Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады



жүктеу 83.98 Kb.
Дата09.07.2016
өлшемі83.98 Kb.
   Мемлекеттік рәміздер - еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні  мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, сонымен қатар халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни, қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты. Барлық алдыңғы қатарлы  ұлттар өздерінің шынайы болмысын білдіретін және ұлтты өрге сүйрейтін әртүрлі рәміздік элементтерді иеленетіні тарихтан  белгілі. Бұл рәміздер ұлттардың сан түрлі қырларын, ерекшеліктері мен артықшылықтарын, егемендігі мен бейбітшілігін көрсетеді және өзін-өзі құрметтеу мен мақтаныш сезімін орнықтыра түседі, сондай-ақ, әлеуметтік және экономикалық институттардың қызметіне, саясатқа, ұлттық қорғанысқа көпшіліктің атсалысуы үшін этикалық негіздерді қалыптастырады.

  Әр елдің рәміздеріне қысқаша салыстырмалы көзбен қарасақ, мысалы АҚШ елтаңбасындағы он үш жұлдыз сол мемлекетті құрған алғашқы он үш штатты білдірсе, ал Үндістан елтаңбасындағы төрт арыстан күш-қуат, батылдық пен сенімді, Германияның елтаңбасында бейнеленген бүркіт - билік пен ерліктің нышанын білдіреді яғни тағы да басқа сол сияқты елдердің елтаңбаларындағы түрлі белгілер өзіндік ерекшелігін, мақсатын, тарихын білдіріп қана қоймай, жалпы сол ел туралы ұғым қалыптастырады. Бұл дегеніміз, ұлттар мен ұлттық мемлекеттер жеке және ұжымдық саналы түрде өздері туралы танымдық мәлімет беретін рәміздерден бастау алуға тиісті. Басқаша айтқанда, мемлекеттер мен ұлттар «Біз кімбіз?»  және «Біз деген сөздің астарында нақты не жатқандығын», яғни өзінің ұлттық бірегейлігі мен мемлекеттер арасындағы өзінің мәртебесін анықтауға септігін тигізеді [1].

  Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Көп көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Саяси жүйенің көшбасшылары уақыт өте келе ауысып отыруы мүмкін, бірақ халық өзінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар бойы иемденген және жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымен, жағымды және жағымсыз қасиеттерімен қалады, сонымен қатар өзара ұлттық менталитетті қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болу керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес. Мемлекеттік рәміздерді бойтұмардай қасиет тұтқаны туралы тарихта бұған мысал боларлық  оқиғалар жетіп артылады, әсіресе, рәміздердің астында қаншама қаһармандық оқиғалардың орын алғандығын, ол үшін талай рет батырларымыздың басын қатерге тіккендігі жайлы білеміз. Яғни, рәміздер соғыс және бейбіт уақытта, жалпы ұлттық мейрам кезіндеде әрқашан ұмыт қалған емес [2].

  Жоғарыда айтылғандай мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сондықтан ол  отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады дедік. Олай болса, еліміздің егемендігі мен ұлттық  біртұтастығының нышанына айналып, әлемге мемлекетімізді әйгілеп, халқымызды жан-жақты танылуына, сонымен қатар азаматтарымыздың мақтанышына айналған рәміздеріміздің құрылымына терең тоқталып өтсек.  

  1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Мемлекетіміздің Елтаңбасы қазақ тіліне аударғанда, ол «таңба», «белгі», тіпті «мұра» деген мағына береді. Бұл термин ежелгі түркі қағанаты (551-630 жылдар) кезінен бастап қолданыла бастаған. Қазақстанның қазіргі таңдағы елтаңбасы үлкен еңбектің арқасында, екі сәулеткер Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Елтаңбадағы шаңырақ - өз ұлтымызға ғана тән сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Ортасындағы түндіктен көгілдір аспан көрінеді. Барлық тарабына тең тараған уықтар - өмір мен жылулықтың бастауы. Керегедегі күлдіреуіштер болса, үш жүздің басын біріктіріп тұрған белгі. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді. Елтаңбаның келесі композициялық құрылымының бөлшегі – алтын қанатты, мүйізі ай тәріздес тұлпарлар. Жалпы мемлекеттік рәміздерде ат бейнесін таңбалау тарихтан тамыр алады. Арғымақтың бейнесі геральдистер тілінде терең мағына мен мазмұнға ие. Ол дұшпанға қарсы шыққанда қорқыныштан ада арыстанды, сұңқардың самғауын, өгіздің күшін, бөкеннің шапшаңдығы мен икемділігін, түлкінің тапқырлығын білдіреді екен. Сонымен қатар, арғымақтардың қанаттары бидайдың буылған алтын сабақтары сияқты. Бұл да еңбекті, байлық пен берекені және материалдық табыстылықты білдіреді.

  Біздің Туымызға көгілдір және алтын түс таңдалып алынған. Көгілдір түс біздің халықтардың бұлтсыз келешегіне, аспан ортақ дегенге ырымдалады. Туымыздағы бұл түс ынтымаққа, ауызбіршілікке, жаһандағы халықтар бірлігіне бастап тұр. Бірегей көгілдір түс тектен текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі - судың да түсі.

  Халықаралық ауқымда алып қарасақ, саясатта ашық көк түсті ту көтерген халық барынша сеніммен, түсіністікпен қабылданады және таза көгілдір түс біздің халықтарымыздың этно-мәдени бірлігін білдіреді әрі бір мезетте мемлекеттің тұтастығын меңзейді. Қысқа қайырғанда, тудың ортасындағы күн  өмір бастауы мен қуаттылық. Көшпенділер уақытты күннің жылжуымен белгілеген. Бүркіт те біздің халқымыз үшін көкке самғаған киелі құс. Бұл – тәуелсіздіктің символы, самғап бара жатқан сұңқарды ешкім тоқтата алмайды. Бұл идея да егемендік алған жас мемлекетіміз әлемдік өркениеттің биігіне жетсін деген мақсатпен жүзеге асты. Біздің туымыздың шетіне алтын түспен қошқар мүйізді ою салынған. Жалпы, қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар. Қазақ ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны.

  Кез келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың әнұранына айналған. Мұндай әндер қазақ  халқында да көп. Соның бірі - жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» әні. Бұл ән жоңғар шапқынышылығынан зардап шегіп, қаңсыраған халықтың қайта ес жиып, күшеюіне әсер еткен, сол сияқты басқа асыл сезімдерді бойына жинаған керемет ән болды. Осындай бір екінші ән - «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақстаным» шын мәнінде қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімін арқалаған бейресми әнұран болды. Ал заман талабына сай, 2006 жылғы қаңтардың 6-да Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін, яғни қаңтардың 10-да «Менің Қазақстаным» ресми  Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің  жаңа әнұранының туған күні ретінде жазылды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Әнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор - еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев [3].

  Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет еліміздің маңызды конституциялық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» былай делінген: «Елімізде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары жеке тұлға ретінде Қазақстан Республикасының Туын, Қазақстан Республикасының Елтаңбасын, Қазақстан Республикасының Әнұранын міндетті түрде құрметтеуі керек. Осы Жарлыққа сәйкес азаматтардың оны құрметтеуі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін әлемге әйгілеу және насихаттау шаралар жиынтығы негізінде тұрақты түрде жүзеге асырсын делінген. Мемлекеттік рәміздер еліміздің көпшілік азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Осы мақсатта қазіргі таңда еліміздің рәміздерінің мәні мен мағынасын және олардың қолданылуын, сондай-ақ, мемлекеттің қалыптасуын түсіндіру жұмыстары қазақстандық отансүйгіштікті және азаматтық позицияны нығайту үрдісіндегі бірден-бір маңызды факторга айналуы керек.

  Осы орайда жүргізілген әлеуметтік сұрақ-жауаптарға сүйенер болсақ, 90-жылдары Қазақстан халқы өзінің мемлекеттік рәміздерін жақсы білетіндіктерін көрсете алмады. Өйткені көптеген сұрақ алынған қазақстандықтар тек қана мемлекеттің туын білетіндігін білдірген. Ал мемлекеттік елтаңбаны әсіресе әнұранын білмейтіндігін айтқан. Сұрақ алынғандардың 80 пайыздан жоғарысы Қазақстанның әнұранын білмейтіндігін және оны орындай алмайтындығын көрсетті.

  Ал 2005 жылы «ЗУБР» Консалтинг Орталығының Шығыс Қазақстан облысының үш қаласында (Өскемен, Семей, Риддер)  жүргізген әлеуметтік сұрақ-жауап нәтижесі мемлекеттік рәміздерді тереңдетіп оқытудың жеткіліксіз екендігін айтуға мүмкіндік береді, соның ішінде оқу орындарында.

  Әлеуметтік сұрақ-жауап алынған қазақстандықтардың Қазақстан Республикасының  Әнұранын білетіндер саны - 41 пайыз (мүмкін мемлекеттік әнұранның өзгеруіне байланысты), бұл дегеніміз елтаңба мен туды білетіндерге қарағанда едәуір төмен көрсеткіш.

  Респонденттер арасында Қазақстан Республикасының Әнұранын білетіндердің көпшілігі мемлекеттік рәміздерді өздігінше былай санайды:

  - өз еліңнің отансүйгіш азаматы болып қалыптасуына әсер етеді (35%);

  - білім мен мәдениет деңгейін көрсетеді (30,1%);

  - өз еліңмен мақтануға мүмкіндік береді (27,6%);

   - өз еліңді лайықты таныстыруға мүмкіндік береді (33%);

   - жұмыс орныңда қолайлы жағдай тудырады (5,3%);

   - ешқандай әсері жоқ (0,8%);

   - басқа (0,5%).

   Ал уақыт өте келе жағдай мүлдем басқа арнаға ауысты, олай дейтін себебім, қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем шығар. Өйткені мемлекеттік рәміздер педагогикалық білім беру жүйесінде және білім беру тәжірибесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда, сондай-ақ, жалпы білім беру мектептері мен ҰБТ бойынша арнайы пән ретінде енгізілген. Бүгін ереже бойынша жастар өз мемлекетінің рәміздерін ата-аналарына қарағанда жақсы біледі.

  Кеңес үкіметі тұсындағы үгіт-насихат жұмыстарының түрі  мен әдіс-тәсілі өте қарқынды жүргізілгені және оның әсерлі болғандығын мойындаймыз. Әсерлі болу себебі мемлекеттік рәміздердің кеңестік кезеңде үлкен саяси және идеологиялық мәні болды. Олай дейтініміз, рәмізді жасаушылар «мәңгілік стереотипке» баса назар аударды, өйткені онда азаматтардың түсінігіне Еңбек пен Жеңіс белгілерін орнықтыруға тырысты. Сол уақытта Кеңес Үкіметі құрамына бірнеше халықтар мен ұлттарды кіргізе отырып, әрбір халықтың жеке мәдени және тарихи дәстүрін елеңсіз қалдырып, оның орнына халықтардың бірлігін жалпы адамзаттық құндылықтар негіздері – әділдік, теңдік, интернационалдық рухты насихаттады [2, 21-23]. Бұл жерден біз мемлекеттің рәміздер жүйесін жалпы адамзат баласының құндылықтарының жаңғыруы ретінде және ұлттық ерекшеліктері мен өз бойына жинақтаған бастау бұлақ ретінде, сонымен қатар ұлттық біртұтастықты қалыптастыратын негіз ретінде үлкен қызмет атқаратындығын байқаймыз. Дегенмен Қазақстан Республикасының рәміздері мемлекет құраушы ұлттың ерекшеліктері мен салт-дәстүрі, ұлттық мәденитеті негізінде дүниеге келгендігін естен шығармағанымыз дұрыс.



  Қорыта келе айтатыным, еліміздің ежелден аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша. 
: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
publications -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
publications -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
publications -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
publications -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді
publications -> Жамбыл жырларындағы батырлар бейнесі Айтбаева Айман Ералықызы ф.ғ. к., доцент Шыңғысханқызы Аружан к-13-1 оқу тобы студенті Қорқыт ата атындағы ҚМУ




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет