Кентпаева м. О.,Базарханова с. А



Дата03.10.2019
өлшемі95.91 Kb.
КЕНТПАЕВА М.О.,БАЗАРХАНОВА С.А.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен


КОЛЛЕДЖДІҢ ОҚЫТУ ҮРДІСІНДЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ
«Біздің міндет жаңа технологияларды, идеялар мен

көзқарастарды пайдалана отырып, білім мен бәсекеге қабілетті

ұрпақ тәрбиелеу»

Н.Ә. Назарбаев


Қазіргі колледж оқушысы болашақ мамандығын кәсіби бағдар арқылы таңдап алған соң, оның өндірістегі білікті кадр болып қалыптасуы колледж оқытушыларының міндетіндегі іс болып табылады. Ол үшін колледждердің оқу процесі жаңаша ұйымдастырылып, арнайы пәндерге арналған зертханалық жұмыстар оқытудың инновациялық технологиясымен  байланыстырылуы тиіс. Бұл жөнінде өткен Елбасы Жолдауында «Отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және нақты құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз» деп нақты тапсырма ретінде атап көрсетілген еді. Мұның орындалуына барынша атсалысу – оқу орны қызметкерлерінің барлығына бірдей міндет болып жүктеліп отыр.

Жалпы біз сөз етіп отырған инновациялық технологиялар оқу процесіне педагогикалық оқыту технологиялары болып 1970 жылдары батыстың педагогикалық әдебиеттерінен келген. Бұл – әртүрлі типтегі білім беру ұйымдарының оқу процесінде кадр даярлау, біліктілік көтеру, материалдық қамтамасыз ету, басқару және т.б. сияқты оқытудың әртүрлі жүйесінде қолданылатын технологияны сипаттап береді. Дегенмен, осы технологияларды қазіргі жаһандану дәуіріндегі жаңашыл құралдармен байланыстыра отырып, оқу процесіне жаңа инновациялық технология ретінде енгізу – әрбір оқытушының міндеті. Әсіресе теорияны тәжірибемен байланыстыруда негізгі ақпарат көзі болып табылатын арнайы пәндерді инновациялық технологияларды пайдалана отырып жүргізу  білім сапалылығын арттырып қана қоймай, білім алушының танымдық көзқарасын да кеңейтеді.

Қазіргі кезде оқу процесінде қолданылып жүрген көптеген инновациялық технологиялар бар. Ол үшін оқытушы өзінің ақпараттық құзыреттілігін үнемі дамытып отыруы тиіс. Техникалық колледж оқытушысы ең алдымен оқытудың инновациялық технологиясына сәйкес техникалық құралды дұрыс таңдап алуы, сабақ жоспарын жаңа технология талаптарына сай құра білуі, тапсырмаларға сәйкес техникалық құрал қажеттілігін дұрыс жіктей алуы, сонымен қатар, өткізілген жаңа сабақтан нақты қорытынды мен нәтиже көрсете алуы тиіс.  Технологиялардың түрлері білім берудің мемлекеттік стандартында анықталған және арнайы бекітілген оқыту мазмұнына ешқандайда нұсқан келтірмейді, керісінше оқу пәндерінің үлгілік бағдарламасында көрсетілген мақсатқа оқытудың бұрыннан қалыптасқан әдістерімен өзара бірлікте қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа инновациялық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу - тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді. Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры» деп аталады. Қазақстан Республикасы да ғылыми - техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді.

Қазіргі кезде біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшіп келеді, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық - коммуникативтік технологиялар педагогтар қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналып отыр.

Инновациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникативтік байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Жедел дамып отырған ғылыми – техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық процесінің негізіне айналды.

Елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, оның мазмұнының түбегейлі өзгеруі, оның дүниежүзілік білім кеңістігіне енуі бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге, оқытушылар алдына жаңа талаптар мен міндеттер қойып отыр. Білім беруді ақпараттандыру – жаңа инновациялық технологияны пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асырады.

Оқыту үрдiсiнде инновациялық технологияны қолдану оқытушы мен оқушы қарым - қатынасының бұрынғы қалыптасқан жүйесiн, олардың iс-әрекеттерiнiң мазмұнын, құрылымын үлкен өзгерістерге ұшыратады. Қалыпты бiлiм беру жүйесінде оқытушы – оқушы - оқулық түрінде құрылған үш жақты байланыс бұзылып, оқытушы – оқушы - компьютер - оқулық жүйесі пайда болды. Мұндай жүйеде бiлiм беру оқыту үрдісінде компьютерді қолдану бiлiм мен бiлiктiлiкке қоятын талаптарды қайта қарап, жетiлдiрiп, жүйелеудi талап етедi. Ақпараттандыруда технологияның негізгі бағыты ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес қоғамды дамытудың жоғары тиімділікті технологияларына сүйенген жаңа білім стратегиясына көшу болып табылады. Осыған сәйкес қазіргі білім жүйесінің ерекшеліктеріне – оның іргелілігі, алдын алу сипаты және оларға қол жеткізу мүмкіндіктері жатады.

Жаңа ақпараттық инновациялық технологиялар дегенiмiз – бiлiм беру iсiнде ақпараттарды даярлап, оны бiлiм алушыға беру процесі. Бұл процесті icкe асырудан негiзгi құрал компьютер болып табылады. Компьютер - бiлiм беру iсiндегi бұрын шешiмiн таппай келген жаңа, тың дидактикалық мүмкіндіктерді шешуге мүмкiндiк беретін зор құрал.

Колледж оқытушылары үшін жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланудың тиімділігі:

-  оқушының өз бетімен жұмысына;

-  уақытын үнемдеуге;

-  білім-білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексеруде;

-  шығармашылық есептер шығару кезінде физикалық құбылыстарды түсіндіру арқылы жүзеге асыру;

-  қашыктықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;

- қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;

- экономикалық тиімділігі;

- іс-әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйренуде (би өнері, қол еңбегі, дене шынықтыру сабақтары т.с.с);

- қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақ пен есту мүмкіндіктері болмайтын табиғаттың таңғажайып процестерімен әр түрлі тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді;

- оқушының ой-өрісін дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор.

Инновациялық технологиялардың жаңаша түрлерінің бірі – практикалық  және зертханалық  сабақтарды қызықты етіп өткізуге арналған виртуалды зертханалық жұмыстар. Виртуалды зертханалық жұмыстар – компьютерлік 3D имитациялық тренажерлары болып табылады. Олар оқушылардың кәсіби қабілеттерін және  ішкі түйсіктерін қалыптастыру мен  жетілдіруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Виртуалды зертханалық жұмыстар – бұл түрлі құрал-жабдықтар мен қондырғылар қолданылатын шынайы зертханалық жұмыстардың (тәжірибелердің)  аналогы болып табылады, алайда виртуалды зертханалық жұмыстардың шынайы зертханалық жұмыстардан басты айырмашылығы бұл олардың компьютерде орындалуы. Виртуалды (компьютерлік) зертханалық жұмыстардың артықшылығы:

- оқу орны ауданы мен қаржы шығындарының үнемділігі;

-зертханалық жұмыстарды әрбір оқушының жеке-жеке орындау мүмкіндігі;

- оқытылатын жабдықтармен қауіпті және апаттық режимдерде жұмыс жасау мүмкіндігі;

- тәжірибе шарттарын өзгертудің мүмкіндігі;

- пайдалану шығындарының болмауы.

Әр түрлі технологиялар кәсіпшілік дағдылары мен іскерліктерін, ішкі түйсіктері мен шығармашылық қабілеттерін әр түрлі дамытуға мүмкіндік береді.

Haskett consulting inc. (HCI) соңғы зерттеулері бойынша: «Адамдар көрген ақпараттарының 20%-ын, көріп-естіген ақпараттарының 40%-ын және көіп, естіген және жасаған нәрселерінің 70%-ын есте сақтайды». Осындай мәліметтер Ресей және шетелдік ақпарат көздерінен алынған нәтиже бойынша -

Есте сақтаудың пайыздық үлесі:

- мәтін оқыған кезде  - 10-30%;

- сызба мен кестелерде көбен көрген кезде - 20-40%;

- көріп-естіген кезде (мультимедиа) - 30-50%;

- айтып-жазған кезде  (интерактив) - 50-75%;

- көріп-жасаған кезде (модельдеу, тренажерлар) - 65-95%.

Осыған орай, виртуалды шынайылылықты қалыптастыру технологиясының көмегімен білім берудің тиімділігін арттыруға болады деген қорытынды жасауға болады, өйткені бұл жағдайда адамның бірнеше қабылдау каналдары (көру,есту, кинестика) қамтылады.

Инновациялық технологиялардың тиімді түрлерінің бірі - электроңдық оқу құралын арнайы пәндерді оқытуда интерактивті техника және технологияларды қолдану - бұл оқу курсының ең маңызды бөлімдерін, сонымен бірге есептер жинағы, анықтамалар, энциклопедиялар, оқу эксперименттерін жүргізу нұсқаулары, практикумға, курстық проектілерге нұсқау және т.б. білім беруді басқаратын электрондық оқу құралы.

Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы тандалған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест жұмыстарын орындап, анимациялық практика тапсырмаларымен жұмыс жасауға дағдыланады. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тындатып көрсетуге болады. Бұл, әрине мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген баланың кұштарлығы оянады деп есептеймін. осылайша оқыту құралдарының бірі - электрондық оқулық. Ол оқушыларды даралай оқытуда жаңа информацияларды жеткізуге, сондай-ақ игерілген білім мен біліктерді тестік бақылауға арналған бағдарламалық кұрал.

Білім - болашақ бағдары, кез-келген маман даярлайтын оқу орынның басты міндеттерінің бірі - жеке тұлғаның кұзіреттілігін дамыту. Құзірет - оқушының жеке және қоғам талаптарын қанағаттаңдыру мақсатыңдағы табысты іс-әрекетіне қажетті білім дайыңдығына әлеуметтік тапсырыс. Құзыреттілік - оқушының әрекет тәсілдерін жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі.

ҚР «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған, білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделді. Бұл міндеттерді шешу үшін мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге жол ашады.

Сондықтан сабақ барысын жаңаша ұйымдастыру қажет. Оқушының пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру керек деп есептеймін. Әр сабаққа дайындық – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі, сабақты ыңғайына қарай түрлендіре түссе, әр сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді қолданса, сабақтың мазмұны ашылады.

Жалпы инновацияны модификациялық, комбинаторлық, радикалдық деп үш түрге  бөлуге болады.

Модификациялық инновация – бұл бұрын қолда барды дамытумен, түрін өзгертумен айналысу. Бұған В.Ф. Шаталовтың математикаға жазған тірек конспектісі жэне оны көптеген мұғалімдердің пайдалануы мысал бола алады.

Комбинаторлық модификация – бұрын пайдаланылмаған, белгілі әдістеме элементтерін жаңаша құрастыру. Бұған пәндерді оқытудың қазіргі кездегі әдістемесі дәлел.

Радикалдық инновация  – білімге мемлекеттік стандарттарды енгізу жатады. Мемлекеттік стандарт білім беруде, негізінен, мөлшерлерді, параметрлерді, деңгейлік және сапалы оқытудың көрсеткіштерін қалыптастырады.

Еліміздің барлық оқу мекемелерінде білімнің жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – жаһандану заманында білімнің бүкіләлемдік кеңістігіне ену. Осыған орай, білімнің мазмұны да, оған қойылатын талаптар да өзгереді.

Жалпы қорыта айтқанда, оқу процесінде инновациялық технологияларды қолданып сабақ түсіндірудің маңызы өте зор және оқушының өз мамандығына қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, мамандық сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда үлесі мол. Осы біліммен өндіріске барған жас маман кейінгі заманауи мүмкіндіктермен жұмыс жасау шеберлігін қалыптастыра алады. Сондықтан оқу процесінде инновацияны қолдану – біздің басты міндетіміз болып саналады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ



1)    «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты // Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жыл 14-желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауы.

2)     Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 27-сі. № 320-ІІІ ҚРЗ // ЕҚ,  № 160 15.08. 2007

3)    Өстеміров К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары: оқу құралы. -Алматы: ЖШС «Казпрофтех», 2007.

4)     Масырова Р.Р. Инновации в среднем общем образовании Казахстана: анализ и тенденции развития. Монография. – Алматы:КазГосЖенПИ, 2008. – 320 с.



5)     Загвязинский В.И. Инновационные процессы в образовании. –Тюмень, 1990. – 390 с.

Достарыңызбен бөлісу:


©tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет