Н. Д. ОҢдасынов ? Арабша-қазақша түсіндірме сөздік



жүктеу 6.61 Mb.
бет3/42
Дата19.06.2016
өлшемі6.61 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

ыждағат. Оқиғаны қызықтап кету, мәндіні қосалқыдан «тазартып» екшей алмау, характерді әбден пісіру, ширатуға жеткілікті ыждағат етпеу көп («Қ. Ә. Т.»). Аяқтарын ширақ басып, ыждағат қимылдап, үйдің сәнін келтіріп жүрген шешесіне қарап: «әжем ауруы осы екен ғой»...— деп ол басын шайқап, өзінен-өзі мырс етті (Ө. Қанахин);

ыждаһат. Сәтбала сыңарынан қалыспауға бар ыждаһатын салып-ақ баққан-ды (Ғ. Сланов). Өткен ғасырлардағы өз ыждаһаттарымен қазақ ауыз әдебиетін жинап, бастырушылардың еңбектерін біз бағалаймыз да, құрметтейміз де (Қ. Жұмалиев);

іждиһат. Ықылас, іждиһат пен жиһат етіп, Шыбын жан шыдай алмас шерін тәнда. Жеміс ең пісіп тұрған бақшадағы, Ерік бар ма бұйырмаса біз мехманда (Әріп). Ұстаз әңгімесін ол бадана көзін кең ашып, аса бір іждиһатпен үнсіз тыңдаушы еді (Р. Тагор);

Көңіл нені іждіһат қылса, соны алады екен (Ғ. Мұстафин);



ыждаһаттану — тырысу, ынталану, жігерлену. Сапа бірінші немісті атып түсіргенде, рота командирінің өзі ыждаһаттанып, оны «Жауынгерлік еңбектері үшін» медалына ұсынды (Ә.Нұрпейісов). Көрермендер Кенжебала Көшербаеваның әр қимылына ыждаһаттана көз тіге қалыпты (А. Тегінбаев);

ыждағаттау. Ғалым әр шөпті сабағынан бәкімен қиып алып, ыждағаттап дорбасына салып, қойын дәптеріне әлденелерді жазумен әлек (Ш.Мұртазаев);

ыждаһаттау. Кім ыждаһаттап ықыласын салса, оқу соған табылады (С. Торайғыров). Өмірді ыждаһаттап, зерттеп барып, көрген-түйгеніңді көкіректе қорыту арқылы дүниеге келеді (Ғ.Мүсірепов);

ыждағатты. Осындай қасиетті мінезіңді Байқаймын хатқа жазған сөздер басып. Жұмысқа ыждағатты деп айтады, Күнің жоқ бір жалығып қалған жазып (Ы.Мырзалыұлы); Коростылев ыждағатты, тындырымды адам болатын (Т. Ахтанов);

ыждаһатты. Педагог ақын (Тайыр Жомартбаев ақын — Н. О.). «Ыждаһатты бала», «Жалқау бала», «Ыждаһатты баланың надан ортаға айтқан сөзі» сияқты өлеңдерінде баланың бойындағы жақсы қасиеттері мен жаман да жарамсыз әдеттерін қатар алып, біріне-бірін қарсы қоя отырып суреттейді (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров). Орыс мектебінде үш ай оқығанда ыждаһатты бала орысша оқу, жазуды үйреніп алады (М. Қаратаев);

ыждиһатты. Оқуға ыждиһатты зерек өзге, Миына жинастырды біліп лезде (Г. Манкин). Саналы әскери тәртіптің нығаюына командир әр алуан шараларды жүргізе отырып, өзінің күнделікті ыждиһатты ісімен, уставтардың қағидаларына, үлкендердің тәжірибесіне, саяси аппаратқа, әскери бұқараға сүйене отырып, бірте-бірте жетеді (Б. Момышұлы);

іждаһатты. I.Есенберлиннің тарихи трилогиясы - қазақ совет әдебиетінің тарихи роман дәстүрін дамыта түскен, өз тарапынан жаңа жетістіктермен байытқан, отаншылдық ойдан, іждаһатты ізденістен, халқымыздың көркемдік дәстүріне сүйенуден туған тамаша көркемдік әлем (Р.Бердібаев);

іждиһатты. Төр үйдің іші бұдан гөрі кеңірек... Бояуы көшіңкіреген ағаш төсек үстінде іждиһатты қолмен жиылған сұрғылт түсті көне-тоздау екі-үш көрпе, жастық (М. Әуезов);

ыждаһаттық. Залда жиналғандар аса ыждаһаттықпен В. П. Виноградовтың Ленин жайлы айтқан естеліктерін ұйып тыңдады («Л. Ж.»);

ыждағаттылық. Әдебиетіміздің соңғы жылдардағы тағы бір ерекшелігі дегенде айтарымыз — оның бүгінгі тақырып пен бүгінгі замандас өміріне басым назар аудара отырып, халықтың тарихына, оның қайнар көзіне ыждағаттылықпен үңілуі, өткеніміздің тереңіне, келешегіміздің биігіне көз тастауы (Ә. Әлімжанов). Соңғы жылдары совет ғалымдары Иран, араб елдерінің фарабишілері оның, еңбектерін асқан ыждағаттылықпен мұқият зерттеуге ден қойды (Е. Бекмұхамбетов);

ыждақаттылық. Мені таңғалдырған және сүйсіндірген — аудармашының өзі аударып отырған шығармаға терең, ықыласы мен ыждақаттылығы, әр образ, әр бояуды дәл әрі көркем жеткізуге ұмтылушылығы, аудармаға кәсіп демей, таза өнер деп қарауы (Ж. Қыдыров);

ыждаһаттылық. Ғалым Мұхамеджанов өзінің ыждаһаттылығы, ұқыптылығы арқасында, зор журналистік талант-қабілетінің арқасында әдеби қызметкерліктен облыстық газеттің редакторлығына дейін көтерілді (С.Шаймерденов);

ежтиһатсыз. Ежтиһатсыз, михнатсыз Табылмас ғылым сарасы. Аз білгенін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе, Кімге тиер пайдасы (Абай).

أجل (’ажал ун) ажал 1) өлім, қаза, жан тәсілім, өмір ақыры; 2) шек, шекара, мерзім. Тәуекел ет, тас жұт, ажал жетпей, өлім жоқ (мақал). Мерт еткен не наһанды, шіркін өлім, Ажалдың нәубетіне бар ма сенім? Парызын ертелі-кеш бітірмекке — Пендеге бастан мирас болған телім (Кете Жүсіп). Большевиктер! О, менің тарландарым! Менің асқақ, айбынды армандарым... Адамзаттың ары үшін, теңдігі үшін, Ажалға да алапат барғандарым (М. Мақатаев);



ажалшы — ажал, өлім әкелуші, өлтіруші. Алданып ажалшыға есік ашқан Сол күнгі ол өз жорығын кешірмеді (Ә.Сәрсенбаев);

ажалды. Айдалаға атқан оқ ажалдыға тиеді (мақал). Кедей болар жігітке ажалды мал тап болар (мақал). Кімде-кім бізге соқтықса, бүркітпен ойнаған ажалды қарғаның кебінін киеді (Ә.Әбішев);

ажалсыз. Ер жігіт жалақтамас жоқ болса да, Сексен бес жанып тұрған шоқ болса да. Ажалсыз жан шықпас деп қарсы шабар, Жасалған зеңбіректе оқ болса да (Н. Наушабаев).— Ғафу етіңіз, мен бүгінгі бір ажалсыз адамды ойлап келе жатып, әңгімелеріңізді ести алмай қалдым,— деді (Ә. Әбішев);

احتمال (’ихтимал ун) ықтимал — мүмкін, бәлкім, болжам, шама, жорамал, ниет. Осы жолдан Есейдің қайтып келу-келмеуі екіталай, өзі айтқандай, ойға алған мақсатына жетсе де, сүйегі сол жақта қалып қоюы ықтимал емес пе еді?— деп ойлады ішінен Скориков (Ә. Нұрпейісов);

Математикалық логика, кибернетика, автоматика ғылымдарының өзі келіп, «болады» мен «болмайды» екіталайды салыстыру, қай жағында ықтималдық басым және қанша басым, осыны табу (А. Машанов). Вероятность — ықтималдық («С. Қ»).

احتياط (ихтйат ун) ықтият 1) сақтық; 2) запас, қор. Жан, өмір, ақыл, ырызғы, иман, нәпсі. Пендеге бұл алтауы ақиқаттан. Адам да алты затқа һәм ықтимал, Бұл сөз де емес онда ықтияттан! (Шораяқтың Омары);



ықтияттау. Жазда бақсам ықтияттап, Ар-ұятты ойға сақтап, Сақ шопанға шаппас бөрі, Өткізбейді өлген тері (К. Әзірбаев). Соны айтып ол френчінің жасырын қалтасынан ықтияттап жылтыр қағазға ораған төрт бұрышты бір нәрсені суырып алды (Дм. Снегин);

ықтиятты. Қайта, студент кезімде ықтиятты, өзімді-өзім күтінгіш едім (Б. Соқпақбаев);

ықтияттылық. Біздің филиппиндік әріптестеріміз музыкалық мерекеге ықтияттылықпен дайындалған екен (Е. Рахмадиев).

احد (’ахад ун) әхәд1) бір, жалғыз (құдайдың теңеуі); 2) бірлік, единица; 3) жеке адам. «Сүббәтәл ғажизин» кітабында: «Аяғымден сүдрәп атың, ләхіткә, Не үшін құллық қылмадың деп әхәдкә» (С.Мұқанов).

احرام (’ихрам ун) ихрам — діни. қажылардың Меккедегі «әулие» саналатын қасиетті жеріне бару және онда киетін киімі (жамылғыш). Меккеге кірер алдында қай орында ихрам байлағанын баян етті (М.Әуезов). Бір уақытта тіпті иығындағы лыпа ихрамға айналып кетіпті (Ә.Кекілбаев);

ықырам. Тең көрген бай-жарлыны, бала күнім Кеттің сен, мен-мендікпен көңіл тасқан. Бір шықпай ғарапатқа ықырам байлап, Ақкөңіл бала дағы таба алмаспын (Шәңгерей).

احسان (ихсан ун) ихсан1) жарылқаушылық, жақсылық, қайырымдылық; 2) қайыр-садақа. Дүниеден Қарындағы бай боп өткен, Жеріне ойына алған қолы жеткен. Малынан қайыр ихсан бермеген соң, Жер жұтып, ғазап тартып, мехнат шеккен (Ақан сері). Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал менен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер — өзі де мал, өнерді үйренбек — өзі де ихсан (Абай);



ихсанды. Адамға ихсанды болмақ қарыз іс(Абай).

احكام (ахкам ун) ахкам — діни. шариғат үкімдері, шариғат істері, шариғат талаптары; Дүниеде мені қылды таған Ақан, Ақ көйлек, албырт мінез, адал Ақан, Ехқам (дұрысы: ахкам — Н. О.) шариғаттан түк білмейсің, Үйретсін ғылым жайын саған Ақан (Ақан сері).

احمر (’ахмар у) әхмар — қызыл, қызыл түсті (қызыл жақұт, лағыл). Өкпелі болғаныңды білгенім жоқ, «Әркім-ақ мендей сырттан іңкәр» деп ем. Деп едім охмар (дұрысы: ахмар—Н. О.) жақұт қаладағы, Қол жетпес гауһар тас қой банадағы (Айтмағамбет). Йизу — рәушан, көзі — гәуһар, лағилдек бет үші әхмәр (Абай).

احمق (’ахмақ ун) ақымақ — ақылсыз. Көп ақымақтың ағасы болғанша, көп ақылдының інісі бол (мақал). ...Саған ақылдасқан мен де ақымақ деп, сонан жаман сақалын жұлды (С. Торайғыров). Сөзіме, өзіңе айтқан көңіл қоймай, Аузымды менің бағып аңғарасың. Әңгі деп ақымаққа мені теңеп, Сәурікке кімді қосып сандаласың (Үмбетәлі);



ақмақ. Ақмаққа күнде той, Ақылдыға күнде ой (мақал). Ақмақ, бала,— өтірігім тым үйлеспей жатса керек (Ә.Сәрсенбаев). — Алсаң ал,—дейді Аңдамас,– бұл қу аяқтың елі, хажыларды ақмақ көріп, сасық суын да бұлдап сатайын деген екен (С. Мұқанов). «Қалың малды» шығарған кандай ақмақ! Әркімнің жақсы, жаман өз теңі бар, Ықтияр бірін-бірі сүйіп таппақ (Әріп);

ахмақ. Өй, ахмақ, бала!... Шешеңе де хабар берем... Оқуға да кіргізем,— деп, біресе ұрсып, біресе қамқор сөздер айтып қояды (F. Мүсірепов). Ахмақ қу кедей! Айыбың — олардың қағазына бармағыңды басқаның,— деді би (Ж. Молдағалиев);

ақмақтану — ақмақтанба, бала — деп Макар мақтанышын да сездіре күлді (Ә. Сәрсенбаев). Әуелі алды-артын ойланып алмай, ақмақтануға болмайды («Қ. Ә»);

ақымақтау. Өлшемі жоқ ана махаббатының, Пір тұтпайды бекерге — ол киелі. Аюлар да ой-санадан мақұрым, Ақымақтау балаларын сүйеді (С. Капутикян);

ақымақтық. Ойлайды: «Жалынтып бердім» деп ақымақтығынан, жоқ өзі жалынып беріп жүр (Абай). Өлгенде орны жаннат, рухы разы, Әр пенде қаза тапса сол талаптан. О, дарих, өлең басқа, ол жол басқа, Жел сөзге таңырқаймыз ақымақтықтан (Шораяқтың Омары);

ақымақшылық. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де — ақымақшылық (Абай). — Әрине, ақымақшылық. Соған қазір өзім де өкініп келем (Ә.Нұрпейісов).

أحوال (ахуалун) ахуал — хал-жай, жағдай. Әбубәкір (Кердері) Шоқанов (1858— 1912) қазіргі Ақтөбе облысында туды. Орынбор мен Троицкіде мектеп, медресе бітіріп, Орал, Ақтөбе, Орынбор, Орск маңында молдалық қызмет істеген, бала оқытқан. Оның өлеңдері «Әдебиет қазақия» деген атпен екі жинақ болып басылды. Олардың негізгі тақырыптары: заман жайы, қазақ халқының бұрынғы хал-жайы, халыққа, замандастарына, кейбір жеке адамдарға арналған уағыз, кеңестер, оқу, ғылым, өнер, дін, мінез-құлық, өз ахуалы жайлы пікірлер (Б. Кенжебаев, Ө. Есназаров). Бар ахуалы осыған ғана қалды («М. Б. Т.»);



ақуал. Дәптерде өз ақуалын баян еткен. Өлеңге шебер екен болмай кеткен. Ғашықтық саудасына душар болып, Ақырда ол саудадан қаза тапқан (М. Сералин). Төрт ауыз қоса мәшкүл келді жұмбақ, Таппасқа тастан ауыр қымбат пұлы. Сұраған сырттан жәрдем ақуалыңа, Ашты иіс көңіл құрсант бақтың гүлі (Қаңлы Жүсіп).

اخبار (’ахбарун) ақпар — мәлімет, есеп. Сөзіңді көрдім оқып жазған хаттан, Сұраған шашып ақпар әр тараптан (Кете Жүсіп). Ақпарына жеткізген «Найзағайды» алған соң, Табуға тез бастықты Таптыруға асықты, Жасауға бір «перелом» (I. Жансүгіров). Алдыңғы күнгі ақпар өзіңізге белгілі, кешегі өткізген мақтаның сомасын бүгін білдік, — деді Жалтай Майшекеге (Қ. Сатыбалдин);



ақбарат. Михаил Александрович Шолоховтың 1954 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының III съезінде сөйлеген сөзі есіме түсті. Классик жазушының сондағы сөзі шын сөз еді-ау. Осындайда көңілдің ақбарат бөлімі ашылатыны неліктен (Қ. Сәрсекеев);

ақпарлау — хабарлау, мәлімет беру. Осы жайды келесі күндері тамақ тасушы бала кейбір камераға астыртын ақпарлап қойды (Ж. Тілеков);

ақпаршы — хабаршы, мәлімдеуші, мәлімет беруші. Ақпаршы саудагерден айтып жіберіпті (Д. Досжанов).

اختلال (’ихтилалун) ихтилалl) бүлік, бүліншілік, көтеріліс; 2) лаң салу, жұртты бұзу. Ихтилал ихтилалшы сияқты сөздерде кездеседі;



ихтилалшы. Старшина Исатай, сен баян қыл! Беріш руы ихтилалшы, бәд фирыл,— деді Жәңгір (I. Жансүгіров).

أختيار (’ихтиарун) ықтияр — ерік, ырық. Сөзіңізге сөз жаздым мен де қарай, Кең көше көрінесіз көрген талай. Тоқтатты осыменен сөзін молда, Ықтияр енді сізде жазсаң қалай (Айтмағамбет). Он сегіз мың бұл ғаламның. Бар тынысы күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның Ықтияры сенде тұр (Абай). Ауруға өмір бейне бұлдыр сағым, Ауру жеңсе, кетеді ықтиярың (Қ. Жұмалиев);



ықтиярсыз. Амал жоқ, ықтиярсыз құл қыласың, Маған салса қасыма келме жуық (С. Торайғыров). Ықтиярсыз мұңды сөзім, Кетті ыршып жолыңа. Мазағыңа бердім өзім Өз басымды қолыңа (Абай);

ықтиярсыздық. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуға болса, бір ықтиярсыздық шығады (Абай);

ықтиярлы. Ақылы бар, ықтиярлы Пенде теппес өз жарын. Ерік неде, пенде зарлы, Не білер не боларын! (Абай) Жалпы идеяны жеткізу үстінде автор өзінің байқағыштығы мен білісіне қарай жол-жөнекей білуге қажетті жайларды кірістіріп отыруға ықтиярлы (М. Сералин).

اخير (’ахирун) ақыр — соңы, аяғы. Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр (С.Торайғыров). Қансорғыш қара жүрек залымдардың, Өмірінше қарашығы батты ақыр (С. Мұқанов). Әз тұтуға, Сыйласуға Қалмады жан бір татыр. Сыпыра батыр, Пәле шақыр, Болдың ақыр тап-тақыр (Абай). Еріксіз міне түңілдім. Түспеді ақыр қолыма (С. Торайғыров);



ақырда — соңында, аяғында. Азаттық бізге ешкім бермес, Құдай да, патша да, батыр да. Бостандық бізге өзі келмес — Аламыз жеңіп ақырда (Интернационал). Дәптерде өз ахуалын баян еткен. Өлеңге шебер екен болмай кеткен. Ғашықтық саудасына душар болып, Ақырда ол саудадан қаза тапқан (М. Сералин);

ақырзаман1) діни. ақырғы, ең соңғы дүние; 2) ауыс. қатты қиындық, азап. Ақырзаман боларда тажал деген шығып, дүниені жалмайды, адамды сол апаттан жер астынан шыққан Мәді ғана құтқарады,— дейді араб ертегісі (С. Мұқанов). Сол айтылған ант үшін, Ақырзаман төнсе де, Бас имеймін өлімге (А. Тоқмағамбетов);

ақырғы. Жеті ықылым жетегінде болғанменен, Аңғарсаң, ақырғы өмір түн секілді. Айтайын тіріліктен тағы да сөз. Татаусыз тартылынған сым секілді (Тұрмағамбет). Жолдың жалғасқан тойын жасап, ақырғы шегесін қағысты (Қ. Әбдіқадыров). Бұл біздің ең ақырғы, Зор майдан ғаламат. Интернационалмен Өркендер адамзат! («Интернационал»);

ақыры. Сеніскен досым да жоқ, асығым да, Ақыры өлең қылдым жасыдым да. Көрмеген көп дүние көл көрінді, Кірлемеген көңілдің ашығында (Абай). Ақыры Раушан Нұртасқа кешірім сұратып, Айдардың қолын алдырған (Т. Тобағабылов);

ахыри. «Таки ғажап» кітабынан: «Заман ахыри олса, нәләр болғай, Дүнияға түрлу-түрлу фәле толғай» (С. Мұқанов);

ақырында. Әмір-Темір тұқымынан Һират, Бұқар, Самарқанд шәһәрларын тартып алып жүргенде, ақырында мұның алдынан Алаша хан қалың әскермен шығыпты (Абай). Тілегің ақырында орындалмай, Кешігіп сол жеріне салдың орақ. Ол құрақ енді малға ас болмайды, Сарғайып дәмі кеткен мүлде қурап (Қиса);

ақырлау. Әкелген гауһарларын алайын деп, Тоғарып тылсымды ол да ақырлады (Тұрмағамбет).

ﺁخرة (ахиратун) ақират1) діни. о дүние; 2) ауыс. кебін (ақирет киімі). Өткен жыл ақираттың азығы үшін, Саурекең барып ақынға қылды инабат. «Осындай ғұзырым бар мойынымда, Ей, тақсыр, не қылам» деп сұрады ғибрат (Қаңлы Жүсіп);



ақирет. Ақиретте не деп жауап берерімізді қайдам (С. Мұқанов). Уа, қараңғы пенделер! Өлігіне бие бер, Малмен иман алғайсың! Ақирет қашан ойлайсың (Жамбыл);

ақырет. Табылар қайдан дауа кетпес дертке, Не шара алла салған құдіретке. Бала үшін ата-ананың төккен жасы, Құрғамай бірге барар ақыретке (М. Сералин). Аман-есен жүрсің бе, Тезек төре, Елден жылқы қоймаған кезеп төре, Күні-түні жегенің ұрлық еті, Ақыретке барасың не деп, төре?! (Түбек). Тілеубайдың сүйегіне түскен замандастары суық денесін ақыретке орады (3.Шашкин);

ахирет. Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек (Абай). ...Не білімге, ахиретке, не дүниеге жарамды күнді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің? (Абай);

ахрет. Жадид дінді қуаттай отырып, оны ғылыммен жалғастырады, «дүния» мен «ахрет» оқуын қатар жүргізеді (С. Мұқанов);

ахірет. Сарыбала әкесімен жарыса кітап қарады. Әкесінің қолында Қожа Ахметтің «Хикматы», баласының қолында Абай өлеңдері. Кітаптар екеуін екі жаққа: Қожа Ахмет ахіретке, Абай жарыққа, дүниеге тартады (Ғ.Мұстафин);

ақіреттік. Алмас қылышты морт сындырар нешеме ақіреттік күштер барын енді байқады (Д. Досжанов);

ақыреттік. Сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің ақыреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды (Абай). Екеуі жапан түзде бек сөйлесіп, Дос болды ақыреттік, құдай десіп («Қ. К. Б. С.»);

ахиреттік. Бұл дүниеде мұңдасың, Ахиреттік жолдасың... («Қобыланды»);

ахыреттік. Бітелмеген не қалды? Ахыреттік достарын антынан аттап, сертінен тайса... Қан құйлы қас дұшпаннан бетер қаскөйлігі емес пе?— деді Сауран сұлтан (Т. Ахтанов);

ақиретсіз — кебінсіз. Ғ. Қабышевтің «Аш желке», «Күдіс те кідірген жоқ», «Атау — ақиретсіз» деген үш шығармасы бірдей, «есік, терезесін тарс жауып алып», күні-түні домалақ арыз сүйкейтін қулар жайында жазылған (Т.Қожакеев);

ақыретшіл — о дүниешіл, құдайшыл, діншіл. Әлі жетпеген — ақыретшіл (мақал). Дәрменсіз жан ақыретшіл келе ме, әйтеуір кемпір көтерген икон алдында шырақ жағып, тәңірге жалынды (К. Тоқаев).

اخلاص (’ихласун) ықлас1) адалдық, адал ниеттілік, ақкөңілділік, таза жүректілік, шындық; 2) берілгендік, жанқиярлық. Дастарқан — теңіз мысал, қайық - патнос. Бұл күнде әмбе халық қойған ықлас. Шыны аяқ — түндігі жоқ үй дегенің, әр пенде разықтанып ішпей ме ас (Нұржан). Ықлас, іждиһат пен жиһат етіп, Шыбын жан шыдай алмас шерін тәнда. Жеміс ең пісіп тұрған бақшадағы, Ерік бар ма бұйырмаса біз меһманда (Әріп);



ықылас. Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық! (Ы. Алтынсарин). Ақтармын оқып-жетіп адам атын, Басқаға жоқ ықылас беру­ге мен (С. Торайғыров);

ыхлас. Арнап шарап құям өзім Шын досыма берген ыхылас («М. Б.Т.»);

ықыластану. Боранбайдың өтініші ықыластана қарсы алынып, қырғыздарға отряд аттандырылды (Ж. Бейсенбаев);

ыхластану. — Отырыңыз, жолдас Бауыржан Момышұлы,— деді Репин, мен қысылып-қымтанып отырдым. — Сіз ыхластанып көп нәрселерге үйрендіңіз,— деді ол (Б. Момышұлы);

ықласты. Сұлу Көкше өңіріндегі ыстық ықласты кездесулер де табысты өтті («Қ. Ә.»);

ықыласты. Сағит ән-күй, музыкаға өте ықыласты және оларға қызу қанды жігіт еді (С. Мұқанов). Енді хакикат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамшылыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой (Абай);

ықыластылық. Баспалардың жаңа жаза бастаған әдебиетшілерге ықыластылығын көрсететін, жаңадан қылт етіп көрінген автордың алғашқы кітабы барынша жақсы редакциялануына көзқұлақ болған көркем сөз шеберлерінің әкелік қамқорлығын дәлелдейтін мысалдарды көптеп келтіруге болады («Правда»);

ықылассыз. Еламан түнде түнеп шыққан үйге қарай біреу желкелеп итергендей ықылассыз аяқ басып келеді (Ә. Нұрпейісов). Бір ықылассыз, ел дегенде еміренбейтін Ешкі емер, мені, міне, жерге қаратып кетті (М. Сатыбалдиев);

ықылассыздық. Адамның бір-біріне деген ықылассыздығы бар болса, ол, сірә, бірікпеуден тумай ма екен (М.Сатыбалдиев);

ихласия.1) адалдық, адал ниеттілік, шындық; 2) берілгендік; 3) «Ихласия» — Һират қаласында Науаидың басшылығымен салынған медресенің аты. Медресемен үлкен зәулім үйге «Ихласия», аурухана мен моншаға «Шифаия», кітапхана мен оған жалғас ақынның өзі және оның достары мен туыстары тұруына арналған үйлерге «Үнсия» деп ат қойды (Айбек).

اخلاق (’ахлақун) ахлақ — адамның мінез-құлқын, пікірін, тәртібін білдіретін психологиялық және рухани қасиеттердің жиынтығы. Бұл кітап төрт бөлімнен тұрады: ...үшінші бөлімде — адамгершілік (ахлақ) жайы... (Ы. Алтынсарин). Қадими мектептердегі оқу иман-шарт, әптиек, құран, діни ахлақ ғибадат шеңберінен аспады («Қ. С. Э.»). Целомудрие — тазалық (ахлақ жөнінен) («О. Қ. С.»).

اخى (’ахй) ахи1) бауырым, туысым; 2) досым. Ишарат — сапи, Білгенге — напи, Білмегенге — қапи. Біз білсек, хаһи: Пенде — бір аһи (дұрысы: ахи — Н. О.) Раббім — уапи (Таубайдың Жүсібі).

اداء (’ада’ун) ада1) төлем, төлеу; 2) орындау; 3) ада қылу, аяқтау. Бұл мактуб жанаптарға қабылданса, Сүйінші білдіріңіз бізге нама. «Жақсыға — аз ишарат сөз жетер» деп, Тамамат сөздің артын еттім ада (М. Балтекейұлы.).— Сен, жігітім, кемпірге қарама, бұл осы самауырды ада қылмай тынбайды (М. Иманжанов);



адалау — аяқтау. Әрекет неғұрлым алапаттана түскен сайын бар мән, бар қасиетінен адалана түссе керек (Ә.Кекілбаев);

ада-күде. Айырмашылығымыз - сіздер аға ұрпақтың еңбек, ерлік жорықтарын осы бейбіт өмірде жалғастырып келесіздер. Бұл — біздің ұлы мақсат жолындағы ұқсастығымыз! Робинзон осындай ұқсастықтан ада-күде (Н. Өксікбаев). Мәди озбырлыққа, арамдыққа қол шоқпар болудан ада-күде бас тартады (С. Ләмбеков).

ادارة (’идаратун) идара1) контора; 2) басқарма. Отызға әлі тола қоймаған жастілек Смағұлов қалада дене шынықтыру идарасын басқарады (С. Хасанов). «Ғылым» баспасы тарих-археология және этнография идарасы даярлаған Қазақ ССР тарихының төртінші томын жарыққа шығарды («Біздің Отан»).

ادب (’адабун) әдеп 1) әдебиет; 2) тәрбие, тәрбиелеу, тәрбие беру, әдептілік, сыпайылық, тәрбиелілік, көргендік; 3) құлықтылық. «Сіз» деген — әдеп. «Біз» деген — көмек (мақал). Жүректен қозғайын, Әдептен озбайын (Абай). Көптен үндемей, әдеп сақтап жүрген Шекер тап осы жерде бас көтергені ғой (Б. Майлин);

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет