Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 4.28 Mb.
бет15/17
Дата19.06.2016
өлшемі4.28 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Аннотация

«Аннотация» латын тілінен аударғанда «annotatie» - «ескертпе» деген мағына береді, кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси-идеялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама» [88,385-б]. Бұл жанр туралы да әртүрлі тұжырымдар бар: «Аннотация сол шығарманың негізгі мән-маңызын қысқаша түйіндейді» [89,124-б],-дейді профессор Тұрсынбек Кәкішев. Осындай анықтаманы академик Мұхаметжан Қаратаев пен профессор Тауман Амандосов та айтқан. Сайып келгенде, аннотацияға мынадай сипаттама беруге болады: «Аннотация – бір ғана шығарманың қысқаша мазмұны»[90,45-б].

Аннотацияның кітапқа жазылатын еңбектің бірінші бетінде берілетін өте шағын түрі және баспасөзде басылатын шығарманың қысқаша мазмұнымен бірге қосымша пікір, үгіт-насихат жасауға құштар авторлардың мақаласы кездеседі. Бұл жердегі басты мәселе – автор қалам тартуының басты мақсатын айқындап, әр жанрдан бір жұлып ала-құла жасамай өз білімін жанрлық ерекшелікке бұруы тиіс. Демек, шығарманы немесе кітапты талдай ма, сынай ма, аннотация жазады ма, жоқ әлде жарнама жасай ма қашан да сыншының қаперінде сараланған жинақы ой айту мақсат етілуі керек.

Аннотацияға қойылатын талаптардың өзіндік ерекшеліктері бар, яғни, аннотацияға бірдей талап қойылмайды. Кітаптың алғашқы бетіне берілетін аннотация мен баспасөз беттеріндегі аннотацияның өзара айырмашылығы бар. Қазақ баспасөз беттерінде аннотациялар көп кездеседі, және ол үлкен өзгеріске ұшыраған түрде кездеседі. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2005 жылғы № 3(24) санында «Бәрекелді!» айдарымен жаңа жарық көрген кітаптардың суретімен бірге кітаптың авторы кім, қай баспадан шыққандығы, кітап мазмұнынан қысқаша сипатталған түрде ақпарат береді. Мұны жарнамаға да жатқызуға да болады, бірақ қазіргі баспасөз бетіндегі аннотацияның негізгі көрінісі осындай. Мысалы, «Қос ішек» (топтама жинақ). Құрастырушы Таңдай Кенеев. Алматы, Қаз ҰТУ Баспа орталығы, 2004 ж. «Бұл жинақта Қ.И. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің 70 жылдық тарихындағы ұрпақтар сабақтастығының үлгісі, инженер мамандығы мен шығармашылықты домбыраның қос ішегіндей бірдей алып жүрген азаматтардың еңбектерін ұсынады»,- делінген. Ал жалпы, аннотацияның үлгісі әдеби кітаптарда немесе шығармаларда төмендегідей мысалмен анықталады. Т.Кәкішевтің «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» кітабына мынадай аннотация жазылған: «Бұл оқу құралында қазақ әдебиеті сынының тарихына, жанрлардың сипаттамасына баса назар аударылып, сыни ой-пікірлердің шығу, даму, қалыптасу кезеңдеріне жан-жақты талдау жасалған. Әдеби сынның эстетикалық мұраты, оның әдебиеттану ғылымымен байланысы, әдеби мұраны игеру мәселелері туралы парасатты тұжырымдар айтылған.

Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ әдебиетшілерге арналған»,-делінген. Жалпы аннотация жанрының шапшаңдық, шағын көлемді, нақтылық қасиеттерін рецензия өзіне дарытқан. Рецензия баспасөз бетіне лайықты сын жанры болса, аннотацияны баспасөзге емес, оқулықтар мен ғылыми еңбектерге жазылатын баспасөз жанрларының түріне жатқызған жөн.

Аннотацияның басты қызметі кітапқа қысқаша сипаттама беру десек, кейде аннотация жазушылар кеңейтіп жазу барысында басқа жанрға ауысып кетіп жатады. Ал бұл дегеніміз кітапқа жазылатын аннотацияның кемшіліктері баспасөзде жазылатын аннотацияның жетістіктеріне айналады. Бұл туралы сыншы Д.Ысқақұлының «Сын жанрлары» атты еңбегінде нақты сарапқа салады. Баспасөз бен кітаптың алғашқы бетінде жүретін аннотацияның аражігін айырып, тиімді пайдалану кез-келген сыншыға қойылатын талаптардың бірі. Демек, баспасөз беттерінде жүретін аннотациялар көпшілікке арналып, кейде рецензияға айналып кетіп жатады. «Ана тілі» газетінің әр санында әдебиет, тарих, тіл саласында шыққан жаңа кітаптармен таныстыра отырып, аннотацияға орын беріп отыруды үрдіске айналдырған.

Аннотация мен рецензиядан басқа баспасөз бетінде үнемі халыққа жаңалық, ақпарат жеткізіп отыратын, көпшілікті әдеби-мәдени хабармен қанықтыру қызметін атқарушы әдеби хабар немесе әдеби сын жанрының ең икемді, шағын жанры. Басқа сын материалдардан бұрын халыққа әдебиет айдынында жарық көріп жатқан жаңа туындылар мен мәдени жаңалықтарды газет арқылы жеткізуді мақсат ететін ыңғайлы жанрлар. Зерттеушілердің айтуынша, алғашқы қазақ баспасөзінің «Айқап», «Дала уалаятының газеті», «Түркістан уалаятының газеттері» беттерінде әдеби хабар түріндегі ғалым Т.Кәкішевтің айтуындағы «жарнама-сындар» жарық көрген. Қазір бұл «жарнама-сын» «Қазақ әдебиеті» газетінде «Баспалар, басылымдар» айдарымен және газеттің «Кітап әлемі» қосымшасы арқылы жиі беріледі. Ал бұған дейін аталмыш газеттегі әдеби хабар «ҚӘ хабарлайды», «Қазақстан жазушылар одағында» атты айдарлармен беріліп келді. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1993 жылғы 29 қазанындағы санында «Баспалар, басылымдар» айдары төрт кітаптың жарыққа шыққандығын хабарлайды: «Атамұра – Қазақстан» баспасы демограф Мақаш Тәтімовтің «Қазақ әлемі» атты зерттеу кітабын жарыққа шығарды». Көріп отырғанымыздай, әдеби хабарлама өте шағын, әрі оның басты міндеті – хабар беру. Бұл жанрды «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінен ұдайы көреміз. Және өзінің жанрлық сипаты жағынан басқа жанрларға қарағанда тез ерекшеленетін қасиеті бар. Жоғарыда айтылып кеткен «Бәрекелді» айдарындағы жаңа кітаптар туралы ақпарат әдеби хабарлама жанрына тән ерекшеліктермен көрініс табады.

1994 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі әдеби хабарлама «Күн сынап» деп аталатын арнайы бетке басылып келген. Мысалы, 1994 жылғы 11 наурызда жарық көрген газеттің №10 санында «Күн - сынап» бетіне «Ақын мерекесі алдында», «Халық мұрасына қамқорлық», «Жүлдегерлер анықталды», «Шығарма арқауы – шытырман оқиға» сияқты бірнеше хабарламалар берілген. Онда елдегі әдебиет пен мәдениет шеңберінде болып жатқан жаңалықтар қысқаша баяндалды. Бұл жанрдың негізгі міндеті сол - әдебиет айдынынан ақпарат тарату. Сондықтан әдебиет сынының ең қарапайым, әрі маңызды жанры әдеби хабарлама өз қасиетін жоғалтпаған.


Эссе

Баспасөздегі эссе. Газет-журнал беттерінде жиі жарық көретін тағы бір жанр түрі – эссе. Эссе туралы айтылған ойлар мен тұжырымдар аз емес. Алайда оны әдебиет сынының жанрына жатқызуды жөн көрген Д.Ысқақұлының пікірінше: «Эссе – көркем жанр. Солай бола тұрса да оның сыншылық сипаты айқын. Эсседе ғылыми талдаулардан гөрі автордың өзіндік әсерлері, шығармашылық тәжірибелеріне негізделген ойлары басым, шағын көлемді, еркін құрылымды келіп, көркем әдеби стильде жазылады» [91, 231-б],-дейді. Ал, әдебиеттану терминологиялық сөздігінде эссеге сын жанры деп қана емес: «Эссе тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философиялық, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры...» [92, 378],- деп анықтама береді.

Байқауымызша, эссені жазушылар мен публицистер түрлі бағытта жазады. Біреулер объектінің көркем бейнесін жасау, ашу болса, енді біреулер тек ой – толғанысын жеткізе жазады. Ал тағы біреулері өз ой-толғамын жеткізе отырып, объектінің көркем бейнесін ашуды қатар жүргізеді. Демек, эссені жазу жазушының жазу стилі мен ойлау қабілетіне байланысты болады және эссеист жанрдың өзіне тән қасиеттерін жіті білуі қажет.

1993 жылғы 24 желтоқсандағы «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Шашырап түскен тіркестер» атты А.Сүлейменовтің эссесі жарық көрген. Оның өзіндік ойы мен терең толғанысы эссенің жанрлық деңгейін жоғалтпағандай. Соңғы кездері жарыққа шығып жүрген «Әдебиет айдыны» газеті де эссе жанрына көп орын беріліп жүрген басылымдардың бірі. Газеттің 2006 жылғы 23 ақпанындағы санында жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Менің пірім» атты эссесі басылды. Эссе жыр алыбы Жамбылға арналған. Автор өз өмірінен алған естеліктерді толғана отырып, Ж.Жабаевтың өміріне, отбасына шолу жасаған. Өзінің түсінде Ж.Жабаевтан алған батасын жақсыға жорып үлкен түйіндер жасайды: «Ғажайып ұлы адамдардың кие, пірі болады. Абылайхандікі – қызыл түлкі, Райымбек бабада – ақ түйе, Кемпірбай ақында – көкала үйрек. Ал, Жамбыл атамыздың киесі – қызыл шұбар жолбарыс».

Қазақ әдеби сынындағы эссе жанрына қалам тербеген атақты қаламгерлердің баспасөз беттеріне жазған эсселерін саралап айту оңай шаруа емес. Алайда, кейбіріне тоқталып кетуге болады. Мысалы, Ақселеу Сейдімбектің «Парасат» журналына шыққан «Ой толғағының» ауқымы кең, мәдени-тарихи өмірдің ең қызықты мәселелерін қозғай отырып, әдебиет, мәдениет, өнер туралы түрлі ойлар айтады. Б.Кенжебаев, Ғ.Мүсірепов, А.Сүлейменов, С.Әшімбаев, С.Шаймерденовтер эсселік мақалаларын жиі жарияланып тұрған. Эсседе көбінесе, автордың өзіндік ой-толғаныстары, әсерлері көрініс тауып, ғылыми талдау ысырыла береді. Қазақ басылымдары эссе жанрын оның жанрлық қасиеттерін сақтай отырып өз беттерінен түсірмей келеді. Басылымдардың тарихына көз жүгіртсек, тәуелсіздік алғанға дейін де, тәуелсіздік алғаннан кейін де эссе жанрына айрықша орын беріп келгенін байқау қиын емес.

Эссе туралы ғалым Д.Ысқақұлы: «Сонымен сын жанрларының ішіндегі эссе жанры - әдебиет жайлы не бір құнарлы ойлардың бір бұлағы, әдебиетіміз, қаламгерлеріміз хақында жүректі жарып шыққан ақжолтай пікірлерді оқырмандарға жан жылуымен, әсем әсерімен, бейнелі бояуымен сол күйінде жеткізудің бірден бір арнасы. Көркем әдебиет пен оның сынының арасында жүріп, екеуіне бірдей қызмет ететін өміршең жанр. Қазақ эссеистикасы әлі жас. Оның болашағы алда. Қазақ әдебиеті мен сынында эссенің эссеистикасы аталатын үлкен өркенді салаға айналатындығына сеніміміз мол» [91, 237-б], деген пікір айтады.

Қазақ баспасөзіндегі ерекше жанрларының бірі ретінде атап кеткен эссе жанры да өз ішіндегі портреттік-эссе деп аталатын түріне «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 12 желтоқсанындағы санында «Академик Қозыбаев» атты портреттік-эссе жарық көрді. Бұл эссе М.Қозыбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған. Авторы - сол кездегі КСРО Журналистер одағының мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Материал портреттік-эссе болғандықтан мұндағы ой мен мақсат бір ғана адамның өмірі мен 60 жасқа дейінгі жасаған ерліктерін көрсету екені белгілі. Жоғарыда айтылғандай, эссені жазу жазушының стилі мен ойлау қабілетіне байланысты. Эсседе автордың өзіндік көркем ойлары айқын аңғарылады. Бұл эссенің басы өзінің көркемдік тұрғыдағы мынадай сөйлеммен ашылады: «Қазақ халқының тарихына, ең қайғылы, қаралы кезең болып енген, Атыраудан Алтайға дейінгі ұлан-байтақ өлкені бұрын-соңды болмаған аштық жайлаған сол бір зұлматқа толы жылдың қарашасында Қозыбай ақсақалдың ортаншы ұлы Қабаштың шаңырағында сәби дүниеге келді». Портреттік-эссенің жазылу стилі қарапайым көрінгенмен, академиктің өмірлік портретін ашу, жетістігін жеткізуде мақала авторының бар шеберлігін салғаны көрінеді. Жалпы, осы аталған эссе көбінесе жазылу түріне қарай сын жанрларының шығармашылық портрет түріне көбірек келеді. Себебі, шығармашылық портрет, зерттеушілеріміздің пікірінше «жазушы туралы құжатты очерк» [93, 895-б] ,-деп аталған болатын. Бұл жанрдың ерекшелігі – негізгі объект тұлға және кез-келген жайды сөз еткенде автордың қатысынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан, эссе жанры шығармашылық портретке, әдеби портретке де жанасады.



Телеэссе. Эссе французша «essai» сөзі «тәжірибе» деген мағына береді екен. Бұл философиялық, әдеби-сыни, эстетикалық публицистика авторының жеке көзқарасын еркін кейде, парадоксалды, ауызекі сөйлеуге бағытталып берілуін қамтитын жанр. Жанрдың негізін қалаушы ХҮІ ғасырда өзінің әйгілі «Тәжірибелер» атты кітабын жазған француз философы, гуманисі Мишель Монтень саналады. Орыс әдебиетінде эссеистиканың тамаша үлгілерін Ф.М.Достоевскийдің «Жазушының күнделігі» атты шығармасынан табамыз.

Ресей журналистикасында эссе жанрының пионері болып «Көрермен» («Зритель») журналы саналады. Ол ХҮШ ғасырда авторлардың басынан кешкен түрлі оқиғаларды, жеке хаттарды жариялауға кірісті. Бастапқыда эссе жанрында тақырыптық шектеулер болмаған. Эссе ауыл шаруашылығы, театр қойылымда-рының тұсаукесерлері, саясатты, мәдениет пен әдебиетті қамтыды. Алайда, біздің ғасырымыздың басында эссе жанрында тек әдебиет және өнерге қатысты тақырыптар жазыла бастады, эссе кейінен өзіндік рецензия өлеңдер немесе пьесса, вернисаж, не фильм пішініне айналды.

Теледидардың пайда болып, дамуымен эссе жаңа сипатқа ие болды. Теледидар коммуникациясының тұлғалық, лирикалық сипаты эссе жанрындағы көркем публицистикалық хабарлама дайындауға бейім. Бұл жанр құрылымы автормен, тұлғамен тікелей қарым-қатынасты талап етеді. Эссе терең тұлғаландырылған журналистика жанры.

Алайда, теледидардағы эссе жолында үлкен бір кедергі бар. Бұл жанрдағы туындылар аудиторияға, яғни көрермендерге тек авторы атақты, шеберлігімен көрермендерге танымал және олардың құрметіне бөленген жағдайда ғана қабылданады. Орыс телеэссеис-тикасының шебері И. Андроников – актер, жазушы, ғалым теледидарда бірнеше телеэссенің классикалық үлгісін жасауымен тарихта қалды. Оның «Үлкен зал жайлы естеліктер», «Невский проспект» және тағы басқа эсселері рессейлік телехабарламалардың алтын қорына енді. Бұл жерде Г.Шергованың «Дошкова жайлы аңыз бен ақиқат» және «Дәл сол Таня ма?», А.Габриловичтің «Біздің балалықтың футболы», «Біздің балалықтың циркі», «Біздің балалықтың киносы» эсселерін атап өтуге болады.

Эссе жанры авторларға үлкен тақырыптық, мағыналық, пішіндік, көркемдік, бейнелік, сонымен қатар, теледидардың табиғи талаптарына сай келетін мүмкіндіктер береді. Бүгінгі теледидар тәжірбиесі жанрдың барлығы емес эссеистиканың – өзіндік стилі, мәнері, тілдік ерекшеліктері жайлы сөз қозғауға мүмкіндік береді.
Сатиралық жанрлар

«Сатира» грек тілінен аударғанда «қоспа», бұл нақты шындықты көрсету, жетілдіру мақсатында оны сынау деген мағына береді. Сатира ежелгі заманда қоғамдағы әлеуметтік құрылыстың пайда болуымен пайда болды. Журналистикадағы сатиралық жанрлар суреттеудегі шыншылдығымен, деректерінің нақтылығымен өзгешеленеді.

Журналистика теориясын зерттеушілер сатиралық жанрлардың мынадай түрлері: фельетон, памфлет, эпиграмма, мысал, шарж, карикатура, анекдот т.б. бар екенін айтады. Журналистиканың басқа жанрларынан сатиралық жанрлар сатира, әзіл, ирония, сарказм, гротеск, гипербола және басқа көркемдік әдістерді қолдануымен ерекшеленеді.

Фельетон – бұл ауқымды сатиралық жанр, үш бастаудың синтезі: публицистикалық дерек нақты, көкейкесті, өзекті ғана емес, сондай-ақ жедел болуы тиіс, сатиралық дерек әзілді мазмұнмен анықталады, оның бағасы сатиралық талдауды қарастырады және көркем сатиралық бейнені жасау, фельетонды сатиралық қысқа жазбадан айырады.

«Фельетон» сөзі француз тілінен аударғанда «парақ» деген мағына береді. 1800 жылдың 27 қаңтарында «Де Пари» журналына театр афишалары, ұсақ хабарламалары бар парақ салынған екен. Фельетон жанры өз бастауын осы парақтан алады, соңынан осындай парақтардың дұрыс дамуына кедергі болатын өмірдің күлкілі және қисынсыз құбылыстарын келемеждейтін сатиралық шығармалар басып шығарылып отырған.

Фельетон түрлері: фельетон-мақала, фельетон-корреспонденция, фельетон-очерк, фельетон-суреттеме, іскер қағаздары стиліндегі фельетон: фельетон-шағым, фельетон-арыз; драмалық фельетондар: фельетон-пьеса, фельетон-скетч және т.б.

Қазіргі уақытта фельетондар баспасөз беттерінен мүлдем жоғалып барады. «Время» газетінде «Азиопия елінен» айдарымен Сапа Мекебаевтың фельетондары басылған, онда біздің еліміздегі саяси жағдай, саясат пен қоғам қайраткерлері сыналады. «Казахстанская правда» газетінде «На взгляд фельетониста» айдарында С. Ковалевтің сатиралық шығармалары басылып тұрады, бірақ екеуінің де көркемдік жағы кемшін, бұл ол шығармалардың жанр дәрежесіне көтерілуіне кедергі болып тұр.

Фельетон. Сатиралық жанрдың бір түрі – фельетон. «Фельетон дегеніміз – шағын көлемді, публицистикалық үнді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай, күлкілі жайлары бар әдеби көркем шығарма» [94,78-б]. Фельетон негізінен баспасөз беттерінде жиі көрініс табады. Бірақ, зерттеушілердің айтуынша, фельетон талаптары жоғары, бір сыншының бойынан әрі көркем, әрі публицистикалық ой айту, әрі әдеби тілмен өрнектеп жеткізу қабілеті кездесе бермейтіндіктен бұл жанр өте сирек кездеседі.

Қазақ басылымдарының соңғы бетіне басылатын сатиралық шығармалар ішінде фельетон талаптарын қанағаттандыратын ойлар ұшырасып жатады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2005 жылдың 22-28 шілдесінде шыққан санында «Қалжыңқалта» айдарындағы «Бас-бизнес» атты Г.Құрбанбаеваның жазған фельетон-мақаласының мазмұны әзіл арқылы бастағы биттердің ереуіл жасағанын жеткізіп, бас иесінің битке көнген шаруасы битті дәріханаға өткізу бизнесіне айналғанын жеткізеді. Материал көркем-публицистикалық сарынға бой ұрмаса да, өмір шындығы шағын әңгіме түрінде жазылған. Ал, әдеби шығармаға жататын фельетон-рецензия туралы зерттеуші Д.Ысқақов біршама ой өрбітеді. Фельетон-рецензияға мысал ретінде «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы 27 сәуіріндегі санында Т.Әлімбекұлының Бекежан Тілегеновтің «Күйкі өмірдің шикі өсегі» кітабына жазылған фельетон-рецензиясында: «Құдай салмасын, бір керемет кітап жарық көріпті. Айтылмай келген шындықты шырқыратып отырып, судың бетіне сүйреп шығарған көрінеді» сияқты жолмен басталады.

«Қазақ әдебиеті» газеті сатиралық жанрды жариялауда алдына жан салған жоқ десек артық емес. Себебі, бүгінгі «Сатира стадионы», «Қалжың қалталардан» бұрын «Қожанасыр қоржыны», «Бүйенбайдың пұшпағы», «Тураби трибунасы» сияқты беттік әзіл бұрыштары үзілмей жарық көріп тұрды. Сатира қашанда жақсының кемшілігін көрсетіп, жақсылығын арттыруға қызмет етеді. Сондықтан сатира жанрының өміршеңдігі «Қазақ әдебиеті» газетінен анық байқалады. Аталмыш газетке сатира жанрына қалам тербеушілер қатарына Көпен Әмір-Бек, М. Шерім т.б. атауға болады.

Памфлет – нақты, азаматтық, әлеуметтік-саяси мақсаты бар көкейтесті публицистикалық шығарма. Бұл жанрдың фельетонмен ұқсастығы айқын және сын әшкерелеуші, жоюшы қасиетке ие.

Памфлет – грек тілінің «Раn» - «барлығы», «флего» - «өртеймін» сөздерінен шыққан, әшкерелеу сипатындағы шығарма, мұнда сатиралық бастау сарказмды, патетиканы және ашулы экспрессив-тілікті, ал публицистикалық - көкейкестілікті, дәлдікті, құжаттылық-ты және әшкерелеудің ірі масштабын (ірі әлеуметтік құбылыс, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері) құрайды. Памфлет - әдебиет пен журналистикадағы сирек құбылыс. Ол Эразм Роттердамскийден «Письма темных людей» (1515 ж.), Франсуа Рабленің «Гаргантюра и Пантагрюэль» (1534 ж.). Даниэль Дефоның «Кратчайший путь расправы с диссертерами» памфлеті үшін масқара бағанасында тұрды. Дени Дидродың «Философиялық ойлары» өртке оранды. «Философиялық хаттар» үшін А.Чаадаев жарым ес деп танылды. В.Г. Белинскийдің «Гогольге хаттары» қара тізімге еніп таралды.

Пародия – мазақтау-жанры. Пародия мақсаты – сыналатын құбылыстың ерекшеліктеріне, оның мазмұнына, нысандарына нұсқау. Пародиялар көркем әдебиетке, театр қойылымдарына, кинофильм-дерге, өлеңдерге, музыкаға және тұрмыстық жағдайларға жазылады.

Эпиграмма – грек тілінен аударғанда «тастағы жазу» - бұл сипаттаманың, сынау ауқымының, мазақтың шекті тығыздығымен ерекшеленетін сатиралық миниатюра. Ол нақты объектіге, кейбір жағдайларда жағымсыз құбылысқа бағытталған. Эпиграмма карикатураға мәтін ретінде жиі қолданылады.

Мысал – нақыл сипатындағы сатиралық шығарма, кейіпкерлері жануарлар болады. Мысал әдеби және публицистикалық шығарма ретінде үш бөліктен тұрады, әр түрлі стильге және тіл ерекшеліктеріне ие. Бірінші бөлім немесе бастама оқырманды әрекетке келтіретін орташа стильге ие. Екінші негізгі бөлім – мұнда кейіпкерлердің негізгі әрекеттері, үшіншісінде жоғары стильмен жазылған нақыл бейнеленеді.

Ежелгі грек мысалшысы Эзоптың мысалдары біздің күнімізге дейін жетті және қазіргі уақытта оларда көтерілген мәселелер өзекті болып табылады. Француз мысалшысы Лафонтен оның дәстүрін жалғастырып, кейін олар орыс мысалшысы И.А. Крыловпен қосталды. А. Байтұрсынов Эзоптың, Лафонтеннің және Крыловтың көптеген мысалдарын қазақ тіліне аударды және өзі де бірқатар мысалдарды жазды, олардың ішіндегі атақтысы «Маса» жинағы болып табылады.

Карикатура – бұл сыналатын құбылыстың, оқиғаның, адамның гротекст бейнесі. Карикатуралар сөздік және бейнелі болады. Заманауи Қазақстан БАҚ-тарында карикатураның екі түрі де кездеседі. Мысалы, Ресей теледидарында «Куклы» бағдарламасын карикатураға жатқызуға болады.

Шарж – француз сөзі «ауырлық», адамның, оқиғаның, құбылыстың сынамалы бейнесі. Карикатурадан шарж дененің немесе құбылыстың қандай да бір бөлігінің гипертрофиялық, гротекстілі бейнесімен ерекшеленеді. Достық және сатиралық шарждар қазіргі басылымдарда көп кездеседі.

Анекдот – көкейкесті өткір сын мазмұндалатын нақыл сипатындағы шағын сатиралық шығарма. Анекдот мәтіні «төңкерілген пирамида» қағидасы бойынша құрылады, яғни, нақыл ең соңында айтылады.

Теледидардағы сатиралық жанрлар. Теледидар публицистика-сында бағдарламаның сатиралық бөлімі ерекше орын алады. Экран сатирасы өзі тіршілігінің нақты пішіндерін қиын, әрі оңай емес тапқанымен телестудия бағдарламаларында ол әлі де эпизодты болғанымен, сатира шындықтың бейнесінің өзіндік әдісі ретіндегі теледидардағы нақты әлеуметтік орны ерекше.

Теледидар бағдарламаларындағы сатиралық жанрлардың өзіндік ерекшелігі сатираның әлеуметтік маңызы, әрі жаман әрекеттерден «тазалаушы» функциясын атқарумен түсіндіріледі. Теледидардың деректі табиғаты сатиралық телебағдарламалардың әсерін күшейтіп, сонымен қатар автордан жоғары жауапкершілікті, өзі сынап отырған адамдар мен көрермен алдында адалдықты талап етеді. Сатиралық жанрдағы хабарларды жасаудың үрдісі өте қиын. Сатиралық бағдарлама жасау үшін табиғи талант, жоғары шеберлік, қабылдау ұшқырлығын, ой тереңдігі қажет. Ұлы орыс сатиригі М.Е.Салтыков-Щедрин: «Сатираның шынымен де сатира болып көздеген мақсатына жету үшін біріншіден, оқырманға оны жазушы ұстанған идеалды көрсетуі, екіншіден, оның уы бағытталған жағына нақты жетуі қажет»[95,16-б],- деген екен.

Сатира әзіл-сықақтан, екеуі де күлкі келтіруге бағытталған-дығына қарамастан бір-бірінен ерекшеленеді. Алайда, әзіл-сықақ әдетте жақсы, жұмсақ болып, оның кейіпкерлері аудиторияның жанашырлығын туғызады. Сатира болса бұл әшкерелеу, күнәларды бетіне басу, бұл «күйретуші күлкі», «асып түсу күлкісі». Бұл жерде де өзіндік градация бар. Күлкіні оның нысанына бағытталған ащылықты, ирония жасайды. Ирония сарказмға айналуы мүмкін. Сатиралық шығармаларда шындықтың әлеуметтік тұрғыда қабылданбайтын сол немесе басқа сұмдық мәнін ашатын гипербола, гротеск және кейіптік асырмалаудың, барынша ұшқырлықтың басқа да пішіндері қолданылады. Күлкілі тәсілдердің бар тізбегі бейнеленіп отырған материалға қатысты жаман қарым-қатынастың көбеюімен сипатталады.

Теледидардың шығармашылық тәжірбиесінде сатиралық материалдарды беру шектелген. Соған қарамастан теледидарда кездесетін сатира жанрының ең маңыздыларын сипаттап өтейік.



Фельетон - бұл публицистиканың кең тараған сатиралық жанры. Ол сатиралық жанр топтарының анықтаушы өзегі. Оған тән қасиеттерді жинақтайды және синтездейді. Очерк сынды, фельетонда туындының композициялық құрылымын жасағанда және көркемдік бейнелеуші құралдарды таңдауда шығармашылық қиялдың еркіндігін талап етеді. Фельетонда образды баяндау әдісі кеңінен қолданылады. Бұл жанрдың ортақ қасиеттері экрандық нұсқасында да сақталады. Осылайша бейнелеудің деректілігі мен көркемдігін үйлестіре отырып фельетон жанр ретінде сценарий жазушы автордың ғана емес оператор мен режиссердің шеберлігін талап етеді.

Әсірелеудің міндетті элементтері (гротекстік, қарастырылып отырған жағдайдың жеке, кейде жасырын қасиеттерін бірінші орынға шығару қажеттілігі) әдетте ракурс таңдауына, кадрларды салыстыру тәсіліне, ассоциативті монтаж басымдылығына әсер ететін бұл жанр шығармаларының ерекше монтаждық бейнелеуші құрылымын, экрандық шешімін білдіреді. Экран фельетонының мәтіндік бөлігі де өзіндік ерекшелікке ие. Ол бейнелеуші қатар сынды мақсаттарды көздейді. Фельетон сатиралық жанр ретінде болғандықтан, автор ирония сарказм, гротеск, біртекті баяндаудан қызу қандылыққа, образдық сипаттамаларға, күтпеген қақтығыстарға және салыстыру-ларға өтіп отырады. Яғни, телефельетон сценариі айқын көркемдікке ие шығарма болуы тиіс.

Фельетон қатаң тексерістен өткен дерекке негізделеді, шынайы мекен-жайға ие және әдетте шынайы адамдарды бейнелейді, олардың есімдерін пайдаланады. Мұндай теледидардағы фельетон мақсаты мен сипаттамасы тұрғысынан газеттік фельетонға жақын. Алайда, шынайы теледидар фельетоны мен оны эстрадада орындалған, теледидардан көрсетілген әдеби түрін салыстыруға келмейді. Көпен Әмірбектің тамаша монологтарынан бастап, Жарылқасын Дәулетов, Мұхтар Шерімнің телекөрермендер арасында өте танымал қойылымдары, әдеби фельетондары бар. Фельетондық сатира мен юмордың барлық мүмкіндіктерін пайдаланып отырған телециклдың қоюшысы «Хабар» арнасындағы Серік Абас-Шахтың «Ұят болмасын» бағдарламасы өзіндік ерекшеліктерге толы болды. Қысқа мерзім ішінде танымал болып, бірнеше жыл бойы жоғары рейтингті ұстап тұруының басты себебі, басқа арналарда бұған балама немесе ұқсас циклдардың болмауы. Памфлет қасиеттерін бойына сіңірген Серік Абас-Шахтың «77 күн» танымал циклын біраз уақыт көрсетіп отырды. Екеуі де біздің өмірдің ішкі мәселелеріне бағытталған, бұл қазақ теледидарының бағдарламалық саясатының демократизация-сының көрінісі деуге толық негіз бар.

Орыс теледиарының өкілі Юрий Хащеватскийдың «Қарапайым президент» атты фильм-памфлеті халықаралық жүлделерге ие болды, бірақ Белоруссия үкіметінің наразылығын туғызды. Сатираның әр уақытта қарсыластары табылатын себебі түсінікті.

Теледидардың көрнекілігі, көрермендердің көптігі бір жағынан, екінші жағынан, теледидардағы фельетон жанры көрермендерге ерекше әсер етеді, осы жайларды ескеріп сатиралық жанрдағы туындыларды жасағанда автор әділетті болу керек. Ішкіштер мен бұзақылар жайлы газетке басылып шығарылған фельетон бір басқа да, ондай адамдардың экрандағы тірі галереясы бір басқа. Көрермендер образы эмоционалдық әсерді сөзбен салыстырғанда көп есе арттырады. Бірақ, осының бәрін деректі экрандық фельетонға айналдырғанда қоғамдық резенанс туғызады, бұл қоғамдық ортаны жағымсыз әрекеттермен таныстырып, оларды осы келеңсіздіктерге қарсы бірге күресу үшін пайдаланылады.

1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет