Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету Ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару



жүктеу 284.63 Kb.
Дата05.07.2016
өлшемі284.63 Kb.
ЖОБА


Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету Ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» және 1998 жылы 24 наурыздағы «Нормативтік құқықтық актілері туралы» Заңдарына сәйкес шақырылған Қызылорда облысының мәслихаты ШЕШТІ:

1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету Ережесі бекітілсін.

2. Осы шешім ресми жарияланған күнінен он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



Қызылорда облыстық Қызылорда облыстық

мәслихаттың ---- кезектен тыс мәслихатының хатшысы

сессиясының төрағасы

ЖОБА

Қызылорда облыстық маслихатының

2013 жылғы __ _______

кезектен тыс ____ сессиясының

№___ шешіміне қосымша


Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ЕРЕЖЕСІ
1 бөлім.
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету (бұдан әрі-Ереже) Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының қылмыстық Кодексіне, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Ветеринария туралы» Заңдарына сәйкес, облыс тұрғындарын адамдар мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, сондай-ақ бiрге тұруға қолайлы жағдай жасау мақсатында әзiрлендi.


  1. Осы Ережеде төмендегі түсініктер қолданылды:

1) ауыл шаруашылығы жануарлары - адамдар өсіретін ауыл шаруашылығы жануарларының және құстардың ауыл шаруашылығы өнімдеріне тікелей қатысы бар барлық түрлері (ірі қаралар, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар, маралдар мен бұғылар, тауықтар, үйректер, қаздар, күркетауықтар, бал аралар, мамық жүнді аңдар мен қояндар);

2) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер – ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн мiндеттi болып табылатын ветеринариялық нормативтер негiзiнде ветеринариялық iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт;

3) ветеринариялық құжаттар – уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау объектiлерiне республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы беретін ветеринарлық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық сертификат, жануарға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық жағдай туралы аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;

4) ветеринариялық паспорт – жануарларды және ветеринариялық іс-шараларды есепке алу мақсатында малдың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы , жүргізілген ветеринариялық дауалаудың мерзімдері мен сипаты көрсетілетін уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат;

5) ветеринариялық-санитариялық сараптама - жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының ветеринариялық нормативтерге сәйкес келуiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы тексеруi;

6) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, өз өкiлеттiгi шегiнде ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, Қызылорда облысы бойынша уәкілетті мемлекеттік орган – «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі.

7) ветеринариялық iс-шаралар – жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнiмдiлiгiн арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсiмдер кешенi;

8) дегельминтизация – арнайы ветеринарлық препараттардың көмегімен жануарларды гельминттерден тазалау, бөлінетін паразиттерді, олардың фрагменттерін, жұмыртқаларын және балапан құртын міндетті түрде жоюды жүзеге асыру.

9) дезинфекция, дезинсекция және дератизация – жұқпалы және паразиттік ауруларды қоздырғыштарды, тұрмыстық жәндіктерді және кеміргіштерді өндірістік, тұрғын үй ғимараттарында, көлікте, қоғамдық орындардың жайларында және аумақтарда жоюға арналған алдын алу шаралары;

10) жабайы жануарлар – құрылықтағы, судағы, атмосферадағы және топырақтағы табиғи еркіндік жағдайында тіршілік ететін сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, моллюскалар, жәндіктер және басқалар;

11) жануарлар – ауыл шаруашылығы, үй, жабайы, жыртқыш және улы: сүтқоректілер, құстар, бал аралар, балықтар, қосмекенділер, жәндіктер және тағы басқада жануарлар әлемінің өкілдері;

12) жануарларға арналған паналау баспанасы – қараусыз жануарларды уақытша ұстау үшін арналған арнайы жабдықталған нысандар.

13) жануар иесі – жеке және басқадай меншігінде жануары бар жеке және заңды тұлға;

14) жануарларды ұстау – жануар иелерінің жануарлардың өмірін, оның жеке саулығын сақтау үшін, ветеринарлық-санитарлық қолайлы жағдайларды ұстана отырып толыққанды тұқым алу, сондай-ақ адамдардың және жануарлар әлемінің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі іс әрекеттері;

15) жыртқыш жануарлар – басқа жануарлармен қоректенетін жануарлардың жалпы атауы;

16) инсектицидті препараттар – зиянды жәндіктермен күресудің химиялық құралдары;

17) ит – мөлшеріне, түсіне және өзге ерекшеліктеріне қарамастан, сүтқоректі, қасқыр тұқымдас үй жануары;

18) иттер мен мысықтарды серуендету – иесінің меншігі болып табылатын немесе басқа тұлғаның жалға алған жануарлардың жайлардан тыс болуы, сондай-ақ иттер мен мысықтардың арнайы бөлінген аумақтарда болуы;

19) карантин - эпизоотия ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында эпизоотия ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринариялық - санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеуге немесе тоқтатуға және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды (орнын ауыстыруды) тоқтата тұруға бағытталған ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық іс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;

20) қараусыз жануарлар – меншік иесі бар және оның иелігінен (қарауынан) уақытша босап кеткен, иесі болмаған немесе иесі белгісіз жануарлар, сондай-ақ оның иесі меншік құқығынан бас тартқан үй жануары;

21) қоғамдық орындар – адамдардың көп жиналатын немесе адамдардың жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде көшелер, скверлер, саябақтар және азаматтардың демалатын өзге орындары, шомылатын жерлер, стадиондар, сауық шаралары жүргізілетін орындар.

22) мысық - мөлшеріне, түсіне және өзге ерекшеліктеріне қарамастан, сүтқоректі, мысықтұқымдас үй жануары

23) нөмірлік таңба – жануарлардың денесіне цифрлармен көрсетіліп салынатын шартты белгі, ол жануарлардың есебін жүргізуге, бір түрін екінші түрінен ажыратуға, жануарлардың заңды немесе жеке тұлғаға тиістілігін анықтауға мүмкіндік береді;

24) токсоплазмоз – токсоплазмалар қоздыратын адамдар мен жануарлардың паразитарлық аурулары. Инфекция көздері – мысықтар және етпен қоректенетін басқа да мысықтұқымдастар, сондай-ақ үй және жабайы жануарлардың әртүрлі түрлері;

25) үй жануарлары - ауыл шаруашылық мақсаттағы жануарлардан басқа, адамның толық немесе жартылай ұстайтын, тамақ өнімдері мен өнеркәсіп шикізатын алу үшін пайдаланбайтын зоологиялық түрлері.

3. Қызылорда облысында жануарлардың қатысуымен өткізілетін көрмелер, асыл тұқымды мал жәрмеңкесі, жарыстар, аттракциондар мен тағы басқа да шаралар ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органының және облыс әкімінің келісімі болған жағдайда өтеді. Осы аталған іс шараларға сәйкестендіру микрочипі, ветеринарлық төлқұжаты бар жануарлар, соңғы ветеринарлық егуден және дегельминтизациядан өткен уақыты туралы белгі соғылған жағдайда қатыстырылады.

4. Адамдардың және жануарлардың денсаулығына аса қауіп туғызатын жануарларды алу және жою Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргізіледі. Иттер мен мысықтар оның иелерінен егер де олар адамды қауып алған немесе тырнап алған жағдайда жануардан адамға жұғатын өте қауіпті, жұқпалы және вирусты ауруларды немесе қауіпті аурулардың барлығына зерттеу жүргізу үшін алынады. Егер де жануар сау болса онда иесіне 10 күн ветеринариялық бақылаудан кейін кері қайтарылады.

5. Осы Ережеде белгіленген талаптарды орындауға мемлекеттік бақылауды мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау (келісім бойынша), мемлекеттік ветеринариялық бақылау және қадағалау мекемесі (келісім бойынша), коммуналдық шаруашылық (келісім бойынша), сондай-ақ Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің аппараты (келісім бойынша), ішкі істер басқармасы (келісім бойынша) және белгіленген тәртіпте уәкілеттігі берілген және құзыреттеріне сәйкес басқа да уәкілетті органдар жүзеге асырады.

6. Осы Ереженің талаптары меншік түріне және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қызылорда облысының аумағында орналасқан, жеке және басқадай меншігінде жануары бар жеке және заңды тұлғаларға, барлық жануар иелеріне қолданылады.


  1. тарау. Жануарларды тіркеу

7. Жануарларды тіркеу сәйкестендіру жолымен адам мен жануарларға ортақ өте қауіпті жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу, адамдарды жануардың қауып алуынан, жоғалып кеткен жануарларды іздеу және санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

8. Тіркеу кезінде жануардың иесі осы Ережемен танысады. Танысу реті жануар иесінің тіркеу кітабындағы қолымен расталады.

9. Әрбір тіркелген жануарға сәйкестендіру нөмірі беріледі, оның барлық өмір сүру уақыты бойында сақталады. Жануардың сәйкестік белгісі нөмірлік жетоннан және ветеринарлық төлқұжаттан басқа сырға, микрочип немесе жануарда нөмірлік таңба салу пайдаланылады.

10. Иттер мен мысықтарды тіркеу тәртібі:

1) Барлық қызметтік, күзет, аңшы және иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттер, тұрғындарға, кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге тиесілі иттер тұқымына қарамастан, сондай-ақ мысықтар Қызылорда облысы бойынша жануарлардың сәйкестігінің компьютерлік мәліметтер базасына енгізу үшін облыс жануарларын тіркеу жөніндегі мекемеде есепке алуға және тіркеуге жатады.

2) Иттер мен мысықтарды тіркеу және қайта тіркеу кезінде олардың иелері келесі мәліметтерді тапсырады: иесінің жеке куәлігі, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, мекен-жайы, байланыс телефоны, ит пен мысықтың тұқымы, жынысы, аты, туған жылы, түсі, ерекше белгілері немесе жануардың сипаттамасы.

11. Ауыл шаруашылық, үй, жабайы, жыртқыш және улы жануарларды тіркеу тәртібі:

Тұрғындарға, меншік түріне және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге тиесілі барлық ауыл шаруашылық, үй, жабайы, иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін жыртқыш және улы жануарлар облыс бойынша жануарлардың сәйкестігінің компьютерлік мәліметтер базасына енгізу үшін облыс жануарларын тіркеу жөніндегі мекемеде есепке алуға және тіркеуге жатады. Жануарларды тіркеу кезінде оның иесіне ветеринариялық паспорт және жануар иесінің есебінен белгіленген үлгідегі нөмірі берілген сырға, жетон (оның дайын болуына қарай) беріледі.

12. Жануарлардың иелері оны сатып алғанда немесе мекенін ауыстырғанда екі аптаның ішінде тіркеледі.

13. Жануар мерт болғанда ветеринариялық паспорты мен сырғасы немесе жетоны бұрын жануар тіркелген органға немесе мекемеге тапсырылады.

14. Тіркеу органына жануардың қолдан кетуі (сату, жоғалу, мерт болуы, басқа тұлғаға беру) туралы оны есептен шығару немесе қайта тіркеу үшін хабарланады.





  1. тарау. Жануарларды ұстайтын адамдардың құқығы мен міндеттері

15. Жануар иесінің құқықтары:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жануарларды сатып алуға және өз иелігінен айыруға (оның ішінде сату, сыйлау, жалға беру, айырбастау және тағы басқа жолдармен);

2) жануарларды ұстау, көбейту туралы керекті ақпараттарды жануарлар иелерінің қоғамынан (клубтарынан), ветеринарлық ұйымдардан алуға;

3) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртібі мен жағдайына сәйкес адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп туғызатын жануарларды алып қою мен жою нәтижесінде оған келтірілген зиянды өндіріп алуға.

16. Жануар иесі тиісті:

1) жануарлардың ауруларын ескертуді қамтамасыз ететін ветеринария саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ветеринариялық (ветеринарлық – санитарлық) ережелерін сақтай отырып ветеринарлық (егу) және әкімшілік шаруашылық іс- шараларды жүргізуге;

2) жануарларды емдеуді және аурулардың алдын алуды уақытылы жүргізу. Үнемі, тоқсанына бір реттен кем емес, иттер мен мысықтарды тері паразиттері мен гельминттерден алдын алу үшін емдеу шараларын жүргізу. Аурудың барлық жағдайларда немесе жануардың ауруына күмән келтірген жағдайда тез арада ветеринарлық мекемеге хабарласу, тексеру нәтижесі бойынша мамандардың ұсынымын орындау.

3) жануарларды, хайуанаттар бағындағы, цирктегі, омартадағы, аквариумдағы жануарларды қоса алғанда, жануарларды ұстауды, көбейтуді және пайдалануды ветеринарлық (ветеринарлық – санитарлық) ережелер мен нормативтерге сәйкес жүзеге асыру;

4) биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып жануарларды дұрыс тіршілігі үшін керекті мөлшерде азықпен және сумен қамтамасыз ету, оның ұйқыдағы, жүріп-тұру кезіндегі, табиғи ортамен қарым-қатынасындағы мұқтажын қанағаттандыру, оларды қараусыз қалдырмау, жануарларға ізгілікпен қарау;

5) жануардың қоршаған ортаға қауіп туғызбайтын және мазаламайтын мінез-құлығын қамтамасыз ету, жануарлардың адамдардың денсаулығына және мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, басқа жануарларға қауіп туғызуын болдыртпау;

6) тұрғын жайларда шуды болдырмау жөнінде шара қабылдау;

7) адамды қауып алған, оған жарақат келтірген жағдайда:

зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, клиникада қарау және талдау жасау үшін емханаға жеткізу. Жарақат келтірген жануардың иесі зардап шеккен тұлғаға өзінің аты, жөні мен мекен жайын хабарлауы тиіс;

барлық жағдайларда медициналық және ветеринарлық қызметтерге хабарлау. Жануардың құтыру ауруын анықтау үшін, оны ветеринарлық мамандардың қадағалауына 10 күн бойы ветеринарлық клиникаға жеткізу, сондай-ақ жануарларды ветеринарлық емдік оқшаулауында ұстаған уақыттың шығындарын өтеу немесе өз иелігінде 10 күн ветеринариялық бақылаудың ережесін сақтау;

тексеру мен сауықтырудан өтуге байланысты шығынды және емделу ақысын, оның ішінде жарақат алғанға дейін зардап шеккен адамның денсаулығын және жарақат алғанға дейінгі келбетін толық қалпына келтіру үшін жасалған косметикалық операция шығынын төлеу;

8) жануарлардың кенеттен өлгені мен бірнеше жануарлардың бір уақытта ауырғаны немесе олар әдеттен тыс мінез көрсеткені туралы ветеринарлық мамандарға хабарлау, ветеринарлық мамандар келгенше ауруға ұшыраған сезікті жануарларды оқшаулап ұстауға шара қабылдау, және ауырып өлгендігіне күдікті жануардың өлігін сақтауға;

9) ветеринарлық мекемелердің мамандарына олардың негізделген талабы бойынша қарауға, диагностикалық зерттеуге және емдеу-алдын алу шаралары, егу мен вакцинация жүргізу үшін жануарларды кедергісіз көрсету;

10) сою алдында ветеринарлық тексеруден өтпеген және сойылғаннан кейін оның сойылған еті ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтпеген болса онда ауыл шаруашылығы жануарының өнімін сатуға жібермеуге;

11) жануарларды серуендететін орындарда олардың тезегін жинап алу, көп қабатты үйлердегі дәліздердің аумақтарын, баспалдақтарын, лифттерді, балалар ойын алаңдарын, жаяу жүргіншілер жүретін орындарын қоса;

12) жануар белгісіз жағдайда өлген болса ветеринарлық мекемеге өлген себебін анықтау үшін хабарласу;

13) иттің аты, тұқымы, иесінің мекен жайы, телефоны жазылған жетоны бар қарғыбаудың болуын қамтамасыз ету (оның дайын болуына қарай). Жетонда ит иесінің қалауы бойынша сол ит жайында басқа да мәліметтер болуы мүмкін.

17. Жануарларды қоғамдық шомылатын орындарда, субұрқақтарда, су жинағыштарда және тоғандарда шомылдыру және жуындыруға тыйым салынады.

18. Өлген жануардың өлігін тастау, оны елді мекен аумағында көмуді жүзеге асыру, сондай-ақ оны өз бетінше көмуге тыйым салынады.

19. Жануарларға қатыгездікпен қарауға тыйым салынады.

4 тарау. Қараусыз иттер мен мысықтардың санын реттеу және аулау
20. Иттер мен мысықтардың санын реттеу, қараусыз қалған жануарлардың санын азайту адамның өмірі мен денсаулығын қорғау, жануарлардың ауруының алдын алу мақсатында жүзеге асырылады.

21. Иттер мен мысықтардың санын реттеу азаматтардың денсаулығына, мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға, сондай-ақ жануарларға зиян келтірмеуді болдырмау тәсілімен жүзеге асырылуы тиіс.

22. Иттер мен мысықтардың санын реттеу оларды аулап,жою арқылы жүзеге асырылады.

23. Қоғамдық орындарда иесіз жүрген иттер мен мысықтар (көшелерде, үй аулаларында, саябақтарда, скверлерде және басқа орындарда), кәсіпорындар мен мекемелерде иесі байлап кеткен жануарлардан басқасы, қараусыз деп есептеледі және қаңғыбас жануарларды ұстайтын мекеменің аулауына жатады.

24. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулауды жергілікті атқарушы органмен келісім-шарт жасасқан мекеме, онда аулаудың тәртібі мен жағдайы келісіле отырып жүзеге асырады. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулайтын жұмыскерлерді техникалық жабдықтау аулауды жүзеге асыратын мекемеге жүктеледі.

25. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулауға психоневрология және наркология диспансерінде есепте тұрмайтын адамдар жіберіледі.

26. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулаушылар мен көлік жүргізушісі жануарларды аулау және тасымалдау кезінде ізгілікті сақтаулары тиіс

27. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау кезінде мыналарға жол берілмейді:

1) ауланған жануарларды өзіне алуға, оларды жеке адамдарға немесе ұйымдарға сатуға және беруге;

2) дүкендердің, дәріханалардың, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың жерінде байлаулы тұрған иттерді шешіп алып кетуге.



5 тарау. Қызылорда облысында жануарларды ұстау, иттер мен

мысықтарды серуендету Ережесінің орындалуын бақылау
28. Пәтер иелері кооперативі, тұрғын үй қызметі:

1) жануарды ұстаушы иелерінің есебін жүргізеді;

2) пәтер иелері кооперативі, тұрғын үй қызметі, бекітілген аумақтарда немесе шағын ауданның (квартал) аумағында құрылыстан бос және кооперативтерге іргелес жерлерде, қала, аудан әкімі аппаратына белгіленген тәртіппен бекіту үшін, тақтайша, белгі орната отырып иттерді серуендететін орындарды белгілейді.

3) иттерді серуендетуге белгіленген аула аумағының санитарлық жағдайын коммуналдық қызметіне қосымша ақы белгілеп, жануар иесінің есебінен ұстайды;

4) үй асты жертөлелеріне, үйдің төбесіне және басқа қосалқы жайларға кіретін жерлерді жабық күйінде ұстайды, оған қараусыз жүрген жануарлардың, иттер мен мысықтардың кіруін болдырмайды;

5) жануарларды аулаумен шұғылданатын мекемелерге өз ауласындағы қараусыз жүрген жануарлар туралы хабар береді;

6) жануар иелерін жауапкершілікке тарту үшін Ережені бұзғаны туралы фактілерді уәкілетті органдарға хабарлайды.

29. Ішкі істер органдары:

1) ұйымдарға, санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерге осы Ережені азаматтардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың және мекемелердің орындауына және оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуда қажетті көмек көрсетеді;

2) өзінің өкілеттігі шегінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдайды;



  1. осы Ережені бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.

30. Мемлекеттік ветеринариялық және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары:

1) эпизоотиялық және эпидемиологиялық ауруларға қарсы шаралар жұмыстарын ұйымдастырады және бақылайды;

2) жануарлардың иелерінің ветеринариялық және санитарлық талаптарды орындауларына бақылауды жүзеге асырады;

3) осы Ережені бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады;

4) адамдар мен жануарларға ортақ ауруларды ескерту мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

2 бөлім.


  1. тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау

31. Санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптар мен осы Ереженің талаптарын орындаған жағдайда мыналарға рұқсат беріледі:

1) көппәтерлі тұрғын үйдегі бір отбасы пәтерінде екі ит және екі мысықтан көп емес үш айлық жасқа дейінгі ұрпақтарын қоса ұстауға.

Жасы үш айдан асқан күшіктер мен мысықтар жаңа иелеріне немесе қаңғыбас жануарларды аулаумен шұғылданатын мекемеге берілуі тиіс.

2) бірнеше жанұялар тұратын тұрғын жайда (коммуналдық пәтер), тек өзінің жанұясы тұратын тұрғын жайында барлық пәтерде тұрушылардың жазбаша келісімі бойынша көршілердің дәрігерлік кері көрсеткіші (аллергия т.б) болмаса ит және екі мысықты тек өзі тұратын тұрғын жайда ұстауға;

3) жеке тұрғын үйлерде, ғимараттарда және оған іргелес аумақта, 50 метр радиуста тұратын көршілерінің келісімімен бес басқа дейін иттер мен мысықтарды ұстауға болады.

Күзетші иттер жақсы қоршалған аумақтарда, қоршаулар жануардың адамдарға және басқа жануарларға шабуылдауын, өтіп бара жатқан адамдарды қауып алу мүмкіндігін, қоршаудан шығып кетуін болдырмайтындай болуы керек. Аулада иттің бар екенін ескертетін көлемі 20 Х 30 сантиметрлі тақтайшаға иттің суреті салынып «Ит күзетеді!», «Охраняется собакой!» деген ескерту жазу жазылып кіретін жерге ілінуі керек.

4) кәсіпорындардың, ұжымдардың, мекемелердің, азаматтардың коммерциялық емес бағбандық және саяжайлық бірлестіктерінде, демалыс базаларында иттерді байлаулы және арнаулы вольерлерде, адамдарды мазаламайтын, айналасындағыларға қауіп төндірмейтін жағдайда, күзету мақсатында ұстауға;

5) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық бақылау уәкілетті органдарының келісімі бойынша ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтай отырып, көппәтерлі үйлерден, жеке тұрғын үйлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, қоғамдық тамақтану орындарынан, жаппай демалу орындарынан кем дегенде 500 метр қашықтықта орналасқан қоршалған аумақта, тұрғындарға қолайсыздық туғызбайтын жағдайда (шу, иіс), арнайы жабдықталған жабық жайларда жеке және заңды тұлғалар қандай да болмасын мысықтар мен иттер үшін паналау баспаналары мен питомниктерді ұйымдастыруға;

6) балалар мен жасөспірімдер мекемелерінің «зоологиялық бұрыштарында», жазғы және қысқы демалу, денсаулықты жақсарту санаториялық-курорттық мекемелерде (шипажайларда, демалыс үйлерінде, пансионаттарда) тек санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық қызметтердің рұқсатымен иттер мен мысықтарды ұстауға;

7) қонақ үйде иесінің итпен және мысықпен қоныстануы санитарлық -гигиеналық ережелерді сақтаған жағдайда қонақ үй әкімшілігінің келісімімен жүргізіледі.

32. Мыналарға тыйым салынады:

1) тұрғын үй қоры пәтерлерінде және жеке тұрғын үйлерде қандай да болмасын иттер мен мысықтардың түрлері үшін паналау баспанасы мен питомниктер ұйымдастыруға;

2) көпшілік пайдаланатын орындарда (асханаларда, дәліздерде, баспалдақтарда, жертөледе, шатырларда, лоджияларда, балкондарда және басқа да қосымша орынжайларда), үй жанындағы орындарда (жеке тұрғын үйлердің жанындағы орындардан басқа), жатақхананың дәліздерінде иттер мен мысықтарды ұстауға;.

3) көзі әлсіз көретін адамдарды алып жүретін иттерден басқа иттерді қоғамдық тамақтану орындарында, азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, қызмет көрсету орындары және мәдениет мекемелерінде ұстауға;

4) тіркелмеген (есепке алынбаған) және егуден өтпеген иттер және мысықтарды ұстауға;

5) адамның өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайларда өзін-өзі қорғау әрекетінен басқа, жалпы қабылданған парасаттылық пен адамгершілік қағидаларын бұзатын жануарларға қатысты (ұру, жарақат салу, өлтіру) күш қолдануға;

6) иттер мен мысықтарды оның терісін пайдалануға, етін тұтынуға, өңдеу және сату үшін оларды ұстауға немесе аулауға;

7) облыс аумағында иттерді таластыру және басқа да жануарларға қатысты қатыгез іс-шаралар ұйымдастыру мен өткізуге, (жануарларға зақым келтірмейтін және күзетші иттерді өсіру үшін дұрыс тұқымдық сұрыптау жүргізуге мүмкіндік беретін, арнайы ережелермен иттердің жұмыс сапаларын тексеруді көздейтін іс шаралардан басқа).

33. Азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелерге және ұйымдарға тиесілі иттер, екі айлық жасынан бастап, текті тұқымына қарамастан өте қауіпті инфекциялық және инвазиялық ауруларға қарсы ветеринарлық алдын алу бойынша тексеруге жатады.

34. Тек қана 16 жасқа толған тұлғалар ғана иттің иесі бола алады.

35. Егер иттің иесі заңды тұлға болып табылса, онда ол итті ұстауға жауапты тұлғаны тағайындайды.





  1. тарау. Иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді ұстау

36. Адамдарға және басқа жануарларға аса қауіп төндіруге бейім, тұқымды иттерді есепке алу мақсатында иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді ұстау Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің кинологтар қызметі орталығына есепке тұрғаннан кейін рұқсат етіледі.

37. Иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін тұқымды иттердің қатарына: американдық стаффордшир терьері, стаффордширлік бультерьері, аргентиналық догы, питбультерьер, бультерьер, бульмастиф, бразилиялық филі, мастифтың барлық түрлері (ағылшындық, испандық, пиринейлік, тибеттік), ортаазиялық және кавказ овчаркалары, қатты және жұмсақ жүнді фокстерьер, сондай-ақ олардың будандары жатады.

38. Есепке алынбаған, иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді оның иелері осы Ереже бұқаралық ақпараттық басылымдарда жарық көргеннен бастап 3 айдың ішінде Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің кинологиялық қызмет орталығында тіркеуден өткізеді.

39. Иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді ұстауды келісу үшін ықтимал жануар иегері психоневрологиялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрмайтыны туралы анықтаманы ұсынуы қажет.

40. Дене күші жағдайы бойынша маңындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын және 16 жасқа толмаған тұлғаларға, иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін итті серуендету құпталмайды.





  1. тарау. Иттерді серуендету тәртібі

41. Иттерді серуендетуге рұқсат беріледі:

1) жануардың нәжісін жинап алатын ыдысы болғанда, иттердің тұмсығына тұмылдырық кигізілген және қысқа бауда (1,5 метрге дейін) осы Ереженің 45 тармағында көрсетілген орындардан басқа жерлерде айналасындағыларға кедергі келтірмей және мазаламай, жануар иесінің жеке куәлігі болған жағдайда пәтер иелері кооперативі немесе тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекеме белгілеген аумақта;

2) қоршалған аулаларда, арнайы үйрететін алаңдарда және осы мақсаттарға арналған еркін серуендету орындарында итті баусыз және тұмылдырықсыз серуендетуге.

42. Иттерді серуендету кезінде құпталмайды:

1) міндетті ветеринарлық алдын алу шараларынан өткізілмесе;

2) осы мақсаттар үшін рұқсат берілген немесе арнайы бөлінген орындардан басқа, тыйым салу белгілері орнатылған, аулалардың балалар алаңқайында, шомылу орындарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емдеу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және тұрғындарының жаппай демалатын орындарында;

3) адамдарды құтқару жөніндегі жұмысты орындаушы, сондай-ақ қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті күзетуші қызметтік иттерден және жанары әлсіз адамдарды ертіп жүретін иттерден басқасы, халық жиналатын орындарда және қоғамдық шараларды өткізетін орындарда;

4) мас күйіндегі адамдар мен 14 жасқа толмаған балаларға;

43. Торапты көшелердің жанында және көшеден өтер кезде иттің иесі (итті серуендетуші адам) оны жол-көлік оқиғасын және иттің жол үстінде мерт болуын болдырмау үшін қысқа бауда ұстауы тиіс.

44. Тұрғын үйлердің жанында иттерді серуендетуге шығарғанда иттердің иелері түнгі сағат 23.00 -ден таңғы сағат 07.00-ге дейін тыныштықты қамтамасыз етуі тиіс.

45. Тұмылдырығымен және қысқа баулы итті шешіліп кетуін болдырмайтындай етіп байлап, оның иесі осы ғимараттың жайында болған уақытына, ғимараттың жанында қалдыруға болады, егер осы ретте басқа адамдарға, қоғамдық тәртіптің бұзылуы мен қозғалысқа және иттің өзіне қауіп туындамаған жағдайда. Осы ретте ит адамдардың өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс,

46. Ит қоғамдық орындарда тек қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана баусыз жүре алады.



  1. тарау. Иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдау тәртібі

47. Иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте келесі шарттарды орындағанда тасымалдауға рұқсат беріледі:

1) иттер қоғамдық көліктердің артқы алаңдарында, оның нәжісін жинап алатын ыдысы болғанда, тұмылдырық кигізілген және қысқа бауда, жолаушылардың мазасын алмайтындай жағдайда тасымалданады;

48. Иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдау кезінде тыйым салынады:

1) ауру иттер мен мысықтарды тасымалдауға;

2) нәжіс жинап алатын ыдысы болмаса, тұмылдырықсыз, қысқа бауы болмаса;

3) мас күйіндегі адамдар мен 14 жасқа толмаған балалар иттерді тасымалдауы;
10 тарау. Ауыл шаруашылық және экзотикалық жануарларын, құстар мен бал араларды ұстау
49. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес анықталатын санитарлық аймақтың шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын, құстарды, бал араларды ұстау, көбейту, жаю, айдау құпталмайды.

50. Ауыл шаруашылығы жануарларын, құстар мен бал араларды қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, бақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру орындарынан, сауда, тамақ өнеркәсібі, жалпы дем алатын орындардан, балаларды сауықтыру орындарынан, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның сағасынан қашықтықта орналасқан арнаулы жабдықталған (жабық) орындарда ұстау керек.

51. Жеке тұрғын үй иелеріне оларда бір жанұя тұрған жағдайда, ветеринарлық-санитарлық ережелерінің талаптарын сақтаған жағдайда арнайы жабдықталған тұрақжайда ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға рұқсат етіледі.

52. Облыстың ауа кеңістігінен жабайы құстар ұшып өтетін мезгілдерде, жұқпалы ауыруларды таратушы болуы мүмкін ұшып өтетін құстармен қатынасты болдырмау мақсатында, суда жүзетін құстарды ашық су қоймалары мен тоғандарға жібермей, үй құстарының иелері барлық құстарды жабық орындарда ұстауы керек.

53. Жануарларды ұстайтын орынжайлар апта сайын механикалы түрде тазалануы және дезинфекциялануы тиіс: нәжістер, саңғырықтар, азық қалдықтары және қоқыстар өз уақытында арнаулы белгіленген орындарға шығарылады.

54. Жылдың жылы мезгілдерінде (наурыз айынан қараша айына дейін) жәндіктерге, сондай-ақ кеміргіштерге (тышқандар, егеуқұйрықтар) қарсы күрес мақсатында жануарлар мен құстар тұратын орындарды ай сайын инсектицидтер мен дератизаторлық препараттарымен зарарсыздандыру керек.

55. Ауыл шаруашылығы жануарларын айдағанда, жайғанда, серуендеткенде тұрғындардың қауіпсіздігіне жануар иелері жауап береді. Қала, кент, ауыл көшелерінде, алаңдарында, гүлзарларында, басқа қоғамдық көпшілік пайдаланатын орындарында, ерекше қорғалатын табиғат аумақтарында (осы мақсатта шектеулі және арнаулы бөлінген телімдер) жануарларды жаюға рұқсат етілмейді.

56. Жабайы және үй жануарларын мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде, мектептерде, оқушылар сарайында, және басқа ұйымдар мен мекемелердегі зоологиялық бұрыштарда ұстау ветеринария, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен рұқсат етіледі.

57. Бал аралар ұстайтын жеке және заңды тұлғалар омарталары адамдарға қауіп төндірмейтін орындарға орналастыруы керек. Омартаны қауіпсіз орындарға орналастыру ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның келісімімен анықталады.

58. Омартаны есепке алу және емдеу - сауықтыру іс-шараларын жүзеге асыру үшін әрбір омартаға ветеринарлық төлқұжат беріледі. Төлқұжаттың түп нұсқасы мен берілу тәртібін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган анықтайды.

59. Ветеринария саласында уәкілетті мемлекеттік органның келісімінсіз жануарлардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес арнайы ұстайтын орыны жоқ жағдайда, осы салада арнаулы білімі, осы жануарларды ұстауға машықтанбаған және тәжірибесі жоқ болса жабайы, жыртқыш және улы жануарларды ұстауға болмайды.

Қала мен кенттің тұрғын үй қорының пәтерлерінде ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды (ірі қаралар, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар, маралдар мен бұғылар, тауықтар, үйректер, қаздар, күркетауықтар, бал аралар, мамық жүнді аңдар) ұстауға болмайды.

60. Өзінің қосалқы шаруашылықтарында үй жануарларын күтіп ұстайтын облыс (қала, кент) тұрғындары үй жануарларын ұстауды ветеринариялық – санитарлық бүкіл кешенді шараларын сақтап, тұрғындарды адам мен жануарға ортақ дерттерден сақтауды қамтамасыз етуі үшін төмендегі ветеринариялық нормативтер ұсынылады.


Жануар түрлері

Барлығы 1 басқа керекті тұрақ көлемі, кв.м

Ірі қара мал: сиыр

35,8

қашар

29,1

12-18 ай арасындағы

27,7

3-12 ай арасындағы

19

3 айлық арасындағы төлдер

7,6

Жылқы: бие

38,4

1 жастан жоғары

30,1

1 жасқа дейінгі төлдер

14,4

Қой: аналық қой

11,6

1 жастан жоғары жас қойлар

8,4

Қозы

3,05

Ешкі: аналық ешкі

11,7

1 жастан жоғары

6,3

Шошқа: аналық

24,2

4 айлық жастан жоғары

9,8

2-4 ай арасындағы

7,5

0-2 айлық

1,9

Түйе

-

Тауық жұмыртқа, басар

1,7

Қаз аналық

2,8

Үйрек аналық

2,7

11-тарау. Бақылаусыз қалған жануарлар

61. Көшелерде бақылаусыз жүрген малдарды ұстау, оларды қамау жұмыстарымен айналысатын мекемені жергілікті атқарушы орган белгілейді.

62. Тиісті мекеме:

1) қамауға алынған жануарларды азықтандыру үшін мал түрлеріне қарап тәуліктік мал азықтық (рацион) лимитін жасайды;

2) қамауға алынған жануарларды ұстағандығы жөнінде ішкі істер бөлімдеріне және жергілікті әкімшілікке хабарлайды;

3) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы иесіз жануарлар туралы ақпараттар беріп және атқарылған жұмыстары жайлы мақалалар жариялап отырады;



12 тарау. Жануарларды сату, сатып алу және тасымалдау
63. Қала, кент және елді мекендерде жануарлар жеке және мемлекеттiк меншiк нысанында болуы мүмкiн.

64. Жануарларды белгіленбеген жерлерде, жануардың ветеринарлық анықтамасы мен құжаттарынсыз сату құпталмайды.

65. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында итті сатып алу жағдайы бойынша, оның иесі иттің аты, тұқымы, иесінің мекен жайы мен телефоны жазылған жетоны бар қарғы бау мен тұмылдырық болуын қамтамасыз етуі тиіс.

66. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жануарларды жануарлар иелері қоғамы (клубы) және питомниктер арқылы, зоодүкендерде және жануарлар сатылатын мамандандырылған ішкі сауда объектілерінде сатуға, сатып алуға болады.

67. Қызылорда облысының аумағына шет мемлекеттерден жануарларды алып келу, алып кету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты болғанда жүзеге асырылады.

68. Облыс аумағынан тыс жерге жануарларды тасымалдау (орын ауыстыру) және алып келу ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның берген арнаулы үлгідегі ветеринарлық төлқұжаты мен жүргізілген вакцинациясы мен денсаулығы туралы белгісі бар ветеринарлық құжаты болған жағдайда жүзеге асады.

69. Жануарларды әуе, теміржол және автомобиль көлігінде облыстан тысқары жаққа тасымалдау осы көліктердің түрлерінде жануарларды тасымалдау Ережелері негізінде жүзеге асады.
3 бөлім
13 тарау. Жануарлар иелерінің осы Ережені

сақтаудағы жауапкершілігі
70. Жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау, егер бұл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әрекеттерді қолданып немесе жас балалардың көзінше жасалса кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының қылмыстық Кодексінің 276-шы бабына сәйкес жауапқа тартылады.

71. Тіркелмеген (есепте тұрмаған) және егілмеген иттер мен мысықтарды ұстаған, осы Ережені сақтамаған жануарлардың иелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікте болады.

72. Айыппұл салу немесе өзге шара қолдану кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген тәртіпте шығынның орнын толтырудан босатпайды.

73. Жануарлардың азаматтардың денсаулығына және мүліктеріне келтірілген зиян, заңнамада белгіленген тәртіпте жануарлар иелерінің есебінен өндіріледі.



«Қызылорда облысының елді-мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ережесiн бекiту туралы» облыстық мәслихат шешімнің жобасына түсіндірме жазба


Р/с


Түсіндірме жазбада көрсетілуге тиіс мәліметтердің тізбесі

Әзірлеуші мемлекеттік органның ақпараты

1

Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы

2

Жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155 «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексi, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және 2002 жылғы 10 шілдедегі № 339 «Ветеринария туралы» Заңдарына сәйкес

3

Жоба қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарлар

Жоба қабылданған жағдайда болжанатын әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарлар жоқ

4

Жобаны іске асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар

Қаржы талап етілмейді

5

Жобаны қабылдаудың нақты мақсаттары, күтілетін нәтижелердің мерзімі және болжанатын тиімділігі

Облыс тұрғындарын адамдар мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, сондай-ақ бiрге тұруға қолайлы жағдай жасау мақсатында

6

Жобада қаралатын мәселелер бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған актілері және олардың іске асырылу нәтижелері туралы мәліметтер

Жоқ

7

Заңнаманы кейіннен жобаға сәйкес келтіру қажеттігі

Жоқ

8

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша басқа ұйымдарда қосымша сараптама (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа да) жүргізілген жағдайда оның нәтижелері

Жоқ

9

Өзге де мәліметтер

Жоқ


Қызылорда облысының

ауыл шаруашылығы

басқармасының бастығы Т. Дүйсебаев
Салыстырмалы кесте


Р/с

Құрылымдық бөлімі

Қолданыстағы редакция

Ұсынылып отырған редакция

Негіздеме

1

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Ветеринария бөлімі

-

«Қызылорда облысының елді-мекендерінде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ережесiн бекiту туралы» облыстық мәслихат шешімі


Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155 «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексi, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және 2002 жылғы 10 шілдедегі № 339 «Ветеринария туралы» Заңдарына сәйкес


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет