Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы



жүктеу 3.92 Mb.
бет13/14
Дата20.06.2016
өлшемі3.92 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары
Біліктілікті
арттыру институттары
Біліктілікті арттыру институтының (филиалының) директоры

Лауазымдық міндеттері: Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Біліктілікті арттыру институтының (бұдан әрі – Институт) оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік, әкімшілік-шаруашылық және қаржы-экономикалық қызметіне басшылық етеді. Барлық құрылымдық бөлімшелердің жұмысын және тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастырады, олардың қызметін дамытады. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес Институт қызметінің ағымдағы және келешек жоспарын ұйымдастырады. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастыру, жетекші жоғары оқу орындарымен, алыс және жақын шетел ғалымдарымен білім беру мәселесі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту шараларын жүзеге асырады, заманауи ақпараттық технологияларды белсенді пайдаланады және дамытады. Институттың басқару құрылымын айқындайды. Институттың Жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін, курстардың, семинарлардың оқу-тақырыптық жоспарларын, штаттық кестені, Институт қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді. Басқа да оқу іс-шараларын әзірлеу мен бекітуді ұйымдастырады. Білім беру қызметін жүргізуге берілген лицензияға сәйкес тыңдаушылар үшін біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау курстарының ұйымдастырылуын бақылауды жүзеге асырады, оған қажетті жағдай жасалуын қамтамасыз етеді. Белгіленген заңнама шегінде Институт мүлігі мен құралдарына иелік етеді. Есеп-қисап, оқу-материалдық базаның түгелдігін және үнемі толықтыруын, Институттың жұмыс тәртібінің және ішкі тәртіп ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Ғылыми-педагогикалық және тәрбие процесінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін кадрларды іріктеуді және орналастыруды жүзеге асырады, олардың кәсіби деңгейінің өсуіне жағдай жасайды. Институттың Ғылыми кеңесінің жұмысына басшылық жасайды.

Мемлекеттік, қоғамдық, ғылыми және басқа да ұйымдарда Институт атынан өкілдік етеді, қажетті есеп-кисаптың дайындалуы мен ұсынылуын қамтамасыз етеді.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Ғылым туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдары және білім берудің келешегі мен даму жолдарын айқындайтын басқа да нормативтік құқылық актілерді, педагогика және психология негіздерін, білім берудің, андрогогиканың, синергетиканың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын, педагогика, педагогикалық психология, педагогикалық ғылым мен тәжірибенің жетістіктерін, менеджмент негіздерін, экономика, қаржы-шаруашылық қызметтің негіздерін, еңбек туралы заңнама, еңбек қорғау нормалары мен ережелерін, қауіпсіздік техникасы және өртке қарсы күрес ережелерін, санитарлық нормалар мен ережелерді.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, педагогика ғылымдарының кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесінің болуы және білім беру ұйымдарында немесе білім беруді басқару органдарында басшылық қызметтегі жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл.

Біліктілікті арттыру институты директорының орынбасары

Лауазымдық міндеттері: Нормативтік құқықтық актілерге және Біліктілікті арттыру институтының (бұдан әрі – Институт) жарғысына сәйкес Институт құрылымдарының қызметіне басшылық етеді. Институттың оқу, ғылыми, әдістемелік және шаруашылық қызметін жоспарлайды, ұйымдастырады және қадағалайды. Курстық және курсаралық іс-шараларды оқу, бағдарламалық-әдістемелік және ғылыми сүйемелдеуге басшылық және қадағалау жүргізеді. Баспа ісіне басшылық жасайды. Алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ыңтымақтастықты ұйымдастырады. Білім беру ұйымдарының және әдістемелік қызметтердің, білім беру ұйымдарының барлық деңгейіндегі ғылыми-педагогикалық және әдістемелік кадрларының, басшыларының біліктілігін арттырудың үздіксіздігін және сабақтастығын қамтамасыз етуді қадағалайды. Институттың құрылымдық бөлімшелеріне кадрлар іріктеуді іске асырып, оларды Институт басшылығына ұсынады. Кафедра, әдістемелік кабинеттер және басқа да құрылымдар қызметкерлеріне консультация береді, олардың жұмысын үйлестіреді, әдістемелік құрамды аттестаттауды ұйымдастырады. Қажетті есеп-қисаптың ұйымдастырылуы мен ұсынылуын қамтамасыз етеді.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Ғылым туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарын және білім берудің келешегі мен даму жолдарын айқындайтын басқа да нормативтік құқықтық актілерді, педагогика және психология негіздерін, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, менеджмент негіздерін, экономика, қаржы-шаруашылық қызмет негіздерін, андрогогика, синергетика, педагогика, педагогикалық психология, педагогикалық ғылым мен тәжірибенің жетістіктерін, еңбек туралы заңнама, еңбек қорғау нормалары мен ережелерін, қауіпсіздік техникасы және өртке қарсы күрес ережелерін, санитарлық нормалар мен ережелерді.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, педагогика ғылымдарының кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесінің болуы және білім беру ұйымдарында немесе білім беруді басқару органдарында басшылық қызметтегі ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл.

Біліктілікті арттыру институтының (БАИ) әдіскері

Лауазымдық міндеттері: Курстардың, семинарлардың, конференциялардың, педагогикалық оқулардың, конкурстардың, көрмелердің сараланған жабдықталуын және өткізілуін ұйымдастырады. Курстарға оқу-әдістемелік материалдар әзірлейді. Зертханалық-практикалық сабақтарды, тренингтерді, тиісті санаттардың біліктілігін арттырудың (бұдан әрі – БА) өзекті мәселелері бойынша іскерлік ойындарды даярлап, өткізілуін қамтамасыз етеді. Жаңа тиімді технологияларды енгізу бойынша арнаулы проблемалық курстарды ұйымдастырады. БА курстарына арналған жаңа оқу-тақырыптық жоспарларды, бағдарламаларды әзірлейді. Білім беру қызметкерлерінің үздіксіз БА әртүрлі топтарының курстық дайындықтарының тиімділігін анықтайтын педагогикалық инструментарий жұмысын, педагогикалық диагностика, түзетуді іске асыру әдістерін жетілдіру, әдістемелік жұмысты үлгілеу бойынша заманауи әдістерді енгізу жұмысын үйлестіреді. Білім беру ұйымдарының дыбыс-бейне және интерактивті оқыту құралдарына мұқтаждығын, қазіргі педагогикалық деректер банкісінің ахуалын саралайды. БА курстарының әдістемелік және тәжірибелік қамтамасыз етілуін ұйымдастырады. Біліктілік арттыру жоспарының іске асырылуын қамтамасыз етеді, кабинет бейіні бойынша педагог кадрлардың сапалық құрамына мониторингті жүзеге асырады. Авторларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеңдердің мақұлдануына, авторлық курстар, семинарлар ұйымдастыру мен өткізуге көмек көрсетеді. Тәжірибелік-эксперименталдық жұмыстың нәтижелерін саралайды және жалпылайды. Білім беру ұйымдары педагогтарының, әдіскерлерінің, басшыларының нәтижелі жұмыс тәжірибесін зерттеп, жалпылайды және таратады. Білім беру қызметкерлеріне, аудандық әдістемелік кабинеттерге консультативтік, әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді. Курсаралық жұмыстар мен әртүрлі байқаулар, конкурстар, слеттер, олимпиадалар өткізеді. Педагогикалық және басқарушылық инновацияларды зерттеп, насихаттайды. Педагогика ғылымының заманауи жетістіктерін, педагогикалық әдебиеттің жаңалықтарын қадағалап, олар туралы білім беру ұйымдарын, әдістемелік кабинеттерді хабардар етеді. БА жүйесінде маркетингтік зерттеулер және баспа қызметін жүзеге асырады.

Аймақтық деңгейде жұмысты ұйымдастыру бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарының тиісті кабинеттерінің қызметін қадағалайды. Педагогтердің, білім беру ұйымдарының инновациялық, тәжірибелік-эксперименталдық жұмыстарының және өзіндік зерттеу (ізденіс) қызметінің нәтижелерін жалпылау негізінде ғылым және практиканың ықпалдасу идеяларын енгізу бойынша ұсынымдар әзірлейді. Республикалық педагогикалық басылымдарда білім беру мәселелеріне байланысты материалдар жариялайды.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарын және білім беру ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша басқа да нормативтік-құқықтық актілерді, дидактика принциптерін, педагогика негіздері және жас ерекшелігі психиологиясын, басқарудың инновациялық әдістерін, әдістемелік және ақпараттық материалдарды жүйелендіру принциптерін, баспамен жұмыс негіздері, оқу-бағдарламалық құжаттаманы әзірлеу тәртібі мен принциптерін, пән бойынша жаңа және балама оқулықтар мазмұны, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын, ғылыми-зерттеу және эксперименталдық жұмыс тәжірибесін жалпылау және тарату әдістемесін, еңбек туралы заңнама негіздерін, еңбек қорғау нормалары мен ережелерін, қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі техникасын, санитарлық нормалар мен ережелерді.

Тиісті санатты алу үшін міндеттерді айқындаумен қатар біліктілікке қойылатын талаптар:

біліктілігі жоғары деңгейдегі санаты жоқ маман: БАИ әдіскеріне қойылатын жалпы талаптарға жауап беруі, сонымен қатар: ақпаратты компьютерлік өңдеу технологиясын, педагогикалық саралау әдістерін меңгеруі тиіс.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, педагогикалық жұмыс өтілі, оның ішінде біліктілік арттыру жүйесіндегі жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл.

біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты маман: біліктілігі жоғары деңгейдегі санаты жоқ БАИ әдіскеріне қойылатын жалпы талаптарға жауап беруі, сонымен қатар: алдыңғы қатарлы білім беру технологиялары бойынша жұмыс тәжірибесін жалпылай және тарата білуі, жарияланған әдістемелік материалдарының болуы тиіс.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім және БА жүйесіндегі жұмыс өтілі кемінде 7 (жеті) жыл;

біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты маман: біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты БАИ әдіскеріне қойылатын талаптарға жауап беруі, сонымен қатар: ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыс дағдыларына ие болуы, білім беру процесінің өзекті проблемаларын әзірлеу бойынша шығармашылық топтар жұмысына қатысуы тиіс.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, БА жүйесіндегі жұмыс өтілі кемінде 9 (тоғыз) жыл;

біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты маман: біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты БАИ әдіскеріне қойылатын талаптарға жауап беруі, сонымен қатар: ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыс әдістерін меңгеруі; білім беру процесінің өзекті проблемаларын әзірлеу бойынша шығармашылық топтарға жетекшілік етуі: алдыңғы қатарлы білім беру технологиялары бойынша ақпарат таратуы, жарияланған әдістемелік материалдарының болуы, мемлекеттік тілді білуі тиіс.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, БА жүйесіндегі жұмыс өтілі кемінде 10 (он) жыл және жарияланған әдістемелік материалдары болуы керек.

Деңгейлік бағдарламалар орталығының басшысы

Лауазымдық міндеттері: Орталықтың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Тренерлер арасында функционалды міндеттерді бөледі. Орталық қызметін ұйымдастырады, оның даму перспективаларын айқындайды, Орталық алдына қойылған функциялар мен міндеттерді шешудің жолдарын тандайды. Біліктілікті арттыру курстарының өткізілуін үйлестіреді, тренерлер жұмыстарының нәтижелігін саралайды, есептіліктің уақытылы жасалуын қамтамасыз етеді, қазіргі нормаларға сай құжаттама жүргізеді. Деңгейлік бағдарламалардың оқу процесін нормативтік құжаттар талабына сәйкес ұйымдастыруды қамтамасыз ету бойынша БАИ қызметіне қатысады. Тренерлердің оқу қызметінің нормаларын жоспарлауын және орындауын бақылауды жүзеге асырады. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының деңгейлік бағдарламаларына қатысты саралық есептер мен сұрақтар бойынша ақпараттық анықтамалар әзірлейді. Курсаралық кезеңде сертификатталған педагогтерге консультациялық көмек көрсетеді. Тренерлердің оқу жүктемесі мен аудиторлық қорды ұтымды қолдануы бойынша ұсынымдамалар, бағдарламалар мен оқу-тақырыптық жоспарлар әзірлеу жұмысын ұйымдастырады. Деңгейлік бағдарламаларына қажетті оқу құжаттамасын әзірлеу, оқу процесін ішкі нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес ұйымдастыру бойынша филиал қызметіне қатысады. Педагогтер біліктілігін арттыру курстарының деңгейлік бағдарламары бойынша оқу процесін ұйымдастыруға қатысты Басқарма бұйрықтары мен шешімдерін орындауды қамтамасыз етеді. Орталықтың жабдықтарға, материалдарға және Орталыққа жүктелеген міндеттер мен функцияларды орындауға қажетті басқа да ресурстарға мұқтаждығын айқындайды.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының заңдарын, білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен шешімдерін және нормативтік құжаттарды. Филиал қызметін айқындайтын нормативтік актілерді. Кембридж университетімен бірге дайындалған «НЗМ» ДББҰ-ның оқу бағдарламасының жеті модулінің тұжырымдамалық идеяларын. Ересектерді оқытудың заманауи формалары мен әдістерін. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негіздерін. Еңбек қорғау нормалары мен ережелерін, қауіпсіздік техникасы және өртке қарсы күрес ережелерін.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, тренер сертификаты және оқытушы ретінде жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл.

Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері

Лауазымдық міндеттері: Деңгейлік бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курстарын тиісті деңгейде өткізу. Тындаушылармен бекітілген кесте бойынша дәріс өткізу. Деңгейлік бағдарламалар курстарының талабына сай оқу-тақырыптық жоспар мен курс бағдарламасын әзірлеу. Тыңдаушылардың сабаққа қатысуын тұрақты түрде бақылау. Куратор функциясын жүзеге асыру. Қажетті оқу құжаттарын (журналдар, табельдер, кесте және т.б.) ресімдеу. Өзінің қызметі туралы басшылыққа қажетті ақпарат беру. Ақпараттық брошюра, мақала дайындау. Семинар, көрме, конференцияларға қатысу. Тындаушыларға портфолионы дайындау және біліктілік емтиханын тапсыру бойынша консультация беру. Біліктілік емтихан нәтижелеріне сараптама жүргізу. Оқу процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану. WOIP-технологияны қолдана отырып, бейнеконференция арқылы біліктілікті арттыру денгейлік курстарының он-лайн кезеңін өткізу кезінде жеке консультациялар жүргізу. Тыңдаушылардың аудиториялардағы жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тренер жұмысын реттейтін Ішкі тәртіп ережелерін және филиал құжаттарын сақтау. Филиал іс-шараларына, оның ішінде орталықтың отырыстарына, өз қызметінің барлық түрлерін жоспарлауға және атқарылған жұмыс туралы есеп беруге қатысу. Сертификатталған мұғалімдердің кейінгі кәсіби қызметіне мониторинг жүргізу. Тыңдаушыларға демалыс іс-шараларын ұйымдастыру. Курсаралық кезеңде бекітілген базалық (тірек) және басқа мектептерде: мастер-кластар өткізу; топтық консультациялар жүргізу; мұғалімдердің коучингін және тәлімгерлігін жүзеге асыру; басшылықтың басқа да тапсырмаларын орындау.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының заңдарын, білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен шешімдерін және нормативтік құжаттарды. Филиал қызметін айқындайтын нормативтік актілерді. Кембридж университетімен бірге дайындалған «НЗМ» ДББҰ-ның оқу бағдарламасының жеті модулінің тұжырымдамалық идеяларын. Ересектерді оқытудың заманауи формалары мен әдістерін. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негіздерін. Еңбек қорғау нормалары мен ережелерін, қауіпсіздік техникасы және өртке қарсы күрес ережелерін.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, білім беру саласындағы жұмыс өтілі кемінде 1 (бір) жыл, біліктілікті арттыру курстарының тренері сертификатының болуы.

Кафедра меңгерушісі

Лауазымдық міндеттері: Кафедраның даму стратегиясын жасайды, сыртқы байланыстарды нығайтады және дамытады.

Тыңдаушыларды курстық даярлау сапасының кафедраішілік жүйесін әзірлейді. Оқытудың педагогикалық әдістері мен құралдарын, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыс дағдыларын меңгереді. Профессорлық-оқытушылық құрамды оқытуды ұйымдастырады. Оқу, ғылыми, әдістемелік жұмыс мәселелері бойынша кафедра отырыстарын өткізеді.

Кафедра жұмысын жоспарлайды, кафедра оқытушыларының жеке жұмыс жоспарларын бекітеді. Кафедра оқытушылары арасындағы педагогикалық жүктеме мен лауазымдық міндеттерді бөлуді жүзеге асырады, олардың уақытылы және сапалы орындалуына бақылау жасайды.

Кафедрада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады. Аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оларды енгізу мүмкіндіктерінің нәтижелерін талқылауды ұйымдастырады. Қол жеткізілген ғылыми нәтижелерді жариялау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Оқу және оқу-әдістемелік құралдарға сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді. Көрнекі құралдар мен кафедраның оқу-әдістемелік материалдарының дайындалуын ұйымдастырады және тікелей өзі қатысады.

Кафедрадағы оқытушылардың жеке жұмыс жоспарларының сапасы мен орындалуына бақылау жасайды. Кафедраның педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысады. Кафедра оқытушыларының жұмыс тәжірибесін зерттейді, жинақтайды және таратады. Жұмысты жаңа бастаған оқытушыларға оқу және әдістемелік тұрғыдан көмек көрсетеді. Кафедра оқытушыларының біліктіліктерін арттыруды жоспарлайды. Компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгереді. Ғылыми кеңес жұмысына қатысады. Ғылыми-әдістемелік көмек көрсету мақсатында білім беру ұйымдарымен және басқа да ұйымдармен байланыс орнатады.

Кафедраның, институттың халықаралық қызметіне қатысады және қамтамасыз етеді. Кафедраның барлық құжаттарының және есептерінің дайындалуын және сақталуын қамтамасыз етеді.

Кафедра қызметінің қорытындысы бойынша есеп береді. Кафедра оқытушыларының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, санитария және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауына бақылау жасайды. Еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өрт қауіпсіздігі қағидалары мен нормаларын орындайды.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарын және біліктілікті арттыру жүйесінің қызметі мен дамуын реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дайындау және бекіту тәртібін, білім беру жүйесін басқарудың теориясы мен әдістерін, оқу жоспарларын жасау тәртібін, оқу жұмысы бойынша құжаттамаларды жүргізу тәртібін, педагогика, физиология, психология және кәсіптік оқыту беру әдістемесін, қазіргі заманғы оқыту мен тәрбиелеу нысандары және әдістерін; экономика негіздерін, еңбек туралы заңнаманы, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрттен қорғау ережелері мен нормаларын.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, ғылыми немесе академиялық дәрежесінің болуы және педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 7 жыл, оның ішінде біліктілікті арттыру жүйесінде кемінде 3 жыл.

Аға оқытушы

Лауазымдық міндеттері: Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастырады және өткізеді. Кафедрадағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір бағытына қатысады.

Барлық оқу жұмысының түрлерін жүргізеді. Оқытатын пәндер бойынша оқу бағдарламаларын, оқу-тақырыптық жоспарларын әзірлейді. Оқитын пәндері немесе жекелеген оқу сабақтары, оқу жұмыстары бойынша әдістемелік қамтамасыз ету үшін еңбектер жинақтайды және әзірлейді.

Тыңдаушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысады. Оқитын пәндері немесе жекелеген оқу бойынша студенттердің өзіндік жұмыстарына басшылық жасайды.

Біліктілікті арттыруды әдістемелік қамтамасыз етеді. Кафедраның, институттың ғылыми-әдістемелік жұмыстарына қатысады.

Сабақтарды, зертханалық жұмыстар мен практикалық сабақтарды өткізуде тыңдаушылардың еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақтауына бақылау жасайды.

Кафедрадағы оқулықтарды, оқу және оқу-әдістемелік құралдарды, әзірлемелерді, жұмыс бағдарламаларын және басқа да оқу-әдістемелік жұмыстардың түрлерін дайындауға қатысады. Жеке жоспардың орындалуы туралы есепті дайындайды және ұсынады. Компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгереді.

Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелерін орындайды.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарын және біліктілікті арттыру жүйесінің қызметі мен дамуын реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді, білім беру жүйесін басқарудың теориясы мен әдістерін, оқу жоспарларын жасау тәртібін, оқу жұмысы бойынша құжаттамаларды жүргізу тәртібін, педагогика, физиология, психология, андрогогика, кәсіптік оқыту беру әдістемесін, қазіргі заманғы оқыту мен тәрбиелеу нысандары және әдістерін, экономика негіздерін, еңбек туралы заңнаманы, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрттен қорғау ережелері мен нормаларын.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары педагогикалық білім, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл.

Бөлім басшысы

Лауазымдық міндеттері. Нормативтік, құқықтық актілер мен біліктілікті арттыру институты туралы ережеге сәйкес бөлім қызметіне басшылық жасайды. Бөлімнің даму стратегиясын әзірлейді. Бөлімнің жұмыс жоспарын және бөлім мамандарының жеке жұмыс жоспарларын бекітеді. Бөлім мамандарының арасында функционалдық міндеттерін бөлуді, олардың уықытылы және сапалы орындалуын бақылайды.

Бөлім қызметінің нәтижесін талдайды. Бөлім мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға көмек көрсетеді. Компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгереді.

Ішкі тәртіп ережесін сақтайды және бөлімнің жұмыс регламентіне сәйкес құжаттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Бөлімнің барлық түрлердегі құжаттамаларын, есебін жасауды және сақтауды қамтамасыз етеді.

Институттың іс-шараларына қатысады, бөлімнің барлық түрдегі қызметін жоспарлайды және талдайды. Қажетті есепті, бөлім қызметі туралы ақпаратты дайындауды және ұсынуды қамтамасыз етеді.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңдарын және білім беру ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша басқа да нормативтік құқықтық актілерді, дидактика принциптерін, педагогика және жас ерекшеліктері психологиясы негіздерін, басқарудың инновациялық әдістерін, әдістемелік және ақпараттық материалдарды жүйелендіру принциптерін, баспалармен жұмыс істеу негіздерін, оқу-бағдарламалық құжаттамаларды әзірлеу принциптері мен тәртібін, пәндер бойынша жаңа және балама оқулықтардың мазмұнын, алдыңғы қатарлы білім беру технологиялары бойынша жұмыс тәжірибесін жалпылау және тарату әдістемесін, еңбек туралы заңнама негіздерін, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларын, санитариялық ережелер мен нормаларды.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары білім (бөлім бейіні бойынша) және білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл.

Бас (жетекші) маман

Лауазымдық міндеттері. Курстарды, семинарларды, конференцияларды, педагогикалық оқуларды, конкурстарды, көрмелерді ұйымдастырады. Педагогикалық диагностиканы, түзетуді, білім беру қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз арттыру бойынша курстық даярлықтың тиімділігін анықтаудың педагогикалық инструментарийін іске асыру әдістерін жетілдіру, әдістемелік жұмысты үлгілеудің қазіргі заманғы әдістерін енгізу жұмыстарын үйлестіреді. Ұйымдар мен білім беру қызметкерлерінің білім беру және кәсіптік қажеттіліктерін талдайды. Біліктілікті арттыру курстарын әдістемелік қамтамасыз етуді үйлестіреді. Біліктілікті арттыру жоспарын іске асыруды қамтамасыз етеді, кабинет бейіні бойынша педагог кадрлардың сапалық құрамына мониторингті жүзеге асырады. Авторлардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін сынақтан өткізуге, авторлық курстарды, семинарларды ұйымдастыруға және өткізуге көмек көрсетеді. Тәжірибелік-эксперименталдық жұмыс нәтижелерін талдайды және жалпылайды. Білім беру ұйымы педагогтерінің, әдіскерлерінің, басшыларының нәтижелі жұмыс тәжірибелерін зерделейді, жалпылайды және таратады. Білім беру қызметкерлеріне, аудандық әдістемелік кабинеттерге консультативтік, әдістемелік, практикалық көмек көрсетеді. Курсаралық жұмыстар мен әртүрлі байқауларды, конкурстарды, слеттерді, олимпиадаларды өткізеді. Педагогикалық және басқарушылық инновацияларды зерделейді және насихаттайды. Қазіргі заманғы педагогикалық ғылым жетістіктерін, педагогика әдебиеттерінің жаңалықтарын зерделейді және олар туралы білім беру ұйымдарына, әдістемелік кабинеттерге хабарлайды. Компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгереді. Біліктілікті арттыру жүйесіндегі маркетингтік зерттеулерді және баспа қызметін жүзеге асырады.

Педагогтердің, білім беру ұйымдарының инновациялық, тәжірибелік-эксперименталдық жұмыс нәтижелерін және өзінің (ізденушілік) зерттеу қызметін жалпылау негізінде ғылым мен практиканы интеграциялау идеяларын енгізу бойынша ұсынымдамалар әзірлейді. Республикалық педагогикалық басылымдарда білім беру проблемалары бойынша материалдар жариялайды.

Білуге міндетті: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасында бала құқықтары туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңдары және білім беру ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша басқа да нормативтік құқықтық актілерді, дидактика принциптерін, педагогика және жас ерекшеліктері психологиясы негіздерін, басқарудың инновациялық әдістері, әдістемелік және ақпараттық материалдарды жүйелендіру принциптерін, баспалармен жұмыс істеу негіздерін, оқу-бағдарламалық құжаттамаларды әзірлеу принциптері мен тәртібін, пәндер бойынша жаңа және балама оқулықтардың мазмұнын, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын, ғылыми-зерттеу және эксперименталды жұмыстар бойынша жұмыс тәжірибесін жалпылау және тарату әдістемесін, еңбек туралы заңнама негіздерін, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларын, санитариялық ережелер мен нормаларды.

Тиісті санатты алу үшін міндеттерді айқындаумен қатар біліктілікке қойылатын талаптар:

Жетекші маман:

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименталды жұмыс әдістерін меңгеру, білім беру процесін әдістемелік қамтамасыз ету бойынша шығармашылық топтардың жұмысына қатысу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, педагогикалық талдау әдістерін меңгеру, оң педагогикалық тәжірибені зерделеу, жалпылау, тарату.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары білім (бөлім бейіні бойынша), білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл.

Бас маман: Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименталды жұмыс істеу әдістері мен дағдыларын меңгеру; білім беру процесін психологиялық-әдістемелік сүйемелдеу бойынша шығармашылық топтарын басқару; ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде ақпаратты компьютерлік өңдеу дағдыларын, педагогикалық талдау әдістерін меңгеру; жарияланған әдістемелік материалдардың, авторлық әзірлемелердің болуы.

Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары білім (бөлім бейіні бойынша), білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл.

1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14


©tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет