Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сөз заттың, құбылыстың, қимыл-қозғалыстың атауы қызметінде белгілі бір мағыналық сипатқа ие болады. Ал сөздер арқыл



жүктеу 80.24 Kb.
Дата04.07.2016
өлшемі80.24 Kb.
Ә. Кекілбаев шығармаларындағы лексика-фразеологиялық тіркесімділіктердің сипаты

Сыздықова Г.О.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Сөз заттың, құбылыстың, қимыл-қозғалыстың атауы қызметінде белгілі бір мағыналық сипатқа ие болады. Ал сөздер арқылы белгіленетін зат, құбылыс, сапа, белгі, қимыл атаулары арасында өзара түрлі байланыс пен қарым-қатынас жүзеге асады. Бұл тілдің белгілі бір тарихи кезеңінде сөз мағынасының дамуына, өзгеруіне әсер етеді. Тілдің құрылымдық жүйесінде басқа сөздермен өзара қарым-қатынасқа түсіп, байланысу негізінде сөз мағынасы сол сөз арқылы берілетін ұғыммен ғана анықталмайды. Сонымен қатар сол сөздің грамматикалық категориясы, сөз таптары жүйесіндегі орны, оның басқа сөздермен нақты лексикалық байланысы, синонимдерімен қарым-қатынасы да сөздің мағыналық реңкін анықтауға мүмкіндік береді.

Түрлі сөз таптарындағы сөздердің семантикалық сипаты мен мағыналарының байланысу жолдары бірдей емес. Мәселен, зат есімдерге қарағанда етістіктердің мағыналық құрылымы анағұрлым кеңірек. Сондай-ақ есім сөз таптары қатарында зат есімдер мағыналық құрылымы мен тіркесімділігі тұрғысынан басқа сөздермен жиі байланысқа түседі. Сөздердің грамматикалық жүйедегі мұндай ерекшеліктері олардың өзара тіркесімділік қабілетімен тығыз байланысты.

Тіл жүйесінде негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесім құрауы олардың арасындағы мағыналық үйлесімділікке негізделетіні белгілі. Мағыналық үйлесімділік болмаған жағдайда тіркесімділік те болмайды. Сөз тіркесімі грамматикалық, лексикалық, семантикалық факторлар арқылы айқындалады. [1,369]. Сондай-ақ тіркесім – тіл бірліктерінің синтагматикалық қатынастарын бейнелейтін негізгі қасиеттердің бірі. Сондықтан тіркесім негізінде пайда болатын тіркесімділік ұғымын тек сөздердің еркін тіркесі тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды. Бұл тұста тіркес, тіркесім ұғымдарының арасындағы айырмашылықтар да ескеріледі. Тіркесімділік ұғымы қазіргі кезде өте кең аяда қарастырылып жүргенімен, оның тілдік деңгейлер тұрғысынан кеңірек зерттеуді қажет ететін мәселелері баршылық. Соның бірі- лексика-фразеологиялық тіркесімділік.

Сөздердің лексика-фразеологиялық тіркесімділігі қазіргі тіл біліміндегі өзекті мәселелер қатарынан ерекше орын алады. Тіл жүйесінде сөздер еркін және тұрақты қолданыста өзара байланысып, нәтижесінде еркін синтаксистік және тұрақты фразеологиялық тіркестер құрылады. Еркін қолданыстағы сөз тірестеріне бағыныңқы, басыңқы сынарлардың тіркесімділігі негіз болады.

Ғалым Т.Сайрамбаев тіркесімділікті «тілдің әр деңгейінен орын алатын тілдік категориялар» ретінде танып [2,5], олардың ішінде синтаксистік тіркесімділік мәселесін қарастырады. Ал лексика-фразеологиялық тіркесімділік фразеологизмдердің басқа сөздермен тіркесімділігі мүмкіндіктерінің жиынтығымен сипатталады. Алайда фразеологизмдердің басқа сөздермен байланысы, қарым-қатынасы, еркін тіркестегі сөздермен салыстырғанда, аса кең емес.

Зерттеуші Э.Ш. Абакирова орыс және қырғыз тілдеріндегі фразеологиялық бірліктердің тіркесімділік ерекшеліктерін салғастыра қарастырған еңбегінде оның мынадай себептерін атап көрсетеді.: 1) фразеологизмдердің құрылымы жағынан анағұрлым күрделі болуы олардың тіркесімділік қабілетін шектейді; 2) фразеологизмдердің өзгеру қабілетінен айрылуы, яғни өзгеріске түсуге бейімделмеуі; 3) басым көпшілігінің сапалық бағаны білдіруі; 4) олардың басқа сөздермен байланысы және қарым-қатынасының заттық-лексикалық тұрғыдан шектелуі [3, 220].

Ал құрылымы жағынан кем дегенде екі және одан да көп сөзден құрылуы, өзгеріске түспеуі, сапалық мәнде қолданылуы фразеологизмдерге тән негізгі белгілер болып табылады. Сондықтан фразеологизмдердің лексика-фразеологиялық тіркесімділігінің шектелуін олардың мағыналық-құрылымдық ерекшеліктерімен байланысты түсіндіруге болады.

Сөздің мағыналық құрылымы, оның сөйлеу тіліндегі тіркесімі мен мағыналық сипаты тіл жүйесінің ішкі семантикалық даму заңдылықтарымен анықталады. Тіл жүйесіндегі барлық сөздер тұтасымен тура атауыштық мағынада қолданылмайды, олардың ішінде тура атауыштық мағынасы көмескіленген немесе мүлдем жойылған сөздер де кездеседі. Мұндай сөздер фразеологиялық тіркестер құрамында қолданылып, белгілі бір мағына білдіреді. Мысалы: мыштай болды (жуасыды, жым болды); дігер қылды

( шырқын кетірді) т.б.

Құрамының тұрақтылығы, кез келген тұста қолданыла бермейтін талғампаздығы, мағына-мазмұнының бейнелілігі фразеологизмдердің көркем шығарма тілінде ерекше стилистикалық қызмет атқаруына бірден бір негіз болатындығы белгілі. Әрине, бұл тұста аталған тілдік құбылысты шығарма желісіне сай орынды, талғампаздықпен қолдана білу жазушының үлкен шеберлігін қажет етеді. Шығарма тілінің көркемдігі оның тіліндегі көркемдеуіш құралдарға ғана байланысты емес, сол тілдік құралдарды шеберлікпен «сөзбен сурет салғандай» қолданатын жазушының шеберлігіне де байланысты.

Фразеологизмдер көркем шығарма тілінде тек тілдік көркемдеуіш құрал ғана емес, халықтың, ұлттың дүниетанымы мен мәдениетін, салт-дәстүрін жеткізуші құрал қызметін де атқарады. Сондай-ақ олардың көркем шығарма тілінде үнемі дайын тілдік тұлға түрінде ғана қолданылмай, қажетті тұстарда құрылымдық жағынан өзгеріске түсіп қолданылатын жағдайлары да жиі кездеседі. Оған жазушы Ә.Кекілбаевтың шығармаларындағы фразеологизмдердің құрылымдық, тіркесімділік сипатындағы ерекшеліктерін талдау арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы. Кеше бұнымен теке тіресіп арыстандай арпалысып жүргендердің көздеріне қалай құм құйылды? /«Махаббат мұнарасы»/. Әмірші аузына қандай берік болса, құлағын әркімнің аузына төсеп отыра алмайды, оған біреудің өсегін тыңдағанынан гөрі басындағы алтын тажды жұлып ап, сасық ауыз өсекшінің алдына түкіргіш қып қойғаны әлдеқайда дұрыс./«Махаббат мұнарасы»/

Берілген сөйлемдердегі теке тіресіп, көздеріне (қалай) құм құйылды, аузына (қандай) берік, құлағын (аузына) төсеп тіркестері құрылымдық-тұлғалық жағынан бірқатар өзгерістерге ұшыраған.

Ғалым Ә.Қайдар фразеологиялық бірліктердің стилистикалық қолданыстағы құрылымдық-стилистикалық варианттарын былайша топтастырады: 1) фразеологиялық бірліктердің құрылымдық-синонимдік варианттары; 2) фразеологиялық бірліктердің толық және ықшамдалған варианттары [4,213-214]. Жоғарыда келтірілген фразеологизмдердің құрылымдық-стилистикалық ерекшеліктерін анықтамас бұрын, ең алдымен олардың сөздікте берілген нұсқасына назар аударайық. Көздеріне қалай құм құйылды тұрақты тіркесі сөздікте «көзіңе құм құйылсын» [5, 338], «аузына қандай берік болса» - «аузына берік» [5, 81], « құлағын әркімнің аузына төсеу» – «құлағын түрді (салды, тосты, тікті)» [5,471] тұлғасында берілген.

Әрине, бұл бірліктерді құрылымдық-синонимдік вариант түрінде қарастыруда олардың құрамындағы бір не бірнеше сөздің морфологиялық тұлғасының өзгеруі (көзіңе құм құйылсын-көзіне ... құм құйылды) немесе бір компонентінің тіркес ішіндегі бір сөзге сәйкес лексикалық синониммен ауыстырылуын (құлағын салу – құлағын ... төсеу) ғана түсіндіруге болады. Ал аталған құрылымдардағы инварианттық өзгерістер автордың қолданысына байланысты пайда болған. Оған көзіне құм құйылды тұрақты тіркесінің көздеріне қалай құм құйылды, аузына берік тұрақты тіркесінің аузына қандай берік, құлағын салып тұрақты тіркесінің құлағын әркімнің аузына бір төсеп түрінде қосалқы компоненттермен құрылымдық жағынан кеңейтілуі дәлел бола алады.

Кез келген фразеологизмнің өз мағынасын білдіруде басқа сөз немесе сөздермен белгілі бір грамматикалық заңдылықтармен тіркесуі және олардың мағыналық жағынан өзара байланысының болуы – лексика-фразеологиялық тіркесімділікке тән ерекшеліктердің бірі. Бұны Ә. Кекілбаев шығармаларындағы лексика-фразеологиялық тіркесімдердің қолданысы арқылы дәлелдеуге болады. Мысалы: Ат тұяғы жетер жерде бұның қол астына қарамаған жалғыз-ақ ел бар («Махаббат мұнарасы»). Әйтпесе, аз жақсылығыңды бәрбір місе тұтпайды, ал сәл ғана жамандығыңды көрсе, жерден алып, жерге салып жазғыра жөнеледі («Махаббат мұнарасы»).

Фразеологизмдердің еркін қолданыстағы сөздермен семантикалық байланысы лексика-фразеологиялық тіркесімділік негізінде жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан ат тұяғы жетер тұрақты тіркесінің (атпен баруға болатын д.м.) атауыштық мағынадағы жер зат есімімен, жерден алып, жерге салу (қатты ұрсу д.м.) тұрақты тіркесінің қимыл мағынасындағы жазғыру етістігімен тіркесімінде мағыналық байланыс бар.



Ат тұяғы жетер тұрақты тіркесінің белгілі бір қашықтық ұғымына қатысты қолданылатыны осы тіркестің өзін еркін қолданыстағы сөзсіз айтқанда да айқын көрініп тұрады. Ал оның еркін қолданыстағы жер зат есімімен тіркесімі тұрақты тіркес пен дербес сөз арасындағы семантикалық үйлесімділігі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ жерден алып, жерге салу тұрақты тіркесі де еркін қолданыстағы ұрысу, жазғыру етістіктерінсіз сол мағынаны білдіреді. Сондықтан фразеологизмдердің еркін қолданыстағы кез келген сөзбен тіркеспей, тек өздеріне семантикалық жағынан жақын сөздермен ғана тіркесіп қолданылуы лексика-фразеологиялық тіркесімділіктің алғышарттарының бірі болып табылады.

Лексика-фразеологиялық тіркесімділік нәтижесінде фразеологизмдер фразеологиялық контекс аясында тұйықталып, шектеулі валенттілік мағынаға ие болады. Мәселен, місе тұтпау тұрақты тіркесінің «азды қанағат етпеу, барға разы болмау» мағынасы тек осы құрамда ғана сақталып беріледі. Мұндағы тұтпау (немесе тұту) етістігін осы тіркес құрамында тек қылмау (қылу) етістігі ғана ауыстыра алады. Бұл етістіктердің еркін қолданыстағы басқа синонимдік қатарлары оларды ауыстыра алмайды. Керісінше, тұту (тұтпау) етістігі «көру,санау» мағынасында бірнеше зат есімдермен тіркесіп, басқа да тұрақты тіркестер құрамында қолданылады. Мысалы: арқа тұту, мақтан тұту, аға тұту, құрмет тұту т.б.

Фразеологизмдер мен олардың анықтаушы сөздері арасындағы мағыналық және грамматикалық байланыс тек фразеологизмдердің ғана емес, олардың жетегіндегі сөздердің де семантикалық-грамматикалық сипатына әсер етеді. Мысалы: Қазір талай жаудың жүрегін шайлықтырған әскері де нағыз «сен шап, мен атайын» боп бабында тұр («Махаббат мұнарасы»). Қос қанаттағы жер қайысқан қалың қол мен тосқауыл әскер сансыздың соңынан шаһардың қақпасына дейін бірге барады(«Махаббат мұнарасы»). Ал әмірші басыңмен қарапайым біреуге қайырым жасасаң, қаншама боздақты қырған қан ішер атағың жойылып, қарашыға қайырымдылық жасаған, қара қылды қақ жарған әділетті атағың жайылады(«Махаббат мұнарасы»).

Мұндағы жүрегін шайлықтырған, сен шап, мен атайын тұрақты тіркестері құрылымдық-стилистикалық тұрғыдан өзгеріске түскен. Жүрегін шайлықтырған (жүрегі шайлықты) тұрақты тіркесі морфологиялық тұлғасы жағынан өзгерсе, сен шап, мен атайын (сен тұр, мен атайын) тұрақты тіркесінің бір сыңары басқа бір сөзбен ауыстырылған. Бұл жерде ескеретін жағдай: екінші тұрақты тіркестегі тұр етістігі мен оны алмастырушы шап етістігінің арасында ешқандай мағыналық байланыс жоқ, сол себепті олар өзара синоним бола алмайды. Ал фразеологизмдердің құрылымдық-синонимдік варианттарының бір тобы олардың бір компонентінің өзіне сәйкес синониммен ауыстырылуы арқылы жасалады. Бірақ шап, тұр етістіктерінің арасында мағыналық байланыс жоқ. Сондықтан контекстегі сен шап, мен атайын синонимдік вариантындағы шап етістігінің тұр етістігін ауыстыруын оның тұрақты тіркес құрамындағы ату етістігімен синонимдік мәнде келуімен байланысты түсіндіруге болады. Оған шабу, ату етістіктерінің еркін қолданыста синонимдік қатар құрауы негіз бола алады.

Сөйлем ішінде тұрақты тіркестердің еркін қолданыстағы сөздермен лексика-фразеологиялық тіркесімділігінде мағыналық байланыс сақталады. Мәселен, жер қайысқан (өте көп, сансыз д.м.) тұрақты тіркесі мен қалың, қара қылды қақ жарған тұрақты тіркесі мен әділетті сын есімдері плеоназмдық қолданыста тұр.

Жалпы алғанда, лексика-фразеологиялық тіркесімділік фразеологизмдердің еркін қолданыстағы сөздермен семантикалық байланысы негізінде жүзеге асады. Ал фразеологизмдердің семантикалық синтагматикасы лексика-фразеологиялық тіркесімділік арқылы сипатталады. Сондықтан тұрақты тіркестердің лексика-фразеологиялық тіркесімділігіндегі құрылымдық-стилистикалық ерекшеліктерін анықтауда көркем шығарма тіліндегі авторлық қолданыста өзгеріске түскен фразеологизмдерді құрылымдық, мағыналық жағынан қарастырудың маңызы зор.


Пайдаланған әдебиет:


  1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі.-Алматы,2005.

  2. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі тіркесімділіктің кейбір мәселелері.-Алматы,2004.

  3. Абакирова Э.Ш. Особенности сочетаемости фразеологических единиц русского и киргизского языков // Вестник КазНУ. № 1.2008.

  4. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері.-Алматы,1998.

  5. Фразеологиялық сөздік.-Алматы,2007.

: repository -> repository2012
repository2012 -> Б. сыппосынова орта мектептерде “атмосфералық Қысым. Торричелли тәжірибесі тақырыбын беру әдістемесі
repository2012 -> Қазақстан жастарының 1920-30 жылдардағы сауатсыздықты жою науқанына қатысуы
repository2012 -> Н. У. Шаяхметов т.ғ. д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті (Астана қ.)
repository2012 -> «дене шынықтыру және спорттың Қазіргі кездегі өзекті мәселелері»
repository2012 -> «дене шынықтыру және спорттың Қазіргі кездегі өзекті мәселелері»
repository2012 -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет