МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)



жүктеу 2.09 Mb.
бет1/7
Дата03.07.2016
өлшемі2.09 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7
МЕҢДІГҮЛ ШЫНДАЛИЕВА


ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ

ПОЭТИКАСЫ

МЕҢДІГҮЛ ШЫНДАЛИЕВА

ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ
ПОЭТИКАСЫ
(МОНОГРАФИЯ)

АРҚАС
АЛМАТЫ

2005
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Баспаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Ғылыми кеңесінің шешімімен ұсынылған
Жауапты редактор - Р.Нұрғали, ҚР Ұлттық Ғылым

академиясының академигі.


Пікір жазғандар:

А.Сейдімбек - филология ғылымдарының докторы, профессор.

Т.Жұртбай - филология ғылымдарының докторы, профессор.

Шындалиева М.Б. Қазақ очеркінің поэтикасы. Генезис, эволюция, поэтика. Монография. Алматы: «Арқас», 2005. 278 – бет.

Бұл еңбекте қазақ очерктерінің зерттелуі, қалыптасу жолдары және жанрлық даралануы сияқты өзекті мәселелер алғаш рет жан-жақты қарастырылып, жүйелі ғылыми пайымдаулар жасалған. Сондай-ақ, қазақ очерктерінің түрлері мен жанрлық құрылымдары, поэтикасы мен көркемдік ерекшеліктері мейлінше мол мысалдар арқылы сараланған. Автор очерк жанрына халықтың тарихи тағдырын нақтылы деректермен бедерлейтін рухани айғақ тұрғысында ден қояды.

Кітап отан тарихы мен рухани мәдениетіне құрметпен қарайтын оқырман көпшіліккке арналған. Автордың ойы орнықты, тілі шұрайлы.

КІРІСПЕ
Публицистика - сөз өнерінің бір парасы. Оның көркем шығармашылықтан бөліп қарауға болмайтын төл сипаты, кең мағынасы бар. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабында публицистиканы «көсем сөз» деп атап, оған қатысты біраз терминдер мен атаулар қалыптастырған. «Көсем сөз – шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызбен айтылады. Көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып, істету ыждаһатымен айтылады» [1,405-406]. Яғни, публицистика сөз өнерінің ішіндегі жедел де ұшқыр, өтімді жанр. Қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының тәжірбиесі мол, қоғамдық пікірге толымды өлшеуіш бола алатын қасиеттерге бай, зор мүмкіндіктерге ие. Публицистика өмір барлаушысы ғана емес, өмір шындығын, өмірдің өзекті проблемаларын, халықаралық саясат мәселелерін, күнделікті тіршілік құбылыстарын, замана шежіресін жасауға, суреттеуге мейлінше оңтайлы. Бұл өмір шежірелерін публицистикалық жанрлар арқылы жасау баспасөз, радио, теледидар, кино секілді сан-салалы мүмкіншіліктері бар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі баспасөзде жарық көріп жатқан кісі күлерліктей ұшқары пікірлерден де, тіпті байсалды академиялық пайымдаулардан да бірнеше өзекті мәселелер төңірегінде көпе-көрінеу ойдан қиыстыру бел алып барады» [2,8],- деп сынайды. Шынында публицистиканың негізгі міндеті – заман тарихын әділ, ақиқат жазу, адамның тіршілік-тынысының қай саласын болсын шыншылдықпен суреттеу. Қазақ публицистиканың қисыны мен тәжірбиесіне арналған еңбектер көбінде кеңестік кезеңде туып, қалыптасқан. Профессорлар Т.Амандосов, М.Барманқұлов, Қ.Бекхожин, Б.Кенжебаев, Ш.Елеукеновтер өз еңбектерінде[3] публицистика туралы толымды пікір-тұжырымдарын айтқан. Қазақ публицистикасының өкілдерін жеке зерттеу нысанына айналдыру үрдісі әсіресе соңғы жылдары қолға алынып, бірнеше монографиялық зерттеулер шоғыры өмірге келді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Қожанов, Х. Досмұхамедов, Н.Төреқұлов, Б.Майлин, С.Ерубаев, М.Әуезов, Ә.Әлімжанов, Ғ.Мүсірепов, К.Смайылов, С.Мәуленов, Ш.Мұртаза, Е.Букетов т.б. публицистердің шығармашылығына қатысты ондаған кандидаттық диссертациялар қорғалды [4].

Сөз жоқ кез-келген жанр туралы ұғымда белгілі дәрежеде, шарттылық болады. Мұндай қасиеттен очерк жанры да шет емес. Олай болса, зерттеп отырған тақырыптың мән-мағынасын саралап тануға дәс беретін очерк жанрының табиғаты туралы ұғымды орнықтырып алу қажет. Ғылыми әдебиеттердің басым көпшілігінде очеркті әрі көркем әдебиеттің, әрі публицистиканың жанры ретінде тану бел алып жатады.

Көркем әдебиеттің жанры ретінде де, публицистиканың жанры ретінде де очерктің төл қасиеті деп, оның дерекшілдігін (документальность, подлинность) атап өткен жөн. Бұл ретте, очерктің белгі-нышандарын жазу мәдениеті орныққан кез-келген тарихи-әлеуметтік ортадан шырамытуға болады. Өйткені, жазу атаулы ой-дерек көрінісі. Ал, ой-дерек болса белгілі бір әлеуметтік ортаның болмысын танытуға негізделеді [5,16]. Олай болса, әлеуметтік өмір көріністерін тәптіштеп таңбалаған Шумердің сына жазуларынан бастап, байырғы түркілердің эпикалық сарынға толы тасқашау жазуларына дейін, ортағасырдағы жылнамашыл жазбалардан бастап, бүгінгі жазбалардағы жаңалықтар тасқынына дейін, баршасынан нақтылы бір әлеуметтік ортаның айғақ-дерегін табуға болады. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрының бастау тегін (генезис) тым-тым байырғы замандағы жазба жәдігерліктермен сабақтастырып зерттеудің де қисыны бар. Әрине, бұл мәселе өз алдына бөлек арна тартатын ғылыми ізденіс саласы. Оның үстіне, очерк жанрының бүгінгі қалыптасқан болмысы, мағыналық қасиеті және категориялық сипаты өзінің жанрлық табиғатына жауап беретін материалдар төңірегінде ғана ой өрбітуді қажет етеді. Ал, очерк жанрының бүгінгі қалыптасқан болмысы ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қоғамдық қатынастардың алмасу кезеңімен тұспа-тұс келеді деп айтуға болады.

Жалпы очерктік шығармашылықтың бел алуы, әсіресе ұлттық әдебиетте, негізінен, қоғамдық қатынастар өзгеріске түсетін, жаңа өмір салттар орныға бастайтын тарихи өтпелі кезеңдерде айрықша айқын байқалады. Яғни, очерк жанрын уақыт сұранысы дүниеге келтіреді. Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік өзгерістер кезінде, ескі тоқырап, жаңа үрдістер өктемдікпен өмірге ене бастағанда, нәтижесінде құндылықтарды жаңаша парықтау қажет болғанда очерк жанрының өмірлік сұранысқа ие болатынын аңғару қиын емес. Мұның айғағын, алысқа бармай-ақ, ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы орыс қоғамынан (крепостниктік тоқырау кезеңі), ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік жүйеден (социалистік құндылықтардың орныға бастаған тұсы) немесе ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі Кеңес Одағының тарихи тоқырай бастаған кезеңінен айқын аңғаруға болады. Бұл сияқты тарихи-әлеуметтік күрделі кезеңдердің қай-қайсысында да көркем-публицистикалық сипаттағы очерк жанры қоғам болмысының қыр-сырын қаузай сөз етіп отыратыны айқын байқалады. ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарының өзінде В.Г.Белинский “Повестің төменгі және жеңілдеу түрі болып саналатын, әдебиетте бұрыннан келе жатқан әңгіменің үстіне енді қоғам тұрмысының түрлі жақтарын сипаттайтын физиологиялық очерктер берік орнықты” [6,160] - дейді. Мұндай тұжырымды ойлар Е.И.Журбина, Н.И.Глушков, А.Шумский, В.Канторович еңбектерінде лайықты жалғасын тапқан [7].

Көркем – публицистикалық жанр ретінде очерк болмысында әдебиеттің көркемдеу құралдары мен публицистикалық элементтердің қатар өріліп, шендесіп жататынын пайымдауға болады. Ал, очерктану – әдебиеттану саласының бір түрі. Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының қалыптасуы туралы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Төлеубай Ыдырысов “Очерк туралы ойлар” (1969 ж.) [8], “Очерк және бесжылдық” (1982 ж.) [9], “Шеберлік бастауы” (1974 ж.) [10] т.б. әдеби зерттеулер жазды. Автор жоғарыдағы еңбектерінде очерк пен публицистиканың қазақ баспасөзі мен әдебиетінде қалыптасуына, дамуына, көркемдік жағына, тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталып, тілдік ерекшеліктерін де саралайды.

Қазақ жазушылары мен әдебиет зерттеушілері тарапынан Т.Ыдырысовтан басқа ешкім очерк жанрына арнайы кітап жазбаған. Тек бірен-саран ғалымдар ішінара очерк туралы пікірлерін ортаға салып, мақалалар жазған. Мысалы: Бейсенбай Кенжебаевтың “Жаңа әдебиеттің туа бастаған шағы” [11,172], Темірғали Нұртазиннің “Очерк өзегі - өмір” [12,185], Сағынғали Сейітовтің “Қырық жылда” [13,78] т.б. зерттеу мақалаларын атауға болады.

Орыс әдебиетінің теориясын зерттеуші ғалым А.Шумский көркем очеркке мынадай анықтама береді: “Көркем очерк – сөз өнерінің құрамдас бөлігі. Бұл жанр, сөз өнерінің жалпы заңдылықтарына бағына отырып, өз уақытындағы әдебиеттің тағдырын тең бөлісіп, оның төл қасиеттері мен ерекшеліктерін паш етіп келеді” [14,9]. Шынында да очерк – әдебиеттің төл сипатты жанры. Ол көркем шығарма мен оған қойылатын талаптар мен шарттарға да белгілі дәрежеде жауап береді.

Очеркке берілген анықтамалардан аңғарылатыны, очерк – өзінің табиғатында өмірдегі өзгерістерге тез бейімделетін жанр. Әдебиеттану терминдерінің қысқаша сөздігінде: “Очерк – эпикалық, суреттеушілік әдебиеттің бір түрі, ол басқа түрлерден (роман, повесть, әңгіме) айқын мағлұматтарымен ерекшеленеді, яғни очеркте нақты өмірде болған оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленеді, оған қатысушылар өмірде болған адамдар” [15,102], - дейді. Ал, Г.Поспелов “Әдебиет теориясында”: “Бірыңғай көркемдік міндет атқаратын новелла мен әңгімеге қарағанда, очерк баяндау тұрғысындағы шығарма, оның мақсаты – бейнелі түрде елестете баяндау, әрі бейнелі хабарлау” [16,142] деген тоқтамға келген.

Қазақ әдебиеттануының негізін салушылардың бірі академик Зейнолла Қабдолов: “Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлегі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен, әртүрлі суреттер арқылы шебер, тартымды бейнеленуге тиіс” [17,132], - дейді.

Профессор Тауман Амандосов: “Көркем – публицистикалық жанрлардың бір түрі – көркем очерк. Очерк үгіт пен насихаттың жауынгер де әсерлі формаларының бірі екендігін өмірде дәлелдеген, дәлелдей де беретін көркем-публицистиканың алғы шептегі жанры болып қалыптасты. Бұл жанр өмір шындығының құбылыстары мен оқиғаларын батыл да терең талдап, тартымды тілмен шағын “сурет” салып береді” [18,241] деген тұжырым жасайды. Міне, очерк теориясында зерттеушілердің қай-қайсысы болсын очеркке көркем-публицистикалық жанр деп баға береді. М.Горький очеркке берген анықтамасында оның түп-төркінін “очертить”, “очерчивать” деген етістіктерден шыққанын ескеру керек екенін атап айтқан. Яғни, белгілі бір заттың елесін сызу, беру деген сөз. Белгілі бір идеяны әсерлі, айшықты формада жеткізу, оны бейнелеу құралдары негізінде көркемдеу деген сөз.

Әсілі, очерк – шын оқиғаны қысқаша суреттейтін, көлемі шағын, әдеби көркем шығарма. Егер осындай анықтамаға ден қоятын болсақ, онда қазақ очеркінің пайда болуы, қалыптасуы ХІХ ғасыр аясынан бастау алады деуге негіз бар.

Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының қалыптаса бастауы Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин шығармашылықтарымен тікелей байланысты. Олар көркем очерк саласында өшпес мұра қалдыра білді.

Шоқан Уәлихановтың “Шығыс Түркістан, саяхат күнделігі”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздар туралы жазбалар” [19] атты шығармалары композициялық құрылысы, көркемдік компоненттері тұрғысынан келгенде очерк жанрында жазылғаны күмән туғызбайды.

Ыбырай Алтынсариннің әдеби туындылары - ХІХ ғасырдағы қазақ ауылының тіршілігін қаз-қалпында суреттеген очерк үлгілері. Оның “Қыпшақ Сейітқұл”, “Надандық”, “Бай баласы мен жарлы баласы” [20] т.б. шығармалары өмір құбылыстарын қаз-қалпында суреттеу әдісімен жазылған. Демек, автор көркем очерктің маңызды шарттарын ұстанған.

ХХ ғасырдың басындағы мерзімді басылымдар: “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты”, “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналында жарық көрген қазақ қаламгерлерінің очерктері үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қозғаған. Қазақ әдебиетіндегі Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, М.Жұмабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Б.Кенжебаев, Ж.Арыстанов, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Сланов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, З.Шашкин, Қ.Сатыбалдин, Б.Бұлқышев, М.Иманжанов, С.Бақбергенов, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, Ғ.Орманов, С.Мәуленов, Ә.Әлімжанов, С.Шаймерденов, Ғ.Қайырбеков, Ә.Нұршайықов, М.Әлімбаев, Н.Ғабдуллин, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Р.Нұрғали, Д.Исабеков, А.Сейдімбек, Қ.Салғара, К.Смайылов, У.Қалижан, Т.Жұртбай, Ж.Аупбаев, Ә.Асқаров т.б. қатарлы сөз зергерлерінің өнегелі мектебі очерк жанрының толыса орныққан өресіне жан-жақты айғақ. Бұл авторлардың қай-қайсысының да очерк жазуда өмір құбылыстарын қалай жинақтағанын, көркемдік элементтерді шебер пайдаланудағы әдістерін атып көрсетіп, тілдік, стильдік жақтарын да саралаудың мән-маңызы айрықша зор.

1920-1930 жылдардағы қазақ зиялыларының мерзімді баспасөзде жарық көрген очерктері, бесжылдықтар мен Ұлы Отан соғысы, тың жерлерді игеру жылдарындағы, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының өмірін паш ететін талай очерктер өмірге келді, келе де бермек. Қазақ әдебиеті сынындағы бүгінгі негізгі міндеттердің бірі осы очерктердің жеткен жетістіктерін, оның жанрлық ерекшеліктерін, жаңадан бастау алған түрлерін, әрбір жазушы мен журналистің шығармашылық ізденістерін дөп басып, талдап отыру болса керек.

Басты назар аударатын мәселе очерктің көркем – публицистикалық жанр екендігін дәлелдеу. Очерк қаншалықты нақты, адресі бар шығарма болғанымен, одан эстетикалық ләззат алуға болады. Очеркші, жазушының міндеті – өмірді көркем нақышпен бейнелеу. Очеркте оқиғалар мен фактілер жаңа мазмұнға ие болады, көркем образға кенеледі. Егер очеркте образдылық болмаса хабар, корреспонденциядан айырмашылығы болмас еді. Очеркті образды публицистикадан бөліп қарауға келмейді. Оның әңгіме, повесть, романнан басты айырмашылығы – публицистикалық элементтерінің басымдығында. Очерк өмір шындығын көркем құралдар арқылы (образдылық, портрет, сюжет, композиция, пейзаж т.б.), сонымен қатар публицистикалық элементтердің (публицистикалық жинақтау, тарихи параллель, анологиялық цитата, цифр, құжат, қаулы-қарар, өлең-жыр т.б.) көмегімен жеткізетіні мәлім.

Түптеп келгенде, очерк - шындықты саяси-әлеуметтік зерделеу тұрғысынан қорытатын жанр. “Очерк – көркем әдебиеттің бір саласы. Онда шығарма негізі – күнделікті деректі материал, нақты адамдардың әрекеті” [21,368],- дейді профессор Т.Нұртазин. Оқырман очеркті оқып отырып одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, фактінің “психологиясын”, оның ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Очерктің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе.

Қазақ әдебиетінде очерктің қалыптасқан, бір жүйеге түскен түрлері мен формалары бар. Әдебиет пен өнердің басқа жанрлары сияқты очерктің түрлері де тыңнан туып, дамып, өзгеріп, жаңғырып отырады. Мұны, әрине, жеке авторлар ойлап тапты деу қиын. Қоғамның дамуына, экономика мен мәдениеттің өсуіне сәйкес очерктің жаңа түрлерінің белең алуы, бұрыннан бар түрлердің жаңғыра шыңдалуы заңды құбылыс. Очерк түрлері жайында күні бүгінге дейін әдеби-зерттеу еңбектерде әрқилы пікірлер айтып жүр.

Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының өсу, өркендеу, даму кезеңдерін зерделей отырып, очерктің жеке түрлерін жүйелеуге, оларға белгілі бір сипаттама беруге толық мүмкіндік бар. Қазақ әдебиетінде көркем очерк жанрының зерттелмей келе жатқан бір қыры – очерктің көркемдік болмысы, табиғаты десе орынды. Очерктегі табиғат көрінісі, портрет жасау шеберлігі, көркем образ, типтендіру, шегініс, диалог, авторлық пайымдау (“вымысел”), тіл мен стиль мәселелері байсалдылықпен парықтауды қажет етеді. Мәселен, автор пейзажды суреттей отырып, өзінің, кейіпкерінің табиғатқа көзқарасын білдіреді. Пейзаж очерк мазмұнымен, оқиға желісімен қабысса, адам характерін ашуға ұрымтал пайдаланылса ғана автордың шеберлігі ретінде ден қойдырады. Сол сияқты адам портретін – кейіпкердің өмірге көзқарасын, бет-әлпетін, сөйлеу мәнерін, мінезін суреттеу барысында да очеркшінің шеберлік-шалымы айрықша қажет. Очерктегі ойдан қосу, фактографияның рөлі жөнінде де әртүрлі пікірталастар бар. Автор тарапынан шығармашылық ой қосу, қиялға берілу, қосымша сипаттаулар, түптеп келгенде фактіні күшейту үшін ғана емес, очерктің сюжеттік-композициялық желісін ширату үшін де керек әдістер.

Очерктегі диалог автордың ұшқыр қиялы, фантазия қуаты арқылы шығарманың идеялық-көркемдік өресін биіктете түседі. Очерк кейіпкері жазушы, не журналистпен дәл шығармада көрсетілгендей сөйлеспеуі мүмкін. Алайда, автордың суреткерлік құбылысты қабілет-қарымына орай бейімдеу барысында очерктің тілі мен стилінде өзіндік ерекшеліктер болатыны аян. Очерк тілі – бейнелі, айшықты, жатық, қарапайым, қалың көпшілікке түсінікті болуы шарт. Рас, әр очеркшінің өзіне тән мәнері, суреткерлік тегеуріні бар. Мысалы, Сәбит Мұқанов баяндау тәсілін жиі қолданады. Ғабит Мүсірепов очерктерінде ұшқыр ой түйіндеулер, шешендік сөздер көп. Мұхтар Әуезов табиғат суреті мен адам бейнесін мүсіндеуге ұста. Әзілхан Нұршайықовта оқиға желісі белгілі бір жүйемен өрбіп отырады. Сәуірбек Бақбергенов қазіргі мен өткенді шендестіру арқылы түйін жасайды.

Очерктегі образ жасау тәсілінің өзіндік ерекшелігі арналы әңгімеге арқау. Образ көркем шығармаларға ғана тән, очеркке тек нақтылық керек деген пікірде біржақтылық бар. Очеркшіге өмірдің қайнаған ортасында жүрген, сол ортаның елеулі де қалаулы тұлғасы ретінде танылған, болмыс-бітімі үлгі-өнеге боларлық кез-келген адам кейіпкер бола алады. Қаламгер үшін очерк кейіпкерінің мінезін, рухани жан-дүниесін, мақсат-мүддесін, ой-сезімін шыншылдықпен суреттеу - образ жасаудағы, характер ашудағы басты мұрат болса керек. Очеркте экспозиция, оқиғаның өрбуі, шарықтау шегі, шешуі, т.б. болады. Кейде сюжетке құрылған, оқиға желісі қою, бұған қоса көркемдік шеберлікпен жазылған очеркті әңгімеден айыру қиын. Мұны Бейімбет Майлиннің “Борамбайдың бірінші адымы”, Мұхтар Әуезовтің “Түркістан солай туған”, Әзілхан Нұршайықовтың “Алыстағы ауданда” очерктерінен айқын аңғаруға болады.

Қазақ әдебиеті тарихында очерк жанрына ден қоя зерттеген ғалымдар санаулы ғана. Тек кейбір ғалымдар мен жазушылар әр кездері очерк туралы ойларын жол-жөнекей ортаға салып, мақалалар, зерттеулер жазған. Әрине, уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде очерктің рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша зор. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрына қоғамды шыңдайтын, талғамды жетілдіретін мәдени-рухани ықпалды «құрал» деп қарап, оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттеріне ғылыми зердемен ден қойып отыру қажет. Бұған қазақ топырағында туындаған очерктер сандық та, сапалық та өресімен әбден лайық. Бүгінгі таңда қазақ очеркінің 250-300 томдай болатын мәтіндік материалдары бар. Бұл – мәдени-рухани толымды қазына. Ал, оның көркемдік-эстетикалық болмысын ғылыми зердемен парықтау – тарихи міндет. Осы тақырыпты орыс әдебиетінде зерттеген, ғылыми-теориялық еңбектер жазған ғалымдар да баршылық. Оның ішінде Е.Журбина, Б.Костелянец, М.Шур, Н.Золотарев, В.Канторович т.б. монография, зерттеу еңбектерін жазған. Бұл еңбектер орыс әдебиетіндегі очерк жанрының екі ғасырлық қалыптасуы мен дамуын қамтиды. Орыс әдебиетіндегі очерк жанры біршама зерттеліп, сараланғаны жалпы орыс қоғамындағы көркем ойдың өресін танытады. Бұл тараптағы зерттеу еңбекке қазақ қоғамы да зәру. Рас, оқырман назарына ұсынылып отырған зерттеу еңбекте қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының бәрін қамту және оларды түбегейлі саралап беру мүмкін емес. Алайда, қазақ топырағында туындаған очерк жанрының тек-тамыры мен қалыптасу жолдарына ден қоя отырып, очерктің толысқан үлгілерін ғылыми зердемен саралау-зерттеу еңбектің өзекті мақсаты болмақ.

Қазақ очеркінің мәселелерін қарастырғанда, бүгінгі күнге дейін зерттелген қазақ әдебиеті тарихы мен теориясындағы іргелі еңбектер негізге алынды. Бұл ретте А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Т.Қожакеев, З.Қабдолов, З.Ахметов, М.Базарбаев, Р.Бердібай, Т.Кәкішев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов, Ж.Ысмағұлов, Р.Нұрғали, М.Жолдасбеков, Н.Келімбетов, Ж.Дәдебаев, А.Сейдімбек, Қ.Әбдезұлы, Б.Майтанов, Қ.Ергөбек, З-Ғ.Бейсенғали, С.Негимов, Қ.Уалихан, Д.Ысқақ, Қ.Жүсіпов, А.Еспенбетов, М.Хамзин, Б.Омаров, К.Бейбітова, Қ.Рүстемова, Б.Жақыпов, А.Шәріп, т.б. еңбектері теориялық бағыт ретінде пайдаланылды. Қазақ очеркін тілдік тұрғыдан зерттегенде тілші ғалымдарымыз Р.Сыздықова, М.Серғалиев, С.Исаев, Ә.Қайдаров т.б. еңбектеріне сүйендік.

Бұл ғылыми жұмыста бұрын терең зерттелмеген қазақ очеркінің қалыптасу, даму жолдары кеңінен талданып, очерк табиғатын айқындауға талпыныстар жасалды. Очерктің жанрлық қалыптасу эволюциясы ғана емес, сонымен бірге очерктің негізгі түрлеріне, көркемдік ерекшеліктеріне мән беріліп, көрнекті очеркшілер шығармашылығы сараланды. Нәтижесінде нақты ғылыми тұжырымдар жасауға талпындық.

БІРІНШІ ТАРАУ
ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ ТАБИҒАТЫ
1.1. ОЧЕРКТІҢ ТӨЛ СИПАТЫ
Қазіргі ғылыми-теориялық таным-түсінікте очерктің жанрлық сипаты айтарлықтай сараланған. “Очерк – эпикалық әдебиеттің шағын үлгілерінің бірі” делінген “Әдеби энциклопедиялық сөздікте”. Әңгіме мен новелла да әдебиеттің шағын үлгісіне жатады. Бұл ретте, очерктің төл сипатын, яғни жанрлық ерекшеліктерін қазіргі ғылыми-теориялық таным-түсініктерге сүйене отырып былай саралауға болады:

- очерктің әңгіме мен новелладан айырмашылығы – басталуы мен

аяқталуында авторлық идеяға бағынған біртұтас шиеленісті тартыстың болмайтындығы;

- яғни, белгілі бір қоғамдық ортадағы жеке тұлғаның болмыс-бітімі автор ойдан шығаратын шиеленісті тартыс немесе шытырман оқиға арқылы ашылмайды;

- керісінше, белгілі бір қоғамдық ортадағы жеке тұлғаның болмыс-бітімі қаз-қалпында, констотациялық сипатта көркем баяндалады;

- сол себептен, көп жағдайда жеке тұлғаның болмыс-бітімі қоғамдық өмірдің орныққан, уақыт сынынан өткен нормаларына қайшы келмейді;

- оның есесіне жеке тұлғаның азаматтық және парасаттылық болмыс бітімін ашуға көбірек мән беріледі;

- мұның бәрі, сайып келгенде, очеркке танымдық сипат дарыттатын, сөйтіп, жанрлық даралығын айғақтайтын қасиеттер болып табылады.

Қазіргі ғылыми-теориялық таным-түсінікте, очерк жанрын көркем

очерк және публицистикалық очерк деп, екіге бөліп қарастыратын дәстүр орныққан.

Көркем очерктің төл сипаты былай парықталады:

- адамдардың кісілікті, парасатты болмыс-бітімдері үлгі-өнеге тұрғысында бейнеленеді;

- ел өмірінің әлеуметтік-мәдени ахуалын ашып көрсетуге мән беріледі;


  • ұлттық мінез-бітімді әспеттеп көрсетуге құлықты болып келеді.

Ал, публицистикалық очерктің төл сипаты былай сараланады:

- әлеуметтік-мәдени өмірдің ең бір көкейкесті проблемалары тілге тиек болады;

- мұның өзі көп жағдайда автордың немесе кейіпкердің таным өресі, парасат бітімі арқылы көрініс табады;

- бұл ретте, нақтылы дерек пен құжатқа сүйенген авторлық саралаулар бел алып жатады.

Очерктің төл сипатын оның композициялық құрылымдарынан да

айқын аңғаруға болады. Атап айтқанда:

- очерк көп жағдайда үзік-үзік эпизодтық көріністер мен айғақ

мысалдардың жиынтығы тұрғысында жазылады:

- мұндай жағдайда очеркті бірбүтін туынды етіп көрсетуге не кейіпкер, не тақырып, не көтерген проблема қызмет етеді.

Міне, осы қасиеттердің бәрі де, сайып келгенде, очерктің дерекшіл сипатын айғақтайды.

Очерк жанрының төл сипатын осылайша бір бажайлап алған соң, әрі қарай ой өрбітіп, пікір сабақтап, нақтылы айғақ-деректер негізінде тиісті тұжырымдар жасап отыруға жол ашылмақ.

Очерк – көркем әдебиет пен публицистиканың күрделі, әрі көп қырлы жанры. Очерктің көркемдігі оның публицистикалық әсерлілігінің қажетті шарты деген пікір бүгінгі таңда қисындық тұрғыдан негізінен мойындалған. Алайда, мерзімді басылымдардағы очерк жанрының қалпы бұл қағиданың орнығуына әлі де болса жеткіліксіз тұстардың бар екендігін байқатады. Очерктің анық публицистикалық белгілері және публицистикалық бағыты болғанымен, ол көркем әдебиеттің ажырамас бір бөлігі болып табылатындығы.

Ал, очеркшілердің шығармашылық әдісі туралы орыс очерктанушы ғалымы Евгения Журбина былай дейді: «Өз жанрының заңдылығына сергектеу қарайтын очеркшілер, шығармашылық әдістерінің әралуандығына қарамастан, мынадай ақиқатты бірауыздан мойындайды: ол – очерк жанрының публицистикашыл қасиетінің, жанрлық төл сипатының, сондай-ақ «көркемдіктің шыңына» бастайтын өзіндік жолы мен құралының болатыны» [22,195]. Баршаға белгілі, қандай да бір құбылыс суреткердің көркемдік қиялы арқылы бейнеленбесе, ол өзінің өнерге қатысты талғам-талабын солғындатып алады. Очерк әдебиет жанрларының ішінде ерекше орынға ие бола болғанымен, оның көркемдік сапасы, жанрлық табиғаты, тарихи қалыптасқан ерекшеліктері ғылыми тұрғыда толық сараланды деп тұжырым жасауға болмайды.

Қазақтың көптеген классик жазушыларының шығармашылығында әртүрлі жанрда жазылған ең жақсы деген туындылар қатарында очеркті де атауға болады. Б.Майлиннің «Алыптарды аралағанда», І.Жансүгіровтің «Жол аузында» очерктер жинағының, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Ғ.Сланов, С.Шарипов, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов, Б.Момышұлы, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай сияқты көрнекті жазушылардың очерктік шығармаларының қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар. Қазақ әдебиетіндегі очерк ішкі тегеуріні орасан зор жанр ретінде қалыптасты. Жоғарыдағы жазушылар көркемдігі жоғары очерктері арқылы өздері ғұмыр кешкен қоғамға, уақытқа тікелей ықпал етуге талпынғандығы талассыз.

Тәрбиелік мәні бар очерктер өмірден алынған фактілерге негізделіп жазылады. Қоғам дамыған сайын очерктер де дамып, тақырыптары ауқымданып, пәрменділігі арта түседі. Очерктің ең үздік үлгілері өмірде болып жатқан өзгерістерге, жаңа құбылыстарға қолма-қол жауап беріп, көкейкесті мәселелерді дер кезінде көтере білуімен құнды. Очерк жанрының көркемдік, танымдық және әлеуметтік маңызы қай кезде де зор. Бұл үрдістің тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы үшін, адам қоғамының рухани және материалдық мәдениетінің байып, үздіксіз өсуінің мысалдарын өмірден іздеу қажет, сонымен бірге, очеркші өмірде болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен қарап, өзіндік баға беруге тырысады. Кеңестік очерктің қалыптасу тарихында түрлі қайшылықтардан туған жағымсыз құбылыстарды жуып-шаюшылық, жалған идеализацияға берілушіліктің бел алғаны да бар. Дегенмен күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді насихаттауды төл міндеті деп білген қазақ очеркшілері тамаша дәстүр қалыптастыра алды. Қазақ қаламгерлері өмірді бақылау, халық мүддесіне барынша жақын болу, әлеуметтік мәселелерді батыл түрде алға қою сияқты дәстүрлерді орнықтырды.

Көркемдік жағынан очерк әдебиеттің басқа жанрларымен үзеңгілес болса да, оның өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайды. Оны көркем жанрлардың қатарында да, одан тыс та қарастыруға болады. Очерктің негізінде – нақты өмірдің ақиқат деректері жатуы ғылыми зерттеуге ұқсаса, шындықтың бейнелі суреттелуі, көркем жинақталуы әдеби шығармамен ұласып жатады. Көркем әдебиеттегі жаңа үлгілердің очерктерден бастау алатын кездері де бар. Көп жағдайда очерк өзінен кейін дүниеге келетін көркем шығарманың негізгі «азығы» болып отырады.

Очерк жанр ретінде көркемдік-идеялық сипаттарын айғақтау барысында қалыптасқан және белгілі бір әлеуметтік құбылысты әрі ғылыми зерттеу, әрі публицистика, әрі көркем өнер тұрғысынан өзгеше бедерлей алатын аралық жанр. Көркем өнер мен ғылым арасында айырмашылық бар. Ғалым мен ақынды салыстыра отырып, Б.Г.Белинский: «Бірі дәлелдейді, бірі көрсетеді, екеуі де иландырады, бірі логикалық қорытындыларымен, бірі суретпен» [23,311],- дейді. Сонымен белгілі бір әдеби фактінің көркем өнерге қатыстылығын дәлелдеу үшін, оның бейнелі құрылысын анықтау керек. Көркем очерктің мақсаты дүниені тұтас танып, оның келбетін әсерлі суреттер арқылы бейнелеп көрсету. Очеркте суреттелетін шындық - өмірде болған, не бар ақиқат, сондықтан да очерк өз кезеңінің шындығынан ғана тұрады. Бұл әрине, очеркті көркем өнерден тыс қалдыруға себеп бола алмайды. Мысалы, шебердің қолымен жасалған әдемі құмыраны күнделікті мақсатта қолдансақ та, оны өнер шығармасы дейміз.

Очерк - бұқаралық ақпарат құралдарының кейбір жанрлары сияқты өмірлік шындықтарды жалаң тізбелеп қоймайды, керісінше, фактілер очерктік бейне жасаудың негізгі материалы болып табылады. Очерктің көркемдік күші оның ішкі мазмұнында, сол сияқты фактілер тізбегі тек очеркте ғана емес, кез-келген көркем шығармадағы жаңа бейнелердің жасалуына да негіз болады. Қандай да болсын көркем очеркті алып қарасақ, оның мазмұны құрғақ фактілерге бағынбайтыны байқалады. Мәселен, М.Әуезовтің көркем очерктерінде әртүрлі сандық, статистикалық көрсеткіштер мен анықтамалар, мақал - мәтелдер, дәйектемелер молынан ұшырасып отырады. Бұл туралы ғалым Б.Жақыпов былай дейді: «Мұхтар Әуезовтің газет-журнал беттерінде жарияланған публицистік шығармаларымен мұқият танысқандағы байқайтынымыз – автордың ауыл өмірі туралы, ондағы азаматтар жайлы, қазақ даласының табиғаты жөніндегі толғаныстарының жиі ұшырасатындығы, ол туындыларды оқи отырып, ауыл тіршілігінің Мұқаң жүрегіне соншалықты жақын екендігін сезінесің» [24,102]. «Жуалы колхозшысы» очеркінде автор кеңшар жетістіктерін айғақтайтын нақтылы деректерді кейіпкерлерді сөйлету арқылы береді.

«Мәмет көселеу сары жүзін артта отырған бізге бұрып қарап, колхоз жайын айтады.

- Еңбектен біз қорықпаймыз. Біздің «Шұқырбұлақ» Жуалыдағы қазақ колхозының алды. 750 га астық ектік. Өкіметке жаңадан 17 мың пұттан аса бидай бердік. Астық жинауға өзіміздікін бітіріп тастап, жанымыздағы «Азаттық» колхозы - өзбек колхозының да 100 га бидайын орып бердік» [25,17]. Осы үзіндідегі деректер үстірт айтыла салмай, әңгімеші қарапайым колхозшының аузына салынуы ұтымды әдіс. Фактілерді сөйлете білуі жазушының очерктерінің көркемдігін кемітпей, уақыт тынысын айғақтайтын ерекше бір сипат берген. Осы сандық деректер суреткер бейнелеуінен тыс қалпында көркем өнер үшін өлі болып есептеледі. Бұл жерде шебердің көркемдік ойлауы мен қиялынан өткен сандық деректер мен фактілердің «тіріліп» кеткенін көреміз. Статистикалық материалдардың арғы жағында нақты бейнелер, болмыстың көрінісі, адамдардың тағдыры жататыны аян.

1960-1970 жылдардағы жазушыладың очерктерінде бейнелілік сипатымен ерекшеленетін сандық көрсеткіштер молынан кездесіп отырады. Одан кейінгі кезеңдерде де бұл дәстүр жалғасын тапқан. Онда ойдан шығарылмаған, өмірде болған жағдайлар, оқиғалар мен құбылыстар суреттеледі. Сонымен очеркте үлкен шындықтың бөлігі нәрлі тілмен, көркем суреттер арқылы шебер бейнеленеді, ал өмірден алынған құбылыстар әсерлі бейнеленіп шығуы үшін қаламгер үлкен шығармашылықпен жұмыс жасауы керек. Көркем очерк жанрында фактілер жаңа сипатқа ие болса ғана очерк көркем шығарманың эстетикалық қызметін атқарады. Көркем очерктің басты ерекшелігі - публицистикалық ойдың бейнелілікпен көрсетілуінде. Батыс әдебиетінде очерк жанры «эссе» деп аталады. Бұл сөз «тәжірбие» деген мағынаны білдіреді. Эссе жанрына жалпы мәселелерді кабинеттік өңдеуден өткізу, оқу, соның нәтижесінде пайда болатын философиялық ой қорыту тән.

Батыс әдебиетінде бұл жанрдың белгілері өте тұрақты. Бір әңгімесінің кейіпкері, провинциядан шыққан дарынды эссе жазушысына мінездеме берген О'Генри былай деп жазған: «...Олар эссейстер дәстүрінде тәрбиеленген» [26]. Батыс әдебиетіндегі очерк өзінің дәстүрлері мен «кабинеттік» стилінен айрылса да, ғылыми айналымдағы «эссе» термині әлі күнге дейін қолданылады және очерктің сан алуан түрлерін қамтиды. «Эссе» терминінің тұрақтылығына қарап, очерктегі философиялық, публицистикалық пайымдаулар сәті бұл жанрдың маңызды белгілерінің бірі деген қорытынды жасауға болады. Очеркте негізгі идея, ой, үрдіс орайында қозғалған әлеуметтік мәселе ашық көрсетіледі. Егер роман, повесть, әңгіме сияқты жанрларда ойдың бүкпессіз тура айтылуы кемшілік болып саналса, очеркте бұл эстетикалық заңдылық ретінде қабылданады. Сондықтан да әдебиеттану ғылымында очеркті әдебиетпен, публицистикамен, ғылыммен байланыста қарап, оның көркем жанрлардан ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтап алу қажет. Бұл мәселені шешуде публицистика саласына қатысты айтылып жүрген ой-пікірлер ден қойдырады. Публицистика теориясын танып-білуге деген құлшыныс ғалымдардың жаңа буынын ғылымға әкеліп, бұл саладағы даулы мәселелерді шешуге талпыныс білдіруде. Публицистикалық сипаты бар жанрлар сөз болғанда, публицистиканың қисыны бар мәселелерге соқпай кетуге болмайды. Публицистика жанрының табиғаты жөніндегі пікірлер әрқилы. Әдебиеттің бұл жанрының көптеген анықтамалары белгілі. Публицистика өмірдің көкейкесті мәселелерін көріп-біліп, қоғамда болып жатқан өзгерістерді танып, замана талабына сай өзіндік үн қосады. Бұл жанр белгілі бір мәселелердің шешілуіне де өз септігін тигізеді. Әдебиеттанушылардың пікірінше, жалпы қоғамдық тақырыптарға қатысты пікір-ұсыныстарды, ойларды публицистикалық туындыға жатқызуға болады. Публицистикалық шығармаларға жоғары талаптар қойылады. Публицистикалық жанрдың табиғаты толық ашылмаса да, ондағы айтылған ойдың үнемі динамикалық қозғалыста болатыны белгілі. Қоғамдық мәні бар тақырыптарға арналған туындыларды қай жағдайда да публицистикалық шығармаларға жатқызуға болады. Н.Кольцов бұл жөнінде былай дейді: «Публицистика – ең бір жағымды мағынадағы әдеби-қоғамдық жанр, ол публицистің өзі тапқан немесе алғаш рет мәлім ететін деректерін қорытады. Бұл ретте, жаңаша қорыта алатын және көрсете алатын мақала ғана нағыз публицистика болса керек» [27].

Публицистика теориясы мәселесінен тыс қалмайтын ұғымдардың бірі - «публицистшілдік». Бұл жерде ең алдымен көркем әдебиеттің публицистшілдік сипаты жөнінде айтып өту керек. Өйткені, көркем шығарманың да публицистшілдік сарыны болуы мүмкін және бұл туралы әдебиеттанушылар көптеген қызықты пайымдаулар айтқан. Очерк көркем публицистикалық жанрға жататындықтан мұнда публицистиканың маңызды элементтерінің бірі - көркем бейнелілік кеңінен қолданылады. Кейбір зерттеушілер публицистиканың эмоциялық элементін басшылыққа ала отырып, оны таза көркем өнер саласына жатқызады. Бірақ, көркем шығармаға қатысы жоқ туындылар да эмоциялық реңкпен жазылуы мүмкін. Мысалы, шаршы топ алдында айтылған шешеннің сөзі эмоциямен, шеберлікпен айтылғанымен біз оны көркем шығармаға жатқыза алмаймыз. Кейбір ғалымдар публицистиканы таза әдебиеттің бір түрі ретінде қарастырады. Яғни, көркем әдебиет пен публицистика арасындағы айырмашылықтардың бар екенін жоққа шығарады.

Қалай болғанда да, публицистикалық туындылар мен көркем шығармаларды бір арнаға жатқызуға болмайды. Публицистикада көркемділік пен публицистік сипаттар қатар келгендіктен, оны көркем-публицистикалық жанрға жатқызуға болады. Ол үшін ең алдымен көркем-публицистикалық жанрлардың публицистикамен, публицистиканың көркем әдебиетпен арақатынасын анықтап алу қажет. Бұл жанрлардың бір-бірімен тығыз байланыста екенін ұмытуға болмайды. Көркем өнердің шеңберіне жаңа материалдар, идеялар, көркем құндылықтар еніп отырады. Көркем өнер өмірдің өзінен күш-қуат ала отырып, шын өнерден байланысын үзілген шарттылықты тұғыр етеді. Егер өнер және «өнер еместің» арақатынасы жөніндегі қағида көркем әдебиет пен публицистиканың арақатынасын анықтаған кезде парықталар болса, онда бұл екі жанр арасына «қытай қорғанын» қоюдың қажеті жоқ. Өйткені «өнерге жатпайтын» жанрлардың ішінен көркем өнермен тығыз байланысатын түр - осы публицистика. Алайда, көркемдігі төмен, не мүлде жоқ шығармаларды «публицистика» деп атау күні бүгінге дейін кездеседі. Публицистік сипат пен көркемділік бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Бұған қарап көркем әдебиет пен публицистиканы бір жанрға жатқызуға да болмайды.

Қорыта айқанда, публицистика да, көркем әдебиеттің бір жанры және олардың арасында нақты белгіленген шекара жоқ. Олар өзара қарым-қатынаста болып, бірін-бірі байытып, толықтырып отырады

Очерк жанрына айтылған пікір-тұжырымдар қанша көп болғанымен, жалпы қисындық (теориялық) анықтама әлі түбегейлі берілмей келеді. Оған жазушы-журналистер әртүрлі образды теңеу айтады: “қоян-қолтық шайқастың қаруы” [28], “бас қолбасшылық резерві” [29,142]. Кейбіреулер очеркті публицистикаға, енді бірі көркем әдебиетке жатқызады. Ғылыми еңбектерде берілген анықтамаларда басқа да ой-тұжырымдар келтіріледі. ХХ ғасырдың 40-жылдарында шыққан “Әдебиет теориясы” кітабында Г.Поспелов: “Очерктің басты мақсаты - образды суреттеме және образды ақпарат болып табылатын қысқа суреттемелік шығарма” [16,42], – деп жазады. Сол кезде Г.Поспелов очерктің безендіргіш (иллюстрацияшыл) және дерекшіл (фактографияшыл) деген екі түрін атап көрсетеді. Бұл көзқарас кейін әділ сынға ұшырады. Өйткені, очеркті қарапайым (тіпті образды болса да) безендіргіш және дерекшіл дәрежесіне дейін түсіруге болмайды. Ал, жоғары оқу орындарына арналған “Әдебиеттануға кіріспе” оқулығында Г.Абрамович очеркті “болашақ көркем шығарманың алғашқы нұсқасы, нобайы, әдебиеттің “кіші” формасы” [30],- деп бағалайды. Бұл пікір де бүгінгі күн талабына жауап бере алмайды. Себебі, көп жағдайда очерк жеке-дара шығарма. Рас, очерк негізінде кейін роман, не повесть жазылған кездер де болды. М.Әуезовтің “Оңтүстік сапарынан” деп аталатын очеркінен кейін “Өскен өркен” романы жазылған, Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романы әуелде шағын очерк болған, З.Шашкин “Теміртау” романын жазбас бұрын Қарағанды металлургия заводының жұмысшылары жайында бірнеше очерктер циклін өмірге әкелгені әдебиет тарихынан белгілі.

Анықтамалар мен сөздіктерде очерк “эпикалық, сипаттамалық әдебиеттің бір түрі және көркем шығармадан (роман, повесть, әңгіме) шыншылдығымен, яғни шындық өмірде орын алған оқиғаларды салыстырмалы түрде дәл, шынайы суреттейтіндігімен ерекшеленеді” [31] немесе оны “шынайы өмір деректерін суреттейтін әдеби шығарманың шағын үлгісі” [32,711] ретінде сипаттайтын анықтамалар бар. Бұл тұжырымдарды да қанағаттанарлық деп табуға болмайды. Өйткені олар нақты емес, жанр ерекшеліктерін ашып көрсете алмаған.

Д.Н.Ушаковтың редакциялауымен басылған “Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде” “очерк” сөзінің бірнеше мағынасы келтірілген:



  1. Пішін, кескін, жақындама: “Ол сиқырлы кескінмен

қоршалған” (Бртинский). “Аппақ мойны мен дидары қандай нәзік еді”. (Г. Мей).

  1. Бір нәрсе жайында қысқа, әрі айқын сипаттама беретін шағын

әдеби шығарма. (Тұрмыстық очерк).

  1. Бір нәрсе туралы жалпы мәлімет беретін, белгілі бір мәселені

зерттеу, сипаттау, суреттеу. (Биографиялық очерк. Орыс грамматикасының очеркі).

  1. Тек көшірме (копия) түріндегі жанр. Бір-бірімен тығыз

байланысты мәселелерді зерттеуден тұратын арнаулы ғылыми еңбектің тақырыбы. (“Орыс әдебиеті очерктері”, “Орыс тарихының очерктері”) [33] т.б.

“Очерк” сөзінің әртүрлі мағынасының жалпы белгілері де бар: қысқа және белгілі бір дәрежеде толық еместік, бұл ортақ белгілердің есте қалуы тиіс. Оны жанр ретінде анықтау кезінде әртүрлі тұжырымдарды еске алған жөн. “Очерк” жанрына кеңірек анықтамалар арнайы еңбектерде келтіріледі: “Очерк газет бетінде кең қолданысқа ие болған, жеке-дара әдеби-көркем жанр болып табылады. Публицистиканың басқа жанрларынан ерекшелігі ол көркем образды сипаттау элементтерін қамтиды, басқа әдеби жанрлардан ерекшелігі, ол нақты деректерге құрылып, зерттеу мен публицистиканың элементтерін қамтиды” [34,6]. Ең алғаш Б.Полевой айтқан бұл тұжырымнан кейін көптеген еңбектерде осы сарындас пікірлер әр түрлі өреде көрініс тапты. Б.Полевойдың анықтамасы жанрдың негізгі белгілерін сәтті ашып көрсеткен. (бұл белгілер: публицистілігі, образдылығы, жеке-даралығы). Әрине, бұларды әлі де болса тереңірек зерттеп, нақтылап, түйіндеп, тек газетке қатысты ғана айтылған пікір ретінде алуға болар еді. Өйткені, очерк журналда да басылып, радиодан да беріліп, жеке кітап болып та жарияланып жатады. Мысалы, “Б.Полевойдың тұжырымдамасын қолдаған К.Ковалевский сияқты очерк мағынасын “газеттік-журналдық жанр” деп тым тарылтып тастауға да болмайды” [35,174]- дейді А.Цейтлин.

М.Горький очеркті “Адам жадында қарындашпен түсірілетін нобай-эскизге тең” деп есептей отырып, “көптеген очерктер публицистикалық белгілермен қанықтырылатынын” атап көрсетеді. Оның ерекшелігін сөз еткен жазушы, сызба, кескіндеу, сипаттау (“очерчивать-чертить”) деген етістік сөздерді арқау етеді және очерк-әңгіме мен зерттеу арасындағы жанр деп анықтама береді” [36,146]. Әдебиеттанушылар, сыншылар ұлы жазушының сөзіне қарапайым, жеңіл түрде өз түсініктемелерін береді.

Мәселен, Е.Журбина өзінің түсініктемесінде М.Горькийдің очеркті “әңгіме мен зерттеу арасындағы жанр” деген тұжырымын әсірелеп, ғылым мен әдебиет арасындағы жанр деп қате жорып жүргендерді сынайды [37,115]. Сондықтан очеркке анықтама бергенде М.Горький пікірінің әр сөзін жеке-жеке қарастырмай, назарды оның барлық пікірлерінің негізгі мағынасына тұтас бағыттаған жөн сияқты. Ең бастысы, М.Горький тұжырымы бойынша очерк жеке-дара көркем-публицистикалық жанр (Б.Полевой тұжырымындағы, әдеби-көркем тіркесі дұрыс, өйткені, екеуі бір мағынаға бірігіп кетеді). Ары қарай М.Горький тұжырымдамасын оқи отырып очерктің әдетте қысқа және жедел (сурет, нобай-эскизін суретші тез, әрі табиғи түрде жасайды) болатындығы туралы ой түюге мүмкіндік бар және осыдан келіп очерктің өмір көріністерін дәл кескіндеп, деректер мен құбылыстарды шынайы сипаттауы шығады.

Міне, осы сияқты ойлардың орамын қорытындылай отырып, очерк - өмірде орын алған шынайы деректер мен құбылыстарды дәл, нақты суреттейтін қысқа, жедел көркем-публицистикалық жанр деген тұжырым жасауға болады.

«Суреттеу» ұғымы өмірді бейнелеп-бағалауды білдірсе, «суреттеу» етістігі очерктің шынайылығын, әдебиеттің басқа жанрларына қарағанда ақиқатпен тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Яғни, «суреттеу» арқылы очеркші өмір-тіршілік туралы тұтас түсінік жасауға ұмтылады.

Пікір тоғысуларын қорыта келгенде, очерк зерттеу мен әңгіменің аралығындағы көркем –публицистикалық жанр деген тұжырымға ден қоюға болады. Яғни, очерк жанрын көркемдік жағынан қарастырса, оның өзіндік ерекшеліктеріне жол табу қиындыққа түспейді, керісінше, очерктік бейнеде көркем бейненің барлық қасиеттеріне ие екеніне көз жете түседі. Очерк те эмоционалды, жеке дара өмірдің қорытындысы және өмірлік құбылыстардың бағасын көрсететін әдебиеттің бір жанры. Очерктік бейненің өзіндік ерекшелігі оның табиғи деректілігінде ғана емес, сонымен бірге деректерді жинақтап қорыта білуінде. Көркем очерктің мазмұны тек факт жайлы хабарлап қана қоймайды, сондай-ақ сол факт автордың ойындағы публицистикалық идеяны бедерлеп, көкейіндегі проблемасын айқындап көрсетуіне де себепші болады.

Осы орайда, жалпы очерк жанрын көркем әдебиеттің басқа жанрларымен шендестіре қарауға жазушылар шығармашылық үрдістерінің де себепші екенін атап өткен жөн. Олар очерк жанрына сүйіспеншілікпен қараған, яғни өздерінің бүкіл шығармашылық жолында очерк жазумен қатар, очерк жанрын насихаттап, оның мағынасы мен көркем-публицистикалық күшін түсіндірумен де шұғылданған.

Очерк жанрының өзіндік ерекшелігі бөлінбес екі бастаудың бірлігінде, яғни, әлеуметтік-публицистикалық бастау мен әдеби бастау. Демек, очерктің көркемдік ерекшелігін әңгімемен тығыз байланысты десек, онда оның публицистикалық зерттеумен де байланысын жоққа шығара алмаймыз.

Бұл ретте, очерктік нышандары айқын көркем шығармаларды әлем және қазақ әдебиетінен молынан ұшырастыруға болады. Мәселен, Ы.Алтынсарин әңгімелері, М.Әуезовтің «Өскен өркен» романы, З.Шашкиннің «Теміртау» романы, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын мысалға келтіруге болады.

Бұл романдардың бірқатар тарауларында авторлардың тарихи-философиялық толғаныстары, әлеуметтік қорытындылар едәуір орын алған және аталған шығармалар сол кездегі экономистер, тарихшылар мен статистердің деректеріне қарағанда нақтылау, дәлдігі молдау десек артық болмас. Кез-келген реалист-жазушы өз шығармасын жазар алдында болмысты жаңадан зерттеп, шығарманың басты шарты – бақылауды бірінші кезекке қояды. Бұл өмірді зерттеу авторға өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын дамытуға, сюжеттік және композициялық ситуацияларды құруға көмектеседі.

Өмір құбылыстарын әлеуметтік тұрғыда зерттеудің мақсаты, жазушының өз бастамасы арқылы жүзеге асады, ол очеркшіні өмірмен тығыз байланысқа апарып, очерк жанрын ғылыммен, публицистикамен, саясатпен тікелей жақындастырады.

Очерктің күші – болмыспен тікелей қарым-қатынаста болуы оның образының, сюжетінің, композициясының, стилінің, тілінің немесе басқа да көркем әдебиет компоненттерінің ерекшеліктерін анықтайды да, очерктің әдебиетке ортақтығы, оның образдарының публицистикалық тегеуріні және әлеуметшіл сипаты айқындала түседі.

Егер, очеркті ғылыми әдебиетпен салыстырсақ, онда оның ерекше белгісі – образдылық пен өмірді зерттеу қатар жүреді. Очеркті әңгіме, повесть, роман, поэма сияқты жанрлармен салыстырсақ, оның ерекшелігі публицистикалық сипатымен айқындалар еді. Публицистикалық көтеріңкі леп кеңестік очерктерде кеңінен орын алды. Әлеуметтік өмірді саралауда қазіргі очерктердің де танымдық өрісі де молая түскен. Очерк жанры әсіресе қоғамдық-әлеуметтік өмірді ғылыми зердемен саралауға ден қоя бастаған.



: bitstream -> handle -> data
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> «Қазақ» газетіндегі ұлт-азаттық КӨтеріліс туралы мақалалардың маңызы
data -> -
data -> Ішкі саяси тұРАҚтылықты жүзеге асырудағы ақпараттық саясаттың РӨЛІ
data -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі меңдігүл шындалиева омбы өҢірі қазақтарының Әдеби шығармашылығЫ
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> Шежірелік еңбектердегі очерктік белгілер
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


  1   2   3   4   5   6   7


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет