Н. У. Шаяхметов – т.ғ. д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті



жүктеу 94.29 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі94.29 Kb.
Әлихан Бөкейхановтың еңбектеріндегі дәстүрлі қазақ шаруашылығының мәселелері
Н.У. Шаяхметов –

т.ғ.д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті
Әлихан Бөкейханов - қоғам қайраткері, саясаткер, Алаш қозғалысының жетекшісі ғана емес, ол сондай-ақ талантты зерттеуші-ғалым екені баршамызға аян. Сол себепті Ә. Бөкейхановтың ғылыми мұрасы, зерттеу еңбектері де әр қырынан жан-жақты зерделенуі тиіс.

Ә. Бөкейхановтың қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіне қатысты жариялаған еңбектерінде қазақтың дәстүрлі шаруашылығының өзекті мәселелері маңызды орын алды. Дәстүрлі қазақ шаруашылығының даму заңдылықтары мен ерекшеліктері оның «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы», «Овцеводство в Степном крае», «Русские поселения в глубине Степного края», «Переселенческие наделы в Акмолинской области», «Казаки Адаевского уезда» және т.б. еңбектерінде қарастырылады.

Ә. Бөкейхановтың 1896-1901 жылдары Ф.А. Щербина бастаған экспедицияның мүшесі ретінде далалық облыстарды статистикалық тұрғыда зерттеуге қатысуы барысындағы тәжірибесі мен соның нәтижесінде жинақталған деректік материалдары қазақ халқының шаруашылық жүйесіне қатысты айтылған ғылыми пікірлері мен қорытындыларына негіз болды.

Ә. Бөкейханов экономист-ғалым ретінде қазақтардың шаруашылық жүйесін олардың мекен еткен ортасының ерекшеліктерімен тығыз байланыстыра зерттейді. Яғни көшпелі мал шаруашылығының заңдылықтары мен Қазақ даласының табиғи-географиялық ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жасай отырып, далалық облыстардың табиғи-климаттық жағдайы мен топырақ қабатының сапалық қасиеттері бұл аумақтарда кең көлемде егін шаруашылығын жүргізуге қолайсыздығын әрі оның экономикалық-экологиялық тұрғыда тиімсіздігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген-ді. «Русские поселения в глубине Степного края» атты еңбегінде Ә. Бөкейханов: «... форма хозяйства не меняется по циркуляру, а является неизбежным продуктом природы данной местности и культуры, киргизской или крестьянской – все равно. В Киргизской степи пресс на хозяйство естественных условий громадный – и усилию человека остается ограниченное поле для приложения. Здесь царит господство стихии. Если где не следуют идти против природы, а нужно разумно к ней приспособляться, то это необходимо соблюдать в Киргизской степи по отношению к форме хозяйства» /1/.

Салыстырмалы түрде егін шаруашылығына қолайлы деген Ақмола облысына шаруаларды қоныс аударудың экономикалық тиімділігі туралы мынандай қорытынды жасайды: «Статистические исследования показали, что выгоднее переселяться сюда средним хозяйствам; богатым часто бывает невыгодно, а неимущим и малорабочим трудно; последним трудно потому, что при местных почвенных, климатических и др. условиях заведение хозяйства требует с первого же года больших затрат денег и труда; богатому невыгодно подвергать себя риску потому, что неурожай может поставить его в тяжелое положение. Хотя переселенцам и выдаются пособия лесом и семенами и денежные ссуды (в 1900 г. на всю Акмолинскую обл. было выдано ссуд на 405.124 руб.), но их нельзя назвать достаточно обеспечивающими переселенца на новом месте, как это и показали последние три года, когда потребовались сотни тысяч рублей на продовольствие переселившихся в Акмолинскую область» /2/.

Дәйекті дәлелдер арқылы Ә. Бөкейханов қоныс аудару саясатының қарқынын арттырудың ешбір ғылыми негізі жоқ екендігін және оның экологиялық салдары көп уақыт өтпей-ақ сезілетіндігіне патша үкіметінің назарын үнемі аудартып отырды. Ол өз еңбектерінде патша үкіметінің аграрлық саясатының отарлық мазмұнын әшкерелеп қана қойған жоқ, сонымен қатар осынау сын сағатында жер мәселесі бойынша қазақ халқына отырықшылық норманың емес, көшпелі шаруашылықты сақтап қалудың қажеттілігін дәлелдеп, қазақ жеріне қоныс аударып келген шаруалардың жерді пайдаланудағы көрініс берген келеңсіз құбылыстарын сынға алды. Патша үкіметінің қазақтарды отырықшыландыру саясатының астарында отарлық саясат жатқандығына қоғамның назарын аудартты: «... көшпелі халық ақырында бір отырмақшы десек, 250 жылда бәрі жатақ болмақ. Міне, эволюция жолының шабаны, жер жүзінде қанша отырған мәдени халық осы ғұмырдың шабан жолымен отырықшы болған. Бұл шабан жол қағазға жазылып, он бестен жер белгілеп алғанға бұзылмайды. Мал бағып, шаруа қылып отырған халық қағазбен он бестен жер бергенге егінші болып кетпейді... Мемлекет қазақты өзінің баласының бірі қылса, қазақты осы тұрған шаруасын бұзбай орналастырар еді. Сонда қазақ неше жылда эволюция жолымен бірте-бірте отырықшы болар еді»/3/.

Ә. Бөкейханов ХІХ ғ. бастап қазақтардың шаруашылығындағы өзгерістерге негізгі себеп болған отарлық аграрлық саясат қана емес, сонымен бірге қоршаған орта мен экономикалық заңдылықтар екендігін ашып көрсетеді: «... современная хозяйственная жизнь последних (казахов – авт.) не укладывается в простую формулу примитивной экономики полудикого кочевника, постоянно меняющего место стоянки и передвигающегося со своими стадами, в поисках для них подножного корма и лучшего водопоя. Былое, чисто пастушеское хозяйство киргиза, постепенно уступает место смешанному земледельчески-постушескому типу; это наблюдается, по крайней мере, в тех местностях, где естественно-исторические условия и экономическая конъюктура оказались благоприятными для развития земледелия. В этом отношении Киргизский край (Семипалатинская, Акмолинская, Тургайская и Уральская области) можно схематически разбить на два района: северный, лежащий выше 50-ой параллели, благоприятный для земледелия, и южный – где плохая почва, скудость атмосферных осадков и отдаленность от рынков делают земледелие в сколько-нибудь значительных размерах невозможным» /4/.

Ә. Бөкейханов өзінің ғылыми-публицистикалық еңбектерінде қазақ халқының шаруашылық жүргізу ерекшеліктеріне, жер мәселесіне үнемі мән беріп отыруының себебі – бұл сол кездегі үлкен саяси мәселе-тін. Ол Ресей үкіметінің отарлық аграрлық саясатының күшеюіне байланысты еді.

Соған орай патша үкіметінің отарлық мәнге ие аграрлық қоныс аудару саясатының салдары қазақ жері мен көшпелі мал шаруашылығы үшін қаншалықты ауыр болғандығын былай дәлелдейді: «При спешном и массовом переселении крестьян в киргизскую степь весьма возможно, что ее целина будет выпахана раньше, нежели крестьянские хозяйства успеют принять более интенсивную форму. Киргизская степь, лишившись вековой целины, окажется бесплодной и, при современной технике крестьянского хозяйства перестанет давать урожаи. Здесь повторятся знакомые неурожаи юго-восточной России. Распылив превосходные пастбища киргизской степи и обратив ее в пустыню, крестьянин окажется у разбитого корыта, а киргизы, лишившись к тому времени своих пастбищ, окончательно обнищают, если только пролетаризованные новыми условиями жизни, они не переселятся на горные заводы и в города» /5/.

Қазақ жерінде жүргізілген отарлық сипаттағы аграрлық саясат нәтижесінде табиғат игіліктерін пайдалану жүйесі сапалық тұрғыда өзгерістерге ұшырады. Өйткені, этникалық кәсіп пен экологиялық мәдениет бір бірімен өте тығыз байланысты және ажырамас ұғымдар. Сондықтанда, ресейлік шаруалардың далалық облыстарға, яғни табиғи ортасы мүлде бөлек жаңа жерлерге жаппай қоныс аударылуы олардың дәстүрлі экологиялық мәдениетінің жоғалуына әкеп соқтырды. Бұрынғы үйреншікті табиғи-климаттық, географиялық ортада сан жылдар бойы қалыптасқан дағдылары мен шаруашылық жүргізу тәжірибесі мүлде басқа табиғи ортада іске жарамай қалды. Ал жаңа ортаға бейімделгенше ондаған жылдар қажет еді және осы уақытта өзін қоршаған ортаға едәуір нұқсан келтіріп үлгеретін болды. Бұл әсіресе, орыс шаруаларының егін шаруашылығын жүргізуінде ерекше көрініс тапты. Өйткені, Қазақстандағы қоныс аударушылар шаруашылығы еуропалық Ресейдегі шаруалардың шаруашылығымен генетикалық жағынан байланысты болды. Шаруа өзі туып-өсен деревнясындағы қарапайым техниканы қолданып, жаңа жерлерге шаруашылық жүргізудің нақ сол экстенсивті әдісін ала келді. Тіпті, техника қолдануды ұлғайтуға және жер өңдеуді жақсартуға материалдық мүмкіндігі бар ауқатты қожайындардың өздері де егіс алаңын жай ғана кеңейтуді артық көрді. Сөйтіп, шаруаның арманы – жердің молдығы оның шаруашылығын тұйыққа тіреген болып шықты /6/.

Бұл бір жағдай болса, екінші фактор ол – егін шаруашылығының тауарлық-өндірістік сипат алуының экологиялық салдары орасан болды. Себебі, егіншіліктен пайда табу мақсатында ресейлік шаруалар мен казактардың тарапынан, ішінара қазақ байларының тарапынан да неғұрлым тың жерлерді мейлінше көбірек жыртып, мол өнім алуды көздеді. Бұл жағдай өз кезегінде жердің құнарсыздануына, топырақтың эрозиясы мен шөлдену, сорлану үдерістеріне алғышарт жасады. Сонымен бірге, Ресейдің орталық аудандарынан қоныс аударған шаруалардың басым бөлігі Қазақ жеріне келіп отбасының өмірін сақтап қалып, кейін шаруашылығын түзеп дәулетті шаруа ретінде қалыптасқандығы тарихи факт. Өйткені, сол тарихи кезеңдегі зерттеушілердің ғылыми тұжырымдарына қарағанда, ХІХ ғ. соңына қарай Ресей деревнялары кедейшілік жағдайына жеткен. Бұл турада Ресейдің аграрлық тарихы бойынша маман М. Туган-Барановский былай деп жазған еді: «О многом можно спорить, но одно кажется в настоящее время бесспорным – это самый факт разорения русской деревни.... Русская деревня обнищала и дошла до такого состояния, что ждать с энергичными мерами помощи более нельзя: по всей нашей необъятной стране – в Приволжье, Малороссии, на западной окраине и в «оскудевшем» центре, - как красные огоньки начинающегося великого степного пожара, побежали вспышки крестьянских волнений и беспорядков.... Всем стало ясно, что нужно, наконец, перейти от теоретических рассуждений к решительному практическому делу» /7/.

Ә. Бөкейхановтың ғылыми-зерттеу әдісі өзінің кешенділігімен ерекшеленеді. Қазақ халқының шаруашылық жүйесі тарихи, әлеуметтік, этнографиялық, табиғи-климаттық, экологиялық заңдылықтар арқылы талдауға түседі. Ә. Бөкейхановтың ғылыми және публицистикалық еңбектері фотосурет деректерімен, статистикалық мәліметтермен және диаграмалық кестелер арқылы толықтырылып отырады. Мәселен, «Овцеводство в Степном крае» атты еңбегінде қой шаруашылығын жүргізудің барлық қырлары терең талдауға түскен. Онда далалық облыстардағы қой шаруашылығының статистикалық есебінен бастап, қой мен ешкіні бағу, төлдету, жаю, сауу ерекшеліктеріне, өнімін өңдеу мен ұқсату жолдарына, экономикалық маңызы мен әлеуметтік мәніне және т.б. бағыттарына жан-жақты талдау жасаған.

Мысалы, ол өзінің аталмыш еңбегінде сол кезеңде ешкі малын байлардың да көбірек ұстай бастағанын атап көрсетеді. Қойдың өсімін біршама сақтап қалу үшін олар қонаққа бұрынғыдай қозы емес, енді лақ соятын болған. Және де жұмысшы күшіне беретін еңбекақыны қоймен емес, ешкімен төлеуді жолға қойған. Өйткені, сол кезде 1 қойдың құны 2 ешкімен бағаланатын болған. Сондықтанда ешкі өсірудің әлеуметтік мәні осылайша бірте бірте артып келе жатқандығын айқындап береді.

Ә. Бөкейханов өзінің қоғамдық-саяси қызметі арқылы тек қазақ халқы мен жерінің мүддесі үшін күрес жүргізіп, ғылыми еңбектері арқылы елінің тарихы мен мәдениетін зерттеп-зерделеген жоқ, сонымен бірге қазақтың төрт түлігінің де қасиеттерін терең бағалап, қазақы малдарға қатысты айтылған сыңаржақ пікірлерді жоққа шығарады. Мысалы, кейбір ғалымдар қойларда ешбір «интеллект» болмайтындығын атап көрсетсе, Ә. Бөкейханов қазақы қойлардағы «интеллектінің» жоғары екендігін ерекше атап көрсетеді: «...нужно заметить, что киргизская овца, не говаря уже о козлах, не может принять на свой счет установившееся мнение о классической глупости барана. Киргизская овца отличается прекрасною памятью пространства; ягнята возвращаются с новой стоянки за 10-15, иногда 20 верст на старую; старые овцы помнят на осенних и зимних пастбищах участки их с более вкусными травами: этим ее знанием места киргизы пользуются в трудные зимы, когда приходится расчищать снега, следуя при этом указаниям овцы. Киргизская овца имеет острое чутье, которое обнаруживается всякий раз, когда угрожает опастность стаду от исконного врага его – волка; его овцы чуют по запаху и дают об этом знать, топая ногами, фыркая и убегая от него в поле к пастуху, ночью под защиту юрт аула. Отшатнувшаяся от своего и захваченная чужим стадом овца не успокоится до тех пор, пока не отыщет собственное стадо. Вожаки стада – «еркеккои» - в сметливости нисколько не уступают козам – «серке». Киргизская овца, находясь на подножном корме, скитаясь по степи зимою и летом и ведя за существование стала сметливее и умнее культурной овцы» /8/.

Көшпелі мал шаруашылығының басты негізі – төрт түлік малды жылдың барлық мезгілінде де тебінде ұстау. Қазақ жерінің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты және түрлі табиғи зоналардың тоғысында орналасқандықтан төрт түлік малды өсірудің өзіндік заңдылықтары қалыптасты. Мәселен, қазақ халқының көшпелі шаруашылығының экономикалық заңдылықтарына тоқтала келе, Ә. Бөкейханов далалық облыстардың уездеріндегі өсімдік әлемінің әр түрлілігіне сәйкес төрт түлік малға қажетті жайылым көлемі де әр түрлі қалыптасады деген қорытынды жасайды.

Ә. Бөкейхановтың қазақтың дәстүрлі шаруашылығына қатысты жазған еңбектерінің түпкі мақсаты – патшалық Ресей үкіметінің отарлық мәнге ие қоныс аудару мен қазақ жерін жаппай тартып алу саясатына ғылыми тұрғыда негізделген дәлелдері арқылы қарсы тұру болды. Қазақ даласының табиғи-климаттық ерекшеліктері мен көшпелі мал шаруашылығының заңдылықтарын есепке алмай жүргізілген аграрлық саясаттың жергілікті халықтың да, қоныс аударушылардың да шаруашылығына зиянын тигізетініне патша чиновниктерінің көзін жеткізу еді.

Жалпы, Ә. Бөкейхановтың қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығы жәйлі ғылыми тұрғыда негізделген ой-тұжырымдары бүгінгі күннің талаптарына сай мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері бойынша практикалық маңызға ие.

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында халқымыздың біртуар азаматы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 145 жыл толуына орай өткізіліп отырған республикалық іс-шаралардың қорытындысы ретінде еліміздің жетекші университеттерінің біріне оның есімі беріліп, Елордада ескерткіш орнатылса ұлттық сана үшін үлкен мәні бар іс болар еді деп ойлаймыз.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Букейханов А. Русские поселения в глубине Степного края // Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – 237 б.

2 Букейханов А. Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи // Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – 59 б.

3 Бөкейханов Ә. Жауап хат //«Қазақ» газеті / Құраст. Субханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б. (91 б.)

4 Букейханов А. Киргизы // Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – 67 б.

5 Букейханов А. Киргизы // Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – 73 б.

6 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. –Алматы: Атамұра, 2002. – Т. 3. – 768 б. (491 б.)

7 Туган-Барановский М. Земельная реформа. – М., 1905. – С.138-139



8 Букейханов А. Овцеводство в Степном крае // Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – Б. 162


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет