О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді



жүктеу 331.85 Kb.
Дата21.06.2016
өлшемі331.85 Kb.
О. Сүлейменов өткен ғасырдың 1960 жылдары Қазақстанның ақындық және жалпы мәдени өміріндегі феноменальді құбылыс. Өлеңдерін орыс тілінде жазған қазақ ақыны Одақ көлемінде тез арада танымалдылыққа қол жеткізді. 1961 жылы ақынның Алматыда екі өлендер жинағы басылып шықты. Оның біреуі дәстүрлі қазақ қоғамындағы қозғалыс қарқынынның символына қатысты «Арғымақтар» деп аталса, екіншісі жаңа ғарыштық қозғалыстың символына қатысты «Адамға табын жер енді» деп аталды. Сөйтіп Олжас шығармашылығы ежелгі дәуір мен жаңа заман символдарының тоғысқан тұсына сайкес келді.

Дастан Сәтбай – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы.

Олжас - ақын

Әдетте, О. Сүлейменов геологиядағы диплом, әдебиеттегі курстық жұмыстарының табыстарын, «профессорларға деген құрметпен тым байсалды кіріскен едім» деп өзіне тән ойнақылықпен әзіл-шыны аралас жауап береді. Алайда, ол Б. Слуцкийдің шығармашылық кенестеріне де мықтап тұрып құлақ түрген еді. Өйткені екі ғасырлық қазіргі заманғы әдеби дәстүрі, ұлы ақындардың бірнеше ұрпағы бар орыс поэзиясын жарып шығып кеңестік орыс поэзиясы төрінен ойып тұрып орын алуы оңай шаруа еместін. Б. Слуцкийдің сөзімен айтқанда оның «ортаң қолды ақын болуға қақысы жоқ еді».

1961 жылы ақынның Алматыда екі өлендер жинағы басылып шықты. Оның біреуі дәстүрлі қазақ қоғамындағы қозғалыс қарқынынның символына қатысты «Арғымақтар» деп аталса, екіншісі жаңа ғарыштық қозғалыстың символына қатысты «Адамға табын жер енді» деп аталды. Сөйтіп Олжас шығармашылығы ежелгі дәуір мен жаңа заман символдарының тоғысқан тұсына сайкес келді. Ақын өлеңдерін қысқа мерзім ішінде барлық континенттерде өткен поэзия кештерінде оқып шықты. Қазақ зиялылары үшін оның принциптік маңызы бартын. Одаққа, әлемге танылу бақыты бұған дейінгі қазақ зиялыларының алды М. Әуезовке өмірінің соңына қарай бұйырған еді. Олжасқа осы бақытқа ие болу 25 жасында-ақ бұйырды. Өмірінің соңына таман М. Әуезов 4-5 рет қана шет елге шықса, осы уақыттан бастап Олжас шетелдерге ең көп шығатын қазақ ақыны болды. Мәскеу мен Ленинград және одақтас республикалар үшін ол жаңа форматтағы қазақтың №1 ақыны болып, қазақ рухының ұлттық ұшқыны болып елестеді [1, 110 б.]. Тұңғыш мәскеулік кітабы - «Таңдамалы лирикалалары» жинағы «Молодая гвардия» баспасынан 1969 жылдың ақпанында бір ғана баспа табақпен шыққанына қарамастан ақын осындай табыстарға қол жеткізіп үлгерді.

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Кеңестік Қазақстан көркем мәдениетінің салыстырмалы түрде «алтын кезеңі», баяуда болса, өзіндік қайта өрлеу уақыты. Қазақ зиялыларының біржолата қалыптасқан ұрпағының алдында ұлттық мәдениет ғаламын орыс тілі арқылы жаңа мәдени кеңістікке сапалы шығару міндеті тұрды. Бұл ең бірінші кезекте қазақ тұлғаларының ауқымдық қызметіне, өзіндік азаматтық борыштарын өтеу деңгейлеріне , жауапкершілік жүгін сезінуіне байланысты еді. О. Сүлейменовтің сөзімен айтқанда: «Әрбір ұрпақ өзін керуеннің соңғы түйесіндей сезінуі тиіс». Соңғы түйенің жүгі ауыр: оған өз жүгіне қоса, ұзап кеткен керуеннен түсіп қалған жүктер артылады.... Біз оларды өзіміздің мойнымызға артуға қашанда дайын болуымыз керек. Түйенің алтын арқалайтынын, бірақ жантақ жеп оны қанағат тұтатынын ұмытпауымыз керек» [2].

О. Сүлейменовтің ақындық өнерінің рөлі мен орны өзімен бірге күллі халқының өткені және бүгінгі тарихының құндылықтары мен көркемдік әлемін жаңа мәдени кеңістікке сәтті шығаруында еді. Әдетте «жалғыз адам - сарбаз емес» деген таптаурын болған ұғым қалыптасқан. Бұл әскери аллегория - мәдениет кеңістігінде жарамсыз. Мәдениет әлемінде жалғыз адам да сарбаз. Кезінде А.И. Герцен, Петрден кейінгі деспотизмге орыс халқы «орасан зор Пушкиндік құбылыспен жауап берді» [3, 4 б.] деген еді. Мұны О. Сүлейменовтің шығармашылығына қатысты қолданып қазақ халқы кеңестік қоғамдық ғылымдар, ең бірінші кезекте тарих ғылымының деспотизміне «О. Сүлейменовтей құбылыспен» жауап берді деуге болады. Бұған қосарымыз О. Сүлейменовтің поэзиясы туған халқының кем кетігін жоқтауға, өткені мен бүгінін толтыруға, ұлттық ар-намыспен қадыр қасиетті шындауға арналған айрықша поэтикалық құбылыс болды. Ұлы ақындарға кенде емес, бірнеше ғасырлық ұлы жазба, мәдени дәстүрі бар орыс поэзиясының оқырмандарының таң қалдыру, селт еткізу мүмкін емес жағдайтын. Бірақ, О. Сүлейменовтің өмірдегі мақсаты - «мүмкін емес нәрсеге қол жеткізу», девизі: - «осы шақтың кеңдігі, өткеннің тереңдігі, болашақтың биіктігі» [4, 246 б.] болды. Орыс және европа поэзия дәстүрінде тәрбиеленгендер үшін О. Сүлейменовтің поэзия әлемі таңсық шықты.

Көптеген жаңа компоненттер мен факторлар О. Сүлейменовтің шығармашылық контекстін айқындады. Ең бірінші кезекте жаңа энциклопедиялық типтегі ақынның поэзиямен бірге бірнеше гуманитарлық (лингвистика, тарих, полеография т.б.) және техникалық геология ғылымында кәсіптік деңгейде қатар алып жүрген ақындық қуатының молдығында болса керек. «Халқының жоғалған тарихын іздеу» қайтпас қайсарлыққа үйретсе, геолог мамандығы дәлдікке, ал ақындық интуиция ой ұшқырлығына машықтандырды. Асқар Сүлейменов Олжастың бойындағы осы қасиеттерді сонау 1962 жылы-ақ, тап басып «Ол тез үстемелеп өссе, ақындық қуатының молдығы... Ақынның бәрі бірдей емес: талант текпішегінің жоғары, төмендігіне қарай ой ұшқырлығы, пікір дәлдігі жетпей жатса, бірі бар нәрсені өрбітіп, өршітіп әкете алмайды, қайсарлығы жетпейді. Осы егіз-телі қасиет - дәлдік, қайсарлық О. Сүлейменовте басынан-ақ бар» [5] - деп жазған еді.

О. Сүлейменов ақындығының шығармашылық контексті жаңа эстетикалық және ғарыштық категорияға ие болған - Дала мен Тарихта жатыр. Екі категориянын екеуін де ақын дәстүрлі ресми көзқарастар шеңберінде алмай, өзі тұщынған, өзі толықтырған, өзі өндірген деректер тұрғысынан алады. Атап айтқанда, екі ұғымда саясаттандырылмай, эстетикалық мағынада алынады, орыс ғалымы Иван Ильин «Пушкин бізге біздің тарихымыздың күнгей орталығын құру үшін берілген» [6, 6 б.] деген екен. Сондай-ақ ешқандай әсірелеусіз О. Сүлейменовті қазақ халқы тарихының жаңа күнгей орталығын құру үшін берілді деуге болар еді.

Олжас түсінігіндегі Дала мен онын тарихының орыс поэзиясының көкжиегіне аудармасыз шығуы да аса маңызды факторлардың бірі. О. Сүлейменовтің өзі айтқандай «тәржімәланған өлең - төңкеріліп түскен кілем, кілемнің ою өрнегі көрінгенімен, поэзияның сиқырлы ғажайып түгі көрінбейді. Әрине құлпырған «кілемдер маған аз кездесетін, кілемнен гөрі паласқа көп ұқсайтындықтан, мен олармен тіл табыса алмай жатқан уақыттарым да болатын» [7, 6 б.]. Бұған дейін де қазақ ақындарының өлеңдері орыс тіліне аударылғанымен, олардың нақ осы «ғажайып түгі», ұлттық рухтың нәзік иірімдері көрінбей жататын. Қазақ ақындары мен жазушылары әлемдік мәдени кеңістікке тәржіма жолымен өткел арқылы шықса, О. Сүлейменов ешқандай көпірсіз тікелей шығып Дала өркениетінің ғажайып әлемін поэзия тілімен кестеледі. Оның басымдығы мен артықшылығы да осында еді.

1962 жылы «Нұрлы түндері», 1963 жылы «Париж түні», 1964 жылы «Шапағатты шағы», 1968 жылы «Мешін жылы», 1969 жылы «Қыш кітабы» жарыққа шыққан ақын поэзиясы мен тұлғасының ерекшелігі - оның тоқтаусыз үнемі өсу динамикасы. Ақынның әрбір жаңа кітабының сыншылар мен талғампаз оқырмандар назарынан түспеуінің бір сыры осында болатын. Далалық өркениеттік бастаулардан нәр алған О. Сүлейменов өлендерінің ырғақтары бірде-бір орыс ақынынан табылмайтын. О. Сүлейменов поэзиясымен бірге бейтаныс көшпенділер әлемінің ежелгі, орта ғасырлық және жаңа өмірінің стихиясына жан бітіп оянғандай еді. Тылсым дүние болып келген Дала әлемінің табиғаты мен географиясы, фаунасы мен флорасы, тіршілік тынысы, рухани әлемінің қайталанбас бет пішіні, өткені мен бүгінінің тарихи көркем понорамасы жаңа мәдени ортада үлкен қызығушылық тудырды. Дәстүрі дала адамдары мен өмір салтының көріністері: қыз қуу, көкпар тарту, айтыс өнері, ұрыс алаңы, сөзге тоқтау мен табыну, моральдық бітім мен ар-ождан кодексі, құмарлықтары мен міне желісі, тежеу дегенді білмейтін асаулығы , қадыр қасиеті, өрлігі, поэзияның ғажайып тілімен жырланды. Бұл орайда Олжас Сүлейменов поэзиясын, кезінде кіші Ресей Украинаның ғажайып тілі мен өмірін, мәдениетін орыс оқырмандарына ашып, тамсандырған Н.В. Гогольдің прозалық шығармаларымен салыстыруға болар еді. Орыс сыншысы Е. Сидоров «О. Сүлейменовтің еркін тіркестері біздің әрқайсысымызды Қазақстан аспаны мен Даласына, оның тарихы мен тағдырына күрт жақындатты. Мен үшін Қазақстан - комсомолдық жастық шақ, студенттік тың игеру еді. Олжас поэзиясымен танысқаннан кейін бұл өз тағдырының үнімен сөйлей бастады» [8, 328 б.].

Олжастың кейіпкерлеріне де асау құмарлық, бір нәрсені атқарып үлгіруге деген асығу мен аптығу, жанталасқан іс-әрекет пен қозғалыс тән. Жалпы Құмарлық пен Қозғалыс - Олжас поэзиясын ерекшелендіретін қуатты факторлардың бірі ретінде дербес көрінеді. «Кімді болмасын «біз адамзат тарихында қандай із қалдырдық? дейтін сұрақ жанын жегідей жеуі тиіс. Біз не істеп үлгіре аламыз? Көрген барлық шындығымызды айтып үлгіре аламыз ба? Адамның санасын сәл де болса нұрландыра аламыз ба, бір қадам болса да оның бостандық пен теңдік мұраттарына жақындауына жәрдемдесе аламыз ба, әлде көк езу мылжың сөздердің арасында, адамдар мұқтаж ең қажетті сөз айтылмай, жоғалып кете ме... Бұрынғы өткен адамдарға Ескерткіш қою дәстүрі сияқты «мен не істеп үлгірмедім?» дейтін толғаныс, біз үшін дәстүрге айналса ғой, шіркін! Бұл біздің - адамдар алдындағы борышымызды күштірек сезінуге септігін тигізер еді... Мен не істеп үлгірмедім? Бұл сұрақ әдебиеттегі жолын аяқтап келе жатқан қарт жазушының да және әдебиетке енді келген жас жазушының да алдында әрқашан тұруы тиіс» [9, 109-110 б.]. - дейді О. Сүлейменов.

Қозғалыс - Дала тұрғыны көшпендінің қадыр қасиеті, ар намысы, өмір діңгегі. Қозғалысқа үлкен мазасыздық тән. Тіпті, даладағы молаға дейін мазасыз. «Жердің өзі молалардың көкпеңбек бұлшық еттерімен күшеніп, мүк басқан орнында бұлқынып айқайлығысы келетіндей» (10,70-71 б.) - дейді ақын. Қозғалыс - О. Сүлейменовтің поэзиясында өзіндік дүниетанымымен «қайта оянған» көшпендінің қанында. Қан өмірдің квинтэссенциясы, «алқызыл магмасы», символы. «Біздің тамырларымыз бен ағзаларымызда, - дейді О. Сүлейменов, - ірің басқан көк мылжың уағыздың қойыртпақ қаны емес, ұрпақтарымыздың қаймағы бұзылмаған алаулаған алқызыл қаны ағатын болсын» [10, 171 б.]. Бұл ақынның 1962 жылы «Нұрлы түндеріндегі» өзіне де замандастарына да қойып отырған талабы. Тарихқа деген ақиқат көзқарастарды талап етіп отырған ақынның ар-ождан жағдайының құмарлық қуаты.

Өз халқының туған перзенті ретінде О. Сүлейменов Дала әлемінің дамуына бұғау болған дерттері мен кеселдерін де айналып өте алмайды. Дала - өзінің болмыс бітімін, бірегейлігін сақтағанымен оның өлшемдері мен шеңберіне сәйкес келмегендерге аяусыз. «Дала, жапан дала, биік шыңдарды сүймейді. О, қазақтарым менің, жасың бар, кәрің бар, араға он ғасырды алға салып, мен сендерді сөгемін. Дала, сүймеген бойлары биік жандарды. Бойлары биік басқадан кездесе қалса өш алған», - дейді ақын. Алайда «Жүректі қайтып жұбатам» поэмасындағы осынау жыр жолдары Дала тағдырына жер ошақ қазып қойып жоқтау емес, керісінше тарихи «өсу немесе өшу» өткелдерінен аман-есен өткен оның «тар жол тайғақ кешуін» жырлау, жігерлендіру. «Біз биікпіз – биік болып қаламыз» [11, 131 б.]. Биіктік - бұл гүлдену, томаға тұйық далалық шеңберден адамзаттық кеңістікке шығу, халықтар бірлігі мен теңдігінің қажетті шарты. «Егер басқа таулардың шамына тимей, туған даламды асқақтату менің қолымнан келсе, мен өз халқымның алдындағы борышымды орындадым деп сезінемін» [12, 262-263 б.] - дейді Сүлейменов.

Л. Аннинский «Арғымақтар» өлеңінің «От тигендей асау қанға-етіңе, арғымағым шығып желдің өтіне, шабуылдап құрыш болат тұяқпен, пергілеші Жалпақ жолдың бетіне» деп аталатын жолдарын еске сала келе, өлеңнің ақын үшін бағдарламалық мәнін дәл көрсетеді. «Арғымақтар» - шығыстық, азиялық іркіліске, жалтақтыққа, самарқаулыққа қарсы қозғалыстың гимндей - «Қайдасың сен, Азия», «Қозғалыс кейін қарай емес, тек қана алға!». Бұл «Бізде қорғаушылар көп, шабуылшылар аз» деп есептейтін Олжас поэзиясының өзегі. Құрғақ, ала өкпе шабуыл емес, ұлттық оянудың шабуылы. Ол тіпті түсінде де шабуылда [11, 131 б.].

Мәскеу мен орыс поэзиясының көкжиегіне «арғымағымен» бөрліктіре баса көктеп кіруі - мазмұнды әрі сапалы, кәсіпқой ақынның мәдени поэтикалық шабуылы еді. Бүкіл дала ғана емес, Азияға жан бітіп, кіршіксіз Пушкин тілінде сөйлей жөнелді. Ұмыт болған дала халықтары: ғұндар, моңғолдар, қыпшақтар мен қаңлылар, скифтер мен оғыздар т.б. қазақ түркі тайпалары қайта тіріліп этикалық мағынаға ие болады. Орыс поэзиясының айналымына лайықты кірікті. Формальді түрде ұлттық бояуды орыс тілінде жазылған ұйқастарға қазақ сөздерін сәтті кіріктіру арқылы да қол жеткізуге болар еді. Бұл Сүлейменовтің өлеңдерінде кездеседі. Бірақ жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүру Олжастың таңдауы емес. Ол ұлттық және шығыстық дүниетанымның философиялық астарлары мен ерекшеліктеріне үңіле отырып оны адамзаттық құндылықтармен ұштастырады.

О. Сүлейменов ақындығының шығармашылық контекстінің келесі қырын тарих құрайды. Ақын поэзиясының бастауларын өмір мен өнердің барлық салаларынан іздей беруге болар, бірақ оны ақын етіп тудырған – тарих, дәлірегі шежіре-тарих және тарихи қажеттілік. Оның ақындық мінезін, сомдаған бейнелері мен өлең табиғатын, ырғақтарын, құрылымын, тіпті тыңдаушыны арбап, мысын басып тұратын даусын тудырған – Отандық тарих. Тарих, ақынның тақырыбын айқындаса, туған тарих үшін жанкешті жеке күрес – қайсар мінез желісін шыңдады. Жаңа және қазіргі заманғы Отандық тарихтың жаңа тұрпатты тұлғалаларының қасіретті тағдыры – айрықша сақ етті. «Балапан басымен тұрымтай тұсымен» сәттегі тапқырлығы мен сұңғылалығы Абылай заманындағы дуалы ауыз билердің уәждерінен кем түспейтін. Жалпы, ортақ заңдылық – үлкен ақын қашанда тарих ішінде, ал тарих оның болмыс бітімінде. Бір басына осыншама жүкті саналы түрде арқалау әлемдік әдебиеттану тарихында кездеспеген құбылыс. Мүмкін орыс тарихынан Пушкинмен салыстыруға болар. Бұл тұрғыдан Олжас өз халқының патриоты ғана емес, өз дүниетанымының, өз тұжырымдамасының да патриоты.Ең ірі арнайы жазылған тарихи поэмасы «Қыш кітабы» мен ғылыми публицистикалық «Аз и Я» сына дейін Олжас шағын формаларда тарихи тақырыпты мықтап игерген еді. «Жыр толғағы», «О, сәйгүлік», «Ақсақ құлан», «О, ақсақ Темір», «Домбырасын қасып шертіп отырамын», «Жүректі қайтып жұбатамын», «Құм көшкіне», «Хабаршылар», «Махамбетке», «Көне заман турасында күпті ойлар», «Махамбеттің өлер алдындағы ойы», «Ақын Сметтің ақырғы сөзі», «Сөйле, қара батыр», «Батыр Мәмбеттің өлер алындағы сөзі», «Ант», «Құман жыры», т.б. толып жатқан шежіре-жырлар арнады. Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, бұл жырлардың негізгі мазмұны: «Ақынның поэтикалық объект етіп қалап алғаны - халықтың жаны, таза, терең, өр жаны. Салмақты да сол ерлікке салады. «Батыр Мәмбеттің өлер алындағы сөзі», «Ант», «Құман жыры» - осы ерліктің куәсі іспетті. Бұл өлеңдерде шеңдескен екі поэтикалық нүкте бар. Бірі жортуыл жайы, жауға деген кек болса, екіншісі сол - парасатты кек иесінің әлде бір қатерлі бұрылыста мүлт кеткенде, зындан түбінде қалғаны жайлы, ұлт басына қара бұлт төнгендегі трагедиялық жәйіт. Зынданға түсу - тізе бүгу емес, трагедиялық жасықтықтың куәсі емес. О. Сүлейменов мұны әдемі түсінеді» [4]. Ақын туған тарихпен шектелмей орыс тарихына арналған «Даңқты түкпір», «Декабристер», «Сәуір», «Кий қайықшы», «Шағын ғана ертегі», «Россия», «Асқан ару Глебованың жоқтауы», «Күзгі Мәскеу» сияқты өлеңдер жазды. Тарихи тақырыпта жазылған ірі поэмасы болғандықтан «Қыш кітап» арнайы тоқтауды талап етеді.

О. Сүлейменовтің «Қыш кітап» тарихи поэмасы мамандардың айтуынша, оның ең үздік шығармасы. Поэма көппланды және композиция жағынан өте күрделі. Поэманың аса күрделі болып шығуы О. Сүлейменовтің таңдауы емес. Оған мәжбүрлеген отандық және әлемдік тарих ғылымының дәрменсіздігі. Әдетте әлемдік тарих ғылымы, оның ішінде ежелгі қоғамдарға қатысты тарих курсы салаларының белгілі бір құрғақ, әрі мардымсыз деректерден туындаған стериотиптер аясында қалып қоюы жағдайы жиі кездеседі. Оның үстіне деректердің өзі де субъективті. Мұндай жағдайда, қола дәуіріндегі өркениеттік процестердің жанды көрінісін қалпына келтіру тарихшылар үшін өте қиын соғатын. Сондықтан О. Сүлейменовтің ежелгі Вавилония мен скиф әлеміндегі мәдени процестердің байыбына тарихи және көркемдік құралдар мен баруы айрықша нәтижелі болып, халықаралық ғылыми ортада үлкен қызығушылық туғызды. Кезінде Г.Флобер өзінің Пуни соғыстары туралы жазған «Саламбо» романының «алыстағы сағымдарды қазіргі роман құралдарымен ұстау» деген екен. О. Сүлейменовке көркемдік құралдармен ежелгі азиядағы тарихи оқиғалардың жарқын, жанды бейнесін жасаудың сәті түсті. Ол көркемдік ғылыми айналымға осы күнге дейін белгісіз орасан зор тарихи және әлеуметтік психологиялық материалдарды түсіре алды. Поэма қола дәуіріндегі белгілер мен таңбаларға, символдарға толы. Оқырмандарға тосын кейіпкерлері: сәуегейлер мен құдайлар да таңбалар тілінде сөйлейді.

Егер О. Сүлейменовтің бұған дейінгі кітаптарына стилі, сөз қолданысы мен тақырыбы жағынан бұл кітабы ұқсас болса, Сүлейменов - Сүлейменов болмас еді. Бірақ алдыңғы кітаптары мен бұл кітаптың тамырлас, рухтас екенін көзі қарақты оқырман жазбай таныры хақ. Осы тұста Олжас ақындығы шығармашылық контексінің тағы бір астары көрінеді. Ол қазіргі заман ақынының өте көне қола дәуірінің оқиғаларын сол заманның көркемдік бейнелеу құралдарын пайдалана отырып жырлауында. Бұл сөзсіз батылдық еді. Ол оның экзотикалық тақырыбында. Тақырыпты игеру үстіндегі экзотикалық тілінде. Бірде бір көркемдік тенденция таза тақырыптық принциппен құрылмайды. Тақырып қаншалықты тартымды болғанымен, егер ол ішкі мазмұны мен стильдік ерекшеліктер мен қамтамасыз етілмесе және дәстүр мен жаңашылдықтың құдіретті құралдарымен ұштастырылмаса өз міндетін шеше алмайды. Әдебиет теоретиктері айтқандай тақырып кейде стиль құраушы фактор бола алады. «Қыш кітапта» мәңгілік ішіндегі уақыттық оқиғалардың, уақыттың ішіндегі мәңгілік құмарлықтар мен құндылықтардың қозғалатынын есте ұстаған абзал.

Жырда бірнеше бағытта ой өрбіп және олар өз кезегінде жаңадан тұтанып отыратындықтан, біз тарихи аспектіде қараумен шектелгенді жөн көрдік. Поэма біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда скиф тайпаларының бірі іш-құздардың Ишпака ханның басшылығымен Ассирия патшалығын жаулап алуынан басталады. Тарихи деректерде, оның ішінде Геродоттың «Тарихы» мен Ассирия хроникаларында Ишпака ханның есімі аталады [13, 218 б. Дамудың төменгі сатысында тұрған іш-құз тайпалары даму дәрежесі өзінен жоғары өркениетті елді жаулап алып ұзақ уақыт тұрақтап қалады. Бұл варварлық жаугершілік қоғамда қалыптасқан үрдіс емес еді. «Әскери демократиялық» қоғам заңы бойынша - соғыс күнделікті кәсіп. Ол тоқтаусыз жүргізілуі керек, бейбіт өмір оларға лайықсыз. Алайда, Ассирия сұлуына ұйлыққан тайпа көсемі Ишпака асығар емес. Жауынгерлерді жаңа жорыққа бастамайды. Оқиғалардың барысы көрсеткендей қанды соғыс жолынан бас тартып әйелдің кесірінен «бұзыла», «өркениттене» бастаған, сөйтіп жан дүниесінде рухани өмір оянған Ишпаканың өзі болып шығады. Осылайша, жеңген іш-құздар «жеңіле» бастайды.

Дала дәстүрінде тайпа көсеміне ел басқару ісінде 8 қылмыс - ағаттық кешіріледі де 9-шы қылмысы кешірілмейді. Үкімге сәйкес жазаланушы Ишпака мұрагерін атап, өзі жаумен соғыс үстінде қаза табуы тиіс. Сонан соң салтанатпен жерленеді. Ишпаканың сорына жауланып алынған Ассирия ғибадатханасының жезөкшесі Шамхатқа ғашық болып (варварлар үшін мүлде жаңа сезім), оның жан дүниесінде, дүниетанымында гуманистік төңкеріс басталады. Іш-құздардың Ассирияда жамбастары тесілгенше жатып алу себебі сол. Іш-құз қоғамы данагөйлері ұрық (ру) көсемдерінің түсінігінде бұл кешірілмес күнә. Тұтқын әйелге ындыны құрып бара жатса, кәнизәк ете салмай ма? Ал соғыс іш-құз қоғамының қозғаушы күші емес пе? - «Сен қыбын тауып сегіз рет заңнан аттадың. Бірақ жазу (заң) киелі. Біз ендеше тоғызыншы қателік туралы естігіміз келмейді» [14, 84 б.].Қара Тұғырлы Ақ Шатырда өткен мәжілістегі ұрық көсемдерінің уәждері де тырп еткізбейді. Ишпаканың атасы Сары Кененің өсиетін немересі бұзып отыр. Ишпака - ұрық көсемдері мен қолбасшылары арқылы берілетін іш-құз қоғамының соқыр сенімдерін жеңуді маңдайына жазған қасіретті тұлға. Оның әрбір «қылмысы» - оның жеңісі. Тұрпайы тағы қоғамдық санадағы ар-ұят, әсемдік, сұлулыққа деген құштарлық, ізгілік, бейбітшілік сезімдерінің алғашқы өркендері, эволюциясы.

«Қыш кітап» және басқа өлеңдеріндегі лирикалық қаһармандардың О. Сүлейменовтің шығармашылық кредоларымен байланысы бар екендігі хақ. «Қыш кітап» - ақынның «өз халқының жоғалған тарихын» іздеуі бағытындағы ізденістерінің сәтті бір белесі. Ақын ғасырлар қойнауынан туған халқының ең көне тарихын тірілтіп, көркемдік әлемді тамсандыра алды. «Қыш кітап» туралы әлі күнге дейін әдеби ортада пікірталастың жалғасып келе жатуы заңдылық. О. Сүлейменов қола заманының таңбалары мен нанымдары, дәстүрлерін көркемдік құралдармен сапалы да шебер игере отырып тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Сондай ақ кітап, әдеби сын мен тарихшылардың алдына жаңа міндеттер қойды. Тарих көркем шығармада образдық формаларда жасалынатындықтан, сыншылар мен кәсіби тарихшыларда көркемдік зерттеу құралдарын жетік игеруі тиіс болды.

О. Сүлейменовтің ақындығын қазақтың сан ғасырлық ауыз-әдебиетінің дәстүрлерінен бөліп қарау мүмкін емес. Ақынның лирикалық кейіпкерлері де осы шақтың немесе болашақтың адамдарына бөлінбей тұтас алынады. Көшпендінің ұғымында уақыт пен кеңістік бөлінбей, ол - Жалған, Дүние, Заман, Дариға сияқты бір категориялармен беріледі. Бұхар Жырау - «Мынау жалған сұм дүние», Шал ақын «Біздерді алдап келер дүние ғаяр», «Дүние ойлап тұрсақ жалғаның-ай», «Ажал деген көзді ашып жұмғандай» т.б. «Қыш кітапта» да осы ұғымдар айқын сезіліп отырады. Адамдық пен махббаттан басқа құндылықтардың барлығы - Дөңгеленген дүние. Оның ішінде іш-құз данагөйлері дайындаған - Ұлы жазу да (Заң), өмір салты да, болмыс пен сана да өткінші - Жалған. Ең әділ шешімдер де уақыттың өтуімен соқыр сенімге айналып жаңа шешімдерге орын беруі керек. «Қыш кітапта» да Шамхат жезөкше емес махаббаттың абыз әйелі болып шығады. Онымен де тоқтамай жынысы да бөлек Ассирияның жасөспірім патшасы Ассархаддонның өзіне айналады. Шамхат - Жаулаушы Ишпаканың Шамашка сыйынуына, яғни өз дініне кіруге үгіттейді. Ғашықтық дерті меңдеген Ишпака өз дінінен безінуге мәжбүр болады. Бірақ түптің түбінде екеуінің құдайлары да бір кездері Күнге (Ра) табынған болып шығады. Туған ауыз әдебиетіндегі келесі бір дәстүр - қазақ адамының, көшпендінің еш уақытта қорлықты, пұшайман, байғұс күйде суреттелмеуі. «Қыш кітапта» ғана емес Олжастың барлық өлеңдерінде қазақтар шетінен өр, дарқан мінезде суреттеледі. Үлкені де кішісі де, байы мен кедейі де, зынданда жатқаны, тіпті өлім алдындағы жан тапсырар халі де өр тұлғада, кең пейілде суреттеледі. Оның Махамбет Өтемісұлын айрықша пір тұтатындығы да осында. 1917 жылға дейінгі қазақты қорлықты жағдайда сипаттауға дағдыланған социалистік реализм өкілдерінен Олжастың жаңашылдығы да осы.

«Адамға табын, жер, енді» поэмасында О. Сүлейменов тұңғыш рет орыс поэзиясында қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлі толғау жанрының эстетикалық концепцияларын пайдаланады. Әдетте бұл лироэпостық жанр орасан зор ауқымды оқиғаны бейнелеу үшін қолданылатын. Лирикалық бастау эпикалық бастаумен үнемі алмасып отырады. Жырлап отырған ақында өзін оқиғалардан бөліп ала алмайды, оның өзі де оқиғаларға тікелей қатысушы. Өткен тарихтың оқиғалары, адамдар мен тағдырлары ұмытылмай, тылсым дүние болмай жаңа заманауи кеңістікке шығады. Зерттеуші А.С. Серікбаева - Олжас шығармашылығындағы ауыз әдебиеті мен толғау дәстүрлерінің ықпалын нақты дәйектермен дәлелдейді [15, 19-27 б.]. Біз екі ғана автормен шектелгенді жөн көрдік.

Бұлт болды ойды ашқан

Мұнар болған күнді ашқан

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған [16, 28 б.].

XV ғасырдың қазақ ақынынан алынып отырылған бұл жолдар О. Сүлейменовтің мына бір жолдарымен қалай үндеседі десеңізші .

Я хана в раба превращу

И сломаю хребет!...

До синего моря с мечом

Без щита пролечу...

Осы көңіл-күйдің орыс тіліндегі ғажайып өрнектелгендігіне назар аудару үшін үзіндіні әдейі орыс тілінде беріп отырмыз. XV ғасыр мен XX ғасырдың қазақ ақындарын ұқсас етіп отырған мінез асаулығы, жер бұғауларынан адалығы, кеңістікке деген қатынастарының еркіндігі.

Олардың қай бағытта шабатынын бағамдау қиын. О.Сүлейменовтің «Ақын Сметтің өлер алдындағы сөзі» өлеңі, Досмамбет жыраудың өлер алдындағы мына сөздерін сөзсіз еске түсіреді.

Тоғай,тоғай,тоғай су

Тоғай қондым өкінбен,

Толғамалы ала балта қолға алып

Топ бастадым өкінбен,

Тобыршығы биік жай салып

Дұспан айттым өкінбен,

Тоғынды сарты нар жегіп

Көш түзедім өкінбен,

Ту құйрығы бір тұтам

Тұлпар міндім өкінбен,

Туған айдай нұрланып

Дулыға кидім өкінбен,

Зерлі орындық үстінде,

Ал шымылдық ішінде

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім өкінбен

Өкінбестей болғанмын

Ер Мамайдың алдында

Шаһид кеттім,өкінбен [16, 34 б.] - десе

О. Сүлейменов:

Что гляделся в озеро, рябое

От ветров холодных

Не жалею.

Что не избегал любой работой

Засыпал голодным

Не жалею.

Что делился с добрым полной чашей

А с недобрым- чаще не жалею

Перед кражей умывался сажей

А утрами снегом,

Не жалею.

Масла мне в дорогу не сбивала

Тихая подруга,

Не жалею.

Что мечта о друге не сбывалась

Долгими ночами,

Не жалею.

Не качал я сына на колене,

Не ласкал ладонью,

Не жалею.

Говорят, что счастье мчит оленем,

Не догнать на чалом,

Не жалею.

У любой скалы меня встречала

Смерть кривым кинжалом,

Не жалею [11, 255-256 б.] - дейді.

Ақын, мәдениеттанушы Дидар Амантай айтқандай осылайша, - «Көшпелі мәдениет тұрмыстық формасын тастап жатты, бірақ эпикалық кеңдік тіл мен қанға сіңіп кеткендіктен Бұхар жырау екі ғасырды өткізіп барып, ғылыми батыстық поэзияда Олжас Сүлейменов болып қайта көрінді. Космостық деңгей мен категориялық ойлау адамзаттық мәдениетке жаңаша бірікті. Көшпелі философияның метаморфозасының екі жиегі, қарама-қарсы қабағы Абай мен Жамбыл болатын. Біреуі сол Бұхар жырау мәдениетінде өмір сүре отырып Олжас Сүлейменов дәуіріне жол салды,ол данышпан Абай еді. Екіншісі Олжас Сүлейменов заманында тіршілік кеше отырып Бұхар жырау мәдениетінде қалып қойды. Ол жыр алыбы Жамбыл еді» [17]. Сондай-ақ қазақтың ең қасыретті «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,» өлеңінің ырғағын О. Сүлейменов былайша пайдаланады:

«Кочует с Черных гор

родной аул

и каждый год

одно седло пустое.

О. Сүлейменов ажарын аша түсетін тағы бір жәйіт, оның бүгінгі тілдік қормен шектелмей қазақ-орыс сөздерінің тарихи қойнауларынан алынған резервтік сөздер мен мақал-мәтелдерді пайдаланғандағы, мысалы, О.Сүлейменовтің «Я как меч обнаженный» тіркесінің қазақтың «қынсыз қылыштай», «Қырықта қынсыз қылыштай жалаңдайсың» деген тіркестерінен алынып отырғаны күмәнсіз немесе «Ана сүтімен енбеген тана сүтімен келмейді» сөзін Олжастың орыс тілінде қалай құлпыртатынын көрейік:

Если с материнским молоком

Это зло в тебя вошло здоровьем

добрым тебя сделать нелегко

всем земным, вселенским всем коровам [11, 115 б.].

Сондай-ақ, қазақтың ең сүйікті «айналайын», «шарқ ұрайын», сөздерін өзінің тура және этимологиялық мағынасында қолдана отырып терең ұлттық бояу жасайды. «Қазақ сөздері мен тіркестерін Олжас пайдаланады,яғни белгілі бір дәрежеде жинақтап қорытады, өлеңнің бүкіл контекстінде оларға стильдік жағынан бір мағына береді, - дейді профессор Х. Махмудов - ... О. Сүлейменов - қазақтың ұлттық ақыны. Оның шығармаларында орыс және қазақ сөздері стихиясының синтезіне орын берілген. Образдардың қазақы жүйесі. Олжастың өлеңдеріне дыбыстық қайталанулар тән, Олар керек десеңіз негізгі тірек нүктелерін құрайды » [18, 104-105 б.]. Олжас поэзиясындағы қазақ ұғымдары мен сөздері мұнымен шектелмей өз алдына үлкен зерттеу тақырыбын құрайтыны өзінен өзі түсінікті. Тіпті, әрбір әріп, дыбыстың мүмкіндігін қалт жібермейді.

На озерах Кургальджино

августовская кутерьма

деп басталады ақынның бір өлеңі, - дейді Олжастың жырларын қазақ тіліне тәржімалаушы ақын Қадыр Мырзалиев, - Аударғанда да мен оны сүйсініп аударғанмын ...Баршамызға аян: бүкіл қазақ бұл көлді Қорғалжың көлі дейді. Ал автор оған «о» қосып «Кургальджино» жасаған. Мұны ақынның ұстазы Леонид Мартынов былай түсіндіреді: «...Олжастың өлеңдерінде Қорғалжың Кургальджиноға айналды. Біз орыстар, біз славяндар, Олжастың «Игорь полкі туралы жыр» туралы зерттеулерінде дұрыс атап көрсеткеніндей өзіміздің поэтикалық сөздігімізге Түркі шығысынан аз қабылдағанымыз жоқ.Ал енді қазақ ақыны өз өлеңдерінде қазақ көлінің орысша қабылдануын алып отыр». Көріп отырғанымыздай, көлдің орысша аталуына бір ғана әріптің қосылуы арқылы қаншалықты керемет әсер алынып отыр. «Бұдан әрине, Қазақстанның кезкелген өзен көлінің соңына «о» әрпін қоя беру керек деген қорытынды шықпаса керек.Мәселе әр тілдің өз қасиетін, өз ерекшелігін терең түсініп тиімді пайдалана білуде» [14, 12 б.], - дейді Қадыр Мырзалиев. «Қыш кітаптағы»:

Косоги нарекли - Сиырдарья

разбросанные, словно роги,

воды.

деген жолдарынан Сырдария өзенінің бұрынғы аталуына бір ғана « и » дыбысын қосу арқылы да қаншалықты ойтүрткі, қиял, болжам алынып отыр десеңізші. Шынында да өзеннің бір кездері «Сиыр - Дарья» аталуы мүмкін ғой.



О. Сүлейменов - поэтикалық ізденістерінің бір бағытын шығыс пен батыстың рухани - философиялық дәстүрлері құрайды. Бұл араб-парсы, латын-грек т.б. сөздері мен ұғымдарынан көрінеді. Олжастың өлеңдері мен поэмаларында Ахмет, Насыр, Рахымжан, Фатих, Хадиша, Рахматулла сияқты араб есімдерімен бірге мечеть, минарет, мулла, мусульманин, муэдзин, муслим, кафр, калам, алла т.б. ұғымдары жиі кездеседі. О. Сулейменов - Жүніс Эмре, Махмуд Бакы, Ахмет Надим сияқты түріктің тамаша ақындарын кеңес оқырмандарына таныстырушы. Адамның жаралуы, күнәға батуы мотивтері, топан су басу, Нұх пайғамбар, Арылу, тозақ пен жұмақ категорияларының маңайына топтасқан. Құран, Інжіл, Таурат т.б. киелі кітаптардың сюжеттері мен идеялары, образдары да ақын поэзиясында тамаша көрініс береді. Бұл компоненттерді өз ұғымында жаңаша лингвистикалық болжамда пайдалануы ақынның поэзиясын онан сайын ерекшелендіре түседі.

Әлемдік әдеби дәстүрлердің игі ықпалы, тартымы болғанымен О. Сүлейменов поэзиясы қазақ-орыс дәстүрлері өрісінде қаралады. Тәжірибелі сыншылар орыс тілінде жазатын қазақ ақынының шығармашылығына деген орыстың көрнекті ақындары В. Маяковский, В. Хлебников, Э. Багрицкий, В. Цыбин, А. Паперечный, Н. Заболоцкийдің ықпалдарын көреді. Алайда біз мұнымен шектелмес едік. О. Сүлейменовке ежелгі орыстың кітаби поэтикасы да оң ықпал етті. Ежелгі орыс кітаби (жазба) поэтикасының Епифани Премудрый, Кирилл Туровский сияқты көрнекті өкілдерінің болғанын, яғни күшті әдеби дәстүрі болғанын есте ұстаған абзал. Орыстың фольклорлық және кітаби поэтикасы, өлең мәдениетінің ежелгі орыс заманынан ырғақтық мүмкіндіктерге бай болатын. Ежелгі орыс әдеби ескерткіштерінің сұңғыла зерттеушісі ретінде О. Сүлейменовтің бұл мүмкіндіктерді көрмей қалуы немесе пайдаланбауы мүмкін еместін. Бұл оған сөзсіз поэтикалық басымдық берді. Тіпті О. Сүлейменов өзінің әріптестері орыс ақындарынан да бай мүмкіндіктерге ие болды деп айтуға болар еді. Бұған ежелгі славян-түркі тілдік стихиясы өзара кіріккен байланыстарды көре білген табиғи терең де ғылыми қостілділігін қосыңыз. Михайл Луконин айтқандай, «Оның поэзиясы мәңгілік ізденістер мен жаңалық ашулар жолында» [1, 63 б.] - жаңа поэтикалық қабаттарды көруінде болды.

Поэзия көкжиегіне орасан зор қуатпен шыққан О. Сүлейменовтің жеке ақындық көркемдік эстетикасы қалай қалыптасты? Кімдерге еліктеді? Ұлы ақындарға еліктеп, олардың «тұтқынында» біржолата қалмай, қара дүрсін қайталамай өз қолтаңбасын, стилін қалай қалыптастырды, эпигондық әумесерлікке қалай ұрынбады? Өзі айтқандай тартымды «эстрададан» бойын қалай аулақ ұстады дейтін сұрақтар кәсіби мамандар үшін де оңай шаруа емес. Оны қанаттандырған фольклор, көне замандарды зерттеу, қазақ-орыс өлеңдерінің стихиясы, өлең-балладалары, мақал-мәтелдер, құпия да жұмбақ сөз әлемінің түбірін іздеу, лингвистика, полеография мен кәсіптік деңгейде ерте әуестенуінде, өзі ашқан, бірақ ресми ғылым мен тілтану назар аудармаған жаңалықтарын поэтикалық құралдармен пайдалануында дер едік. Аңыз ертегі, балладалар, көне жырлар сол кезеңде шын мәнісінде ұмытылған, кәсіби әдеби жанр болудан қалған тақырыптар еді. Атап айтқанда, олардың ғажайып эстетикалық астарына ешкім байсалды назар аудармайтын және көшпенділер әлемінің, көне орыс әдеби ескерткіштерінің эстетикасын ешкім пайдаланбайтын. Ол кеңес әдебиеті үшін өзекті емес мұрағаттық жағдайда еді. О. Сүлейменов поэзиясының бейнелілігі, қайталанбас метафоралылығы, романтикалық таңсық рухы, керек болатын болса, экзотизмінің қайнары осында жатыр. Бұл бағыттағы толағай теңіз қажырлы еңбектің арқасында Олжастың өзін шығармашылық ләззатқа бөлеген қайталанбас стилі қалаптасты, өзіндік стиль жаңа мүмкіндіктер ашты және ақындық тұлғалық мәдениетін шыңдады. Нәтижесінде ақын саясаттың, тарихтың, ғылымның жағдайына саяси құйтырқылық, айла-шарғы ретінде қарамай олардан жоғары тұра білді. Оларға өзі ұғынған өзара байланысты біртұтас нысан, құбылыс ретінде қарауды үйренді. «Бүгінде ақын, кейде ғалымның асқан дәлдікпен жұмыс атқаратынындай - жұмыс істеуге міндетті, - дейді ақын. - Ғылым мен өнер біздің заманымызда неғұрлым тығыз біте қайнасып бара жатыр. Егер жеке тәжірибем туралы айтар болсам, этимологиямен әуестене отырып мен сөзді жақсырақ және тереңірек тұшына бастадым деп ойлаймын. Сөзді ғана емес.Әртүрлі мәдениеттердің тарихи өзара әсерлесу процесі айқын сезіледі» [19, 219 б.].

Қазіргі заманғы жаңашыл орыс ақындарынан О. Сүлейменовтің ақындығына ықпал еткендер ішінен мамандар, әдетте В. Хлебниковті бөле жара атайды. Бұл орыс поэзиясындағы «ең шығысшыл» атанған В. Хлебниковтің «славян тайпалары мен ежелгі шығыс өркениеттерінің тағдырлары арасындағы тарихи байланыстарды» іздегендігінен және көркемдік мәнерлі құралдар ұқсастығынан болып көрінуі мүмкін [20, 222-228 б.]. В. Хлебников шығармашылығының негізгі - мағыналық метаморфозалық принцип. Ол дәстүрлі рационалистік сөз бар болғаны «ұғым» түсінігінен бас тартады. В. Хлебников үшін сөз бірнеше қат-қабат қатпарлардан тұратын өзіндік уақыт пен кеңістігі бар әлем. Ол сөздің жаңа стилистикалық бірліктерін, яғни стилемасын жасады. Сөзді буын-буынға бөліп жекеленген фонемалар тудырады да сөз үндестіктерінен жаңа поэтикалық ұғымдар жасайды. В. Хлебниковтің ойынша, өлеңдегі әрбір дыбыстың семантикалық қажеті болуы керек. «Кургальджино», «Сиыр-дария» мысалдарынан Олжастың бұл мүмкіндіктерді пайдалану тәжірибелерін көруге болады.

В. Хлебников сөздің түбірін іздеу арқылы бүкіл адамзатты жақындастыру, тіпті, болашақтың сөзі мен өлеңінің жүйесін саптауға әрекет жасады. Шын мәнісінде, өзіндік сөздің «революционері» болды. Поэзиядағы жаңа сөзді байқау - қиынның қиыны. В. Хлебниковтің поэзиясы қарапайым жұртшылық түгіл, кейбір әріптестеріне де түсініксіз еді. Оның поэзиясының тарихта «ақылдан тыс» поэзия атануы да сондықтан. Алайда, О. Сүлейменовтің кейбір өлең жолдарының «қатты бұратылатынына» қарамастан, ол еш уақытта «ақылдан тыс» болған емес. Профессор Х.Х. Махмудов көрсеткеніндей, «Олжас Сүлейменовті Хлебниковпен біріктіретін ауқымдылық қана... Бұл сыртқы және ішкі ұқсастық. Ал Олжас Сүлейменов бұл жаңа құбылыс, айтулы әдеби факт, дей тұрсақ та ол Хлебниковтен емес, Олжас Сүлейменовтің өзінен туындайды. Егер Хлебников пен Маяковскийге семантикалық, лексикалық және фразеологиялық неологизмдер жасау тән болса (мақсат - сөздің, стилеманың стилистік бірліктерін жасау), Олжасқа бұл тән емес және жат та емес... Олжасты Хлебниковпен жақындастыратын сөз бен тіркестерді жандандыруға деген құлшыныстары» [21, 104-105 б.].

О. Сүлейменов те өзіне ықпал еткен ақындар қатарының ұзақ тізімінен В. Хлебниковті атамайды «Ең бірінші кезекте Маяковский, мен оны жыл өткен сайын көбірек ұғына түсемін. Ұстаздарым деп біз өзіміз оқудан шаршамайтындардың барлығын есептейміз. Мен, мысалы, өлең жазбаса да табиғатынан ақынжанды Шоқан Уәлихановты өзімнің ұстазым деп есептеймін. Махамбет Өтемісұлын, Абайды. Пушкин мен Лермонтов балалық шағымнан ұстаздарым. Сәл кейінірек - Блок, Цветаева, Пастернак. Маған әртүрлі стиль мен бағыттағы ақындар ұнайды, айталық бір біріне ұқсамайтын Мартынов пен Слуцкий сияқты (менің алғашқы өлеңдерімнің де солардың қолына түскені кездейсоқ емес), Луговской, Симонов, Николай Тихонов, Назым Хикмет, Самет Вургун, Витезслав Незвал... Вознесенский, Евтушенко, Ахмадулина, Рождественский, Ираклий Абашидзе, Расул Гамзатов, Қайсын Кулиев, Эдуард Межелайтис, Мумин Каноат, Абдулла Арипов, Қадыр Мырзалиевпен т.б. қазақ ақындарын қызыға оқимын. Ұзағынан оқи беруге болады. Оқитын авторларымның барлығын белгілі бір дәрежеде өзімнің ұстаздарым деп санаймын. Бірақ бастылары Маяковский мен Блок - өзгермейтін серіктерім» [19, 222 б.].

«О. Сүлейменов сөзге тек образды жасау құралы деп қарамай, сонымен бірге лингвистикалық қызығушылық білдірген орыс ақындарының тобына жақын. Бұл топқа біз әртүрлі, кейде бір-бірінен өте алыс тұрған ақындарды жатқызамыз. Сол Хлебниковты, Асеевті, Кирсановты, Мартыновты атауға болады. Бұл - олардың барлығы Сүлейменовке қайсыбір әсер етті дегенді білдірмейді, әңгіме ақындық доктринаның кейбір ұқсастықтарында ғана болып тұр. Қазақ суреткерінің туындыларында сөз материалды және жан бітірілген» [22, 173-174 б.] - деп сыншы С. Медовниковтың ара жікті дәл анықтағанындай, мәселе Сүлейменовтің ақындық доктринасында. Бұл да кездейсоқ емес. Көшпенділер өркениетінің сөзге табыну, кие тұту дәстүрі өз дегенін істеп отыр. «Өнер алды қызыл тіл», немесе «Өлең сөздің патшасы сөз сарасы, қиынынан қиыстырар ер данасы» сияқты Абай жолдарынан кейін, сөзге қатысты жаңа сөз айтуға ешкімнің дәті бармаса керек. Алайда ақындық адуыны шектеу дегенді білмейтін Олжас үшін «сөз материалды, жанды». «Алып, иінінен ауыр тыныс алған Сөз - ықылым замандардан адамзаттың барлық тілдерінде бірдей жеңіл естіліп, айтылады, - дейді ақын. - ... Мен әрбір сөздің жүрегін іздеймін. Егер сөздер адамды жаралай алатын болса, мен неге оларды Жарқылдан ыршып түсіп өлең айтатындай етіп соға алмаймын» [10, 172 б.] Көріп отырғанымыздай О. Сүлейменов үшін Сөз - рухани ғана емес, материалдық субстанцияға ие. Ақын табиғатта көзге көрінбей, бірақ жанды өмір сүретін тіршілік иелері сияқты Сөзді де іздеп тауып адам кәдесіне материалдық тұрғыда жаратуға болатына кәміл сенеді. Мұны идеализм немесе т.б. деп те атауға болатын еді. Бірақ тек Олжас үшін емес.

О. Сүлейменов поэзиясы тақырыптарының бір бағытын қазіргі заманғы халықаралық заманауи процестер құрайды, яғни ақын туған халқының өткен-кеткенімен, түркі-славян әлемімен шектелмейді. Ерекшелігі: О. Сүлейменов поэзиясының кейіпкерлері де халықаралық өмірге қыр қазағы тұрғысынан қарайды. Туған халқының көне материалдық және рухани мұраларын мұқият зерттеу және оның бүгінгі тағдырын бағамдау айрықша түйсік-тұшынуға алып келетіні кездейсоқ емес. «Оның құрамдас элементтері ХХ ғасырдың қазағының көзімен көрілген көне заман - архаика және ата бабалар көзімен қаралатын қазіргі заман» [12, 259 б.]. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдерін безбендеп, жеке жеке салаларға бөліп жіктеуге болар еді, бірақ диссертацияның көлемі оны көтермейді. Қысқа қайырар болсақ, бұл бағыттағы ақынның жазған өлеңдерінің ішінен «Уа, Алабама!», «Колумбия перзенттері шырайлы», «Нью-Йорк нөсері», «Ниагара түні», «ООН ордасындағы негр», «Отельдің әйнегінен қарағанда», «Индея», «Лувр», «Луврда мен соқыр көрдім серіксіз», «Құдыретті Монмартердің», «Көне грек ойын-тойлы», «Грекиямен қоштасу», «Қара мен Қызыл», «Кашмир қышлағынан келген ақын ару», «Сүмбіле айындағы Библос», «Баалбек – күн храмы», «Кения жазушысы Джеймс Нгугидің еркін өлеңінің, еркін өлең туралы толғауы», «Бостандық рейсі» т.б. өлеңдерін бөліп алар едік. Халықаралық Соғыс пен Бейбітшілік, Нәсілшілдік тақырыптарын да ақын өзіне тән гуманистік және интернационалистік эпикалық тұрғыда жырлайды. Жоғарыда аталған өлеңдер негізінде О. Сүлейменов - Даланың жыраулық, толғау дәстүрлерінен бастау алатын суырып салмалық дарынның қуатын шебер пайдаланады. Бір ғасырдан келесі ғасырға, бір оқиғадан екінші оқиғаға, кейіпкерлерге еркін ауысып заманауи белгілерді поэзия тілімен тамаша өрнектейді, ғажайып ассоциация тудыра біледі, «метафораларымен әлемді түзетуге» тырысады.

Мазмұн мен форма, тақырып пен талғам, әдеби дәстүр, көркемдік концепция және т.б. салаларда іргетасты жаңашыл ретінде танылған О. Сүлейменов поэзиясының публицистикалы, өзекті болмауы мүмкін емес еді. Оның үстіне кеңестік 60-70 жылдары өнердің барлық түрлерінен белгілі бір дәрежеде идеологиялық шектеуге қарсы өздерінің еркін көзқарастарын білдіруге поэзияның мүмкіндіктері зор болды. Бұл ақындық өнер табиғаты мен О. Сүлейменовтің жеке уникальді тұлғалық тәжірибесімен байланысты болды. Ақын тарихпен шектелмей, бүгінгі кеңестік саясаттың антигуманистік көріністерінің бірі 1963 жылғы Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарға нақ сол жылы ізін суытпай қарсылық білдірді. Өлең кейінгі жыр-жинақтарына «түзетілген» нұсқада енгізілді. 30-жылдардағы тоталитарлық қуғын сүргінді меңзеген өлеңдері болды. «Бала кезімізден соғыстың не екенін білдік, - дейді О. Сүлейменов. Жалпы, тарихтың маңызды сәттерін өзімізбен бірге алып жүрдік. Біздің рухани қалыптасуымызда оның әсері болмай қойған жоқ деп ойлаймын. Мен ұрпақтарымның поэзиясы саналы және табиғатынан публицистикалы еді, ол көбіне оперативтік шұғыл жанр болды. Өлеңдер бүгінгі күннің тақырыптарына жәй үн қосып қана қойған жоқ. Сөз бізге шындықтың өзін қалыптастыратындай көрінді,тікелей санамызға әсер етті» [19, 211 б.].

О. Сүлейменовтің қазақ әдебиет ортасында бостандықтың жаршысы болмауы да мүмкін емес еді. Ол қазақ ақындарының ішіндегі рухани бұғаудан ең азат ақындардың бірі болды. Поэзияның, әдебиеттің халықтың мәдени жады екенін ол бәрінен де жақсы түсінетін. Нағыз әдебиет, нағыз поэзия қашанда күрт, қашанда адуынды - болжауға көнбейді. Ол дәстүрді бұзушы. Ақынның, зиялының бостандыққа шақыруы кейбір әумесер саясатшының тобырды көшеге шығуға, атой салуға шақыруына ұқсамайды, оның бостандығы өлең жолдарында, мәтініндегі ой еркіндігінде, отандық көркем сөздің даумына қосқан үлесінде, шындық пен ұлттың адами қадір-қасиеттерді қорғауында. Нақ осы міндеттерді орыс тілінде қорғап, Мәскеу мен Ленинград және басқа Одақтас республикалары сыншыларының арасында биік беделге ие болуы да - нақ сол тұстағы ұлттық мүдделер тұрғысынан дұрыс болып шықты. Егер О. Сүлейменов осы өлеңдерін қазақ тілінде жазғанда оған жергілікті сыншылар мен идеологтар тарапынан сөзсіз «ұлтшылдық» айыбы тағылатын еді. Одақ көлеміндегі ақынның биік беделі жергілікті «қырағы» сыншыларды сескендірді. О. Сүлейменовтің шығармашылығы - сөз бостандығын биліктің рұқсат еткені немесе тиым салғанына қарамайтындығын, оның - тұлғаның рухани және кәсіби біліктілігінің дәрежесіне байланысты екендігін білдіреді. 70-жылдардың өң бойын да О. Сүлейменов поэзия тілімен Дала өркениетін оқырмандарының жан дүниесіне жақындата алды, алайда бұл жеткіліксіз еді. Көшпенділер өркениетіне деген әділдік пен қадыр қасиетті қалпына келтіру үшін тарих ғылымында да төңкеріс қажет болды. Бұл міндетті ақынның «Аз и Я» кітабы орындап шыққан еді. Кітап - ақынның кеңестік қоғамдық ғылымдарға шығарған түпкілікті тарихи үкімі болды.

О. Сүлейменов поэзиясын алғашқы зерттеушілерден бастап, зерттеушілердің екінші ұрпағы өкілдеріне дейін - тақырыптың ауырлығына, күрделілігіне шағым айтады. Әлі күнге дейін жан-жақты әдебиеттанушылық талдау негізінде оның ақындық дамуы кезеңдерін нықтап айқындау әрекеті үлкен қиындықтарға тап болып отыр. Бізде зерттеу жұмысының барысында мұндай қиындықтарды бастан кештік. Шығармашылық стилі, дүние танымы тұрғысынан О. Сүлейменовтің ақындық дамуының барысын айқын кезеңдерге бөлу мүмкін емес. Өйткені алғашқы өлеңдері мен соңғы өлендерінің арасында стилдік тұрғыдан болсын, тақырыптық тұрғыдан болсын үлкен айырмашылық жоқ. Шығармашылық стилі, тақырыбы, дүниетанымы жағынан кезеңдерге бөлу әрекеттерінің көпшілігі, ғылыми әдіснамалық тұрғыдан нанымсыз, ғылыми негіздері әлсіз. Сондықтан О. Сүлейменовтің шығармашылығын оның өмір сүрген тарихи уақыты, кезеңі, кітаптарының тағдыры тұрғысынан қараған дұрыс. Әрбір жаңа кітабы дамудың бір басқышы, ал тұлғаның шығармашылық дамуы үздіксіз. О. Сүлейменовтің шығармашылығын жақын білетін ақынның досы Г. Толмачев пен ақын, әрі әдебиетші Л. Шашкова да бұл мәселеге осы тұрғыдан келеді.

Г. Толмачев Олжас өмірінің негізгі кезеңдері ретінде «1986 жылдың желтоқсанына дейінгі Олжас және одан кейінгі Олжас» [1] - деп бөледі. Л. Шашкова - 1961 жылдың сәуіріндегі, 1975 жылғы «Аз и Я»-ның, 1986 жылдың желтоқсанындағы, «Невада-Семей» қозғалысындағы, Қазақстанның Халық конгресі партиясын құрғандағы (1991) және «Жазу тілі» (1998) шыққандағы Олжас өмірінің кезеңдерін бөліп алады [23]. Мамандардың - ақын өмірін мұндай кезеңдерге бөлуі оның жеке ақындық, ғылыми, азаматтық және саяси қырларының жарқын көрініс берген жылдарына негізделген. Біздің ойымызша, ақынның өмірі мен қызметіне қатысты мынандай кезеңдерге бөлу арқылы оның дүниетанымдық көзқарастарының эволюциясы мен динамикасын дәл көрсетуге болады. 1. 1961 жылға дейінгі, 2. 1961 жылдың сәуірінен 1986 жылға дейін, 3. 1986 жылдың желтоқсанынан 1995 жылдың тамызына дейінгі және 4. 1995 жылдан бүгінгі күнге дейінгі аралық. Осы жылдың 18 тамызында О. Сүлейменов Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстанның Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Оның елшілік және дипломатиялық қызметі басталды. Жаңа ғасырдың басынан Қазақстанның ЮНЕСКО дағы тұрақты өкілі. Бұл жылдары ақын ғылым мен дипломатиялық жұмыстарды қатар алып жүріп 1975 жылы уәде еткен ғылыми еңбегін аяқтап - Қазақстанның ғылымын әйгілеуге сүбелі үлес қосты. Ізгі ниетті кеңесшілер белгілі себептермен ақын өмірінің 1975-1986 жылдарын бөліп көрсетуді ұсынады. Біздіңше «Аз и Я»-ның шығуына байланысты авторға қаншалықты ауыр болғанымен, ситуацияны жасанды түрде шиеленістірудің қажеті жоқ. Ақын өлең жазуды күрт азайтқанымен, біржолата тоқтатқан жоқ, ғылыми ізденістерін де өзі үшін жалғастыра берді. Ал 1986 жылдың желтоқсанынан 1995 жылдың 18 тамызына дейінгі аралықта ақын өлең жазуды тоқтатып, ара-кідік ғылыми ізденістерін жалғастырды және негізінен өзінің еркінен тыс саясат пен экономикамен араласуға мәжбүр болды. Сондықтан бұл кезеңді бөліп көрсеткенді дұрыс көрдік.



Қорытындылай келгенде, О.Сүлейменов XX ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясы ғана емес, Евразиялық-кеңестік одан қалды әлемдік поэзияда жаңа дүниетанымдағы энциклопедиялық тұрпаттағы ең жаңашыл ақындардың бірі болып, поэзиясы жаһандық сипат алды. Оның поэзиясының жаңашылдығы мынадай нақты жетістіктерден тұрады: 1. О. Сүлейменов поэзияда бірінші болып адамзаттың ғарышқа шығуының планетарлық мәнін ізін суытпай тез ұғынып, поэзия тілінде өрнектеді. Одан кейін бұл тақырыпты игеруге ең үздік кеңес ақындары тартылғанымен, олар О. Сүлейменов шыққан биік тұғырға көтеріле алған жоқ. О. Сүлейменовтің табыстарын қамтамасыз еткен энциклопедиялық кәсіби білімі, дәстүрлі қазақ поэзиясының жыраулық-толғаулық жанрның эстетикалық концепцияларын пайдалануы, заманауи поэтикалық стильдегі ассоциятивтік экспрессия, жахандық құбылыстарға деген планетарлық қызығушылығы еді. 2. Халықаралық мамандардың айтуына қарағанда, М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан кейін О. Сүлейменовтің өлендерінде Қазақ Сахарасының өткені мен бүгіні, болашағы өте жоғарғы көркемдік деңгейде ауқымды түрде тұңғыш рет бейнеленді. Қазақстанның сыртқы поэтикалық имиджінің қалыптасуынан мол хабардар, тегі қазақ Канадалық ақын Бақыт Кенжеев айтқандай «...әдебиет жағынан алғанда Қазақстанды әлем картасына енгізген нақ өзі болды, өйткені ол тұңғыш нағыз халықаралық қазақ ақыны болды. Олжас қазақтар жайлы, Қазақстан жайлы, өте көп жазғанына қарамастан бүкіл әлемді қызықтыра білді» [24]. 3. Дала мен оның тарихы ғана емес, бүкіл Азия, Шығыс пен Батыстың өткені мен бүгінгісі, болашақ қарым-қатынасы О. Сүлейменовтің поэзиясында айрықша поэтикалық үнде жырланды. Батыс пен Шығыс, Азия мен Европа бір-біріне қарсы қойылмай жаңа гуманистік концепцияда кестеленгені сондай орыс поэзиясы тарихының кіршіксіз маманы Б. Слуцкий 1962 жылы «Нұрлы түндер» кітабының шығуына орай: «Меніңше, біздің поэзияда Орыс Азиясы бірде-бір рет осыншалықты шынайы сөйлеген жоқ» [25, 227 б.]. «Орыс Азиясы» туралы Луговской, Тихонов, Заболоцкий, Мартыновты былай қойғанда, орыстың ұлы ақындары Пушкин, Есенин, Хлебниковтың жырлағанын есте ұстасақ, бұл өте күшті мойындау. Қосарымыз қазақ Азиясы да бұрын-сонды былай сөйлеген жоқ. Сыншы Мұхамеджан Қаратаев айтқандай: «ол әрине қазақ ауыз және жазба әдебиетінен өсіп өнді, бірақ мен оны қазақ ақындары ішінен кіммен салыстыруға болатынын білмеймін» [26]. 4. Тарихи деректерді, ғылыми еңбектерді, әртүрлі ғылыми болжамдарды қажырлы шығармашылықпен игере отырып, ақын бізден өте алыс Қола дәуірінің оқиғаларын сол заманның көркемдік құралдарымен барынша ұштастыру арқылы екі планда: қазіргі заман және көне тарих тұрғысынан кіріктіре жырлап «жан бітіре» алды, өзекті етті. Бұл әлемдік поэзиядағы тұңғыш поэтика еді. Соған қарамастан поэманың тілі, композициясы, метафоралық құрылымы, гиперболалық, ырғақтық, ұйқастық әсемдігі айрықша ерекшеленді және әлемдік поэзияда таңсық шықты. Бұл бағытта қалыптасқан тәжірбиенің жоқтығы, сондықтан тақырыптың өте күрделілігі көп композициялылығы, ойдың қатты бұратылғанына қарамастан, «Қыш кітап» поэмасы халықаралық сыншылар мен оқырмандар тарапынан зор баға алды. 5. Ақын дәстүрлі Батыстық ұстанымға, Р. Киплингтің «О, Шығыстың аты Шығыс, Батыстың аты Батыс, олардың жолдары еш уақытта түйіспек емес» [27] - поэтикалық доктринасына үзілді-кесілі қарсы, - «Аласартпай тауларды-асқақтатсам даламды» принципін жариялай отырып тарихты саясаттандырмай, саяси комбинацияға айналдырмай, бейбітшілікті гуманистік және жасампаздық қағиданы ұстанды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:



  1. Толмачев Г. Повесть об Олжасе. – Алматы: Кітап, 1996. - 168 с.

  2. Аникин А.В. Муза и Мамона. Социально-экономические мотивы у Пушкина. – М.: Мысль. 1994. – 253 с.

  3. Аль Халел Карпык. Абай. Наследники на перепутье. – Алматы: Агентство-аль Халел, 1995. – 304 с

  4. Сулейменов А. Ақынның қайсарлығы // Қазақ әдебиеті. - 1962, август – 31.

  5. Непомнящий В. Речь не о Пушкине // Литературная газета. - 2009. – № 23.

  1. Сидоров Е. В поисках истины. – Алма-Ата: Жазушы. – 1983. – 360 с.

  2. (6)Толмачев Г. Не прощаюсь с друзьями. - Алматы: Жазушы, 1989. – 352 с

  3. Сулейменов О. Солнечные ночи. – Алма-Ата: Казгослитиздат. - 1962. – 181 с.

  4. (13)О. Сүлейменов Но людям я не лгал / сост. Абдулло С. - Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 146 с.

  5. Мартынов Л.Н. Вместо предисловия // В кн.: Сулейменова О. Определения берега. - Алма-Ата: Жазушы, 1979. - 456 с.

  6. Әуезов М. Предки, в бою поддержите меня» (О национальном своеобразии поэзии О. Сулейменова) // Дружба народов. -1968. - №7. - С. 258-264.

  7. Дьяконов И.М. «Ассиро-Вавилонские источники по истории Урарту» // Вестник древней истории. – М., 1951. - Вып. 3 (37). – С. 207-252.

  8. Сулейменов О. Таңдамалы туындылары. - Алматы: Жібек жолы, 2005. – 384 б.

  9. Ещанова Н. Восток и запад в творчестве Сулейменова О.; АбдуллаевН.А. Социалистическая идея в воззрениях Сулейменова О.; Избасарова Г.Б. Принцип историзма в произведениях Сулейменова О.; Сатыбалды Е.С. Кеңестік идеология қыспағына түскен «Аз и Я» кітабы.; Рысқалиев Т.Х. Творчество Олжаса Сулейменова в контексте философии истории.; Даулетиярова Б.Х. Проблема общности исторической судьбы в творчестве Сулейменова О.; Құрманбекова Б. Сулейменов О. шығармашылығындағы мәдениеттаным мәселелері. – «О. Сүлейменов: история, мироощущение, культура // В сб. матер. респуб. науч.-практ. конф. посвещенной книге «Пересекающиеся параллели». – Актюбинск, 2002, июнь – 26-27. - 92 с.

  10. Бес ғасыр жырлайды. – Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б.

  11. Амантай Д. Көшпелі цивилизацияны аяқтау // Заман Қазақстан. – 1996, тамыз - 23.

  12. Хлебников В. Стихотворения и поэма. – Л., 1961. – 397 с.

  13. (15) Бездетное человечество? // Литературная газета. – 2009. – № 11.

  14. (10)Сулейменов О. Собр. соч. – Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 6. - 472 с.

  15. Медовников С. Возвышенное и земное // Радуга. – 1972. – № 8. – С. 173-174.

  16. (16)Махмудов Х.Х. О. Сулейменов – поэт и филолог // Простор. – 1969. - №6. - С. 103 – 109.

  17. Шашкова Л. Под знаком Олжаса // Простор. – 2006. - № 5 - С.27-32

  18. Сулейменов О. Избранное: Стихотворения и поэма. Сост. и автор С.Абдулло. – Алматы: Раритет, 2006. – 416 с.

  19. Из статьи В. Партнова. Жар непосредственности // Новый мир. – 1963. – № 9. – С. 227-229.

  20. Резников Ю.. Сквозь призму степи // Путь Ленина. – 1968, март – 6.

  21. Киплинг Р. Восток есть Восток. Рассказы, путевые заметки, стихи. М., 1991. – 462 с.

  22. Из книги «Феномен Олжаса» Сб. Материалов посвященных творчеству О. Сулейменова. Сост. С.Абдулло. - Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 416 с.


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет