Ұлылар ұЛЫҚТАҒан- ана тілі қарымбаева К. М. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, ф.ғ. к., доцент



жүктеу 103.17 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі103.17 Kb.
ҰЛЫЛАР ҰЛЫҚТАҒАН- АНА ТІЛІ
Қарымбаева К.М.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, ф.ғ.к., доцент
Қазақ елінің Тәуелсіздігінің бір тұғыры- ана тілі. Ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан мемлекетінің Атазаңында қазақ тілі мемлекеттік тіл атанды. Бүгінгі таңдағы басты мақсат пен мүдде де мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қолданылу аясының кеңеюіне бағышталған. Елбасы ұлылар ұлағатына адалдығын білдіре келе, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілі» деді, соның дәлелі ретінде ана тілі мәртебесінің биіктеуіне, өркендеуіне, дамуына қолдау көрсетіп, көптеген мүмкіндіктер туғызып отыр.

Кез келген халық өзінің туған тіліне, оның тағдырына немқұрайды қарай алмайды. Дана бабамыз Жүсіп Баласағұн:

Адамға екі нәрсе тірек тегі:

Бірі — тіл,

Бірі - ділің жүректегі, - дегеніндей, тіл- ұлттың жаны.

100 жылдық мерейтойын тойлаған батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да әйгілі хатында «Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай, дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес»- дей келе, даналық ойын айтып, қазақ елінің де осындай сормаңдай елге айналуына жол бермеу керектігін ескерген, қазақ тілінің жандануына жол ашар талаптардың қолға алынуын қадап айтқан. «Мен әскери адаммын-тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын» деп, сонау отты жылдардың өзінде тіл мәселесін көтерген, тілге жанашырлығын, азаматтық позициясын танытқан. Қандай көрегендік десеңізші.

Ана тілі-халықтың өткен ұрпағы мен қазіргі және келешек ұрпағын тарихи сабақтастықта, тұтастықта, мызғымас бірлікте ұстайтын негізгі тірегі. Алаштың азаматы Ж.Аймауытов: «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан-дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»-десе, осы арқылы қасиетті ана тілінің құдіретін үлкен шеберлікпен көрсете білгені ғой.

Халықтың рухани байлығы, сарқылмас бастауы — туған тіліңде жатыр. Кешегі өткен қазақтың біртуар ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та: «Сүйемін туған тілді - анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін» деп, бекер жырламаса керек-ті. Осы өлең, осы сөз менің де, сіздің де, бәріміздің сөзіміз екені анық.

Тіл- қарым-қатынас, ойды жеткізудің құралымен қатар, тәрбиенің де құралы. Ана тілінде тәлім-тәрбие алған ұрпақ азамат болғанда өз ұлтына тән табиғи мінезді бойына сіңіре алады. Тілдің өзіндік ойлау жүйесі жас жеткіншектің сана-сезімін қазақи ұлттық ұғымға бейімдейді. Тіл мен мәдениетті егіз ұғым ретінде қарастырған белгілі қоғам қайраткері Ө.Жәнібеков: «Ұлттың ұлылығын, бірыңғай тектестігін, тұрақты қауымдастығын, елдігін, бірлігін аңғартатын белгісі тілі десек, оның мәдениетін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын қалыптастырған да, оны ұрпақтан-ұрпаққа алмастырып келген де осы тіл болып табылады. Тілі мен мәдениеті шалқыған халықтың ғана үні естіліп, даусы шығады. Кешегі «бір тілде сөйлеуге неғұрлым жылдам жетсек, коммунизмге соғұрлым жедел қадам басамыз» деген желбуаз сәуегейліктің арқасында бұрын екінің бірі шешен, жүздің бірі дүлділ болған халықтың сөйлеу мәдениетінің жұқалана бастағанын, суырыла сөйлеп кететін азаматтардың азайып бара жатқанын қалай аңғармасқа. Тіл - ел байлығы «ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың ...белгісі» (Мағжан), «атадан балаға ауысып келе жатқан басты мұра болып табылады» деген екен. Автордың негізгі ойы — ең алдымен өз тіліңді, мәдениетіңді меңгеру, құрметтеу, сол арқылы өзге тіл мен мәдениетті білу емес пе.

Осы тұста сөз зергері Ғ. Мүсіреповтің ой- түйіні еске түседі: « Ана тілін ұмытқан адам- өз халқының болашағынан да қол үзген адам». Мұнда зор мағына аңғарылады, исі қазақ баласының асыл қазынасы - туған тіліміздің бүкіл құдіреті мен қасиетін айшықтап тұрғандай.

Тіл- достық пен түсіністік орнатудың алтын көпірі, елшісі. Бүкіл халықтың әдет- ғұрпын, салт- санасын, мәдениетін, тарихын, әдебиетін игеру- тіл арқылы жүзеге асады. Осымен байланысты келелі іс- шаралар да істелініп жатыр. Солардың ішінде өзекті мәселе саналатын қазақ тілінің қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру, басқа ұлт өкілдерінің қарым- қатынас құралы қызметінің маңызын көтеру, өркениетті елдермен байланыс жасаудағы маңызды іс- шаралар мен құжаттардың тілі ретінде мәртебесін биіктету бүгінгі таңда негізгі шарттардың бірі болып отыр.

Елу елдің қатарына кіруді меже тұтқан мемлекетіміздің басты байлығы да – тіліміз. Оның себебі Қазақстан деген мемлекеті, тарихи отаны бар, сол тілде сөйлейтін қазақ деген ұлты бар, осы тілде зерттелетін ғылымы мен мәдениеті, тарихы бар тіл дамыған тілдердің қатарына жатады. Ендігі мақсат- пен міндет заңды құжаттардағы бекітілген іс-шараларды шын мәніндегі мемлекеттік тіл ретінде орнықтыру. Ендігі мәселе- мемлекеттік тілдің қолданыс аясына үкіметтің іс-шараларын, тіл туралы Заңның қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеде қызмет етуін, Үкіметтің Тіл туралы бағдарламасының толыққанды барлық салада орындалуын қолға алу, жандандыру, жүзеге асыру, нақты іске көшу. Бір сөзбен айтқанда- берілген құқықты іс жүзінде пайдалана білу.

Тіл мәселесі өте нәзік, оны шынайы ынталылықпен, ұқыптылықпен үйлестіре отырып игеру қажет. Тіл- сан ғасырлық тарихи мәні бар тәжірибені, өнерді, мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құрал десек, оны игеруге мүмкіндік ашатын да -тіл. Сондықтан да тілді ұлттық мәдениеттің, өнердің айнасы деп атай аламыз. Тіл- тек қатынас құралы емес, ұлт пен ұлттың арасындағы мәдени қатынас жасаудың негізгі көзі де. Оны мемлекеттік тіл ретінде қастерлеп үйрену - елдің барша азаматтарының парызы.

Көпшілігімізді «Барлық жағдай жасала тұра, азаматтарымыздың қазақ тілін еркін игере алмауының себебі неде?» деген заңды сұрақ мазалайды. Басты себеп тіл білуге, үйренуге деген нақты талаптардың жоқтығы және немқұрайды қарауымен байланысты болар. Екіншіден, қазақ тілін оқытуға әрдайым басымдылық берілуі тиіс. Қазақ тілінің қажеттілігі күнделікті сұранысқа айналуы керек. Әлемдік білім кеңістігіне енудің негізгі жолдары Білім жүйесінің Тұжырымдамасында көрсетілген. Соның бір саласы- мемлекеттік тіл.

Еліміздің егемендік алуы мен қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуына байланысты ана тіліміздің өз шешімін күтіп тұрған көкейкесті мәселелері жеткілікті.

Ғылымның уақыт тынысымен дамуы тілге де ықпалын тигізеді. Тың ізденістерге жол ашады. Қазіргі кезеңде өзара тығыз байланысты тіл, мәдениет және этнос мәселесіне қатысты түрлі ғылым саласында (лингвомәдениеттану, этнолингвистика, психолингвистика, әлеуметтану, когнитивті лингвистика) кешенді түрде, ғылым салаларының түйіскен жерінде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары тілдің ұлттық сипатын, ұлттық танымын, ұлттық рухын тануға, танытуға негізделген.

Қазіргі лингвистикадағы лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, антрополингвистика, психолингвистика сияқты бағыттардың белсенді дамуы – тіл мен сөйлеу фактілерін халықтың ұлттық рухани құндылықтарымен, дүние танымы, ой әлемі және психикалық ерекшеліктерімен тығыз байланыста алып қарауға кең жол ашады. Осымен байланысты адамның тілдік болмысын түсінуге, зерделеуге жетелейтін лингвистикалық категория ретіндегі тілдік тұлға құбылысы қазіргі білім парадигмасының мазмұнын, күй-қалпын айқындаушы маңызды ғылыми ұғымға айналуда.

Қазіргі кезде күллі әлемге жайылып келе жатқан жаһандану процесі әсіресе ұлттық ерекшелікті, ұлттық құндылықтарды сақтауға кедергі келтіруде. Осындай қиын кезеңде тілімізді сақтап қалу, дамытып, күшейтудің басты амалдарының бірі – ұлттық ғылым тілін, оның терминологиясын дамыту. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың басты жолдарының бірі–ғылыми тілдің мәртебесін айқындау, терминологиялық бірліктердің құрамын реттеу, олардың мағынасын ашудың әдіс-тәсілдерін анықтау. Академик Ә.Қайдар атап көрсеткендей, ең алдымен, ана тіліміздің тұғырына тірек болар үш тағанын – жазу-сызуын (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірін), ономастикасын (жер бетіндегі ескерткішін) және терминологиясын (оның баю, жаңару көзін) берік ету қажет. Осымен байланысты терминология саласында жүргізілетін жан-жақты ғылыми зерттеулер оның ғылыми тілін дұрыс қалыптастыруға көмектеседі.

Қазіргі таңда, қоғамдық-әлеуметтік мүддеге сәйкес қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде ғылым саласында да толыққанды қызмет етуінің негізін қалыптастыруда, ең алдымен, ғылыми тілдің мәртебесін айқындау аса маңызды. Себебі ғылым саласындағы мәтіндердің тілін ғылыми тіл мен ғылыми стильдің қайсысына жатқызуға болады деген сауал осы күнге дейін біржақты анықталып, өзінің шешімін тапқан емес. Екіншіден, ғылыми тіл бірліктерінің ара-жігін ашып, олардың өзіндік ерекшеліктерін, сөздік түрлерінде орналасу орындарын анықтау, олардың ғылыми сипаттамаларын жасаудың қажеттілігі де белгілі болып отыр. Бұл мәселелердің ғылыми шешімін табуы терминдер мен номендерге түрлі лексикографиялық еңбектерде дұрыс анықтама беруге негіз болмақ. Үшіншіден, терминологиялық бірліктерді сөздіктердің негізгі типтері мен түрлерінде лексикографиялаудың басты заңдылықтары мен әдіс-тәсілдері қандай болатынын айқындау бүгінгі таңдағы терминология үшін де, лексикография үшін де аса маңызды болып отыр. Осы аталған ғылыми мәселелер бойынша қазақ терминологиясында жүйелі зерттеме жүргізудің қажеттілігі осы мәселенің өзектілігін көрсетеді.

ХХІ ғасыр лингвистикасында адам танымы мен ой құрылымын тіл арқылы және керісінше, ой құрылымынан тілге қарай бағытталған зерттеулер қарқынды сипат алуда. Оның негізінде ақпараттың молдығы мен қолданбалы лингвистикадағы сұраныс, соған сай ашылған жаңалықтар, адам факторы мен оның тілі арасындағы кешенді байланысты зерттеудің жаңа сатыға көтерілуі жатыр. Тіл жүйесі лингвистиканың зерттеу нысаны болғанымен, оны жеке дара зерттеу бүгінгі ғылым сұранысына жауап бере алмайды. Осы себептен де лингвистикалық бірліктерді когнитивтік не прагматикалық аспектілерде зерттеу қажеттілігі туындады. Осы бағыттағы лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны ретінде танылған жоғары сатыдағы бірлік - мәтіннің үстіміздегі ғасыр ғылымында динамикалық сипатын ерекшелеуге елеулі назар аударылуда. Соның нәтижесінде ол қозғалысқа түсетін кеңістік коммуникативтік жағдаят ұғымымен сабақтастырылып, тек интралингвистикалық қана емес, экстралингвистикалық контексте де қарастырылады. Дискурс аталатын осы динамикалық мәтінді жаңаша тану барысында мәтін лингвистикасы мен дискурс теориясы деген екі басқа, бірақ бір-бірімен тығыз байланыстағы бағыттар айқындалып отыр. Бірақ күні бүгінге дейін мәтін лингвистикасы мен дискурс теориясының зерттеу нысандарының айырмасы ажыратылып, мәтін мен дискурс белгілері сараланып болған жоқ, соған байланысты оған түрліше анықтамалар беріліп жүр. Сондай-ақ дискурстың жеке түрі сапасында көп пропозициялы дискурс мәселесі қарастырылған зерттеулердің де кеңінен өріс алып орнықпауы осы себептен болса керек. Осыған қатысты пропозиция термині тек сөйлем мағынасында ғана ғылыми айналыста жүр. Оның адам танымын сипаттайтын бірлік, оның ішінде хабар бірлігінің қызметі негізіндегі астырт және үстірт құрылымдағы жұптастығы толық сипатталған емес. Әрине, дискурс пен мәтіннің айырмасын ашып, бір-бірімен байланыстағы, бірақ мәтінді дискурсқа өзек ретінде қарастыратын, соған сай мәтін талдау мен дискурс талдаудың ортақтықтары мен айырмасын ажырататын еңбектер қазақстандық зерттеушілер қатарынан да табылады. Сондықтан дискурс талдау теориясын түбегейлі зерттеудің проблемаларын айқындап, шешімін іздеу қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің санатында екенін жоғарыда аталған зерттеу үдерісі көрсетіп отыр. Оған дәлел ретінде дискурс терминінің әлі де нақты анықталмауы, ғылымаралық сипатының басымдығы, мәтіннен ажырату шарттары, дискурстық бірліктердің лингвистикалық табиғатының және мәтін ішінде бөлшектеу алгоритімінің нақты белгіленбеуі т.б. мәселелердің зерттелу қажеттігін көрсетуге болады.

Тілді зерттеудің «тілдегі адамды» тану мақсатына байланысты тілдік құрылым мен адам санасының астарында жатқан когнитивтік модельдерді бір байланыста талдау, дискурсты түзу мен оның мәнін түсіну үрдісінің заңдылықтарын лингвистикалық деректерге сүйеніп анықтау талабы туындады.

Соңғы жылдарда қазақ елінің тәуелсіздігімен бірге келген ғылымдағы осы жаңа бағыттар қазақ халқының ұлттық тілін, ұлттық мәдениетін, ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртып, негізгі бағыт-бағдарын бүгінгі замана ыңғайына сай, әлемдік ғылыми сұраныстардың көкжиегіне шыға алатын, талаптарын қанағаттандыратын өзекті мәселелердің қатарында. Демек, мемлекеттік тілдің жай- күйін талқылап, пікір алысып қана қоймай, оны жалпы қоғам болып қолға алып, шешімін табатын істі жұмыла көтеріп, айтылған ой- пікірлер мен іс-қимылдар бір-бірінен алшақтамай, жүзеге асатын жағдай бар.

Тіл – тазалықты, тұнықтықты, мөлдірлікті қажет етеді. Халқымыздың ұлы перзенті А.Байтұрсынұлы тіл тазалығы жайында: «Тіл тазалығы – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілдің сөзін тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу», - деген ойы дер кезінде айтылған қағида.

Иә, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғанына біраз жылдар өтті. Тіл туралы заң да қабылданды. Мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне үйретудегі басты мәселе –оқытушылырдың сапалы құрамына да байланысты. Сол себепті білім жүйесінде нағыз қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген жоғары білімді, білікті мамандар дәріс беруі қажет, сонымен қатар жоғары оқу орындарында басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ беретін маман-педагогтарды қайта жандандыру, даярлау, білімін жетілдіру: ол үшін жаңа технологияның негіздерімен қаруланған, тиімді әдістерді оқу процесінде қолдана алатын және компьютерлік, кредиттік технология жүйесін меңгерген білікті маман болуға тиіс.

Алдымызда тұрған келелі міндеттерді бірлесе шешуге бастайтын өмір қажеттілігінен туындайтын қадамдардың салмағы қанша ауыр болса, абыройы да асқақ, мәртебесі де биік екені айқын. Өйткені біз мемлекеттік тілдің жарқын болашағына, ресми қарым-қатынас тілі және ресми іс қағаздары тілі ретінде мәртебесінің биіктейтініне сенеміз!


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Байтұрсынов А. Ақжол. – Алматы, 1991.

2. Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап. –Алматы, «Жазушы», 2000.

3. Жәнібеков Ө. Уақыт керуені. Алматы, 1992.



4. Шаймерденов Е. Елтану әліппесі. Алматы, 1998.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет