ОҚытудағы бағалаудың білім сапасын арттырудағы маңызы жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы



жүктеу 85.9 Kb.
Дата02.07.2016
өлшемі85.9 Kb.
ОҚЫТУДАҒЫ БАҒАЛАУДЫҢ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДАҒЫ МАҢЫЗЫ

Жұмағазиева Данасұлу Жүсіпқызы



Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласындағы №272 орта мектеп директорының

ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде, «Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Замануи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік» деген, Мемлекет басшысының ұлағатты сөзі келешектің білімді ұрпақ қолында екенін айқын білдіретіні анық.

Білім берудің қазіргі замандағы негізгі мақсаты білім негізін беріп, білік пен дағдыны қалыптастырып, болашақ мамандық иесі болуға машықтандыру ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаны дербес, әлеуметтік, кәсіби ұтымды шешімдер қабылдап, оны жүзеге асыра білуге даярлау болып табылады. Яғни, бүгінгі оқушы, келешек маман бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, өз Отанына қызмет етуге даяр тұлға болып шығуы тиіс. Әрине бұл жерде ұстаздың орны ерекше, себебі мектеп жұмысы мен оқушылардың жетістіктерін өрістетуде маңызды рөл атқаратын ұстаз. Мұғалімнің шығармашылық белсенділігі ең алдымен өзінің өткізген сабағынан, іс-әрекеттерінен көрініс табады. Әрине алға жылжу үшін, алған мәліметтер мен  істеген жұмыстарды саралап, қортындылап, бағалау керек.

Білім ордасы оқушыларға тек қана білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оқушылардың білімін бағалау, оқушыларды алға ұмтылуға ынталандыру орталығы болып табылады. Ал, оқушының дұрыс қалыптасуындағы шешуші рөлді бағалау атқарады деп ойлаймын. Оқушылардың сабаққа даярлығының, қабілеттінің көрінісі бағамен есептеді. Кейде оқушылар және мұғалімдер арасында "баға үшін оқисың ба" деген сияқты сөздерді естеп қаламын. Бұл дұрыс түсінік емес, баға ол білімнің, жұмыстың нәтижесінің көрінісі, алған білімінің дәрежесін көрсетеді.

«Бағалау» термині «жақын отыру» дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады. Бұл жорамал ресми тестілерден және емтихандардан бастап, мұғалімдер сыныптарда күніне жүз рет өткізетін бейресми бағалауға дейінгі бүкіл бағалау спектріне қатысты. Бұған қарамастан, бағалау түрлі нысанда болуы мүмкін: бір тестілер қолдағы қарындаш пен қағаздың көмегімен жүргізілсе, басқалары сыныптағы әдеттегі сөйлесу кезінде сұрақ қоюға негізделеді: бағалаудың барлық түрлеріне жалпы сипаттамалар тән. Бағалаудың барлық түрлері төмендегілерді қамтиды:



  • қадағалау;

  • алынған мәліметтердің интерпретациясы;

  • бұдан арғы іс-әрекетті анықтау үшін қолданылуы мүмкін шешімдерді қорытындылау. [1]

Көп жылдар бойы бағалау оқушының жетістіктерін басқа оқушының нәтижесімен салыстыру арқылы жүзеге асырылып отырды, ал бұл бағалаудың бірқатар кемшіліктері бар:

− педагогтарға, ата-аналарға және оқушыларға түсінікті болатын білім беру жетістіктерін бағалайтын нақты өлшеулердің жоқтығы;

− педагог әр оқушының жетістігін алдын-ала айқындалған өлшеулер негізінде емес, жалпы сыныптың орташа білім деңгейіне қарап бағалайды;

− оқушыларға қойылған баға оқу бағдарламасының жекелеген бөлімдері бойынша алынатын нақты білімді, білікті, дағдыны көрсете алмағандықтан, әр оқушының жеке білім алу траекториясын анықтауға мүмкіндіктің болмауы;

− қорытынды баға қоюда ағымдағы бағалар есепке алынады, бірақ ол оқытудың қорытынды нәтижесін әділ бағалау болып табылмайды;

− оқыту процесінде мұғалім мен оқушы арасында тығыз байланыс болмағандықтан, оқушының білім алуға деген белсенділігі төмендейді. Алайда оқытудың мақсатына, міндетіне және күтілетін нәтижесіне сәйкес оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесін жасау және енгізу қажеттілігі туындады.[2]

Кембридждік оқыту тәсілі бойынша бағалаудың екі түрі бар: формативті (оқыту үшін бағалау) және суммативті  (оқуды бағалау). Жиынтық бағалаудың немесе Оқытуды бағалаудың мақсаты оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Формативті бағалау әр сабақта және күнде жүргізіліп тұрады. Оқыту үшін бағалау бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын,қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді ідеу және түсіндіру үдерісі. Бұл ретте мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударылады. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартылуы мүмкін және мұғалімдер бағалауды белсенді жүргізген кезде, оқушылар белсенді қатысуы керек. Оқушылар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста, мұғалімнің байқамай төмен немесе жоғары бағалаған бағалау шешіміне де өз әсерлерін тигізе алады. Формативті бағалау мұғалімдерге сыныптағы оқушылардың үлгерімін бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда бағалау барысында критерийлік және өзін-өзі бағалау жүйесін қолдануды өзекті деп санаймыз. Формативті бағалау ата-аналар, мұғалім және оқушыларға ашық, түсінікті және нақты болады. Өзін-өзі бағалаумен қатар оқушылардың бірін-бірін бағалауды жүргізуге болады.Оқушы өзін-өзі бағалаған кезде өздері нәтижеге мүдделі болады.

Критериалды бағалау  бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие.  Өйткені қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Критериалды бағалау бұл мақсаттар мен міндеттердің барлық талаптарына сай орайластырылған.

Критериалды  бағалаудың басты  ерекшелігі:

—          алдын-ала ұсынылған бағалау шкаласы;

—          анық, айқындылығы;

—          бағаның әділдігі;

—          өзін бағалауға мүмкіндіктің берілуі

Критериалды бағалау технологиясы оқушы бойындағы үрейленуді басады және мұғалімді «төрешілік» қызметінен босатып, оқушы бойында өзін-өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік  қабілетінің дамуына ықпал етеді.[3]

Мен өз іс-тәжірибемде көбінесе оқушыларды өзін-өзі, өзара, топтық өзара  бағалау әдістерін жүйелі қолдануды мақсат етіп алдым.  Өйткені оқушы өзін-өзі реттей отырып, өз білім деңгейін анықтайды, өз білімін басқалармен салыстыруды үйренеді. Қате кеткен жерлерін түсініп, әділ бағалауды үйренеді, дағдыланады. Балаларға әртүрлі бағалау әдістерін қолданып көрдім. Мұндағы мақсатым, оқыту үшін бағалауда қайсысы ыңғайлы. Алғашында бағалау кездерінде қиындықтар болды, оқушылар өздеріне жоғары баға беріп, бірін-бірі көтермелеп қойды. Сабақ барысында оқушылар бағалаудың маңыздылығын түсінді. Бағалағанда сөз мәнері, идеялары, өз ойларын дұрыс жеткізе алуы, тәртіптері, ережені сақтауы т.б. қарастырылса, бірін-бірі бағалағанда дәптерде жазылған жауаптарының дұрыстығына, қатесіз жазылуына, яғни критерийлерге сүйене отырып бағаланса, өзін-өзі бағалағанда оқушыда әртүрлі сұрақтар туындайды. «Мен өз ойымды жеткізе алдым ба?», «жауабымның дұрыстығына нақты дәлелдер келтіре алдым ба?», «мен жаңа тақырыпты қалай меңгердім?», «қаншалықты белсенділік таныттым?», «өзгелердің пікірін тыңдай алдым ба?», «неге үй тапсырмасын орындауда салғырттық таныттым?». Осының нәтижесінде бала жауапкершілікті сезінеді, өз білімін жетілдіру қажеттігін түсінеді, талдау жасауды, өз білімін басқалармен салыстыруды, білім алу барысында шешімдерді қабылдай білуді үйренеді, дағдыланады. Ғаламтор жаулап алған қазіргі заманда әрбір мектеп оқушылары өз көңіл күйлерін смайликтер арқылы жақсы көрсете алады. Мен де сол смайликтерді сабақты бағалауда тиімді қолдана алатын болдым. Мысалы «Өте көңілді», «жақсы», «көңілсіз» смайликтерді алып сабақтың соңында «Өзіме өте жақсы баға беремін», «Сабаққа жақсы қатыстым», «Орташа қатыстым» деген смайликтермен өздерін-өздері бағалайды. Бұл да оқушылардың көңіл күйін көтеріп, өздерінде сенімділікті тудырады. Сөйтіп оқушының ашылуына, сабақта белсендік танытуға мұғалім көмектеседі. Тапсырмаларын орындаған кезде оқушының терең ойы, сен күтпеген пікірі, көзқарасы таңқалдырып, қуантады.

Сонымен баға қою білімді және шеберлікті талап етеді. Баға-бала өміріндегі маңызды оқиға. Баға арқылы бала өзі туралы ойын реттеп, сыныптағы беделін нығайтады. Сондықтан оқушыларды бағалауда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданумен қатар, мұғалім тарапынан мадақтау мен ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Ынталандыру – дегеніміз бұл адамның іс-әрекетінің қажеттіліктерін анықтайтын, оның бастамасын, бағытын және белсенділігін құптайтын факторлар жүйесі. Ұстаз сын айтқан кезде негативті түсінік беруден аулақ болуы қажет. Мысалға: «ақымақ жауап», «осылай ойлауға қалайша дәтің барды?», өйткені мұндай сөздер оқушының жеке басына, психологиясына нұқсан келтіреді. «Дұрыс емес», «қате», «дұрыс жауабын кім береді?» деген сөздерден аулақ болып, жұмысының нақты қай жерінің дұрыс емес екендігін айта кетуі жөн болады. Осыдан келіп, ынталандыру арқылы оқушының атқарған жұмысына түсініктеменің берілуі:


  • Кері байланыс өз уақытында болуы керек.

  • Жетістіктерін тек қана мақтау сөздермен ғана айтып қоймай, оң конструктивті (құрылымдық) түсінікпен де жеткізу қажет.

  • Бір-бірінің жұмыстарын оқып тексеруге беріп, олардың оң жақтарын және толықтыратын тұстарын көрсетіп бағалайық.

  • Ең алдымен әрқашан оң аспектілерін атап алыңыз, содан соң сынға алыңыз. Негативті кері байланыс оқушыға емес, жұмыстың осал жақтарына бағытталуы қажет.

  • Оқушының әлсіз жақтарын ешқашанда көпшілік алдында қорлау сөздермен кемсітіп көрсетпеңіз.

  • Оқушыларға өздерінің ойлануларына мүмкіндік беріңіз, аузына сөз салып беруге (подсказка) асықпаңыз.

Қорыта айтқанда, мен, мектеп оқушыларының білімін бағалауды жетілдірудің жолдарына төмендегіше өз ұсыныстарымды айтар едім:

Біріншіден, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет жүзеге асыратын Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының маңызды бір мақсаты ретінде 2020 жылға дейін қазақстандық білім беру жүйесінде бес балдық бағалаудан бас тарту көзделіп отыр. Сондықтан дәстүрлі 5 балдық жүйеден 10 балдық жүйеге 2020 жылға дейін созбай-ақ біртіндеп көшірілсе екен. Себебі, әлемнің көптеген елдерінде 5 балдық жүйе мүлде қолданылмайды екен. Мысалы, Беларусь, Грузия, Литва, Латвия, Молдова бағалаудың 10 балдық жүйесін тәжірибеге енгізген. Германия мен Польшада бағалау жүйесінің 6 балдық, Голландия мен Жапонияда 100 балдық, Италияда 30 балдық жүйесі қолданылады. Франция және оның бұрынғы бірқатар отар елдерінде 20 балдық жүйе пайдаланылады. АҚШ-та 5 балдық жүйе қабылданған, бірақ санның орнына әріптер қолданылады.[4]

Екіншіден, үстіміздегі жылдың оқу жылынан бастап біздің Байқоңыр қаласындағы 5 қазақ мектебі мен 1 балабақша ҚР-ның білім стандартына толықтай көшкен болатын. Осы орайда бұған дейін біздің мектепте 70-тен аса мұғалімдер болса, соның ішінде 6 мұғалім ғана ҚР­ның педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының үшінші (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша сертификатталған. Алайда бұл жеткіліксіз, себебі неғұрлым жаңа әдіс-тәсілдерді теориялық және практикалық түрде меңгерген мұғалімдер көп болса, соғұрлым нәтиже де жоғары болады.

Үшіншіден, «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты – біздің қала мектептеріндегі мұғалімдер үшін «оқушылардың білімін бағалаудың жаңа түрлері» тақырыбы аясында тегін немесе ақылай түрде курстар өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Төртіншіден, мектеп оқушыларының білімін бағалау әдістемесіне байланысты көмекші әдістемелік құралдар жинақталып шығарылып, сол тәжірибелер аймақ көлемінде таратылса деген үміт бар.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерінен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы, білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Сондықтан да мұғалім мен оқушының сапалық өсуі, үйлесімді бір мезгілде жүргенде ғана оқу-әдістемелік деңгейінде сапалық өзгерістер болады.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық , «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» , 46-бет

«НазарбаевЗияткерлікмектебі» ДББҰ,­2012 2012 ж

2. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ оқушыларының оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың жүйесін енгізу тұжырымдамасы, 2 бет

Астана-2012

3. Бешімбаева Қ.Е. Білім алушының тілдік құзыреттілігін жетілдірудегі критериалды бағалау жүйесі . Әдістемелік нұсқау,11-бет.

4. 12-жылдық мектеп жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалау әдістемесі, 11-бет



Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет