, қазақы 10 мың десятина құнарлы жерден айырылады. (2) Соның ішінде “Жабық қарағай” деген нулы орман, көп өзен, көлдер кетті. “Жаңа линияға” Император, Наследник, Константинов, Николаев, Михайлов деген пикеттерін салған.

“Бұл шара” дейді Перовский одан әрі, көптен бері жоспарда бар еді, енді жүзеге асыру қолға алынды” – деген. Перовскийдің бұл ұсынысын үкіметте Нессельроде, А.Чернышев, Е.Конкрин деген графтар мен Сперанский қолдап, қаулы шығарады. Әскери линия Орскіден тура терістікке Жайық өзенін өрлей отырып, Верхнеуральскіге одан тура шығысқа бұрыла Верхнеуйск әскери линиясы басталып, Үйскі, Челябе, Петропавлге дейін Үй өзенін жағалай жүретін. Петропавлден Нижнейск линиясы басталып Троицкі мен Тобыл өзеніне жүріп отырып Звериноголовскіге дейін баратын.

Революцияға дейінгі кей авторлар да бұл шара қазақ даласына үлкен әсерін тигізіп, соңынан бірталай елеулі тәртіп бұзуға әкелгенін айтып, үлкен қайсарлық пен қазақтар линиядан өтіп, бекіністерге шабуыл жасағанын мойындайды.

Тіпті бас штаб офицері М.Иванин Орынбор басшылары “Жаңа Орынбор линиясын жасаймыз” деп 4 млн. десятинадан астам қазақтардың тамаша жайылым жерлерін еш бір ақы төлеусіз, әскери мекенін салу үшін алғанын айта келіп, егерде біз қазақтарды өз қол астымыздағы ел деп қарасақ, олардың жеке меншіктік правосын сыйлауымыз керек еді. Осыдан кейін олардың арасында наразылық, толқу шықты, - дейді (8:186). Әрине патша офицерлері мен чиновниктерінің көбі бұндай түсініктен алыс болды. Қазақтан тартып алған көп жерді игере алмағанымен қоймай тағы да жаңа жер мен елді бағындыру мақсатында 1834 жылы Каспийдің шығысында Қайдақ бұғазындағы “Қызылтас” деген жерге Ново-Александров бекінісін салдырады. Төңірегіне келген түрікмен қарақалпақ ауылдарын алдап, арбап Ресейді мақтап бір қатарын Ресейге көшіреді. Бұл әрекет Қаразым хандығы мен екі ортадағы қарым-қатынасты шиеленістіре береді. Губернаторға керегіде сол еді. Патша өкіметінің Кіші жүзді өз рыногына тарту үшін ғасыр бойғы күресі жүзеге асты. Енді Алшын даласы Ресеймен сауда жасады. Персия мен сауда тоқтатылды. Мәнет ақша айналымнан шығып рубль енді.

Сонымен Троицк-Орск-Орынбор-Елек арасында қазақтың 10 млн. десятина жері тағы тартып алынды. Ол жерге өкіметтің тәртібіне сәйкес казак әскерлерін, ішкі губерния тұрғындарын күшпен көшіріп, көп жылдарға дейін иегре алмады. Оның үстіне зорлықпен келген казактар наразылық көрсетіп, бас көтерген. (9:50)

Кіші жүздің батысы мен солтүстік – батысын отарлаудың ұзақ, қасіретті тарихы бар. Ол әлі зерттеушісін күтіп тұр.

Ішкі тараптың батысы – Астрахань әскері, қалмақ, қондыру ноғайларының, жаңадан қоныстанған орыс шаруаларының жері өздеріне жеткілікті еді. Бірақ қазақ пен жерге талас шығарады.

Сырт қыраты “үлкен Ырғыз” өзенінен Дүре, Қабыршақты, (Чижа) Оюкен, (Грачи), Балықты су жайылымдары, Сары, Қара өзендер алқабы Нарынға дейін игерілмеді. 1801 жылы Бөкей Сұлтан Қара, Сары өзен бойынан Каспийге дейінгі далаға орналасты. Бұл Орал казак әскері басшыларына ұнамады. Олар 1813 жылы Сары өзеннің шығыс жағалауына Қақташтан /Малоузенск/ бастап Шортанды (Новоузенк) жанымен Орал казак әскерінің басқармасы оңтүстікке қарай қақташтан тағы ішкі өзен әскери линиясын құра бастады. Жолай Бөкей “Жаңақаласына” (Петропавка) Алаша руы басқарушысының тұрағы “Қарасуға” – “таловая речка” форпостыларын сала бастады. Одан әрі құбылаға Әбіште /Вербовский, Көктеректе Абинский, Мұқыр, оның шығысында 75 км. Қызыл обада – Красногор, одан 35км. Қырқопада – Кармановка, Бесқалмақта – Пятимар форпостылары орнап, бәрі Самар көліндегі Глиянскіге (Ескі қала) бағынды/.

Міне, осы Қарасу – Таловский мен Глиянскийге дейінгі әр форпостыда 6-7 үйден болған линияда небәрі 1831ж. 100-ге жетпейтін казак әскері болған. Олардың малдарын әкеліп бақтырған. Сары өзен, Қара өзен аралығында қоныстан ауылдарды бөкей кезінде-ақ қыстауына жібермеуге күш алды. Орынбор шекара комиссиясы (ОШК) қызметкері Кузнецов Сары, Қара өзендер аралығындағы ұзындығы 150-200 шақырым, ені 30-50 шақырым (верст) шабындығы мол жерді Орал қазақтары тартып алды деген. (10) Бұл аз. Бөкей Жаңақаласынан ұзыны 250-300 км болатын аумақтан Алаша, Байбақты руларының ауылдары көшіріліп, 3000-дай қыстақ қора-жай, ауласымен бос қалған.

Бұл озбырлық қазақ шаруаларының наразылығын туғызып, жер тапшылығынан 1818-1823ж.ж. Бұқар жағына кетеміз деп шешекарашылармен алысып көбі өтіп кеткен. 1820ж. 1611 шаңырақ көшеді.

Орал, Орынбор казак әскерлерімен қатар көшіп келген қазақты шекаралас Ресей тұрғындары, линия адамдары түрлі зорлық жасап, жерге таласып малын олжалай берген. Әсіресе, Каспийден балық аулау құқына ие болған граф Безбородко, князь Багратион князь Юсупов т.б. қазаққа көп қиянат жасаған. Олар жағалаудан заңсыз көп жерді иеленген. Кесте 1.


Жер тұрпаты

Граф Безбородко

Князь Юсуповте

Шабындық

9870 десятина иеленген

960 десятина иеленген

Орман

979 десятина

-

Шаруаға жарамсыз жерлер, қырлық

29886 десятина иеленген

2500 десятина

Өзендер, үйірімдер, көлдер

5 десятина

-

Тұзды көлдер

40256 десятина

36524 десятина

Батпақты, қамысты аумақ

103932 десятина

75656 десятина

Балықшылар үйлері, құрылыстар

20 десятина

15 десятина

Барлығы

185960 десятина

114640 десятина

Помещиктер Орал әскері күшімен қазақ шаруаларын теңіз жағасындағы қыстауына жібермей қояды. Бұл жөнінде Бөкей хан Орынборға, үкіметке 1814 жылы шағымдап көріп еді, еш нәтиже шықпады.

Патша әкімшілігі, Орал, Орынбор әскерлерінің офицерлері қазақ шаруаларының отырықшылануына, үй салып, қала болуына қарсы болған. 18-19.ғ.-да Кіші жүзді көп кезген орыс зерттеушілері, офицерлері бұл жерде ертеден көп қала болғанын, содан 17-18 ғ.ғ. қалмақ шапқыншылығына ұшырап үлкен күйзелісте болып, қалалар күйрегенін жазады. Әсіресе, Жайық, Елек, Қобда, Сағыз, Жем, Ырғыз, Торғай т.б. өзендері мен көптеген көлдердің Арал теңізі жағалауларында, Үстірт, Шың қыратында Сыр мен Жаңадария сағаларын атайды. Сағыз өзенінде Таскешу деген жерде бекініс, Ойыл, Жем бойында қалалар болғанын, олар жақында ғана қирағанын баяндайды. Қазір Қарашығанақтағы “Қос оба” мекені кірпіш күйдіру кәсіпорны, монша, су құбыры т.б. құрылыс қалдығы табылып, ескі қала орны екенін анықтауда. Патша әкімшілігі қазаққа қала, қоныс салуға жол бермеді. Тіпті өз қызметкеріне айналған сұлтандарға да қоныс салдырмады. Бөкейлікті билеуші Шығай Нұралиевке де 1819 жылы үй салуға орын көрсетуін сұрағанда сүйретпелеп, уақыт соза берді, 1820 жылы ол Коневский кордоны қасынан ағаш үй салып еді, жер граф Безбородконікі, үйіңді көшір, - деп ақырды губернатор. 1825 жылы Шығайдың ауруына қарамай, қыста қазақ әскері келіп көшіртті. (11:8) Кіші жүздің Батыс бөлігінің билеуші сұлтаны патшаға шын берілген Баймағанбет Айшуақовке мектеп үшін үй салып тұрақты қоныстануына күш көрсетіп бөгет жасайтынын, жазады. (12:2) Кіші жүздің 5 сұлтаны, 79 шаруалары 1829 жылы Орнбор губернаторына тұрақты қоныс салып, отырықшы болғысы келетінін, Жайықтың шығыс жағалауынан мекен салуға ұлықсат сұраған. Губернатор жер көрсетуді Орал әскеріне міндеттеген, атаман әлгі сұлтандарға 2 офицерді қосып қонысқа орын белгілеуге қосып жібереді. Будариннен шыққан сұлтандар Жайықтың Шығыс жағалауынан қолайлы жер іздеп шығады. Қай орынды көрсетсе де 2 казак келіспей Үйшікке дейін барып, іс аяқсыз қалады (13:3). Бұл зұлым саясат әлі әшкереленбей келеді.

Әскери линиядан қашықта кедейлер өздеріне қақыра үй /мазанка/, шымнан жер үй салып, кіріп отырады. Бірақ бұндай үйлерді бір жерге шоғырландырып салуға, немесе тәуірірек етіп салуға болмайды. Өйткені ел ішіне жиі шығатын әскери команда қиратып, мүмкіндік бермеді.

Патша өкіметі бұндай далада шашылған қақаралар мен тамдарды бәрін құрта алмайтын болғасын, олардан әр қайсысына салық салуды шығырды. Мысалы, 1837ж. қақырадан Кіші жүз 80621 сом ақша жинады (14:26).

Ішкі тарапта бұндай қақыра, жер кепе, жер үй, шым үй салуға патша әкімшілігі, Орал әскері тегжей алмады. Онда да шаруалардың үй-жәйін жөндеп дамытуға, тұрмысын жақсартуға жол бермей, оларды көшпелілікке, енжарлыққа, тоғылшарлыққа итермелейді.

Патша әкімшілігінің шектен шыққан аюандық ісінің бірі – қазақ даласына жоқты сылтау етіп әскери команда жіберетін. Бұл Орынбор, Орал, Астрахань әскерлерінің, пайда табатын бір көзі еді. Қарулы команда бейбіт, бейқам отырған ауылдарға келіп, ойына келгенін істейді. 1803 жылы Орал казак әскерлерінің бір тобы Кіші жүздің Байұлы атасына қарағандардың ауылдарын тонап, 32000 бас малды айдап алып, өздері бөліп алған (15:199).

Бұндай сұмдықты әуелі генералдар бастап, басқаларға үлгі көрсеткен. Орал әскері Алаша руының кей ауылдарын тонап кеткенін осы әскердің атаманы генерал Д.Бородинге айтып, әділ шешім жасауын өтінеді. Бұл шағымы үшін тежеусіз өскен генерал жаңағы Алаша руының Алтыбас атасының ауылына өзі әскери команданы бастап барып 1500 қойын, 20 жылқысын күшпен тартып әкеткен (11). Генералдан офицерлер, казактар қалыспаған, жиі қырға шығып бейбіт ауылды тонап, жәбірлеуді, мүлігін, малын тартып алуды, кәсіпке, дағдыға айналдырған. Григорьев форп-ң командирі Хорунжий Петров Б.Күшікбаев деген бидің үйіне барып 100 сом ақша талап етеді, би бермегесін оны сабаған. (17:11). Ал, губернатор Перовский басшылығымен оның көмекшісі Данилевский, Мансуров деген полковниктер 550 казакты жасырын дайындап, 1836 жылы 25 желтоқсанда елге көзге түспей шығып, мұздың үстімен тығыла Бозашы, Қайдақ түбіндегі Адай, Таз, Шеркеш ауылдарына тұтқиылдан шауып, бейқам елді “қарақшы іздейміз” деп талап, 7000 қой, 1000 түйе, т.б. малды тартып алып, 58 адамды жазықсыз айдап кеткен (18:36).

1824 жылы 1 июльде Новоилецк әскер линиясының командирі Есаул Аржанухин шағын командамен қырға қарай шығады. Бұны ести сала Шыңғырлау өзені өңіріндегі қазақ ауылдары шұғыл бөлініп дүркірей оңтүстікке қарай көше жөнеледі. Қашу соншалықты асығыс және үрейлі болады. Өзеннен өткенде адам, малдар бірін-бірі тапап, басып, адам, мал суға кеткен, көп шығынға ұшыраған. Әлгі ауылдар киіз үйлерін, заттарын тастай қашып, Шыңғырлау өзенін аптыға өткенде 2 бала, 1833 қой, 159 сиыр, 43 түйе суға кеткен. (19:180) Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф.Генс өзінің жағалбайлы руының биіне 1831 жылы 27 шілде де жазған хатында бұндайды мойындағанмен еш шара қолданбаған (20:116) Бұндай шабу, талау жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса берген. Ешбір тиым болмаған. Ал, қазақ қарулы әскерге қарсы бас қоса алмаған. Шапқыншылық тоқталмаған. Кіші жүзде жұмыс істеген полковник М.Ивашин губернатор Перовский кезінде қазақ ауылдарына әскер жіберіліп, ел таланбаған жылы болмады деп көрсетеді. (21:180) Губернатор Орал, Орынбор әскерлерінің және әскери сословие болып қалыптаса беруіне күш салып, оны орыс, башқұрт, татар, қазақ халықтарына қарсы жандарм ретінде де пайдаланды. Казактар басқа ұлттарға қарсы тәрбиеленді, әсіресе қазақтарға олар ең, тағы, дәрменсіз халық деп қарап, бар байлығын, адамдарың, талауды сабауды үйренген. Орынбор соғыс губернаторы генерал Перовский халық араздығын қоздырып, оларды біріне-бірін айдап салып отырды. 1836 жылы 1000 башқұрттарды Кіші жүзге жинап, басына генерал қойып, оған 2 зеңбірек беріп, 50 солдат қосып, Борсық құмына “керуен талағандарды жазалау үшін деп жіберіп, жазықсыз елді талатып, көп дүние тартып алынды.

Кейде бағынбаған, не салық төлемеген қазақ ауылдарына сұлтандар мен билер әскер әкеліп, бірге тонаған. Магнитная бекінісінің маңында тұратын Жағалбайлы руының ауылына Байзақ Арыстанов деген би казактармен келіп, 25 жылқысын, 5 түйе, 25 сиыр, 350 қойды тартып алып, 40 пұт бидай, 5 шапан, 2 түлкі терісін алған. Келесі бір келгенде бұл ауыл азаматтары әлгі биді ұрып жығып, сабап өлтірген (22:22).

Орал, Орынбор казак әскерлері орыс шаруаларының қозғалысын, тіпті Орал казактарының наразылықтарын басу үшін де (1803, 1825, 1835, 1837 ж.ж.) пайдаланылған. 1836 жылы Пермь губерниясындағы шаруалар көтерілісін басуға генерал Перовский Орынбор казак әскерінің бөлімшелерін жіберді. Сондай-ақ башқұрт шаруаларының қозғалысын басуға Орынбор казак әскерін жұмсады.

Орал әскері негізінен сауатсыз, саяси сауаты да кем, казактар еді. Орал казак әскері өте бай деп есептелсе де, осынша кең өлкеде бірде-бір мектеп болмапты. 1820 жылдары Теке қаласында бір мектеп ашылып, ол да өртеніп кеткен. Сондықтан сауатты адам мыңнан біреу болатын. Бұл жәй қоғам дамуына, ұлтаралық түсінісуге кесел болады.

Ашық шапқыншылықпен қатар, бұратана елге Орынбор, Орал әскерлерінің басқа да зорлықтары көп болды. Мысалы, шекараға жақын шабындықтарды линия тұрғындары тартып алып иемденіп, өз мекенінен алыста болса да шөбін шауып, шала-пұла үйетін. Жайықтың шығыс жағалауының шабындығын иеленеу үшін Орал әскерінің кеңсесі Тұзқаладан (Илецкі) бастап Бударин форпостысына дейін 15-20 шақырым, жағалауды қырлыққа дейін алғы пикеттер қойды. Олар қазақ ауылдарын Жайық жағалуына жолатпады. “Балық үркеді” деп өзен суынан малдарын суартпады. Бұндай пикеттер 22-ң үстінде. Олар қазақ шаруаларына озбырлық істеумен шұғылданды.

Бұнымен қатар, Жайық өзенінің шығысында қырда “қазақтардың шабуылын анықтау үшін” деген сылтау мен “қысқа жол” орнатып, ол Теке қаласы тұсынан Бударинге дейін Жайықтың шығысы мен одан Жайықтың батыс жағалауының қыры мен Каспий теңізіне дейін созылған, әр бір тәулік жерге пикет қойылған. (23:11) Верхнеуральск бекінісінің казактары, - дейді Орынбор шекара комиссиясындағы бір мәліметте, ішкі жақта жеткілікті жері бола тұра, тек қана қазақтарды қысымға алу үшін, пішен шабуды өне бойы қырлықта (Жайықтың арғы бетінде) істейді - делінген. Сол секілді Усть-Үй бекінісіне тұрғындарында шекарадан ішкі жағындағы шабындығын көрші орыс шаруаларына жалға бергеннің өзінде көп жері бос қалып, оны игере алмаса да шекарадан қазақ далалығына өтіп, әдейі линиядан қашықта шабындықты, тіпті қыстауларын тартып алып, пішен шапқан, көптеген скирдтер үшін қойған. Сосын күзде бұл өңірде мал жайғаны үшін және шөпті тапағаны, пішенді бүлдіргені үшін деп қазақ шаруаларынан алым мен айыпты тартып алып отырған. Орынбор шекара комиссиясы, өзендер өңірін линия тұрғындары шаруалардан тартып алуы, пішен шабуы тек арам пайда үшін ғана қажет” – деп мойындап, губернаторге мәлімдеді. Бірақ бұндай істерді Орынбор соғыс губернаторының өзі де бұрыннан біледі, оның үнсіз мақұлдауы мен өрбіп келген, енді бұл сорақылыққа қарсы ол еш шара қолданбады. Патша әкімшілігі мен жазалау орындары Орынбор, Орал казак әскерлерінің олардың офицерлері мен помещиктердің, саудагерлердің мүддесін қорғап, қолпаштап отырады. Мысалы, Өзен линиясының чиновниктері мен казакты Сары өзен бойындағы, Самар көлдеріндегі шабындықтарға өз бетімен қонса, оның шөбін бүлдіргені үшін және пішен шауып, тасып әкеткені үшін Ішкі тарап қазақтарын сотқа беріп, 2797 сом ақша өндіріп, алған. Бұндай жағдайда, казак офицерлері әрбір жүк пішенге өте қымбат баға талап етеді, мысалы, 6 сомнан 20 сомға дейін. Тіпті көбіне көп олар ойдан шығарылған, “шөп бүлдірдің” деп жанжал салып, айып төлететін.

Қазақ ауылдарынан пайда табудың тағы бір жолы – Орал, Орынбор әскерлері басшылары шаруаларды, көбіне-көп байларды өздерінің иесіз қалған жерлеріне талдарымен өткізіп, жайылым үшін ақша, мал алатын. Орынбор линиясындағы Верхнеозерная, Красногорск тұсынан Ішкі жаққа 1828 жылы тебінге 1000 бас жылқы өткізіп, әр жылқы үшін өлке басшылары мен келісім бойынша 25 тиын алуы тиіс еді. Қамал коменданты 8000 бас мал өткізіп, артық түскен ақшаны өзі пайдаланған (24:161).

Ал, Өзен линиясы басшыларының ұлықсаты мен Самар көлдеріне 1884 жылы қыста 3000 қожалық 92 мың жылқы, 15 мың түйе, 60 мың ірі қара мал, 300 мың қой, ешкі айдап келген. Сары өзен мен Қара өзен аралығына 2000 қожалық көшіп келіп, 60 мың жылқы, 10 мың түйе, 40 мың ірі қара мал, 250 мың қой айдап келіп, жайған. Осы істің басы – қасында болған сұлтан Шөке Нұралиевке берген қағазымда, өзен әскер линиясы бұл аталған өңірде 1834ж. 37 қоспен 179 бақташы, 13742 жылқы, 172 сиыр, 1403 қой өткізіп, 72502 сом, 70 тиын төлеген, 1835 ж. Байбақты руының биі Жүніс Жантемен, Тайша, Ақмырза, Бекмырза, Мәуленберді Жарылғаповтер 3237 жылқыны. Өзен әскерінің жеріне айдап әкеліп, тебіндегені үшін әр жылқыға 50 тиыннан алған. Бұдан басқа 2289 жылқыны тағы тебіндетіп, 1287 сом 50 тиын алған. Самар көлдері мен Сары, Қара өзендер арасына Ішкі хандық адамдары мен қатар Кіші жүздің батыс бөлігінде тұратындардың малдарын тебінге жіберіп, көп ақша алған.

Орал, Орынбор, Астрахан Өзен казак әскерлері мал жайғаны үшін тек ақша алып қоймаған. Енді оларды қанаудың тағы бір жолын тауып, еңбегін әншейін пайдаланатын болған. Осы Самар көлінен Қара, Сары өзендер бойында мекендеген Шөке Нұралиевтің жазуынша Орал, Өзен казак әскерлері жерлеріне олардың малын баққандарға да берген. “Казактар”, - дейді Шөке, еш уақытта өз отарларын өздері бақпайды, ылғи қазақ бақташыларына бақтырады” – деген.

1828 – 1829 ж.ж. Ішкі Орал немесе Өзен линиясында мал жайғаны үшін әрбір қожалықтан 1 қой алған, жылқы табының әр қостан бір жылқы, не 70 сом, немесе 12 қой алған, бермегеннен күшпен тартып әкеткен (23:161).

Орынбор, Орал казак әскерлері шаруаның түрлі қажетіне керек ағашты да шаптырмаған. Егер де біреудің қолынан жаңа ағаш бұйым көре қалса, ол тіпті біреуден сатып алса да оны жазалап, сабап, ағаштың құнын төлеткен.

Сөйтіп, Орал Орынбор казак әскерлері отар елге неше түрлі қысым жасап, олардың малына, жеріне, дүниесіне барынша қожалық етіп, тартып алып отырды. Орал казак әскері көрші қазақ, татар, башқұрт елдеріне қырғидай тиіп қана қойған жоқ. Олар көрші Саратов, Астрахань, Самар, Пермь губернияларының шаруаларына тіпті мемлекеттік орындары мен қызметкерлеріне зорлық жасап, дүниелерін талап немесе тәртіп бұзып отырған. Астрахань мен Жайық арасындағы жолды қарауылдаушы Орал казак әскері 1831 жылы Астрахань қарауындғы почта қызметкерлеріне, олардың үйінде неше түрлі қысым жасаған. Орал казактары, трактыны күзетудің орнына қоғамдық тәртіп бұзып, төңіректегі орыс, татарларды тонап келген. Гундук заставасы қасында Орал әскерінің 6-полк казактары сауда керуенін тонап жатқан кезінде қолға түскен (25.10). Бұл маңдағы көшпелі (қазақ, қарақалпақ, қалмақ, ноғай) елдердің мал, мүлкін ұрлап, тонап отырған. Бұл секілді сорақылдықтарды анықтау үшін Астрахань губернаторы майор Краснокутскийді тағайындады. Бұндай заңсыздық басқа жерлерде де кең орын алып, кеңінен жойылған.

Орал, Астрахань әскерлерінің зорлығына ұшыраған қазақ ауылдары Ішкі тараптан Жайықтың шығыс бетіне қашып көшіп кететін болған. Бұл наразылықтың бір түрі. 1804 жылы жазғытұрым Өтеміс Құлмәліұлы бастаған ауыл Жайықтан өту үшін қарулы қарсылық көрсеткен. Ішкі тарапта да елді ұстап қалу үшін губернатор П.К.Эссен 1817ж. бастап қазақтардың Жайықтан әрлі-берлі өтуге тиым салады. Егер де ұлықсатсыз өтушілер болса, оларды қатаң жазалап отыруды міндеттеген. 1836 жылы Жайықтан өтпек болған Ысық руының Ақсары бөлімінің азаматы Қожабеков Нұрманбетті ұстап алып, Сібірге жер аударған. (26:3)

Помещиктер мен саудагерлердің приказщиктері қазақ шаруаларының қамысты, сулы, жайылысы бар дөндер арасындағы ой мен өлеңтіге мұқтаждығын көріп, ұялмастан ойына келген ақыны сұраған. Әуелі теңіз жағалауында мал жайғаны үшін, қыстағаны үшін мал алып жүрді. Князь Юсуповтың приказчиктері Богаты кәсіпшілігі төңірегінде қыстағаны үшін шаруалардан мал, ақша т.б. бұйымдар алуы мен қоймай оларға қамыс шабу, мұз ою т.б. жұмыстарын зорлап істетті.

1820ж. А.Сапожников деген купецтің приказчигі Беріш руы ауылдарынан Каспий жағалауын жайлағаны үшін көп қой т.б. малдар алады. Бертін келе помещиктер мал мен қатар ақша, басқа дүние талап етіп, тіпті әншейін түрлі жұмыстарын істейтінді шығарды. Бұндай бассыздық қазақ шаруалары мен приказщиктер арасында наразылық туғызып, төбелеске дейін барды. Теңіз жағалауын жайлауға шаруалар приказщиктер мен әскери кордон офицерлеріне пара беріп, ұлықсат алып, оның үстіне жайлау (мал жаю), қыстаған ақыларын және төлеу керек болды. Егер де пара бермесе, немесе жайлаған, қыстаған ақысын төлемесе, онда приказщиктер сол адамның не ауылдың малын айдап алып, артынан оны қайтарып алу үшін, көп ақша талап етті. Мысалы, 1823ж. Новинская ватагасы жанына ежелгі жайлап, қыстап жүрген жерлеріне Шеркеш руының бір ауылы келеді. Осы жерде көшіп жүргені үшін приказчик ауыл биі Бекмамбет Тұрмамбетовтен ақы талап етті. Ауыл төлегесі келмеді. Приказчик жерді бүлдірдің (потрава) деп малын айдап алып, артынан 471 сом алғасын ғана қайырды. Шаруалар приказчиктердің қоқаңы мен қорқытуына, арандатуына берілмесе, онда әскери кордон бастықтарының көмегі мен қазақтарды қыстап отырған орнынан қыста құны шығатын болған.

Помещиктер адамдары жердің шекарасындағы мәжелердің тозғанын, немесе жоғалғанын пайдаланып, өз жерлерінен қашыққа апарып жаңа меже ағаштарын қоятын. Бұл келіп жер таласын шөпті, қамысты таптады деген жанжалды тудырып, ақыры шаруалардың мал дүниесін зорлық пен алу мен тынатын.

Теңіз жағалауындағы ойдымдарда, ойпаттарда, дөндер арасындағы сай, көлшіктерде өскен шөп пен қамыс бұрын ешкімге де керек емес еді, помещиктер еш қажетіне жұмсамай, қар астында қурап, шіріп қала беретінді. Одан помещиктерге келіп жатқан еш зиянда болған емес-ті. Енді приказчиктер бұл жерлерге қыстаған ауылдарға “шөпті бүлдіргені үшін” деп айып салады. 1831 ж. шөпті бүлдіргені үшін 3000 сом ақша өндіріп алды. Бұндай фактілер көп.

Онымен қоймай қазақ шаруаларының пішенге мұқтаждығын пайдаланып, Орал әскері мен помещиктер қазақтар көшіп жүрген теңіз жағалауындағы шабындық жерлерді сататынды шығарады. Мыс: Юсуповтің балық кәсіпшілік бастығы Шулетов әрбір түйеге артылған шөпке 10 тиыннан, 10 түйеге артылған шөп 1 сом деп шарт қойып, шөп шабуға ұлықсат берді. Шаруалардан екі есе артық ақша, яғни, 1157 түйелік жүк үшін деп 462 сом ақшаны сотпен өндіріп алады. Сөйтіп, жылдан-жылға помещиктер алым-салықтың түрін көбейтіп. Еңбекшілерді тонай береді. Бұл тек теңіз жағалауында ғана емес. Ішкі хандық пен Кіші жүз бен шекаралас помещиктер мен казак офицерлерімен бай-кулактарының бәрінің ісі.

Ішкі тарап шаруалары помещиктер мен Астрахан Орал әскерлері үшін “майлы қоға” болды. Помещиктер енді теңіз жағалауында көшкендері үшін көктемнен әрбір қожалықтан ақша талап етті. 1833ж. Юсуповтер әрбір түйе үшін 1 сом, жылқы мен сиырдан 10 тиыннан, әр қой басына 5 тиын төлеуді сұрады. Бұл жыл тым қатты болды, жұт басталды. Бұндай қиындықты помещиктер пайдаланып қалады. Бораннан 15000 жылқы сорға түсіп өледі. Көп мал шөпсіз, жайылымсыз аштан өледі. Бұған қарамастан князь Юсуповтер шаруалардан теңіз жағалауында қыстағаны үшін 6000 сом ақша талап етті. Оның үстіне, 1833ж, күзде шауып алған 3043 жүк шөбі үшін ақша төлеп, оған қосымша балықшы құрылыстары үшін қамыс шауып, және шабылған пішенді қонысқа тасып беруге міндеттейді.

Сөйтіп, помещиктер мен офицерлер феодалдық қанаудың ескі түрін – оброк пен барщинаны барынша қолданып, шаруаларды аяусыз қанады. Онымен қатар жұмысын тегін істетіп, еңбек пен өтеу рентасын (отработачная рента) кеңінен қолданды. Ал қанау жүйесін патша әкімшілігі көре тұра қолдап отырды. Мыс: Жанбай балық кәсіпшілігінің төңірегіндігелерден 25 мың бума қамыс шауып беруін талап етті.

1834ж. Астрахан губернаторы Пяткин помещиктердің бұл талабын қуаттап, теңіз жағалауында қазақтың көшкені үшін Юсуповтер 1600 сом ақша өндіруді сотқа тапсырады. Бұл шексіз алым кедей шаруалар үшін ауыр еді, әсіресе, Теңіз жағалауындағы Беріш руының көптеген шаруаларын қатты күйзелтті. Шаруалар тек помещиктер мен оның приказщиктерінің қанауында болып қойған жоқ, балық ваталарын жалға алған кәсіпші купецтерде барынша арамдық салып, шаруалардың көшкені, қыстағаны үшін ақыны көбейтумен болды.

Сапожников, Иван Кульпин, Бибиковтер т.б. саудагерлер қазақ шаруаларынан астық, былғары, түрлі мата, тұрмыстық бұйымдар сатып, ауыстырып көп мал алады да, оны теңіз жағалауында жаяды. Жоғарыда аталған саудагерлер 20 мыңнан астам қойларын жайған.

Саудагер Иван Кульпин помещик жерін жалға алдым деп, теңіз жағалауына қыстауға келгендердің әр бас малына 60 тиыннан төлегенін ғана жіберген. Ал, ақшасы жоқ болып, ештеңе төлей алмаған шаруаларды маңынан қуған. Әр үйден бір қойдан алуды өтінгенді де аямай, кордон әскерінің күшімен аязда жағалаудан қуып шыққан.

Помещиктер мен саудагерлер елді қанауын үдете береді. 1834 жылы күзде К.Н.Юсуповтер қазақтарға жайлайтын жерді азайтып, берген жердің бәрін қымбаттатуды ойлады. Осы мақсатта Теңіз жағалауындағы қазақтардың басқарушысы қарауыл хожа Бабажановпен жазбалы келісім шарт жасады. Бұл шарт бойынша Юсуповтердің Гурьев маңындағы дачалары, Никольск, Жамбай, Пороховин, Камчат кәсіпшіліктерінің маңын жайлауға тиым салған. Ал, егерде бұл жерлерге біреу көшіп, қонса, ондай әр қожалық 10 сом және мал басына 50 тиыннан помещикке айып төлеуге тиісті болды. Ал, бұл тиым салған жерлерде жақсы жайылым, қалың қамыс көп еді. Егерде бұл жерлерді жайлағысы келгендер Пороховин ватағасы үшін 40 мың, Жамбайға – 20 мың бума қамыс шауып беруге тиісті болады.

Шартта шаруалар бұл жерлерде ешбір құрылыс салуға, жер үй жасауға болмайтыны көрсетілген. Балық аулауға, немесе сатып алуға да тиым салған.

1835 жылы бұл шарт тағы жасалып, помещиктер енді Тудаң, Колпачи, Конаев, Болдырев, Кабанов, Мальцев, Будахин т.б. осындай тебіні мен қамысы көп 7 дөңдерді жайлауға тиым салған.

Онымен қатар теңіз жағалауындағы ағашты кесуге қамыс шабуға, балық аулауға да ұлықсат бермеді және 1833-1834ж.ж. шабылған шөптерге ақша төлеуге тиісті болды. Шаруалар дөндер арасындағы жайылымсыз, қыстаусыз күнелте алмайтын. Ал, помещиктер шөпті тапаттың, қамысты отадың деген сылтау мен айып тағып, тегін жұмыстарын істетіп, шөбін тасытып, қамысын шаптыру үшін әдейі неше түрлі шектеу қойған. Дөндердің арасында меже деген жоқ болғандықтан, бұндай айып тағу оңай еді. Бұл әділетсіз ауыр, шарт помещиктер қызметкерлерінің ойына келгенін істеп, шаруаларды аяусыз қалуына мүмкіндік берді.

Помещиктерден қазақтың ру басқарушылары, билері, мен байлары да қалыспады. Олар жер жайылым жалдаймыз деп шаруалардан артық ақша, мал жинады. Бұндай зорлық, озбырлық Кіші жүзбен шекаралас басқа жерлердегі помещиктер мен саудагерлер, жергілікті патша әкімшілігі мен кейбір тұрғындарда казактар мүмкіндігі келсе-ақ аяусыз істейтінді. Жала жауып айыптау, сабау, соттау т.б. көптеген заңсыздықтар істей берген. Отаршылардың не бір сұмдық зорлығы, қанауы, алдауы туралы жаза беруге болады. Осы айтылғаннан Бөкей ордасы, Кіші жүз Ресейге қосылғаннан шексіз қиянат көргенін білеміз. Шаруаларға ара түсер, қамқоршы болар ешкімі болмады. Би, сұлтандар, хан халықты отаршыға қосыла қанап, талаған. Бұл кесірлі бұзаудан азат болар жол көрінбеді. Патша өкіметінің отарлау саясаты, арамза пиғылы, зұлым әрекеттері, қарақшылық әскери шапқыншылығы қазақ халқының наразылығын туғызды. Әр жерде басқыншыға қарсы ашық бас көтерулер болды, қарулы қақтығыстарда жалғасты. Солардың бірі – Жоламан, Тіленшіұлы бастаған қимылдар. Тіленші Бөкенбайұлы Жетіру тайпасының ХІХғ. басындағы бас биі еді. Патша отарлауына ол наразы болып, үкіметке шағым жазып көрді. Нәтиже болмады. Жоламан Табын руының атамекенін тартып алуына қарсы болып, көнбей көріп еді, орыс әскері садуын күші тықсырып, қыстауларымен егін, жайларын тартып алып, өздерін Жайықтан өтіп, құмды, құнарлы аз жерге барып бас сауғалауға мәжбүр етті. Орск мен Трогщк қалалары аралығындағы қазақтар да оңтүстікке Торғай, Ырғыз өзендері алқабына қоныс ауды. “Жаңа линия” дегеннің құрылуына қарсы Жоламан Тіленшіұлы Барақ батыр, Амангелді патша саясатына наразы қазақтардың асын қосып, қаруланып, әскери линияға әлсін-әлі шабуыл жасайды, оны құртып жібермек болады. Бірақ, бірін-бірін шағын топ болып жүрген, қаруы нашар қазақ жігіттері әскери күшке айтарлықтай соққы бере алмады (27:274). 1820 жылдан басталған өз жерін қайтарып алу үшін, азаттық үшін ауыр күрес ұзаққа созылды. Стихиялы қозғалыс ұйымдасу жағынан нашар еді, бір-бірімен байланысы болмай әр жерде өз бетімен қимыл жасап, линия мекендерінің малдарын айдап кетіп, керуендерді тонап әуре болды. Алайда, Жоламан, Барақ, Амангелді бастаған топтармен Әлімұлы тайпасындағылардың қарулы шайқастарын патша үкіметінің қазақ жерін бұдан әрі оңтүстікке қарай тартып алуына кедергі болды. Линияны жылжыту тоқтап, отаршылар Кіші жүзді жаулап алудың басқа жолын іздеді.

Қазақтың отанын қорғауда, азаттық күресте басын қосып, бірігуіне жер алшақтығы да кеселін тигізді. Сонда да бірге қимыл көрсетуге талпыну болған. Жоламан т.б. аз күшпен Елек қалашығы маңына, жаңа линия бекіністеріне шабулын жалғастыра берді. 1822ж. желтоқсанда Табын руының биі, Ж.Тленшіұлы, Сүйінқара Үргенішбайұлы – Адай руының биі, батыр, Арыстан Тәнілұлы – Білеу ауылынан т.б. Орынбор губернаторы П.К.Эссенге хат жолдап, Бөкейліктегі Сары және Қара өзендер аралығындағы, Жайық пен Елек өзендері арасындағы қазақ жерін қайтарып беруді талап еткен. (28:444). Бұл жалпы халық мүддесін қорғау деген сөз. Патша үкіметі Жоламан қозғалысымен күресуге әскер шығарады. Полковник Ф.Ф.Берг басқарған жазалаушы экспедиция 3 топқа бөлініп, Кіші жүзде 3 жақтан шығып, көтерілісшілерді қоршап алмақ болады. Полковник Циолковский 800 Орал казактарымен 1823ж. мамырда Калмыков қамалынан шығып, Жем өзеніне бет алып, жолшыбай әдетінше бейқам, бейтарап ауылды зеңбірік пен атқылап, мылтық атып 79 қазақты өлтіріп, ауылдарды тонайды. Майор Мизинов отряды Сарайшық қамалынан шығып 20 қазақты өлтірген. Полковник Берг 1000 баскесерімен 23 мамырда Орскіден Оңтүстікке бет алады. Ойыл өзені бойлай жүрген ел қарсыласқанды тойтарып, 30 қазақты өлтірген. Отрядтар Ойыл өзені жағасында 17 маусымда кездеседі. Қобда өзенін ендей келген Щеглов отряды кісі өлтіріп, ел талаумен жүріп көтерілісшілердің негізгі күшін қоршай алмаған. Жоламан мыңдаған шаңырақ адамдарымен Мұғалжар тауына қарай сытылып кетеді. Ф.Бергтің жазалаушы әскері еш нәтиже шығармай, азып-тозып, кейін оралған. (29:498) Бұл сәтсіз жорықтың өзінше тарихи маңызы бар. Патша әкімшілігі Кіші жүз жұртын қару-жарақсыз болса да бағындыру, азаттық күресін тию қиын екенін көреді.

Сонымен ХІХ-ғ. Кіші жүзбен Ішкі тарап Ресейдің отарына айналып, ұзақ жылдары созылған бытыраңқылықпен шаруашылықтың күйзелуі халықтың әлеуметтік тұрмысын одан әрі күйзелтіп наразылықты өршітті. Отаршыға қарсы Кіші жүздің солтүстігінде, Сары, Қара өзендер алқабында Самар көлдерімен Теңіз жағалауында азаттық күрес әлсін-әлі жанданып, жалғаса берді. Бытыраңқылықпен бірігу кемдігі отаршының зымиян қимылы бұл күресте нәтиже бермеді. Наразылық қала берді.



1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет