Жақсыбаев А. Жарқын тағдыр тауқыметі/А. Жақсыбаев//Егемен Қазақстан. 2008-№168-169 (5)



жүктеу 86.45 Kb.
Дата02.07.2016
өлшемі86.45 Kb.


Жақсыбаев А.

Жарқын тағдыр тауқыметі/А.Жақсыбаев//Егемен Қазақстан.-2008-№168-169 (5)

Мәскеудегі "Молодая гвардия" баспасының жұртшылыққа жақсы таныс өрі калың елге кең тарайтын "ЖЗЛ" сериясымен кітап боп жарық көрудің өзі, ең алдымен, кімнің кім екенін дұрыс танып, жан-жақты елеп-екшеудің, әділ таңдаудың нәтижесі болар. Осы сериямен шығуға әр елдің де, әркімнің де таласы бар. Өйткені, ұлтының мақтанышына айналған елеулі перзентінің әлемдік ірі тұлғалар қатарынан көрінуі — елі үшін де абырой. Ілуде біреу ғана ілігетін осы серияның талабы мен талғамына лайық ғұмырнамалық туындыны дүниеге әкелу — автор үшін де бедел болса керек. Түптеп келгенде, асқан дарын иесінің болмыс-бітімі, тындырған ісі арқылы өзге жұртқа өз елін де танытады. Танымдық бағыттағы "ЖЗЛ" сериясына жер-жердегі көпшіліктің ықылас-ынтасы қашан да ерекше.

Жалпы, осы сериямен Қазақстанға қатысты, аз ба, көп пе, жеті кітап жарық көріпті. Соның алғашқысы — Тұрсынбек Көкішевтің "Сейфуллині" еді. Кейінгі екеуінің авторы — белгілі жазушы Медеу Сөрсеке.

1980 жылы оның "Сатпаев" кітабы қалың оқырманның қолына тиді. Енді, міне, 2007 жылы осы автордың тағы бір туындысы — көлемі 32 баспа табақ "Евней Букетов" "ЖЗЛ" сериясымен орыс тілінде жарық көріп, оқырманның еншісіне айналып отыр.

Медеу Сәрсеке академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын зерттеп, шығармаларына арқау етіп, қырық жыл бойына тынымсыз ізденумен болғанын жақсы білеміз. Осы жылдарда қолжазбаны жарыққа шығаруда көрген қиянаты, кезіккен кедергі-тосқауылдары аз болмапты. Мұның өзі Сәтбаевтай аса ірі тұлғаның қоғамдағы, ғылымдағы орнын төмендетуге тырысқан кеселді көзқарастар, қызғаныштан туған кесірлі әрекеттерден туындаған жасанды кедергілер еді. Жазушының төзімі мен табандылығына еріксіз қызығасың. Алған бетінен таймай, өз тақырыбынан ешбір ауытқымай, Қаныш ағаның сан-салалы өмір жолын жария етуге бар қажыр-қайратын жұмсай білді.

Нәтижесінде, осы қырық жыл ішінде бір жығылып, бір тұрып, құштар көңіл таңдаған басты қаһарманының ғүмыр жолын баяндаған үлкенді-кішілі алты кітапты дүниеге келтіріпті. Солардың біздің қазақ әдебиеті үшін ең елеулісі — Мәскеуде жарық көрген "Сатпаев" кітабы болатын. Қазақстанда баспаға жіберілмей, қолжазбасы авторға қайтарылған шығарма Мәскеуде нұсқасы оқырман қолына тиген еді.

Кейін еліміз тәуелсіздік алып, заманның бет алысы өзгерген соң Медеу Сәрсеке 1994 жылы "Қуғындалған Сәтбаев" деген кітабын жазып, сондағы көрген қысым-қиянаттарын, әркімдердің айла-шарғысын, екіжүзділігін нақты мысалдармен кеңінен баяндаған болатын.

Ақырында, көп жылдардағы ізденістердің, күрес тәсілдерінің қорытындысы ретінде 1999 жылы Сәтбаев өмірінің ең бір қомақты әрі жинақты көрінісі — көлемі 40 баспа табақ "Қазақтың Қанышы" атты роман-эссені сәтті аяқтап, жарыққа шығарды. Сөйтіп, шығармашылық азап, кітап жазудың, кітап шығарудың қиындығы, осы жолдағы бастан кешкен бейнеттің бәрі өткен жылдар еншісінде қалды.

Ебіней Бөкетов туралы ғұмырнамалық деректі шығарма жазуға кірісерде Қаныш Сәтбаевқа қатысты көңілінде жатталып қалған сол бір жылдар оқиғалары автордың ойына қайта бір оралған болар. Сол жылдарда көп жағдайды бастан кешті. Мол тәжірибе жинақтады. Мол деректерге кезікті. Нені жазуды және қалай жазуды қаламгер ретінде тәп-тәуір меңгерді. Еркін ойлап, еркін жазу машығы қалыптасып, ой ағымы оқырманды жалықтырмай, оқиға желісімен бірден-бірге жетелеп отырады. Ғұмырнамалық шығарма басты кейіпкерге қатысты әр алуан деректерге, өмірде болған өткен-кеткен оқиғаларға, қоршаған ортадағы түрлі қарым-қатынастарға негізделеді.

Сәтбаев туралы кітаптың жазылу тарихы мен жарық көру тағдырына қарағанда бұл туындының жазылуы да, жариялануы да керісінше, яғни кедергісі аз, келісімі мол шығармашылық сәттілік болғанға ұқсайды.

Ең алдымен, Медеу Сәрсекенің "Ебіней Бөкетов" атты ғұмырнамалық деректі хикаяты 2005 жылы "Қазақстан" баспасынан 32 баспа табақ көлемінде жарық көрді. Екі жылдан кейін, жаңа толықтырулармен "Молодая гвардия" баспасы "ЖЗЛ" сериясымен "Евней Букетов" кітабын шығарды. Екі қалада екі баспадан араға екі жыл салып екі кітап шығару авторға оншалық қиындық туғызбаған тәрізді. Мәскеудегі басылымда кітапқа "Жарқын тағдыр тауқыметі" деген тақырыпшаның қойылуы, академик Бөкетовтің өмірінің соңғы кезеңінде "ақылдың азабын" тартып, қудаланған, жаны жүдеп, күйзелген сәттерінің түйіндісі тәрізді.

Егер "Сатпаев" жөне "Евней Букетов" кітаптарының жазылуын зерттеу ұзақ жылға созылып, көп қиындық туғызғанға ұқсайды. Қанекеңнің ізі қалған сан тарау жолдармен әлденеше рет жүріп өтіп, көз көргендермен кездесіп, сұрап-білу, Мәскеу, Том, басқа да ондаған қалалардың мұрағаттарында ұзақ отырып, түрлі құжаттарды сүзіп шығу, аумалы-төкпелі сол заманның ызғарын сезіп, саяси ағымын ұғу — бәрі де болған.

Ал Бөкетовке қатысты айтар болсақ, жағдай басқаша еді. Автор мен оның өмір сүрген ортасы бір. Уақыт жағынан да бір-біріне жақынырақ. Жас айырмашылығы да алшақ емес. Металлургия — автордың да төл мамандығы. Өткен ғасырдың 50-жылдарында ол Қазақ тау-кен-металлургия институтының металлургия факультетіне түсіп, бес жыл оқығанда осы факультеттің доценті Бөкетовпен жақын танысып, жиі араласады. Ебіней аға "Сирек металдар металлургиясы" курсы бойынша дәріс оқиды, кейін тәжірибе жүмыстарына жетекшілік етеді. Содан соң әдебиетке деген құштарлық екеуін тез табыстырса керек.

Осылай басталған өзара қарым-қатынас жыл өткен сайын нығайып, тамыры терең достыққа, ағалы-інілі тығыз байланысқа ұласады. Бертін келе Медеу Сәрсеке инженер-металлург мамандығын жайына қалдырып, әдебиетке біржола бет бұрғанда ғалым-металлург Ебіней Бөкетов те әдебиетке араласып, сын мақалаларымен, көркем аудармаларымен көріне бастайды. Екеуі де Жазушылар одағының мүшесі болды. Әдебиет саласында мақсаттары бір арнада түйісіп, олар Сәтбаевтың өмір жолын зерттеуге, өз шығармаларына арқау етуге кіріседі. Бұл бағытта екеуінде де бақталастықтан гөрі ынтымақтастық басым боп, бір-бірімен кеңесіп, пікірлесіп отырған.

Бөкетовтің он жыл бойына — өмірінің соңына дейін сан мәрте қайта бастап, қаншама мәрте қайта көшірген Қаныш Сәтбаев туралы кітабы аяқталмаған қалпында жазу үстелінің тартпасында қалыпты. Оның бір себебі — сол кездегі биліктің Бөкетовтің қандай да болмасын туындысын қайткенде баспа бетіне жолатпау әрекетінен еді. Оны өзі де жақсы біліп, амалсыз көнуге мәжбүр болды. "Бала Қаныш" деген деректі хикаяты өзі өлген соң 1999 жылы ғана "Қазақстан" баспасынан жарық көрген еді. Осылайша, өмірінің соңғы жылдарында ғылымда ғана емес, жазушылық еңбектеріне қатысты көрген қысымы, тартқан тақсіреті аз болмапты.

Сонда "Бөкетовтей ірі тұлға не үшін жазықты болыпты?" деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Ебекеңнің жылдан-жылға зорая түскен беделі, ел алдындағы биік абырой-атағы, көпшілік ұғымында Сәтбаевтың лайықты ізбасары саналуы биліктегі біреулерге ұнамаса керек. Содан оны төмендетудің түрі амалы жасалған болса керек. Өзі де қарағайдың қарсы біткен бұтағындай илікпеді.

Медеу Сәрсеке өзінің кітабында Бөкетовті үнемі "ұстазым" деп атайды. Сол ұстазы туралы ғұмырнамалық кітап жазу туралы ұсыныс болғанда: «Қалай жазам? деп көп қинала қоймаса керек. Кейіпкері — елге жақсы таныс. Академик, ғылым докторы, КСРО Мемлекетгік сыйлығының лауреаты. Өзі де осы ұстазының — көрнекті ғалым, белгілі әдебиетші Ебіней Бөкетовтің қыр-сырына әбден қанық, көп жыл араласқан, жақыннан жақсы таныған адамы. Бар саналы өмірі Алматы, Қарағанды өңірінде өткен. Қызмет еткен жері де санаулы-ақ. Әуелі Алматыдағы тау-кен-металлургия институтында директордың оқу істері жөніндегі орынбасары. Содан кейін Ғылым академиясының сол кездегі президенті Қаныш Сәтбаевтың ұсынымен Қарағандыға ауысып, 1960-1972 жылдар аралығында химия-металлургия институтының директоры қызметін атқарды. 1972-1980 жылдарда жаңадан ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болды. Осы жылдарда тындырған істері бір кітапқа мол материал екені анық. Қызметтес болған көзі тірі куәгерлер де көп. Құжат-деректер жеткілікті. Баспасөзде жарияланған Бөкетов туралы естеліктер де баршылық. Бұған қоса туған інісі Қамзабай Арыстанұлы дерегі мол "Асыл аға" естелігін жеке кітап етіп шығарған болатын. Бөкетовтің өзі жазған "Алты хат" деген өмірбаяндық көлемді шығармасы және бар. Осының бәрі авторды жазу үстеліне жетеледі. Сонымен, Бөкетов туралы өмірбаяндық кітап тез жазылып, бір жарым жылда аяқталып, баспаға ұсынылды.

Он үш тараудан тұратын осы кітаптан: "Бөкетов деген кім? Не істеп, не тындырды? Несімен атақты? Артында қандай із қалдырды?" деп, сүрген өмір, жүрген жолдың мән-мағынасын айқындайтын, еліне сіңірген еңбегін әйгілейтін сауалдардың жауабын іздеп, өзіңше ой түйіндегің келеді.

Табиғи дарынымен қоса әу бастан бойына біткен күрескерлік, кайраткерлік қасиет өзі жүрген ортада Бөкетовті дараландыра түседі. Дене бітімі де кесек. Ақылға біткен жазық маңдай, жалпақ жауырын, кең иықгы, ұзын бойлы, еңгезердей тұлғасы еріксіз батырдың тұқымы дегізеді. Бұл әулет тектілігімен, ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған ынтымағымен елге танылған. Арғы атасы Алыпқаш жоңғарлармен қиян-кескі соғыста қол бастаған, егде жасқа келгенше елін қорғап, аттан түспеген ер екен. Батырдың есімін ұрпақтары күні бүгінге дейін ұмытпай, ерлігін аңыз етіп айтады. Сол аймақтағы іргелі ауыл, шалқар көл кезінде Алыпқаш аталыпты. Ебіней алғаш Алматыға оқуға аттанарда ауылдың ақсақалы оған: "Алыпқаш бабаңдай намысыңды жатқа берме. Батыр болмасаң да еркінді ешкімге билетпе", деп бата бергені жадында жатталып қалыпты.

Батырдың тұқымы ғой, тектілігі және бар, жасынан табанды, төзімді боп, былайғы өмірінде де айтқанынан қайтпайтын, көздегенінен таймайтын ер мінезімен, тыным бермес талабымен ғылыми ортада бірден көзге түсіп, дараланып, ез тобынан озық жүрді. Кезінде металлургия, химия ілімдерінің асқан білгірі саналды. Өз маңына ғылымға берілген, ізденгіш, талапты жастарды топтастырып, «Бөкетов мектебін» қалыптастыруды да айтарлықтай өнегелі іс еді. Жаңа бағыт, тың ізденістерге өріс ашып, зерттеулердің болашағын болжай білу, көргендік таныту, қарауындағы ғалымдарға нақтылы ақыл-кеңес айтып, дер кезінде қолдау көрсету – Бөкетовтың ғылымды ұйымдастырушы ретіндегі сан-салалы қызметін әйгілей түседі.

Ебіней аға ұзақ жыл басшылық еткен Қарағандыдағы химия-металлургия институты Орталық қазақстандағы тау-кен, металлургия институты Орталық Қазақстанда тау-кен , металлургия өнеркәсібінің өркендеуіне қызмет етіп, сондағы комбинаттарда жаңа технологияны енгізуге міндетті болды. Академик Сәтбаев отыз бес жастағы ғылым кандидиаты Бөкетовты өзіне сенімді шәкірт санап, қолдау көрсетіп, Қарағандыдағы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметіне баруды өтінгенде, оның алдына осындай талаптарды қойған болатын. Осы сенімді ақтағысы келіп Ебекең өз тарапынан ғылыми ізденістерді жетілдіріп, жаңа технологияны өндіріске енгізуге ақыл-ойын жұмсап бақты. Қарағанды химия-металлургия институтының сол жылдарда жүргізген зерттеулері, ашқан жаңалықтары өндіріске енгізіліп, орасан кіріс кіргізуі — бәрі де ғылыми ортада, Мәскеу, шетелдерде қызығушылық туғызып, талай ғылыми конференциялардың тақырыбына айналды. Алдыңғы орындағы ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналды. Соның бәрінде академик Бөкетовтің идеясы, ғылыми өресі, жетекшілік еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті айрықша аталатын еді.

Бұлардың бәрі-бәрі ғұмырнамалық кітапта нақты мысалдарымен, болған оқиғаларымен жан-жақты қамтылып, кеңінен баяндалған. Академик Бөкетовтің ғылымдағы орнын елі де білді, бағалады. Әсіресе, Орталық Қазақстанда академик, институт директоры, кейін университет ректоры Ебіней Арыстанұлының ғылымдағы жетістіктері, басшылық қызметі, жан-жақты білімдарлығы, кісілік келбеті асқан құрметпен жиі аталатын еді. Бұған оның жазушылығын, аудармашылық, қызметін қосыңыз. Шекспирдің "Макбет", "Юлий Цезарь" тарихи драмаларын, Есениннің өлеңдері мен поэмасын, Маяковскийдің поэмаларын қазақшаға аударып, кітап етіп шығару да — үлкен еңбек болар. Бұлар — сан қырлы таланттың тамаша көріністері.

1983 жылы ауру жүрек әлсіреп, соғуын тоқтатқанда елу сегіз жасында дүние салған сәтінде "тындыра алмай кеттім-ау" деп өкініп, талай ойларды, болашақ жобаларды өзімен бірге о дүниеге әкеткен де шығар. Өмірінің соңғы кезеңінде жүйкесін жұқартып, жүрегін ауыртқан, жолына кедергі боп, жанын жүдеткен жағдайлардың болғанын осы кітаптан да оқып білеміз. Әйтпесе 1981 жыддың 16 мамырында Мәскеудегі академик В.И.Спицинге жолдаған хатында өлерінен екі жыл бұрын: "Қазір мен үйдегі кітаптарыма ғана билігім бар кіріптар халдемін..." деп қайбір жетіскеннен жазды дейсіз.

Тәуелсіздіктің арқасында бәрімізге де жақсы күндер туды. Сөз түзелді. Бар шындықты бұрынғыдай жалтақтамай, болған қалпында ашық әрі еркін жазатын болдық.



Медеу Сәрсеке де өзінің кітабында Ебіней Бөкетовтің бір басындағы бар сүйініш-күйінішіне оқырманды куәгер етіп, қоспасыз, әсірелеусіз, шынайы, болмыс-бітіміне сыйымды етіп бейнелепті. Оның бедерлі өмір белестерінің елеулі әрі бетбұрыс кезеңдеріне көбірек тоқталады. Кейіпкерінің толыққанды, сан қырлы бейнесін жан-жақты көрсету үшін түрлі тәсілді қолданады. Деректерге сүйенеді. Бөкетовтің әркімдермен жазысқан хаттарынан, жарық көрген кітаптарынан үзінділер келтіреді. Қызметтес болған замандастарының жүрек-жарды әңгімелерін пайдаланады. Отбасылық жағдайынан да хабардар етеді.

Автордың өзі де металлургияның қыр-сырына жетік екені, нені де болсын біліп жазатыны аңғарылады. Себебі ол — техникалық жоғары білімі бар инженер-металлург болумен бірге өндіріс тақырыбына жазылған, әдеби сында жақсы бағаланған бірнеше романның авторы, белгілі жазушы. Сондықтан тақырыпты меңгеруі еш күмөн туғызбайды. Автордың өзі де Бөкетовке қатысы бар бірталай дүниелерді жылдар бойы жинап жүргенін жасырмайды. Нәтижесінде, өзара тығыз байланыс, еркін әңгіме, ашық пікірлердің бәрі Бөкетов туралы толымды кітапты толыктыра түсіпті.
: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
download -> Сабақ тақырыбы Ынтымақтастық және топтағы бірлескен жұмыс Жалпы мақсаты
download -> Сауат ашу оқу бағдарламасы
download -> Қахар (КӨшпенділер — 3)
download -> Алмас қылыш (КӨшпенділер — 1)
download -> Жанталас (КӨшпенділер — 2)
download -> Тақырыбы: Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте. Секция: қазақ әдебиеті
download -> Жалпы орта білім деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
download -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
Files -> Бөкетов, Қ. Ана мерейі / Қамзабай Бөкетов // Орталық Қазақстан. 2006. 7 наурыз (№45). Тағзым «Ана» деген сөз адам баласына өте қымбат əрі қадірлі сөз. «Алып анадан туады»
Files -> Ерсінұлы Қ. Қалдырған ізің мәңгілік / Қ. Ерсінұлы // Орталық Қазақстан. 2005. 24 наурыз




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет