Наурыз: ТҮркілік дүниетаным мәуесі мәденитанымдық пайым



жүктеу 300.44 Kb.
Дата07.07.2016
өлшемі300.44 Kb.
Рубрика. Соңғы мақалалар. Тарих
Серік Ерғали, мәденитанушы
НАУРЫЗ: ТҮРКІЛІК ДҮНИЕТАНЫМ МӘУЕСІ
мәденитанымдық пайым
1988 жылы, алаштық айбынымызды Желтоқсанның саяси ызғары қарыған, ел басына күн туған шақта, ұлттық рухты қайткенде көтереміз, халқымыздың еңсесін қалайда тіктейміз деген ниетпен қарбаласқан кезеңдегі тәуекел істің нәтижесінде ұлыстың ұлы күні болған Наурыз мерекесін тойлау ісі ресми түрде қолға алынды. Міне, содан бері Ұлы мерекеміздің ресми мерекелене бастағанына да 20 жылдан асыпты. ХХ ғасырдың соңында ұлттың қаралы күніне желеу болып, кеңес империясының шабарманы рөлін атқаруға мәжбүр болған Г.Колбинді ұлық мерекеміз болып табылатын Наурызды ресми мейрамдауға барымызды салып жүріп көндіргеніміз күні кеше секілді еді. Дүние-ай, сол кезде туылған нәресте де жігіттік жасқа толыпты!

Наурыз - әлем халықтары арасындағы ежелгі және жылдың жаңаруын алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір әуелгі мереке. Бұл дәстүрдің аталуы мен «наурыз» сөзінің таралу аумағына қарағанда, оның адамзаттық жыл мерекесі екенін мойындауға тура келеді. Наурыз айымен байланыстыра жаңа жылды атап өту Алтын орданың қыйрандысында пайда болған патшалық Ресейді былай қойғанда, Рим империясында да қасиетті мерекеге айналып келген.

Саясаттың өзгеруі Қазақстандағы Наурыз мерекесіне де салқынын тигізді. Мыңдаған жылдар бойы мерекеленіп келген Наурыз мейрамы, кеңес өкіметі тұсында 1926-1988 жылдар арасында жалпыхалықтық сыйпаттан өңірлік және ауылдық ауқымға тықсырылды. Наурыз көптеген атрибуттық және мазмұндық тұрпатынан ажырап, қарабайырланды әрі сүреңсіз тартты. Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесі кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түркі елдерінде ХХ ғасырдың аяғын ала 1988 жылдан бастап қана ресми түрде қолға алына бастады. Алайда, Наурыздың Қазақстандағы мерекеленуіне қарап, оның этностық мейрамнан ұлттық, мемлекеттік мерекеге айналғанына көңіл сенбейді.

Мемлекеттік мерекеге айналған Наурыз мейрамын ресми мерекелеу жөнінде соңғы кездері біршама сыни пікір қалыптасты. Соның бірі – «Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда және жұпыны» дегендей уәж. Бұған қоса, «Наурыз мерекесі бұқаралық сыйпаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген де пікір бар. Қысқасы, кәзір Наурыз мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идеологиялық көз қуанышқа айналды деу ертерек.

Қазақстанда (Орталық Азия деуге болады) ежелден-ақ, астрологиялық мүшел наурыз айынан басталатын. Бір қызығы, кеңестік адамдардың мерекелеп жүрген жаңа жылының барлық атрибуттарының түбі Наурыз екенінде, ешкімде күмән туатындай түрткі қалмаған: әшекейлі шырша, сыйлық толы дорбалы аяз ата т.т. Ал Батыстағы Санта Клаус бейнесі ойдан шығарылған, еуропалық сергітуші кейіпкер екені сірәдән белгілі. Дегенмен, оның арғы мәнінде бұрмаланған шығыстық періште кейпінің жатқаны тағы айқын. Ендеше өз дүниеңді әркімге «менікі» деп дәлелдегеннен гөрі, оның сенікі екенін көрсететіндей нақты іс пен әрекет керек екен. Әйтпесе, барымыздан жұрдай болу қаупы бар.

Шынында да, Наурыз жалпыхалықтық мерекеден гөрі, этнографиялық еске алу күніне айналып барады. Сондықтан да аталған мерекені мұндай қарабайырлықтан құтқаратын уақыт келді. Оның өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, мерекелік ұғымдары мен мағынасын орнықтыратындай шаралар қажет. Ол үшін оған заман талабына сәйкес оның тарихи нышандары мен атрибуттарын лайықтап, кәзіргі адам санасы қабылдайтындай, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпықазақстандық мереке дәрежесіне жеткізіп уақыттас әшекеймен, мүмкіндіктермен байыту керек.Ең бастысы - Наурыздың қайнар көзін тауып, басқы кейпін қалпына келтіруге тырысқан абзал. Бұл еңбек те сол ниеттен туылды.


Наурызды түркілік тұрғыдан негіздеу
Наурыз тарихын саралай отырып, отырық өркениеттер шаруашылыққа қолайлы оның күнтізбелік қана мәніне назар аударып, ал көшпелі түркілер Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнын барынша маңыз еткен. Оған дәлел, ежелгі парсылық жазбалардағы Наурыздың күнтізбелік шежіресінің ғана хатталуы болса, ал көшегендердің Наурызды мерекелеуі сол отырық өркениет өкілдерінің таңданысын жасыруға мұрша бермей, олардың барлық ғұрыптық, жоралғылық рәсімдерінің қағазға түсуі еді. Және де отырық жұрттар күнтізбенің шаруаға қолайлы болу болмауына барынша мұқият қараса, көшегендердегі наурызға деген көзқарас ғұрыптық, жоралғылық рәсімдермен айшықталған. Бұл - олардың Наурыз мерекесіне деген теологиялық мәнді жоғары қоюының дәйегі еді. Осындай жазбаны А.Сейдімбекұлы былай келтіреді: «...Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан» (Квинт Курций Руф. Поход Александра. VII-VIII тараулар. Мына кітапта: Хрестоматия по истории древней Греции. В.В.Струвенің сарабымен шыққан.М.,1951).

Көріп отырғанымыздай, О.Хайам парсылардың он екі айға бөлінген жылдан күнтізбе түзгенін басты дерек ретінде келтірсе, ортаазиялық көшегендер, тіпті, бір жылдың ішінде 365 күннің барына дейін рәсімге балалардың өздерін қатыстыру арқылы мән берген. Және де Наурыздың күнтізбелік мәні оның мифологиялық мағынасымен қабысатындай жоралғы жасауы, шынында да таңданарлық қана емес, ұлы мерекенің тео-мифологиялық мазмұнға бай екендігі.


Түркілік тарихпен шұғылданушы Қайрат Бегалин де Наурызға соқпай кете алмайды (www.proza.ru, «Стерегущие золото грифы»), наурызды ол өзінше былайша суреттейді: «...С наступлением весны жители Алтайских гор отправлялись в степь, чтобы встретить там начало нового года. В повозках сидели старики, женщины и дети, а вокруг них на резвых конях гарцевали воины, одетые в длинные штаны, кожаные куртки и остроконечные войлочные шапки-кулахи.
В день весеннего равноденствия отмечался большой праздник, которым начинался отсчет дней нового года. Это великое торжество собирало шумные толпища. Удальцы мерились силами, устраивая состязания на широких равнинах, а тем временем на привольных пастбищах паслись тучные отары и табуны.
После весеннего зеленого изобилия трава в степи жухла под беспощадным летним солнцем, и тогда люди уходили в предгорья, где еще только зарождалась весна. Зеленые ковры сочных пастбищ цвели тут в первозданном изобилии. И тогда люди отмечали второй праздник – день летнего солнцеворота...» Ал, оның идеологиялық сыйпаты мен теологиялық қасиетіне қаншалықты мән берілгендігін орта ғасырлық түркілік тілгер, М.Қашғари былайша атап кетеді: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір біріне ізгі тілектерін айтады». Көшегендердің белінен тастамайтын қару-жарақтарын тастауының өзі, олар үшін Наурыздың дағды мен дәстүрден де жоғары ұлы таным мен сенімнің болғандығы емес пе?! Ал, таным мен сенімге берілгендіктің ондай мысалы өгей өркениеттен сіңірудің нәтижесі болуы мүмкін бе?!


Қазақ даласында Наурыздың қандай сыйпатқа ие болғандығын этнограф-ғалым А.Сейдімбекұлы («Қазақ әлемі» 228-бет) төмендегіше бейнелепті. «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді...

Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді... Осынау қызық-думанның ішінде «жандықуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады...»



«Наурыз» сөзінің тегі
«Наурыз» (өткен ғасырда қазақша «науырыз» болып жазылатын) сөзін індетушілер, оны парсының «ноу» - жаңа, «руз» - күн сөздерінен туындатып жүргені рас. Алайда, Наурыздың аса ежелгі мереке екенін ескеріп, Наурыз мерекесінің тео-мифологиялық мәнінің әуелгі тарихы барына ой жібердік. Ал, «Наурыз» ұғымының атау ретінде пайда болуы аталған нұсқадан да басқаша түрде түзілген болуы әбден мүмкін. Оған ежелгі Қосөзен (Тигр-Евфрат) өркениетіндегі сақталған мәліметтер мен жоғарыда келтірілген түркілік наурыз тарихын ескермегеннің өзінде, Қазақстандағы жартас суреттерін куәлікке тартуға болады. Бұған қоса, осыдан кемінде төрт-бес мың жыл бұрынғы парсының «жаңа» және «күн» ұғымдары сәйкес түрде «ноу», «руз» сөздерімен аталғанына күмәнмен қарауға тура келеді. Тіпті, олардың біржақты парсы сөздері екендігіне де шүбә бар.

Аталмыш сөздің туындауына қатысты деген қазақ тіліндегі сырттай ұқсас сөздердің түсіндірмесін қарастыра отырып, оған өз мәндетпемізді беріп көрелік.

«Қазақ тілінің сөздігі» (А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білім институты, Алматы, 1999 ж.) – 1-сөздік;

(«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 1961 ж.) – 2-сөздік.

1- сөздік:

Нау 1. (көне): дау, жанжал. «Нау жүрген жерде дау жүреді» (мақал).

2. нау тарту – гүлдің, өсімдіктің жаңадан өсіп,шешектенуі.

«Нау» сөзінің 1-нұсқасының түсіндірмесі бұлдыр және айқындалмаған, келтірілген мақал бойынша «наудың» орнына мәндес сөздерді қойғанда, мақалдың орнына мәнсіз сөйлем аламыз: «Дау (жанжал) жүрген жерде дау жүреді». Жанжал мен даудың қатар жүретіні мақалсыз да белгілі. Сөз мағынасын талдаушылар бұл жерде қатеге ұрынып отыр, өйткені, даудың жүретін жері көп: арақ жүрген жерде де, топ адам жүрген жерде де, ойын-тойда да болуы ықтимал. Сондықтан бұл талқыма «нау» мағынасын ашып тұрған жоқ. Алайда, соңғы шыққан сөздіктерде («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 2008, «Дайк-пресс»), тіпті, сілтемесіз «нау – көнеше дау, жанжал» деліне салған. Бұл жердегі «нау» сөзі «науқан» сөзінің басқы нұсқасы болмаса «көп немесе жас адам» мағынасында болуы мүмкін. Дауласу мен жанжалдасудың жасқа тән екені де белгілі ғой. Бұл - «нау тарту» тіркесі арқылы «нау» сөзінің «жас», «жаңа» мағынасын берумен беки түсетін қисын. Оның тағы бір сипаты “жаппайлық” (массовость) болуы ықтимал. Жоғарыдағы мақалда көпшілік жиналған жерде даудың туындау ықтималдығы аталса керек.

1- сөздік:

Науа: 1. үлкен, ұзынша астау;

2. Астық, көмір, т.б. заттар ағып тұратын арнаулы нәрсе.

2- сөздік:



Науа – 1. Малға жем беру, суару үшін тақтайдан не басқа материалдан екі басы тұйықталып жасалатын қуыс астауша.

2. түбі мен екі жағын ағаштан, тақтайдан не басқа материалдан екі басы ұзынша етіп қуыстап істеген су ағызғыш.

Мұндағы «науа» сөзі кәзіргі «эскалатордың» (жаппайлық сипат емес пе?!) сұйыққа қатысты ежелгі нұсқасы болып тұр.

1- сөздік:

Науадай: науадай құйды – табысты көп тапты. Жалпы, «науа» сөзі шығырмен тартылған суды жөңкілтіп арыққа қарай айдауға арналған ұзын астау болса керек. Ал, оның ежелгі мифологиялық мәні де болған секілді, оның мәні - Көктен тасқындатып құйылатын нұрдың жолы болуы ықтимал.

1- сөздік:



Науан: үлкен, биік. «Алдымнан ашылды бір науан есік» (Шалабаева).

2- сөздік:



Науан – өте жақсы, тамаша, әдемі. Туындыда келтірілген «науан есік» тіркесіндегі «науан» сөзі сын есім ретінде қолданылып тұрғанымен, ол бір «науан» аталатын ірі нәрсеге теңестіріліп тұрғанын аңғарған жөн. Біздіңше, ол науан бәйтеректің бір атауы болуы ғажап емес. Бәйтеректің Көк пен Жерді қосушы мифологиялық мәнін ескерсек, адам үшін одан асқан ірі нәрсені табу оңай болмас. Міне, ақын ежелгі тіркесті интуитивті түрде қолданып отыр. Ал, 2-сөздік бойынша «науан» сөзі мүлдем басқа мағына білдіріп тұр. Алайда, бұл екі мағына да, оның ежелгі бір сөзбен берілгендігінен хабар береді, егер «науан» деп мифологиялық бәйтерек аталса, онда оның бүгінгі сананы шатастыруы әбден орынды. «Науан» сөзінің «өте жақсы, тамаша, әдемі» мағыналары бәйтерек жөніне арнайы тоқталғанда, өзінен өзі түсінікті бола түседі.

1- сөздік:



Наубай: нан пісіретін орын, наубайхана. Базарда наубайға жабылған нан сатылады (Бақбергенов). Жалпы, «наубай» сөзі о баста «нау» мен «бай» сөздерінің қосарланып «нау-бай» түрінде қолданылуынан пайда болған сияқты. Және де аталмыш екі сөз де әуелде мағыналық жағынан бірін бірі толықтыратын сөздер болған: «нау» жаңа (піскен нан ұғымын берсе) болса, «бай» сөзі «бақ», «ырыс» ұғымдарын беретіні рас.

1- сөздік:



Науғы: арғы тек, тұқым. «нау» сөзі «жаңа» ұғымын бергенімен, ол «әуелгі», «соны» (свежий) дегенді де меңзейді; ал -ғы, -қы жұрнақтары арқылы қазақ тілінде түбірге қатысты туынды зат есім жасалатынын ескерсек, бұл жердегі «нау» сөзі осы жолы әуелгі, түпкі (первичный) дегенді аңғартып тұр.

1- сөздік:



Науқан: қауырт істелетін мерзімді іс.Бұл сөздің мағынасын мына түсіндірме қосымша айқындай түседі:

2- сөздік:



Науқан – кезектегі қоғамдық-саяси және шаруашылық міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды шара.

Әрине, бұл кеңестік дәуір тұрғысынан берілген түсіндірмелер. Ал, оның бұрынғы мәні не болды екен? Шамасы, кезек күттірмейтін, басқа іске қаратпайтындай, маңызды да мәнді, аса өзекті де құзырлы шара болуы керек.

1- сөздік:

Науша – 1. жаңа. 2. жас жігіт,бозбала.3.Ауыспалы мағына: бойшаң, бойжеткен, сымбатты – жігіт (қыз).

2- сөздік:



Науша – балиғатқа толмаған өрімдей жас.
Жоғарыда қарастырылған «нау» түбіріне қатысты сөздердің барлығы дерлік “жас”, “соны” немесе “мол”, “жаппай” деген мағынаға саяды. Осыны ескере отырып, мынадай жорамал жасауға болады. О баста жыл мен мүшелдің қабат алмасуы қарастырылған ежелгі түркілік мағынасында, мереке «нау ырыс» (ну ырыс) аталған болуы керек. Бірақ «нау» немесе “ну” сөзі соны, тың, жас, жасыл деген ұғымдардың әуелгі айтылымы болған. Оған жоғарыда келтірілген «нау» түбіріне қатысты бірнеше сөздің түсіндірімі куә. Өйткені, ежелгі адамдарда «жаңа» ұғымы болды деу қыйсынға келмейді. Ал, түркілерде кез келген үдерістің басы сонылық, жастық ретінде мойындалып, жаңа құбылыс есебінде қабылданған. Олардың пайымында істің, құбылыстың барысы оның басталуына байланысты болып саналған. Құбылыс пен іс-әрекеттің басына зор маңыз беретін түркілерде мұны дәйектейтін сан алуан көріністер жеткілікті.

«Руз» сөзінің өзі «ырыздық» таратылатын «жаңа күн, соны сәт» ұғымы ретінде «ырыс» (ырыз) сөзінен туындауында шүбә аз. Бұл уәжіміз, ежелгі адамзаттық өмір салты мен ғұрыпқа осы заманғы «жаңа жыл» рәсімінің қарабайыр ұғымын тықпалаудан гөрі жөндірек болар деген ойдамыз.


«Ырыз» сөзінің түбірі «ыр» (ір) түрінде «ие», «меңгеруші», «іске асырушы» дегенді білдіретін аса ежелгі сөз, мысалы: тәң+ір - таң мен жарық иесі, жарықты жаратушы, меңгеруші, иеленуші. Ежелгі кезде өз алдына бір ұғымды берген «ір» (ыр) сөзі кейінгі дәуірлерде суффикске айналып, оның бүгінде «гір», «гир» «ғыр», «гер», «ғар», «кер», «қар» секілді алуан нұсқалары туындаған. Бір кездері «ір» сөзі кәзіргі «ірі» сын есімінің түбірі ретінде, зат есім күйінде болғандығына сенуге болады. Демек, «ырыс» сөзіндегі «ыр» форманты бұл жерде «Жаратқание» ұғымын беріп тұр. Ал, оның екінші бөлігі «ыз» (ыс, іс) түрінде құдыретті заңдылық, пешене, жазмыш, бұйрық дегенді білдірген. Мұның қазырғы кезде қазақ тіліндегі «басқа іс түсу» тіркесі нықтай түседі, мұндағы «іс» (із, ыс, ыз,) Жаратқанның бұйрығымен болатын адам үшін сынақ пен қиындықты білдіреді. Сонда «ырыз» (ырыс) сөзі «Жаратқанның несібелік бұйырымы, берекесі» деген ұғым болып шығады. Ал, оған «нау» қосылғанда, ол бұйырымға жаңалық, сонылық, әуелгілікпен бірге жаппайлық сипат береді.
Шамасы, «нау+ырыз» ежелгі сөйлем ретінде парсылық «жаңа күн» тіркесіне отырық мәдениетке тән, нақтыланған мағына түріне түсіп барып кейінірек жеткен, ал оның ежелгі мәні: «Жаратқанның бұйрығымен жаңа құтқа кенелу сәті». Демек, Наурыздың арғы мәнінде Уақыттың жаңаруын Жаратқанның еркімен болатын табиғаттың жаңарысымен және адамзаттың құдыретті жаңа құбылыс күтуімен байланыс бар. Қысқасы, «Наурыз» - саясатқа айналмаған пәк сенім мен ежелгі түркілік ұғымдардың жыйдасы (коллекциясы). Бұл ұғым бүгінгі түркілерде дүниетанымға негізделген алуан сипатты ғұрып пен мәнге толы.

Наурыздық басты нышан
Жалпы алғанда, түркілік ғаламтанымды көрсететін мифтік мынадай көріністен аттап өтуге болмайды. Ол көрініс мифологиялық арқау ретінде түркілік ертегілерге тән болып келеді. Айдалада бәйтерек өсіп тұрады, оның басына ұя салған самұрық құс тұрады екен, бірақ самұрықтың балапандарын жалмайтын айдаһар бәйтеректің түбінде мекендейді. Сөйтіп, айдаһарды өлтіретін асқақ батыр туылмайынша, самұрық бұл тажалдан құтылмайды екен. Батыр туылады, айдаһармен айқас болады, жігіт жеңеді, самұрық оның мұратына жетуге қызмет етеді. Міне, бұл - типтік мифологиялық арқау. Біздің пайымымызша, бұл жерде әңгіме әдеттегідей Жақсылық пен Жамандықтың күресі турасында емес, ғалам мен адамның қарым-қатынасы жөнінде. Бәйтерек – адамзаттың арманы, аңсары, Көкке өрлеу жолы, ғұмыры. Бәйтерек – түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал, бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар – Уақыт. Айдаһардың жеті басты болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдыретті апат (стихия) екендігінде. Жеті санымен түркілер құдыретті кемелдікті таныған. Ал, самұрық - Бақ құсы, адамның мұраты, арманға жеткізер көлігі! Уақыттың талай тажалына төзген адам ғана мұратқа жетеді, Көкке самғайды, Жоғарғы әлемге тиесілі деген даналық жатыр бұл әфсанада.
Міне, осы типтік мифарқаудағы бәйтерек Наурыз рәсімінде ЙОЛ (жолтерек, бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін “йолды” айнала тізбектелген адамдар атқарған. Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар он екі айдың немесе он екі мүшелдік жылдың болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде билеп айналады. Қазырғы қазақтың қадырлы «Айналайын!» сөзі де осы тұжырымнан шыққан болуы ғажап емес. Мұндағы Жер мен Көкті жалғаушы Бәйтерек - Кеңістің бейнесі де, ал айдаһар - Уақыттың кейпі. Кеңіс геометриялық жағынан (ұзындық, ендік, биіктік) үшөлшемді болса, ал мифтік кеңіс те үшөлшемді: жоғарғы (бас), ортаңғы(бел), төменгі(аяқ), бұл – тігіңкі тұрпаты, ал көлденең тұрпаты – оң, орта, сол. Түркілердің мемлекеттік құрылымы да осы мифтік ғаламдық бірегей құрылымға негізделген.

Біз атаған мифологиялық аңыз бен Наурыздың арасынан қыл өтпейді деуге болады. Бұл аңыз, адам көзімен қарағанда жауыздық пен бауырлықтың арбасуы болғанымен, түпкі идеясы ғаламдық үйлесімді паш ету. Міне, Наурыз да сол үйлесімге қызмет етудің басты рәсімі еді. Яғни, Наурыз ғарышты тапырықтан (хаостан) қорғау жолындағы адамзаттық әрекет ритуалы болып табылады. Әлемтапырық (всемирный хаос) ғаламның теңгерімі, жаңа уақыттық старт кезінде басталмаса, одан әрі де болмайтыны ескерілген. Шамасы, Наурыз рәсімінің басты мәйекті мәні де осында болса керек.


Алтайлық Маадай-Қара жырында Бәйтеректің сыйпатын белгілі фольклортанушы Е.Д.Тұрсынов («Древнетюркский фольклор: истоки и становление», «Дайк-пресс», 2001, 84-бет) былайша суреттейді: «Байтерек имеет золотые листья на солнечной стороне и серебряные – на лунной. На вершине его сидят две кукушки, которые знают, кому какой век предопределен, кому доведется быть счастливым, кому – несчастным. Ниже расположены два беркута, а у основания ствола – две собаки, стерегующие покой обитателей среднего мира. Иногда мировое дерево ассоцируется с коновязью...»
Жоғарыда аталған мифтік құрылымды Е.Д.Тұрсынов мырза («Древнетюркский фольклор: истоки и становление», «Дайк-пресс», 2001, 32-бет) түркілік танымға сүйене отырып, былайша сипаттайды:

«... средний мир (мир человека) предстает неким связующим звеном между верхним и нижним мирами, ибо души людей находятся и в верхнем мире, помогая живым людям (это аруахи – духи предков, помогающие своим потомкам, живущим в среднем мире), и в то же самое время в нижнем мире, куда спускаются души умерших злых людей, черных шаманов, людей погибших насильственной смертью и не погребенных и т.д.» Кроме того, души неродившихся людей также находятся в мире мертвых, ибо живые – это воплощение ранее умерших, совершающих извечный кругооворот, рождаясь, умирая и возвращаясь к живым. В то же самое время души неродившихся людей обитают и в верхнем мире, откуда они по ветвям мирового дерева спускаются и входят в утробы женщин, беременеющих после этого...»



Наурыз бен түркілік күнтізбе
Наурыз қашан пайда болды деген сауалға, әрине, нақты жауап беру қыйын. Алайда, Адам баласы Уақытты есептеу мен бағалай білгеннен бастап, бейнелі ойлау қабылеті туған сәттен Наурызды мерекелеу қажеттігі туылған болар. Бізді осындай ойға жетелейтін бес мың жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті - Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесі емей немене?! Бұл сиыр жылының Наурызын мейрамдау емей немене?!
Әзірге Наурызды парсыға біржақты телитіндей дәйек тапшы: оның бірі «новруз» сөзі болса, екіншісі түркілерге де тән наурыздық ғұрыптар мен дәм тұтыну рәсімдері. Ал, «новруз» сөзінің о бастағы тегі парсыға қатысты сөз екені әлі толық дәлелденген жоқ. Жоғарыдағы дәйектерді қорыта келе, Наурыз мерекесінің түркілік тегіне де көздің көбірек жететінін жасыру қиын. Дұрысы - Наурыз мерекесі Тұран мен Иран аталатын мемлекеттік құрылымдар пайда болғанға дейін, тіпті, түркі мен парсы жұрттарының ара жігі ашылғанға дейін пайда болып, қалыптасқандығын жоққа шығару мүмкін болмас. Десек те, Наурыздың ежелгі мәні мен сәнін сақтауға келгенде жүйесіз болса да, бұл жөнінде түркілердің қымсынбастан, мол мұрасын алдыға жайып салатындай ахуалы бар.
Наурыздың туындауы мен оның мәнін зерттеу үшін, оны құрайтын көріністер мен атрибуттарды қалпына келтіріп, зерделеген жөн. Осы жағынан қарағанда, Наурызды он екі мүшелдік түркілік күнтізбеден тыс қарау мүмкін емес. Өйткені, 90 күндік қыс шығатын 14-наурыз (бұрынғыша - 1 наурыз) күні ескі жылды шығарып, батыс аймақтағы қазақтар бірін біріне «Жыл құтты болсын!» айтады, арапша (хамал) ай атымен жаңғырған наурызды «Амал туды» деп көрісіп (көкірек жанастыру рәсімі) жатады. Мұндағы наурыз айының «амал», «көкек» секілді түрлі нұсқада аталуы қазақ халқының тарихындағы алуан саяси-идеологиялық қабаттарды білдіреді. Алайда, айдың мазмұны өзгерусіз жаңа жылдың басы ретінде мыңдаған жылдар бойы ұмытылмай келуі қайран қалдырады. Соған қарағанда, көшегендердің түрге емес, мазмұнға басты көңіл тоқтатуы олардың тарихи жадының айырықша сипаты болса керек.
Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған. Бұл - кеңістің ағза түріндегі он екілік мүшеге жіктелуі болса, соған сәйкес уақыт та астрологиялық, астрономиялық жағынан он екі ай мен он екі жылдық мүшелге жіктелетіндігі әйгіленген. Тіпті, он екі мүшелдік айналымның өзі ғарыштық он екі мүшені айғақтайтын айуандардың бейнесі ретінде қолданысқа түскен, ал отырық өркениеттің атрибуты саналатын өсімдік пен минералтекті нәрселерге орын қалмаған.
Жалпы, скиф-сақтардың «айуандық стилі» көшегендердің зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметтері ғана емес, ол - ең алдымен олардың дүниетанымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал, мүшелдік күнтізбеге арқау болған айуандық бейнеленім болса, бұл - олардың дүниетанымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүниетанымдық параллелі. Міне, Наурыздың мәні де - осы айуандық бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – түркілік онекімүшелдік күнтізбенің рәсімдік нұсқасы.
Жоғарыда қарастырылған тарихи «Наурызнамалар» шынтуайтына келгенде, түркілік күнтізбеге негізделген Уақыттың бөлшектері ғана. Отырық жұрттарды басқарған әрбір билеуші өз дәуірін паш ету арқылы Наурызды түрлі идеологиялық құрсауда ұстаса, көшегендерде ол бай рәсімдер мен жоралғыларды жүзеге асыру арқылы мүшелдік күнтізбені паш ету тетігіне айналып, идеологияның құрбаны емес, негізін құраған. Сондықтан да түркілік күнтізбе зерттеуші Ә.Махамбетованың «Гипотезы Фабр д,Оливе и В. Ларичева позволяют предполагать, что возраст мушеля гораздо старше пяти тысяч лет.» деген уәжіне иек арта отырып, Наурызды да мыңдаған жылдық түркілік күнтізбенің бас жоралғысы ретінде мойындауға мәжбүрміз.

Жылан – жылдық кие
Қазақ тілінде жылдық айналымды сипаттайтын бір сөз бар, ол – «жылан». Оның түбірі, әрине – «жыл». Енді осы сөздердің жыл айналымына қаншалықты қатысты екенін білу үшін, сақтардың «айуан стилді» зергерлік мына бір туындысына назар аударайық: барысбасты жылан құмырадан шығып үлгермеген өзінің құйрығына тісін ақсыйтып, айбат шегуде. Сақина тұрпатты бұл - жылайналымның өзі! Жаңа Барыс жылы алдыңғы Сиыр жылының «иісін сезіп» азуын білеуде ме, әлде... «Биыл-мезгіл» бір жағынан, уақыт-құмыраның ішіндегі өзінің «Былтыр-құйрығымен» жалғасып жатқандығын зерделеу өз алдына мәселе.
Бұл - Жылайналым жүзігі! Ирең жәндіктің қазақша неге «жылан» аталатыны және оны қазақтың неге қадыр тұтатыны енді белгілі болды. Әлгі барысбастының атауы о баста «жыл+аң» болған, ал өзі - мифтік жылайналым киесі! Қалмақтар үшін жыл басының барыс болуы да кездейсоқ емес! Дүниежүзіне белгілі бүгінгі жүзікті о баста көшеген билеушілері Уақытты «уыстап жүргендей», оның зергерлік бейнесін киелік рух ретінде тағынып жүрген! Ақырында ол бүгінде кез келген адам тағатын сырға-жүзік ретінде әшекей бұйымға айналып тынды. Сақтардың бұл мифтік зергерлік бұйымына қарап, біз мүшелдік жыл киелері болып табылатын айуандардың әуелгі нұсқасы мен бейнесін қалпына келтіре аламыз.
Бір қызығы, мүшелдік күнтізбеге енгізілген айуандық киенің орнына бір де бір өсімдік кие ретінде қатыстырылмайды. Өйткені, өсімдік дүниесі төменгі сатыдағы деңгей, ғарышты жаңартушы емес, жаңару көрінісі ғана. Ал, айуанға ғаламдық бірегей туынды ретінде жан тән. Ендеше, Наурызға да, мүшелдік жылға да қатысты танымның көзі - бар өмірі айуанға қатысты аңшылық-көшегендік сана еді.
Наурыз – космогониялық таным қоры
Наурыздың бүгінге соншалықты әлсіреп жетуі, рәсімдер мен атрибуттан жұрдай болуы, тек қана тарихи таластың нәтижесі емес, оның аса ежелгі тұрпатының да белгісі. Тарихи нысан неғұрлым ежелгі болған сайын ол жұрнақ күйінде ғана талықсып жететіні табиғи жайт, ол үшін біреуді жазғыру дұрыс болмас. Тіпті, оның туындауына да таластың болуы сол себептен. Сонымен, Наурыз неден жұрдай болды? Шын мәнінде, Наурыз о бастағы бірегей тұжырымынан ажырап, өзі әркімге діни, рәсми атрибуттар ретінде таланғандай күй кешті.
Наурыздың тіні үш санаттан (категория) тұратын және үш принципке негізделген болмысын жоғалтқан деп пайымдауға болады. Оның үш принципі: құбылыстың, жылдың және маусымның басы екендігі; ал үш санаты: дәм, үн және өң.
Наурыздық санаттар о баста Құбылысты құрайтын құрамталар ретінде мойындалған болуы керек. Ежелгі түркілер ондай құбылыстың белгілі бір қорегі (дәм), үдерістің дыбысы (үні) және нәтиженің өңі (бояуы) болады деп мойындаған. Осыдан келіп, Наурыз Құбылыс басы ретінде қабылданады да, барлық істің бастауы есебінде қайырым мен жақсылықтың нышанындай бұлақ көзін ашу, дақылды (сүмелек) өскіндету, гүлді және ағашты егуге, болашақ ұлы істі бастауға, бойжеткен мен ержеткенді қосуға итермелейтін ойындар мен кештерді ұйымдастырып, «ұйқыашар» ырымдарын жасауға, «селтеткізер» (сюрприз) сыйлауға т.б. тек қана жақсылық ырымдарына негізделген «Жақсылықтың басы ғана жақсылыққа ұласады» деген бастамаларға орын берілген.
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен, Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Тіпті, мұндағы «көже» сөзінің өзі ең ежелгі тәңірлік танымның терминдерінің жұрнағы болып табылады: кө – Көк, же – ас, «Көктің ырқына сәйкес киелі ас» деген мағана сыйып тұр. Наурызкөжеге сүр еттің салынуы, әлгі Жылаңның өз құйрығын өзі тістелеуі секілді, өткен Уақыт тізбегінің жаңа Уақытпен сабақтастығын қамту пыйғылын паш етсе керек.

Наурыз рәсімінің шарықтау шегі болып табылатын күн мен түннің теңелу сәтін білдіретін таңғы сәулені қарсы алу кезінде ауылды азан-қазан қылатындай жастардың дауылпаз ұрып, қоңырау соғып, кернейлетіп, сырнайлату арқылы түрлі дыбыс пен үнге ерік беруі Ұлы күнді үдеріс ретінде мойындаудың бір көрінісі және құбылыстың Үнін жетік етуден туатын ырым. Бұл - қуаныштың, жақсылық пен қайырымның үні ретінде қарсы да кері үнді қашыру, «ыңырсуды» болдырмау, жұт пен жағымсыздыққа жол қалдырмау әрекеті. Бәлкім, бүгінде қолданысы тым тарылған қазақтың жетіген аспабының о бастағы шығуы осы сәттен бастау алуы ғажап емес. Оның үстіне «жетіген» сөзі «жетіг үн» тіркесінен де туындап тұр. Осылайша бір кезде кең қолданылған бірнеше (жеті) қоңырау тағылған сылдырмақ аспабы да шығуы кәдік.



Наурыздық өң санатына келсек, ол да жеті бойаумен анықталады. Аспандағы алғашқы көктемгі жеті түсті кемпірқосақтан бастап, жер бетіндегі бірыңғай ақ түсті қардың кетуінің өзі жер бетін талай түске бойайтыны, мереке күнгі түрлі түсті киім-кешек пен үйдегі алуан түсті заттарды жайу көріністері жетік түсті принципті қанағаттандыру болып табылады. Ежелгі түркілердің түсінігінде әр түстің өзіне тән құбылыстық сыйпаты бар: солғын жасыл түс балаңдық пен бастау түсі; ақ түс кемелдіктің, қартайудың белгісі болып табылады. Сондықтан да, келіннің шымылдығын, жас жұбайлар отауын әлем-жәлем етіп, алуан түспен жасандырса, қария бейітінің басына шыққан қасиетті ағашқа ақ орамал байлау оның кемелдігін мойындау, екі дүние арасындағы делдалдықты әсерлеу болып есептеледі. Қазырда кең қолданыс тауып отырған қазақы құрақ көрпенің шығу себебі де, осы наурыздық алуан өңді паш етуден туындаған деп топшылаймыз.
Наурыздың басты кейіптері
Наурыз мейрамы мемлекеттік ауқымда мерекеленгелі оның атрибуты ретінде түрлі ертегілердің кейіпкерлері телініп келеді, алайда жасандылық ешуақытта баянды болған емес, ертегілермен Наурызды байыту жүзеге аспай-ақ қойды. Шын мәнінде оны соншалықты байытудың қажеті де жоқ еді, өйткені, Наурыз о бастан-ақ қаһармансыз, кейіпсіз емес, тек оны жаңғырта, орнықтыра білу керек еді. Алайда, тәуелсіздікті енді тұшына бастаған халқымыздың тамыры тереңде жатқан танымын таратуға мұршасы болмады. Өткен ғасырдың 90-жылдары қай шараны да ұлттық фольклор мен этнографиялық ауқымда қарастыруға, содан қуат пен ләззәт алуға мәжбүр болды. Міне, Наурыз мерекесінің де біржақты фольклорлық, этнографиялық сыйпатқа ұшырау себебі осы объективтіліктен болатын.
Қаһарман дегенде, Наурыздың тұжырымынан туындайтын Көк пен Жердің кейіптері Қыдыр ата мен Ұмай ананың дайын бейнелері бар. О баста, Қыдыр ата Көктің періште өкілі ретінде құт таратушы міндетін атқаратындай киелі тұлға. Тіпті, «қыдыр» сөзінің өзі түркілік «құд» және «ыр» (гір, ғыр, ғар, гер жұрнақтарының арғы түбі) тіркестерінен туындап, «құт үлестіруші» мағанасын білдірсе керек. Бұл қаһарман міндетінің астарында терең таным жатыр: түркі сенімі бойынша, әрбір жан өзінің ниеті мен еңбегіне орай Жарылқаушыдан сәйкес түрде несібе алуға мүмкіндігі бар. Ал, құт дегеніміз – Жарылқаушының киелі де баянды ету құдыреті, кепілі! Бұл сөзбен Ебропада «гуд» түрінде Жаратқанды атайды. Қазақтар бүгінде бірін бірі «Құтты болсын!» тіркесімен құттықтауында «жақсылықтың баянды болуы Жаратқанның бұйрығымен бекісін» деген тілек бар.
Уақыт өте келе Қыдыр кейпі басқа діндерден де орын алған. Алайда, Қыдыр міндеті тәңірлік дүниетанымның төл туындысы екенін жоққа шығару қиын. Көк пен оның туындысы болып табылатын адамзат арасында құт пен құрбандық түріндегі алым-берім қатынасы мыңдаған жылдар бойы орныққан. Ебразиялық алқапты жайлаған бұл қатынас, тіпті, кеңес өкіметі тұсында да аталмыш «дәстүрді» Қыдырдың дорбалы Аяз ата бейнесінде сыйлық таратып, жалғастыруына ешбір кедергі болмады.
Жердің рухы ретіндегі Ұмай ана Көктің дарытқанын молайтушы, құтты (баталық ақпаратты) нәрселендіруші (материалдаушы) бейне. Береке аталатын көбею мен молдықтың басы – Наурыздың материалдық байлықтың мәні болып табылады. Берекенің белгісі – айуандар мен өсімдік әлемінің жаңаруы: көктің бүршік атуы мен төлдің туылуы. Наурыз айының малдың төлдеу науқанына сәйкес келуі де құбылыс пен көктемгі маусымның көрінісі, жаңа жылды лайықты қарсы алудың мүмкіндігі болып табылады. Осы жерде құмық тарихшысы Аджы Мұраттың сәби Христы көтерген Марияның бейнесінің арғы түбінде о баста ырыс пен береке нышанын бейнелеген, бала көтерген Ұмай ананың кейпі болғандығына құлақ асуға амалсыз тура келеді.
Наурыздық мән мен дәріп
Ежелгі түркілерде жеті саны Ғарыштың кемелдік күйінің сыйпырлық мәні ретінде мойындалған. Сондықтан да «жеті» сөзінен «жетік» түріндегі кемелдік сипаттың мәні аңғарылады. Бұл сөз о баста астарында «кемел» ұғымы секілді сын есіммен қатар, діттеген мақсатқа жетуді көздейтіндей құбылыс пен әрекеттің де мағанасы болған «жет» (Йе ед! – Йең секілді кемел бол! Жолыңа ие бол!) түрінде болса керек. Ол – түркілік дүниетанымның кемелдік мағынаны білдіретін басты ұғымдарының бірегейі ғана емес, жан-жақты паш етілген, таңбаланған әрі бейнеленген қасиетті дәріп. Сондықтан да түркілік «жеті» сөзі тәңірлік әмбебап терминдердің бірі. Оның түбірі кәзір бұйрық райлы «жет» болғанмен, ол о баста әрі етістік, әрі зат есім, әрі сан есім мен сын есімдік сипатта қатар болған. Осыдан келіп, кемелдікті, дамуды білдіретін ұғымның сыйпырлық мәні «жеті» болып туындаған және кез келген нәрсенің кемелдігі оның жеті сатыдан өтілуі орныққан. Сөйтіп, Наурыздың санаттары да жетілік санмен қамтылса керек.
Ежелгі түркілік Ғарыштың кемелдік сипаты үш категорияның жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже); жеті өң (алуан бояулы әшекей, түрлі түсті киешек); жеті үн (жетіген, жеті дауылпаз немесе жеті адамның хоры).
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Наурызкөжеге жеті дәммен қатар ескі жылғы соғымнан қалған сүр еттің, қарынға салынған сары майдың, басқа да дәмнің араластырылуы Жыйыл принципін қанағаттандырудан шыққан. Тайқазанға бір астың пісірілуіне әр уақыттағы алуан тұрпатты дәмдердің салынуы Уақыт пен Кеңістің бір сәттік және бір қауыздық мәнге ие болу сипатын паш ету болып табылады.
Бояудың кемелдік сипаты түркілердің түсінігінде ақ түс болып табылады. Сондықтан да ақ түс - қарттықтың нышаны. Ал, қыс - Жылдың “қартаю” кезеңі (маусымы). Сол себепті кемеліне келген адамның бейітіне ақ шүберек байланады да, ал той-думанда жас-кәрісіне қарамастан қазақтар қызылды-жасыл (ақ пен қара түстен өзге) алуан түсті киім киінеді. Алуан түсті құрақ көрпе жаяды. Ал, әзербайжандар Наурызда жұмыртқа бояуды бірнеше ғасыр бойы жалғастырып келеді. Бұл – мерекелік мәнді жеті өңді принципті қанағаттандыруға тиіс Көк шартына бағындыру белгісі.
Наурыз мерекесінің жеті үндік принципін Жаңа жылдың алғашқы таңын қарсы алу кезінде таңмен таласа қыз-бозбалалардың ауылды бастарына көтеріп, құлын-танаға қоңырау байлап, азан-қазан, у-шуға бөлеу дәстүрі болғандығын көрсетеді. Ал, ежелгі замандарда, бәлкім, жеті түрлі аспап тартып, адамдар хормен ән шырқау дәстүрінің болуы әбден рас. Бұған ежелгі Шумерде жасанып киінген жұрттың дауылпаздатып шеруге шығу көрінісін алуға болады. Батыс Азияда (Таяу Шығыс) арфатекті аспаптардың таралуы бұған куә. Әсіресе, қазақтың жетіген аспабының қолданылуы да Наурыздың бас таңын қарсы алу кезінде тартылуы ғажап емес. Ал, бүгінде хордың көптеген діндердің басты ритуалы болып сіңірілуінде де, Наурыз мерекесінің ежелгі сілемі жатқаны анық. Қорыта келгенде, Наурыздың жаңажылдық сипатының бірнеше ғасыр бойында қалыптасуына, нығаюына ежелгі түркілік дүниетанымның үлесінің бар екендігін бүгінгі күн тұрғысынан мойындап, тиісті шараны қолға алған абзал.
Наурыздық ұғымдар мен нышандар, ғұрыптар мен рәсімдер
Бүгінде наурыздық нышан ретінде қазақ халқының алуан түрлі фольклорлық туындыларын Наурыз мейрамына телу орын алуда. Алайда, мейрамды олайша «байыту» мерекенің маңызы мен өзегін бұрмалауға, ақырында оның дәйексіздендіруге апарып соғатынын ескеру керек.

Ежелгі Наурыздың мерекеленуі ғарыштық жыйылу құбылысының мәнін құрайтын үш санатына: дәм, үн, өңге негізделіп, бұлардың әрқайсысы ғарыштық жетілудің кепілі ретінде жеті еселенуден тұрған. Йағный, жеті дәмнен – наурызкөже; жеті түспен – құрақ көрпе тігу (бүгінде құрақ көрпенің о бастағы мәні көмескі тартып, оның тек қана тұрмыстық сыйпаты қалған), айналаны, үйді, адамды, жануарларды алуан түске безендіру; жеті үнмен – жеті қоңыраумен, жетіген аспабымен болмаса жеті адамның хор айтуымен ескі жылды есіркеп, жаңа жылды мадақтау жүзеге асырылған. Аталмыш нышандарды паш ету арқылы аспан көшінің көрінісін іске асыру арқылы кәзіргі адамзаттық карнавалдар мен хоровод секілді дәстүрлер туындаған.

Аңырақай тауындағы жартастағы суретке куә болғанымыздай, Наурызды мерекелеуде он екі мүшелдік айуан бейнелерінің қатысуы міндетті нышан болғандығында ешкімнің дауы жоқ. Сондай-ақ, «Аластау» рәсімінің де өз алдына орны болғандығы күмәнсіз. Ал, «Ұйқыашар», «Селтеткізер» секілді дәріптер де Ырыс таңын қарсы алуға арналған бірден бір ғұрып болса керек.

Бұған қоса, Наурыздың мерекеленуі жеті күнге созылса керек, оған қазырғы еліміздің батыс тұрғындары 14 наурыздан көрісу мен наурызкөже асуды бастап кететінін қосуға болады. Бұл бұрынғы күнтізбе бойынша наурыздың басқы күндері, ал оған бір апта қоссақ, қазырғы 21 наурызды аламыз.



Наурызға тән ұғымдардың барлығы да бір ғана мерекенің мәнін ашудан шыққан десек, қателесеміз. Керісінше, Наурыздың мереке болуының өзі белгілі бір ежелгі адамзаттық идеяның түрлі сенімдер мен тұжырымдарға бөлшектелмей тұрғандағы тұтас үрдісінің шырқауынан шыққан. Бізді осындай ойларға жетелейтін наурыздық мына ұғымдар мен рәсімдерге тоқталайық.

Наурыз – ежелгі түркілік «ну(нау) ырыс» - «Көктің соны берекесі, ырысы, сыйы бұйыратын, ғаламдық Құбылыстың, жербетілік Жылдың, Жылдық мезгілдің басы боларлық - сәт» деген сенімнен туындаған ырымды жүзеге асыру жоралғысы.

Көк – аталық негіз, барлық игіліктің көзі; ғаламды билеуші Жаратқанның тұрағы.

Тәңір – ғаламға жарық таратушы, бар жақсылықтың көзі, Жаратушының рухы, қайырымды құдырет.

Іңір – Тәңірдің антиподы, Жақсылыққа қарсы рухани күштердің басы, түнек таратушы қайырсыз құдырет.

Құт – Ұлы күштің, Жаратқанның батасымен байанды болатындай кепілі бар құбылыс пен құдырет көзі. Қазақтың «Құтты болсын!» айту дәстүрінің түбінде кез келген қуанышты құбылыстың құдыретті Көктің қолдауына ие болуын, Тәңір ырқына негізделуін тілеу арқылы оның баянды болуын аңсау жатыр.

Қыдыр ата – Жаратқанның, Ұлы құдыреттің атынан жер бетін аралаушы және адамзатқа құт үлестіруші, оны қолдаушы кемел Рух. Қыдыратаны Наурыздың персонаджы ретінде «тірілтуге» болмайды, ол мистикалық тұлға болғандықтан, Ырыс таңының басты мифтік кейіпкері болып қалғаны жөн.

Ұмай ана – аналық негізді әйелбейнелі тұлға, береке мен қайырымның көзі, жер бетіне Жаратқанның бұйрығымен дарыған игіліктерді туындатушы, еселеуші, молайтушы кейіп; Жердің мифтік бейнесі, киесі. Наурыз меркесінің басты кейіпкері ретінде тұлғалауға тұратын бейне. Ол негізінен наурыздық сахнаның көркі, басты тұлғасы, оқиғаның ортасы болғаны абзал.

Жылкие – әрбір жылдың мазмұнына сәйкес келетін түрлі жылдардың киесі саналатын айуандар тұлғасы; онекіжылдық мүшелге сәйкес 12 жылкие болады; жылкиелер наурыздық негізгі кейіпкерлер болып, Ұмай анамен бірге сахналық оқиғаны дамытуға қатысады.

Ырыс – Жаратқанның бұйрығымен, Қыдыр атаның батасымен дарыйтын сый.

Береке – адамдардың ниетіне рыйзалықтан Тәңір мен Ұмай тарапынан бұйыратын табыс, жеміс, бұйырым.

Жолтерек – жаңажылдық Өмір ағашы; Көк пен Жер арасындағы жол, науан; Жоғарғы және Төменгі дүниелерді жалғаушы Бәйтерек; Көк күмбезін «тіреуші» бақан. Жолтерек адамзатқа жаңа (ну) қайырымдар легі мен енапат (нау) ырысты өз бойымен жеткізуші және Көкке, Жоғарғы дүниеге адамдардың ниет-тілектерін жөнелтуші ғаламдық өзек, жоларна. Жолтерек рөлін ежелгі түркілерде «йол» (бертін келе, орыс тіліне ёл+ка түрінде сіңген) аталған қарағай текті жасыл ағаш атқарған. «Йол» ұғымын «ёлкадан» ажырату үшін «жолтерек» сөзін қолданып отырмыз, бұл бір жағынан мифтік Самұрық-Айдаһар-Бәйтерек оқиғасына да қатысты. Атрибут ретінде басы шаңырақ секілді күмбезге тірелген, аяғы конус не көпқырлы пирамида тұрпаттас етегі бар жасыл түсті бақанды орнатуға болады. Бақанның бойы ақ пен қара түсті арқан не таспамен спираль бойынша оратылады.

Наурызкөже (жеті дәм)– ғаламдық құбылыстың кемелденген дәмін паш етуге арналған, Наурыз мерекесіне арнап жеті дәмнен пісірілетін ырымдық ас. Наурызкөженің мәні – «ескі» дәмдерді біріктіре отырып, жаңа жас дәм алу; әлемдік жаңа ғұмырдың басы ретіндегі жербетілік селдің (аласапыран) апатын позитивтік арнаға бұру ниетінен туылған. Наурыз басталардан бұрын Әруақ әлемінің қажетін «Иіс» рәсімімен өтеу «жеті шелпек» пісіріп, дұға оқумен жүзеге асырылған. Бұл да наурыздық ұқтырымдардың сарқыты.

Жеті(к) үн (жетіген) – ғаламдық құбылыстың кемелденген үнін паш етуге арналған, жеті дыбыстың бірігуінен шығатын қасиетті әуен; Іңірдің күш алуынан туындайтын «ыңырсудың» алдын алу ниетінен қалыптасқан рәсім. Қазырғы кезде «жетіген» сөзі қазақтың жеті ішекті саздық аспап атауы. Ежелгі түркілік «жетік үн» тіркесінен шыққан. Осылайша, кәзіргі «хор» аталатын жеті адамның жамырай ән шырқауы да, «хор» сөзінің өзі түркілік «көп дайыстың бірігуі» (қор) дегенді білдіретін ұғымнан.

Көрісу – қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы, ғұрпы; адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі. Төстің өзі қазақша «көкірек» аталады да, ежелгі түркілік көк+ірек (ырақ), йағный «Көкке тиесілі қақпақ» (ірек, ырақ – қақпақ, люк; мысалы: шаң+ырақ) дегенді білдіреді. Көкіректерді түйістіру арқылы, адамдардың бір бірімен бұлайша сәлемдесуі, көкірекке ұялаған жағымды ниеттер мен бастамаларды біріктіру пыйғылынан шыққан.

Шырақ жағу. Шырақ жағудың бірнеше мәні бар: Қыдыр атаның жолына жарық түсіру; отауды аластау, лас қуат пен кірден тазарту; үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадырлау белгісі; әруақтармен сыйласу, оларға құрмет көрсету нышаны. Шырақ жалғыз болмауы керек.

Ырыс таңы. Бұл – Көктен жаңа ырыс тілеу; жаңа Уақыттың жаңарған Кеңіске (жерге) келуін тілеу, пенделік пыйғыл мен ниеттерді бір мезгілде бір арнаға тоғыстырып, Жаратқанға құрмет көрсету, оның назарына ілігу; таң атқанға дейін салтанатпен ұйқысыз өткізу ғұрпы. Наурыздың 21-нен 22-не қараған түнгі таңның алғашқы сәулесін қарсы алып, басқы таңға сәлем ету, жас сәулеге шому, алғашқы пәк қуатқа кенелу рәсімі.

Ұйқыашар. Бойжеткендер тарапынан ғашық жігіттеріне арнап пісірілген, Ырыс таңын (Қыдыр түні) қарсы алу кезіндегі дастархан мәзірі. Қазақтың ежелгі дәстүрі болса да, кәзіргі заман талабына кіріктірілмей келеді.

Селтеткізер. Жігіттер тарапынан бойжеткендерге арнайы, алдын ала, әзірленген сыйлық. Бұл сыйлық аталуы жағынан да, мағынасы жағынан да кәзіргі «сюрприздің» арғы тегі болып табылады, «сюр» сөзінің өзі қазақтың «сүр» - ұзақ уақыт бойы сақтаулы деген сөзіне өте жақын.

Белкөтерер. Қариялардың Ырыс таңын қарсы алу кезінде тамақтануына арналған мерекеге лайық ас мәзірі.

Жолдық. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, Наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйланым. Бұл - наурыздық Көк жолына және жаңа жылға рыйзалық ниет білдіруден туындаған ырымдық сыйлықтар. Ежелгі кезде Жолтерек алуан түсті жапырақ матамен, шұғамен, терімен әшекейленген болуы керек. Наурыз рәсімі біткесін оны ырым қылып, жұрт таратып алып, қасиетті ырыс келтіруші тәбәрік ретінде киім-кешек немесе құрақ көрпе тігілгендей сыңайы бар. «Жолдық» үлестіру кәзірде Айт мейрамына да еніп кеткен. Осызаманғы жолдық есебінде наурыздық құтпарақты да (аткрыйтка) таратуға болады.

Қыдырсый. Балаларды жақсылық күтуге баулыйтын, Қыдырата атынан ата-аналары мен туыстары арнайы әзірлеп, жасырылған сыйлық. Мұны ересектер де бір біріне сыйлауына әбден болады. Бұл – заман талабына бейімделген атрибуттың бірі. Мұны Ырыс таңын қарсы алу түні балаларға сыйлауға әбден болады.

Жылсый. Кәзіргі заман талабынан туындаған сыйлық түрі, ол Наурыз қарсаңында ресми түрде берілетін түрлі атақ пен шен, төсбелгі мен сыйлықтар, мадақтамалардан құралады. Бұл да замандастырылған атрибуттың бірі. Бұл ұйымдар мен мекемелер тарапынан қызметшілерге берілетін сый.

Жылқоржын. Жолтерекке бекітілген арнайы жолдықтар мен жылсыйлар салынатын жеті түсті әшекеймен безендірілген қос қалталы қоржын. Бұл да қалпына келтірілген атрибуттың бірі.

Науан. Бүгінде әр мерекеге тән өз тағамы бар деуге болады, ал біздің наурызкөжеміз осы заманғы дастарханға сіңісе алмауда. Сондықтан осы жәйтті біраз ойластырып, Түркілердің наурыздық тағамдары мен танымын үйлестіріп, «Науан» аталатын жаңажылдық қасиетті молшылықты паш ететін дастархан сәні ойластырылды.

Науан қазақ ұғымына негізделген үш текті дәмнің жыймасынан (набор) тұрады: халқымыз «қызыл» деп ет тағамын, «ақ» деп сүттен пісірілген асты, ал «көк» деп көкөніс пен жеміс-жидекті атаған. Соған орай, үш сөрені үш текті дәмге толтыру арқылы ырысты паш ету мақсат болды. Бұл - наурыздық несібе, береке, молшылық нышаны; Жер мен Көктің арасын жалғайтын ырыс пен мол берекені паш ету ырымы; наурыздық дастарханға қойылар тағамның бәрін жыйыстырып, жүйелеп бір ғана науанға айналдыруға болады.
: sites -> default -> files
files -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
files -> А. Б. Салқынбай ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Алматы, Қазақстан Сәкен өлеңіндегі сырбаз
files -> Қазақ тіліндегі «АҚ», «Қара» СӨздеріне байланысты мақал-мәтелдер құрбанов А. Г., Қайырбекова Ұ. Ж., Үкібасова Ғ. А
files -> Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор
files -> ӘӨЖ 811. 512. 122 Субстантивтену процесінің НӨлдік тұЛҒада келіп басыңҚы сыңарда жұмсалуы
files -> Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласы №4 жббом қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
files -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Шерлілер сөзін сағынған Шернияз ақын
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда




©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет