Павлодар мемлекеттік педагогикалық институы «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша «Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен дәріс курстары



бет1/9
Дата23.06.2016
өлшемі143.9 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институы

«Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша «Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен дәріс курстары.

Құрастырған: заң ғылымдарының кандидаты, доцент Иксатова Сәуле Телютемировна.

1-тақырып. Мемлекет және құқық теориясы пәнінің түсінігі.

Жоспар:

1.Мемлекет және құқық теориясы пәнінің түсінігі.

2.Мемлекет және құқық теориясының әдіснамасы.

3.Мемлекет және құқық теориясының функциясы.

4.Мемлекет және құқық теориясының заң ғылымдары жүйесіндегі орны.

5.Алғашқы қауымдық құрылыстағы билікке жалпы сипаттама.

1.Мемлекет және құқық теориясы пәнінің түсінігі.

Мемлекет және құқық теориясының пәні дегеніміз- мемлекет пен құқықтың пайда болуының, дамуының және қызмет етуінің жалпы заңдылықтары, сондай-ақ заң ғылымдарының негізгі түсініктердің, ұғымдардың жүйесін айтамыз.

Осы анықтамаға сәйкес, мемлекет және құқық теориясының пәні 2 бөліктен тұрады:

Біріншіден, мемлекет және құқықтың пайда болуының, дамуының, қызмет етуінің жалпы заңдылықтары.

Аталған бірінші топқа мыналар жатады:

-мемлекет және құқықтың пайда болуы;

-мемлекет және құқықтың типтері;

-мемлекет және құқықтың дамуы;

-мемлекет және құқық нысанының эволюциясы;

-мемлекеттік органдар жүйесі мен құқықтық жүйесінің қалыптасуы;

-мемлекет және құқықтың функциясын жүзеге асыру;

-мемлекет және құқықтың қоғамдық қатынастарға әсер ету шегі;

-адам құқығының дамуы;

-демократия, заңдылық, құқықтық тәртіп қағидаттарының нығаюы;

-азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің дамуы;

-құқықтың нормаларды сақтау, орындау, қолдану;

-бұл заң ғылымының дамуы.

Екіншіден, барлық заң ғылымын қамтитын заңи түсініктердің, ұғымдардың жүйесі. Мысалы, мемлекет, мемлекеттік органдар, құқық, құқық бұзушылық, заңи жауаптылық.

Мемлекет және құқық теориясы пәнінің ерекшелігі:

а) ол негізгі ұғымдар жүйесін өзі үшін ғана емес, сондай-ақ барлық заң ғылымдарының салалары үшін қалыптастыруымен айналысады;

ә) мемлекет және құқық теориясы нақты бір мемлекет және құқықтың дамуы, қызмет етуін зерттеп қана қоймай, сонымен қатар мемлекет пен құқықты жалпы түрде, яғни, кез келген қоғамға тән мемлекет пен құқықтың жалпы белгілерін қарастырады. Мемлекет және құқық теориясы уақыт және кеңістікке қарамай жалпы түрде барлық мемлекет пен құқық жүйелерін зерттейді. Сондықтан да, онда мемлекет пен құқықтық туралы ғылыми ойлардың жетістіктері шоғырланған;

б) мемлекет және құқық теориясы мемлекет пен құқықтың бір-бірін толықтыратын, бір-бірімен тығыз байланысты әлеуметтік институт ретінде қарастырады.



2.Мемлекет және құқық теориясының әдіснамасы.

Жалпы ғылым дегеніміз, екі бағытты біріктіреді-теория мен әдіс.

Теория-бұл ғылым нені зерттейді?-деген сұраққа жауап береді.

Әдіс-бұл ғылым қандай тәсілмен, амалмен зерттеуді жүргізеді?-деген сұраққа жауап береді.

Әдіс -дегеніміз жаңа білімді алуға, пәнге жетуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен амалдардың, қағидаттар мен ережелердің жиынтығын айтамыз.

Әдіс-бұл зерттеп жатқан құбылысқа жетудің жолы, ақиқатқа жетудің ғылыми-танымдық тәсілі.

Ғылым әдісі-бұл пәнді түсінуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы. Сонымен, мемлекет және құқық теориясының әдісі дегеніміз мемлекет пен құқықтық құбылыстарды зерттеуде қолданатын тәсілдер мен амалдардың жиынтығын айтамыз.

Мемлекет және құқық теориясының әдісі төмендегідей топтастырылады:



  1. Жалпылама әдістер дегеніміз-ойлаудың әмбебапты қағидаттарын көрсететін философиялық, дүние танымдық бағыттарын айтамыз. Жалпылама әдістер мемлекет пен құқықты философия тұрғысынан қарастырады. Оларға мыналар жатады:

а) метофизика (мемлекет пен құқықты мәңгілік өзермейтін институттар ретінде қарастырады);

ә) диалектика.

Диалектика өз алдына идеалистік және материалистік деп екіге бөлінеді.

Идеалистік диалектика өз алдына екіге бөлінеді: субъективті және объективті. Егер де объективті идеализм мемлекет пен құқықтың пайда болуын құдай күшімен, объективті санамен байланыстырса, онда субъективті идеализм адамның санасымен, келісіммен байланыстырады.

Материалистік диалектика-бұл қоғамдағы элеуметтік-экономикалық өзерістермен, нақты айтқанда, жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның таптарға бөлінуімен байланыстырады. Материалистік диалектика тұрғысынан барлық мемлекет пен құқықтық құбылыстарды нақты тарихи даму жағдайында басқа да құбылыстармен тығыз байланыста болады.


  1. Жалпы ғылыми әдіс дегеніміз-жалпы әдістер сияқты бүкіл ғылыми танымды толығымен қамтымайды, ғылыми танымның жекелеген кезеңдерін қамтитын әдісті айтамыз. Оларға мыналар жатады:

а) анализ-бұл күрделі мемлекет пен құқықтық құбылыстарды шартты түрде жеке бөліктерге бөлу арқылы зерттеуді білдіреді;

ә) синтез-бұл құбылыстардың бөліктерін шартты түрде біріктіре отырып, зерттеуді білдіреді;

б) жүйелілік тәсіл-бұл мемлекет пен құқықтық құбылыстарды жүйеге, салаға топтастырып зерттеуді білдіреді (мысалы, бұл тәсіл жүйелі құрылым ретінде мемлекеттік аппаратты, саяси құқықтық жүйені және құқықтық норманы зерттеуге мүмкіндік береді);

в) функционалдық тәсіл-бұл белгілі бір әлеуметтік құбылыстың басқа құбылыстарға әсер ету нысанын анықтауға бағытталғанын білдіреді (мысалы, бұл әдіс құқықтық функционалдық заңды жауапкершілікті, құқықтық шектеулері зерттеуге мүмкіндік береді);

г) әлеуметтік-эксперимент тәсілі-бұл құқықтық реттеудің бұрыс нұсқасынан алдын алу мақсатында қандай да бір шешімнің жобасын тексерумен байланысты (мысалы, Қазақстанның кейбір аумағында әкімдерді сайлау институтын енгізу арқылы, оның тиімділігін зерттеу).

3) Жеке ғылыми әдістер деп мемлекет және құқық теориясының нақты техникалық, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдарының ғылыми жетістіктерін меңгерудің нәтижесінде пайда болған тәсілдерді айтамыз. Оларға мыналар жатады:

а) нақты-әлеуметтік тәсіл-бұл сауалнама, сұхбат, бақылау және басқа да тәсілдер арқылы мемлекет пен құқық саласында субъектілердің мінез-құлық туралы нақты мәліметтерді алуға мүмкіндік береді (мысалы, олар қоғамдық қатынастарға мемлекеттің әсерін, заңдар арасындағы қарама-қайшылықтарды анықтауда қолданады);

ә)статистикалық тәсіл-бұл бірнеше рет қайталанатын мемлекет пен құқықтық құбылыстардың, олардың ішінде құқықбұзушылықтың, заңи тәжірибенің сандық көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді (ол үш кезеңнен тұрады: статистикалық мәліметтерді жинау, оларды белгілі бір негіздер бойынша топтастыру, оларды өңдеу);

б)кибернетикалық тәсіл-бұл кибернетиканың заңдар мен техникалық құралдар арқылы мемлекет пен құқықтық құбылыстарды зерттеуді білдіреді;

в) математикалық тәсіл-бұл сандық көрсеткіштерге негізделген тәсілдер жиынтығы.

4) Жеке құқықтық әдістер-дегеніміз тек мемлекет және құқық теориясына ғана тән әдістерді айтамыз. Ол екіге бөлінеді:

а) формальді-заңи тәсіл-бұл заң ұғымдарын анықтауға, олардың белгілерін көрсетуге, топтастыруға, құқықтық ережелердің мазмұнын түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл тәсілге заңи техника мен құқық нормаларды талқылау тәсілдері кіреді.

ә) салыстырмалы құқықтық тәсіл-бұл әртүрлі құқықтық құбылыстарды салыстыру арқылы олардың жеке және жалпы белгілерін анықтайтын тәсіл.

3.Мемлекет және құқық теориясының фукциясы.

Мемлекет және құқық теориясының функциясы дегеніміз- өзінің алдында тұрған міндеттер мен мақсаттарға жетуге қажетті қызметінің негізгі бағыттарын айтамыз. Оның түрлері:

-онтологиялық функция мемлекет және құқықтың мәнін түсінуге, мемлекет және құқық дегеніміз не? Олар қалай пайда болды?-деген сұраққа жауап беруге мүмкіндік береді;

-гносеологиялық функция мемлекет және құқықты ғылыми тұрғыда зерттеу үшін, ғылыми тұжырымдарды, доктриналарды, құқықтық ұғымдарды, әдістер мен тәсілдерді қалыптастырады;

-эвристикалық функция мемлекет және құқық құбылыстар дамуының негізгі заңдылықтарын ашуға мүмкіндік береді;

-болжау функциясы мемлекет және құқықтық құбылыстардың өзгеруі, даму тенденциясын анықтауға, болашаққа болжау жасауға мүмкіндік береді;

-әдістемелік функция заң ғылымы салаларының талаптарына сәйкес, жаңа әдістемелік тұжырымдар жасап, ғылымның жақсы дамуына жағдай жасайды;

-ұйымдық-қолданбалы функция мемлекет және құқықты құбылыстарды реформалауды, мемлекет және құқықты қалыптастырудағы елеулі мәселелерді шешуге ұсыныстар жасай отырып, мемлекеттік басқару мен құқықтық реттеуді ғылыммен қамтамасыз етеді, басқа да заң ғылымдары сияқты, мемлекеттің қызметін жетілдіруге, заңнама мен оны қолдану тәжірибесін жақсартуға және дамытуға бағытталған ұсыныстар жасауға қызмет етеді.

-идеологиялық функция мемлекет және құқық туралы идеялары мен көзқарастарды қалыптастырып, субъектілердің саналарына тікелей әсер етіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді;

-тәрбиелік функция мемлекет және құқық теориясы құқықтық тәрбилеу мәселелерін шешуге, адамдарда демократия, тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, заңдылық, тәртіп және т.б. күрделі мәселелерге қатысты шынайы ғылыми көзқарастардың қалыптасуына жәрдемдесуі қажет. Жоғарыда көрсетілген функциялар бір-бірімен байланысты және оларды кешенді түрде алып қарастырғанда ғана нәтиже береді.



4. Мемлекет және құқық теориясының заң ғылымдары жүйесіндегі орны.

Қазіргі кездегі ғылым-бұл жекелеген ғылым салаларының жиынтығы. Ғылымдар жүйесін қалыптастыратын ғылыми пәндерді шартты түрде 3 бөледі:

а) гуманитарлық;

ә)техникалық;

б)жаратылыстану.

А) Гуманитарлық ғылым-қоғамды, адамдарды және әлеуметтік құбылыстарды зерттейді. Заң ғылымдары гуманитарлық ғылымдардың бір бөлігі. Өйткені, мемлекет пен құқық әлеуметтік құбылыстар болып табылады. Заң ғылымдарын келесідей бөлуге болады.

-мемлекет пен құқықтың жалпы теориясы;

-тарихи құқықтық ғылымдар (ҚР мемлекет және құқық тарихы, шетел мемлекет және құқық тарихы, саяси құқықтық ілімдер тарихы);

-салалық заң ғылымдары (Конституциялық, экологиялық,әкімшілік, жер, отбасы құқығы);

-салааралық заң ғылымдары (азаматтық іс жүргізу, қылмыстық іс жүргізу құқығы);

-шетел.

-қолданбалы ғылымдар (криминалистика, сот сараптамасы, құқықтық статистика).



Мемлекет және құқық теориясы гуманитарлық ғылымдар жүйесінде бола тұра, философиямен, әлеуметтанумен, саясаттанумен және т.б. тығыз байланысқа түседі. Олай, философияның көмегімен мемлекет және құқық теориясының дүниетанымдық бағыттары қалыптасады, оның нәтижесінде мемлекеттік-құқықтық шындықты танудың жалпы әдістемесі қалыптасады. Өз кезегінде, мемлекет және құқық теориясы кеңейтілген философиялық жалпылаулар үшін нақты материалдар береді. Мемлекет және құқық теориясы мен тарихи-құқықтық ғылымдарға тән ортақ белгі-олар мемлекет пен құқықты зерттейді. Ал айырмашылықтары мынада-тарихи-құқықтық ғылымдар мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың даму үдерісін хронологиялық тәртіпте зерттесе, мемлекет және құқық теориясы бұл үдерістерге жалпы сипаттама береді, мемлекет пен құқықтың мәнін, олардың қызмет ету заңдылықтарын және т.б. зерттейді.

Салалық заң ғылымдарына қатысты мемлекет және құқық теориясы жалпылаушы сипатты иеленеді, ол мемлекет пен құқықтың пайда болуы, қызмет етуі мен дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Ал кез-келген салалық ғылымның пәні қоғамдық қатынастардың тек нақты бір саласымен ғана байланысты болады. Сонымен қатар, мемлекет және құқық теориясы барлық салаларға ортақ мәселелерді зерттейді, яғни, мемлекет және құқық теориясының түсініктері мен институттарының негізінде салалық заң ғылымдарының түсініктері мен институттары қалыптасады.



5. Алғашқы қауымдық құрылыстағы билікке жалпы сипаттама.

Қоғамның мемлекеттен бұрын пайда болуының ескере отырып, мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды толық түсіну мақсатында алғашқы қауымдық құрылыста болған әлеуметтік билік пен нормаларға сипаттама беруге қажет.

Алғашқы қауымдық құрылысқа тән белгілері:


  1. тек қарапайым еңбек құралдарының болуы және адамдардың ру мүшелерінің көмегінсіз өмір сүре алмауы, сондай-ақ тамақпен, киіммен, тұрғын-жаймен қамтамасыз ете алмауы. Сондықтан, бұндай қоғамға артық өнім, жеке меншік, бай мен кедейге бөліну болған жоқ. Экономикалық тұрғыда барлығы тең болды, барлығы бірге тұрып, өндіріс құралдарына қоғамдық меншік болды, өнімдер тең негізде бөлінді.

  2. Экономикалық теңдік саяси теңдікке негізденді.

Тайпа тұрғындарының барлық ер және әйел адамдары тайпаның қызметіне байланысты барлық сұрақтарды шешуге қатысты.

Алғашқы қауымдық құрылыстағы биліктің белгілері:

-билік отбасы қатынастарына негізделді, өйткені, қоғамның ұйымдастырушылық негізінде ру, яғни қан туыстығы бойынша біріккен адамдармен тұрады. Әрбір ру шаруашылық бірлік, өндіріс құралдарының меншік иесі және қоғамдық еңбек үрдісін ұйымдастырушы ретінде болды.

-билік тікелей қоғамдық болып, алғашқы қауымдық демократияға, өзін-өзі басқару функциясы негізінде қалыптасты;

-билік ру мүшелерінің беделіне, салт-дәстүріне және сыйластыққа негізделді;

-билікті қоғам тұтастай немесе оның өкілдері жүзеге асырылды, яғни билік органы ретінде ру жиналысы, ақсақалдар, әскербасылары болды, олар алғашқы қауымдық құрылыстың маңызды мәселелерін шешті.

Алғашқы қауымдық құрылыстағы әлеуметтік нормаларға жалпы сипаттама.

Алғашқы қауымдық құрылыстағы әлеуметтік нормалардың ерекшелігі, олар адамдардың өмірінен шығып, ру мен тайпаның әлеуметтік-экономикалық тұтастығын қамтамасыз етті. Алғашқы қауымдық құрылыстағы әлеуметтік нормалар экономиканың дамуын және рудың жалғасымдылығын қамтамасыз етіп, тамақты жинаудың белгілі бір әдісін реттеп, неке отбасы қатынастарын сақтады.

Бұл нормалар мононормалар деп аталды, өйткені, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың басты мүддесі тірі қалуды білдірді. Бұл мүдде апатқа әртүрлі қауіптерге қарсы тұратын қоғамдағы күшті жинады.

Мононормалар әлеуметтік өмірді ұйымдастыру, алғашқы қауымдық мораль және рәсім нормалары ретінде болды. Мысалы, еңбек үрдісіне әйел мен ер, үлкен мен жас адамдар арасында қызметті бөлу, өндірістік әдет, өнегейліктің талабы, алғашқы қауымдық құрылыстағы діннің еркі ретінде қарастырылды.

Алғашқы қауымдық құрылыстағы әлеуметтік нормалардың ерекшелігі:

-ол адамдар арасындағы қатынастарды реттеді (осы арқылы техникалық, физиологиялық нормалардан ерекшеленеді);

-әдет түрінде іскен асты (ұзақ уақыт ішінде адамдардың бірнеше рет қайталаудың нәтижесінде әдетке айналған, тарихи қалыптасқан мінез-құлық ережелері);

-жазбаша нысанда болмай, көбінесе адамдардың іс-әрекеті және санасынан көрінді;

-олар негізінен әдет арқылы, сондай-ақ, тиісті сендіру және күштеу шаралармен қамтамасыз етілді;

-реттеудің басты тәсілі-тыйым салу болды;

-тайпа мүшелерінің құқықтары мен міндеттері болмады;

-барлық ру және тайпа мүшелерінің еркін білдірді.



2-тақырып. Мемлекеттің пайда болуының негізі.

Жоспар:


1.Мемлекеттің пайда болуының негізі.

2.Мемлекет пайда болуының теологиялық теориясы

3.Мемлекет пайда болуының патриархалдық теориясы

4.Мемлекет пайда болуының шарттық теориясы

5.Мемлекет пайда болуының күштеу (озбырлық) теориясы

6.Мемлекет пайда болуының материалистік теориясы

7.Мемлекет пайда болуының органикалық теориясы

8.Мемлекет пайда болуының психологиялық теориясы

9.Мемлекеттің пайда болуының ирригациялық теориясы.

10.Мемлекеттің пайда болуының патримоналдық теориясы

11.Мемлекет ұғымының әр түрлілігі,белгілері, мәні.

1.Мемлекеттің пайда болуының негізі.

Мемлекет-қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде пайда болған және нақты қоғамдағы саяси жүйедегі биліктің орталық институты болып табылатын саяси құрылым. Мемлекеттің пайда болуы туралы мәселе даулы болып табылды. Себебі, этнография және тарих ғылымдары оның пайда болуы туралы күннен-күнге жаңа мәліметтер беруде. Мемлекеттің пайда болу себептері туралы бірқатар теориялар бар, олардың негізгілері мыналар болып табылды:

-теологиялық (діни) теория;

-шарттық теория;

-күштеу теория;

-органикалық теория;

-психологиялық теория;

-материалистік теория.

Мұндай теориялардың, көзқарастардың әр алуандығы, келесі мән-жайлар негізделген:

-мемлекет пайда болуына бір қатар факторлар, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, әскери-саяси, табиғи-климаттық, өнегейлік-діни, тарихи-ұлттық, мәдени-рухани, экологиялық-психологиялық және басқа да факторлар әсер етті;

-бұл үрдіске түсінік беретін ойшылдар әртүрлі тарихи кезеңдерден тұрды, әрине, мемлекеттің пайда болуын түсіндіруде әртүрлі адамзаттың білім қорын, ғылыми жетістіктерді пайдаланды;

-ғылымдар мемлекет пайда болу үрдісін түсіндіре отырып,мемлекеттің пайда болуын түсіндіру үшін өз аймақтарын ғана алады;

-мемлекеттің пайда болуын түсіндірген авторлардың көзқарастарына өздерінің философиялық және иделогиялық тұжырымдары әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы және әртүрлі тарихи жағдайда қалыптасқан, мемлекеттік биліктің өздеріне тән ерекше белгілері бар. Мемлекеттің қалыптасуы ұзақ үрдіс және әртүрлі халықта әртүрлі жолмен жүрді.

Қорыта келгенде, біріншіден, мемлекет-әрқашанда болған жоқ; екіншіден, мемлекет-әлеуметтік институт, қоғамдық дамудың өнімі ретіне пайда болды; үшіншіден, кешенді факторлар жүйесінің әсерінен; төртіншіден,ерекше әлеуметтік басқару, ерекше мінез-құлық ережелеріне қажеттілік туындағанда қоғамның белгілі бір кезеңінде пайда болды.



2.Мемлекет пайда болуының теологиялық теориясы.

Мемлекет пайда болуының теологиялық теориясы-көбінесе орта ғасырда дамыды. Оның негізін салушы Фома Аквинский. Қазіргі кезде теологиялық теория ислам діннің, католик шіркеуінің өкілдері дамытуда (Маритен, Мерсье және т.б.).

Бұл теория өкілдерінің айтуы бойынша, мемлекет-құдай еркінің өнімі.

Осыған орай, мемлекеттік билік-мәңгілік және олар діни ұйымдар мен қызметкерлерге байланысты. Әрбір адам құдайға бағынған сияқты, мемлекетке де бағыну керек. Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және адамдардың құқықтық теңсіздігі құдайдың еркіне байланысты және онымен барлығы келісуі керек, жердегі құдайдың билігіне қарсы келмеуі керек. Мемлекеттік билікті тыңдамау, құдайды тыңдамау білдіреді.

Бұл теорияның өкілдері мемлекетті және мемлекет басшысын қасиетті деп жариялау, қоғамдағы тәртіпті, келісімді, руханилықты бекітуге атсалысты және олардың беделін көтерді. Бұл жерде құдай мен мемлекеттік билік арасындағы делдалдарға басты назар аударылды. Өзінің діни мазмұнына қарамастан, бұл теория бірқатар шынайы жағдайларды көрсетеді, нақты айтқанда, алғашқы мемлекеттердің теократиялық нысандарын-абыздар билігін, шіркеудің рөлін, діни және әкімшілік орталықтар арасындағы билік бөлінісін. Дегенмен де, аталмыш теорияның өкілдері мемлекеттің пайда болуына әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсерін, мемлекеттік нысанды, құрылымдарды жетілдіру жолын ұсынбайды. Теологиялық теория дәлелдеуге жатпайды, өйткені, ол сенімге негізделген.

3.Мемлекет пайда болуының патриархалдық теориясы.

Мемлекет пайда болуының патриархалдық теориясының ең беделді өкілдеріне Аристотель, Фильмер, Михаиловскийді жатқызуға болады. Бұл теория өкілдерінің айтуы бойынша, адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға ұмтылады, отбасын құруға тырысатын ұжымдық субъектілер. Адамдардың бірігуінен отбасы дамиды. Бұл отбасының көбеюі, дамуы соңында мемлекеттің пайда болуына әкеледі. Осыдан мемлекет басшысының билігі отбасындағы отағасының (әкесі) билігінің жалғасы және ол шексіз болды. Сондықтан да, барлығы отбасы иесіне бағынған сияқты, мемлекет басшысына да бағынуы керек. Оған ешкім қарсы келмеуі керек. Мемлекет басшысы барлық адамдар үшін, қажетті өмір сүру жағдайын жасайды. Отбасындағы отағасы сияқты, монарх сайланбайды, тағайындалмайды және ауыстырылмайды. Әрине, мемлекет пен отбасының ұқсастығы болуы мүмкін, өйткені, қазіргі кездегі мемлекеттің құрылымы бірден пайда болмай, қарапайым нысанда дамыды. Сонымен қатар, тарихшылардың айтуына бойынша алғашқы қауымдық құрылыс ыдырағаннан кейін мемлекетпен бірге отбасы да (әлеуметтік институт ретінде) пайда болды.



4. Мемлекет пайда болуының шарттық теориясы.

Мемлекет пайда болуының шарттық теориясы XVII-XVIII ғасырларда кеңінен таралған. Оның өкілдеріне Голландияда Гуго Гроций мен Спиноза, Англияда Д.Локк пен Т.Гоббс, Францияда Ж. Ж.Руссо, Ресейде А.Радищев жатады. Олардың пікірінше, мемлекет саналы шығармашылықтың өнімі, алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдардың келісімге келуі нәтижесінде пайда болды. Мысалы, А.Радищевтің ойынша, билік халыққа тиесілі, алайда ол мемлекет басшысына берілген және оны халық бақылауға тиіс.

Мемлекет-бұл адамдар арасындағы келісімге негізделген, олардың тиімді бірлестігі. Осыған сәйкес, олар өз бостандығының және өз биліктерінің бір бөлігін мемлекетке береді. Нәтижесінде, басқарушы мен азаматтар арасында құқықтар мен міндеттінің кешені, олардың орындамағаны үшін, жауапкершілік пайда болады. Мысалы, мемлекеттің заң қабылдау, салықтарды жинау, қылмыскерді жазалауға құқығы бар, бірақ та, өз аумағын адамның құқықтары мен бостандықтарын, меншіктерін қорғауға міндетті. Азаматтардың өз бостандықтары мен міндеттерін қорғауға мемлекет басшысының билікті асыра пайдаланғаны үшін, онымен шартты бұзуға құқығы бар. Сондай-ақ, олар заңдарды сақтауға, салықтарын төлеуге міндетті. Бір жағынан бұл теория мемлекетті танудағы басты қадам, өйткені мемлекет пен саяси биліктің пайда болуының діни түсініктерін жоққа шығарады. Бұл тұжырымдардың терең демократиялық маңызы бар, жағымсыз басқарушыны биліктен құлатуға халықтың табиғи құқығына кепілдік береді.

Екінші жағынан, бұл теорияның кемшілігі, алғашқы қауымдық құрылыс туралы абстракттілік көзқарастың болуы, яғни, өзінің белгілі бір даму кезеңінде адамдар мен басқарушы арасында келісім керектігін түсінеді. Сондай-ақ, мемлекеттің пайда болуының объективті факторларын (әлеуметтік-экономикалық, әскери-саяси және т.б.) ескермей, субъективті факторларына көп мән берген.



5. Мемлекет пайда болуының күштеу (озбырлық) теориясы

Мемлекет пайда болуының күштеу (озбырлық) теориясы XIX –ғасырда пайда болды, оның өкілдері Л.Гумплович, К.Каутский, Е.Дюринг.

Олардың айтуынша, мемлекеттің пайда болу себебін экономикалық-қоғамдық шарт, құдай күшінен емес, әскери- саяси фактор-күштеу, яғни, бір тайпа екінші тайпаны басып алудан көрінеді. Басып алған халықты, аймақты басқару үшін, күштеу аппараты қажет. Сол аппарат ретінде мемлекет құрылды. Аталмыш теория өкілдерінің айтуы бойынша, мемлекет-бұл бір тайпа екінші тайпаны билеу үшін, табиғи жолымен пайда болатын ұйым. Ал бұл күштеу бағыныштыларды өзіне бағындыру экономикалық үстемдіктің пайда болу негізі болып табылады. Соғыстың нәтижесінде тайпалар тапқа айналды. Жаулап алушылар өзіне бағындырған адамдарды құлдарға айналдырды. Демек, мемлекет қоғамның іштей дамуының нәтижесі емес, сыртқы күштің әсерінің нәтижесі.

Бір жағынан, мемлекеттің пайда болуының әскери-саяси факторларын толығымен жоққа шығаруға болмайды. Тарихи тәжірибе көрсеткендей күштеу элементтері көптеген мемлекеттердің пайда болу үрдісінде болды.

Екінші жағынан, бұл үрдісте күштеуді пайдалану деңгейі әртүрлі болды. Сондықтан да, күштеуді мемлекет пайда болуының басқада себептерінің бір ретінде қарастыру қажет. Сонымен қатар, әскери-саяси факторлар кей аймақтарды мемлекет пайда болуының қосымша факторы ретінде қарастырылды.

6. Мемлекет пайда болуының материалистік теориясы.

Мемлекет пайда болуының материалистік теориясының өкілдері К.Маркс, Ф.Энгельс,В.И. Ленин. Олар мемлекеттің пайда болуын ең алдымен әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланыстырды.

Экономиканың дамуына ең басты септігін тигізген, оның ішінде мемлекеттің пайда болуының басты себебі еңбектің ірі үш (жер өңдеуден мал шаруашылығы және қолөнері бөлініп шықты) бөлікке бөлінуі жатады. Бұндай еңбектің бөлінуі еңбек құралдарының дамуымен байланысты. Ал еңбек құралдарының дамуы жоғары өнімділікке әкелді. Артық өнімнің пайда болуы жеке меншіктің пайда болуына негіз болды. Сонда, қоғам бай мен кедей деп екіге бөлінеді.

Жеке меншіктің пайда болуының елеулі алғы шарты қоғаммен сәйкес келмейтін, оның мүшелерінің барлығының мүддесін білдірмейтін бұқаралық биліктің бөлініп шығуымен байланысты. Үстем рөл бай адамдарға көшті, олар басқарушыларға айналды. Олар өздерінің экономикалық мүдделерін қорғау үшін жаңа саяси құрылымды, яғни мемлекетті құрды. Мемлекет бай адамдардың еркін іске асырудың құралы ретінде болды. Осы себеппен мемлекет бір таптың екінші тапқа үстемдік етуді сақтау мен қолдау мақсатында пайда болды, сондай-ақ тұтас организм ретінде қоғамның өмір сүруін және қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында да пайда болды. Дегенмен, аталмыш теорияның өкілдері мемлекеттің пайда болуының экономикалық себептеріне көп көңіл бере отырып, ұлттық, діни, психологиялық, әскери-саяси және өзге де себептерді ескермеген.



Каталог: kaf -> epf -> images -> photo -> iks
kaf -> Ф. 4-63 Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстан және шет елдер тарихы кафедрасы «Ежелгі Қазақстан тарихы» пәні бойынша 5В011400
kaf -> Сценарий праздника
kaf -> Урок английского языка по программе «New Millennium English 5 класс»
kaf -> Торовкова Л. В. учитель русского языка и литературы мбоу «Лицей №101» Виды разборов на уроках повторения за курс начальной школы
kaf -> Пәннің/мамандықтың оқу-әдістемелік кешені
kaf -> Ф. 4-63 Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстан және шетелдер тарихы кафедрасы «Түркі халықтарының тарихы» пәні бойынша 5В011400
kaf -> План-конспект урока английского языка по теме «Mass Media»
iks -> ҚҰҚЫҚ негіздері дәріс құрастырушы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9


©tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет