Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тарихы



жүктеу 480.6 Kb.
бет1/4
Дата02.07.2016
өлшемі480.6 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3   4

ӘОЖ 339:94 (574.5) (043.3) Қолжазба құқығында


ОРЫНБАСАРОВА ГҮЛЖАН ЖАҚСЫМБЕТҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы

сауда-экономикалық байланыстар тарихы

(ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2009

Жұмыс Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті «Отырар» институтының «Әлем тарихы» кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор А.И.Исмаилов

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ө.Озғанбай

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Л.С.Динашева

Жетекші ұйым: Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Диссертация 2009 жылы 1 шілде күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы 29 мамырда таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Б.Г.Шинтимирова



КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Отан тарихын зерттеуде ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін анықтау күрделі ғылыми бағыт ретінде байқалуда. Бұл кезеңде дала өмірінің дәстүрлі экономикасында нарықтық қатынас элементтері сезіліп, аумақтық өнеркәсіп пен ұлттық капитал іргетасы қалыптаса бастады. Кәсіпкерліктің негізі қаланып, сауда-экономикалық қатынастар дами түсті. Дәл осындай қоғамның модернизациялық әрекеттерге бейімделу мәселелерін зерттеу қазіргі таңдағы еліміздің нарықтық экономикалық қатынастар жүйесінің дамуында өзіндік маңыздылығымен айқындала түседі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Өзгенің дүниетанымын, құндылықтарды тануын сергек сезімталдықпен түсіну – қазақ болмысының ең бір аяулы қасиеті. Мұның өзі, қазіргідегідей қарқынды өмір ахуалына бейімделе білудің қажеттілігі туындап отырған заманда айрықша мәнді» [1, 30 б.]. Қоғамды реформалаудың құрамдас бөлшегі ретінде әлеумет пен оның институттарының жаңа саяси-экономикалық жағдайларға бейімделуі болып табылады. Осы орайда, біздің пікірімізше, ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының нарықтық қатынас пен капиталистік жағдайға бейімделуінің тарихи тәжірибесін ғылыми зерттеу, ой елегінен өткізу қажет ететіні айқын.

ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тарихы өз алдына бөлек ғылыми тақырып. Мұнда өлке ауыл-аймақтарының шаруашылық тұрмысы мен әлеуметтік бет-бейнесін анықтай отырып, жаңа өзгерістердің қандай ықпалмен орын алғанын, қандай түрде дамығанын, нарық пен капиталистік қарым-қатынас жергілікті халық үшін қаншалықты мән-маңызға ие болғанын Отан тарихында көрсете білуіміз керек.

Жалпы алғанда, зерттеу тақырыбының өзектілігі патша өкіметінің Қазақстанда жүргізген экономикалық реформасының тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, оңтүстік өңірдегі сауда-экономикалық қарым-қатынастар тарихын зерттеп-зерделеп, оны қоғамда одан әрі қолдану. Сонымен бірге, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тарихын зерттеуде жекелеген аумақтардың ерекшелігін анықтау болып табылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу жұмысында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың даму тарихына талдау жасалынды. Мәселеге қатысты зерттеулерді 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі, кеңестік кезеңдегі және тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы ғылыми еңбектер топтамасы негізінде қарастырылды. Бұл мәселеде, алдымен төңкерсіке дейінгі орыс зерттеушілерінің еңбектерінің маңыздылығын атап өтуге болады.

Қазақстан даласы арқылы Ресейдің Орта Азия елдерімен жүргізіліп отырған экономикалық байланыстары туралы мәліметтер П.И.Небольсин, Г.Н.Потанин [2] еңбектерінде келтіріледі. Онда Ресей империясының Орта Азия хандықтарымен және одан тыс жатқан шығыс елдерімен сауда байланыстары зерттелді. Бұл еңбектер бүгінгі таңда да құнды екендігі айқын.

Ресей империясының, Түркістан өлкесіндегі Сырдария облысының атақты зерттеушісі және облыстың статисті, бірнеше еңбектің жазбагері Е.Т.Смирнов [3] Сырдария облысының экономикалық даму тарихын зерделеген. Ол Оңтүстік Қазақстан облысымен Ресейдің жүргізген сауда-саттық бағыттары, өндіріс саласының қалыптасуын қарастырады. Ал «Түркістан ведомості» газетінің бас редакторы Н.И.Маев [4] Сырдария облысындағы көпестер, өнеркәсіпшілер, саудагерлер мен қолөнершілер жайында, сонымен бірге ауыл шаруашылық саласының дамуына өзіндік зерттеулер жүргізген. Патша үкіметі ұйымдастырған көрмелер жайында құнды мағлұмат беріп, жергілікті халықтар туралы мақалалар жазған.

ХХ ғасырдың басындағы Жетісу мен Сырдария облыстарындағы жер игеру мен мал шаруашылығына байланысты деректер П.П.Румянцевтің [5] еңбегінде көрініс тапқан. Жазбагер Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі халықтың көшпелі мал шаруашылығымен салыстырғанда отырықшы егін шаруашылығымен шұғылданғанын зерттей келіп, оның өлке экономикасын көтерудегі ролін талдайды.

ХХ ғасырдың басындағы Сырдария облысының Шымкент уезіндегі қазақтар мен орыс тұрғындарының шаруашылықты жүргізудің бюджеттік талдамасы «Хозяйственный быт киргизского, сартовского и русского населения юго-восточной части Чимкентского уезда Сыр-дарьинской области» жинағында қарастырылып, оның әлеуметтік-экономикалық өміріне байланысты мәселелерді көтереді. Ал А.И.Добросмыслов және В.И.Масальский [6] еңбектерін Түркістан өлкесіндегі сауда-экономикалық орталықтарының пайда болуы, орыс сауда капиталының шоғырлануы, завод-фабрика саласының дамуы, сонымен бірге мұндағы ішкі және сыртқы сауда-саттықтың мән-жайы жан-жақты баяндалған.

Қазақтың дәстүрлі шаруашылығын зерттеуде халқымыздың зиялылары – Ш.Ш.Уәлиханов, Ә.Н.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Д.Асфендияров, П.П.Иванов, А.Ф.Рязанов [7] еңбектері маңызды роль атқарады. Олар өз туындыларында Ресейлік үкіметтің әкімшілік және экономикалық саясатындағы отаршылықты, қазақ әлеуметіндегі реформаға байланысты өзгерістердің, қазақ халқының тарихындағы мал шаруашылығының орны мен ролін айқындап, оны тарихи қалыптасқан шаруа және дала тұрғындарының дәстүрлі кәсібі ретінде қарастырады.

ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап отандық тарихнамада құжаттық материалдарды жүйелеу мен жаңа ғылыми ізденістердің бағыты анықтала бастады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы сауданың дамуы мен патша өкіметінің қаржы саясаты ресейлік капитализмнің кең етек жая бастауымен тығыз байланысты болды. Осы тұста И.Ф.Гиндин [8] өлкені мемлекеттік қаржыландырудағы қазақ ұлттық капиталының ауқымын анықтайды. Е.Б.Бекмаханов, П.Г.Галузо және Б.С.Сүлейменов [9] еңбектерінде Қазақстандағы сауда-саттық пен қаржы саясаты, қазақ ауылындағы аграрлық мәселе, тауарлы ақша таралымы және өлкедегі алғашқы капиталистік қатынастар, қазақ қоғамының шаруашылығындағы кәсіпкерлік бастауларды айқындау мәселелеріне сипаттама беріледі.

Ал Т.К.Литвинова, С.А.Сүндетов, Ц.Л.Фридман, Н.Г.Апполова және С.Е.Толыбековтың [10] монографиялық еңбектері ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның экономикалық дамуына арналған зерттемелер ретінде жарық көрген.

Дәстүрлі қазақ шаруашылығындағы сауда мәселесін зерттеген Т.К.Литвинованың еңбегінде ұлттық сауда капитализмінің қалыптасу мәселесі, сауда-саттықтың мән-жайы, түрі, сауда буржуазиясының пайда болуы қарастырылады. С.А.Сүндетовтың еңбегі ХІХ ғасырдың соңындағы жүргізілген сауда-саттық қазақ қоғамындағы натуралды шаруашылықтың ыдырауына ықпал еткенін дәлелдейді. Патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатының негізінде қазақ даласына ақша қатынастары еніп, тұрақты сауданың қалыптасқанын айта отырып, қазақ көпестерінің шет ел фирмаларымен байланыстарын анықтайды. Ал Ц.Л.Фридман осы кезеңдегі қазақ қоғамындағы несие жүйесі мен банк капитализмінің қалыптасу механизмін зерттейді. Жазбагер Н.Г.Апполова Ресейдің Қазақстанмен экономикалық және саяси қарым-қатынастарын шаруашылық негізде тығыз байланыстырса, С.Е.Толыбеков өз кезегінде қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету мәселесін алға тартады.

Қазақстан мен Орта Азияның Ресеймен тауарлы-капиталистік қатынастардың пайда болуы М.К.Рожкованың [11] еңбегінен көрініс табады.

Қазақстанның оңтүстігіндегі патша өкіметінің отарлау саясаты мен аграрлық қатынастардың дамуы П.Г.Галузо [12] еңбегінде көптеген құжаттық және статистикалық материалдар негізінде қарастырылады.

Қазақстанның Ресей құрамына қосылуы нәтижесіндегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгерістерге ұшырауы отандық тарихшылардың тарапынан өзіндік бағасын алған. Бұл мәселе кеңестік және шет ел тарихшылары назарында да тұрды. Осы тұста Ресей империясының отарланған аймақтарда орыс көпестері үшін тиімді жағдайды қалыптастыру арқылы экономикалық саясатты іске асыру мәселесі Н.А.Халфиннің еңбегінде қарастырылса, Г.Чуланов, И.Д.Ковальченко, Л.В.Милов, П.А.Хромов [13] монографиялары өлкедегі өнеркәсіп саласын игеру, сауда рыногының қалыптасуы жайында мәліметтер береді. Мұнда ХХ ғасырдың басындағы жалпыресейлік аграрлық рыноктың пайда болуын сараптай келе, жергілікті нарықтың даму тенденциялары анықталған.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында орын алған жалпы өзгерістер, соның ішінде әлеуметтік және шаруашылық жағдайлар жайлы демограф-ғалымдардың зерттеулері өзіндік роль атқарады. Н.Е.Бекмаханова, Ф.Н.Базанова, Н.В.Алексеенко [14] еңбектерінде статистикалық мол мәліметтердің негізінде Қазақстан, соның ішінде оңтүстік өңір халықтарының құрылымдық өзгерістеріне сипаттама берілген. Қазақтардың дәстүрлі шаруашылықтан нарыққа қарай өтудегі эволюциясы мен экономикасындағы шаруашылық жүргізудің жаңа үлгісін дамыту мәселелері сөз етіледі.

Кеңестік тарихнамада Ресейдің Орта Азия және Қытаймен экономикалық байланыстарындағы халықаралық сауда транзиттік жолындағы Қазақстандық даланың атқаратын қызметі мен оның перспективалық бағыттары анықтала бастайды. Осы орайда С.М.Мадуанов, Н.Хамиев [15] еңбектерінде ХІХ ғасырдың соңындағы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі отырықшы және көшпелі халықтарының Орта Азия қалаларымен өзара сауда қарым-қатынастары зерттеледі. Ал Ресейдің қазақ даласы арқылы Орта Азиямен сауда-экономикалық байланыстарының даму тарихы туралы мәліметтер А.Я.Соколов [16] еңбегінде сөз етіледі.

ХХ ғасырдың 90 жылдары Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі төл тарихымыздың жаңаша зерттелуіне соны серпіліс әкеліп, тың мұрағаттық деректер арқылы тарихымыздың «ақтаңдақтар» беттері айқындала түсті. Отандық тарих ғылымы дамуының басты бағытын айқындаған академик М.Қ.Қозыбаев зерттеудің маңызды тақырыптарының бірі «әлеуметтік-мәдени байланыс проблемалары, отарлау кезеңі жағдайындағы сыртқы күшке бейімделу жолдары және көшпелі қоғамның дәстүрлі элитасы ерекшеліктерін» [17, с. 25] алға тартты.

Оңтүстік Қазақстан өңірінің сауда-экономикалық жағдайына байланысты А.И.Исмаилов, С.Ж.Жолдасов, Л.Лукзен мен С.Н.Маринич еңбектерін атап өтуге болады. Солардың ішінде А.И.Исмаилов [18], С.Ж.Жолдасов [19] ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Әулиеата, Сайрам, Ташкент, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт өңіріндегі сауда-саттықтың жүргізілуін, Ресеймен экономикалық байланыстың артуын, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуын біршама зерттейді.

Шымкент уезіндегі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының дамуына, базарлардың ұйымдастырылуына байланысты Л.Лукзен мен С.Н.Маринич [20] И.Гейердің, В.В.Заорская мен К.А.Александердің талдауларын нақтылап, ғылыми түрде тұжырымдама жасайды.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Ресейдің түрлі қалаларында буржуазиялық-демократиялық және революциялық бағыттарда шығып тұрған «Современник», «Отечественные записки», «Вестник Европы» және «Русский Вестник» басылымдарында шет аймақтар, оның ішінде Қазақстан туралы да жарияланған материалдарға Қ.Алдабергенов [21] өз еңбегінде талдау жасайды. Жазбагер патша өкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының бағыт-бағдарын анықтап, оның өзіндік зардаптарын көрсетеді. Соның ішінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өлкесінің Ресеймен сауда-экономикалық байланыстарын зерттейді.

Соңғы жылдардағы ғылыми еңбектерде Жетісу облысының тарихы мен этнографиясы жөнінде құнды ақпараттар берілген. Бұл ақпараттар арқылы көшпелі қазақ халқының сандық көрсеткіштерін, ХІХ ғасырдың соңындағы Жетісу болыстарындағы қыстақтар мен жайлаулардың ерекшеліктері мен мән-мазмұнын айқын нақтылауға болады. Сонымен бірге бұл құжаттық мәліметтер Келес алқабы мен Арал өңірі, Жетісу аудандарындағы қазақтардың әр түрлі әлеуметтік топтарының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық өмірі және сауда-саттық қатынастары жөнінде бұдан бұрын жинақталған материалдарға қосымша Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-саттық және экономикалық байланыстары жөнінде нақтылы деректер береді [22,с. 47-48].

Зерттеу жұмысының келесі топтамасын, нысанаға алған тақырыптың зерттелу деңгейіне байланысты төмендегі диссертациялық еңбектер құрайды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы патша өкіметінің экономикалық жүйесіндегі отарланған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын зерттеуде Ө.Қ.Қожақов, С.Н.Наумов, Э.Е.Әлжанова, М.К.Түлекова, З.С.Тоқбергеновалардың [23] диссертациялық жұмыстары өлке тарихының зерттеу жұмысымызға байланысты беймәлім тұстарын одан әрі тереңдете түсті. Ал еліміздегі кәсіпкерліктің даму тарихы Л.Н.Нұрсұлтанова, К.Ж.Абиловтың [24] еңбектерінен көрініс тапты.

Осы орайда Қазақстанның оңтүстік аумағына Ресей капиталы мен сауда-саттықтың енуі аумақтық нарықты меңгеру мен отырықшылыққа өту жөніндегі зерттеулер соңғы жылдарға дейін кешенді түрде жүргізілген жоқ. Бұл мәселе тек кейбір еңбектерде Орта Азияның экономикасы мен сауда-саттығын зерттеу негізінде ғана ішінара айтылады.

Диссертациялық жұмыстың ендігі зерттелу деңгейінің топтамасын шетелдік басылымдар құрайды. Қазақ қоғамының нарықтық қатынастарға бейімделуінің тарихнамасы алғашқы кезекте ресейлік еңбектерде көрініс тапты. Нарықтық шаруашылықтың дамуы, алыс-беріс, сауда және банк жүйесінің қалыптасуы туралы біршама шетел басылымдары бар. Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Францияның ғалымдары талдау жасаған мақалалар жинағында Орта Азияның Ресей құрамына өтуі жергілікті халық пен патшалық Ресей арасындағы мәңгілік өшігудің пайда болғанын көрсете отырып, бұл саясаттың нәтижелі болғанына сенімсіздікпен қараған.

Американдық тарихшылар патша өкіметінің Ресейдің орталық аудандары мен Сібірден Қазақстан мен Орта Азияға шаруалардың көші-қон себептері негізіндегі қоныс аудару саясатына байланысты мәселені назардан тыс қалдырмады. Олардың тұжырымдауы бойынша бұл саясаттың шығу себебіне орыс шаруаларына жердің жетіспеуі ықпал етті деп көрсетеді [25, с. 18].

Қорыта келгенде, тақырыпқа қатысты арнайы зерттеудің жоқтығы, мәселенің бірқатар маңызды жәйттерінің сараланбауы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тарихын одан әрі жан-жақты зерделеу қажеттігін көрсетеді.



Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері: Ғылыми зерттеудің басты мақсаты – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы жаңа капиталистік жағдайдағы Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар тарихын саралау болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін мына төмендегі міндеттерді орындау көзделді:

- Дәстүрлі қазақ шаруашылығы бейімделуінің саяси және әлеуметтік-экономикалық факторларын, сонымен қатар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстандағы әкімшілік және жер реформасы, шаруашылық-экономикалық әрекеттердің тарихын анықтау;

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту жағдайына, басты факторларына талдау жасап, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі мал шаруашылығына бейімделуінің аумақтық және хронологиялық жәйттерін сараптау;

- Зерттеу кезеңіндегі Оңтүстік Қазақстан өңірі экономикасындағы жаңа тенденцияларды айқындау. Осы өзгерістерге Ресей капиталының әсерін зерттеу;

- Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі сауда-саттықтың орны мен ролін анықтау. Жалпы Қазақстандық экономикамен байланысын көрсету;

- Оңтүстік Қазақстанның өңірі мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту ерекшеліктеріне сараптама жасау;

- Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы қаржы және өнеркәсіптік қарым-қатынастардың дамуына патша үкіметінің қаржы-несие саясатының әсерін жан-жақты зерттеу.

Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері – ХІХ ғасырдың соңы мен 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтиды. Осы жарты ғасырдан астам уақытта Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты екі облыс - Жетісу мен Сырдарияның Ресей империясының өзге аймақтарымен, барлық жағынан жоғары дамыған астаналары – Петербург пен Москва, сонымен қатар интенсивті дамыған өнеркәсіп және қаржы орталықтары – Орал мен Волга жағалауы шекаралас губерниялармен сауда-экономикалық, әскери-саяси, мәдени-ағарту салаларын кеңінен дамытуға бағытталған тарихи процесстерді байқауға болады.

Зерттеудің мерзімдік шеңберін үш кезеңге бөлуге болады. Біріншіден, ресейлік сауда-өнеркәсіп капиталы Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік өңірі нарығына бастапқы қадам жасады. Екіншіден, отарланған өлке Ресей империясының жедел қарқынмен дамыған тоқыма және тау-кен өнеркәсбінің шикізат көзіне айналды. Үшіншіден, жергілікті мал шаруашылығы және егіншілік өнімдері мен фабрика-завод өнімдерінің тұрақты түрде тауар алмасуы отар өлке мен метрополияның арасындағы маңызды экономикалық байланысты қалыптастыра түсті.



Зерттеу жұмысының методологиялық және теориялық негізі. Зерттеудің әдістемелік негізіне жүйелік бағыт, сондай-ақ тарихилық пен нақтылық принциптері таңдалған. Бұл жайт ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ-орыс сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуын, басқа да әлеуметтік-экономикалық және саяси оқиғалармен өзара байланыс пен бірлікте қарастыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысында сонымен қатар жалпы ғылымдық әдістер: сараптама, талдау, салыстыру, жинақтау, статистикалық жинақтау және арнайы тарихи әдістерден: проблемалы – хронологиялық, салыстырмалы – тарихи, көкейкестілік пен кезеңге бөлу әдістері қолданылған. Деректермен жұмыс жүргізу барысындағы басты әдіс салыстырмалы сын сараптама болып табылады.



Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың (ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы) даму мәселесі капиталистік бағытта даму тұрғысынан беріледі. Оның үстіне өлкенің көшпенді халқының шаруашылығының дамуы кешенді түрде көрсетілген. Бұл жайт Қазақстанның Ресей империясымен сауда-экономикалық байланыстар жүйесіндегі орны мен ролін айқындауға мүмкіндік жасайды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы бұрын жарияланбаған мұрағаттық құжаттар мен жаңа тарихи деректер ендірумен де айшықтала түседі. Диссертациялық жұмыстың мазмұнында мына төмендегі ұсынып отырған ғылыми жаңалығы құрайды:

- Ізденіс барысында зерттелініп отырған мәселелерге, қамтылған сұрақтарға кеңес заманындағыдай таптық немесе саяси идеологиялық көзқарас тұрғысынан емес, жаңаша, ұлттық тұтастық және азаматтық-гуманистік тұрғыдан баға берілген, бүгінгі көзқарас арқылы талданған;

- Қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығының дала қоғамындағы нарықтық қатынастарға негізделіп Евразия аймағындағы жаңа экономикалық дамуға маңызды роль атқарғаны ерекше көрсетілген;

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі дәстүрлі шаруашылықтың дамуындағы ерекшеліктері зерттелген;

- Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі жер игеру және ауыл шаруашылық өнімдерінің нарыққа енуі зерттелген;

- Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі қаржы-экономикалық қатынастардың әр түрлі салада, соның ішінде тауарлы мал шаруашылығы мен кәсіпкерліктің дамуы жан-жақты анықталған;

- Қазақ қоғамының капиталистік жағдайға бейімделуіндегі сауда-саттық, қаржы-несиелік, өнеркәсіптік қарым-қатынастардың алатын орны мен ролі елдің оңтүстік өлкесінің тарихымен толықтырылады.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі әкімшілік-жер реформасы бір жағынан сыртқы жағдайға байланысты дәстүрлі қазақ шаруашылығының қызметін тежесе, екіншіден ол жаңа экономикалық құбылыстардың, соның ішінде жер қатынастарының таралуына ықпал етіп, нарық жағдайындағы дәстүрлі қазақ шаруашылығының дамуына ықпал етті.

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында оңтүстік өлкедегі мал шаруашылығы қазақ қоғамының дәстүрлі экономикасының негізі болып қана қоймай, сонымен қатар нарықтық жағдайға бейімделген, дамыған ұлттық нарықтық экономиканың шаруашылық негіздегі кемелді күшіне айналды.

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан өңірінде нарықтық мал шаруашылығы қалыптасып, еліміздің экономикасында ғана емес, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтық байланыстарда маңызды орын алды.

- Оңтүстік Қазақстан өңірі экономикасында шаруашылық, экономикалық қызметтің жаңа түрлері – егіншілік, аумақтық фабрика және заводтарында жұмыс жүргізу, кәсіпкерлік қызмет басты роль атқарды.

- Қазақ қоғамының нарықтық қатынастарға бейімделуінің басты көріністерінің бірі – кәсіпкерлік қызметтің қалыптасып, кеңінен таралуы еді. Тауарлы мал шаруашылығының, егіншілік мәдениеттің таралуы, аумақтағы өнеркәсіпті меңгеруге қатысу, кәсіпкерлік пен сауда-саттықтың сан алуан түрлерінің дамуы Оңтүстік Қазақстан өңірінде отаршылдық жағдайдың қиын-қыстау кезеңіне қарамастан, қазақ қоғамының нарықтық қатынастарға шынайы бейімделе түскенін көрсетеді.



Тақырыптың деректік негізі. Диссертациялық зерттеу жұмысында тарихи еңбектерде белгілі және жарияланбаған жазбаша деректер мен мұрағат құжаттары құрайды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатында сақталған кеңестік дәуірге дейінгі қорлар бойынша патша өкіметінің әкімшілік басқару мекемелерінің іс-қағаздары, қабылданған шешімдері және т.б. құжаттары. Бұл деректер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасу тарихының сан қилы жолдарын, ерекшеліктерін саралап зерттеуге мүмкіндік берді. Ретімен келетін болсақ: 64 қор – Дала генерал-губернаторлығының кеңсесі; 44 қор – Жетісу облыстық ішкі істер министрлігінің басқармасы; 119 қор – Түркістан уездік басқармасы; 439 қор – көпес-кәсіпкерлер Иванов пен Савинковтың Шымкенттегі Сантонин заводы; 41 қор – Верный уездік басқармасы; 146 қор - Әулиеата уездік басқармасы; 239 қор – Мемлекеттік банктің Верный бөлімшесі; 48 қор – Верный қалалық басқармасы; 10 қор – Дала губернаторлығының солтүстік таулы аймақ инженері; 172 қор – Верный уездік қазыналығы; 300 қор – Қаржы министрлігінің Түркістан өлкесіндегі Жетісу және Закаспий облыстарындағы акциздік алым басқармасының 3-ші аймақтық бақылаушысы; 34 қор – Сырдария облысы Шымкент уезінің мемлекеттік мүлік меңгерушісі; 781 қор - Әскери министрліктің Түркістан қаласындағы Шымкент уездік бастығының аға көмекшісі кеңсесі; 306 қор – Жетісудағы Русско-Азиатский Банктің Верный бөлімшесі.

Көптеген деректер Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатынан алынды: 1 қор – Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесі; 17 қор – Сырдария облысының басқармасы; 269 қор – Сырдария облыстық статистикалық комитеті; 7 қор – Түркістан өлкесінің жер игеру және мемлекеттік мүлік басқармасы; 469 қор – Ташкенттік жәрмеңкелік комитет құжаттары қарастырылып зерттелді.

Мұрағатта ұлттық біріктіруге дейін Сырдария мен Жетісу облыстарына қарасты Қазақстан территориясының біраз бөлігінің енуіне байланысты Түркістан тарихы жөнінде құжаттар сақталынған.

Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі, губернаторлықтың жанындағы дипломатиялық шенеунік, Бұхарадағы Ресейдің саяси агентігі қорларында Ресейдің Батыс Қытай, Ауғаныстан, Иран, Хиуа, Бұхарамен жүргізген дипломатиялық және экономикалық байланыстар тарихы жайлы құжаттар Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі сауда-саттықтың дамуына ықпалын көрсетеді.

Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының №1 қорында өлкедегі ұйым және кәсіпорындар, шаруашылық-экономикалық мекемелер туралы құжаттарға мол. Онда Түркістан өлкесінің және Сырдария мен Жетісу облыстарының қаржы-экономикалық дамуының жай-күйі көрініс тапқан. Түркістан өлкесінің жер игеру және мемлекеттік меншік басқармасы, сауда-өнеркәсіп серіктестіктерінің мақта өнімдерін жинау және өңдеу, сатып алу, Ресейге жеткізу жөніндегі қор құжаттарында Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі мақта егісінің көлемі мен өнімі туралы, тау-кен орындарының шаруашылығы, өнеркәсіп ұйымдары мен темір жол құрылысының тарихы, дамуы жайындағы мәліметтер жинақталған.

Түркістан өлкесінің мәдени өмірі жөніндегі мәліметтер оқу және мәдени-ағарту мекемелері, ғылыми қоғамдар қорларында көрініс тапқан. Ондағы құжаттар Орта Азия халықтары мәдениетінің дамуы жөнінде мағұлмат береді. Мұрағат қорларында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ұйымдастырылып, жүргізілген ғылыми зерттеулер мен экспедициялардың жазбалары мен есептері сақталған. Ресейдің географиялық қоғамы Түркістан бөлімінің атқарған жұмыстары, Түркістан кітапханасы мен мұражайдың, археологиялық қазба жұмыстары мен көне ескерткіштерді қорғау жөнінде, ғылыми қоғамның жүргізген мәжілістерінде жасалған баяндамалар мен қолжазбалар, ғалымдардың хаттары сақтаулы тұр. Бұл құжаттар Оңтүстік Қазақстан өлкесіне қатысты құнды мәліметтер береді.

Диссертациялық зерттеу жұмысында пайдаланған деректерді мән-мағынасына қарай бес топқа бөлуге болады: 1) құқықтық мәндегі деректер; 2) ресми іс-жүргізу құжаттары; 3) статистиқалық мәліметтер; 4) мерзімді басылымдар; 5) жеке мәндегі құжаттар (мемуарлар, естеліктер, күнделіктер).

Жалпы алғанда, осы зерттеу жұмысын жазу барысында пайдаланған деректер кешені ақиқаттарға мол ақпараттардан тұрады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өлкесі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың даму үрдісіне толыққанды деңгейде қарастыруға осындай мәліметтер мүмкіндік берді.



: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Сарсенов Алдар Сарсенович Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі
avtoreferaty -> Әож 94(574. 1): 332 021(043) Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Гиззатов саялбек махамбетұлы бөкей Ордасындағы аграрлық саясат
downloads -> Диссертация қорғаған мамандығының шифры аталып
avtoreferaty -> Аликулова нұрлыгүл сапақҚызы ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік экономикалық жағдайы
avtoreferaty -> Әож 94 (574. 1): 351. 755 «19» (043) Қолжазба құқығында аман әлібек бақытжанұЛЫ
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны
avtoreferaty -> Хайдаров есқайрат ерболатұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы: тарих және тағылым


  1   2   3   4


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет