«Өзгеріс не үшін қажет?» тақырыбындағы рефлексивті есеп



жүктеу 112.3 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі112.3 Kb.

Жумахаева Жанар Бадамбековна Мұғалім портфолиосы А есебі

7-топ І деңгей

ПШО Шымкент қаласы 30.05.2014 ж.



«Өзгеріс не үшін қажет?» тақырыбындағы рефлексивті есеп
“Халыққа наннан кейін ең қажетті-мектеп”-деп француз қайраткері Жорж Жак Дантон жай айтпаған шығар. Мектепке оң көзбен қараған мемлекеттің болашағы өте зор. Қазір бүкіл әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесіне де өзіндік жаһандануды талап етуде. Жылдам өзгеріп отырған мына ғаламда мектеп мұғалімінен де үлкен өзгеріс қажеттігін көрсетіп отыр. Жаһандану ғасырында мұғалім «ХХІ ғасырда нені оқыту керек? Оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 5-бет) деген ұғымның қажеттілігін түсінуі керек. Сонда ғана әлемдегі өзгеріске өз үлесін қоса алады. Заманауи әдістің негізгі ерекшелігі оқушылардың алған білімін ғана иеленіп қоймай, оны өмірлік тәжірибеде қолдана білуі басты ерекшелік болып отыр. Осы бағытты ұстанған Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының бірінші деңгей бағдарламасының негізгі мақсаты – мектептегі еңбек тәжірибесі әртүрлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мұғалімдерге мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 4-бет) Осы әлемдік жаңғыртулардан өзіміз еңбек ететін мектептерге лайықтысын зерделеп енгізуіміз қажет. Осы өзгерістерді енгізу барысында әлем елдеріндегі білім реформаларына зер салып қарап, соның ішінен менің мектебіме қажеттісіне баса назар аудардым.

Әлем елдерінің білім беру ерекшелігімен таныса келе Жапония, Ұлыбритания, Финляндия мемлекеттерінің білім беру жүйесіндегі ерекшелігі маған үлкен ой салды. Мысалы: Жапония елінде мектепте оқыту мәдениеті «сабақты оқып білу» бағытында жұмыс жасайды екен. Мұғалімдердің ынтымақтастықта жұмыс жасауы, бірге жұмыс істеуі үшін шағын топтар ұйымдастырылады екен. Осы топтағы мұғалімдер сабақты бірге түзеді, бірге жоспарлайды, оны қалай қолдану керектігі талқыланады, басқа топтағы мұғалімнің әдіс-тәсілдерін білу мақсатында мұғалімнің сабақтарына қатысады. Жапон мемлекетінде сабақтарды «зерттеу сабақтары» яғни Lesson Studу жолын енгізу және қолдану арқылы қол жеткізіледі. Lesson Studу тәсілінің тағы бір демократиялық ерекшелігі – мұғалім зерттеу барысында жинақтаған білімімен педагог қауыммен кеңінен бөлісетіндігінде. Сонымен бірге Жапон мемлекетінде зейнеткерлікке кетіп бара жатқан мұғалім бар зерттеген жұмыстарын әріптестеріне тастап кетеді екен, бұл дегеніңіз зерттеп жатқан жұмысын келесі әріптесінің жалғастырып зерттеуіне мүмкіндік береді деген сөз. Ал басқа мемлекеттердің білім беру жүйесінде бұл әрекет көрсетілмеген. Бұл мемлекеттің білім беру жүйесінде біздің мемлекетке соның ішінде менің мектебіме алатын әдіс-тәсілдер молдығына көзім жетті. Осы елде қолданылатын Lesson Studу әдісіне батыс мемлекеттері қызығушылық танытып, 1999 жылдан бастап, осы әдісті тиімді қолдануда көптеген жетістікке жеткені туралы ғаламторда айтылған. Сондай-ақ

Гонконгте Lesson Studу бүкіл әлемдік ұйымы құрылып, осы бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап келеді. АҚШ, Канада, Қытай, Гонконг, Корея, Сингапур, Индонезия, Англия, Германия, Венгрия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Египет, Кения, Оңтүстік Африка Республикасы сияқты мемлекеттерде Lesson Studу тұрақты өткізіліп тұрады екен.

Фин елінде мұғалімдерге апта сайын мектеп бағдарламасын бірігіп жоспарлау және әзірлеу үшін күндіз белгілі бір бос уақыт бөлінеді екен. Адамның сана-сезімі басқа адамдармен қарым-қатынас жасаған сәтте ғана дамиды, қалыптасады. Ынтымақтастықта жұмыс жүргізгенде ғана мұғалімдердің жұмысы өнімді және берекелі болады екен деген ой түйдім.

Норвегия елінде мектеп оқушыларына мектепке алғаш келген сәттен, яғни бірінші күннен бастап, балаларға әрбір адамның тұлғалық бейнесі басқа тұлғамен өзара қарым-қатынаста ғана дамитындығы туралы ой сана-сезімдеріне құйыла бастайды. Сондықтан сабақ балалардың белгілі бір шешімінің алғы шарттарын бірлесіп бағалауға негізделіп ұйымдастырылады. Сингапур елінде де осылай оқушының функциональдық міндеттері мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, қолданылады. Сингапурлықтардың білім жүйесіндегі негізгі идея өмірге қажетті білім алып, оны өмірде қолдана білу. Осы тұста Сингапур еліндегі адамдарға өмір бойы білім алуға талап қойылады екен. Осы тұста Елбасының мына сөзі еріксіз ойыңа түседі: «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына  айналуы тиіс...», яғни Елбасының бұл сөзінен қазақстандықтардың өмір бойы білім алуына жағдай жасалып жатқанына көз жеткіземіз. Әлем елдеріндегі білім беру жүйесіндегі тағы бір ерекшелік оқушы білімін бағалау. Оқуды бағалау мен оқыту үшін бағалау арасындағы айырмашылық 1960 жылдары белгілі болды. Осы аталған екі терминнің мәнін нақтылау мақсатында Ұлыбритания академиктерінен құралған Бағалауды реформалау тобы 1989 жылдан бастап жұмыс жүргізіп 1999 жылы «Оқыту үшін бағалау» деген кітабын жариялады. Бағалауды реформалау тобының анықтауы бойынша оқытуды, әдістерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау

қалыптастырушы немесе оқыту үшін бағалау деп тапты. Егер бағалау баға қою, сертификаттау, оқыту қорытындысын шығару болса жиынтық бағалау болып табылады, яғни оқу үшін бағалау. Жиынтық бағалау оқушының, мұғалімнің немесе мектептің мәртебесіне немесе болашағына ықпал етуі мүмкін болатын шешімді қабылдау үшін қолданылған жағдайда өлшемдердің сенімділігін қамтамасыз ету керек. Бағалауды реформалау тобы анықтағандай оқыту үшін бағалау- бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметті іздеу және түсіндіру үдересі деп түсінемін. «Бағалау» термині«жақын отыру»деген мағынаны білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты болып саналады. Осы әлем елдерінде болып жатқан өзгерістердің

Қазақстанға тиімділігі қандай?

Қазақстан Республикасында білім беруді 2011-2020 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім алушылар оқуды аяқтағанда төменде аталған құзырлылықты меңгеріп шығу керектігі айтылған:

- Өзін-өзі дамыту, Отаны үшін жауапкершілікті өзіне жүктеу; Осы алға қойылған мақсаттарға жету үшін Қазақстан мектептеріне үлкен және тың өзгеріс қажет. Себебі, қазіргі уақытта қолданылып жүрген дәстүрлі оқытуда дәл мынадай нәтижеге жету мүмкіндігі өте аз. Дайын білім беруге енгізделген «дәстүрлі» стиль арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сондықтан механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Себебі, дәстүрлі оқытуда мұғалім барлық күш-жігерін оқушыға дайын ақпарат беруге бағыттайды. Мұғалім басты тұлға болып табылады, оқушыларға механикалық білім беру, білумен ғана шектеліп, сол білімді қай жерде, қалай қолдану керектігі туралы мүлде ойланып жатпайды. Оқушыларға қалай оқу керектігі үйретіліп, оны тиімді пайдалана алу жөнінде бағамдап ойланбайды. Заманауи әдіс-тәсілдің ең түйінді ерекшелегі оқушылардың алған білімдерін жай ғана меңгеріп қана қоймай, оларды өмірде қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады. Мектеп жұмысы мен оқуышы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім (Strong,Ward & Grant,2011) болып есептелетін болса қандай да бір өзгерістер енгізгіміз келсе, біз алғашқы қадамды мұғалімді өзгертуден бастауымыз керек деп ойлаймын.

Заманымыздың заңғар ойшылы, лингивист ғалым Ахмет Байтұрсынов айтқандай - «Мұғалім қандай білімді болса, мектеп һәм сондай болмақшы. Мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады». Солай болған соң мектепке керегі-білімді, педагогикалық әдістемеліктен хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім. Еліміздің ертеңі жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздар оқу мен оқытудың әлемдік деңгейге көтерілген әдіс-тәсілдерін үйрену керек. Қазіргі таңда мұғалімдер алдында білім жүйесін заман талабына сай, жаңа үлгіде жүргізу міндеті туындап тұр. Осы мақсаттарға жету үшін, мен өз мектебіме неге? өзгеріс ендіремін, өзгеріс ендіруге қалай көмектесемін? Менің мектебімдегі мұғалімдер оқу және оқыту үдерісін жақсарту үшін не істеу керек ? деген сұрақтар туындады. Өзгерісті менің мектебімде оқитын оқушылар әлем деңгейінде маңызды деп танылған оқу және оқыту әдістемелері арқылы білім алу үшін, алған білімдерін мектептен тыс жерде, қажет кезінде пайдалана алу үшін ендіремін.

Өзгеріс енгізу үшін, жоғарыда айтылған оқыту мен оқудағы әлемдік әдіс-тәсілдерге, тәжірибеге сүйене отырып менің мектебімде Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының

І-ІІ-ІІІ деңгейлік курсынан өткен, бастауыш, негізгі , жалпы орта білім беру буындарындағы басқа да тәжірибелі мұғалімдерді біріктіре отырып, бірнеше топ құру керек. Олармен жоспарды бірлесе жасап, оны қалай

қолдану керектігін талқылап, сабақтарына ену, жіберілген кемшіліктер немесе жоспардың дұрыс қолданылмаған тұстарын толықтырып келесі

сабақта немесе келесі сыныпта ол кедергілерді анықтап жойып отыру керек деп ойлаймын. Қазақстан мектептерінде сабақты бірлесіп жоспарлау әдісі қолданылады. Бірақ ол тек әдістемелік бірлестік отырыстарында ғана іске асады, оның өзінде күнтізбелік жоспарды ғана бірлесіп құрады. Сабақтарға қатысып талдау жасайды, тәжірибелі мұғалімдер жас мамандарға көмек көрсетеді. Бірақ, жапониядағыдай тәсіл қолданылмайды. Жапондық тәсіл зерттеуден өтіп өз жетістіктерін беріп жатқандықтан, біздің елге де бұл тәсілді енгізу қажет деп ойлаймын. Яғни Lesson Studу тәсілін іске асыру қажет. Ал, біздер күнделікті өткізетін дәстүрлі сабақта барлық оқушыларды оқу үдерісіне тартпаймыз. Оқу барысында бірнеше оқушы ғана әрекет жасап, мұғалімнің берген тапсырмасын орындайды. Сондықтан өзге оқушылардың оқуға деген ынтасы төмендейді. Кейбір оқушылар тіпті көптеген сабақтарға қатыспай тыңдаушы немесе бақылаушы болып қала береді. Сондықтан әрбір сабақта оқушыларды топтық, жұптық немесе шағын топтарға бөліп өзара бірлесіп әректтенуге дағдыландыру керек деп ойлаймын. Өйткені мұндай топтарда өзара пікірталас, дау-дамай болған кезде барлық оқушылар қатысып отырады және сабақтан тыс қалмай барлық оқушы әрекеттенеді, өзіндік пікір қалыптастырады. Бұл әдістерді қолданғанда оқушылардың белсенділігі артып, өз-өзіне деген сенімділігі нығая түседі. Өз ойын дәлелдеу арқылы проблемаларды шешуге, нақты ғылыми тұжырымдамалар мен фактілермен дәлелдеуге, өзгелердің пікірін тыңдауға және өзгелердің пікірімен санасуға үйренеді. Сондықтан сабақтарда өзара әрекеттестікті қолға алу керек деп ойлаймын. Өйткені жұмысты жұп немесе топ құрамында орындау оқушылардың барлығын дерлік жұмыс жасауға әрекеттендіреді. Әлемдік тәжірибеде білім сапасы нақты критерийлерге сәйкес:

Білу – түсіну – қолдану – жүйелеу және жалпылау мақсаттары бойынша бағаланады. Ал, біздің мұғалімдер «өте жақсы» деген баға сапа иерархиясындағы ең төменгі білу деңгейі үшін ғана қойылатынын білмейді. Мен жұмыс жасайтын мектепті зерделеу барысының қорытындысы бойынша мынадай мәселелер бар екенін көрсетті.
1. Білім философиясы; оқушы – оқушы, оқушы – мұғалім арасындағы қарым-қатынас; мұғалімнің зерттеу жұмысы; оқытудың практикаға бағытталуы сияқты негізгі мәселелерді қайта пайымдау қажет.
2. Сыныптағы зерттеу жұмысына қазақстандық мұғалімдердің дайын еместігі, олардың практикалық зерттеу  әдістерін білмеуі.

3.Қажеттілік:



  • мұғалімдердің құзыретін және балалардың оқуға ынтасын арттыру;

  • ұжымда шығармашылық жағдай туғызу;

  • белсенді кәсіби қарым-қатынас жасау

  • мұғалімдердің қызығушылығын арттыру.

Қазақстанда білімнің стратегиялық міндеттері ұлттық білім беру жүйесіндегі жетістіктерді сақтай отырып, оны әлемдік білім беру үрдісінің ең озық үлгілеріне сәйкестендіруге негізделеді.

І бетпе-бет кезеңінде мен «Қара жәшік» ішіндегі жұмыспен таныстым.Маған бағалау туралы біраз мәліметтер берумен қатар бағалау түрлерін өзгерту керек деген шешім қабылдау туралы ой түюіме көмектесті. «Қара жәшік» ішіндегіні оқи отырып біз қазіргі қолданып жүрген кері байланысымыздың кейбір оқушыларымыздың ынтасын мүлдем жоятындығы рас екендігіне көз жеткіздім. Біздің кері байланысымыз қандай? Дәптердегі қып-қызыл сиямен түзетілген қателер, күнделіктегі бастырыла қойылған 3 немесе 2 деген сандар. Оқушыға осы қателерді түзету жолдарын көрсетпек түгілі не үшін 2 немесе 3 қойғаны туралы түсінік те берілмейді. Осы тұста фасилитатор мұғалімнің іс-әрекетін мектептегі мұғалімдерге егжей-тегжейлі түсіндіріп, оны күнделікіті сабақта пайдалану керек. Ал ондай дәптерлер мен күнделікті ашуға ешкімде құштар бола қоймасы айдан анық. Кері байланыс жасаудың түсініктеме беру әдісін менің мектебіме ендіру керек деп ойлаймын. Өйткені, түсініктеме беру арқылы оқушыларды тек қана ауызша тиянақты жауап берумен қатар, жазбаша да тапсырмаларды дұрыс орындауға бағыт -бағдар алып отырады деп ойлаймын. Өзара бағалау және өзін- өзі бағалауды біз мектепте ішінара қолданып келеміз, бірақ үнемі емес. Осы бағдарлама барысында өзінің жеке жұмысына немесе бір-бірінің жұмысына жәй ғана баға қойғаннан гөрі, өзара бағалаудың маңызы зор екендігін білдік. Осындай зерделеуден кейін мен өз мектебімде сындарлы оқытудың теориясын толық енгізу керек деген ой түйдім. Мектебімдегі әріптестеріммен тығыз жұмыс жасау барысында мына бағытта жұмыс жасаймын.

Бірлескен іс-әрекеттегі зерттеу жұмысы :


  • Орта мерзімді тізбектелген сабақ жоспары бойынша бағдарламаның жеті модулін енгізудегі жетістіктер мен сабақ үрдісіндегі сабақ жоспарын қайта жоспарлау арқылы түзетулерді енгізіп отыру және іc-тәжірибе алмасу .

  • Бұл бірлескен іс-әрекетті зерттеу бағыты бойынша оқушының оқу үлгерімін , белсенділігін , шығармашылық қабілетін арттыру іс-әрекеттерінің тиімді жақтарын жинақтау .

  • Мұғалімнің білім деңгейінің түрлі дәрежедегі оқушыларды зерттеу арқылы оларға оқытудағы әсер етуші кедергілер факторын анықтап, оқушыны ілгері дамуға ынталандыру, бағыт беру, алға жылжуға итермелеу. Бұл мұғалімдердің міндеті бірлесіп сабақ жоспарын жасай отырып бір - бірімен тәжірибе алмасу, сабақтың өтілу деңгейін жақсарту, өз әдістерін тарату.

Зерттеу жүргізудегі пайдаланатын әдістер:

1. Мұғалімге оқушыны бақылауға арналған сауалнама ;

2. Мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс әрбір зертеуші өзінің зерттеуге қатысушы оқушыларымен сұхбат жүргізіп оны бейне жазбаға түсіреді, оқушыдан сабақтың өтілуі, оның сабақтан алған әсері, ұнаған ұнымағаны жайлы сұхбат жүргізеді. («Оқушы үні» әдісі).

3. Мұғалімдердің сабақты талдауы арқылы сабақтың сәтті және сәтсіз болған жерілеріне тоқталып оны өзгерту немесе дамыту ұсыныстарын беру.

4. Зерттеу жүргізу парағы арқылы әр сабақ бойынша зерттеу нәтижелерін пайдалану.

5. Сабақ үрдісінде бағдарламаның жеті модулін тиімді , ұтымды пайдалана алу дағдысы.

Оқуда тек жалаң білім берумен шектелмей, баланың жеке қасиеттерін дамыта отырып, оқытуға ұмтылу қажет. Мұғалім өз жұмысында алдындағы оқушылардың санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, зерттеп, өзі де жұмысын өзгерте отырып, оны үйлестіре білуі қажет деп есептеймін.

Қорыта келгенде, мектептің даму үдерісіне әрбір мұғалімнің қосар үлесін көшбасшылық, коучинг, тәлімгерлік тәсілдерді тарата отырып арттыру. Кәсіби деңгейі жоғары мамандарды даялау арқылы болашақ ұрпағымыздың алған білімдерін өмірде өз бетімен пайдалана алуына дағдыландыру. Осы бағытта жұмыс жасауға мен мектептегі әріптестеріме өзімнің көшбасшылық қабілеттерімді көрсете отырып жетемін. Алдағы уақытта өз көшбасшылығымды көрсете отырып, әріптестерімнің де көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ат салысамын.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан -2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан, 2012, 15 желтоқсан.

2. Құсайынов А. «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» . Ғылыми басылым. - Алматы, 2013.

27-33 б., 87-98 б.

3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. 1-деңгей ДББҰ, 2012

4. beta.rian.ru/..994691510. html. 18.04.2014



5. http//sabag.kz. 25.04.2014



©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет