Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан тарихын қайта жазуға қатысты жақсы ұсыныстар айтты. Осы мәселеге байланысты көзқарасыңыз қалай?



жүктеу 445.46 Kb.
бет1/3
Дата02.07.2016
өлшемі445.46 Kb.
  1   2   3
Тарихсыз халық жоқ. Тарихын білген халықтың болашағы айқын

Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан тарихын қайта жазуға қатысты жақсы ұсыныстар айтты. Осы мәселеге байланысты көзқарасыңыз қалай?

– Тарихсыз халық жоқ. Тарихын білген халықтың болашағы айқын. Өткенімізге көз тастап, ұлттық тарихымызды халықтың игілігіне айналдыра отырып, болашаққа қарай ұмтылуымыз қажет. Астанада тарихты зерделеуге қатысты өткізілген отырыста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Отан тарихына байланысты бес орынды ұсыныс айтты. Соның бірі – ұлттық тарихты қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналдыру болса, екіншісі – жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасау. Екеуі де өте дұрыс ұсыныс. Бұл біріншіден, ұлттық санамызды нық қалыптастыруға, екіншіден, ұлттық тарихымызды өскелең жастардың бойына сіңіре отырып, патриоттық сезімде тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік берсе, үшіншіден, Отанымыздың тарихын әлемдік деңгейге көтеруге жол ашады. Ол үшін, Мемлекеттік хатшы айтқандай, ұлттық тарихты кеңейту үшін тарих ғылымының әдіснамасын жаза отырып, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруымыз қажет.

Үшінші ұсыныс – Қазақстанға қатысты шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинай отырып, елімізге қайтару мәселесі. Шындығында, тарихымыздың белгісіз беттерін ашатын қаншама құжаттық материалдар жақын және шетелдердегі мұрағат пен кітапхана қорларында сақтаулы. Бұл құжаттар мен материалдарды жинақтауға тарихшылардың жіберілуі біріншіден, рухани құндылықтарымызды елімізге әкелуге, екіншіден, тарихтағы көптеген проблемалық мәселелерді жаңа көзқараспен қарауға, жаңа тұжырым жасауға мүмкіндік береді деуге болады. Осы мәселені қазіргі таңда біздің институт үйлестіріп отыр.

Мемлекеттік хатшының көтерген төртінші мәселесі – Орталық Азиядағы номадтық өркениетті зерттеу. Бұл жолда тарихшы қауымға қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеу бағдарламасын дайындауды тапсырып отыр.

Бесінші ұсыныс – соңғы кездерде жиі көтеріліп жүрген сапалы оқулықтар даярлау мәселесі. Ол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау қажеттігін баса көрсетті. Расында да, біздің білім ордаларында оқытылатын оқулықтарымызды қайтадан жазуымыз керек. Себебі өзіңіз білесіз, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін сапасы өте төмен әрі мектеп оқушыларына оқуға ауыр, жоғары оқу орындарының студенттеріне түсініксіз жазылған оқулықтар қаптап кетті. Қай оқулықпен оқытуды білмейтін дәрежеге жеттік. Оқулық жазу барысында орталықтандырудың маңызы зор. Бұл мәселеге орай Білім және ғылым министрлігінің тікелей бақылауымен ұлттық тарихтың ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарих, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заман тарихы оқулықтарын даярлауға қатысты жұмысшы тобы құрылып, осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделген, біртұтас мемлекеттік стандартқа сүйенген оқулық жасау қолға алынды. Оқулық мәселесін де министрліктің тапсырмасымен біздің институт үйлестіріп отыр.

Жалпы, ұлттық тарихты зерделеуге қатысты жиында тарихшылар тарапынан тарих саласында кездесетін проблемалық мәселелер баса айтылды. Солардың бірі – тарихшы мамандар даярлау мәселесі. Өзіңіз білесіз, соңғы үш жыл көлемінде ғылым саласында мамандарды даярлау мәселесі Болон жүйесі арқылы іске асырылып, PhD докторларды даярлау жоғары оқу орындарына ғана берілді. Тарихшылар бас қосқан жиында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов осы мәселені ашық көтеріп, қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институттарында бұрындары қорғап үлгермеген, PhD докторлығын жасының ұлғаюына байланысты оқуы мүмкін емес ғылыми қызметкерлердің барлығын баса айтқан болатын. Шындығында да, бұл мәселе барлық ғылыми-зерттеу институттарында кездесетін жайт. Қорғап үлгермеген, бірақ доктор, кандидаттармен тең осындай қызметкерлердің ғылыми дәрежеге қол жеткізе алмауы амалсыз қынжылтады. Ғылыми-зерттеу институттарында қызмет ететін қызметкерлерге PhD докторантурада оқуға арнайы түрде министрлік тарапынан квота бөлінсе, кадрлар сапасы көтерілер еді.

Кеңестік кезеңдегі идеологиядан арылуға бұл қаншалықты мүмкіндік береді? Осы тұрғыда институт қандай шараларды қолға алды?

– Тарихта зерттеуін күткен тақырыптар өте көп. Бір тақырыпта докторлық, кандидаттық диссертация қорғалды немесе ғылыми кітап жазылды, осымен бітті, тарих жазылды деп қарауға болмайды. Жаңа деректердің табылуы зерттелініп отырған тақырыпты толықтыруға, жаңаша тұрғыда жазуға мүмкіндік береді. Қазақстан тарихында соңғы жылдары қолға алынып, зерттелініп жатқан мәселелердің арасында ортағасырлық мемлекеттер, Қазақ хандығы, жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық көтерілістер, этногенез, ашаршылық, қуғын-сүргін, кеңестік жүйеге қарсы қозғалыстар, күштеп қоныстандыру және т.б. тақырыптар кең ауқымда қарастырылуда. Мәселен, алысқа бармай ке­шегі кеңес өкіметі тұсында қазақ халқына үлкен қасірет әкелген 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық мәселесі терең ғылыми талдау жасап, қайта қарауды қажет ететін тақырыптың бірі.

Қазақстан тарихнамасында аталған жылдардағы ашаршылық тарихы анығына жетіп зерттелмегендіктен, тың негіздерді батыл тұрғыда іздестіріп, бұл тақырыпты концептуалды тұрғыда терең қарастыра, ғылыми бағасын беруіміз керек. Осы уақытқа дейін ашаршылық құрбандарының нақты саны анықталмай отыр. Бұл мәселені зерттеген ғалымдардың еңбектерінде құрбан болғандардың саны түрліше көрсетіліп келеді. Міне, осыған орай ғылым саласындағы тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеру қажет. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қарастыратын тағы бір мәселе, бұл – қуғын-сүргін. Кеңестік идеологияның құрбанына айналған қаншама қай­раткерлеріміздің тағдыры зерттелусіз жатыр. Бұл мәселені де қолға алу үшін мемлекет тарапынан қолдау болса.

Институт ғалымдары 15 ғылыми жобамен зерттеулер жүргізуде. Әрбір ғылыми жоба жаңаша көзқарас негізінде жазылатындықтан тарих ғылымы саласында маңызы ерекше болары сөзсіз. Сонымен қатар «Ғылыми қазына» бағдарламасы бойынша 20 кітаптан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихы» жазылу үстінде. Бұл жобаға тек институттың қызметкерлері ғана емес, Қазақстанның жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, таяу-алыс шетелдердің тарихшы мамандары қатысуда. «Қазақстан тарихы» жобасын қазіргі ғылыми жетістіктер негізінде даярлау, тарих философиясы, методологиясы және тарихнамадағы инновациялық тұжырымдар, деректану мен археография салаларын инновациялық тұрғыда дамыту, тарих ғылымындағы және тарихты оқытудағы жаңа технологиялар, этнологиялық және антропологиялық зерттеулер, тәжірибесі мен дамыту жолдары, патриотизмді қалыптастырудағы тарихтың орны мен рөлі, тұлғатану тағылымы, өңірлер тарихын зерттеудің қырлары, «Қазақстан тарихын» дәуірлеудің жаңа ұстанымдары сияқты мәселелер зерттелінуде. Бұл көптомдықтың басты ерекшелігі сонда бұрындары зерттеу нысаны болмаған немесе нақты ғылыми бағасын алмаған мәселелер қамтылмақ.

Тарихқа енгізілер өзгерістерді електен қалай өткіземіз, оны жұрт санасына сіңірудің қандай жолы бар?

– Тарихқа енгізілер әрбір жаңалық ғылыми тұрғыдан негізделуі тиіс. Кей жағдайларда ғалымдар, әсіресе, әуесқой ғалымдар табылған құжаттарды бірден жариялап жіберуге тырысады. Жинақталған құжаттың қаншалықты шынайы екендігін анықтап, електен өткізіп алмай қолдану дұрыс емес. Себебі кейбір құжаттарда бұрмалаушылық немесе дәлдіктің болмауы шатастырушылыққа алып келеді. Сондықтан қолда бар материалдарды сұрыптап, саралап барып қолданған жөн.

Жазылған тарихи еңбек жұртқа ақпарат құралдары арқылы таралады. Дегенмен Қазақстан тарихы тарихының өзекті мәселелеріне байланысты кезінде ғылыми тұрғыда қорғалған, шынайы бағасын алған, бірақ көпшілікке белгісіз еңбектер бар. Солар монография ретінде жарияланса, оқырмандарын тапса, онда ұлттық тарихтың белгісіз деп келген беттері ашылар еді.


Дуанабай Жолдасбек
http://www.aikyn.kz/interviews/view/25262


ҚАЗАҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы.
ХХ ғасыр басында қазақ халқының үні, тілі болған “Қазақ” газеті 100-ге толды. Ұлт зиялысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың шығаруымен, Мұстафа Оразаевтың бастыруымен жарық көрген басылым бес жарым жыл үзбей шығып, қазақ жұртын үкіметтің бұйрық-жарлығымен, ішкі және сыртқы жаңалықтарымен, оқу-біліммен, ауылшаруашылық, мәдениет, тарих, медицина, қазақтың тұрмыс жайымен таныстырып отырды. Жалпы, “Қазақ” газеті шыққан 1913 жылдан бастап Мемлекеттік дума, тарих, этнография, әдебиет, құқық, оқу-ағарту саласы, дін, әлеуметтік-экономикалық жағдай, сауда, қамқорлық әкімшілік, сот және сайлау барысы, земство мәселесі төңірегінде мақалалар жариялады. Бұл мақалалардың көпшілігі кейін “Алаш” партиясы мен Алашорда үкіметіне мүше болған қазақ зиялыларының қолынан шықты.

1913-1918 жылдар аралығында аталмыш газет жаңа өріс алған азаттық күрестің ұйытқысы болды. Газет айналасына топтасқан зиялы қауым өкілдерінің шыңдалып, саяси күреске шығуына жол сілтеуші, дем берушіге айналғаны белгілі. “Қазақ” газетінің маңайында ұлтқа рух берген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқаев, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердин, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ғ.Қараш, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Ж.Ақпаев, Ж.Басығарин, А.Сейітов, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, А.Жанталин, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы сияқты зиялылар мен қазақтың игі жақсы азаматтары топтасып, газет бетінде халықты мазалап жүрген өзекті мәселелерді қозғауға тырысты, оны шешудің жолдарын іздеді.

Газеттің редакторлық қызметін А.Байтұрсынов пен М.Дулатов атқарған. Бұл газет 1-санынан 46 санына дейін Бұхара қаласындағы діни медреседе, Уфадағы “Ғалия” медресесінен білім алған Мұстафа Оразаевтың қаражатымен шықса, 47-нөмірінен бастап газеттің басылуын “Азамат” серіктігі қолына алған. Оның құрылуының себебін редакторлар А.Байтұрсынов пен М.Дулатов “Қазақтың” 1913 жылы 15 желтоқсандағы 42-санына жариялаған “Алаш азаматтарына” деген мақаласында газет шығаруда қаражат мәселесінің қиындық туғызып тұрғандығынан, осы серіктікті құрып, соған Алаш азаматтарымен серіктесіп оны шығаруға бет алып отырғанын баяндайды. “Азаматтың” ұстанған мақсаты газет-журнал, қазаққа қажетті кітаптарды шығару, ал басты мақсаты “Қазақ” газетін аяғынан нық бастырту болды. Серіктікке мүше болып кіргендер 100 сом жарна төлеп отырды. Ақша мәселесіне байланысты жұрт арасында алыпқашты сөздер шықпас үшін оның мәнісін “Азамат” серіктігінің басты мақсаты – ақша өсіріп, серіктестерді байыту емес, істеген істің жұртқа пайдалы болуы. Ақша жағына сол пайдалы істерді істеуге, күш-қуат болуға қаражат нәрсе мағынасында қарастырылады” деп түсіндіре келе, оған кіретін адамдарды жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен серіктес болуға шақырған.

Газеттің таралымы бастапқыда 300-дей болса, біраз уақыттан кейін 3-8 мыңға дейін өсіп, оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Түркия, Қытай жеріндегі қазақтар алдыртып оқыған.

“Қазақ” газетінің қазақ демократиялық зиялыларының нағыз басылымына айналуы 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін өрістеді. “Алаш” партиясының құрылуы, партияның бағдарламалық жобасы жариялануы, партияның барлық іс-әрекетін, алда болатын Құрылтай жиналысына депутат сайлануына қатысты жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайында толық мәліметтер беріліп отырылуы осының дәлелі. Сонымен қатар, басылым саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді.

1919 жылдан бастап мерзімді баспасөз үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынып, оның саласын “алашордашыл” қызметкерлерден тазарту шаралары жүргізілді. Осы жылдардан бастап зиялылардың ойын тежеу, кеңес саясатына нұқсан келтірерлік материалдарға жол бермеу әрекеттері іске асырыла бастады. Бұл 20-жылдары атқарушы билік пен партия қазақ баспасөзі саласына қатысты ережелер қабылдағаннан кейін өріс алды.

“Қазақ” газетінің ұлтшылдық пиғылы 30-жылдары ұлт зиялыларын баспасөз арқылы қудалауда баса көрсетілді. Газет алашордашылардың идеясын кең насихаттаған құралының бірі делініп, оның айналасына топталған ұлт зиялыларына “кеңес өкіметі тұсында газет арқылы ұстанған бағыттарын одан әрі өрістетіп, жаңа социалистік жүйенің қалыптасуына кедергі жасады” деген негізсіз айыптар тағылды. Сөйтіп, патша үкіметі кезінде сынға алынған, бірнеше айыптар тағылған “Қазақ” газетін, кеңестік жүйе тұсында да нағыз ұлтшылдық пиғылды ұстанған басылым ретінде бағаланды. Соңғы жылдары гуманитарлық ғылым саласында 1913-1918 жылдар аралығында шығып тұрған “Қазақ” газеті жөнінде түрлі зерттеу жұмыстары жазылып, бұл басылымның тарих, қазақ тілі, әдебиет және тағы басқа салалар үшін маңыздылығы анықталған еді. 2009 жылы “Қазақтың” 1913-1914 жылдардағы факсемилдік нұсқасын ғалымдар С.О. Смағұлова, Т.Замзаева, Ғ.Әнес екі том ретінде шығарды. Оның 1915-1918 жылдардағы сандары үш том ретінде дайындалып, баспаға әзірленуде. Келешекте “Қазақтың” толықтай бес томдығы ғалымдардың игілігіне жарары сөзсіз.

http://kaz.classtime.kz/node/1455

Қазақтың қуғын-сүргінге өзгелерден гөрі көп ұшырауы оның өрлігіне, озық ойлы болуына байланысты
Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы:

Патша заманында да саяси күрес жолына түскен қазақтың белді азаматтары, зиялы қауым өкілдері қуғындалған. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– Қуғын-cүргін әр заманда болған. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы бірнеше қуғын-сүргінге ұшырады. 1905 жылы патшаның сөз, баспасөз бостандығы жарияланысымен жаңадан қалыптасқан ұлт зиялылары билеуші үкіметтің отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық күрестің бастапқы қадамын баспасөз арқылы бастаған болатын. Қазақ тіліндегі газет шықпай тұрған кезде патша үкіметінің әккі саясатын татар, орыс тіліндегі басылымдарға жариялау талаптары қойылған арызхаттарды (петициялар) жоғарғы орындарға жолдау, Мемлекеттік Дума мінберіне шығып сөйлеу арқылы әшкерелеуге тырысты. Олардың баспасөз арқылы ұлттық мүддені көздеуі, жер дауы, жесір дауы, тіл, дін мәселесі жайында ашықтан-ашық пікір айтулары билікке ұнамады. Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев сынды азаматтардың елдің сана-сезімінің оянуына шақырған, оқу-білімнің мән-маңызын насихаттаған, ғылым мен мәдениетке үндеген мақалалары, Қазақ елін қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім, іскерлік жолына салу, ең бастысы, дербес мемлекет құру сияқты негізгі мақсатқа жетелеген Ахметтің «Масасынан», Міржақыптың «Оян, қазағынан» билеуші үкімет сескенді. Сондықтан олардың жүрген іздері, сөйлеген сөздері жіті бақылауға алынып, құпия түрде олардың «ұлтшылдығын» дәлелдеген қат-қат томдар жинақталды. Алды абақтыға қамалса, артына айыппұлдар салынды. Мәселен, Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабы мазмұнына орай панисламшылдық идеясын тарату­шы, қазақтар арасында орыс үкіметінің саясатына қарсы наразылықтың тууына бағыт­талған кітап деп танылған. Ол Семейде 1911 жылы маусымда қамауға алынып, желтоқсанда болған Семей өлкелік сотының шешімімен бір жылға бас бостандығынан айырылған. Дегенмен сол кездегі патша үкіметінің қуғындаған саясатына қарамастан, А. Байтұрсынов «Масасы» ызыңдап, қалың ұйқыда қаперсіз жатқан халықты оятқандығын, Міржақыптың «Оян, қазағы» халық мүддесінің жоқшысы бола алатын саяси күрес­керлерді шыңдағанын атап өтуіміз керек. Демократиялық қозғалыстар одан әрі өрістеп, қазақтың ұлт тіліндегі баспасөзі қалыптасты. Дүниеге қазақтың жоғын жоқтаған, сөзін сөйлеген «Айқап» журналы мен «Қазақстан», «Қазақ» сияқты газеттер дүниеге келді. Ахмет Байтұрсынов ұйымдастырып шығарған «Қазақ» газеті кейіннен Алаш партиясының құрамында болып, оның қоғамдық-саяси қызметін жандандырған Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М. Тынышбайұлы, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Х.Бол­ғанбаев, Ж.Ақпаев, Ж.Басығарин, А.Сейітов, С.Торайғыров, А.Мәметов, Х.Досмұхамедұлы сияқты зиялыларды топтастыра білді, олардың ұлттық идеясын бүтін жұртқа жеткізді. Халқымызды мазалап жүрген жер, дін, тіл, оқу-ағартуға қатысты мәселелерді қозғауға тырысты, қазақ қоғамына аса қажетті ұсыныстар айтып, оны бірлесе шешуге шақырды.

1916 жылы ел басына қара бұлт орнатқан патшаның майданға қара жұмысқа алу туралы жарлығы шығып, 19 бен 43 жас аралығындағылар Батыс майданға қарай ағылған кезде, солармен бірге болып, ақыл-кеңес берді. Патша үкіметі құлаған уақытта қазақ съездерін ашып, комитеттер құрып, тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылды.

Кеңес өкіметі орнамас бұрын Алаш қайраткерлеріне біраз уәде берілген еді, алайда олар уәдесінен тайқып, керісінше, өздерін қудалауға ұшыратты. Осы жөнінде айтып берсеңіз? Жалпы, осы қуғын-сүргіннің айыпкері ретінде кімді атайсыз?

– Кеңес үкіметі толықтай орнағаннан кейін басқару органдары алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ. Керісінше оларды биліктен шеттетуге тырысты. Қызыл биліктің әккі саясатын әшкерелемек болған Алаш мүшесінің бірі Отыншы Әлжанов боль­шевиктердің қолынан мерт болды. Алайда ұлт зиялыларының сағын бірден сындыру мүмкін емес еді. Сондықтан оларға кешірім бере, ақырындап биліктен аластату арқылы күрес тактикасын күшейтті.

Жалпы, қазақ зиялылары мен оларға ниеттес болған азаматтарды қуғындау 20-жылдың басында өріс алды. Жасырын түрде ақпараттар жинап, мемлекеттік және басқару органдарында қызмет еткен алашордашылардың кейбірі «кеңес өкіметіне қарсы» деген желеумен жұмыстан қуылды, Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді.

Негізінде, бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-жылдары Коммунистік партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. 1921 жылы Қазақ халық ағарту комиссариатының партия ұясы Ахмет Байтұрсыновты партия қатарынан шығарды. Оның себебіне әр партия жиналысына қатыспауын, мүшелік жарнаны уақтылы төлемеуін келтіргенімен де, іс жүзінде қайраткер 1920 жылдың басында В.И. Ленинге кеңес үкіметінің қазақ интеллигенция өкілдеріне әлі сенімсіздікпен қарап отырғандығын айтқан болатын.

Большевиктік биліктің бұрынғы Алаш қозғалысының өкілдеріне осылайша шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Ол – алашордашылардың ықпалының коммунистер арасында жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтылмаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партия конференциялары мен жиналыстарын­да қозғала бастады. Мемлекет қызметіне тартылған Алаш қайраткерлеріне сенімсіздік күшейді. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды.

1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда, кеңес өкіметі білімді, елінің қамын ойлаған, талантты азаматтардан құтылуды көздеді. «Ұлтшыл», «жікшіл» деп қаралау белең алды. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетіне жариялаған «Қазақ зиялылары» деген мақа­ласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екендігін айта келе, «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді. Егер төңкеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшыл­дыққа айырбастауымыз қиын емес» деген еді.

Алашордашыл ұлтшылдармен күрес жүргізуде ел ішінде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау мемлекеттік саяси басқарманың қолына берілді. Олар кеңестік жүйеге қарсы астыртын бірнеше топтың барлығын, олардың қандай іспен айналысып, әрекет жасап отырғандығын құпия түрде анықтап, тиісті орынға хабарлап отырды.

Алаш мүшелерін қудалау барысында кеңестік билік баспасөз беттерін де шебер пайдаланған. Алашты сынауда «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газеті белсенділік танытты. Бұл басылымдарда Алаш партиясының өткен жолы, жүргізген қызметінде жаңылыс басты, адасты деген мазмұнда мақалалар жарияланған.

Алаш қайраткерлерін саяси тұрғыда қудалауға Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Ф.И. Голощекиннің тікелей қатысы бар. Ол Қазақстанға келгеннен кейін «алашордашылардың бағытына тікелей қолдау көрсетті, кеңестік ұлт саясатын бұрма­лауға тырысты» деген желеумен мемлекеттік қызметте отырған Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтарды айыптап, іздеріне шам ала түсті. «Троцкийшілдерге», «жаңа оппозицияға» және басқа да антилениндік ағымдар мен топтарға қарсы күресуді мақұлдап, елдегі алауыздықтар мен жікшілдерге қарсы науқанды қолға алуды күшейтуді тікелей өзі қолға алған. Соның нәтижесінде Ә.Бөкейханов бастаған алашшыл бір топ баспа орындарындағы қызметкерлер жұмысынан босатылды, қазақ тілінде шығатын бірнеше мерзімді басылым жабылды.

1921-1922 жылдардағы ашаршылық тұсында Семей зиялыларының бастамасымен Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарына көмек ретінде облыстан мал жиналды. Бұл малды Торғай өңіріне айдап апарған Ж. Аймауытов бастаған бір топ азаматтардың үстінен «малды талан-таражға түсірді» деген желеумен іс қозғалған еді. «Торғай ісі» деп аталған сот үрдісі төрт жылдан артық созылып, Алашорда зиялыла­рының ақ-қарасын анықтауға «Еңбекші қазақ» газеті тартылған. Ж.Аймауытовқа тағылған айыптың негізсіздігі анықталғанымен де, істі болған қалған алашордашылар бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған.

Осы «Торғай ісіне» М. Дулатовтың да қатысы бар деп жазылып жүрді. Бұған не айтасыз?

– Міржақып Дулатов Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен іс қозғалған кезде «Еңбекші қазақ» газетіне оны айыптауға қарсылық білдірген көлемді мақала жариялап, оның еш кінәсінің жоқтығын дәлелдеген. Бұл туралы Ораз Исаевтың Ф.Голощекинге жазған хатында айқын айтылады. 1937 жылы «Торғай ісі» баспасөзде тағы да көтеріліп, Н.Тимофеев пен С.Брайнин «Социалистік Қазақстан» газетіне «1921-1922 жылдардағы ашаршылық барысында алашордашылар жиылған малды өз қара бастарының қамына пайдаланды», «М.Дулатов, Кәдірбаев, Құлжанов, Бірімжановтар осы малдан 15-тен және одан да көп үлес алды» деп мақала жариялаған. Бұл мақаланың аттары аталған Алаш мүшелерінің «халық жауы» ретінде айыпталуына негіз болғаны сөзсіз.

– Сонда қазақ зиялыларының қуғындалуына баспасөздің де тікелей қатысты болғаны ғой.

– 1919 жылдан бастап мерзімді баспасөз үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынып, оның беттері арқылы социализмнің салтанатын дәріптеу, лениндік, сталиндік идеяның мәңгілік екендігін халық санасына сіңдіруге, коммунизм жолында партияның сара жолын дәріптеуге ұмтылғаны белгілі. Сөйтіп, үкімет пен партия саясатын насихаттау арқылы халықтың демократиялық ой-пікіріне ашық түрде тосқауыл қоюмен елдің әлеуметтік- экономикалық, мәдени-рухани өрлеуі кеңестік жүйенің жемісі деген біржақты пікір қалыптастыруға тырысқан. Дегенмен де, идеологиялық қысымға қарамастан, 20-жылдың басында шыққан «Темірқазық», «Шолпан», «Ақ жол», «Қазақ тілі» және тағы басқа қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар кеңестік жүйені сынға алған, ұлтшылдық рухтағы мақалалар жариялап отырған. Сондықтан 1925 жылдан бастап баспасөзге партияның қатаң бақылауы орнатылып, оның коммунистердің ғана қызмет етуіне рұқсат етілді.

ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ баспасөзі партия жолынан ауытқыған, кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қарсы күресті өрістетті. Кеңес өкіметіне жат пи­ғылдағыларды «ұлтшыл-уклонистерді» әшкерелеу, өзара сын айту басылымдардың негізгі тақырыбына айналды. Осылайша бірін-бірі қаралаған мақалалар тізбегі көз аштырмады. Бұл – халықты бір-біріне айдап салу.

ХХ ғасырдың 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдың басында ұлтымыздың беткеұстар азаматтарының басым көпшілігі «халық жауы» ретінде ұсталып, істі болып, бірері атылып кетті, лагерьлерге қамалды. Аман қалғандардың өзі қысымға түсті. Большевиктік үкімет қандай айыптар таққан?

– 1928-1930 жылдар аралығында «Алаш» қозғалысының А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев бастаған жетекшілері мен басшылары тұтқындалып, үстерінен іс қозғалған. Жалпы, осы жылдары Алашқа қатысты деген 44 азамат жауапқа тартылды. Мысалы, 1921 жылы Х.Досмұхамедовқа ұлтшыл бағыттағы «Сана» журналын шығарып, алашордашылардың мақалаларын жариялады деген айып тағылған. 1922 жылы Мұхтар Әуезов «буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді, «Алқа» атты астыртын ұлттық-әдеби үйірменің бағыт-бағдарын жасауға белсене атсалысты, қазақ баспасөзіне байшыл идеологияны насихаттайтын шығармалар жариялады» деп айыпталса, ал 1930 жылы «қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысты, партия мен үкімет шешімін бұрмалады, Орталық Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік жасады, Кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасады» деп айыпталған.

Қуғындалған азаматтарға «жапон тыңшысы», «шпион», «зиянкес», «агент», «қандыбалақ қарақшы», «фашизмнің жендеттері», «троцкийшілердің ұясы», «жікшіл» тағы басқа айыптар тағылыпты.

Алаш зиялылары неліктен шетелге кетіп, сол жақтан саясат жүргізген жоқ?

– 1917 жылғы Ақпан мен Қазан төңкерісінен кейін тәуелсіз мемлекет құруға белсене кіріскен Алаш зиялыларының әрекетін большевиктік билік жүзеге асырмай тастады. Қудалау басталды. Мұстафа, Райымжан сияқты зиялылар шетел асып, сол жақтан кеңестік биліктің патша үкіметінің саясатын жалғастырушы отаршыл жүйе екендігін дәлел­демекке талпынса, сол кезде бүкіл қазаққа кеңінен танымал болған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халелдер елден жыраққа кетуді қош көрмеген. Қазақтың Отаны біреу, сондықтан өз жерінде, өз елінде өмір сүруге тиіс деген ұстанымда болып, жерінде та­мырын терең жайып, ұлттың санасын улап бара жатқан орыстандыру саясатына қарсы қарымды қаламдарымен күреске шықты.

Қуғын-сүргінді ұйымдастырушы НКВД, ГУГБ, ОГПУ, құрылымдарының сипаты қандай болды?

– 1917 жылдың қазанында қылмысқа қарсы күрес жүргізу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) құрылып, бұл орган 1930 жылға дейін қызмет еткен. 1934 жылдың шілдесінде одақтық, республикалық Ішкі істер халық комиссариаты ретінде қайтадан қалпына келтірілді. Ал Мемлекеттік қауіпсіздіктің бас басқармасы (ГУГБ) НКВД-ның құрамында болып, кейіннен ОГПУ-дың ісін жалғастырған. Ішкі істер халық комиссариаты 1946 жылы Ішкі істер министрлігі ретінде қайтадан құрылды. Бұл органды 1934-1946 жылдар аралығында Г.Г. Ягода, Н.И. Ежов, Л.П. Берия басқарыпты.

Ішкі істер халық комиссариаты облыстық басқармасының негізгі атқарған функциясы елде халық жауларын әшкерелеу ісі, оларға жазалау шараларын қолдану болған.

Ішкі істер халық комиссариатының танымал тұлғаларды «халық жауы» ретінде ұрып-соғу, қинау, алдау сияқты түрлі тәсілдерді кеңінен қолдануы олардың сағын сындырды. Қалжыраған, дәрменсіз күйге түскендер еріксізден өзіне тағылған айыптауды мойындап, қағазына қол қоюға мәжбүр болды. Бұл айыптаулардың негізсіздігін дәлелдеуге дәрмені жетпеді.

Айыптаушы құжаттарға кімдер қол қойып отырды?

– Комиссариат әшкерелеген «халық жауларын» жазалау «үштік» шешімімен жүзеге асырылды. Айыптау құжатына үш адамның қолы жеткілікті болған. Қазақтың белді азаматтарының көпшілігі осы «үштік» атанған комиссия шешімімен атылып, лагерьге айдалған. Қазақстанда құрбан болғандардың саны әлі де болса нақты анықталған жоқ. Бұл қуғынға тек ұлт зиялылары, үкімет қайраткерлері ғана емес, ауылдағы шаруалар да, қаладағы жұмысшылар да іліккен. Олардың көпшілігінің тағдыры сол күйі беймәлім бо­лып қалды. Қуғындалып, құрбан болғандар жайында зерттеушілер түрлі сандар келтіріп жүр.

Қазір ғылыми ортада Ленин мен сталиндік билік түркі халықтарының арасындағы бас көтерері осылар деп, негізінен, қазақтарды құртуға тырысқан деген пікір бар. Осылардың көзін құртсақ, қалғандары мойынсұнады деген сияқты. Бұл қаншалықты орынды пікір?

– Қазақтың қуғын-сүргінді көп көруі оның іштегі ойын батыл жеткізетін, озық ойлы халық болуына байланысты. Мұндай өрлік көп халықтың бойынан табыла бермейді. Патша үкіметі тұсында оның озбыр саясатына қарсы шыққан ұлт зиялылары кеңестік билік тұсында шекараны межелеуде, аштықпен күресуде жоғарғы орындарға ашық түрде талап қоя білген. Мемлекеттік қызметте болған Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев, С. Сәдуақасов сияқты қайраткерлерімізді қызметтерінен аластатуының да себебі содан. Мәселен, Т. Рысқұловтың Түркі республикасын құру идеясын ұсынып, түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдырудағы талпынысы, кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жоюға, ашаршылықтан халықты құтқаруға қатысты әрекет, шындығында да, Сталинді қатты шошытқан. Қазақтың бас көтерер азаматтарын биліктен аластату арқылы қалғандарын жуасыту саясаты жүргізілгені тарихтан белгілі.

Еліміздегі, Мәскеудегі құпия қолжазбаларға қол жеткізу қалай болып жатыр? Қазір ашылып жатқан тың деректер бар ма?

– Шыны керек, қуғын-сүргінге, 20-30-жылдары болған ашаршылық нәубетіне қатысты әлі де болса құпиялылығын сақтап, іздеушіге берілмей отырған мұрағат құжаттары жетерлік. Шынайы тарих жазуда бұл құжаттар аса қажет. Бұл мәселе мемлекет тарапынан шешіліп, зерттелушіге берілуі тиіс деп ойлаймын.

Тарихшылар тарапынан қуғындалған кейбір қайраткерлердің айыпталу ісіне қатысты Мәскеудің мұрағаттарынан алынып, жарияланып жатқан деректер бар. Сонымен қатар сол кездерде мерзімді баспасөздерге жарияланған материалдар да дерек ретінде тартылып отыр.

Бізде қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы дерек қоры жоқ, деректі іздеуші жоба жоқ, арнайы экспедициялар жасалмайды. Неліктен деп ойлайсыз?

– Қуғын-сүргінге қатысты дерек қоры жоқ деп айтуға болмайды. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан мұрағаттарында бұрындары құпия болып келген, 20-30-жыл­дары қызмет еткен, қуғындалған қоғам қайраткерлеріне қатысты кейбір қорлар ашылып, нәтижесінде ғылыми-зерттеулер, әдеби туындылар жазылды, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Қуғындалған ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттейтін қорлар мен орталықтар жұмыс жүргізіп, қаншама жазықсыз болып атылып кеткен немесе лагерьлерге айдалған ел азаматтарының қоғамға сіңірген еңбектері жа­йында ғылыми-зерттеулер жүргізіп, баспасөз беттерінде олар туралы мақалалар жария­ланды, кітаптар басылып шықты. Дегенмен әлі де болса, ақталған, бірақ халық арасына таныла қоймаған тұлғалар баршылық. Ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағы жолында сталиндік қуғын кезінде басқа өлкеге жер аударылған, одан кейінгі тағдырлары белгісіз немесе құрбан болған азаматтар мыңдап саналады. Мәселен, 1932 жылы ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдігі құрған үштіктің шешімімен орталық қаратопырақты облысқа жер аударылған, кейінгі өмірі белгісіз Абдулхамит Ақпаев, Алаш қозғалысына қатыстылығы және М.Шоқаймен байланыс жасады, контрреволюциялық ұйым басшысы болды деген желеумен тұтқындалып, Краснояр өлкесіне жер аударылған Серқұл Алда­бергенов, Алаш қозғалысының мүшесі болған О.Алпысбаев, А.Аңдамасов, Б.Әбдікеев және сол сияқты азаматтардың өмір жолдары сол бетінде белгісіз қалып отыр.

1917 жылдары «Сарыарқа» газетінің кезекті редакторы болған, Алашорда атты әскерлер полкін жасақтаушылардың бірі, ағарту саласында елеулі үлес қосқан Имам Әлімбеков, «Сарыарқа» газетінің редакторы Шынже Керейбаев, биолог ғалым Жұмахан Күдерин, Торғайдағы Алашорда әскери бөлімінің мүшесі болған Сейідәзім Қадырбаев сияқты ұлт зиялыларын халыққа кең шеңберде танытатын уақыт жеткен сияқты. Егер айта берсең, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, зерттеушілерін күтіп отырғандардың тізімі ұзын сонар. Осындай белгісіз азаматтардың тағдырын зерттеуді республикамыздағы ғылыми орталықтар нысанға алса, олардың есімдерін тарих бетіне қалдырса, өскелең ұрпаққа үлгі болар еді.

Жас ұрпақтың бойында қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етушілік байқалмайды. Мәселен, жапондар, еврейлер, поляктар, украиндер өздерінің құрбан болғандарын еш уақытта назардан қалдырмай, тағзым ететін берік дәстүрі бар. Біздің жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі өскелең жастардың бойында патриоттық сезім жоқ деп айтуға болмайды. Әр қазақ өз ұлтын құрметтеуі үшін тарихын сүюі тиіс. Тарихты сүю тек тарих кітабын оқумен шектеліп қалмауы керек. Жастардың патриоттық сезімді өзіміз оята алмай жүрміз. Ол үшін халықтың басынан өткен түрлі қасіреттеріне қатысты құжатты, көркем фильмдер түсіріп, көркем әдебиеттер жазылса. Мектеп, оқу орындарына жиі еске алу кештерін өткізу аса маңызды.



: media -> upload
upload -> Қазақстан тарихы
upload -> Архаикалық мәдениет — адамзат мәдениетінің бастамасы. Ол қашан және қай жерде пайда болды? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру оңайлыққа соқпайды, өйткені адамңың қалыптасу процесінің тарихы тереңде жатыр Архаикалық мәдениет
upload -> 1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы
upload -> БАҒдарламасы қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
upload -> Талдыбаев ж. ҚАзақ халқЫ: КӨші-қон тарихының демографиясы
upload -> ҚАзақ ҚОҒамындағы тархандар институты: тарихнамалық шолу
upload -> Жылдар аралығында қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялар
upload -> Текст выступления Итоги деятельности организационного комитета по подготовке и проведению мероприятий, посвященных 70-й годовщине Победы в Великой Отечественной войне
upload -> «Қозы көрпеш – баян сұЛУ» эпосы көне дүниенің кескіндемелі қолданбалы өнерінде


  1   2   3


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет