«Жасыл» экономика болашақтың жарқын болашағы



жүктеу 58.94 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі58.94 Kb.
«Жасыл» экономика - болашақтың жарқын болашағы
Д.К.Тулегенова, агрономия факультетінің деканы, а.ш.ғ.к, доцент

А.Т.Сайфуллина, Г.С.Серикова экология мамандығының 3 курс студенттері

Ата-бабамыздың даналығына шек жоқ. Бұған дәлелдің бірі – табиғат көріністері мен құбылыстарына жіті зер салуы. Табиғатты тал бесікке балайды. Жерді анаға, елді балаға телиді. Жердің ел ырысы екендігін қадап айтады. Нәтижеде жер тағдырын ел тағдыры тұрғысында түйіндейді. Себебі, жер екеш жер де ауырады. Ағаш жапырағымен, жер топырағымен сәнді. Ормансыз жер жалаңаш, армансыз ер жалаңаш. Сорлы жерге ақбас шөп шығады. Жер отты болса, мал сүтті. Орман – жер сәулеті. Көлдің құты кетсе, көкқұтан бір жыл бұрын кетеді. Қысқасы, жерін қорлаған жерленбей қалады. Бұрынғылардың ғұмырыңды ұзартқың келсе, ағаш ек деуі ақылға сыйымды. Тек, сөз түсінер жас, ойланар ұрпақ болғай!

Бүгінде әлемнің әр түкпірінен небір экологиялық апаттардың дүмпуін құлақ шалады. Жер – біртұтас ұғым. Әлеми шатасулардың әсері өзге тұнық өлкелерді шарпымай тұрмайды. Ал экологиялық апаттардың алдын алудың, болдырмаудың жолы қайсы? Ол – әр іске ғылыми тұрғыда келу. Бұл ретте Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында ғылымға айырықша көңіл бөлінуі бекер емес.

Ғылым қай кезде де қоғам дамуының басты кілті, жойқын апаттардың алдын алу амалы саналғандықтан, оған ұдайы екпін бере, алға тарта сөйлеуіміз заңды құбылыс. «Таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз. Мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады», - деп, Елбасымыз мәселені айқын нақтылады. Ал «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетіні айтылды. Бұл аграрлық ғылымды дамыту мәселесі екені айқын. Табиғи азық-түлік өндірумен қатар құрғақшылыққа төзімді гендік-модификацияланған өнімдер өндірісін жүргізу кезеңі кезекте. Осы және өзге де салаларды қарқынды дамыту жолында шетелдерден тартылатын инвестицияны білім мен жаңа технологияларды трансферттеуге пайдалану керек-ақ.

2013 жылдың 30 мамырында Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы» қабылданғаны мәлім. Енді баршамызға осы тұжырымдама негізінде кешенді істерді қолға алу жөн. Атап айтсақ, су ресурстарын орнықты пайдалану, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту мен экожүйелерді сақтап қалу, тиімді басқару сияқты шаралардың қай-қайсысы болсын ғалымдардың, кәсіби мамандардың араласуымен ғана жүзеге асары талас тудырмайды. Осы қағидалардың бірқатары тікелей «жасыл» экология, «жасыл» агрономия, «жасыл» химия екендігін ескерсек, «жасыл» экономиканы «жасыл» экологиясыз, жасыл агрономиясыз, «жасыл» химиясыз жүзеге асыру мүлдем мүмкін емес. Мәселен, мамандардың пікірінше, «жасыл» химия атауының өзі кез келген химиялық үдерісті қоршаған ортаға залалын тигізбейтіндей дәрежеге жеткізу үшін жетілдіре түсу, өзгерту мағынасын білдірмек. Ал «жасыл» химияның аясындағы мәселелерді екі бағытқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, экологиялық тұрғыдан қауіпті болып келетін қосалқы заттарды және пайдаланылған реагенттерді қайта өңдеу болса, екіншісі, экологиялық қауіпті заттар мүлде түзілмейтін немесе қолданылмайтын жаңа немесе жетілдірілген үдерістерді жасап, өндіріске енгізу болмақ.

Десек те, химияға қатысты бүгінде түсініктер әрқилы. Бұл ретте химия өндірісіне қарсы шығатын адамның өзі химия өнімінсіз күнделікті тіршілігін көз алдына елестете алмасы да хақ. Қазіргі тұтынып жүрген заттарымыздың қай-қайсысы да химиялық өнеркәсіпке соқпай өте алмайды. Мәселен, әр адамның қолданысындағы ұялы телефондар пластиктен және қырыққа жуық химиялық элементтерден құралатынын біреу білсе, біреу біле бермейді. Киімнің, сөмкенің белгілі бір бөліктері, ыдыстар, кеңсе тауарлары сынды адамзаттың өміріне аса қажетті бұйымдардың барлығы дерлік химиялық өнімдерге қатысы бар. Демек, химия өміріміздің барлық саласын толық қамтиды.

Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – қай өндірісте де «жасыл» экономика ережелеріне, ұстанымдарына, қағидаттарына сәйкес өнім өндіру қағидасын басшылыққа алу. Бұл бір күнде шешіле салатын шаруа емес, себебі, ғылыми-техникалық үдеріс орын алғаннан бері адамзат баласы, ең алдымен, өнім өндіруді, қазба байлықтарын өңдеуді қолға алған болатын. Ал экологиялық проблемалар тек ХХ ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтқанда, 1972 жылдан бастап өзекті бола түсуде. Алғашқы кезекте дамыған елдер ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаға тигізетін әсердің байланысына көңіл бөле бастады. Қоршаған ортаның күйін «ресурс» деп қарастырсақ, ресурстық-экологиялық көзқарас негізгі түсінікке айналуы шарт.

Бізге өнеркәсіпті дамыту жолында өндіріс орындарының атмосфераға өте көп мөлшерде шаң-тозаңдар мен түрлі зиянды қоспаларды шығарып тастап жүргені мәлім. Мәселен, адамзат іс-әрекеті салдарынан атмосфераға жылына 150 млн. тонна күкірт тотығы ұшып шыққан болса, оның 15 млн. тоннасы ғана әртүрлі қондырғыларда ұсталынып, нәтижесінде, күкірт қышқылы алынды. Қоршаған ортаны улауда зияны мол бұл газдың көпшілігі жылу электр стансаларынан және түсті металлургия өндірістерінен бөлінгені де белгілі. Кейінгі жылдары болат, шойын, цемент және т.б. заттардың орнына синтетикалық материалдар қолданылып жүр десек, ал мұндай синтетикалық заттардың қоршаған ортаны бүлдірудегі орны алапат. Себебі, олар шірімейді, нәтижеде табиғи ортаны (суды, топырақты) пәрменді тұрғыда ластайды. Ғалымдардың болжауынша, егер қажетті шаралар дер кезінде қолданылмаса, 50 жылдан соң қазіргі қарқындағы өндіріс нәтижесінде темір тотығының топырақтағы және судағы мөлшері екі есе, ал мырыш пен қорғасын 10 есе, сынап, кадмий, стронций 100 есе, ал мышьяк 250 есеге дейін артады екен. Бұл элементтердің, олардың қосылыстарының биосфераның белгілі бір бөлігінде көп мөлшерде жинақталуы адамзатқа жантүршігерлік теріс өзгерістер алып келетінін болжау қиын емес. Не болмаса, Астана қаласы көшелеріндегі алуан техникадан ұшыққан қалдықтарға толы майлы қарды тиісті орындарға апармай, қаладан шыға төге салу салғырттығының кесірінен күн ысыған кездегі кәдімгі масаның «тажал» кейіпке енуі, т.б.



«Жасыл экономика» - адамдардың тұрмыс деңгейін биіктететін, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, бұған қоса қоршаған ортаның қауіпсіздігін біршама қалыптандыратын экономика арнасы. Сондай-ақ, «жасыл экономика» табиғатты қорғау бағытындағы инвестицияны қолдауға орайлас күллі саясат пен экономика секторларындағы жүргізілетін реформаларға ыңғай білдірер өзіндік мақсатқа ие. Ал шетелдік тәжірибеде тұрмыстық деңгейдегі «жасыл экономикаға» көшу қоршаған ортаны таза қалыпта сақтауда мейлінше мол мүмкіндіктерді қолдануға саяды. Бұған «жасыл тұтынушылар», «жасыл өнім», «жасыл тауар», «жасыл маркетинг және коммуникация», «жасыл құрылыс», «жасыл үй», «жасыл шатыр мен қабырға», эколандшафт, экоинновация және «таза технологиялар», «жасыл инвестиция», «жасыл ауылшаруашылығы», «жасыл өмір сүру салты» секілді ұғым-түсініктердің пайда болуы мен кең көлемде қолданылуы тән.

Әлемдік деңгейде «жасыл экономика» саласына ден қойып, ілгерлі табыстарға қол жеткізген елдер сапынан Германия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Швеция, Мексика, АҚШ мемлекеттерін атауға болар еді. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарының өзінде-ақ Сингапурдың ел көлемінде экологиялық тазалықты сақтау мақсатында әлемде тұңғыш рет ақылы жолдар жүйесін енгізуі; Германияның өндіріс қалдықтарын тиімді өңдеу жөнінде алдыңғы орынға шығуы. Бұл тізімге Швециядағы, Индиядағы, Мексикадағы, Тайландтағы «жасыл экономика» бағытындағы өрісті қадамдарды қосыңыз. Демек, адамзат мәңгілігін қамтамасыз етер ортақ істе бір-бірімізден үйренер істер жоқ емес.



Қазақстанда да соңғы кезекте «жасыл экономика» саясатына орайлас тың істер бастау алуда. Елімізде 2020 жылға дейін 13 жел станциясы, оннан аса кішігірім ГЭС және төрт күн станциясының құрылысы аяқталмақ. Нәтижеде Қазақстанда осы қолға алынған энергия көздері негізінде мыңнан аса мегаватт энергия алу жоспарлануда. Бұған қоса барлық «ЭКСПО - 2017» нысандары «жасыл» энергиясы бағытында жұмыс жасамақ. Дау жоқ, бұл орайда мемлекеттік деңгейде әзірленген 2030 жылға дейінгі электроэнергетиканы дамыту тұжырымдамасы, жылу-энергетикалық секторды дамыту тұжырымдамасы және «жасыл экономика» стратегиясы құжаттарының салмағы ерекше болмақ.

Қорыта айтсақ, адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтар табиғаттың тілі жоқ. Демек, ел мен жердің табиғатын аялау, көз қарашығындай сақтау – мына жарық дүниедегі күллі адам баласының перзенттік парызы. Ал бүгінгі адам қолымен ластанған қоғамда әлемді түлетер іргелі қозғалыс «жасыл экономикаға» ден қою екендігіне күмән жоқ.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет