ПӘннің ОҚу- әдістемелік кешені қазақ тілін оқыту әдістемесі 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті 5В020500 «Филология» ОҚУ-Әдістемелік материалдары



жүктеу 2.27 Mb.
бет1/14
Дата30.06.2016
өлшемі2.27 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ



3-деңгейлі СМЖ

құжаты

ПОӘК


ПОӘК 042-18-28.1.23/03-2013





ПОӘК

«Қазақ тілін оқыту әдістемесі»

пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар



______2013 жылғы

№ 3 басылым









ПӘННІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Қазақ тілін оқыту әдістемесі
5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті

5В020500 - «Филология»




ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАРЫ



СЕМЕЙ


2014

Мазмұны
1 Глоссарий

2 Дәріс сабақтарының мазмұны

3 Тәжірибелік сабақтардың мазмұны

4 Білім алушылардың өздік жұмысы



1 ГЛОССАРИЙ
Әдістеме — педагогика ғылымының жеке пәндерден берілетін білім көлемі мен мазмұнын негіздеп, оны оқытудың тиімді әдістерін зерттейтін бір саласы. Тұтасынан алғандағы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту процесінің заңдылықтарын дидактика зерттейді. Ол заңдылықтардың жеке пәндерді оқытудағы көрінісін және әр пәнді оқытудың өзіне ғана тән заңдылықтарын пәндік дидактика қарастырады. Бұлардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқыту Әдістемелері бар.

Білім беру мазмұны  - жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға бағытталған, педагогикалық адаптацияланған білім, іскерлік, дағдылардың, шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен эмоционалдық-жігерлік қатынас тәжірибесінің жиынтығы немесе жүйесі.

Мемлекеттік білім беру стандарты – мемлекеттік нормалар деп танылған және қоғам сұраныстары мен тұлға қажеттігі мен мүмкіндіктеріне сай білім деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштер жүйесі.

Оқу жоспары – оқу жылының, тоқсандардың, демалыс күндерінің мерзімін, оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімін, әрбір оқу жылы /сыныптар/ бойынша оқу тәртібін және ретін, әрбір пәнге бүкіл оқу мерзімінде және апта сайын әр пәнге бөлінетін сағаттардың мөлшерін анықтайтын нормативтік құжат.

Оқу бағдарламасы  - оқу пәніне  байланысты білім, іскерлік, дағдылардың мазмұнын ашатын нормативтік құжат. Оқу бағдарламасы оқу жоспары негізінде жасалады.

Оқулық – оқу бағдарламасына сай оқу пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндайтын кітап.

Дидактика - («didaktikas» - оқытушы, «didasko» -  оқушы) грек тілінен аударғанда оқыту мен үйрету деген мағынаны білдіреді,білім беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін оқыту теориясы, педагогика ғылымның саласы.

Оқыту – оқушыны білімдендіру, тәрбиелеу, дамыту мақсатына бағытталған алдын – ала жоспарланған іс - әрекет. Оқыту - қазіргі заман талаптарын ескере отырып, оқушы тұлғасын, білім, іскерлік, дағдыларды меңгерте отырып, мақсатты қалаптастару мен дамыту процесі.

Оқыту процесі - бұл білім беру, тәрбиелеу және дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған оқытушы мен оқушыарасындағы мақсат бағдарлы өзара байланысты іс - әрекет.

Білім — адамзаттың жинақталған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамның игілігіне айналдыру үшін, оны ойлау операциясы - талдау, синтездеу, салыстыру, жіктеу және жинақтау арқылы терең ұғыну қажет. Оқушы ойлау операциясына сүйеніп, өз білімін шындыққа айналдырады.

Іскерлік - алған білім негізінде оқушылардың практикалық әрекетінің іске асырылуы. Білімсіз қандай болса да іскерлік болуымүмкін емес.

Дағды - бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекетте машықтандыру.

Заңдылық  дегеніміз құбылыстар мен процестер арасындағы объективті, маңызды, қажетті, жалпы, берік, белгілі жағдайда қайталанап  отыратын өзара байланыс.

Дидактикалық принциптер – оқытудың негізгі мазмұнын, ұйымдастыру тәсілдерін, әдістерін  мақсатына,  заңдылықтарына сай орындайтын қағидалар жүйесі.

Оқытуды ұйымдастыру формасы - оқыту процесінің мақсаттары мен міндеттерін іске асырудағы мұғалім мен оқушылардың іс - әрекетінің сыртқы көрінісі.

Сабақ – мазмұны, уақыты, ұйымдастырылуына қарай аяқталған оқыту үрдісінің бөлігі.

Сабақ- ол  ұжымдық оқыту формасы, оған оқушылардың тұрақты құрамы, шектелген оқу уақыты (45 минут), алдын-ала құрылған сабақ кестесі, оқу жұмысын бір ғана материал төңірегінде ұйымдастыру тән.

Сабақ құрылымы -  сабақтың барысында оның құрамдас бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуы.

Оқыту әдістері - оқытудың мақсатты міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы.

Оқу тәсілдері - оқыту әдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “әдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым.

Оқу құрал-жабдықтары бұл білім алу, ептіліктерді қалыптастыру көздері. «Оқу құрал –жабдықтары» түсінігі кең және тар мағынада қолданылады. Тар мағынада бұл түсінік оқу және көрнекі құралдары, көрсетпе жабдықтар, техникалық саймандар және т.б. байланысты. Ал кең мағынада оқу құрал-жабдықтары деп білім мақсатын іске асыруға көмекші жағдаяттардың бәрі деп түсінеміз, яғни оқыту әдісі, формасы, мазмұны, сонымен бірге оқудың арнайы бұйымдарының бәрі осы оқу жабдықтарын құрайды.

Бақылау -  кең көлемде бір нәрсені тексеру деген мағынаны білдіреді. Бақылау оқыту процесінде оқушылардың оқу әрекетіне басшылық жасау қызметін атқарады, олардың шығармашылық күші мен қабілетінің дамуына ықпал етеді.

  Бағалау -  оқытудың құрамдас бөлігі және қорытындылау сатысы. Бағалау, бір нәрсенің деңгейін, сапасын, дәрежесін белгілеу. Оны оқушының оқу-таным әрекетінде қарастырсақ оқыту процесінің міндеттерін оқушылардың қандай дәрежеде меңгеруі, дайындық деңгейі мен дамуын, білімдерінің сапасын, білік пен дағды көлемін анықтайтын құрал.



Сынақ – қорытынды бақылаудың айырықша түрі, ол белгілі бір тарау немесе тақырып бойынша атқарылған оқу жұмыстарының бүкіл өн бойында мұғалім қолданған тексерудің барлық түрлерін ескере отыра қойылады.

Емтихан – оқушылардың білімін қорытынды тексерудің және бағалаудың арнаулы формасы.

Педагогикалық технологиялар - теориялық білімдерді тұтас педагогикалық үрдістің қызметін практика жүзінде іске асыруға бағытталған және сол үрдіс нәтижелерін кезеңдер бойынша өлшеп, тұлғаның да, ұжымның да даму динамикасын көруге болатын, педагогтар мен оқушылардың өздерін-өздері дамытуларына мүмкіндік тудыратын жүйелі іс-әрекеттер кешені.

2 Дәріс сабақтарының мазмұны
1 модуль. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы
1 Дәріс. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы. Пәнінің жалпы мәселелері, мақсаты мен міндеті, зерттелу жайы.

Мақсаты: Қазақ тілінің әдістемесі ғылымының зерттеу нысаны мен пәні, методологиялық – теориялық негіздері туралы мағлұмат беру. Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу, даму жолдары. Әдістемелік мұра және оны талдау әдістері туралы түсінік беру

Жоспар:


  1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы және оқыту әдістемесінің негізін салушы ғалымдар

  2. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – ғылым

  3. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттеу әдістері

  4. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаттары мен міндеттері

  5. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мазмұны.

1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы және оқыту әдістемесінің негізін салушы ғалымдар

Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылым болып бірден қалыптасқан жоқ. Оның да өзінің тарихи даму жолдары бар. Қазақ халқының тарихында баланы ана тілінде оқыту және оқыту әдісіне көңіл бөлу ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннен басталды десек, бүгінгі деңгейге жету жолында басқа да бірқатар ғалымдар бұған елеулі үлес қосты.

Қазақ тілін оқыту мен оның әдістемесінің қалыптаса бастауына ХХ ғасыр басында шығып тұрған «Айқап», «Қазақ», «Мұғалім», «Шолпан», «Шора», «Сана», «Жаңа мектеп» т.б. сияқты басылымдардың қосқан үлесі зор. Бұл басылымдарда жаңадан ашылып жатқан мектептердің әртүрлі мәселелері жүйелі түрде сөз болды. Ана тілін қалай оқыту керек, қазақ тілінің оқу құралын жазу мәселесі, педагогиканың негізгі ұстанымдарын анықтау жайы үнемі күн тәртібінде тұрды. Айталық, Ж.Аймауытовтың «Ана тілін қалай оқыту керек?» деген мақаласы «Жаңа мектеп» журналының № 2 санында 1919 жылы жарияланды. Мақалада қазақ тілін оқытудың өз кезіндегі өзекті мәселелері көтеріледі. А. Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына да көп күш жұмсады. 1902 жылдан бастап ашылған үш жылдық бастауыш мектептерде шәкірттер сауат алдымен орыс тілінде ашатын. Қазақша оқылатын пәндердің тілі қазақша болғанмен, жазуы, яғни ресми түрде қабылданған графикасы жоқ еді. Сондықтанда әр мұғалім өз ыңғайына қарай не орыс, не араб жазуларын пайдаланатын. А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялылары 1905 жылы 26 шілдеде Ресей Империялық Министрлер Советінің Председателі петиция жазады. Ондағы қойған талаптардың бастылары: «қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тілінде жүргізілсін» т. б. Осы талаптарды жүзеге асыру үшін А. Байтұрсынов қазақша оқу құралы (1912) тұңғыш әліппе құралын жазды. А. Байтұрсынов 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін осы күнгі суреттермен берілген Әліппе кітабын жазды. Ал бұл «Әліпбидің» 1928 жылы Қызылордада шыққан 3-басылымы қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткішінде төмендегіше бағаланды: «Жаңа құрал қазақ тұрмысына үйлесімді суреттері бар. Емлесі жаңа. Қазақстан білім ордасы мектептерде қолдануға ұйғарған... Ахметтің 7 рет басылған бұрынғы «Әліпбиі» («Оқу құралы») қазақ жұртына орасан көп пайда келтірген еді... Бірақ соңғы кездерде жаңа тәртіптер шыға бастағаннан кейін ол «Әліпби» әдіс жөнінен де, мазмұн жағынан да ескірген. Мынау жаңа «Әліпбиі» бұрынғысынан қай ретте болса да аса артық. Бұл «Әліпбидің» мазмұны қазақ жағдайына қарай, мемлекет білім кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шыққан. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық «Әліпби» көңілдегідей болып шыққан».

1912 жылы мектеп балаларына қазақша сауаттандыратын «Оқу құралын» жазғаннан кейін көп ұзамай енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі «Тіл құралы» деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. Осы кітаптың морфологияға арналған 2-бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған 3-бөлімі 1916 жылы басылып шығып, 1928 жылға дейін әлденеше рет қайта басылып пайдаланылып келді.

«Тіл құралы» - қазақ мәдениетінде бұрын болмаған соны құбылыс. Оның қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін оқулықтың кіріспесінде автор арнайы атап өтеді. Ол осы оқулықты қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына тұңғыш қазақша терминдерді ұсынады. Күні бүгінге дейін қолданып жүрген «зат есім, сан есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш» деген т.б. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А. Байтұрсыновтікі.

Ғалымның тіл үйретудегі сіңірген еңбегі мұнымен шектелмейді. Ол қолданбалы грамматиканы да жазған болатын. Бұл жұмысын «Тіл жұмсар» деген атпен екі бөлімді кітап етіп, 1928 жылы Қызылордада шығарған еді.

А. Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістмесінің іргетасын қалаушы. Ол - Қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салды. Бұл салада бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен методикалық кітапша шығарды. Мұнда автор мұғалімдерге «Әліппені» пайдаланудың, сауат ашу әдістерінің жол-жобасын көрсетіп берді.

Сөйтіп ғұлама ғалым өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойып, бұларды біртіндеп шешуге кірісті. Ол алдымен қазақша сауат аштыруды көздеп «Оқу құралды» жазды, онан соң қазақ тілінің ғылыми грамматикасы «Тіл құралын» ұсынды, тілді дұрыс жұмсай білу тәртібін көздеп «Тіл жұмсарын», төртінші -– сауат аштыру, тілді оқытудың әдістемесін жасауды алып, «Баяншыны» жазды.



2. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – ғылым

Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның зерттеу нысаны


Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы болып табылады. Ол өз алдына дербес ғылым. Өйткені оның өзіндік зерттейтін нысаны, мазмұны, зерттеу әдістері мен тәсілдері бар.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтіні оның оқыту жолдары мен жағдайлары туралы заңдылықтар. Бұл заңдылықтар педагогика, психология және лингвистика ғылымдарының негізінде жинақталған практикалық тәжірибе мен бұрыннан қалыптасқан теориялық қағидалардан, тұжырымдардан шығарылады. Егер нақтылап айтсақ, оқыту әдістемесі мына мәселелерді зерттейді: 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?); 5) оқыту кезінде оқушылардың білімді меңгеру деңгейі, ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы ұштастық мәселелері. Бұл проблемаларды шешу мектепте тәрбие мен білім берудің жалпы мақсаттарын белгілейді.
Әдістеменің мынадай міндеттері бар: 1) бастауыш мектеп пен орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мақсатын, ерекшелігін, мазмұны мен көлемін, құрылымын, бөліктерінің бір-бірімен ұштасуы мен бірізділігін анықтау, оқу материалын сыныптарға бөлу; 2) оқытудың неғұрлым пайдалы, үнемді және тиімді әдістері мен тәсілдерін (оқылатын материалдың ерекшеліктері мен оқушылар құрамының психофизиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі жағдайда қолданылатын әдіс-тәсіл варианттарын) зерттеу және сипаттау; 3) қазақ тілі пәнінен жүйесі нақты белгіленген білім көлемін (ғылым негізін) оқушылардың ойдағыдай игеру шарттары туралы мәселелерді талдап шешу, яғни материалды дәл қабылдаудың, айқын түсінудің, оны практикада қолдана білудің шарттары туралы мәселелерді талдау.
Сонымен қазақ тілін оқыту әдістемесі - оның мазмұны мен принциптері, әдістері мен тәсілдері туралы және мектепте қазақ тілінен оқушыларға берілетін білім, дағды, білік мөлшерін белгілеп, оны игерудің жолдары, шарттары туралы ғылым
3 Қазақ тілі әдістемесінің мәселелері. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу әдістері.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізгі мақсаттарының бірі – өзінің зерттейтін обьектісін жан-жақты танып білу, заңдылықтарын айқындау. Демек, ғылыми-зерттеу әдісі дегенісіз белгісізді тану, айқындау.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының қай түрінде болсын, зерттелетін обьектіні танып білу мынандай үш түрлі әрекет бойынша іске асырылады, бірінші – қажетті материалдар, фактілер жинау, екінші – жинақталған фактілерді салыстыру, талдау, үшінші – сол фактілер негізінде теорниялық тұжырымдар, қорытындылар жасау. Құбылысты, обьектіні ғылыми танып білу процесінде іске асырылатын бұл әрекеттер қазақ тілін оқыту әдістемесінде де негізгі кезеңдер болып тадбылады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде дамуының басты шарты әдістемелік зертеулерді әрі қарай дамыту, жетілдіру, эксперименттік тәжірибелер жасау, мектеп тәжірибесін зерттеу, оған жаңа фактілер қосу, әдістеме ғылымындағы жаңалықтар, жетістіктер, психологиялық әдістерге көңіл бөлу, мектептегі оқыту жүйесінің деңгейін зерттей отырып, бақылау жасаумен бірге, әдістеме ғылымының жаңалықтарын үнемі ескеріп шығармашылықпен сабақ беруіне көмектесу жолдарын қарастыру гнегізгі мәселелердің бірі болып саналады.


Зерттеудің теориялық әдістері. Ең алдымен назар зерттелетін құбылыстардың, процестердің заңдылықтарын жинақтауға, анықтауға, қалыптастыруға бағытталады. Соңғы жылдары оқыту әдістемесінде жүйелі құрылымдық әдіс қолдана бастады. Оның мәнісі - зерттеу өзара байланысты элементтерден құрылған біртұтас жүйелерінде қаралады, элементтер арасындағы өзара байланыстылық пен қарым-қатынасқа басты назар аударылады. Осыған сәйкес оқыту әдістемесінде мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты анықтау қажеттілігі туады (яғни оқыту мен білім алу), оқытудың мақсаттарымен, мазмұнымен, әдістері, құралдарымен, оқушылардың білімді қабылдауы, дамуы және тәрбиелену арасындағы  байланыстарды  анықтау қажет  болады Оқытудағы жүйелі-құрылымдық әдіс сабақтың мақсатын анықтауды, осы мақсаттарға байланысты оқытудың мазмұнын, әдістері мен құралдарын сұрыптап ала білуді, сабақтың тиімділігін бағалауды көздейді. Жүйелілік әдіс мұғалімнің бағдарлама бойынша бірнеше сабақты жоспарлап, дайындалуына мүмкіндік береді, әр сабақтың өзіндік ерекшеліктері мен мақсаттары,  мазмұны, оқыту әдістері жағынан, оқушылардың танымдық әрекетінің сипаты жағынан өзара байланыстылығы сақталады.
Әдістемелік зерттеулерде типологиялық әдіс те көрнекті орын алады. Бұл әдіс бойынша зерттелетін объектілер мен  құбылыстар   топталып,   әр   топтың негізгі белгілері анықталады. Типологиялық әдіс әдістеме ғылы-мының мәселелерін зерттеуде жиі қолданылады. Мысалы, ана тілінен берілетін білім мазмұнын талдап шешуде оның негізгі құрамдас бөліктерін топтап қарастыру, атап айтқанда, білім беру, іскерлік, көзқарастық идеялар және әрекет тәжірибесін түгел қамту т.т. Оқытудың жолдары мен ұйымдастырудың түрлері жөніндегі мәселелерді зерттеу, тілді оқыту әдістерін жіктеуге, оқушылардың өз бетімен істейтін жұмыс түрлері мен сабақ түрлерін анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің теориялық әдістерінің ішінде тарихи әдістің де тиісті орны бар. Бұл әдіс бойынша зерттелетін   құбылыстар уақыт жағынан даму, өзгеру тұрғысынан қарастырылады. Тілді оқытудың қазіргі әдістемесінің мәселелерін шешуде бұл әдіс те қолданылып отырады. Зерттеудің эмпирикалық әдістеріне мектеп тәжірибесін зерттеу және эксперимент әдістері жатады. Мұның алғашқысы іс жүзінде қолданылып жүргендерді анықтап, есепке алу мақсатымен жүргізіледі. Бұл мағлұматтарды білу бағдарламалар мен оқулықтарды жетілдіруде, мұғалімге ғылыми әдістемелік жәрдем беруде, озат тәжірибені зерттеп, көпшілікке таратуда зор маңызы бар.

Мектеп тәжірибесін зерттеу әдістерінің мына түрлері белгілі: 1) оқыту процесіне байқау жүргізу; 2) мұғалімдер мен оқушыларға анкета тарату; 3) мектеп құжаттарын зерттеу; 4) әңгімелесу; 5) жазбаша тексеру жұмыстары. Мектеп тәжірибесін зерттегенде, алдымен оның мақсатын дәл айқындап, жоспар жасау керек, тексеру жұмысына мұқият дайындалып, сабақтарға байқау жүргізудің схемаларын жасап, оқушылар мен мұғалімдерге арнап, анкета дайындау қажет.


Эксперимент педагогикалық жаңа тәжірибе жасауға бағытталған. Ол тілдің жүйелі курсының мазмұнына зерттеуші қажет деп тапқан оқу материалының оқушыға түсініктілігін, ана тілін оқытуға ұсынылған жаңа әдіс-тәсілдер мен жаңа көрнекіліктердің тиімділігін анықтау үшін пайдаланылады. 
Эксперимент жүргізудің бірінші шарты - дәлелдеуге және тексеруге қажетті терең ойластырылған гипотеза немесе ғылыми болжам болады. Әдетте гипотеза, біріншіден, зерттеушінің ойынша, оқушылардың қабылдауына лайықты білім мен дағды және іскерлікті анықтау; екіншіден, оқытудың неғұрлым қолайлы әдістері мен кұралдарын іріктеп алу тұрғысынан жасалады. Екінші шарты - гипотезаны іске асыру үшін оқу әдістемелік материалдар (оқушылар үшін оқу мәтіндерін, сұрақтар мен тапсырмаларды, үлестірмелі дидактикалық матери¬ал) дайындау, осыдан кейін эксперименттік оқу жүргізілетін болады.
Педагогикалық экспериментті  ұйымдастырудың көп тараған түрі - эксперименттік және бақылау сыныптарына бөлу. Бұл ретте бір сыныпта  (эксперименттік)  жаңа оқу материалы немесе жаңаша оқыту әдісі енгізіліп, бас¬қа сыныпта (бақылау) оқыту өзгеріссіз жүргізіледі. Екі сыныпта да оқушылардың даярлығы мен үлгерім дәрежесі бірдей болуы қажет. Әдістемелік ғылымның дамуы үшін қазіргі кезде эксперимент кеңінен қолданылып жүр, ол алынған  қорытындылар  мен  ұсыныстардың  ғылыми-практикалық   маңыздылығының   ақиқаттығын   дәлелдейді.
Әдетте теориялық және эмпирикалық зерттеу әдістері өзара тығыз байланыста қолданылады. Бұл әдістердің барлығы да (мәселен, зерттеу гипотезасын анықтауда, жинақталған педагогикалық фактілерді қорытындылауда т.б.) зерттеудің барлық әдістері - анализ, синтез, ин-дукция, дедукция, абстрактылау, жинақтау, салыстыру сияқты логикалық операциялардың жәрдемімен жүргізіледі.
4. Қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері
Қазақ тілі оқыту мақсаттары үш топқа біріктіріледі.
1. Білім беру мақсаттары: оқушыларға ана тілі туралы ғылымның негіздерін беру; тілдің қоғам өміріндегі маңызын аша көрсетіп, оны меңгерудің өндірісте, қоғам өмірінде аса қажетті екендігін түсіндіру; оқушының ана тілінен жақсы білім алуына мүмкіндік туғызу; тілдің қатынас құралы екендігіне көздерін жеткізу; түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылар¬дың ауызша, жазбаша тілдерін дамытып, онымен қаруландыру; оқушылар¬дың тіл мәдениетін қалыптастыру; өздігінен сөйлей, жаза білуге  жол ашу.
2. Тәрбиелік мақсаттар: оқушылардың тілдік құбылысқа көзқа-расын қалыптастыру; тілдің адам қоғамымен бірге жасасып, өмір сүретінін, қоғам үшін қажетті қарым-қатынас құралы болатындығын түсіндіру; тілдің жан-жақты дамуына жасалып отырған жағдай қазақ тіліне мемлекеттік дәреже беру актісімен дәлелденіп, оқушылардың сенімін арттыру, көздерін жеткізу; оқушылардың салт-дәстүр сезімдерін қалыптастыру, қазақ тілі сабақтарында еңбек тәрбиесін уағыздап, еңбек ардагерлері жайындағы мағлұматтар арқылы еңбекке баулу.
3. Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту: ана тіліне деген қызығушылықты арттыру; оқушылардың байқағыштық, елес-болжамдық, ес, ойлау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына жол ашу; оқушылардың тілдік проблеманы өздері шеше алатындай дәрежеде үйрету; тіл фактілеріне, құбылыстарына жан-жақты, жинақты түрде қарау қабілетін, өз бетімен тіл фактілерін талдау іскерлігін қалыптастыру.
Қазақ тілі пәнінің міндеттері: 1) Толық сауатты адамдар даярлау; 2) оқушылардың творчестволық күштерін, танымдық қабілетін, өздігінен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
Қандай адамды толық сауатты дейміз? Тілдің өзі мен оның грамматикалық құрылысы туралы білімдердің белгілі бір жиынтығын меңгерген адамды; ана тілінің барлық мүмкіндіктерін пайдалана алатындай болып қаруланған адамды; әдеби тілмен дұрыс сөйлеудің, мәнерлеп оқудың дағдысын игерген, грамматикалық және стилистикалық тұрғыда ауызша, жазбаша тіл ұстартуды жақсы игерген адамды толық сауатты адам деп есептейміз. Қазақ тілін оқыту міндеттерін мектептің ойдағыдай жүзеге асыру жағдайлары, қазақ тілін оқытудың қиын да күрделі міндеттерін шешу мына сияқты шарттарға (мектептің жалпы материалдық базасынан басқа) тікелей байланысты: бір жағынан мұғалімнің теориялық және практикалық даярлығы дәрежесіне, тәжірибесіне, екінші жағынан мұғалімнің қолында қазақ тілін оқытуды жақсы жолға қою үшін қажетті құралдардың болуына байланысты. Мұндай құралдардың қатарына мыналар жатады: а) бағдарламалар (түсінік сөзі бар) - оқылатын материалдың мазмұны мен көлемін анықтайды, материалды сынып-сыныпқа бөлуді реттейді; ә) оқулықтар мен оқу құралдары (көрнекі құралдар) - мұғалімнің жәрдемімен оқушылар сыныпта пайдаланады, өздігінен жұмыс істеу үшін сабақта және үйде пайдаланады; б) ғылыми талданған мектептің, үздік тәжірибесін ескеріп жасалған пәнді оқыту әдістемесі.

5. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мазмұны. Оқушы мектепте тілді оқу нәтижесінде тілдің өзі туралы, оның грамматикалық құрылымы мен сөздік құрамы жөнінде, тілдің дамуы, жетілу заңдары мен тарихы жөнінде мағлұматардың белгілі бір жиынтығын білуге тиіс. Тілдің қоғам өміріндегі, адамның өндірістік ісіндегі рөлінен хабардар болу керек. Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрін әр түрлі жағдайда практика жүзінде пайдалана білуге, оның айтылу, лексикалық жәнеграмматикалық нормаларын игеруге, сауатты жазуға дағдылануға, әсерлі сөйлеуге, мәнерлеп оқуға т.б. тиіс.

Қазақ тілі пәнінің мазмұнына білім, дағды, іскерік енеді. Бұлар оқулық пен бағдарламада айқын көрсетілген.

1.Білім – жалпы алғанда сыртқы дүниенің сәулесі, обьективті шындықтың тілдік формадағы идеялық қайта көрінісі ретінде сипатталады. Білім теориялық және эмприкалық болып екіге бөлінеді. Теориялық білім – заттар мен құбылыстардың мәнін білдіреді, олардың ерекшеліктерін, ішкі байланыстары мен қарым-қатынастарын айқвындайды. Теориялық білім дегеніміз жинақталған ұғым. Ол теориялық заңдар, заңдылықтар, себеп-салдарлық байланыстар, ұғымдар түрінде беріледі. Эмприкалық білім обьектілер мен құбылысиардың сыртқы ерекшеліктерін білдіреді., бұған түсініктер мен фактілер жатады.


: ebook -> umkd
umkd -> Оқу-әдістемелік материал Кіші мектеп жасындағы тіл дамыту әдістемесі
umkd -> 5В 050121- Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған
umkd -> «Тілді жоғары мектепте оқыту әдістемесі»
umkd -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> ОҚУ-Әдістемелік кешені (Барлық мамандықтарға арналған)
umkd -> Тарих кафедрасы
umkd -> «Азия және Африка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы»
umkd -> Ағылшын тілі пәні бойынша 1-курс студенттеріне арналған


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет