Мамандық таңдау – болашақты таңдау (Дөңгелек үстел)



жүктеу 159.86 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі159.86 Kb.
Мамандық таңдау – болашақты таңдау

(Дөңгелек үстел)

Биыл елімізде 165 мыңға жуық жеткіншек білім ошағын тамамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың үш мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеп шықты. Сонымен қатар 11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сындарлы сағатта дәлелдей алмай, опық жеген бітірушілер де аз емес. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау.


Қазіргі уақытта қаладағы қай ЖОО-ның маңайына көз сүзсең де, ығы-жығы халықты көресің. Дені – жастар. Нақтырақ айтсақ, тесттің теперішінен өтіп, болашағына бағдар болатын мамандық таңдауға келген жеткіншектер. Ал олардың бірі – қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі – әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүр. Себебі бірі – ҰБТ-дан жинаған балына қарап, бірі – бөлінген грант санына қарап тосылады. Ал қалтасында қаржысы барлар оған бас ауыртып жатпайды. Бірақ ешкім «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары», «қазаққа қажет қарекет қайсысы» деген сауалдарға ойланбайды. Шындыққа көз жүгіртсек, қай ата-ана болсын «әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көре жатармыз» деп баласының ертеңіне көз сүзбейді.

Алға тарт деп жас жүрек бұлқынады,


Балалықпен қоштасар күн туады.
Он жылдықтан шыққандар оқу іздеп,
Юрфакқа түсуге ұмтылады.
Не демекпіз шөліркеп дала жатса,
Не болмақшы теңіз, құм араласса?
Жұмыс іздеп, уақытша келгендермен,
Кешіп жатыр өз күнін балабақша.
Бала бағу. Оны ешкім жаратпады,
Заң маманы болуды қалап бәрі.
Ақиқатқа құштар ма, мына ұрпақ,
Армандап жүр кімдерді жауаптауды?..

Жастар арасында әзіл-шыны аралас осы өлең белең алса да, әзіл артында зіл жатқанын анық аңғаруға болады. Себебі бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді, кеденші болуды армандайды. Сондықтан да қазір жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі, яғни 4-тен 3 бөлігі аталмыш мамандық иегерлері екен. Себебі жастар «заңгер болсам, ақшаны күреп табам», «экономист болсам, ен байлықты белшеден кешіп жүрем» деп ойлайды. Тіпті қыруар қаржы төлеп, баласын осы мамандықта оқытатындар да жетіп жатыр. Рас, ол мамандық иелерінің табысы өзгелерге қарағанда қомақты болар, бірақ бәрінің жұмыс тауып, айы оңынан туары екіталай. Аяғында бірі – базар жағалап, баласын асыраса, бірі – тіпті құрылысшы, күзетші болып, күнін күйттейді.



Қазаққа қажет мамандық
Сарапшы мамандардың пікірінше бүгінгі күнде маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы мамандары жетіспейді. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру. Бұл мамандықты таңдаушылар қатары жоқтың қасы болса, қажеттілік жылдан-жылға артып келеді.
Күннен-күнге заманауи технологиялардың сан түрі шығарылып жатыр. Қазір кезінде арман болған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу да» таңсық емес. Адамзат жеті қат көкті де, жерді де зерттеп-зерделеді. Ғаламат ғарышқа да табан тіреді. Яғни төрткүл әлем техникаға телмірген заман болды. Осыған орай еліміз де ел экономикасының басты бағдары болып отырған мұнай-газ және энергетикалық салаға баса назар аударып отыр. Бірақ бір «әттеген-айы» бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен. Әдебиет пен тарих сынды гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көпшілігі физика мен химияға келгенде амалсыз тосылып қалады. Оған ұлттық бірыңғай тест барысындағы көрсеткіштер куә бола алады. Жапония, Корея, Қытай сынды Азия елдерінде сол техниканың небір түрлері жасалады. «Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі біздің жерімізде бар» деп кеуде кере мақтанғанымызбен, оларды игеруге келгенде өзгелермен иық тірестіре алмаймыз. Ал жоғарыда аталған елдерде, байқап қарасақ, қазба байлық та шамалы ғана. Бірақ олар тыңнан түрен салып, әлем елдерінің алдыңғы қатарына шықты.
Елбасының нанотехнологиялық орталықтар мен зерттеу институттарын қалай болғанда да дамыту керектігін айтқаны белгілі. Ал бұл саланы дамытсақ, химиялық биология, биотехнология сынды ғылымдардың да дамуына мүмкіндік туады. Еліміздің облыстарындағы комбинаттар мен зауыттар 5400 техникалық мамандыққа зәру екен. Сонымен қатар аймақтар бойынша білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы салаларына қажетті мамандар саны 2010 жылы Ақмола облысына – 600-ге жуық, Ақтөбе облысына – 360, Алматы облысына – 865, Атырау облысына – 123, Шығыс Қазақстан облысына – 423, Жамбыл облысына – 387, Батыс Қазақстан облысына – 600-ден аса, Қарағанды облысына – 558, Қостанай облысына – 811, Қызылорда облысына – 1000-нан аса, ал Маңғыстауға – 575, Павлодарға – 387, Солтүстік Қазақстан облысына – 622, Оңтүстік Қазақстан облысына 500-ге жуықты құрапты. Бұл қажеттілік бүгінгі таңда «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша қамтамасыз етіліп жатыр.
Мамандар «біздің ұлттың бойынан техникалық мамандықтарды игеруге құлықсыздық, қайта гуманитарлық салаға беймділік себебі – ұлттың технограттық санасының әлсіздігінен» деген тұжырымға келіп отыр. Сол себепті де жылдан-жылға техникалық, ауылшаруашылық мамандарын даярлауға мемлекет тарапынан бөлінген грант саны артып отыр. Мәселен, өткен жылы талапкерлерге барлық сала бойынша бөлінген 35 мың гранттың 11мыңы еңбек нарығында сұранысқа ие аталмыш техникалық мамандықтарға бөлінген екен. Биыл да бөлінген жалпы грант санының 11 мыңнан астамы аталмыш мамандық салаларына бөлініп отыр.

Ауылға да маман керек


Өткен жылы бірқатар аудандарын аралау барысында аудан басшылары өздеріне «Жол картасы», «Жастар тәжірибесі» бойынша келіп жатқан жас мамандардың дені экономист, заңгер мамандығы бойынша білім алғандар екенін, бұлай бола берсе, болашақта ауылды басқарар мамандардың түгесілетінін айтып, қынжылып отыр. Мамандар болса, «ауыл шаруашылығына қажетті мал дәрігерлері, агрономдар, өсімдіктерді қорғау мамандары, инженер-механиктер, инженер-электриктер, жерге орналастырушылар, зоотехниктер жетіспейді» деп дабыл қағуда. Сонымен қатар елімізде балық шаруашылығы мамандарына, атап айтқанда, ихтиологтар, балық өсіруші-технологтар, балық шаруашылығы инженерлері және балық қорғау инспекторларына деген мұқтаждық салдарынан осы сала мамандарын ТМД елдерінен шақыруға мәжбүр болып отырғанымыз да жасырын емес. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі 663 аңшылық шаруашылықта тек бір-бірден ғана жоғары білімді мамандар жұмыс істейтін болса, олардың тек оннан бірінің ғана осы сала бойынша дипломы бар екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән береді. Атап айтсақ, 2009 жылы халыққа арнаған Жолдауында: «…Біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық», – десе, биылғы Жолдауында: «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны төрт миллион тонна бидай экспортына тең. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріскөзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық саласына машина жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады», – деп атап көрсеткен болатын. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін кәсіби мамандар қат. Ал өмір бойы қолын жылы суға малып отырған қала баласының ертең ауылға барып, кетпен, күрек ұстамасы анық. Тіпті ауылдан шыққан жастардың өзі де қалада қалуды мақсат тұтады. Сондықтан мектеп бітірген түлектің кез келгені ауыл шаруашылығы мамандығын даярлайтын оқу орнының есігін қаға қоймайды. Мәселен, өткен жылғы тестілеу нәтижесі бойынша ауылшаруашылық, техникалық және ветеринарлық мамандықтарға түсу үшін 100 балдан 70-тен асыра жинаған талапкерлер мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алса, экономикалық, заң мамандықтары бойынша білім грантына 98 ұпай және одан жоғары жинаған талапкерлер мен «Алтын белгі» иегерлері ғана ие бола алды. Осыдан-ақ «тесттен тауы шағылып аз балл жинаған түлектер ғана аталмыш мамандықтың ауылына бара ма» деген ойға қаласың.
Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған мамандықтың шебері бола алады, яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау. Бірақ кейбір ата-ана, туған-туыс оған мән бермей, жеткіншектің көңілі қаламаған мамандыққа еріксіз апарады. Оның нәтижесі қандай? Олардың бірі – оқудан шықса, бірі – қаламаған мамандығы бойынша ілініп-салынып жұмыс істеп жүреді. Осы арада біз бірқатар оқу орындарында құжат тапсырып жүрген талапкерлер мен оқуын бітіріп, бірақ жұмыссыз жүрген жастармен тілдескен едік.
Айдана АХМЕТОВА: (Алматы облысынан келген) «Мен жастайымнан спортқа жақын едім. Бірақ ата-анам «қыз балаға спортшы болу қол емес, одан да экономист бол» деп менің таңдауыма түбегейлі қарсы болғандықтан, құжаттарымды ата-анам айтқан мамандыққа тапсырып қойдым. Өз қалауым болмаса да, оқимын да…»
Маржан ОРЫНБАЙҚЫЗЫ: (Алматы облысынан келген) «Менің таңдау пәнім – география. Негізі экономист болсам деп армандаған едім. Бірақ Алматы қаласындағы бірқатар жоғары оқу орындарын аралап көріп, «бұл мамандыққа ҰБТ-дан жинаған балым жеткіліксіз бола ма» деп қауіптеніп отырмын. Сондықтан, шынымды айтсам, қай мамандықты таңдарымды да білмеймін».
Айбын: (Шығыс Қазақстан облысынан) «Ата-анам жалғыз ұл болғандықтан маған «мұғалім болып, ауылға кел» дейді. Бірақ өзім қаламаймын. Әлі ойланып жүрмін».
Динара: (сатушы) «Мен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес факультетін үш жыл бұрын бітіргенмін. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Қазір отбасылы болғандықтан, амалсыз, дүкенде сатушы болып істеп жатырмын».
Шалқар ӘЛИҚЫЗЫ: (сатушы) «Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Бастапқы кезде жұмыс табылмағандықтан, «уақытша болса да, тиын-тебен таба тұрайын» деп сатушы болдым. Оқуымды бітіргеніме біраз жыл болды, қазір мұғалімдікке барғым да келмейді».

Түйін:
Міне, жастар болашақ мамандық таңдауға салғырт. Әйтеуір оқып, қолына бір жапырақ қатырма қағаз алып шығу ғана мақсат сияқты. Бұрнағы жылдары облыс, аудан әкімдерінің өздеріне қажетті мамандықтарға байланысты мақсатты жолдаулары болатын. Соған қарай ЖОО өз түлектерін жолдама арқылы республиканың түкпір-түкпіріне қызметке жіберетін. Ал қазір барлық оқу орны дипломдарын қолдарына ұстата сала, қош айтысады. Ал қалғанын жас маман өзі шешеді. Қала берді, ата-анасы қалтасындағы соңғы тиынын біреуге беріп, ұл-қызын жұмысқа орналастырады. Сондықтан мамандық таңдау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.



Журналист

Жаңалықтың жаршысы журналист болу оңай емес. Ол үшін еліне адал қызмет ететін қоғам қайраткері, белсенді, коммуникабельді, сауатты жазып-сөйлей алатын, дикциясы анық, ой-өрісі, логикалық ойлау мен талдау қабілеті дамыған, ақпарат көздерімен жұмыс істей алатын, шығармашылық иесі болу керек. Сондай-ақ журналист заманауи ақпарат құралдарын жетік білуге тиіс. Себебі журналист кез келген тақырыпқа мақала, мәтін, барлық жанрда әдеби шығарма жазады. Қоғамда қордаланған өзекті тақырыпта мәселе көтере біледі.

Өнер, кино, театр істеріне сыншы болады, әртүрлі мамандармен кез келген тақырыпқа сұхбаттаса біледі. Шығармашылық кештерді жүргізеді. Кез келген мезгіл мен ауа райында оқиға болып жатқан жерде репортаждар жүргізеді. Мереке кездерінде басқа адамдар демалып жатқанда, кезекшілікті атқарады.

Кейбір қылмыстық істерге журналистік зерттеулер жүргізіп, полиция жұмысына көмектеседі. Ондай сәтте журналистің өміріне қауіп төнетін жайттар да кездеседі. Соған қарамастан қажетті ақпаратты дер кезінде жеткізуге міндетті. Ақпаратты төрткүл дүниеден жинайтын болғандықтан бірнеше тілді меңгергені дұрыс.

Журналист төртінші билік – бұқаралық ақпарат құралдарында (теле-радио, интернет, газет-журнал), баспа ісінде, үкіметтік ұйымдарда қызмет атқарады

Мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған деп менсінбейді. Бұл - сұранысқа ие мамандықтың бірі.

Ауылдық жердегі мал шаруашылығын былай қойғанда, қалада ит, мысық, алақоржын тышқан, тотықұс, т.б. өсіретіндер мал дәрігерлік емхананың табалдырығын тоздырады.

Мал дәрігерлікті тәмамдағандар мал дәрігерлік дәріханада, зертханада, емханада, мал шаруашылығында, кеденде, аң өсіретін фермада, хайуанаттар бағында және азық-түлік базарларында жұмыс істейді.

Қаладағы кейбір мал дәрігерлік емханалардың жанында жануарларға арналған қонақ үй бар. Ұзақ уақыт демалысқа басқа жаққа кететіндер үйіндегі жануарларын осындай қонақ үйлерге еш алаңсыз қалдырып кете алады.

Мал дәрігерлері жан-жануарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды, малдан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерге бақылау жүргізіп, осы өнімдердің жарамды-жарамсызын айырады. Дегенмен ойланыңыз, жан-жануарларға қамқорлық жасау сізге ұнайтын болса ғана бұл мамандықты таңдай аласыз. Себебі, жақсы теориялық біліммен қаруланған өз алдына, аяғынан тік тұрып қызмет қылу үшін ұзақ жүріс-тұрысқа шыдамды болып, әрбір жануардың өзіне тән исіне төзу екінің бірінің қолынан келмейді.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандыққа қолдау көрсету жайлы сөз болып жатыр. Себебі, мал ауырса ауыл шаруашылығына шаш-етектен шығынға батып қана қоймайды, адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді

Туризм ісі

"Кім болам?" деген сұрақ әрбір жеткіншектің көкейінде тұрған мәселе. Бұл заңды да, өйткені кірпіш болып, бір кетікті жабу, өзіңе, отбасыңа және қоғамға пайдаңды тигізу  жақсы азамат болып өскендігіңнің көрінісі.

Дамыған елдерде шаруашылықтың қызмет көрсету саласы өте жақсы өркендеу үстінде. Яғни алдыңғы қатарлы дамыған елдер осы бағыттардың өркендеуі арқасында экономикасы мықты елдерге айналып отыр.

Бұған нелер жатады?

Ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, қаржы, банк, несие, сақтандыру қызметі және ақпараттық технологиялар бағыты.

Қазақстанда бұның барлығы да бұрыннан келе жатқан салалар. Әрине туризмнің жөні бөлек. Жалпы туризм индустриясы ел экономикасын көтеруге қомақты қаржы әкелетін сала. Алайда ол біздің елімізде кенжелеп келген. Туризмді дамытуға арналаған бағдарламалар қабылданғаннан кейін ғана біртіндеп дами бастады. Жоғарғы оқу орындарында туризм ісін оқытатын топтар ашылды.

Егер осы сала сізді қызықтырса, осындай оқу бағытын таңдасаңыз болады. Тек ескеретін маңызды жайт: сіз өз еліңізді шексіз сүйетін патриот болғанда ғана кәсіби маман болып шығасыз. Өйткені кең-байтақ еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін былай қойғанда, әрбір тауы, тасы, құмы, суының әдемілігін өзге елден келген туристерге түсіндіре, жеткізе білу қажет.

Мамандықты қалай таңдау керек?

Жоғары сынып оқушыларын жиі толғандыратын мәселелердің бірі – мамандық таңдау. Сондықтан «Кім боласың?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап береді.

Көптеген оқушылар ата-анасы, туыстары, мұғалімдері қалаған мамандыққа баруды ұйғарады. «Диплом алып алайын, қалғанын көре жатармын» деп ойлайды. Дәл осылай ойлаған қаншама адам кейін мүлде басқа салада табысты жұмыс істеп жүр. Кейде ата-анасына ерегесіп, мамандық алмағандар да ақыл тоқтатқан кезде өкініп қалып жатады.

Сонымен мамандықты қалай таңдау керек?

1. Алдымен елімізде бар мамандықтардың тізімін жасау қажет. Солардың ішінен ұнамайтындарын сызып тастаңыз. Өзіңізге ұнайтындарының біреуін таңдап, сол мамандық жайлы досыңызға жарнама жасап көріңіз. Мысалы, дәрігер, экономист, сатушы, т.б. Егер дұрыс, жан-жақты сипаттай алмасаңыз, онда бұл мамандық сізге ұнамайды деген сөз. Яғни, бұл әдіс аталған мамандықтың ұнайтын-ұнамайтынын анықтау үшін жасалынады.

Осы мамандық бойынша жұмыс жасап жүргеніңізді толық елестетіңіз:

• Ұнамсыз жақтарына көндігер ме едіңіз? Мәселен, жұмыстан кеш шаршап шығу, аз көлемдегі жалақы немесе жоғарғы жалақы, алайда үнемі іссапарда жүру керек, т.с.с.

• Болашақ отбасыңыз бұған қалай қарар екен?

2. Сіздің хоббиіңіз қандай? Сіз оны мамандыққа айналдыра алар ма едіңіз? Оған деген сұранысты қалай арттыруға болады? Мысалы, сурет салуға икеміңіз болса, өзге суретшілерден озық тұру үшін, компьютерде салуға және балалар әдебиетін көркемдеуге үйреніңіз. Себебі балалар әдебиеті үнемі сұранысқа ие.

3. Сәнге айналған мамандыққа жүгірмеңіз. Мысалы, жас қыздардың көбі модель болуды армандайды. Бұл түсінікті де. Біріншіден, үнемі теледидардан көрсететіндіктен атақ-даңқы жайылады. Екіншіден, әдемі болып жүреді. Үшіншіден, дүниежүзін аралайды. Төртіншіден, жалақысы жоғары. Алайда бұл мамандықтың да өз қиыншылықтары бар.

4. Мамандықтың жаманы жоқ. Мысалы, сіздің ас пісіруге ебіңіз бар, тіпті ләззат аласыз. Алайда ата-анаңыз қарсы, олар баласының экономист болғанын қалайды. Дегенмен, осы салада білім алсаңыз, кейін мейрамхана ашуыңызға да болады.

5. Амал жоқтықтан таңдау. Мәселен, балыңыз жеткен оқу орнына бара саласыз. Бірақ өкінішке орай, осындай жолмен түскендер екінші, үшінші курстарда оқудан шығып кетіп жатады.

Ал сіз мамандықты қалай таңдайсыз?



ҰБТ тапсыру алдындағы қорқынышты жеңу жолдары

11-сынып оқушылары мен ата-аналарын толғандыратын жалғыз мәселе – ҰБТ десек, қателеспейтін шығармыз. Баласы, баласына қосылып ата-анасы «Қалай болар екен? Не күтіп тұр?» деп жыл бойы үлкен үрейде жүреді.

Сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері шәкірттерін биіктерден көргісі келеді. Бұл да сіздер үшін үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Шын мәнісінде ҰБТ - 11 жылғы алған білімді саралау ғана. Әрине кейде күтпеген жағдайлар да болып жатады. Үздік оқыған оқушы төмен балл алып, керісінше нашар оқитындардың бағы жанып, грантқа түсіп кетіп жатады.



Сондықтан не істеу керек?

Біріншіден, бала ата-анасымен ҰБТ-ны тапсыра алмай қалған не төмен балл алып қалған жағдайды талқылау керек. Кейбір ата-ана баласын қайрау үшін «қалайда грантқа түсесің!» деген шарт қояды. Екіншілерінің ақылы жоғары оқу орнына түсіруге қаражаты жоқ. Немесе шетелге демалып келуге, машина алып беруге уәде етеді. Қалай дегенде де, ата-ананың ниеті түзу. Баласына барынша көмектескісі келеді. Баласының жоғары мақсатқа, кезінде өзіне арман болған дүниеге жеткенін қалайды.

Екіншіден, күн тәртібін дұрыс құрып, күндіз-түні бас көтермей дайындалу адамды әлсіретеді. Сондықтан тамақты мезгілімен ішіп, ұйқыны қандырып жүрген жөн.

Үшіншіден, дұрыс, жүйелі дайындалған абзал. Мұғалімдермен, бұрынғы бітіріп кеткен оқушылармен ақылдасып, ең оңтайлы тәсілдерді таңдап алу керек.

Төртіншіден, қажетті әдебиеттерді сатып алу керек: тапсыратын пәндерге байланысты анықтамалықтар, тест жинақтары, сызбалар, оқу құралдары.

Бесіншіден, өзіңізді позитивті көңіл-күйде ұстауға тырысыңыз: ҰБТ қорытындысы сәтті аяқталып, тізімде аты-жөніңіздің тұрғанын үнемі елестетіп жүріңіз.

Алтыншыдан, тамақ рационында нәрлі, дәруменді тамақтардың болғаны да күш-қуат береді. Кофе сияқты сергіткіш сусындарды іше беру денсаулыққа зиянды әсер етуі ықтимал.

Жетіншіден, материалдарды жаттамай, түсініп оқуға тырысу қажет, себебі кейде логикалық сұрақтар да кездеседі



Дизайнер

Егер сіз әсемдікті, әдемілікті, айналаның гүлдей құлпырып тұрғанын ұнататын жан болсаңыз, осы мамандықты байқап көріңіз.

Дизайнерлік өнер елімізге кеш келгеніне қарамастан тез таралған кәсіптердің бірі. Мұның өзі бірнеше салаларға бөлінеді: флорист (гүлмен әрлеуші), ландшафт дизайнері, декоратор-дизайнер, баспа ісінің дизайнері және зергер.

Флористердің өзінің кәсіптері бірнешеге бөлінеді: кез келген маусымда гүлдер мен декоративті өсімдіктерді баптап өсіру; тірі және жасанды гүлдерден гүл шоқтарын құрастыру; гүл композицияларымен бөлмені, көшені, айналаны безендіру; мерекелік шараларға арналған көйлектер мен костюмдерді гүлдермен безендіру. Бұл өнерді үйрену үшін адамға алдымен нәзік талғам және теориялық білім қажет. Өсімдіктерге аллергияңыздың болмауы өте маңызды.

Ландшафт дизайнері болуды қалағандар жергілікті жердің климаттық ерекшелігін ескере отырып жерді өңдеуді; тыңайтқыштар қолдануды; ландшафты күзеу тәсілдерін, оны безендіруді; жолдарды, хауыздарды, гүлзарларды бір-бірімен үйлестіріп әрлеу технологиясын меңгеруі тиіс. Тапсырыс берушінің көңілінен шығып, далада ұзақ жұмыс істеуге шыдамды жандар ғана осы кәсіптің иесі бола алады.

Декоратор-дизайнерлердің кәсібі кино, театр өнерімен тікелей байланысты. Ол үшін декоратор-дизайнер фильм, спектакльдердің мазмұнын терең біліп, әрлеудің заманауи әдістерін де меңгеріп отыруы қажет.

Баспа ісі дизайнері журналдар мен кітаптардың, сайттардың дизайнын жасап, көркемдейді. Ол түрлі компьютерлік программаларды жан-жақты меңгерген кәсіби маман болғанда ғана өзіне жұмыс таба алады.

Зергерлік адамдармен бірге жасасып келе жатқан ең көне әрі ешқашан сәннен қалмайтын кәсіптің бірі десем, қателесе қоймаспын. Зергер әшекейлерді күрделі жөндеу; балқытып, құю; асыл тастарды өңдеу; оларды металдарға орнату сияқты жұмыстарды атқарады.

Жалпы дизайнерліктің қай саласы болса да, жоғары талғаммен бірге шығармашылық қабілетті, үлкен төзімділікті талап етеді

Аудармашы

Қазіргі кезде шет тілін үйрену аса қиын мәселе емес. Алайда ана тіліңмен қатар, шет тілін кәсіби деңгейде меңгеру үшін арнайы оқу орнын тәмамдауыңыз керек.

Мұндай оқу орындары көбіне екі бағыт (аудармашы-жолсерік және аудармашы-филолог) бойынша білім береді.

Аудармашы-жолсерік болып істеу үшін бірнеше тілді жоғары деңгейде білумен бірге дикциясы анық, бейтаныс адамның алдында өз-өзін сенімді ұстайтын, елінің және оқыған тілінің (мысалы, Ұлыбритания, Жапония, Франция, т.б.) тарихы мен мәдениетін терең білетін, ашық-жарқын, жауапкершілігі жоғары жан болуы шарт. Сондай-ақ кез келген уақытта: күн демей, түн демей жұмысқа шығатын жағдайға дайын болуы керек. Себебі аудармашы-жолсеріктер шетелдік туристермен түрлі экскурсияға шығады.

Аудармашы-филолог өз өмірін мәңгілік тілге арнайды. Тілдің пайда болуын, құрылымын, даму тарихын, қызметін терең меңгереді. Тілдерді салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылықтарын зерттеп, ғылыми еңбек жазады. Тілді оқытумен, оны екінші тілге түрлі бағытта (ғылыми, көркем, техникалық, экономикалық, қоғамдық-саяси, т.б.) аударумен айналысады.

Сөздіктер, тілді үйренуге арналған оқу құралдарын жазады.

Дайын мәтіндерді редакциялап, қатесін түзетеді, авторлармен тығыз жұмыс жасайды.

Бұл мамандық иелері  өте сауатты жазып, көсіліп еркін де шешен сөйлейтін, есте сақтау қабілеті мықты, шыдамды, ұзақ отырудан жалықпайтын жандар. Себебі олардың өмірінің көбі үстелде жазумен өтеді.



Косметолог сұлулық шебері

Косметолог қазір сәнге айналған, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Себебі, косметолог – тән сұлулығының шебері.

Косметологтардың жұмысы бірнеше бағытқа бөлінеді:

1. Косметолог-эстетист. Бетке, мойынға, денеге массаж жасайды. Физиотерапевтік аппаратуралармен денеге емдік ораулар, пилинг, ботокс жасайды.

2. Дерматолог-косметолог. Ол адамның терісінің типін ажыратып, соған сәйкес иісмайлар тағайындайды. Терідегі ақаулар мен ауруларды (аллергия, безеу, т.б.) анықтап, емдік шараларды қолданады.

3. Хирург-косметолог емделушінің өтініші бойынша бетке, денеге пластикалық ота жасайды. Ол косметология саласындағы лазерлік заманауи технологияларды терең меңгерген болуы керек. Әлбетте, жалақысы да соған сай болады.



Кез келген жан косметолог болып істей алмайды. Ол үшін өзгеге жанашыр, шыдамды, емделушінің назына, талабына түсінушілікпен қарайтын, медициналық білімі бар, арнайы дайындық курсынан өткен, косметологияның соңғы жаңалықтарынан хабардар, жаңа технологияларды меңгерген білікті маман болуыңыз керек. Косметологтар сән салонында, медициналық емханаларда және косметологиялық кабинеттерде жұмыс істей алады. Ажарына көңілі толмағандардың түрін өзгертемін деп жүріп маманның кәсіби дайындығының төмендігінен мүгедек болып қалғандар туралы естіп жатамыз. Сондықтан, косметологтың қайсысы болмасын білімдерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс.
: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Әжем осындай адам
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты ХХ ғасыр мәдениеті дамуының негізгі тенденциялары
2015 -> Олимпиада по предмету «история казахстана» 5 класс тест
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Шоқан Уалихановтың ағартушылық идеялары. (1835-1865)
2015 -> Разработка и паспортизация новых туристических маршрутов по Республике Дагестан в рамках реализации Международного историко-культурного проекта стран СНГ и Китая «Великий шелковый путь»
2015 -> "Вклад арабских ученых в развитие науки в средние века"
2015 -> Тест тапсырмалары Ерте темір дәуіріне шолу Ерте темір дәуірінің кезеңі
2015 -> Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Қазақ тіліндегі ресми іс-қағаздары Басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар. Оған төмендегідей құжаттар жатады үкім, өкім




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет