Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 4.28 Mb.
бет1/17
Дата19.06.2016
өлшемі4.28 Mb.
түріОқулық
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
ШЫНДАЛИЕВА МЕҢДІГҮЛ


ЖУРНАЛИСТИКА ЖАНРЛАРЫНЫҢ ПІШІНДЕРІ МЕН ФУНКЦИЯСЫ

Оқулық

Астана, 2012
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

МЕҢДІГҮЛ ШЫНДАЛИЕВА


ЖУРНАЛИСТИКА ЖАНРЛАРЫНЫҢ ПІШІНДЕРІ МЕН ФУНКЦИЯСЫ

ОҚУЛЫҚ


АСТАНА, 2012

УДК 070 (075)

ББК 76.01я7

Ш97
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті



Ғылыми кеңесінің 2012 жылғы 2 шілдедегі (№ 8 хаттама)

шешімімен баспаға ұсынылды.
Пікір жазғандар: Б.Жақып, филология ғылымдарының

докторы, профессор



С.Байменше, филология ғылымдарының

докторы, профессор



Қ.Тұрсын, филология ғылымдарының

докторы, профессор



С.Тапанова, филология ғылымдарының

докторы, профессор




Шындалиева М.

Ш97 Журналистика жанрларының пішіндері мен функциясы: Оқулық. – Астана: ЕҰУ АББ, 2012. -248-б.


ISBN 987-601-7400-12-5
Ұсынылып отырған оқу құралында журналистік шеберліктің, журналистің айтар ойын өз оқырмандарына жеткізе білуінің табиғи пішіні туралы жазылған. Жанрлар уақыт пен кеңістікке тәуелсіз, керісінше, айналадағы болып жатқан құбылыстар мен оқиғалардың ерекшеліктері мен сипаттамаларына тікелей тәуелді. Кез келген журналиске жанрларды білу маңызды. Қандай да бір материалдың қай жанрда жазылғанын, жанрдың қаншалықты дұрыс таңдалғаны мен меңгерілгенін, оны құрайтын элементтердің мәтінде қалай пайдаланылғанын білу маңызды.

Жанр түрлеріне басылым беттерінен, телерадиохабарларынан мысалдар, үзінділер берілген. Келтірілген мысалдар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға септігін тигізеді. Кітап журналистика, баспа ісі, қоғаммен байланыс мамандығында оқитын студенттер мен магистранттар, докторанттарға, журналист еңбегіне құрметпен қарайтын көпшілікке арналған.

УДК 070 (075)

ББК 76.01я7


ISBN 987-601-7400-12-5 © Шындалиева М., 2012


АЛҒЫ СӨЗ
Ұсынылып отырған оқу құралы «Журналистика жанрларының пішіндері мен функциясы» пәнін оқитын журналистика факультетінің студенттеріне арналады. Бұл пән үш бөлімнен тұрады және бір семестр бойы оқытылады. «Журналистика жанрларының пішіндері мен функциясы» пән ретінде оқытылуы болашақ журналистердің дайындығында аса маңызды орын алады. Өкінішке орай, қазіргі журналистер арасында жанрға қатысты қате пікір қалыптасқан. Олардың ойларынша, қандай жанрда жазу маңызды емес, бастысы қандай пішінде болмасын, өз ойыңды жеткізе білу деп түсінеді. Алайда, бұл - жаңсақ пікір.

Жанр дегеніміз - журналистік шеберліктің, журналистің айтар ойын өз оқырманына жеткізе білуінің табиғи пішіні. Жанрлар уақыт пен кеңістікке тәуелсіз, себебі, олар обьективті өмір сүреді және айналадағы болып жатқан құбылыстар мен оқиғалардың ерекшеліктері мен сипаттамаларына тікелей тәуелді.

Журналист материал жазу үшін жанрларды білуі маңызды. Қандай да бір жұмысты зерттеп, талдап, сын айтпастан бұрын, ең алдымен, оның қай жанрда жазылғанын, жанрдың қаншалықты дұрыс таңдалғаны мен меңгерілгенін және оны құрайтын элементтердің мәтінде қалай қолданылғанын ескеруіміз қажет.

Оқу құралы тәжірибелік жұмыстардың өткізілуі мен жазбаша жұмыстарға талдау жасауға қысқаша нұсқама келтірілген. Жанрдың түрлеріне басылым беттерінен, телерадиохабарларынан мысалдар, үзінділер берілген. Оларда жанрлардың өзіне тән белгілері мен қасиеттері нақты, айқын байқалады, журналистің материалмен жұмыс істеу тәсілдері көрінген. Келтірілген мысалдар студенттердің теориялық білімін ғана жетілдіріп қоймай, практикалық қабілетін де шыңдайды.



БІРІНШІ БӨЛІМ
ПУБЛИЦИСТИКА ЖАНРЛАРЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» кітабында публицистиканы «көсем сөз» деп атаған. Публицистика өмір барлаушысы ғана емес, өмір шындығын, өмірдің өзекті мәселелерін, халықаралық саясат туралы, күнделікті тіршілік құбылыстарын, замана шежіресін жасауға, суреттеуге мейлінше оңтайлы. Өмір шежірелерін публицистика жанрлары арқылы жасау баспасөз, радио, теледидар, кино секілді сан-салалы мүмкіндіктері бар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі баспасөзде жарық көріп жатқан кісі күлерліктей ұшқары пікірлерден де, тіпті байсалды академиялық пайымдаулардан да бірнеше өзекті мәселелер төңірегінде көпе-көрнеу ойдан қиыстыру бел алып барады» [1,8-б],- деп сынайды. Шынында публицистиканың негізгі міндеті – заман тарихын әділ, ақиқат жазу, адамның тіршілік-тынысының қай саласын болсын шыншылдықпен суреттеу.

Публицистика – ақиқат өмірдің суреті және оның негізгі арқауы - шындық. Публицистикалық шығармада өмірлік деректер мен құбылыстардың бәрі де бірдей талғаусыз алынбайды, белгілі бір мақсатқа қызмет ететін айғақ-деректер ғана кәдеге жарайды. Қай заман публицистикасы болсын өмір құбылыстары мен оқиғаларын сол дәуірдің әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды. Ғалым Бауыржан Жақыпов қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдарына арнаған монографиясында публицистикаға былай анықтама береді: “Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы” [2,3-б]. Бұл тұрғыдан келгенде, публицистика жанрлары өмірде орын алған шынайы деректер мен құбылыстарды дәл, нақты сипаттайтын, қысқа, әрі жедел, көркем қасиеттерге ие.

Әдебиеттану ғылымында әдебиет пен публицистиканы тығыз байланыста қарап, оның көркем жанрмен салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтап алу қажет. Бұл мәселені шешуде публицистика саласына қатысты айтылып жүрген ой-пікірлер ден қоярлықтай. Публицистика теориясын танып-білуге деген құлшыныс ғалымдардың жаңа буынын ғылымға әкеліп, бұл саладағы даулы мәселелерді шешуге талпыныс білдіруде. Публицистикалық сипаты бар жанрлар сөз болғанда, публицистиканың қисыны бар мәселелерге соқпай кетуге болмайды. Публицистика жанрының табиғаты жөніндегі пікірлер әр қилы. Әдебиет пен журналистикаға ортақ бұл жанрдың көп анықтамасы белгілі. Публицистика өмірдің көкейкесті мәселелерін көріп-біліп, қоғамда болып жатқан өзгерістерді танып, замана талабына сай өзіндік үн қосады. Бұл жанр белгілі бір мәселенің шешілуіне де өз септігін тигізеді. Әдебиеттанушылардың пікірінше, жалпы қоғамдық тақырыптарға қатысты пікір-ұсыныстарды, ойларды публицистикалық туындыға жатқызуға болады. Публицистикалық шығармаларға жоғары талаптар қойылады. Публицистикалық жанрдың табиғаты толық ашылмаса да, ондағы айтылған ойдың үнемі динамикалық қозғалыста болатыны белгілі. Қоғамдық мәні бар тақырыптарға арналған туындыларды қай жағдайда да публицистикалық шығармаларға жатқызуға болады. Н.Кольцов бұл жөнінде былай дейді: «Публицистика – ең бір жағымды мағынадағы әдеби-қоғамдық жанр, ол публицистің өзі тапқан немесе алғаш рет мәлім ететін деректерін қорытады. Бұл ретте, жаңаша қорыта алатын және көрсете алатын мақала ғана нағыз публицистика болса керек» [3,257-б].

Публицистика теориясынан тыс қалмайтын ұғымдардың бірі - «публицисшілдік». Бұл жерде, ең алдымен, көркем әдебиеттің публицисшілдік сипаты жөнінде айтып өту керек. Өйткені, көркем шығарманың да публицисшілдік сарыны болуы мүмкін және бұл туралы әдебиеттанушылар қызықты пайымдаулар айтқан. Мысалы, очерк көркем публицистикалық жанрға жататындықтан, мұнда публицистиканың маңызды элементтерінің бірі - көркем бейнелілік кеңінен қолданылады. Кейбір зерттеушілер публицистиканың эмоциялық элементін басшылыққа ала отырып, оны таза көркем өнер саласына жатқызады. Бірақ, көркем шығармаға қатысы жоқ туындылар да эмоциялық реңкпен жазылуы мүмкін. Мысалы, шаршы топ алдында айтылған шешеннің сөзі эмоциямен, шеберлікпен айтылғанымен, біз оны көркем шығармаға жатқыза алмаймыз. Кейбір ғалымдар публицистиканы таза әдебиеттің бір түрі ретінде қарастырады. Яғни, көркем әдебиет пен публицистика арасындағы айырмашылықтардың бар екенін жоққа шығарады.

Қалай болғанда да, публицистикалық туындылар мен көркем шығармаларды бір арнаға жатқызуға болмайды. Публицистикада көркемділік пен публицистік сипаттар қатар келгендіктен, оны көркем-публицистикалық жанрға жатқызуға болады. Ол үшін, ең алдымен, көркем-публицистикалық жанрдың публицистикамен, публицистиканың көркем әдебиетпен арақатынасын анықтап алу қажет. Бұл жанрлардың бір-бірімен тығыз байланыста екенін ұмытуға болмайды. Көркем өнердің шеңберіне жаңа материалдар, идеялар, көркем құндылықтар еніп отырады. Көркем өнер өмірдің өзінен күш-қуат ала отырып, шын өнерден байланысын үзілген шарттылықты тұғыр етеді. Егер өнер және «өнер еместің» арақатынасы жөніндегі қағида көркем әдебиет пен публицистиканың арақатынасын анықтаған кезде парықталар болса, онда бұл екі жанр арасына «қытай қорғанын» қоюдың қажеті жоқ. Өйткені, «өнерге жатпайтын» жанрлардың ішінен көркем өнермен тығыз байланысатын түр - осы публицистика. Алайда, көркемдігі төмен, не мүлде жоқ шығармаларды «публицистика» деп атау күні бүгінге дейін кездеседі. Публицистік сипат пен көркемділік бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Бұған қарап көркем әдебиет пен публицистиканы бір жанрға жатқызуға да болмайды.

Қазақтың аса көрнекті ғалымы Ш.Уәлихановтан мол әдеби мұра қалған. Қысқа өмірінің ішінде Шоқан Азия және Қазақстан халықтарының тарихы, тілі, әдеби мұрасы, этнографиясы, жағрапиясы туралы бірсыпыра еңбектер жазып, қоғамдық-саяси тақырыпта бірталай публицистикалық туындылар бере алды. Шоқан Уәлихановтың осы еңбектерінің ішінде Ыстықкөл, Тянь-Шань, Түркістан, Қашқария сияқты елді-мекендерге арналған тарихи-географиялық шолулары - бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми күшін жоймаған мазмұнды дүниелер. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарына байланысты мақалаларының да маңызы орасан зор. Мысалы, “Қырғыздардың ата-тегі”, “Сахарадағы мұсылмандық туралы”, “Қырғыздағы шамандықтың қалдықтары”, “Көне дәуірдегі қырғыздардың қару-жарағы және әскери жабдықтары” тағы басқа еңбектері ғалымның тек тарихшы емес, әдебиетші, публицист екенін толық танытады.

Ш.Уәлихановтың орыс жазушыларымен, ғалымдарымен жазысқан хаттары қазақ әдебиетінің тарихы үшін ерекше маңызы бар дүниелер. Оның хаттары мен күнделіктерінен де публицистік дарынын толық аңғарамыз.

Сібір, Қазақстан, Моңғолия мен Орта Азия зерттеушісі, орыс ғалымы Г.И.Потанин Шоқан еңбектері туралы: “Егер қырғыз халқының арасында Шоқанды оқи алатын орта болса, онда халқының кемеңгері, өз елі әдебиетінің қайта өркендеуінің басы болар еді” [4,211-б], – деп дұрыс бағасын береді.



Публицистика элементтерін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының прозалық еңбектерінен де байқауға болады. Абайдың қарасөздері әрқайсысы оқшау жазылған қырық алты бөлек шығарма. Бәрі де қысқа-қысқа, мұнда өз заманының зор шындықтарын сөз еткен Абай моральдық, тәрбиелік ойларын көпшілікке ұсынған. Осы барлық қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның бөлек түрі. Мұнда сюжет, оқиға атымен жоқ, ертегі, мемуар да емес. Ақынның өзі ойлап тапқан көркем сөздің түрі. Мұнда сыншылдық, ойшылдық, адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған толғау. Абай Құнанбаевтан қалған публицистикалық мұраның маңызы туралы профессор Б.Жақып былай дейді: “Батыс және Шығыс мәдениетінің қайнарынан қанып ішкен ғұлама Абай шығармалары да қазақтың жазба публицистикасының көрнекті үлгілері болғандығы айқындалған. Абай өлеңдерінде сол заманның ащы шындығы, қоғам көрінісі, дала қазақтарының бүкіл тұрмыс-тіршілігі көрініс табады” [2,18-б]. Ғұлама Абайдың қарасөздеріне публицистика мәселелерін әр жылдары зерттеген ғалым Х.Бекхожин: “Стиль, идеялық мазмұн жағынан алғанда, Абайдың қарасөздері – нағыз публицистикалық шығарма” [5,21-б],- деп баға береді. Расында да, Абай қарасөздерінде өнегелі ақыл сөздер айтумен бірге, салғырттық, берекесіздік, қоғамдағы орнын таппай жүрген адамдарды қатты сынау жағы басым түсіп жатады және де осы әлеуметтік мәселелер күні бүгінге дейін өз шешімін таппаған күрделі проблема. Қарасөздер қазірдің өзінде жастарға өте қажет ақыл, данышпандық сөздер, тәрбие жүйесінің негізгі қағидалары десек қателеспеспіз. Барлық қарасөздерінің ішінде Абайдың қырық алтыншы сөзінің шоқтығы биік тұрады. Ол туралы М.Әуезов былай деп қорытынды жасаған: “Жалпы қарасөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын – қырық алтыншы сөз. Ол тарихтық мақала-очерк тәрізді. Қазақ халқының қайдан шыққандығына арналған дәлелді, деректі қысқа зерттеу сияқты” [6,209-б]. Шынында да, қырық алтыншы сөзінде Абай қазақтың арабтардан шыққанын құптап, біраз дәлелдер келтіреді. Адам баласының екі тараптан тарағаны туралы былай дейді: “. бірі - Үндістан тарапынан; ол жақтан келген жұрттардың көбі білімді жұрт болып, ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер; екінші – маңғол жағынан келген; олар заманның көбін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарихларын терең білмей, түбі ескерусіз қалып, ата-бабаларын ақсақалдарының айтуымен, ауыз хабарынан білгеніне қанағат қылып жүріскен. Соның бірі, яғни сол маңғолдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғолдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят” [7,165-б]. Осыдан кейін автор қалмақтың төрт атасынан тарайтынын, әр жердегі қалмақтардың жағдайы, арабтардың көшпелі халықтарды “хибаи” деп атау себептерін егжей-тегжейімен түсіндірген. Исламның көшпелілер арасында таралуына, тағдыр талайлары бір халықтардың ортақ діні, салты, тұрмысы турасында тұшымды пікірлер айтқан. Осы Абайдың мақаласы туралы ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: “Білген біліміне қанағат етпесе де, Абай өзінің “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” атты мақаласында исламның көшпелілер арасындағы таралу жайынан хабардар еткен. Әуелде тәңірге табынған қазақтың сенімін өзгерткен заманда да, сахабаларды тұңғыш көшпелілер даласына бастап келген қолбасшыны да дәл басқан” [8,176-б]. Абай Құнанбаев бұл шығармасында ертеректе болған, өз тұсындағы тарихи шындықты, қоғамдық құрылысты, сан алуан жағдайды сол қалпында бұлжытпай танытып беруімен тәнті етеді. Абайдың басқа қарасөздерінде де өзі өмір кешкен тарихи ортаның күнделікті өмірмен байланысын ашып көрсетіп қана қоймай, тәрбиелік ойларға жетелейді. Сондықтан да Абай қарасөздері қай кезеңде болмасын бағасы жоғарылай беретін мол қазына.

Публицистика дәуірдің талабына ілесе, замана ағымымен жарыса отырып дамиды. Әр дәуірдің әдеби нұсқалары – мұның айқын дәлелі. Публицистика жанрларының пайда болуы Қазақстанда жарық көре бастаған алғашқы қазақ газеттерінің атымен тығыз байланысты. Баспасөз жанрларының қалыптасу үрдісі ұзақ жылдарға созылды. Нәтижесінде газет публицистикасының тұрақты пішініне айналып, деректерді қолданудың сан қилы мүмкіндік беретін жанры ретінде танылып отыр. Ең алғаш пайда болған газет жанрларына заметка, корреспонденция және мақаланы жатқызамыз.

Уақыт пен қоғамның талабына сай газет жанры байып, жетілу үстінде. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ баспасөзінде деректермен жұмыс жасау етек алды. Журналистер қандай да бір мәселені жариялай отырып оған күнделікті өмірден үзінділер беріп отырған. Соның барысында газет жанрларының жаңа түрлері пайда болды. Олар: суреттеме, очерк, репортаж. Әрбір баспасөз жанрының өзіне тән тұрақты белгілері мен ерекшеліктері бар. Бүгінгі таңдағы журналистика революцияға дейінгі мен кеңестік публицистиканың баспасөз дәстүрін сақтай отырып жанрлармен жұмыс істеуге үлкен мән беруде.

Жанр (французша «genre») – ерекше қасиеттерге ие пішін мен мазмұннан біріккен шығарма түрі. Жүйе «система» грек тілінде «systëma» – бөлшектерден құралған бүтін, яғни «біріккен» деген мағына береді. Жалпы бір бүтіндікті құрайтын, өзара байланыстағы көп элементтердің жиынтығы. Автордың мақсат қоюы, құжаттарды толтыруы, публицистикалық сөз саптаушының мазмұны мен сипаты оның пішінін, яғни жанрын анықтайды. Жанрды дұрыс таңдау материалдармен жұмыс, деректерді жинау, құбылыстарды түсіндіру кезінде көмек береді. Публицистика жанрлары аудиторияға әсер ету мақсатында, шынайылықты беруде, көркемдік құралдарды қолдануда және сараптама жасау тереңдігі мен топтастырылуы арқылы өзара жіктеледі. Осыған байланысты, олар үшке бөлінеді: ақпараттық, сараптамалық және көркем – публицистикалық.

Жанр түсінігі әдеби шығармашылықпен қоса журналистиканың негізгі түсінігі болып саналады. Журналистикадағы жанр түрлерінің әдебиеттанудан біршама айырмашылығы бар. Бұл ерекшелік журналистиканың әдебиеттанудан айырықша міндеті, мақсатымен түсіндіріледі. Журналистика әдеби шығармашылықтың негізінде құрылып, одан туып отыратынын ұмытпағанымыз жөн. Бірақ журналистика беллетристика мен сыннан жоғары тұрып, кей уақытта олармен шекараласа отырып бөлек құбылыс ретінде дамығанын ескеруіміз керек.

Жанр түсінігі негізінде екі мағынада қолданылады:



  1. Әдебиеттің түрін анықтау үшін - кең мағынада (драма, лирика, поэзия) қолданылады.

  2. Әдеби жанрдың ішіндегі шығармалардың алуан түрлілігін белгілеу (әңгіме, повесть, роман, эссе) мақсаты тұрады. Жалпы мағынада жанр – бұл өзіндік ерекшеліктері бар шынайы өмірді суреттеудің бір пішіні. Жанрлар ешкімнің де шығармашылық жемісі емес, олар тарихи және әдеби даму кезінде өзіндік құбылыс ретінде пайда болған. Сонымен қатар, шынайы өмірді суреттеудің пішіні мен әдіснің негізінде қалыптасқан объективті құбылыстармен шектелген тарихи жанрлық жүйе құрылды. Жанр туралы жазушы К.Федин былай дейді: «Кез келген шығарманың мазмұны өзіне сәйкес жанрмен белгіленуі мүмкін. Яғни, әртүрлі жанрға бөлудің ең негізгі шарты - шығарманың мазмұны болып табылады. Кез келген шығарманы жанрға бөлу пішін сәйкестігіне байланысты топталған жанр белгілері арқылы анықталады»[9,320-б].

Жанр - белгілі бір нақты шығармашылық міндеттерді жүзеге асыратын шығарманың түрі. Ол музыка, театр, бейнелеу өнері, әдебиет, публицистика секілді шығармашылықтың барлық саласына қатысты. Барлық қызметтің негізінде адамдардың кез-келген қажеттіліктерін қанағаттандыру үрдісі жатыр. Аудиторияны әлеуметтік ақпараттандыру, халықты интелектуалдық жағынан басқару, олардың қоғамда орын алған үрдістерге деген көзқарасын қалыптастыру, осының барлығы журналистиканы көпшіліктің сөзін сөйлеп, ойын қалыптастыратын күшті құрал екенін аңғартады. Сондықтан да журналистикадағы жанрдың басты мақсаты - қызмет ету. Бірақ іс-әрекет өз алдына жеке-дара бола алмайды. Алдымен белгілі бір мақсат пайда болады, одан кейін сол мақсатқа жету үшін нақтылы іс-әрекетке көшуге болады.

Қоғамдағы бар қызметтің түрі бір жүйе бойынша жүзеге асады. Бізді қоршаған орта табиғаттың бір бөлігі, адам қызметінің, іс-әрекетінің нәтижесі. Адам қызметінің бір түрі, журналистикадағы әрбір жанр белгілі бір міндеттерді атқарады. Әрбір журналистің шығармашылығында көпшілікке көрінбейтін жақтары мен жұмыс әдісі бар. Нәтижесінде белгілі бір мақала, хабар, бағдарлама пайда болады. Міндеттер неғұрлым көп болса, жанр да соғұрлым әртүрлі болады. Егер адамнан ақпарат алумен шектелмей, сол кісі туралы айтқың келсе, сұхбат-портрет жанрында жазу керек. Бір мәселе жайлы ақпаратты жан-жақты іздестіріп, жария еткің келсе, сұхбат-сауалнама жанрында жазу шарт. Белгілі ресми тұлғалардан алынған сұхбатты баспасөз-конферециясы деп атайды. Журналист алдындағы міндеттің күрделілігі оны жүзеге асыратын әдіс-тәсілдердің күрделенуіне әкеп соғады.

Журналистің жұмысы шығармашылық болғандықтан үнемі ізденісте болу журналистің парызы. Тас қалаушы үйді қалыптасқан бір жүйе бойынша кірпішпен өреді. Сол секілді монтаждаушы, бетоншы, слесарь, столяр сынды мамандар да бұл үрдіске қатысады. Әртүрлі жанрда, тақырыпта жазу үшін үнемі біліміңді толықтырып, кәсібіңді шыңдап отыру керек. Журналист қызметінде жеке дарын, кәсіби дайындық, өмірде болып жатқан өзгерістерге жеке позицияның болуы өте маңызды.

Академик Д.С. Лихачев: «Журналистика жанрлары бір-біріне тәуелді. Олар өзгеріп біртұтас жүйені құрайды. Журналистика жанрларының жүйесі қоғамның саяси өмірімен біте қайнаса отырып дамиды»[10,48-б],-дейді.

Жалпы журналистиканың жанрлары газеттің ақпаратты ұсыну түрлерін негізге ала отырып, жеке стилін біртіндеп қалыптастырады. Бұған мысал ретінде жиырмасыншы жылдардағы радиогазеттің пайда болуын атап кетуге болады. Бір жағынан, радио арқылы сол кездегі көпшілікке, яғни сауатсыз халыққа жеткізу мүмкіндігі пайда болса, екінші жағынан, баспасөз тәжірибесін дыбыстық мүмкіндіктерді қолдана отырып, телерадиожурналистикаға тән жанрларды қалыптастырды. Сонымен бірге, телерадиожурналистиканың дамуына баспасөзден басқа театр, кино, соңынан телевизияның ықпалы зор болды. Соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, жанрлар арсындағы шекаралар жойыла бастады. Сұхбат көп жағдайда әңгіме немесе дөңгелек үстел түрінде өтіп жатады. Очерк пен репортаж, репортаж бен радиокомпозиция немесе телерепортаж бен деректі драма жанрларының жақындасуын да байқауға болады.

Жанрларда ақпаратты ұсынудың үш негізгі түрі бар:

- дәйектерді хабарлау;

- деректер мен оқиғалардың өзара интерпретациясы;

- деректер мен оқиға желісін көркем-публицистикалық жағынан ашу.

Ақпаратты берудің бұл әдістері баспасөз, телерадиожурналис-тиканың үш негізгі жанр топтарының пайда болуына септігін тигізді.



  1. Ақпараттық – хабар-ошар, заметка, сұхбат, репортаж, есеп.

  2. Сараптамалық - корреспонденция, комментарий, әңгіме, шолу.

  3. Көркем-деректі (публицистикалық) - очерк, фельетон, деректі драма және телерадиокомпозиция.

Жанр жүйесінде оның барлық элементтерінің арасында байланыс бар екенін айтқан жөн. Әрбір жанр дербес болғанымен, бүкіл жүйенің тәуелді бөлшегі болып табылады. М.М. Бахтиннің пікірінше: «Жаңа пайда болған жанр бұрыннан келе жатқан жанрдың орнын баса алмайды. Керісінше, өзінше реңк беріп, толықтыра түседі. Жанр санын көбейтіп сапасын жақсартады»[11,67-б],-дейді. Журналистік ақпараттың қандай жанрда жасалуына әсер ететін бірнеше мәселелер бар. Ең алдымен, журналистің өзіндік тұлғасы, кәсіби дайындығы, тәжірибесі. Екіншіден, уақыт талабы, баспасөздің, телерадиоком-паниялардың қоғамдық-саяси ұстанымы сынды бірнеше фактордан тұратын жүйеге байланысты.
Публицистика жанрлары мен пішіндерінің зерттелуі

Адамзат баласы қашанда үздіксіз ақпарат алмасуда. Бізді күн сайын газет, радио, телевизия, соңғы уақытта қолданылу аясы арта түскен кибернетикалық газеттер (он - лайн газеттер) ақпарат ағынымен қамтамасыз етеді. Соның салдарынан журналистика саласындағы мәліметтерді жариялаудың пішіні мен әдісі жетілу үстінде. Қоғамның жаңарып, жетілуіне байланысты газет жанрлары түрленіп жаңғыруда. Газеттік публицистика жанрларының түп-тамыры ғасырлар тереңінен басталады. Қазақ баспасөзінің дамуы ХІХ ғасырдан бастау алып, қазақ газеттері басылып шыға бастады. Осы уақытта қазақ журналистикасының тәжірибесі мен теориясы дамыды. Бұған Алаш қайраткерлері мен басқа да көп публицистер мен әдебиеттанушылардың алғашқы теориялық және әдеби-сын еңбектерін жатқызуға болады. Журналистика теориясының қарқынды дамуы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталады. Журналистика институттары мен басқа да оқу орындарының ашылуы осы жылдардың үлесіне тиеді және ондаған журналистика теориясына қатысты ондаған ғылыми-зерттеу еңбектер жарық көрді.

Журналистика ғылымның шырқау шегі өткен ғасырдың 1960-1980 жылдар аралығына тиесілі. Осы жылдары журналист шығармашылығының теориясы мен әдістемесі жайлы көп ғылыми-зерттеулер жарық көрді. Солардың ішінде Т. Амандосовтың «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» – Алматы: Мектеп, 1968.- 243б.; «Публицистика дәуір үні». – Алматы: Қазақстан, 1974, - 147 б.; «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы». – Алматы: Мектеп, 1978. – 272б.; М. Барманкұловтың «Жанры печати, радиовещания и телевидения». – Алматы: КазГУ, 1974. – С. 128.; Х. Бекхожиннің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары». – Алматы: ҚМБ, 1964. – 268 б.; «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі». – Алматы: Мектеп, 1981. – 240 б.; Б. Кенжебаевтың «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі». – Алматы: - ҚМБ, 1950. – 47 б.; Ш. Елеукеновтің «Замандас парасаты». – Алматы: Жазушы, 1977. – 300 б. [12] атты еңбектерін атауға болады. Бұл кітаптардың авторлары, журналист шығармашылығының лабораториясын жан-жақты меңгерген журналистер мен ғалымдар еді.

1990 жылдардан бастап журналистика және газеттік публицистика, жеке журналистердің шығармашылық лабораториясы туралы диссертациялық жұмыстар қорғалып, жеке кітаптар жарық көрді. Солардың ішінде мына еңбектерді атауға болады: Әбдіманов Ө. А.Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1992. – 23 б.; Жүсіпов С. Ә.Бөкейханның өмірі мен әдеби-публицистикалық мұрасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1995. – 23 б.; Шәріпов А. Сұлтанбек Қожанұлының әдеби-публицистикалық мұрасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1994. – 24 б.; Байменшин С. Б.Майлиннің журналистік шығармашылығы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1995. – 26 б.; Бейісқұлов Т. Бейімбет Майлин – сыншыл публицист. //Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1997. – 30 б.; Сұлтанбаева Г. Саттар Ерубаев – журналист, публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1998. – 22 б.; Жақыпов Б. Мұхтар Әуезов – публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1994. – 32 б.; Есдаулетов А. Публицистика Ануара Алимжанова. // Автореферат дисс. канд. филол. наук. – Алматы: 1999. – С. 25.; Нуртазина Р. Публицистика Габита Мусрепова. // Автореферат дисс. канд. филол. наук. – Алматы: 1995. – С. 26.; Сердәлі Б. Камал Смайылов – публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 1999. – 30 б.; Оспанов С. Сырбай Мәуленов – журналист, публицист. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 2000. – 32 б.; Жақсылықбаева Р. Шерхан Мұртаза – публицист, редактор. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 2002. – 34 б.; Асанов К. Е.А.Букетовтің публицистикасы. // Филол.ғыл. канд. дисс. авторефераты. – Алматы: 2002. – 32 б. [13]. Бұдан басқа журналистика теориясы бойынша кітаптар, газет жанрларының түрлері мен ерекшеліктері, олардың тарихы жайлы газет тәжірибесінен үлгілер берілген монографиялар мен зерттеу еңбектер жарық көрді.


: bitstream -> handle -> data
data -> «Қазақ» газетіндегі ұлт-азаттық КӨтеріліс туралы мақалалардың маңызы
data -> -
data -> Ішкі саяси тұРАҚтылықты жүзеге асырудағы ақпараттық саясаттың РӨЛІ
data -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі меңдігүл шындалиева омбы өҢірі қазақтарының Әдеби шығармашылығЫ
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> Шежірелік еңбектердегі очерктік белгілер
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет