Оқушының ғылыми жобасы Секциясы: қазақ әдебиеті Тақырыбы: «Аңыз әңгімелер – даналық көзі»



Дата29.06.2016
өлшемі52.25 Kb.
Оқушының ғылыми жобасы

Секциясы: қазақ әдебиеті

Тақырыбы:

«Аңыз әңгімелер – даналық көзі»



Зерттеуші: Оңтүстік Қазақстан облысы

Мақтарал ауданы

«Жаңа жол» жалпы орта мектебінің

7 «А» сынып оқушысы Ұлжалғас



Жетекшісә: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М. Айтураева


Жоспар.



  1. Кіріспе бөлім.

Аңыз әңгімелер – даналықтың бастауы.

II. Зерттеу бөлімі:

ІІ.1.Тарихи аңыздар сыр шертеді.

а) Асан қайғы туралы ел аузындағы әңгімелер.

ә) Асан қайғы – дала данышпаны.

ІІ.2. Түркі халықтарына ортақ аңыздардағы Асан қайғы бейнесі.

III. Қорытынды.

Аңыз әңгімелердің тәрбиелік мәні мен танымдық қыры.



Зерттеудің мақсаты:

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – тарихи аңыздардың тәрбиелік мәні мен танымдық қалпын ашу, жас ұрпаққа аңыз әңгімелердің даналыққа бастайтындығын ұғындыра отырып, аңыз кейіпкерлерінің ұлағатты ойларын үлгі ету.


Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы:

Аңыз арқылы әлеуметтік мәселелер көтеріліп, ұнамсыз қылықтар сыналады. Ата-бабаларымыз өмір тәжірибесінен алған тәлімін жастарға ақыл-өнеге ретінде бағыттаған. Бірлік-ынтымақ – игі өмірдің кепілі екенін айтып, даналыққа үйреткен.



Зерттеу кезеңдері:

1. Тарихи аңыз кейіпкерлері жайлы мәліметтерді оқып, жан-жақты талдау;

2. Аңыз туралы ғалымдардың пікірлерімен, зерттеулерімен танысу;

3. Жиналған материалдарды талдау, қорытындылау, жинақтау.


Зерттеу әдістері:

∙ Ізденіс

∙ Әдеби-теориялық талдау

∙ Салыстырмалы талдау

∙ Жүйелі қорытындылау

Кіріспе
Қазақ әдебиеті сан ғасырлардан бері өзінің құндылығын жоймай, жас ұрпаққа үлкен үлгі, өнеге көрсетіп келеді. Оның бастауы қазақ ауыз әдебиетінен бері сарқылмас қазына болып жалғасын тауып келеді. Қазақ ауыз әдебиеті – қазақ әдебиетінің түп тамыры. Сонау ықылым заманнан бері ауызша таралып, осы заманға дейін ұмытылмай жетуінің өзі, оның құндылығында.

Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы – аңыз әңгімелер.

Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен қиял-ғажайып оқиға аралас келіп отырады. Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі екеуінің арасы жақын. Негізгі айырмасы – аңыз әңгіме көбінесе тарихта болған адамның басына құралады. Әуелде тарихта шын болған, кейін сондай адам болыпты-мыс деп, ел аузында лақапқа айналған адам туралы әңгіме етіледі.

Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде тууының негізгі себебі, сол адамның өз басына істеген ісіне, белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр, не ел басшысы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін. Бірақ ол адамдардың іс-әрекеттерімен байланысты айтылған әуелгі шындыққа қоспалар қосылып, сол істепті-міс, айтыпты-мыс деген әр түрлі лақап біртіндеп аңызға айналады. Оны әңгіме, жыр етіп, біреуден жаттап алып, кейінгі ұрпаққа қалдырады.

Аңыз әңгімелерге қиял элементі қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала берді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт т.б. – бәрі де шындықтағыдай, жай адамдар ретінде суреттеледі.

Қазақ аңыз әңгімелерінде қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

Даналық – ауқымы кең, күрделі құбылыс, оған бір жақты, кесімді анықтама беру мүмкін емес. Ол, әдетте, надандыққа қарсы мәнде қолданылады. Даналықтың мән-жайын алғаш зерттеп, ашып беруге философия талпынған. Өйткені «философия» деген сөздің өзі грекше «даналықты сүю» мағынасын білдіреді.

Даналық – адамгершілікті танудағы құрал.

Демек, даналықтың тарихи бастауы, қайнар көзі – ауыз әдебиеті нұсқаларында, аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде, өнер туындылары мен әдеби, философиялық шығармаларда жатыр. Қорқыт ата, Асан Қайғы, Толағай т.б. мифтік тұлғалардың ой-толғам, іс-әрекеттерінде өмірдің өткіншілігіне қарсы күрес, мәңгілік өріне – даналық тәліміне талпыныс бар.

Ауыз әдебиетінде аңыз әңгімелер елеулі орын алады. Өйткені әуел баста жазу, баспасөз шықпай, дамымай тұрғанда ел басынан өткен тарихи уақиғалар, ел басқарған адамдар, айнала қоршаған табиғат құбылыстары жайындағы мәліметтер мен ұғымдарды ауызекі сөзбен баяндайтын бұл халық шығармаларының білім берерлік, өмір танытарлық мәні, маңызы үлкен.

Онда әлденеше ұрпақ өкілдерінің бастан кешкені, көргені мен естігені, екінші сөзбен айтқанда, тәжірибесі жинақталған, қорытылған. Алдыңғы буынның кейінгі буынға айтар ақыл-ойлары, аманат өсиеттері сақталған және олар ондаған, жүздеген ақыл-ой иелерінің, тіл-сөз шеберлерінің сыны мен өңдеуінен өткен. Сондықтан жалпы халық шығармаларының, оның ішінде аңыз-әңгімелерінің мәліметтік маңызымен бірге ғибраттық, эстетикалық мәні де зор.

Аңыз әңгімелерді мазмұнына, тақырыптарына қарай жіктеу және оларды жүйелеуде жетекші фольклоршылар әзірше бір пікірге, бір тұжырымға келе қойған жоқ.

Атап айтқанда, қазақ халық аңыздарында тарихи (уақиғалар, адамдар), жер-су аттары, аспан-әлем жаратылысы, ру-тайпалар, т.б. туралы аңыз-әңгімелер сақталған.

Мен бұл шағын зерттеуде, негізінде, тарихи аңыз әңгімелерге, солардың ішінде Асан қайғы туралы аңыз әңгімелерге тоқталмақпын.



ІІ.1. Тарихи аңыздар сыр шертеді

Тарихи аңыздар халық өмірінің, күресінің шежіресі, елесі іспетті. Оларда

жалпы түркі тектес халықтардың ру, тайпа болып жүрген, әлі дербес халық, хандық болып бөлінбеген кездерінен мағлұматтар беретіндері де бар. Мысалы, скиф-сактар жайындағы аңыздар, міне, сондай. Оларды жалпы түркі тілдес халықтардың, солардың ішінде қазақтың аңыз-әңгімелерінің алғашқы бастауы деуге болады.

Қазақ аңыз әңгімелерінің көбісі тарихи адамдардың, белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің айналасына топталған.

Біздің дәуірімізге ауызекі және ішінара жазбаша жеткен әдеби мұралардың ең арғысы – Қорқыт, Қожанасыр, Майқы және Аязби жайындағы аңыз-әңгімелер.

Ежелден ел аузында келе жатқан, халық жадында сақталған қазақ аңыздарының бірі – «Қорқыт». Қорқыт туралы аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: ертеде Сыр елінде Қорқыт есімді бір белгілі адам болыпты. Ол Қазығұрт тауының бауырында, анасынан «мес» болып туады. «Месті» көрген жұрт үрейленіп қалады, тек анасы саспайды. «Менің туғаным жанды бала еді ғой» деп, «месті» анасы жарып жібергенде, бала жолдасының ішінен жас нәресте шығады. Қорқып тарай бастаған жұрт қайта жиналып: «бұл өзі дүниеге жұртты қорқыта келді ғой», – деп, атын «Қорқыт» қояды.

Қорқыт түс көріп, түсінде оған Қыдыр «Сен қырық жас жасайсың» деп аян береді. Қорқыт ержетіп, есейген соң астына желмая мініп өлімнен қашады, адамы өлмейтін ел мен жер іздейді. Бірақ өлім елесі оның күндіз өңінен, түнде түсінен кетпейді. Қорқыт далада қурап жатқан аң сүйектерін, қирап жатқан ағаштарды, құлап жатқан жартастарды көреді. Қайда барса да алдынан қазулы көр шығады. «Бұл кімнің көрі» деген сұраққа «Қорқыттың көрі» деген жауап естиді.

Қорқыттың ажалдан қашып құтылмасына көзі жетеді. Оған «өлімді аузыңа алмасаң, өлмейсің» деген аян беріледі. Содан кейін Қорқыт өзінің туған еліне, Сырдарияның бойына қайтып келеді.

Бір күні байлаудан босанып кеткен өгізшесін қуып ұстай алмай ызаланып жүріп «қап, сені өлсем де ұстармын-ау» деп қалады, оған артынша өзі қатты өкінеді, өлім есіне түсіп, тағы да көзіне көр елестей бастайды. Қорқыт енді елден, жерден безіп суға жайласады. Дарияға кілем жайып, оның үстіне шатыр тігіп, қобызын тартып отыратын болады. Бірақ онымен де өлімнен құтылмайды, ажал қайрақ жылан болып ұрланып келіп шағады, ақыры содан жиһанкез қаза табады. Қорқыттың денесі Сырдарияның жағасына жерленеді, басына қыштан үлкен қорған соғылады, қорғанның ішіне қобызы бірге қойылады. Содан былай Қорқыт есімі әулиеге, бейіті ауырған адам, перзент көтермеген әйел түнейтін қасиетті орынға айналады.

Сөйтіп, қазақтың аңыз әңгімелері бойынша Қорқыт күй атасы болып есептеледі. «Қазақ музыкасының атасы Қорқыт туралы аңыздардың философиялық терең мәні бар, – дейді академик Мұхтар Әуезов.

«Қорқыт ата кітабында» Қорқыттың даналығын танытатын: «Ажал келмей кісі өлмейді», «Кісі баласы кісіге бала болмайды», «Ежелгі жау ел болмас» деген секілді оның атынан ондаған мақалдар мен нақылдар ұшырасады. Бір ғажабы – сондағы нақыл, мақал сөздердің бірсыпырасы қазіргі қазақ мақал-мәтелдер қорында қаз-қалпында сақталған.

«Кітаптағы» он екі жырдан құралған «Оғыз-наме» эпосының әрбір нұсқасы: «Менің бабам Қорқыт келіп жыр толғап, сөз сөйледі, осы жырды сол шығарды, сол құрастырды. Ол былай деді: «Олар бұл дүниеге келді, кетті, осылай керуендер де қонады, көшеді, оларды өлім ұрлайды, жер жасырады, Алдамшы дүние кімге баяндайды? Қара басына ажал келгенде аманатын әркімге тапсырады...» деген секілді жиһангездік батасымен басталып, өсиетімен аяқталады.

Демек, жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды – Қорқыт – Түркістан елінде, Сырдария бойында Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген тарихи адам.

Қазақтың ХІІ-ХІІІ ғасырдағы тарихынан мағлұмат беретін аңыздардың бірі – «Майқы би» туралы аңыздар.

Майқы – шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген адам. Ол жайындағы аңыз-әңгімелер, оның атымен байланысты істер мен сөздер ұлы уақиғалардың жаңғырығы, сілемі ғана. Майқының алғашқы аттандырған жүз жігітке айтатын: «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар...», «хан ақылды, әділ болса, қарашысы ынтымақты әрі батыл болса – қара жерден су ағызып кеме жүргізеді» дейтін өсиеттері кезінде елінің, халқының қамын, болашағын ойлаған қайраткер болғандығын аңғартады.
* * *

Тарихи тқлғалар туралы аңыздар қазақтың аңыз әңгімелерінің үшінші бөлегі ХІV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген Асан қайғы, Алдар көсе және Жиренше шешен төңірегіне топталған.

Асан қайғы, негізінде, қазақ хандығын құрысқан, нығайтысқан және туған елі үшін қолайлы қоныс іздеген халық қамқоры ретінде, жер, ел және қоғам туралы болжамдар айтқан сәуегей-философ бейнесінде сипатталады.

Асан қайғы ХV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың ыдырау дәуірінде өмір сүрген. Қалың бұқараның қамын жеп, елінің болашағын ойлап, үнемі қайғы-мұңға батып жүргендіктен, халық оны «Асан қайғы» деп атап кеткен. Ол алдымен Сарайда, кейін Қазанда Ұлұғ-Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болған, кейін Дешті Қыпшаққа (қазақ даласына) қайтып оралып, Жәнібек, Керей хандардың ақылшы биі болған. Асанды Ш.Уалиханов «көшпенділер философы» деп атаған.Тарихтағы Асан бейнесін аңыз мұнары басқан. Оның өмірі туралы бізге жеткен деректер тым аз.

Асанның әкесінің аты — Саятшы Сәбит. Қазақ тарихшысы Құрманғали Халитұлының «Тауарих Хамса» атты кітабының айтуынша, Асан қайғы — Шыңғыс ханның замандасы ұлы Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Майқы би — Шыңғыс ханның тарихтан белгілі әскербасыларының бірі Үйсін Майқы.

ХV ғасырда өмір сүрген Асан қайғының адамдарды ынтымақ-бірлікке, достық-татулыққа шақыруы, елге жайлы қоныс іздеп, отырықшы, бейбіт тұрмыс-тіршілікті аңсауы сол кездегі заман талабынан туғаны түсінікті. Асанның бізге жеткен толғаулары түгел дерлік Әз Жәнібек ханға арнай айтылған. Халық аңыздарында Асан жайында «бұл қария қашан да ханға жағынбай, жарамсақтанбай тура сөйлеуші еді» делінеді. («Ай, хан, мен айтпасам білмейсің»)

Асан толғауларынан тек сол заманға тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құралу дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін байқауға болады. «Асан қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», — деп жазады Б.Кенжебаев.

Әбілхайыр ханнан бөлінуге қарсы болмағанмен Асан атамекеннен ұзап кетуді қош көрмейді. («Қырында киік жайлаған») Жәнібек көшін тоқтатпақ болып көптеген толғаулар шығарады. («Жем бойында», «Еділ бол да, Жайық бол», «Жиделі Байсынға сапар»)

Асан қайғы көптеген нақыл-термелер, философиялық толғаулар шығарып елге танылған. («Құйрығы жоқ, жалы жоқ…», «Таза мінсіз асыл тас…»). Асанның біраз шығармаларының бізге үзінділері ғана жеткен. Өйткені автордың айтпағы адам тағдыры, ел қамы, оның болашағы. Сондықтан шағын ғана айтылғандарымен шектелмеуге тиіс.

Сондай-ақ, Асан қайғының «Тақырлауға қонған қаз, тырна», «Әділдіктің белгісі», «Көлде жүрген қоңыр қаз», «Ердің құны сөз емес» тәрізді шағын нақыл өлеңдері де асылдың сынығындай үзік нұсқалар деуге болады. Ел арасында Асан мен Ежен хан, Асанның қайғы атануы, оның жер туралы айтқандары туралы аңыздар өте көп.

Асан туралы аңыз алдымен оның қазақ елінің атынан көршілес елдің ханы Еженге елші болып баруынан басталады. «Қазақ жылқысының кісінеген дауысынан биелерім құлын тастайды, ат-айғырларын кісінетпейтін болсын» деп Ежен қазақ еліне хабар айтады. Тиісу үшін сылтау іздеп отырған ханнан қазақ ұлыстары қатты қауіптенеді. Міне, сол кезде он екі жасар Хасен (Асанның алғашқы аты) астына желмая мініп, қасына қырық мерген ертіп Ежен ханға елшілікке келеді. Елшілер Ежен хандығының шетіне жетісімен алдынан үріп шыққан итті атып тастай береді.

Елдің итін қырғаныңыз қалай? – деген ханға.

Жасымда қой жайдым. Қойға қасқыр шапқанда қанша рет «айтақтасам» да бір ит көмекке келген емес, сондықтан итке ызалымын, – деп жауап береді Асан.

– Сіздің даладағы дауысыңызды қаладағы ит қайдан естиді? – дейді Ежен хан.

– Даладағы ат-айғырдың даусын сіздің қаладағы биелеріңіз қалай естиді? – дейді Асан.

Ежен хан сөзден тосылып қазақ елшісінің қалағанын сұрайды. Асан ханның қазақ елінің еркіндігіне қол сұқпауын, өзін-өзі билеуіне араласпауын талап етеді. Ежен хан елшінің талабын орындайды, содан былай қазақ ұлыстарына тиіспейтін болады.

Демек, аңыз Асан қайғыны қаршадайынан-ақ ақылды, батыл және ел қамын ойлаушы етіп көрсетеді.

Асан Еділ бойында жүріп бір перінің қызына «үйленеді». Қыз сөйлемейді, бірақ есті әйел болады. Асан әйелін ертіп базар аралап жүргенде әйелі үш рет езу тартып күледі. Асан: «Неге күлдің, айт» деп әйелін қыстайды, айта қоймаған соң қол да жұмсайды.

– Бір күлген себебім – базарда біреу той жасаймын деп мың теңге шығарып ет, май, күріш, өрік, мейіз – неше түрлі тағам, жеміс сатып алды. Ал тұзға келгенде бір теңгені қимай қымбатсынып алмай кетті. Тұзсыз тамақ ас бола ма! Екінші күлгенім – біреу өріктің сүйегін тісімен шағып дәнін алып жеп тұр екен. Тістің құны мың теңге, өріктің құны бір теңге. Мың теңгелік асылды бір теңгелік жасыққа жұмсап тұрған ақымақтығына күлдім. Үшінші күлгенім – біреу бір етікке саудаласып: «етігің жеті жылға шыдай ма?» – деп сұрайды. Өз өмірінің неше күнге жететінімен ісі жоқ. Соның ақымақтығына күлдім, – дейді перінің қызы. Соны айтады да «мені уақтысынан бұрын сөйлеттің, енді мен саған жоқпын», – деп жүріп кетеді.

Асан асығыстық жасап сол қыздан айырылып қалғанына қатты қайғырып, содан Асан қайғы атанапты-мыс. Әрине, бұл кейінгі айтушылардың қоспасы, шындығында, Асанның қайғысы – өз заманының, әлеуметтік құрылыстың қайғысы еді.

Асан қайғының аса маңызды еңбегі – желмая мініп жеті жыл жер дүниені кезіп, ел-жұртына жақсы қоныс іздеп табуы және тапқан жеріне шаруашылыққа жайлы-жайсыз ерекшеліктерін, қасиеттерін көрсетіп сын айтуы. Жиһанкездің атаған, сын айтқан жерлеріне қарап оның жүрген жолын, бағытын бағдарлауға болады.

«Асан қайғы мен Әз Жәнібек» дейтін аңызда Астраханда отырған Жәнібек хан Асан қайғымен дос болып, жалғыз баласы Жанәбілді (оны перінің қызы Еділдің жағасына әкеп тастап кетіпті-міс) алып қалады, ал Асан қайғы көп елді тастап Жиделібайсынды іздеп жолға шығады. Сол сапарында болса керек жиһанкез бірінші Жиделібайсынға (қазіргі Ташкент маңайы) келеді. Жерге қызығып: «Әй, Жиделібайсын, артыма бөктере кетер едім, әттең, аттың сауырына симайсың-ау!» дейді. Содан кейін Сауран, Түркістан, Әулиеата, Шу, Аспара, Жетісу, Баянауыл, Қаратал, Қарсақбай, Ақмешіт, Нарын-Самар, Шыңғырлау өзені және Маңғыстау аралы аталады. Бұлар тек «Асан қайғының жер шолуы» дейтін аңызда аталатын қалалар мен жер-су аттары ғана. «Асан қайғының жерге айтқан сындары» дейтін екінші аңызда жоғарыда аталған жер-сулардан басқа Ертіс, Есіл, Нұра, Торғай, Қызылтау, Ереймен, Қаратау, Алматы секілді ондаған өзендер мен таулар аталады, олардың әрқайсысына сын айтып, баға беріледі.

Ол аңыздарда халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты – "Жерұйық". Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел ал асы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асанкайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады". Ертісті көргенде: "Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен", – депті. Түндікті өзенін көргенде: "Он екі қазылық Ой Түндік, маңырап жатқан қой Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен", – деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан "Үш кара" атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: "Тау-тасы кеш болганда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен", – депті. Баянауыл тауын көргенде: "Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен", – депті. Сарысуды кешіп өтерде: "Мына шіркіннің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен", – депті. Қаратауды көргенде: "Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен", – депті. Ащы бойына келгенде, артына қарап: "А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен", - депті. Шідерті өзенін көргенде: "Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп койғанда тоқтайтын, жылқынын қонысы екен", – депті. Өлеңті өзенін көргенде: "Тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: "Өлеңтінің суы – май, Шідертінің шөбі – май", – деп жүре беріпті. Сілентіден өтіп Жалаңаштын тұсына барғанда: "Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің", – депті. Есіл өзенін көргенде: "Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен", – депті. Торғай өзенің көргенде: "Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен", – депті. Терісаққан өзенін көргенде: "Сарыарқаның тұздығы екен", – депті. Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: "Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін кара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен", – дейді.

Асан қайғы ең алдымен жерді шаруашылыққа, соның ішінде малға, малдың қай түлігіне пайдалы жағына қарай бағалап сипаттайды. Мәселен, Жетісуды «Ағашының басы жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен» десе, Торғай өзенін «Аққан суы бал татыған, ақ шабағы май татыған су екен» деп бағалайды, яғни жердің шөбі мен суына ғана емес, аңына, құсына, балығына дейін назар аударады.

Асан қайғы жерді ең алдымен көшпелі елдің шаруашылығына, яғни, мал өсіруге қолайлы-қолайсыздығына қарай бағалайды және қай жерде малдың қандай түрін-түлігін өсіруге болатынын көрсетеді. Мәселен, Баянауыл тауының басынан «қойдың құлағы көрініп тұр» десе, Ертістен «сиырдың мүйізі шығып тұр екен» дейді. Ал Шыңғырлау өзенін көргенде: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің» деп ат шалдырып, бір түнеп кетеді. Асанқайғы жердің тек жайылымдық қасиетіне ғана емес, егін егуге жарамды топырағына да назар аударады. Жуалының қара топырақты, қыртысты, құнарлы жерін көргенде: «жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» дейді. Сыншы жердің жайылымдық жағымен қатар малға қысқы, күзгі суықта, аязда пана боларлық ықтасындық ерекшеліктеріне де мән берген. Шу өзенін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты, мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес» депті.

Сыншы көрген жерлерінің шаруаға жайлы қасиеттерімен қатар жайсыз жақтарын да айтып шаруаларды сақтандырып отырады. Ереймен тауының айналасы жалтаң болса керек, соған қарап тұрып: «Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде құлын тұрмас... панасы жоқ сары дала сықылды тау екен» дейді. Қарақойлы-Қашырлы деген жерге: «Бауырыңда бір жұтқын айдаһар бар екен, әйтпесе, жылқы үзілмейтін жер екен» деп ескертеді.

Аңыз Асан қайғыны кейде жердің кен байлығын, кейде таулардың бір-бірінен қаншалықты аласа-биіктігін ажырата білетін білімдар адам ретінде сипаттайды. Мысалы, ол көзге биік Баянауыл тауынан оның қасында төбе сияқты аласа көрінетін Бөкенбай тауын «қырық кез биік екен» депті. Кейін келген жер өлшеушілерден жергілікті адамдар анықтағанда «дұрыс айтқан» депті. Қарсақбайға «Айналаң жапан тұз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас» деген болжам айтыпты.

Міне, осынша жер-суларды, тау-тастарды, қалалар мен қыстақтарды атап, олардың бас-басына айтқан сындарына қарап Асан қайғыны Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір шапқыншыларының қанды жорықтарынан тарап бытырап кеткен қазақ рулары мен ұлыстарын ежелгі ата мекеніне қайта бастап келген көш басшы, қоныстандырушы, құлаған қазақ хандығын қайта қалыпқа келтірген Майқы бидің ісін ілгері бастырушы, дамытушы деп қарауға, бағалауға мүмкіндік береді. Байтақ та байырғы қазақ жерінің Асан қайғы атамайтыны, сынамайтыны кемде-кем. Соның барлығы Асан қайғының сөзі деп кесіп айту қиын, кейбір сындардың кейін айтылғаны, немесе өңделгені көрініп тұрады. Алайда халық қамын ойлаған бір ақылды Асан атаның болғандығы даусыз.

Асан өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың өзі айтқандай, онан қалған «таза мінсіз асыл сөз» аз болмаса керек, бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген. Оның қазір қолда бар өлеңдерінен замана жайын әріден толғаған ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екенін танимыз.

Асан атына «қайғы» деген сөз қосылуы, да көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның халық қайғысын, мұң-арманын, тағдырын ойлаумен өткен адам екенін аңғарамыз. Асан қайғы туралы халық аңыздары да оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры екенін танытады. Асан ел тыныштығын армандаған. Мал баққан көшпелі елге керегі – бейбіт тіршілік. Бірақ ол кезде, жаугершілік, басқыншылық соғыс құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс жиі болып тұрған.

Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген осы ауыртпалықты көре білген.

Асан қайғы «Әй, хан мен айтпасам білмейсің» деген Жәнібек ханға айтқан толғауында «Шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің» деп күйзелген халқының қамын ойлау орнына «Қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына масаттанған» ханға батыл үн қатады. Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген. Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға жырау:

Ойыл көздің жасы еді

Ойылдан елді көшірдің,

Жемде кеңес қылмадың

Жемнен де елді көшірдің

Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге, –

деп нали тіл қатады.

Ақылгөй жырау «ата жұрты бұхара» күшін жоғары бағалайды. «Еділ бол да, Жайық бол ешкімменен ұрыспа» деп елді бірлік-ынтымаққа шақырады. Жырда ғибрат, өнеге аларлық парасатты ой түйіндері мол. Ол өз тұсындағыларға да келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздайды.

ХV ғасырда өмір сүрген атақты қазақ ақыны Асан қайғы қазақ халқының тағдыра шешілер тұста өмір сүрді. Ол шығармаларында тарих пен қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін түсініп және мұны әр адамға ой салар мәселе ретінде қояды:

... Ауылдағы жамандар,

Ел қадірін не білсін?

Көшіп-қонып көрмеген,

Жер қадірін не білсін

Жалпы жырау өз шығармалары арқылы адамгершілік ілімдерді негізге ала отырып, әлеуметтік-әділеттілік түсініктерін, «әділетті хан» идеясын, адам туралы көзқарастарын, этикалық және эстетикалық салауаттардың ара-қатынасын айқындайды. Оның пікірінше, әділдіктің белгісі – бірқалыптылықта; ақылдының белгісі – кен істі қумауында; надандықтың белгісі – білгеннің тілін алмауда екен. Ол әділеттілікті хан саясатынан іздеп, бірақ оны таба алмай, ханға көптеген өлеңдерін арнап, «әділетті хан» идеясын ұсынады. Асанның саяси-әлеуметтік идеясы оның қоғамдық өмірге терең үңілуінен тарайды. Оның хан алдындағы саяси тқжырымы мына схеманың негізінде қалыптасқан: 1) Мал өсіру үшін құнарлы жайылым мен жер-су керек. Қыста жайлы қоныс қажет; 2) осы шарттар орындалған күнде оның ел-жұрты өсіп-өркендеп, өрісі кеңейіп, тамыры терең жайылады; 3) саяси-әскери қақтығыстарды болдырмау үшін ел санын көбейту мақсатына орай айтылады.

Шоқан Уәлиханов Асан қайғыны «дала данышпаны» десе, Әлкей Марғұлан «Асан Ата ХV ғасырда қазақ ұлысын біріктіру мәселесін қолына алған даланың ойшыл данасы» деп бағалады.

Асан қайғы –көптеген нақыл сөздердің, афоризм, философиялық толғаулардың авторы. Асан қайғы туралы Мұхтар Әуезов былай деген: «Тарихта болған адамдардың ішінде өмір сорабы, іс еңбегі халықтың нағыз ертегі болып, тек сол қалыпта ғана ой жадында сақтаған адамның бірі осы Асан қайғы». Асан қайғы – барша дала даналығын бойына сыйдырған және сайын сайхарада ғаламат ғұмыр кешкен тамаша тұлға. Қазақ халқы өзінің тарихи жылында Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символына айналдырған.

Қыдырып желмаямен дүние жүзін,

Асанның жұрт біледі айтқан сөзін.

Жатқызбай ойындағы қалың арман,

Атанып Асан Қайғы содан қалған.

Асан танымындағы дүние көрінісі оның әлеуметтік көзқарасының құндылығын анықтайды. Адам, қоғам, табиғат Асан үшін мызғымас бірлікте. Адамның қоғамға, табиғатқа қатынасы Асан болмысында ерекше айқындалады. Дүниенің жаратылысын Асан қайғы ақыл күшімен пайымдайды. Сондықтан Асан қайғы табиғаттың адамға қатысты фактор екендігіне ерекше мән берген. . Асан қайғы табиғатты қоғамды, дүниені, адамның ара қатынастарын астастыра айшықтап, қоғамның даму заңдылықтарына философиялық тұжырым жасайды. Асан қайғы қоғамды, қоршаған табиғатты, жалпы дүниені тануда, олардың қастерлі қасиеттерін білуде, адам игілігіне жаратуда өзінің біліктілігімен ерекшеленеді. Асанның дүниені тану, білу танымының негізінде жатқан идиялық мазмұнды күш халқына жайлы, тыныш өмір беретін қоныс іздеп, оны табу мақсаты жатыр. Сондықтан да Асанның дүние көрінісін сезінуі, толғануы, оның « жерұйық» мекенін іздеуде ашылған.

***


Жоғарыда талданған Қорқыт, Майқы, Асан қайғы туралы аңыз әңгімелер түркі тілдес халықтар арасында да кеңінен таралған.

Мен бұл зерттеуде Асан қайғы туралы солардың кейбіреулерін қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыздармен салыстыра зерттедім.

Ноғай Ордасының  құрамында болған ру-тайпалардың негізінде жеке-жеке ұлт болып құрылған ноғай, башқұрт, қазақ, қарақалпақ,қырғыз халықтарының әдеби және фольклорлық мұраларында сақталған Асан қайғы бейнесінің қазақ аңыздарымен ортақ және алшақ тұстарына талдау жасалынады.

Бұл орайда алдымен ноғай атауын ұлт этнонимі ретінде сақтап қалған Солтүстік  Кавказдағы ноғай халқының аңыз-жырларында қандай бейнеде сақталғанына көңіл бөлсек.

Солтүстік Кавказдағы ноғай халқының арасында сақталған батырлық жырларда Асан бірде мұсылман дінінің өкілі, бірде батырдың тұлпарын танитын сыншы, бірде абыз-сәуегей бейнесінде көрінеді. Мысалы, Ноғайлы батырлық жырларының ең көне жырларының біріне жатқызылатын «Айсыл баласы Ахмет» жырында Асан мұсылман дінінің қайраткері ретінде көрініп, алғашқыда Әз-Жәнібекке қызыңды Ахмет батырға бер деп кеңес береді, бірақ Темір бай пара ұсынғаннан кейін ол шешімін өзгертіп ханға қызыңды Темір байдың баласына бер деп үгіттейді.

Қазақ аңызында бұл мазмұн сәл өзгеше баяндалады. Жәнібек өзінің қарындасы Қаныбетті Айсыл баласы Әметке бермей Мығалы байдың Тастемір деген ұлына бергендігіне өкпелеп тойға келмей қояды.

Ал «Орақ-Мамай» жырының ноғай халқының арасындағы нұсқасында Асан абыз-сәуегей бейнесінде орын алған. Жырдың басында Мұса ханның ордасында өткізіліп жатқан кеңесте ол Мұсаның 12 ұлының кенжесі Исмаилдың өсе келе ноғай халқын күйрететін ағайын аралық жауластыққа себепкер болатынын болжайды. Тарихта Ноғай Ордасының күйреуі Исмайыл мен Жүсіп бидің билік үшін тартысынан басталған болатын. Сонымен қатар аталған жырда Асан жылқы баласының жүйрігін анықтай алатын сыншы.

Ноғай халқының ақындар мұрасында да Асан өлеңдері көрнекті орын алады. Мұнда ол ел тағдырын ойлаған, әділ қоғам орнатудың жолына  жауап іздеген, ел мүддесіне кереғар іс-әрекет жасаушы билерді сын тезіне алған танымал ақын. Асан Қайғы өмірдің басты құндылығына адамгершілік қарым-қатынасты, өзара сыйластықты, әділдікті қояды. 

Ноғай халқында сақталған Асан өлеңдерінен оның қазақ халқы арасындағы толғауларынан мазмұны бөлектеу. Ноғай Асаны ханға батыл сөйлейтін, одан ел мұң-мұқтажын өтеуге «қайғы жеуді» талап ететін ақын.

Қазақ арасындағы Асан – ханның орынсыз істеріне өкпелеп, тығырықтан шығу үшін «қайғы жеп» жол іздеген жырау:

Ай, хан мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Екі Асанды салыстырып қарағанда, қазақ арасындағы Асан ноғай Асаны сынды ханға сұрауы нақты талаптар қоймайды.   

Асан Қайғы бейнесі башқұрт халқының ауыз әдебиеті үлгілерінде  де сақталған. Башқұрт халқының эпикалық сарын бар философиялық толғауларында, яғни құбайырларында (кубаир)   «Асан ата» атты толғау бар. Онда ол халықтың болашақ тағдырында бақытсыздық пен үлкен тауқыметтің күтіп тұрғанын, халық ата-бабасының әдет-ғұрпын ұмытқанын, ағайын-туысқандық жойылатынын уайым етеді.

«Асан ата» толғауы башқұрт құбайырларында бастау ретінде жиі кездесетін мынадай жыр жолдарымен аяқталады:

Тыңда, елім, қарияны,

Айыптама тым қатты.

Білгендіктен айтамын,

Оны қазір айтпасам,

Өкінесің, сен кейін...

Бұл жыр жолдарындағы сарын қазақ арасында сақталған аңыздарда  да кезедеседі.  

Башқұрт әдебиеттанушысы Г. Хусаиновтың пікірінше, башқұрт пен қазақ арасында сақталған Асан  толғауларының сарыны бір болғанымен тарихилығы тұрғысынан айырмашылық бар. Қазақ арасында сақталған толғау ноғайлы кезеңінің көне замандарынан хабар берсе, башқұрт арасындағы толғау ХҮІ ғасырдың екінші жартысындағы ноғайлы кезеңінен хабар береді.

Башқұрт халқының фольклорында Асан қайғы туралы өлең мен қара сөз араласып келетін «Асан Қайғының үлгілі сөзі» атты көлемді аңыз сақталған. Сонымен қатар, қарақалпақтар Асан Қайғыға тілейтін «Елдің ары – ердің ары», «Еділ жер» толғаулар башқұр арасындағы  құбайыр жырларына мазмұны мен формасы тұрғысынан дәлме-дәл сәйкес келеді.

Қазақ арасында батырлық жырларды жырлаушы жыршы-ақындар (Мұрат, Нұрым, Қашаған) шығармашылықтарында да  Асан бейнесі ноғайлы жырлары мен аңыздарда айтылатын бейнеден ауытқымайды. Өз шығармаларында Асан есімін көп атайтын  жыршы ақын Мұрат Мөңкеұлының төл туындыларында Асан қоныстың құтсыз болатынын әу бастан аңғарып, оны тастап көшіп кеткен жан болып суреттеледі. Мұрат ақын үшін Асан заманның кейпінің қандай боларын күні бұрын болжаған әулие кісі. Ақын шығармаларында  Еділ мен Жайық арасындағы қоныстардың тарихы Асан Қайғының ғұмырнамасымен тығыз байланыстырылатын тұстар да орын алған.

Қырғыздың тарихи аңыздарында Асан қайғы атына байланысты аңыздардың бәрінде ол – ақылды, бай. «Мырзатөле» атты аңызда хан: «Нағыз жомарт кім, батыр кім, сыпайы кім», – деп сұрайды. Сонда Асан қайғы жомарт та, батыр да, сыпайы да менің ұлым Мырзатөле деп жауап береді. Жәнібек хан арнайы адам жұмсап сынатқанда, Асан қайғының айтқандары дұрыс болып шығады. Аңыз баласы арқылы Асан қайғының даналығымен қатар, адамгершілігін, парасаттылығын аңғартады.

Бұл бөлімнің қорытындысы Асан қайғы – Ноғай Ордасынан тараған түркі тектес халықтарға ортақ бейне және кейін жеке ұлт болып қалыптасқан халықтардың рухани мұраларында Асан бейнесін әр түрлі деңгейде сақтаған деген тұжырымды сомдайды.

Жоғарыда жасалған салыстырулардан мынандай қорытынды шығады: бірінші – аталған тарихи аңыз әңгімелердің негізгі қаһармандары (Қорқыт, Майқы би, Асан қайғы) әлдеқалай ойдан шығарылған кейіпкерлер емес, өмірде болған адамдар, өз заманында өскен ортасына, қоғамға елеулі қызмет істеген, еңбек сіңірген қоғам, өнер қайраткерлері. Екінші – белгілі бір қайраткерлерге байланысты шыққан аңыз-әңгіме әуел баста бір тілде, бір жерде (сірә, қаһарманның туған жерінде) айтылып қалыптасады да басқа тілге (басқа жерге) содан тарайды. Үшінші – бір халықтан екінші халық белгілі бір аңызды қабылдағанда оның тақырыбын, негізгі желісін сақтай отырып өзінің болмысына, тұрмысына және дүние танымына қарай аңыздың мазмұнына өзгерістер енгізеді, артық дегендерін алып тастайды, кем дегендерін толықтырады. Сөйтіп әуелде бір тілде туындаған аңыз-әңгіме екінші тілге көшіп ауыса жүріп өңделеді, өзгереді, бірде толысады, бірде қысқарады. Міне, осындай жағдайда бір тілде бар кейіпкерлер, уақиғалар екінші тілде түсіп (ұмытылып) қалады, тіпті аңыздың мазмұны сақталып басты кейіпкерлері ауысып кетушілік те кездеседі. Демек, белгілі бір тарихи аңыздың басты қаһарманы, уақиғасы, т.б. туралы жан-жақты және толық мағлұмат алу үшін тақырыбы, сюжеті бір әр тілдегі нұсқаларды қамтып, салыстыра зерттеудің кейбір аңыздардың ұмытылған, жоғалған (ауыз әдебиетінде бұл жиі кездесетін нәрсе) маңызды бөлімдерін, тіпті кейіпкерлерін қалпына келтіру үшін үлкен ғылыми да, практикалық та мәні бар.
Аңыз әңгімелердің тәрбиелік мәні мен танымдық қыры

Сайып келгенде, қазақтың аңыз әңгімелері – ел өміріндегі ұлы уақиғалардың елесі, сілемі. Олар қазақтың ұлт – ұлыс, халық – хандық болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамыған. Тарих сияқты аңыз-әңгімелерде қоғам, әлеумет өміріндегі келелі уақиғалар белгілі адамдардың, тарихи, мәдени қайраткерлердің істері мен сөздері арқылы көрсетіледі. Алайда аңыз-әңгімелер тарих емес, тарихи уақиғалардың әдеби хабары, жаңғырығы. Бірақ ауыз әдебиетінде уақиға да, тарихи қайраткерлер де қаз-қалпында сипатталмайды, халықтың қалауына, дәуірдің талабына бейімделіп қаһарманның бейнесі қайта жасалады, ісі де, сөзі де өңделеді, жөнделеді. Әсіресе, қауымға, жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынылатын жағымды қаһармандардың жақсылығы асыра суреттеледі. Ауызша тарап, есте сақталатын халық шығармашылығының осындай әсірелеу, боямалау ерекшеліктері аңыз-әңгімелердің кейіпкерлерін, қаһармандарын бағалағанда, олардың ісіне, сөзіне сақтықпен, сын көзімен қарауды талап етеді.

Сөйтіп, қазақтың көне аңыз әңгімелері Х-ХІІІ ғасырлардан, Қорқыт, Майқы би, Аяз би туралы тарихи әңгімелерден басталады, ХІV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген Асан қайғы, Жиренше шешен айналасындағы аңыз әңгімелермен қалыптасады. Алғашқы халық аңыз-әңгімелері қоғам дамуымен, негізінде, қазақтың ру-ұлыс болып бірлесуімен, елдік-хандық құрылысымен тығыз байланысты. Сондықтан тарихи аңыз-әңгімелерді, оларға арқау болған уақиғалар мен қайраткерлерді ыждағатпен зерттеп, білудің әдебиеттік те, тарихи да маңызы зор.

Жан-жақты талдаудың нәтижиесінде аңыз әңгімелердің тәрбиелік мәні мен танымдық қырлары ашыла түсті:

1. Аңыз әңгімелер – ауыз әдебиетінің көне түрі.

2. Аңыз әңгімелерде қазақ халқының тарихы, тіршілігі, тынысы сезіледі.

3. Аңыз арқылы әлеуметтік мәселелер көтеріліп, ұнамсыз қылықтар сыналады. Ата-бабаларымыз өмір тәжірбиесінен алған тәлімін жастарға ақыл-өнеге ретінде бағыттайды. Бірлік, ынтымақ – игі өмірдің кепілі екенін айтады.

4. Аңыз әңгімелер жас ұрпақты асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

5. Жас ұрпақты ұлтжандылыққа, адамгершілікке, өнер-білімге үйретеді.

6. Аңыз әңгімелер арқылы тарихи тұлғалардың өмірі мен ел ертеңі үшін қосқан үлестерін үйренеміз.

7. Аңыз әңгімелер – даналықтың көзі болып табылады.

Қорыта келгенде, аңыз әңгімелердің көпшілігі – халық мүддесі, ел тілегін қамтитын туындылар. Халық өз ішінен шыққан әр түрлі ақылды адамдардың ел тілегінен қабысқан игі ісінің айналасында әңгімелер туғызып, сол арқылы өз кезіндегі көпшіліктің нені аңсап, нені көздегенін тайға таңба басқандай етіп, ұрпағын даналыққа бағыттап отырған.

Демек, аңыз әңгімелер – даналықтың көзі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. «Аңыз адам»журналы. №06. (18) Наурыз 2011 жыл. «Қорқыт ата».

2. «Аңыз адам»журналы. №12. (24) Желтоқсан 2013 жыл. «Асан қайғы».

3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. А., 1991.-240 бет.

4. «Дала даналары». «Білік» баспасы. А., 2001 жыл.

5. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалық. «Аруана» баспасы. А., 2005 жыл.

6. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». «Жазушы» баспасы. А., 2001 жыл.

6. www.adebiet.kz .

7. www.massagan.com.

«Жаңа жол» жалпы орта мектебінің

7 «А» сынып оқушысы

Cпан Ұлжалғастың «Аңыз әңгімелер –

даналық көзі» тақырыбында

жазылған ғылыми жобасына

ПІКІР


Халық ауыз әдебиетінің үлгілері – көне тас дәуірінде пайда болып, түркілік тұтастықты бастан кешірген, одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесі жоқ рухани мұра.

Халқымыз болашақ ұрпақты ауыз әдебиетінің негізінде тәрбиелеп, ежелден өз ұрпағын адамгершілікке, инабаттылыққа, ізгілікке, имандылыққа, даналыққа тәрбиелеуді ең басты мақсаты санаған.

Даналық – адамгершілікті танудағы құрал.

Ал, даналықтың тарихи бастауы – ауыз әдебиеті нұсқаларында, мифтік аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде, өнер туындылары мен әдеби, философиялық шығармаларда жатыр. Қорқыт ата, Асан Қайғы, Толағай т.б. мифтік тұлғалардың ой-толғам, іс-әрекеттерінде өмірдің өткіншілігіне қарсы күрес, мәңгілік өріне – даналық тәліміне талпыныс бар.

Жұмыста оқушы тарихи аңыз кейіпкерлерінің, солардың ішінде Асан қайғының даналыққа бастайтын ой толғамдарын өзіндік көзқарасы тұрғысынан талдай білген.

Даналықтың қайнар көзі аңыз әңгімелерден бастау алатындығына тоқтала келіп, аңыз әңгімелердің тәрбиелік мәні мен танымдық қырларына тоқталған.

Ғылыми жобаның тақырыбы қазіргі жас ұрпақты тәрбиелеуде өз үлесін қосары сөзсіз.

Жетекшісі: М. Айтураева.





Каталог: 2015
2015 -> Сабақтың тақырыбы : ХІХ ғасыр әдебиеті Сабақтың мақсаты
2015 -> Сабақтың тақырыбы: Сәкен Сейфуллин «Сыр сандық»
2015 -> Сабақтың тақырыбы: «Негізгі және туынды сын есім»
2015 -> Сабақтың мақсаты: Оқушыларды ананың еңбегін ақтауға, анаға деген сүйіспеншілікке, ананы құрметтеп, сыйлауға тәрбиелеу
2015 -> 8 наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік Атырау қаласы
2015 -> Абай және музыка Мақсаты
2015 -> Сабақ: «Атамекен аяулы. Мұзафар Әлімбаев. «Аңырықай. Алтынемел. Түркістан өлкесі»
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Шығармалар жинағы (оқу-әдістемелік құрал) Асимбетова Лиза Куанышовна Мустафина Алтынгул Агисовна
2015 -> Сабақтың мақсаты: романның мазмұнын меңгерту


Достарыңызбен бөлісу:


©tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет