ОҚу жылында қазақстан республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы



жүктеу 4.22 Mb.
бет6/22
Дата20.06.2016
өлшемі4.22 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

3.3 «Жаратылыстану» білім саласы
Дүниетану

Пәннің мақсаты – қоршаған әлем тұтастығы туралы білім мен адамзаттың табиғатпен қарым-қатынас жүйесі негізінде жалпыадами құндылықтарды қалыптастыру.



Негізгі міндеттері:

  • туған жерінің табиғатына деген сүйіспеншілігін қалыптастыру;

  • оқушыға қоршаған ортаның әр алуандығын, тұтастығын, құндылығын, ондағы өзінің орнын сезінуге мүмкіндік беру;

  • күнделікті өмірде, зертханалық жұмыстарды орындау мен табиғатқа саяхат кезінде қауіпсіздік ережелерді сақтауға дағдыландыру;

  • «адам – табиғат» жүйесіндегі өзара қарым-қатынас жағдайын ұғындыру;

  • танымдық қызығушылығын, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту;

  • қоршаған ортаны сақтау мен қорғауға тәрбиелеу;

  • картадан өз Отаны мен туған жерінің өзен-көлдерін, тауы мен пайдалы қазбаларды тауып көрсетуге үйрету;

  • тірі және өлі табиғат нысандарын ажырату білігін дамыту;

  • танымдық қызығушылығын қанағаттандыру үшін алған білімдерін қолдана білу, туған жердің табиғи байлықтары, өсімдіктері мен жануарлары туралы қосымша ақпараттар іздестіре білу дағдыларын қалыптастыру;

  • бақылау, өлшеу, салыстыру дағдыларын қалыптастыру, өмірлік тәжірибелерін жетілдіру;

  • адам мен табиғаттағы тіршілік әрекетінің өзара байланысын, қоршаған орта заңдылығын, құбылысын, нысандарын меңгерту және оқушылардың адамның қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасы туралы түсініктерін кеңейту;

  • жаратылыстану ғылымы пәндерін одан әрі меңгеруге мүмкіндік беретін білім, білік, дағдыларын жетілдіру.

Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру мен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген 1-4-сыныптарға арналған «Дүниетану» пәнінің типтік оқу бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1-сыныптың бағдарламасындағы «Адам» бөліміне «Еңбек ету арқылы нәтижеге қол жеткізудің маңыздылығы»;

2-сыныптың бағдарламасындағы «Адамның айналадағы дүниемен қарым-қатынасы» бөліміне «Еңбек өмірді жақсартудың негізгі құралы ретінде»;

3-сыныптың бағдарламасындағы «Табиғат және адам» бөліміне «Бар байлықты бүкіл қоғамның игілігі үшін пайдалану»;

4-сыныптың бағдарламасындағы «Қазақстанның өсімдіктері мен жануарлары бөліміне «Бар байлықты бүкіл қоғамның игілігі үшін пайдалану» тақырыптары енгізілді.

Осыған сәйкес 1-сынып оқушылары өз еңбегінің құндылығы туралы, 2-сынып оқушылары еңбек арқылы өмірді жақсарту туралы, 3-сынып оқушылары пайдалы қазбалар, олардың адам өміріндегі маңызы және оларды қоғамның игілігі үшін пайдалану туралы, 4-сынып оқушылары туған жердің егіншілігі мен мал шаруашылығы, даму жағдайлары, оларды қоғамның игілігі үшін пайдалану туралы білім, білік, дағдыларды меңгеруі тиіс.

«Дүниетану» пәнінің апталық оқу жүктемесі: 1-3 сыныптарда аптасына 1 сағатпен, 4-сыныпта аптасына 2 сағатпен оқытылады.

3.4 «Адам және қоғам» білім саласы
Өзін-өзі тану

Пән әр оқушының ішкі жан-дүниесін байытуы және өзіндік қайталанбас жеке даралығын пайымдауы арқылы табиғи қабілеттіліктері мен жасампаздық әлеуетін ашуға бағытталған мақсатты білім беру үдерісін ұйымдастыруды көздейді. Өзін-өзі тану пәнінің оқу-әдістемелік құралдары оқушылардың қоғамға және өз-өзіне қызмет етуіне бағытталып, олардың жасампаздық белсенділігін танытуға мүмкіндік беретін өмірлік маңызы бар, кең ауқымды біліктілік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.



Пәннің мақсаты: оқушының өмірлік айқындамасын анықтауы; түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес сындарлы түрде шешуі; өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау; адамдарға көмек көрсету, туыстарына және жақындарына мейірімді, қамқор болу; өзімен-өзі үндестікте өмір сүру, ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болу; жасампаздық пен белсенділік, азаматтылық және елжандылық таныту; өз ойын, сөзі мен ісін адамгершілік тұрғысынан таңдауға дайын болу және оған жауапты болу; қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамыту.

Пәннің міндеттері:

  • оқушылардың өз-өзіне, адамдарға және қоршаған ортаға деген құндылық қарым-қатынастарын, айналасындағы адамдарға деген сезімталдық және кішіпейілдік таныту қабілеттіліктерін ашу;

  • өзін, өзгелерді, әлемді және адамзатты танып-білу, өзінің өмірдегі орнын түсіну, өзіне және басқаларға жақсылық пен сүйіспеншілік таныту ниеттерін дамыту;

  • өзін дәріптеу, өзіне сену, өз ойы, сөзі және іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімдерін дарыту;

  • адам мен ішкі және сыртқы ортаның өзара байланыстылығын, оның табиғатпен біртұтастығын, тән және жан саулығының бір-бірімен тығыз байланыстылығын түсіну, салауатты өмір сүрудің негізі ретінде өзінің дене және психикалық күйін реттеу қабілеттіліктерін арттыру;

  • әлеуметтік айқындамалар мен рөлдердің көпқырлылығы тұрғысынан өзінің әрекеттері мен мінез-құлықтарын реттеуде терең ойланып, сезіне білу қабілеттіліктерін дамыту;

  • белгілі бір мағынадағы ақпараттарды жинау және оған талдау жасау үшін өзінің білімін, білігін және дағдысын қолдана білу; жағдаятты бағалау; жалпы адамзаттық және этномәдени құндылықтарға қайшы келмейтін жеке шешім қабылдау үшін өзінің көзқарасын білдіру қабілеттіліктерін дамыту;

  • күнделікті өмірде нақты мәселелерді шешуде жасампаздық белсенділік таныту; адамгершілік нормаларына сәйкес алға қойылған міндеттерді сындарлы шешу үшін ұжымда бірлесе еңбек ету және топпен, командамен жұмыс істеу іскерлігін дамыту бұл мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Пәнді оқыту ерекшелігі: оқушының өзіндік бейімін ашу және оның темпераментін, мінез-құлқын, қабілеттерін ескере отырып, оны жеке тұлға ретінде дамыту. «Өзін-өзі тану» пәнінің базалық білім беру мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, 1-4-сыныптарда төрт негізгі бөлімді қамтиды:

  1. Өзін-өзі тану бақыты;

  2. Адами қарым-қатынасқа үйренейік;

  3. Адам болам десеңіз ...;

  4. Әсемдік әлемінде.

Оқыту үдерісі оқушылардың өзіне, қоршаған ортаға және бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынасын айқындайтын адамгершілік мінез-құлықтарды қалыптастыруға, өз-өзіне, қоғамға қызмет етуге бағытталған.

Оқу жүктемесі: аптасына 1 сағаттан: 1-сыныпта 33 сағатты, 2-4-сыныптарда 34 сағатты құрайды.



3.5 «Өнер» білім саласы
Музыка

Музыка оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың қиялының, есте сақтау қабілетінің, танымдық қызметінің белсенділігінің артуына ықпалын тигізеді.

«Музыка» пәнінің мақсаты – оқушылардың музыкалық мәдениетін тәрбиелеуге, азаматтық тұлғасын, көркемдік талғамы мен шығармашылық қабілетін қалыптастыруға, алған білімдерін сабақта және өмірде пайдалана білуіне негізделген.

«Музыка» оқу пәнінің басты міндеті:

- оқушылардың музыкалық құбылыстарға қызығушылығын дамытып, музыкалық шығармаларға өзінің көзқарасын білдіре білу;

- музыкалық-шығармашылық әрекет барысында тәжірибелік дағдыларын іске асыру: музыка тыңдау, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау, мәнерлі қимылдар жасау, суырып салу;

- оқушылардың шығармашылық қабілеті мен қиялын дамытып, көркемдік талғамын қалыптастыру.

Бағдарлама мазмұны қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, классикалық музыканың ең озық үлгілері, қазіргі таңдағы Қазақстан музыка өнері және республикамыздағы өзге халықтардың музыкалық мұрасы болып табылады. Бағдарлама музыкалық өнер дамуының заңдылықтарына негізделіп, оның өмірмен байланысына бағытталған.

Музыка пәнінің мазмұны тақырыптық топтардан құралып, бастауыш сыныптардың бірізді және жүйелі түрде дамуын көрсетеді. Пәнді оқытуда «Қазақ халық музыкасы», «Музыкалық аспаптар», «Концертке және театрға саяхат», «Қазақстан – менің Отаным» сынды ең негізгі тақырыптарға аса мән беріледі. Пән мазмұны тереңдей түсіп, музыкалық құбылыстардың ауқымы кеңейеді.

Оқытудың әдістемелік жүйесі заманауи технологияларды пайдалануға негізделген. 1-2-сыныптардағы сахналық ойындар оқушылардың білімін толықтыра түсіп, коммуникативтік қызмет атқарады. «Мұғалім - оқушы» технологиясы шынайы шығармашылық қарым-қатынас қалыптастырады. «Жетістік» технологиясы окушылардың шағармашылық биігіне көтерілуіне көмектеседі. Бастауыш сыныптарда саяхат-сабақ, концерт-сабақ, ой бөлісу сабағы, репортаж-сабақ және т.б. әртүрлі сабақ түрлерін пайдалану ұсынылады.

«Музыка» пәнiн оқыту барысында Қазақстан Республикасы халқының құрамы көпұлтты екені ескеріледі. Осыған орай, Қазақстан Республикасының барлық мектептерінде музыкалық материалдың бөлігін міндетті түрде дәстүрлі қазақтың және заманауи әуендерге арнауы және еркін бөлігін мұғалім сыныптың нақты ұлттық құрамына сәйкес музыкалық материалды түрлендіруге болатыны ұсынылады.

«Музыка» пәні бойынша барлық сағат саны: 1-сыныпта аптасына 1 сағат, жылына барлығы 33 сағат; 2-4-сыныптарда аптасына 1 сағаттан, жылына барлығы әрбір сыныпта 34 сағат.


Бейнелеу өнері

Бейнелеу өнері курсы өскелең жеке тұлғаның рухани қызметінің қалыптасу шарты болып табылатын эмоциялық-бейнелі, көркем ойлау түрін қалыптастыруға бағытталған.



Оқыту мақсаттары:

- эстетикалық сезімдерді, бейнелеу өнеріне қызығушылығын тәрбиелеу; өнегелі тәжірибесін байыту, ізгілік пен зұлымдық туралы ойларын дамыту; адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу, Қазақстан және басқа елдердегі халықтардың мәдениетін құрметтеу;

- қиялын, кез келген іске шығармашылық тұрғыдан қарау ниеті мен икемділігін, өнер мен қоршаған әлемді қабылдау қабілетін, көркемдік қызметте бірлесіп жұмыс істеу шеберліктері мен дағдыларын дамыту;

- халық шығармашылығына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін тәрбиелеу;

- аңғарымпаздығы мен көріп есте сақтау қабілетін дамыту.

Оқыту міндеттері:

- өзінің қоршаған әлемге көзқарасын шығармашылық жұмыстарында көрсете білу қабілетін дамыту;

- сурет, кескіндеме, композиция бойынша бейнелеу сауаты негіздерімен таныстыру;

- жылы және суық түстермен таныстыру және оларды айыра білуге үйрету;

- бейнелеу өнерінің түрлерімен (графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін, дизайн, сәулет өнері) және жанрларымен (пейзаж, портрет, натюрморт, анималистика және т.б.) таныстыру;

- көркемдік дағдыларды меңгеру (әртүрлі материалдармен жұмыс істеу және әртүрлі бейнелеу техникасын игеру);

- шынайы өмірде көркем мәдениеттің көрінісін байқай білу қабілетін дамыту (мұражайлар, сәулет, дизайн, мүсін және т.б.);

- балаларда сезімдік-эмоциялық белгілерді дамыту: зейін, есте сақтау, қиял, елестету;

- оқушылардың қолдарының моторикасын, иілгіштігін, икемділігін және көзбен шамалау дәлдігін жақсарту.

Оқу бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:


  • ықпалдастырылған модельде пластикалық өнердің алуан түрлері (кескіндеме, графика, мүсін өнері, көркемдік құрастыру, дизайн және сәулет өнері, сәндік-қолданбалы өнер) қолданылған;

  • Қазақстан және әлем халықтары өнерінің ұлттық ерекшеліктеріне құрметпен қарау өзектілендірілген;

  • қазіргі заман өнерінің және өткен заман туындыларының бейнелі ерекшелігіндегі сабақтастық байланыстар айқындалады, мәдениетаралық қарым-қатынасқа және төзімділікке дайындық қалыптасады;

  • аймақтық компонентті қосу, бейнелеу өнерін оқытудың шығармашылық тәсіл мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылған.

Бағдарламадағы оқу материалы көркемдік білімнің іскерлік сипаты мен адамгершілік болмысын көрсететін блоктармен ұсынылған: «Көркемдік қызмет түрлері», «Көркемдік сауат негіздері», «Қоршаған әлемді тану», «Көркем-шығармашылық қызмет мазмұны».

Осылайша блоктарға бөлу ерекшелігі мынада: бірінші блок оқу материалының мазмұнын ашады, екінші блок оны іс жүзінде іске асырудың құралдарын береді, үшінші тапсырма тақырыптың рухани-адамгершілік, эмоциялық-құндылық бағыттылығын болжамдайды, төртінші блок олардан бала көркемдік-шығармашылық тәжірибе алып шығатын қызмет түрлері мен шарттарынан тұрады. Барлық блоктар өнердің әртүрлі: типологиялық, тілдік, құндылыққа бағдарланған, қызметтік қырларын ашады. Олар (барлығы бірге) әр сабақта әртүрлі шамада оқытылады. Барлық блоктар кешенді түрде жалпы көркемдік білім мен тәрбие міндеттеріне бағытталған.

«Бейнелеу өнері» пәні бойынша: 1-сыныпта аптасына 1 сағат, жылына барлығы 33 сағат; 2-4-сыныптарда аптасына 1 сағаттан, жылына барлығы 34 сағат.

3.6 «Технология» білім саласы
Еңбекке баулу

Пәннің мақсаты: бастапқы технологиялық білім, еңбек білігі мен дағдысын, іс-әрекетті жоспарлау және ұйымдастыру тәсілдерін меңгерту; сенсорика, қол саусақтарының ұсақ моторикасын, кеңістік қиялын, ақпарат түрлерінде бағдарлау қабілеттерін дамыту; қоршаған әлем өзгерісіндегі адам еңбегінің рөлі туралы білімді меңгерту; адам және адам еңбегіне құрметпен қарауға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Пәннің міндеттері:


  • алғашқы жалпы еңбек және арнайы біліктерін, еңбек және экологиялық мәдени негізін қалыптастыру;

  • ақпаратты іздеу, қайта өзгерту, сақтау және қолдану үшін практикалық іс-әрекетте және күнделікті өмірде алған білім мен білігін пайдалану;

  • жеке гигиена ережесін сақтау, материалдар және құралдармен қауіпсіздік жұмыс тәсілін қолдану дағдысын дамыту;

  • өздігінен қажетті материалдардан түрлі бұйымдар құрастыру;

  • оқушылардың шығармашылық қабілетін, көркем сезімін, шығармашылық қиялын, кеңістік ой-өрісін, эстетикалық талғамы мен құрастырушылық қабілеттерін дамыту;

  • ұжымдық жұмыс істеуді ұйымдастыру.

Пәнді оқытудың ерекшелігі – адам және қоршаған әлем арасындағы өзара байланысы, қоғам дамуындағы адам қызметінің рөлі туралы түсініктерін, алғашқы технологиялық біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру. Еңбек оқушы дамуының (адамгершілік, ақыл-ой, физикалық, эстетикалық) ең бір басты факторы болып табылады. Осы сатыда қалыптасатын дағды оқушының одан әрі дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, меңгеретін білім және білікті белсенді түрде қабылдауы мен түсінуіне мүмкіндік тудырады.

4-сынып оқулығында «Сым темірмен жұмыс», «Фольгамен әшекей бұйымдар жасау», «Қошқар мүйіз оюының орындалу реті» тақырыптары қарастырылмауына орай, мұғалім пәнді оқытуды жоспарлауда өзге тақырыптармен оқу бағдарламасына сәйкес алмастыра алады.

Қолөнермен шұғылданушылық әрбір халықтың мәдениетінің материалдық қолданушысы болып табылады. Сондықтан оқушылардың білімі мен еңбек дағдыларын қалыптастыру мақсатында еңбекке баулу сабағында көпғасырлық халықтық және ұлттық қолөнерлерді міндетті түрде оқыту мен қолдануға назар аударуды ұсынамыз.

Еңбекке баулу пәні бойынша оқу жүктемесі:

1-сыныпта аптасына 2 сағат, жылына 66 сағат;

2-4-сыныптарда аптасына 2 сағаттан, жылына 68 сағатты құрайды.

3.7 «Дене шынықтыру» білім саласы
Дене шынықтыру

«Дене шынықтыру» оқу пәні – бұл дене шынықтыру қызметі, оқушылардың дене және психикалық саулығын сақтау туралы білімдер жүйесі.

Пәнді оқыту тұлғаны қалыптастыру, танымдық белсенділігінің дамуына бағытталған.

Оқыту мақсаты: қимыл-қозғалыс негіздерін игеру арқылы оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру; өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қараудың қажеттілігін қалыптастыру; физикалық және психикалық қасиеттерінің толық дамуы; салауатты өмір салтын ұйымдастыруда дене тәрбиесі құралдарын шығармашылық жолмен қолдану.

Оқыту міндеттері:

- оқушылардың денсаулықтарын нығайту, дене бітімдерін жақсарту, жалпақтабандылықтың алдын-алу; дененің қимыл-қозғалыс әрекеттерін белсенді және өзбетінше жасауға тәрбиелеу;

- денсаулықты сақтау мен нығайтуға қатысы бар дене тәрбиесі саласының білім жүйесін қалыптастыру;

- дене шынықтыру сапаларын: күштілік, жылдамдық, төзімділік, ептілік, иілгіштік және қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамыту;

- акробатикалық, гимнастикалық, жеңіл атлетикалық және басқа да жалпы дамыту бағытындағы алуан түрлі дене жаттығулар кешенін үйрету;

- жеке тұлғаның әлеуметтік маңызы бар қасиеттерін тәрбиелеу, адамгершілік және жігер сапаларын дамыту, эстетикалық талғамын және мәдениеттілік дағдыларын қалыптастыру;

- жеке гигиена, күн тәртібі, дене жаттығуларының ағзаға тигізетін әсері, жұмыс істеу қабілеті мен қимыл-қозғалыс қабілеттерін дамыту секілді қарапайым білім деңгейін қалыптастыру.

Бағдарлама екі бөлімнен тұрады: «Дене шынықтыру туралы білім (ақпараттық компонент)» және «Әрекет етудің жан-жақты және пәндік әдістерін қалыптастыру (әрекеттік компонент)».

Бастауыш мектептегі дене шынықтырудың педагогикалық жүйесін ұйымдастырудың негізгі түрі: дене шынықтыру сабақтары; оқу күндерінде ұйымдастырылатын және сауықтыру іс-шаралары; спорттық жарыстар мен мерекелік шаралар; спорттық үйірмелерде шұғылдану; дене жаттығуларымен өздігімен шұғылдану.

Оқу пәнінің мазмұнын іріктеу педагогикалық тәсілдерге негізделген:

- жеке адамға бағытталған тәсіл бала организмінің функционалдық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін дене жүктемелерін мөлшерлеуді көздейді;

- әрекет ету тәсілі бала қозғалыстары арқылы дамитындығын қарастырады;

- денсаулықты сақтау тәсілі үйрету процесінде баланың денсаулығын міндетті түрде сақтауды қарастырады.

Вариативті компонент мектептің материалдық базасы мен орналасқан жерін, оқытушының мүмкіндіктері мен оқушының қызығушылықтарын ескеру қажеттілігіне негізделген. Бұл компоненттің оқу материалын білім беру ұйымдары ұсынады, жергілікті орындарда дене шынықтыру пәні мұғалімі әзірлейді.

Дене шынықтыру мұғалімі бағдарлама талаптарына сүйенеді және әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, талаптардың (қорытынды тапсырмалар) өзіндік шкаласын құруына және сол бойынша оқушылардың жылдық үлгерімдерін бағалауына болады.

«Шаңғы дайындығы» және «Жүзу» тараулары бойынша сабақтарды толық мәнінде жүргізуге мүмкіндігі жоқ республиканың аймақтарында оларды алмастыру ұсынылады. Мектеп ұжымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша бұл сабақтар тиісінше дала жарысымен (кросс дайындығымен) және гимнастикамен (ырғақты, атлетикалық, кәсіби-қолданбалы) алмастырылуы мүмкін.

Дене дамуында жетіспеушілігі бар балаларды сауықтыруға бағытталған дене шынықтыру қосымша сабақтары немесе оқушылар мен ата-аналардың сұраныстары және қызығушылықтары ескерілген спорт түріндегі сабақтар оқу жоспарының вариативті жүктемесі арқылы орындалады.

«Денсаулық күні» оқу жылы ішінде 3-4 рет өткізіледі және каникул кезінде ұйымдастырылады.

«Дене шынықтыру» пәнін оқыту барысында оқушыларды топқа бөлу медициналық тексерістің нәтижесі көрсетілген анықтаманың негізінде іске асырылады.

«Дене шынықтыру» пәні сабақтарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы әдістемелік құралдар әзірлеп, орталықтың сайтына орналастырылды (www.nnpcfk.kz).

«ҚР бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2012 жылғы
8 қарашадағы № 500 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР БҒМ 2013 жылғы 25 шілдедегі № 296 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына сәйкес пән бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

1-сынып – аптасына 3 сағат, барлығы 99 сағат;

2-4-сыныптарда – әр сыныпта аптасына 3 сағаттан, барлығы 102 сағатты құрайды.
4 Негізгі орта білім деңгейіндегі пәндерді оқыту ерекшеліктері
4.1 «Тіл және әдебиет» білім саласы
Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептерге арналған «Қазақ тілі» пәні

Білім берудің қазіргі міндеті – білім алып, білім мен дағдыға қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес әлеуметтік кәсіби ақпаратты өзі іздеп тауып, талдай алу, ұғымды пайдалану, тез өзгермелі қоғамға лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.



Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының ерекше құнды арнасы – «Мәңгілік Ел» идеясына басым мән берілуінде. Бұл ретте Елбасы: «Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», - деп түйіндеді.

Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: –«Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» – деген еді. Яғни, жарқын болашаққа жол ашатын мәңгілік құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге шақырды. «Мәңгілік Ел» болып жасай беру, оны қорғау, Қазақстан мемлекетінің тарихын жүйелей, саралай отырып «көздің қарашығындай» сақтау – әрбір азаматтың ұлттық тарихқа деген сүйіспеншілігі, үлкен қайсар шешімі екенін терең білу ортақ парызымыз.

9-сыныптың қазақ тілі бағдарламасына Елбасының «Тәуелсіздік толғауы» туындысы енгізілді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік толғауын» оқытудың өзектілігі мынада: қазір – елдің сын тезінде тұрған уақыты. Дүниежүзілік дағдарыстар әлемді шарпып барады. Жер бетінде тынымсыз арпалыстар, бәсекелестік пиғылдар, агрессиялық әрекеттер күшейді. Ел мүддесіне жат діни экстремистік ағымдар да қауіп төндіруде. Елбасының өз сөзімен айтсақ, «Тұтас дүниені шарпыған дағдарыстар бүгінгі күннің басты сипатына айналуда. Жаһандық экономика кезекті рет соқтықпалы, соқпақсыз жолға аяқ басты».

Мұндай жағдайда қоғамды сөзбен ұйымдастырып, Отанымызға деген сүйіспеншілікті нығайта түсу маңызды. Жасампаз халықтың өткен тарихымен рухтандырып, болашаққа деген адамдардың наным-сенімін күшейте түсу - кезек күттірмейтін іс. Халықтың Елбасына деген сенімі мықты, осындай кезде оның «Біз алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіспіз. Біз жағдай ширыққан сайын шынығуға, кедергіге кездескен сайын келесі серпіліске қуат жинауға дағдыландық. Алысты көздеген даму жолында кездесетін уақытша кедергілерге  мойымаймыз. Еңсені түсірмей, ертеңге сеніммен қараймыз» деген рухты жанатын жігерлі, айбарлы сөздері ел ішінде тыныштықты сақтап, ұлтаралық келісімді бекіте түсері және әрбір қоғам мүшесін Тәуелсіз мемлекеттің құрушысы болуға шақыратыны сөзсіз.

Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды қажет етеді. Еліміздің білім беру ұйымдарының алдына мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту міндеті қойылды. Осы міндетті жүзеге асыру барысында оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспар қабылданып, оның мақсат, міндеті нақтыланды.

Жалпы функционалдық сауаттылық деген ұғым – адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін негізгі фактор. Яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы. Сонымен, функционалдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Осыған сәйкес алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен кез келген тілдік жағдаяттарда қарым-қатынасқа түсе алу даярлығын білдіретін құзыреттілікті қалыптастыру – үздіксіз білім беру жүйесінің маңызды буыны болып саналатын жалпы білім беретін орта мектептердегі қазақ тілі пәнін оқытудың басым бағыттарының бірі. Функционалдық сауаттылық қазақ тілінің функционалды сипатын зерделеу арқылы қалыптасады. Ұлттық білім беру парадигмасы, оның басты ұстанымдары бәсекеге қабілетті білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Ол өз халқының баға жетпес байлығы ана тілін жетік білетін, ұлттық мәдени құндылықтарды бағалай алатын, тілдің таным және қатынас құралы ретіндегі ғажайып мүмкіншілігін пайдалана білетін тілдік тұлға қалыптастыру деген сөз.

Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінің алдында білім сапасының бәсекелестігін арттыру, шынайы өмірлік кезеңдерге бейімделу мәселелері тұр, өйткені адам қоғамда түрлі өмірлік мәселелерге байланысты дұрыс шешімдер қабылдау үшін жоғары кәсіптік пен интеллектуалдық әрекеттерді қажет ететін жағдайларда заман талабына сай өмір сүріп, қызмет етуде. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша PISA халықаралық бағдарламасы оқушылардың оқу барысында алған білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу машықтарын, нақты бір оқу пәндерімен тікелей байланысты емес мәселелерді шеше білу құзыреттіліктерін бағалауға бағытталған.

Оқушылардың білім жетістіктерін зерттеу негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асады: «математикалық сауаттылық», «жаратылыстану сауаттылығы» және «оқу сауаттылығы».

PISA зерттеуiнде оқу сауаттылығы ұғымын оқушылардың жазбаша мәтіндерді ұғуына оқу қабілеттілігі және оларға рефлексия, олардың мазмұнын өз мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдануы, бiлiмдері мен дағдыларын қоғамның белсендi өмiріне араласуы үшiн дамытуы деп түсінуге болады. Оқушылардың оқу сауаттылықтарын тексеру оқу техникасы немесе мәтiннің мазмұнын нақты түсiнуін бағалауға емес, оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған. Оқу сауаттылығын бағалау барысында үш аспекті есепке алынады: оқу материалдарының форматы, тапсырманың түрi, мәтiннiң қолдану жағдайы немесе мақсаттары.

Зерттеу барысында мәтiнді толық түсiнгенін дәлелдейтін машықтары мен меңгере білу деңгейлері бағаланады: мәлiметтi табу, мәтiнді түсіндіріп беру, мәтiннiң мазмұнына немесе оның формасына рефлексия және олардың бағасы.



Пәнді оқытудың мақсаты - өзін және өмір сүріп жүрген ортасын бағалай алатын, ұлттық дүниетанымын кеңейтетін, шығармашылық ойлауға төселдіретін, айналадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрететін, оны тұлға ретінде әлеуметтендіруге мүмкіндік беретін қазақ тілінің білімдік, танымдық, қатысымдық және кумулятивтік қызметтерін меңгерту. Мәтін құрауға қатысатын тілдік бірліктердің түрлі деңгейдегі сипаттамасын, қолданыстағы мағыналық реңктерін және қатысымдық мәнін білгізу.

Пәнді оқыту міндеттері:

  • тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіндіру;

  • тілдің танымдық, қатысымдық, кумулятивтік қызметтерін таныту;

  • оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру;

  • оқушылардың тілдік сауаттылығын арттыру;

  • әдеби тіл нормаларын меңгерту;

  • тілдік жағдаяттарда қарым-қатынас жасаудың амал-тәсілдерін үйрету.

Мектептің негізгі орта білім беру деңгейіндегі қазақ тілі пәнін оқытуда оқушыға тілдің ғылыми негіздері жөнінде толық, аяқталған сипаттағы тұтас білім беру және әдеби тіл нормасын меңгерту көзделеді.

Фонетика, морфология, синтаксис, пунктуация салалары бойынша берілген тақырыптарға жүйелілік толықтырулар жасалды.

Типтік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі: 5-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат; 6-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат; 7-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат; 8-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат; 9-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат.

Әрбір тоқсанда алынатын бақылау диктантының саны сол сыныптағы апталық сағат санымен сәйкес келуі керек.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет